Шетелдіктің шетелдік паспортында ұлты туралы мәлімет болмаған кезде оның ұлты өзі азаматы болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті органы берген құжатқа сәйкес айқындалуы мүмкін.
194-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу кезінде оған тегін, атын, әкесінің атын беру тәртібі
1. Тууды мемлекеттік тіркеу кезінде баланың тегі ата-аналарының тегімен айқындалады. Ата-аналарының тегі әртүрлі болған кезде балаға ата-анасының келісімі бойынша әкесінің немесе анасының тегі беріледі. Ата-аналарының тілегі бойынша баланың тегі ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып, баланың әкесінің немесе атасының атымен жазылады. Баланың тегіне қатысты ата-аналарының арасында туындаған келіспеушіліктер сот тәртібімен шешіледі.
2. Азаматтардың тілегі бойынша ұлты қазақ адамдардың тегі мен әкесінің атын жазуда қазақ тіліне тән емес: -ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -н, -ины, -на, - овна, - евна, - ович, - евич аффикстері алып тасталады, ал олардың орнына әкесінің атына: - ұлы, - қызы деген сөздер қосылып бірге жазылады.
Жеке адамның тегіне «тегі», «ұрпағы», «немересі», «шөбересі», «келіні» деген және басқа да сөздерді қосып жазуға жол берілмейді.
3. Ұлты қазақ адамдардың әкесінің аты тегін ауыстырған кезде оның міндетті түрде бірінші болып тұруына, одан кейін атының жазылуына жол беріледі, ал әкесінің аты жазылмайды.
4. Басқа ұлт адамдарының тілегі бойынша олардың тегін, атын және әкесінің атын жазу олардың ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес жүргізілуі мүмкін.
195-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу келген елдің аумағында орналасқан Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде не басқа елде қызметін қоса атқаратын Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде жүргізіледі.
196-бап. Тауып алынған, тастанды (бас тартылған) баланың тууын мемлекеттік тіркеу тәртібі
1. Тауып алынған, тастанды (бас тартылған) баланың тууы ішкі істер органдарының, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, білім беру ұйымдары әкімшілігінің немесе бала орналастырылған медициналық ұйымның өтініші бойынша тауып алынған, бас тартылған немесе қалдырылған күннен бастап жеті тәуліктен кешіктірілмей тіркелуге тиіс.
Өтінішке бала тауып алынған кездегі уақыт, орын және мән-жайлар көрсетіле отырып, ішкі істер органы немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган жасаған хаттама немесе акт; тауып алынған баланың жасы мен жынысын растайтын медициналық ұйым берген құжат және басқа да бала туралы дербес мәліметтер қоса тіркеледі.
2. Медициналық ұйымда баладан бас тартылған жағдайда, осы ұйымның әкімшілігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша анасының жазбаша өтінішін ресімдеу жөнінде шаралар қолданады.
3. Баланы белгісіз ана қалдырып кеткен жағдайда медициналық ұйымның әкімшілігі екі куәгердің қатысуымен хаттама жасайды. Тууды мемлекеттік тіркеу кезінде хаттамалар тастанды (ата-анасы бас тартқан) баланы тіркеу туралы медициналық ұйымның лауазымды адамының өтінішіне қоса беріледі.
197-бап. Өлі туған немесе өмірінің алғашқы аптасында шетінеген баланы мемлекеттік тіркеу
1. Өлі туған баланы және өмірінің алғашқы аптасында шетінеген баланы мемлекеттік тіркеу тіркеуші органда бала туған немесе шетінеген кезден бастап бес тәуліктен кешіктірілмей жүргізіледі.
2. Баланың өлі тууы медициналық ұйым немесе жеке дәрігерлік практикамен айналысатын дәрiгер берген перинатальдық қайтыс болуы туралы медициналық куәліктің негізінде тіркеледі.
Өлі туған баланың туу туралы куәлігі берілмейді. Ата-анасының өтініші бойынша өлі туған баланы мемлекеттік тіркеу фактісін растайтын құжат беріледі.
3. Бала өмірінің алғашқы аптасында қайтыс болған жағдайда оның тууын мемлекеттік тіркеу - туу туралы медициналық анықтаманың негізінде, ал қайтыс болған жағдайда перинатальдық қайтыс болуы туралы куәліктің негізінде жүргізіледі.
Туу және қайтыс болу туралы жасалған актілер жазбаларының негізінде тек қайтыс болуы туралы куәлік қана беріледі. Ата-анасының өтініші бойынша баланың тууын мемлекеттік тіркеу фактісін растайтын құжат беріледі.
