2. Алимент алушы алименттің уақтылы төленбеуіне кінәлі адамнан алиментті төлеу жөніндегі міндетін орындауды кешіктіруден келтірілген бүкіл залалының тұрақсыздық айыппұлымен жабылмаған бөлігін де өндіріп алуға құқылы.
172-бап. Алиментті есепке жатқызуға және кері өндіріп алуға жол бермеу
1. Алиментті басқа қарсы талаптармен есепке жатқызуға болмайды.
2. Төленген алимент сомасын:
1) Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген;
2) алимент алушы тарапынан алдап, қорқытып немесе күш қолданып жасалған алиментті төлеу жөніндегі келісім жарамсыз деп танылған жағдайларды қоспағанда, кері талап етуге болмайды.
3. Егер осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында тізбеленген іс-әрекеттерді кәмелетке толмаған баланың немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетсіз алимент алушының өкілі жасаса, алимент кері өндіріп алынбайды, ал төленген алименттің сомасы алимент төлеуге міндетті адамның талап-арызы бойынша кінәлі өкілден өндіріп алынады.
173-бап. Алиментті индекстеу
Сот шешімі бойынша тұрақты ақша сомасында өндіріп алынатын алименттің индекстелуін алиментті ұстап қалатын орын бойынша ұйымның әкімшілігі айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне барабар түрде жүргізеді.
174-бап. Алимент төлеуге міндетті адам Қазақстаннан тыс жерлерге уақытша кеткен немесе тұрақты тұруға кеткен жағдайда алимент төлеу
1. Алимент төлеуге міндетті адам Қазақстаннан тыс жерлерге уақытша кеткен немесе тұрақты тұруға кеткен жағдайда, ол заң бойынша күтіп-бағуға қаражат беруге міндетті отбасы мүшелерімен осы Кодекстің 157-162-баптарына сәйкес алимент төлеу туралы келісім жасасуға құқылы.
2. Келісімге қол жеткізілмеген кезде мүдделі адам алименттің мөлшерін тұрақты ақша сомасында белгілеу туралы немесе алиментті біржолғы төлеу туралы не белгілі бір мүлікті алимент есебіне беру туралы немесе алиментті өзге де тәсілмен төлеу туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы.
3. Алиментті төлегенін растайтын құжаттары болмаған жағдайда борышкерге Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұру үшін кетуге рұқсат берілмейді.
175-бап. Сот бұрын белгілеген алимент мөлшерін өзгерту және алимент төлеуден босату
1. Егер алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде алимент мөлшері сот тәртібімен белгіленгеннен кейін тараптардың бірінің материалдық немесе отбасылық жағдайы өзгерсе, сот кез келген тараптың талап етуі бойынша белгіленген алимент мөлшерін өзгертуге немесе алимент төлеуге міндетті адамды оны төлеуден босатуға құқылы. Алимент мөлшері өзгертілген немесе оны төлеуден босатылған кезде сот тараптардың назар аударарлық өзге де мүддесін ескеруге құқылы.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Егер кәмелетке толған әрекетке қабілетті адамның алименттер төлеуге міндетті адамға қатысты қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны анықталса немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетті адам отбасында лайықсыз мінез-құлық көрсеткен жағдайда, сот оған алименттер өндіріп беруден бас тартуға құқылы.
176-бап. Алимент төлеу жөніндегі міндеттерді тоқтату
1. Алимент төлеу туралы келісімде белгіленген алимент төлеу жөніндегі міндет осы келісімнің қолданылу мерзімі аяқталғанда немесе осы келісімде көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ тараптардың бірі қайтыс болғанда тоқтатылады.
2. Сот тәртібімен өндіріп алынатын алиментті төлеу:
1) бала кәмелетке толғанда немесе кәмелетке толмаған балалар кәмелетке толғанға дейін толық әрекетке қабілетті болған жағдайда немесе алимент төлеу туралы келісімде көрсетілген жасқа толғанда;
2) күтіп-бағу үшін алимент өндіріп алынған бала асырап алынғанда;
3) сот алимент алушының еңбекке жарамдылығы қалпына келтірілген немесе көмекке мұқтаждығы тоқтатылған деп танығанда;
4) еңбекке жарамсыз, бұрынғы жұбайының көмегіне мұқтаж болып келген алимент алушы жаңа некеге отырғанда (ерлі-зайыпты болғанда);
5) алимент алушы адам немесе алимент төлеуге міндетті адам қайтыс болғанда тоқтатылады.
