249-бап. Бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу орны
Бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу бала асырап алу туралы сот шешім шығарған, баланың туған немесе тұрған жері бойынша тіркеуші органда жүргізіледі.
250-бап. Бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу туралы өтініш
1. Бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсеткен және соттың бала асырап алу туралы заңды күшіне енген шешімінің көшірмесін ұсынған кезде бала асырап алушының жазбаша өтініші бойынша жүргізіледі.
Бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу туралы өтініштің нысанын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілейді.
Бала асырап алушылар бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу туралы өтініш беруге жазбаша нотариатта куәландырылған нысанда басқа адамдарға уәкілеттік беруге құқылы.
2. Егер бала асырап алушылар немесе уәкілетті адам соттың бала асырап алу туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу туралы өтініш жасамаған жағдайда, тіркеуші орган бала асырап алу туралы шешім шығарған соттан түскен шешімнің көшірмесі немесе сот шешімінің үзінді көшірмесі негізінде бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу туралы жазбаны дербес жүргізеді.
251-бап. Шетелдіктердің бала асырап алуын мемлекеттік тіркеу
1. Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктердің Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы асырап алуын мемлекеттік тіркеу, оның ішінде бала асырап алудың күшін жою осы Кодекстің талаптарын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
2. Шетелдіктерге асырап алуға берілген балаларды бақылауды Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерi және Қазақстан Республикасының балалар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы жүзеге асырады.
252-бап. Бала асырап алу туралы акт жазбасының мазмұны
Бала асырап алу туралы акт жазбасына мынадай мәліметтер:
1) баланы асырап алуды мемлекеттік тіркегенге дейінгі және одан кейінгі баланың аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі;
2) баланың туған күні, айы, жылы, туған жері және азаматтығы;
3) ата-анасының аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі, азаматтығы, акт жазбасында немесе баланың туу туралы куәлігінде болған кезде, ұлты;
4) бала асырап алу туралы акт жазбасының жасалған күні және нөмірі, баланың тууын мемлекеттік тіркеуді жүргізген тіркеуші органның атауы;
5) бала асырап алу туралы актінің жасалған күні;
6) бала асырап алушылардың аттары, әкелерінің аттары (егер бар болса), тектері, азаматтығы, егер жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілсе, ұлты, табыс көзі немесе жұмыс орны, тұрақты тұрғылықты жері;
7) бала асырап алушылардың баланың ата-анасы болып жазылғаны не жазылмағаны;
8) бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу үшін негіз болып табылатын құжат туралы мәліметтер;
9) бала асырап алу туралы куәліктің сериясы мен нөмірі енгізіледі.
253-бап. Бала асырап алу туралы куәлікті және баланың туу туралы жаңа куәлігін беру
Бала асырап алу туралы куәлікті бала асырап алушыларға мемлекеттік тіркелген орны бойынша тіркеуші орган береді. Асырап алынған баланың туған күні, айы, жылы мен туған жерін, тегін, атын, әкесінің атын өзгерткен, сол сияқты бала асырап алушыны туу туралы актілерді жазу кітаптарына асырап алынған баланың ата-анасы ретінде жазған кезде баланың туу туралы жаңа куәлігі беріледі.
Екі немесе одан да көп бала асырап алған жағдайда бала асырап алу туралы куәлік әрбір балаға беріледі.
254-бап. Бала асырап алу туралы куәлік
Бала асырап алу туралы куәлік мынадай мәліметтерді:
1) асырап алынған баланың атын, әкесінің атын (егер бар болса), тегін, туған жерін;
2) бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу үшін негіздерді;
3) бала асырап алушылардың аттарын, әкесінің аттарын (егер бар болса), тектерін;
4) бала асырап алуды мемлекеттік тіркегеннен кейін берілген баланың атын, әкесінің атын (егер бар болса), тегін;
5) мемлекеттік тіркеу күнін, орнын, тіркеуші органның атауын;
6) бала асырап алу туралы куәліктің берілген күнін;
7) бала асырап алу туралы куәліктің сериясы мен нөмірін қамтиды.
255-бап. Бала асырап алу туралы жазбаның күшін жою
1. Бала асырап алу туралы жазба бала асырап алудың күшін жою туралы немесе бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде жойылады.