Одан әрі қайтыс болу туралы куәлік қана қайтадан беріледі.
4. Тіркеуші органға баланың өлі тууы туралы немесе баланың тууы және өмірінің алғашқы аптасында қайтыс болғандығы туралы мәлімдеу міндеті:
1) бала туылған немесе бала шетінеген медициналық ұйымның басшысына;
2) дәрігері баланың өлі тууы, баланың өмірінің алғашқы аптасында қайтыс болуы фактісін анықтаған медициналық ұйымның басшысына;
3) медициналық ұйымнан тыс жерде туған жағдайда жеке дәрігерлік практикамен айналысатын дәрiгерге жүктеледі.
198-бап. Бір жасқа толған және одан үлкен баланың тууын мемлекеттік тіркеу
1. Бір жасқа толған және одан үлкен баланың тууын мемлекеттік тіркеу медициналық ұйым немесе жеке дәрігерлік практикамен айналысатын дәрiгер берген белгіленген нысандағы туу туралы құжаты болған кезде ата-аналарының немесе өзге де мүдделі адамдардың жазбаша өтініші бойынша жүргізіледі.
Бала кәмелетке толғаннан кейін тууын мемлекеттік тіркеу оның жазбаша өтініші бойынша жүргізіледі.
Өтінішке туу туралы медициналық куәлік, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тіркеуші органының туу туралы акт жазбасының жоқтығы туралы хабарламасы, денсаулық жағдайы туралы анықтамалар, ата-анасының жеке басын, некесін (ерлі-зайыптылығын) куәландыратын құжаттар, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат қоса берілуге тиіс.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Бір жасқа толған және одан асқан баланың тууын мемлекеттік тіркеуді облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің тіркеуші органның қорытындысы негізінде ауданның, қаланың тіркеуші органы жүргізеді.
199-бап. Шетелдіктердің балаларының тууын мемлекеттік тіркеу
Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын шетелдіктердің балаларының тууын мемлекеттік тіркеу Қазақстанның аумағында орналасқан тиісті шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінде немесе консулдық мекемелерінде не, егер Қазақстан Республикасында мұндай жоқ болса, қызметін қоса атқаратын шетелдегі мекемелерде жүргізіледі.
Шетелдіктердің балаларының тууын мемлекеттік тіркеу ол жөнінде Жеке адамдар туралы мемлекеттік дерекқорға мәліметтер енгізілместен және балаға жеке сәйкестендіру нөмірі берілместен, олардың тілегі бойынша өздерінің тұрақты немесе уақытша тұратын жеріндегі тіркеуші органдарда жүргізіледі.
200-бап. Баланың тууын салтанатты жағдайда мемлекеттік тіркеу
Ата-аналардың тілегі бойынша тіркеуші орган баланың тууын салтанатты жағдайда мемлекеттік тіркеуді өз үй-жайында не арнайы осыған арналған мемлекеттік неке сарайларында қамтамасыз етеді.
201-бап. Баланың туу туралы жазбалар кітабына енгізілетін мәліметтер
Баланың туу туралы акт жазбасына мынадай деректер:
1) баланың тууын мемлекеттік тіркеу күні;
2) балаға берілген жеке сәйкестендіру нөмірі;
3) баланың туу туралы акт жазбасының нөмірі;
4) тегі, аты, қалауы бойынша - әкесінің аты, баланың жынысы, туған күні, айы, жылы, туған жері;
5) туған балалардың саны (біреу, егіз немесе одан да көп бала);
6) баланың тірі туғандығы туралы немесе баланың өлі туғандығы туралы белгі;
7) баланың туу фактісін растайтын құжат туралы мәліметтер;
8) баланың заңды мекенжайы;
9) ата-аналарының тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса), туған күні, айы, жылы, жасы, тұрақты тұрғылықты жері, заңды мекенжайы, азаматтығы, табыс көзі немесе жұмыс орны, білімі және, егер жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген болса, олардың ұлты;
10) соның негізінде баланың әкесі туралы мәліметтер енгізілген құжат туралы мәліметтер;
11) өтініш беруші туралы мәліметтер;
12) берілген туу туралы куәліктің сериясы мен нөмірі енгізіледі.
202-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беру
Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасының негізінде белгіленген үлгідегі туу туралы куәлік беріледі.
Туу туралы куәлік жаңа туған баланың ата-аналарына, басқа уәкілетті адамдарға немесе бала тұратын ұйымның өкілдеріне беріледі.