ЕРЕКШЕ БӨЛІМ
6-бөлім. Азаматтық хал актілері
24-тарау. Жалпы ережелер
177-бап. Мемлекеттік тіркеуге жататын азаматтық хал актілері
Туу, қайтыс болу, неке қию (ерлі-зайыпты болу), некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу, бала асырап алу, әке (ана) болуды анықтау, атын, әкесінің атын және тегін өзгерту тіркеуші органдарда осы Кодексте белгіленген мерзімде міндетті мемлекеттік тіркелуге жатады.
Басқа мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуіне тыйым салынады және ол танылмайды.
178-бап. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы бастапқы және қайтадан куәліктер беру
1. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркегеннен кейін өздеріне қатысты акт жазбасы жасалған адамдарға құжатты берген тіркеуші орган бастығының қолтаңбасымен және елтаңбалы мөрімен бекітілген, белгіленген үлгідегі азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беріледі.
Бастапқы куәлік жоғалған немесе пайдалануға жарамсыз болған жағдайда мұрағаттық акт жазбасының негізінде азаматтық хал актісін тіркеу туралы куәлік қайтадан беріледі.
2. Өздеріне қатысты ата-ана құқықтарынан айрылған ата-аналарға, оны қалпына келтіргенге дейін баланың туу туралы куәлігі қайтадан берілмейді.
Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзған ерлі-зайыптыларға және некесі (ерлі-зайыптылығы) жарамсыз деп танылған ерлі-зайыптыларға неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік қайтадан берілмейді.
3. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер қазақ тілінде немесе орыс тілінде толтырылады.
Азаматтар (ата-аналар, ерлі-зайыптылар, бала асырап алушылар) туралы мәліметтер олардың жеке басын куәландыратын құжаттарға сәйкес толтырылады.
4. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер нотариатта куәландырылған сенімхат бойынша берілуі мүмкін.
179-бап. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүргізетін органдар
1. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар жүргізеді.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мұндай бөлімдер жоқ жерлерде ауыл, кент, ауылдық округ әкімі өздерінің аумағында тұратын азаматтардың азаматтық хал актілерін тіркеуге арналған құжаттарды қабылдауды және азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу және оларды осы Кодексте көзделген мерзімдерде Жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқорға мәліметтер енгізу үшін ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың тіркеуші органына беруді, сондай-ақ азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктер беру мен тапсыруды жүргізеді.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Ауыл, кент, ауылдық округ тұрғындарының азаматтық хал актілерін тіркеуді ұйымдастыру тәртібін ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының келісімі бойынша аумақтық әділет органдары айқындайды.
4. Тіркеуші органдардың лауазымды адамдары өздеріне, өздерінің жұбайларына және жақын туыстарына қатысты азаматтық хал актілерін тіркеуді жүргізуге құқылы емес. Мұндай жағдайларда азаматтық хал актілерін тіркеуді тіркеуші органның басқа да лауазымды адамы немесе басқа тіркеуші орган жүргізеді.
180-бап. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеудің қағидалары мен тәртібі
1. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеудің қағидалары, сондай-ақ некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың денсаулық жағдайы мен отбасылық жағдайы туралы бір-бірін өзара хабардар етуі, олардың болашақ ерлі-зайыптылар және ата-аналар ретіндегі құқықтары мен міндеттерін түсіндіру тәртібі осы Кодекске сәйкес белгіленеді.
2. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді ұйымдастыру, азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер енгізу, қалпына келтіру, күшін жою тәртібін әділет органдары айқындайды.
181-бап. Акт кітаптары. Оларды сақтау тәртібі мен мерзімдері
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу актісі кітаптарының нысандарын және осы кітаптардағы жазбалар негізінде берілетін куәліктердің нысандарын Қазақстан Республикасының әділет органдары бекітеді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Акт кітаптары қатаң жүйелі түрде тігілген және нөмірленген, оны құрастырған тіркеуші орган бастығының қолтаңбасымен және елтаңбалы мөрімен бекемделген бірдей жүз акт жазбасын қамтып, екі данада жасалады. Акт жазбаларының бірдейлігін тіркеуші органның лауазымды адамдары қамтамасыз етеді.