2. Егер бала асырап алудың күші олардың өтініші бойынша жойылса, бала асырап алуды жою туралы өтінішті баланың ата-анасы немесе, егер бала асырап алудың күші жойылған болса, оның талап етуі бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган береді.
256-бап. Тіркеуші органдардың бала асырап алудың құпиясын қамтамасыз етуі
1. Тіркеуші органдардың қызметкерлері бала асырап алушының келісімінсіз бала асырап алу туралы қандай да бір мәліметтерді хабарлауға және бала асырап алушылар асырап алынған баланың ата-анасы емес екені олардың мазмұнынан көрініп тұратын құжаттарды беруге құқылы емес.
2. Асырап алынған бала туралы мәліметтер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың сұрау салуы бойынша ғана беріледі.
30-тарау. Атын, әкесінің атын,тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу
257-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу үшін негіз
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеуді он алты жасқа толған және атын және (немесе) әкесінің атын, тегін ауыстыруға тілек білдірген адамның жеке өтініші бойынша тіркеуші органдар жүргізеді.
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру мынадай дәлелді себептер:
1) атының, әкесiнiң атының, тегiнiң оғаш естiлуi;
2) атының, әкесiнiң атының, тегiнiң айтуға қиындық келтіруі;
3) егер некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу кезінде некеге дейiнгі тектерінде қалса, жұбайымен ортақ текте болғысы келген жұбайдың тілегі;
4) егер неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған кезде бұл туралы мәлімделмесе, некеге дейiнгi тегiн алғысы келуі;
5) бұрынғы некеден (ерлі-зайыптылықтан) туған балаларымен ортақ текте болғысы келуі;
6) жұбайы қайтыс болған жағдайда некеге дейiнгi тегiн алғысы келуі;
7) жұбайы қайтыс болған жағдайда өтiнiш берушi некеге дейiнгi тегiнде болғанда, балаларымен ортақ текте болғысы келуі;
8) өтініш беруші таңдаған ата-аналарының бірінің ұлтына (ата-аналарының ұлты әртүрлі болған кезде) сәйкес келетін атты және (немесе) текті алғысы келуі;
9) құжаттардағы атынан өзгеше, өмірде нақты қалыптасқан атын алғысы келуі;
10) егер некеге отырған (ерлі-зайыпты болған) кезде жұбайының тегі қабылданса, некеге дейінгі тегін алғысы келуі;
11) ұлттық дәстүрлерге байланысты әкесiнiң немесе атасының аты бойынша текте болғысы келуі;
12) өтініш берушіні іс жүзінде тәрбиелеген адамның тегі мен аты бойынша текті және әкесінің атын алғысы келуі;
13) жынысын хирургиялық жолмен өзгерткен кезде таңдаған жынысқа сәйкес келетін атты, әкесінің атын, текті алғысы келуі кезінде жүргізіледі.
258-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу орны
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтініш тіркеуші органға өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша беріледі.
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтініш қанағаттандырылған жағдайда мемлекеттік тіркеу азаматтың тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі.
259-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтініш
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтініште мынадай мәліметтер:
1) өтініш берушінің аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі;
2) таңдаған аты, әкесінің аты, тегі;
3) атын, әкесінің атын, тегін ауыстырудың себептері көрсетілуге тиіс.
260-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті қарау мерзімдері
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтінішті қарауды тіркеуші орган Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізеді.
261-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтінішке қоса берілетін құжаттардың тізбесі
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтінішке өтініш берушінің атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды өтінуіне байланысты себептерді растайтын мынадай құжаттар:
1) өтініш берушінің туу туралы куәлігі;
2) егер өтініш беруші некеде тұрса (ерлі-зайыпты болса), неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік;
3) егер өтініш берушінің кәмелетке толмаған балалары болса, баланың туу туралы куәліктері;
4) егер оларды тіркеуші органдар тіркеген болса, бала асырап алу туралы куәлік не әке болуды анықтау туралы куәлік;
5) егер өтініш беруші некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға байланысты өзіне некеге дейінгі тегін беру туралы өтініш жасаса, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәлік;
6) өтініш берушінің екі фотосуреті қоса беріледі.