Екі немесе одан да көп бала туған жағдайда туу туралы куәлік әрбір балаға беріледі.
203-бап. Баланың туу туралы куәлігі
Баланың туу туралы куәлігі мынадай мәліметтерді:
1) баланың тегін, атын, әкесінің атын (егер бар болса), туған күні, айы, жылы мен туған жерін;
2) акт жазбасының жасалған күнін және нөмірін;
3) жеке сәйкестендіру нөмірін;
4) ата-аналарының тектерін, аттарын, әкелерінің аттарын (егер бар болса), егер жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген болса, ұлтын;
5) ата-аналарының азаматтығын;
6) мемлекеттік тіркеу орнын (тіркеуші органның атауын);
7) туу туралы куәліктің берілген күнін қамтиды.
26-тарау. Әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу
204-бап. Әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу үшін негіз
1. Әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу:
1) баланың ата-анасының әке болуды анықтау туралы бірлескен өтініші;
2) анасы қайтыс болған, анасы қайтыс болды деп жарияланған; анасы психикалық аурудың немесе ақыл-есі кемдігінің салдарынан әрекетке қабілетсіз деп танылған; анасы ата-ана құқықтарынан айырылған не оның ата-ана құқықтары шектелген; баланың анасының тұрғылықты жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайларда баланың әкесінің өтініші;
3) әке болуды анықтау туралы, сондай-ақ әке болуды тану фактісін және әке болу фактісін анықтау туралы сот шешімі негізінде тіркеуші органдарда жүргізіледі.
2. Психикалық аурудың немесе ақыл-есі кемдігінің салдарынан сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамның, сондай-ақ осы әрекетке қабілетсіз адамның қорғаншысының өтініші бойынша әке болуды анықтауға тыйым салынады.
205-бап. Әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу орны
Әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар баланың туған жері бойынша, баланың әкесінің немесе анасының тұрғылықты жері бойынша не әке болуды анықтау туралы немесе әкелікті тану фактісін және әке болу фактісін анықтау туралы сот шешімі шығарылған жер бойынша жүргізеді.
Анасы қайтыс болған немесе оны әрекетке қабілетсіз деп таныған, анасының тұрған жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайда немесе оны ата-ана құқықтарынан айырған жағдайда, баланың орналасқан жері әке болуды анықтауды тіркеу орны болып табылады.
206-бап. Баланың ата-аналарының бірлескен өтініші негізінде әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу
1. Ата-аналарының әке болуды анықтау туралы бірлескен өтініші баланың туған жері бойынша немесе олардың біреуінің тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органға беріледі. Бірлескен өтініш беру қиын болған жағдайда баланың әкесі мен анасы тіркеуші органға жеке-жеке өтініш бере алады.
2. Егер ата-аналарының біреуі дәлелді себеппен әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу үшін тіркеуші органға өзі келе алмаған жағдайда, оның өтініштегі қолтаңбасы нотариатта куәландырылуға тиіс.
3. Ата-аналарының әке болуды анықтау туралы өтініш беруі бала туғаннан кейін мүмкін болмайтын немесе қиындық тудырған жағдайда, әлі тумаған балаға қатысты бірлескен немесе бөлек өтінішті тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органға медициналық анықтамамен расталған анасының жүктілігі кезінде алдын ала беруге рұқсат етіледі. Баланың ата-анасы туралы жазба бала туғаннан кейін жасалады.
Мұндай өтінішті баланың ата-анасы әке болуды анықтайтын мемлекеттік тіркеу жасалғанға дейін кез келген уақытта қайтарып алуы мүмкін.
4. Ата-аналарының әке болуды анықтау туралы бірлескен өтінішімен бірге ата-аналарының жеке басын куәландыратын құжаттар және баланың туу туралы куәлігі, ал мұндай өтініш бала туғанға дейін берілген жағдайда медициналық ұйым немесе жеке дәрігерлік практикамен айналысатын дәрігер берген анасының жүктілігін растайтын медициналық анықтама ұсынылады.
Егер әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу тууды мемлекеттік тіркеумен бір мезгілде жүргізілсе, баланың туу туралы куәлігін қоса беру талап етілмейді.
5. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, әке болуды анықтауды тіркеуші орган ата-анасының екеуінің қатысуымен өтініш берілген күні жүргізеді.