Акт кітаптарының бірінші даналары - азаматтық хал актісін бастапқы тіркеу орны бойынша ауданның (қаланың) тіркеуші органының мұрағатында, екінші данасы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тіркеуші органының мұрағатында сақталады.
3. Акт кітаптарының бірінші және екінші даналарын бір үй-жайда (ғимаратта) сақтауға тыйым салынады.
4. Республика бойынша акт жазбаларының электрондық нұсқалары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған уәкілетті органда Жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың орталық серверінде сақталады.
5. Бастапқы тіркеу орны бойынша акт кітаптары жетпіс бес жыл бойы сақталады, содан кейін тиісті мемлекеттік мұрағатқа беріледі.
6. Екінші даналардың акт кітаптары белгіленген мерзім өткеннен кейін жойылуға жатады.
182-бап. Мемлекеттік баж
1. Азаматтық хал актілерінің тіркелгені үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттік баж алынады.
2. Тууды, қайтыс болуды, әке болуды анықтауды, Қазақстан Республикасы азаматтарының бала асырап алуын тіркеу, сондай-ақ азаматтық хал актілерін тіркеу кезінде жіберілген қателерге байланысты қайтадан куәліктер беру Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттік баж алынбай жүргізіледі.
183-бап. Азаматтық хал актілерінің жазбаларын өзгерту, толықтыру және түзету тәртібі
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Тіркеу туралы бастапқы акт жазбалары, сондай-ақ жеткілікті негіздер болған кезде және мүдделі адамдардың арасында дау болмаған кезде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізуді тіркеуші орган жүргізеді. Мүдделі адамдардың арасында дау болған кезде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу мәселелері медиация тәртібімен немесе сот тәртібімен шешіледі.
2. Азаматтық хал актілерінде жазылған жазбаларға өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу туралы өтініштер өтініш берушінің тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органға беріледі.
3. Шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ азаматтық хал актілерін Қазақстан Республикасының тіркеуші органдарында тіркеген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өтініштері Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерi арқылы бастапқы жазбаның сақталған орны бойынша тіркеуші органға беріледі.
4. Азаматтық хал актілерінде жазылған жазбаларға өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізуді жазба жасалған жер бойынша тіркеуші орган жүргізеді. Азаматтық хал актілеріндегі жазбаларға өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу туралы бас тартуға сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
184-бап. Азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіру
1. Азаматтық хал актілерінің жоғалған жазбаларын қалпына келтіру туралы өтініш сол өтініш берушінің тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органға, ал шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ азаматтық хал актілерін Қазақстан Республикасының тіркеуші органдарында тіркеген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өтініштері Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерi арқылы бастапқы жазбаның мемлекеттік тіркелген (жоғалған) орны бойынша тіркеуші органға беріледі.
2. Азаматтық хал актілері жазбаларын қалпына келтіру тиісті жазбаның бұрын болғанын растайтын құжаттар болған кезде немесе мемлекеттік тіркеу орны мен уақыты көрсетіле отырып, акт жазбасын қалпына келтіру туралы сот шешімінің негізінде жүргізіледі.
3. Тарихи отанына қайта оралған адамдарға қатысты туу туралы азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіру жеткілікті негіздер болған кезде және осы фактіні құжаттық растау (акт жазбасының болмауы (жоғалғаны) туралы анықтама немесе хабарлама) мүмкін болған кезде немесе ішкі істер органдарының осы адамдардың Қазақстан Республикасына заңды түрде келгені туралы растамасы және олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын беру туралы өтініші болған кезде ғана жүргізіледі.
Оралмандардың туу туралы қалпына келтірілген жазбаларын мемлекеттік тіркеу олардың тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі.
4. Азаматтық хал актілері жазбаларының жоғалғанын сол жоғалған жазба жасалған жер бойынша азаматтық хал актілері жазбасының облыстық (қалалық) мұрағаты растауға тиіс.