Қажет болған жағдайда, өтініш берушінің атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды өтінуіне байланысты себептерді растайтын қосымша құжаттар талап етіледі.
262-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеуден бас тарту
Тіркеуші органның атын, әкесінің атын, тегін ауыстырудан бас тартуына сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
263-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы акт жазбасының мазмұны
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы акт жазбасына мынадай мәліметтер:
1) адамның мемлекеттік тіркеуге дейінгі және одан кейінгі аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі;
2) туған күні, айы, жылы, туған жері;
3) азаматтығы, егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса, ұлты;
4) тіркелген жері, туу туралы акт жазбасының жасалған күні және нөмірі;
5) атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы жазбаның негізі;
6) жеке басын куәландыратын құжаттардың деректемелері;
7) мемлекеттік баждың төленгені туралы мәліметтер;
8) құжаттың берілген күні және оны берген тіркеуші органның атауы;
9) атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәліктің сериясы мен нөмірі енгізіледі.
264-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруға байланысты өзгертуге жататын мәліметтер
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруға байланысты бұл туралы акт жазбасының негізінде адамның өзіне қатысты жасалған туу туралы акт жазбасына ғана өзгеріс енгізіледі. Басқа жазбаларға өзгерістер енгізу жүргізілмейді.
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру жүргізілгенін растау үшін белгіленген үлгідегі атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлік көрсетіледі.
265-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлік беру
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу жасалғаннан кейін азаматқа атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлік беріледі.
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлік тек қана ауыстыру жүргізілген адамға мемлекеттік тіркеу орны бойынша беріледі.
266-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлік
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлік мынадай мәліметтерді:
1) атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы мемлекеттік тіркеуге дейінгі және одан кейінгі атын, әкесінің атын (егер бар болса), тегін;
2) туған күні, айы, жылы мен туған жерін;
3) атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы акт жазбасының жасалған күнін және нөмірін;
4) атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеуді жүргізген тіркеуші органның атауын;
5) атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәліктің берілген күнін;
6) атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәліктің сериясы мен нөмірін қамтиды.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 267-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
267-бап. Азаматтың аты, әкесінің аты, тегі ауыстырылғаны туралы хабарланатын мемлекеттік органдар тізбесі
Азаматтың аты, әкесінің аты, тегі ауыстырылған жағдайда, бұл туралы хабарлама бір апта мерзімде азаматтың тұрақты тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, прокуратура органдарына, жергілікті әскери басқару органдарына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, мемлекеттік кіріс органына, сондай-ақ тууды мемлекеттік тіркеу орны бойынша тіркеуші органға жіберіледі.
31-тарау. Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу
268-бап. Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу үшін негіз
Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу үшін:
1) медициналық ұйым берген, қайтыс болу туралы белгіленген нысандағы құжат;
2) қайтыс болу фактісін белгілеу туралы немесе адамды қайтыс болды деп жариялау туралы соттың заңды күшіне енген шешімі негіз болып табылады.
269-бап. Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу орны
Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу қайтыс болған адамның тұрған жері бойынша немесе ол қайтыс болған жер бойынша тіркеуші органдарда жүргізіледі.
270-бап. Қайтыс болу туралы мәлімдеме
1. Қайтыс болу туралы мәлімдемені қайтыс болған адаммен бірге тұрған адамдар, ал ондай адамдар болмаған жағдайда көршілері, тұрғын-үй пайдалану ұйымдарының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, қайтыс болған адамды күтіп-баққан не адам сонда қайтыс болған ұйымның әкімшілігі немесе мәйітті тапқан ішкі істер органы жазбаша немесе ауызша нысанда береді.
2. Мәйіттері танылмаған және талап етілмеген адамдардың қайтыс болуын мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті қайтыс болған адамның тұрған жері бойынша сот-медициналық сараптамасы ұйымының лауазымды адамы жазбаша нысанда береді.
3. Мәлімдеме жасаушы қайтыс болу туралы мәлімдемеде қайтыс болған адам туралы мынадай мәліметтерді: қайтыс болған адамның атын, әкесінің атын (егер бар болса), тегін, туған жылын, соңғы тұрғылықты жерін және оның отбасылық жағдайын, қайтыс болған жылын, айы мен күнін, қайтыс болу себебін, сондай-ақ қайтыс болу туралы мәлімдеме жасаған адамның атын, әкесінің атын (егер бар болса), тегін және тұрғылықты жерін көрсетеді.