207-бап. Ата-аналарының әке болуды анықтау туралы бірлескен өтініші кезінде балаға тегін, әкесінің атын беру
1. Ата-аналарының әке болуды анықтау туралы бірлескен өтініші кезінде баланың тегі - ата-аналарының келісімі бойынша, ал келісім болмаған кезде сот тәртібімен айқындалады.
Баланың таңдап алынған тегі әке болуды анықтау туралы өтініште көрсетілуге тиіс.
2. Баланың әкесінің аты, оның ішінде кәмелетке толған балаға да қатысты, егер оның тарапынан қарсылық болмаса, әкесінің аты бойынша өзгертіледі.
Баланың туу туралы акт жазбасында бұрын көрсетiлген (анасының көрсетуi бойынша) баланың әкесiнiң аты баланың әкесi деп танылған адамның атымен сәйкес келмеген жағдайда, тіркеуші орган әке болуды анықтауды мемлекеттік тiркеуден бас тартуға құқылы емес.
3. Егер баланың ата-аналары ол туғаннан кейiн некеге отырса (ерлі-зайыпты болса), әке болуды анықтауды мемлекеттік тiркеместен, әкесi туралы мәлiметтердi баланың туу туралы акт жазбасына енгiзуге жол берiлмейдi.
208-бап. Өзінің баланың әкесі екенін мойындаған адамның өтініші бойынша әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу
1. Әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу өзінің баланың әкесі екенін мойындаған адамның жазбаша өтініші бойынша осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2. Өзінің баланың әкесі екенін мойындаған адамның өтінішіне оның жеке басын куәландыратын және анасының болмауының мән-жайын растайтын құжаттар: анасының қайтыс болуы туралы куәлік; психикалық аурудың немесе ақыл-есі кемдігінің салдарынан анасын әрекетке қабілетсіз деп тану туралы, оны қайтыс болды деп жариялау туралы, анасын ата-ана құқықтарынан айыру не оны шектеу туралы сот шешімі; анасының тұрғылықты жерін анықтаудың мүмкін еместігі туралы анықтама қоса беріледі.
209-бап. Өзінің баланың әкесі екенін мойындаған адамның өтініші бойынша әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу кезінде балаға тегін, әкесінің атын беру
1. Баланың тегі өзінің баланың әкесі екенін мойындаған адамның өтініші бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келісімімен айқындалады.
2. Баланың әкесінің аты, оның ішінде кәмелетке толған балаға да қатысты, егер оның тарапынан қарсылық болмаса, әкесінің аты бойынша өзгертіледі.
210-бап. Әке болуды анықтау, әкелікті тану фактісі және әке болу фактісі туралы сот шешімінің негізінде әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу
1. Әке болуды анықтау туралы, сондай-ақ әке болу фактісін және әкелікті тану фактісін анықтау туралы сот шешімінің негізінде әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу баланың анасының, әкесінің немесе қорғаншысының не қамқоршысының өтініші бойынша жүргізіледі.
2. Өтінішке соттың заңды күшіне енген шешімінің көшірмесі, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттар және баланың туу туралы куәлігі қоса беріледі.
3. Әке болуды анықтау туралы, сондай-ақ әке болу фактісін және әкелікті тану фактісін анықтау туралы шешім шығарған сот осы шешімнің көшірмесін ол заңды күшіне енген күннен бастап үш күн мерзімде сот шешімі шығарылған жер бойынша тіркеуші органға жіберуге міндетті.
211-бап. Сот шешімі бойынша әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу кезінде балаға тегін, әкесінің атын беру
1. Сот шешімі бойынша әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу кезінде әкесі туралы мәліметтер сот шешіміне сәйкес көрсетіледі.
Әкесінің тұрақты тұрғылықты жері, оның жұмыс орны, егер осы мәліметтер сот шешімінде көрсетілмесе, өтініш берушінің айтуымен жазылуы мүмкін.
Сот шешімінде әкесінің ұлты туралы мәліметтер болмаған кезде әке болуды анықтау туралы акт жазбасындағы ұлты туралы баған оның жеке басын куәландыратын құжаттың негізінде толтырылады.
2. Балаға тегі - сот шешіміне сәйкес, ал мұндай жазба болмаған кезде өтініш берушінің көрсетуі бойынша беріледі. Бұл мәселе бойынша дау туындаған жағдайда тегі сот шешімі бойынша жазылады.