5. Тіркеуші органның жоғалған жазбаны қалпына келтіруі мүмкін болмаған кезде азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу фактісі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде белгіленген қағидалар бойынша сот тәртібімен белгіленеді.
6. Азаматтық хал актілері жазбаларын қалпына келтіруді мемлекеттік тіркеуді жоғалған жазба жасалған жер бойынша тіркеуші орган жүргізеді.
185-бап. Азаматтық хал актілерінің жазбаларын жою
1. Азаматтық хал актілерінің жазбасы:
1) сот шешімінің негізінде;
2) мүдделі адамдардың өтініші бойынша;
3) жойылуға жататын бастапқы, қалпына келтірілген немесе қайтадан жазылған жазбаны тапқан тіркеуші органның бастамасы бойынша жойылуы мүмкін.
2. Азаматтық хал актілерінің жазбаларын жою туралы өтініш сотқа немесе өтініш берушінің тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органға, ал шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, азаматтық хал актілерін Қазақстан Республикасының тіркеуші органдарында тіркеген және шетелде тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өтініштері Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерi арқылы жойылуға жататын акт жазбасының сақталу орны бойынша тіркеуші органға беріледі.
3. Азаматтық хал актілерінің жазбаларын жою, жойылуға жататын жазба жасалған жер бойынша жүргізіледі.
186-бап. Жеке адамдардың азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу тәртібін сақтау міндеті
1. Жеке адамдар осы Кодексте белгіленген азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу тәртібін сақтауға міндетті.
2. Тіркеуші органдарда азаматтық хал актілерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде мемлекеттік тіркеу міндеті азаматтарға жүктеледі.
3. Азаматтық хал актілерін тіркеу кезінде некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) кедергі келтіретін мән-жайларды жасыруға немесе жалған мәліметтер беруге тыйым салынады.
4. Өкіл арқылы ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші негізінде неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды), некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды тіркеуге, баланың ата-анасының бірлескен өтініші негізінде әке болуды анықтауға, тегін, атын, әкесінің атын өзгертуге жол берілмейді.
25-тарау. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу
187-бап. Баланың тууын тіркеу үшін негіз
1. Баланың тууын тіркеу үшін туу туралы медициналық куәлік немесе туу фактісін анықтау туралы сот шешімінің көшірмесі негіз болып табылады.
Медициналық ұйымнан тыс жерде, оның ішінде үйде босанған жағдайда, туу туралы медициналық куәлікті анасының жеке басын куәландыратын құжаттарына сәйкес босанғаннан кейін ол өтініш жасаған медициналық ұйымның қызметкері немесе босандырған және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке адам ресімдейді.
Мемлекеттік тіркеу кезінде дәлелді себеп бойынша ата-анасының жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған жағдайда, ата-анасы туралы мәліметтер неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлікке не осы тіркеуші органдағы неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасына сәйкес толтырылады. Ата-анасының аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі, ұлты туралы азаматтық хал актілерін жазу кітаптарындағы ата-аналары туралы жазба осы Кодекстің 50, 51 және 63-баптарына сәйкес жүргізіледі.
Баланы суррогат ана туған жағдайда туу туралы медициналық куәлік тіркеу үшін негіз болып табылады.
2. Баланың туу туралы медициналық куәлігі баланың анасы туралы барлық қажетті мәліметтерді (тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса), сондай-ақ баланың туған күнін, айын, жылын және жынысын, құжаттың берілген күнін қамтуға тиіс. Куәлік медициналық ұйымның лауазымды адамының қолтаңбасымен және мөрімен расталуға тиіс.
3. Кәмелетке толмаған ата-аналардың бала тууын, сондай-ақ суррогат ана туған баланы мемлекеттік тіркеу жалпы тәртіппен жүргізіледі.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тууды мемлекеттік тіркеу үшін негіз болмаған кезде баланың тууын мемлекеттік тіркеу осы әйелдің баланы туу фактісін анықтау туралы сот шешімінің негізінде жүргізіледі.
188-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу орны
2013.08.01. № 64-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Баланың тууын мемлекеттiк тiркеудi тiркеушi органдар баланың туған жерi бойынша немесе ата-анасының не олардың бiреуiнiң тұрғылықты жерi бойынша жүргiзедi.
Баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін құжаттарды қабылдауды тіркеуші орган, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады не ол «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Ата-анасының тұрғылықты жерi олардың заңды мекенжайына сәйкес айқындалады.
2. Егер ата-анасы бір-бірімен некеде тұрмаса (ерлі-зайыпты болмаса), ортақ баланың тууы өзiн баланың әкесiмiн деп мойындаған адамның тұрғылықты жерi бойынша тiркелуi мүмкiн. Баланың тууын тiркеу туралы өтiнiшпен бір мезгілде әке болуды анықтау туралы өтiнiш берiледi.
3. Туу туралы актінің жазбасында баланың туған жері болып тууды мемлекеттік тіркеу кезінде қабылданған Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігінің атауына сәйкес баланың нақты туған жерінің атауы көрсетіледі.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Қазақстан Республикасынан тыс жерде туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде не ата-аналары немесе олардың біреуінің тұрғылықты жері бойынша шетелдік тіркеуші органдарда тіркелуіне қарамастан, осы Кодексте белгіленген мерзімдерде тіркеуші органда жүргізіледі. Баланың тууын ата-аналары не олардың біреуінің тұрғылықты жері бойынша тіркеген жағдайда, баланың туған жері болып осы елді мекен көрсетіледі.
5. Экспедицияларда және тіркеуші орган жоқ шалғай жерлерде, сондай-ақ анасының теңіз, өзен, әуе кемесінде немесе поезда болған уақытында туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу ата-анасының немесе олар тұрғылықты жеріне қайтып келген соң олардың біреуінің тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органда жүргізіледі.
Мұндай жағдайларда баланың туған жері болып баланың тууын мемлекеттік тіркеу жүргізілген әкімшілік-аумақтық бірлік көрсетіледі.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 189-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
189-бап. Баланың тууы туралы өтініш беру мерзімдері
Баланың тууы туралы өтінішті оның ата-аналары не басқа да мүдделі адамдар тіркеуші органдарға ол туған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей беруге тиіс, ал бала өлі туған жағдайда, босанған кезден бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей медициналық ұйымның жауапты лауазымды адамы өтінішті береді.
Үш жұмыс күні өткен соң берілген өтініш бойынша баланың тууын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша тіркеуші орган жасаған қорытындының негізінде жүргізіледі.
Бала Қазақстан Республикасынан тыс жерде туған жағдайда баланың тууы туралы өтінішті оның ата-аналары не басқа да мүдделі адамдар Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне оның туған күнінен бастап екі айдан кешіктірмей беруге тиіс.
2013.08.01. № 64-V ҚР Заңымен 190-бап жаңа редакцияда (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
190-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш
1. Баланың тууын мемлекеттік тiркеу туралы өтінішті ата-анасы немесе олардың бiреуi, ал олар қайтыс болған, науқастанған немесе өзге де себептермен өтініш жасау мүмкiн болмаған жағдайда - мүдделi адамдар немесе бала туған кезде анасы жатқан медициналық ұйымның әкiмшiлiгi жазбаша нысанда бередi. Өтінішке ата-анасының жеке басын куәландыратын құжаттардың, сондай-ақ неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәліктің көшірмелері қоса беріледі.
Баланың тууы белгіленген мерзімді бұза отырып тіркелген жағдайда ата-анасының түсініктемесі, баланың туған жері мен ата-анасының тұрғылықты жері бойынша туу туралы жазбаның болмауы туралы анықтама, баланың денсаулығы туралы анықтама қосымша беріледі.
Егер баланың тууын мемлекеттік тіркеуге ата-анасы емес, басқа адамдар өтініш жасаса, онда осы адамдар өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты, сондай-ақ баланың тууын тіркеуге оның өкілеттігін растайтын құжатты ұсынуы тиіс.
Екі немесе одан да көп баланы мемлекеттік тіркеу кезінде өтініш әрқайсысына қатысты бөлек беріледі.
2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына не «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы өтініш жасаған кезде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандартына сәйкес беріледі.