2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Қайтыс болуды тіркеу кезінде қайтыс болған адамның жеке басын куәландыратын құжаттары, әскери билеті тіркеуші органға тапсырылуға жатады.
271-бап. Мәйіттері танылмаған және талап етілмеген адамдардың қайтыс болуын мемлекеттік тіркеу
Мәйіттері танылмаған және талап етілмеген адамдардың қайтыс болуын мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар мәйіттің жатқан жері бойынша немесе сот-медициналық сараптаманың қорытындысын берген жер бойынша жүргізеді.
Мәйіттері танылмаған адамдардың қайтыс болуын мемлекеттік тіркеу кезінде қайтыс болу туралы актінің жазбасына қайтыс болу туралы медициналық куәлікте қамтылған, мемлекеттік тіркеу үшін қажетті мәліметтер ғана енгізіледі.
Егер қайтыс болған адам кейіннен танылған болса, ол туралы жетіспейтін мәліметтер қайтыс болу туралы медициналық куәліктің және мәлімдеме жасаушының жазбаша өтінішінің негізінде қайтыс болу туралы актінің жазбасына қорытынды жасалмастан енгізіледі.
Мәйіттері танылмаған және талап етілмеген адамдардың мемлекеттік тіркелгені туралы жергілікті атқарушы органдардың тиісті қызметіне Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша қайтыс болу туралы анықтама беріледі.
272-бап. Қайтыс болу туралы акт жазбасының мазмұны
Қайтыс болу туралы акт жазбасына мынадай мәліметтер:
1) қайтыс болған адамның аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі, туған күні, айы, жылы мен туған жері, соңғы тұрғылықты жері, жынысы, азаматтығы, егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе, ұлты, қайтыс болған күні мен орны;
2) қайтыс болу фактісін растайтын құжаттың негізінде қайтыс болу себебі;
3) қайтыс болу фактісін растайтын құжат;
4) қайтыс болу туралы мәлімдеме жасаған мәлімдеме жасаушының аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі, тұрғылықты жері не органның, ұйымның атауы және заңды мекенжайы;
5) қайтыс болу туралы куәліктің сериясы мен нөмірі енгізіледі.
273-бап. Қайтыс болу туралы куәлік беру
Қайтыс болу мемлекеттік тіркелгеннен кейін қайтыс болған адамның мұрагерлерінің аясына кіретін жақын туыстарына не қайтыс болған адам қамқорлықтарында болған азаматтарға, сондай-ақ қайтыс болған адам тұрған немесе жазасын өтеген мемлекеттік ұйымдар әкімшілігінің өкілдеріне қайтыс болу туралы куәлік беріледі.
Басқа туыстарына қайтыс болу туралы куәлік мұрагерлік іс қарауында жатқан нотариустың хабарламасы бойынша беріледі.
Мәйіттері танылмаған және талап етілмеген адамдардың қайтыс болуы туралы куәлік қайтыс болу туралы акт жазбасына барлық қажетті мәліметтер енгізілгеннен кейін ғана беріледі.
274-бап. Қайтыс болу туралы куәлік
Қайтыс болу туралы куәлік мынадай мәліметтерді:
1) қайтыс болған адамның атын, әкесінің атын (егер бар болса), тегін, туған күні, айы, жылы мен туған жерін, жасын, қайтыс болған күні мен орнын;
2) қайтыс болу туралы акт жазбасының жасалған күні мен нөмірін;
3) құжаттың берілген күнін және оны берген тіркеуші органның атауын;
4) қайтыс болу туралы куәліктің сериясы мен нөмірін қамтиды.
7-бөлім. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасы нормаларының қолданылуы
32-тарау. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасы нормаларының шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылуы
275-бап. Ерлі-зайыптылардың мүліктік емес және мүліктік жеке құқықтары мен міндеттері
Ерлі-зайыптылардың мүліктік емес және мүліктік жеке құқықтары мен міндеттері аумағында өздері бірге тұратын тұрғылықты жері бар мемлекеттің заңнамасымен, ал бірге тұратын тұрғылықты жері болмаған кезде аумағында олардың соңғы бірге тұратын тұрғылықты жері болған мемлекеттің заңнамасымен айқындалады. Бұрын бірге тұратын тұрғылықты жері болмаған ерлі-зайыптылардың мүліктік емес және мүліктік жеке құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
276-бап. Әке (ана) болуды анықтау және оны даулау
1. Әке (ана) болуды анықтау және оған дау айту бала туған кезде азаматы болған мемлекеттің заңнамасымен айқындалады.