212-бап. Баланың тууын және әке болуды анықтауды бiр мезгiлде мемлекеттік тiркеу
Баланың тууын және әке болуды анықтауды бiр мезгiлде мемлекеттік тiркеу кезiнде мiндеттi түрде туу туралы және әке болуды анықтау туралы актiлер жазбасы жасалады. Туу туралы акт жазбасында баланың тегi анасының тегi бойынша, әкесiнiң аты мен әкесi туралы мәлiметтер әкесiнiң өтініші немесе ата-аналарының бiрлескен өтініші бойынша көрсетiледi.
213-бап. Кәмелетке толған балаға қатысты әке болуды анықтауды мемлекеттік тiркеу тәртібі
Кәмелетке толған адамдарға қатысты әке болуды анықтауды мемлекеттік тiркеуге - олардың жазбаша келiсiмiмен ғана, ал егер ол әрекетке қабiлетсіз деп танылса, оның қорғаншысының немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келiсiмiмен жол берiледi.
Кәмелетке толған адамның келісімі жеке өтініште не ата-аналарының бiрлескен өтінішіндегі өзінің қолтаңбасымен көрсетілуге тиіс. Өтініш берген кезде бір мезгілде кәмелетке толған бала не оның қорғаншысы әкесінің тегін алғысы келетіндігін не анасының тегін сақтағысы келетіндігін көрсетеді.
214-бап. Әке болуды анықтау туралы өтініш
Әке болуды анықтау туралы өтінішті ата-аналары немесе олардың біреуі, ал олар қайтыс болған, науқастанған немесе өтініш жасау өзге де себептер бойынша мүмкін болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сенім білдірілген адамдар жазбаша нысанда береді.
Әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті ата-аналары емес, басқа адам берген кезде өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат ұсынылуға тиіс.
215-бап. Әке болуды анықтауды мемлекеттік тiркеу кезінде өзгерістер енгізу тәртібі
1. Әке болуды анықтауды мемлекеттік тiркеу кезінде туу туралы акт жазбасына әке болуды анықтау туралы акт жазбасының негізінде тиісті өзгерістер енгізіледі.
Баланың тегі, әкесінің аты, сондай-ақ әкесі туралы мәліметтер осы Кодекстің 207, 209 және 211-баптарына сәйкес енгізіледі.
2. Туу туралы акт жазбасына тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін өтініш берушіге (өтініш берушілерге) баланың туу туралы жаңа куәлігі беріледі.
216-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде анықталған әке болуды тану
Егер ата-аналарының ең болмаса бiреуiнде Қазақстан Республикасының азаматтығы бар болса, ол балаға қатысты Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері тіркеген әке болу танылады.
217-бап. Әке болуды анықтау туралы жазбалар кітабына енгізілетін мәліметтер
Әке болуды анықтау туралы акт жазбасына мынадай деректер:
1) баланың тууын мемлекеттік тіркеу күні;
2) баланың туу туралы акт жазбасының нөмірі;
3) баланың әке болуды анықтағанға дейінгі және одан кейінгі тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса);
4) баланың туған уақыты мен туған жері;
5) ата-аналарының тектері, аттары, әкелерінің аттары (егер бар болса), туған күні, айы, жылы, тұрақты тұрғылықты жері, заңды мекенжайы, азаматтығы, табыс көзі немесе жұмыс орны, егер жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген болса, ұлты;
6) оның негізінде әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу жүргізілген құжат туралы мәліметтер;
7) өтініш иесі туралы мәліметтер;
8) берілген куәліктің сериясы мен нөмірі енгізіледі.
218-бап. Әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті беру
Әке болуды анықтау туралы куәлікті әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасының негізінде тіркеуші орган береді.
Әке болуды анықтау туралы куәлік мемлекеттік тіркеу орны бойынша ата-аналарының біреуіне беріледі немесе олардың тілегі бойынша әрқайсысына берілуі мүмкін.
219-бап. Әке болуды анықтау туралы куәлік
Әке болуды анықтау туралы куәлік мынадай мәліметтерді:
1) баланың әкесінің тегін, атын, әкесінің атын (егер бар болса);
2) баланың тегін, атын, әкесінің атын (егер бар болса), туған күнін, айын, жылын;
3) баланың анасының тегін, атын, әкесінің атын (егер бар болса);
4) акт жазбасының жасалған күнін және нөмірін;
5) мемлекеттік тіркеу орнын, тіркеуші органның атауын;
6) әке болуды анықтау туралы куәліктің берілген күнін қамтиды.
27-тарау. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу
220-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу үшін негіз
Тіркеуші органдар неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы бірлескен жазбаша өтініштің негізінде жүргізеді.