191-бап. Әкесі қайтыс болғаннан кейін немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін не неке жарамсыз деп танылғаннан кейін туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу
Некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезде бойға біткен және әкесі қайтыс болғаннан кейін немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін не неке (ерлі-зайыптылық) жарамсыз деп танылғаннан кейін туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу, егер әкесі қайтыс болған немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған не ол жарамсыз деп танылған күннен бастап екі жүз сексен күннен аспаса, жалпы негізде жүргізіледі.
192-бап. Баланың туу туралы акт жазбасына ата-аналары туралы мәліметтерді енгізу тәртібі
1. Бір-бірімен некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) әкесі мен анасы туу туралы жазбалар кітабына олардың кез келгенінің өтініші бойынша баланың ата-аналары болып жазылады. Мұндай жазбаға неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік негіз болып табылады.
2. Некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) және қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға өз келісімін жазбаша нысанда берген адамдар, осы әдістерді қолдану нәтижесінде өздерінде бала туылған жағдайда туу туралы актілер жазбасының кітабына оның ата-аналары болып жазылады.
Суррогат ана болу шартына сәйкес бала туылған жағдайда, ерлі-зайыптылар туу туралы актілер жазбасының кітабына оның ата-аналары болып жазылады.
3. Бала тууды тіркеу кезінде, егер ата-аналарының арасында неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, оны сот жарамсыз деп таныған немесе жұбайы қайтыс болған жағдайда, бірақ неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, оны жарамсыз деп таныған немесе жұбайы қайтыс болған кезден бастап екі жүз сексен күннен аспаса, анасы туралы мәлімет осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген құжаттардың негізінде, баланың әкесі туралы мәлімет неке қию немесе некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәліктің, әкесінің қайтыс болуы туралы куәліктің негізінде енгізіледі.
Егер бала неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, оны жарамсыз деп таныған күннен бастап екі жүз сексен күн өткеннен кейін туса, бұрынғы жұбайы әке болуды анықтау туралы актілер жазбасының негізінде ғана баланың әкесі болып жазылуы мүмкін.
Босанған әйелдің жұбайы болып табылмайтын адам жазбаша мойындаған жағдайда және оның күйеуінің жазбаша келісімі болған кезде әке болуды анықтауды тіркеу және тууды тіркеу кезінде баланың әкесі болып осы адам жазылады.
4. Егер баланың ата-анасы бір-бірімен некеде тұрмаса (ерлі-зайыпты болмаса), анасы туралы мәлімет осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген құжаттардың негізінде енгізіледі.
Мұндай жағдайда әкесі туралы мәліметтер:
1) егер баланың тууын мемлекеттік тіркеумен бір мезгілде әкесі белгілі болған және тіркелген жағдайда, әке болуды анықтау туралы актілер жазбасының негізінде;
2) егер әкесі анықталмаса, некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) анасының өтініші бойынша енгізіледі.
Тууды жазу кiтабында баланың әкесiнің тегі - анасының тегi бойынша, баланың аты мен әкесiнiң аты оның көрсетуі бойынша жазылады. Енгізілген мәліметтер әке болуды анықтау туралы мәселені шешуге кедергі болып табылмайды.
Баланың әкесі туралы мәліметтер анасының тілегі бойынша туу туралы актілер жазбасына енгізілмеуі мүмкін;
3) өзін баланың әкесімін деп мойындаған адамның өтініші бойынша, оған баланың анасының келісімі болған кезде енгізіледі.
Анасы туралы мәліметтер осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген құжаттардың негізінде енгізіледі, әкесі туралы мәліметтер осы адамның көрсетуі бойынша жазылады.
Бұдан әрі баланың анасы туу туралы акт жазбасына енгізілген баланың әкесі туралы мәліметтермен келіспеген кезде түзетулер белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен 193-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
193-бап. Бала ата-анасының қай ұлтқа жататынын жазу тәртібі
Егер тууды тіркеу кезінде өтініш беруші ата-анасының қай ұлтқа жататынын көрсетуге тілек білдірсе, онда баланың туу туралы акт жазбасында ата-анасының - Қазақстан Республикасы азаматтарының ұлты Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген ұлтына сәйкес көрсетіледі.
Шетелдік болып табылатын ата-ананың қай ұлтқа жататыны туралы мәлімет оның шетелдік паспортына сәйкес көрсетіледі.