2. Әке (ана) болуды анықтаудың және оған дау айтудың тәртібі Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тіркеуші органдарда әке (ана) болуды анықтауға жол берілсе, баланың Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде тұратын ең болмаса біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын ата-аналары әке (ана) болуды анықтау туралы Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерiне өтініш беруге құқылы.
277-бап. Ата-аналардың және балалардың құқықтары мен міндеттері
Ата-аналардың және балалардың құқықтары мен міндеттері, оның ішінде ата-аналардың балаларын күтіп-бағу жөніндегі міндеті аумағында олардың бірге тұратын тұрғылықты жері бар мемлекеттің заңнамасымен айқындалады. Ата-аналар мен балалардың бірге тұратын тұрғылықты жері болмаған кезде ата-аналардың және балалардың құқықтары мен міндеттері бала азаматы болып табылатын мемлекеттің заңнамасымен айқындалады. Талапкердің талап етуі бойынша алименттік міндеттемелерге және ата-аналар мен балалардың арасындағы басқа да қатынастарға аумағында бала тұрақты тұрып жатқан мемлекеттің заңнамасы қолданылуы мүмкін.
278-бап. Кәмелетке толған балалардың, сондай-ақ отбасының басқа да мүшелерінің алименттік міндеттемелері
Ата-аналардың пайдасына алименттік міндеттемелер, сондай-ақ отбасының басқа да мүшелерінің алименттік міндеттемелері аумағында олардың бірге тұратын тұрғылықты жері бар мемлекеттің заңнамасымен айқындалады. Бірге тұратын тұрғылықты жері болмаған кезде мұндай міндеттемелер алимент алуға құқығы бар адам азаматы болып табылатын мемлекеттің заңнамасымен айқындалады.
279-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты немесе уақытша тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерi жүргізеді және олар жасаған акт жазбалары Қазақстан Республикасының астанасы әкімдігінің тіркеуші органына беріледі.
2. Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерiнде азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу кезінде, егер мүдделі адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылса, Қазақстан Республикасының заңнамасы қолданылады.
280-бап. Азаматтық хал актілерінің жасалуын растайтын шет мемлекеттердің құжаттарын тану
Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты тиісті мемлекеттердің заңдары бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдары берген Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде азаматтық хал актілерінің жасалғанын растайтын құжаттар, егер олар Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, сондай-ақ консулдық ресмилендірілген не арнайы мөртаңба (апостиль) болған кезде Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
Қазақстан Республикасының құзыретті органдары босқындар мен мәжбүрлеп қоныс аударушыларға бұрынғы тұрған жері бойынша неке қию (ерлі-зайыпты болу), туу туралы куәліктерді және азаматтық хал актілерінің басқа да құжаттарын алуға жәрдем көрсетуге міндетті.
33-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
281-бап. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 282-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
282-бап. Осы Кодексті қолдану тәртібі
1. Осы Кодекс оны қолданысқа енгізгеннен кейін туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
2. Осы Кодекстің 112-бабы 2-тармағының 8), 9) және 10) тармақшаларының ережелері қолданысқа енгізілген күнге дейін Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттеуді алған бала асырап алу жөніндегі агенттіктер көрсетілген тармақшалардың ережелері қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті органына тиісті міндеттемелер ұсынуға міндетті.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзім өткен соң осы Кодекстің 112-бабының 2-тармағы 8), 9) және 10) тармақшаларының ережелеріне сәйкес міндеттемелер ұсынбаған бала асырап алу жөніндегі агенттіктер Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін тоқтатады.
283-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Кодекс алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Неке және отбасы туралы» 1998 жылғы 17 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 23, 430-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 9, 67-құжат; № 20, 152-құжат; 2011 ж., № 6, 49-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы желтоқсанның 26-ы.
№ 518-ІV