221-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу орны
Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың тілегі бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органда жүргізіледі.
222-бап. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш беру мерзімі және неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу мерзімі
1. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш тіркеуші органға некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркегенге дейін бір ай бұрын беріледі.
2. Некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеуді некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы бірлескен өтініш берілген күннен бастап бір ай мерзім өткен соң тіркеуші орган жүргізеді.
Мерзімнің өтуі өтініш берілгеннен кейінгі келесі күннен басталады және келесі айдың тиісті күні бітеді. Егер осы күн жұмыс күні болмаса, онда одан кейінгі жұмыс күні мерзімнің аяқталған күні болып есептеледі.
Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу уақытын тіркеуші орган некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірген адамдардың келісімі бойынша тағайындайды. Мемлекеттік тiркеу уақыты сол үй-жайда қайтыс болуды және некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тiркеген уақытпен сәйкес келмейтiндей есеппен тағайындалуға тиіс.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Егер неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш берген кезде некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың екеуінің бірдей тіркеуші органда болуы мүмкін болмаса немесе оған қатысуы тым қиын болса (бір-бірінен алыста тұруы, ауыр науқастануы, жүріп-тұру қиындығымен байланысты мүгедектігі, әскери қызмет өткеруі және басқалары), белгіленген нысан бойынша толтырылған және некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың екеуі бірдей қол қойған неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы өтінішті олардың біреуі бере алады.
Жоқ адамның қолтаңбасын тіркеуші органның бастығы куәландыруы және азаматтың тұрған жері бойынша тіркеуші органның, нотариустың немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес нотариаттық іс-әрекеттер жасауға құқық берілген өзге де лауазымды адамның мөрімен бекітілуі мүмкін, сондай-ақ мынадай тәртіппен:
1) әскери қызметшілерді - тиісті әскери бөлімнің командирі;
2) жүзу уақытында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туымен жүретін теңіз кемелерінде немесе ішкі жүзу кемелерінде болатын Қазақстан Республикасының азаматтарын - осы кемелердің капитандары;
3) экспедицияларда болатын адамдарды - осы экспедициялардың бастықтары;
4) стационарлық медициналық ұйымдарда болатын адамдарды - осы ұйымдардың бас дәрігерлері;
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) қамауға алу және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындайтын мекемелерде отырған адамдарды - тиісті мекемелердің бастықтары;
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
6) жүріп-тұруы қиын мүгедектерді дәрігерлік-консультативтік комиссияның төрағасы куәландыруы мүмкін.
223-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу мерзімдерін қысқарту және ұзарту
1. Некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың бірлескен өтініші бойынша тиісті құжаттармен расталған (дәрігерлік-біліктілік комиссиясының жүктілік туралы анықтамасы, денсаулық жағдайы туралы анықтама, басқа да ерекше мән-жайларды растайтын анықтамалар) дәлелді себептер (жүктілік, баланың тууы, тараптардың бірінің өміріне тікелей қатер төнуі және басқа да ерекше мән-жайлар) болған кезде тіркеуші органның бастығы неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу орны бойынша бiр ай өткенге дейін некенi қиюға (ерлі-зайыпты болуға) рұқсат етеді не бұл мерзiмдi ұзартады, бірақ ол бір айдан аспауға тиіс.
Мерзiмдi қысқарту уақыты әрбiр жеке жағдайда нақты мән-жайларға байланысты айқындалады.
2. Жекелеген жағдайларда неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеудi күту мерзiмi неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеуге кедергi келтіретін мән-жайлар болған кезде ғана тіркеуші органның бастамасы бойынша ұзартылуы мүмкiн. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы жазба жасалғанға дейiн лауазымды адам жазбаны тоқтата тұруға және өтініш берушiден бiр айдан асыруға болмайтын белгiленген мерзiмде тиiстi деректі айғақтар беруді талап етуге міндеттi.
Тіркеуші орган мүдделi адамдардың өтініші бойынша немесе өз бастамасымен қажеттi тексеруді жүргiзеді. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеудi кейінге қалдыру туралы некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш берген адамдар хабардар етіледі. Неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) заңды кедергiлер болған кезде тіркеуші орган оны мемлекеттік тiркеуден бас тартады.
Егер мұндай кедергiлер туралы мәлiметтер расталмаған болса, некенi (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тiркеу жалпы негiздерде жүргiзiледi. Аталған мән-жайларды тексеру бiр ай мерзiмде аяқталуға тиiс.