5) шығарындыларды қысқартуға бағытталған, іске асырылып жатқан және жоспарланған іс-шаралар туралы ақпарат, оның ішінде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралардың бекітілген жоспарлары, экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламалары;
6) қоршаған ортаны қорғау бойынша іске асырылып жатқан және жоспарланған, елді мекен шегінде шығарындыларды қысқартуға бағытталған іс-шаралар туралы ақпарат;
7) өзге де статистикалық және талдамалық ақпарат.
5. Елді мекеннің атмосфералық ауасы ластануының жиынтық есеп-қисаптары бес жылда бір реттен сиретпей жүргізіледі және елді мекеннің шекті жол берілетін шығарындыларының жиынтық томын әзірлеу, түзету және толықтыру үшін негіз ретінде пайдаланылады.
6. Елді мекеннің шекті жол берілетін шығарындыларының жиынтық томы қала құрылысы мен құрылыс қызметін одан әрі негіздеу, көлік инфрақұрылымының объектілерін жоспарлау, көлік саласындағы мемлекеттік реттеу мен басқару, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды жоспарлау мақсатында елді мекеннің әуе бассейнінің нақты және болжамды экологиялық сыйымдылығын айқындайтын, тұрақты қолданыста болатын және қайта өңделетін құжат болып табылады.
7. Тиісті елді мекендердің жергілікті атқарушы органдары атмосфералық ауа ластануының жиынтық есеп-қисаптарын жүргізуге және елді мекендердің шекті жол берілетін шығарындыларының жиынтық томын әзірлеуге тапсырыс берушілер болып табылады.
8. Атмосфералық ауа ластануының жиынтық есеп-қисаптарын жүргізуді және шекті жол берілетін шығарындылардың жиынтық томдарын әзірлеуді «І санаттағы объектілер үшін табиғат қорғауды жобалау, нормалау» кіші түрі бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге лицензиясы бар ұйымдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тапсырыс берушімен жасалатын шарт негізінде жүзеге асыруға құқылы.
9. Елді мекеннің шекті жол берілетін шығарындыларының жиынтық томына жобаны әзірлеуші қол қояды, оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерімен келіседі және тапсырыс беруші бекітеді.
10. Елді мекеннің шекті жол берілетін шығарындыларының жиынтық томы:
1) экологиялық бағалау жүргізу;
2) қала құрылысы және құрылыс құжаттамасын әзірлеу;
3) объектілер мен кешендерді жою туралы шешімдер қабылдау;
4) қоғамдық көлікті, коммуналдық шаруашылықты дамыту жоспарларын, халықтың экологиялық жағынан неғұрлым қауіпсіз көлік түрлеріне көшуін, экологиялық жағынан тиімді қала құрылысы және құрылыс шешімдерінің ендірілуін ынталандыру жөніндегі шараларды әзірлеу;
5) жол берілетін шығарындылардың нормативтерін белгілеу;
6) жол берілетін шығарындылардың белгіленген нормативтерін сақтау бөлігінде мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыру;
7) мемлекеттік органдардың қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі есептілігін жасау;
8) атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі іс-шараларды жоспарлау мен іске асыру;
9) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу кезінде пайдаланылады.
206-бап. Атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі экологиялық талаптар туралы жалпы ережелер
1. Атмосфералық ауаға зиянды антропогендік әсер етудің алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының экология заңнамасында адамның қызметін жүзеге асыру кезінде сақтауы үшін міндетті атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі экологиялық талаптар белгіленеді.
2. Адамдардың өмірі және (немесе) денсаулығы мен қоршаған орта үшін қауіптілік дәрежесі ғылыми тұрғыдан анықталмаған заттарды атмосфералық ауаға шығаруға тыйым салынады.
3. Жекелеген әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумақтарында атмосфералық ауа сапасының белгіленген экологиялық нормативтері сақталмайтын жағдайларда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша өздерінің нормативтік құқықтық актілерінде осындай аумақтарда атмосфералық ауаны қорғау саласында арнайы экологиялық талаптар енгізуді көздеуге құқылы.
207-бап. Газ тазарту қондырғыларын пайдалану кезінде атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі экологиялық талаптар
1. Тиісті экологиялық рұқсаттардың шарттарында көзделген газ тазарту қондырғылары мен атмосфералық ауаға ластағыш заттардың шығарылуын бақылау құралдары жоқ I және II санаттағы объектілерді орналастыруға, пайдалануға беруге және пайдалануға тыйым салынады.
2. Газ тазарту қондырғысы деп бөлінетін газдарды ластағыш заттардан тазарту және (немесе) оларды залалсыздандыру үшін пайдаланылатын құрылысжай, жабдық және аппаратура түсініледі.
3. Газ тазарту қондырғыларын пайдалану қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
4. Газ тазарту қондырғысы болмаған, ажыратылған немесе жобалық тазартуды және (немесе) залалсыздандыруды қамтамасыз етпеген жағдайда, ластағыш заттардың шығарылуының тиісті көзін пайдалануға тыйым салынады.
208-бап. Көлік құралдары мен өзге де жылжымалы құралдарды жасап шығару және пайдалану кезінде атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі экологиялық талаптар
1. Шығарындыларында ластағыш заттардың болуы Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдары мен өзге де жылжымалы құралдарды Қазақстан Республикасында жасап шығаруға тыйым салынады.
2. Шығарындылары атмосфералық ауаға жағымсыз әсер ететін көлік құралдары мен өзге де жылжымалы құралдар Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен олардың Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентінің талаптарына сәйкестігі тұрғысынан ұдайы тексеруге (техникалық қарап-тексеруге) жатады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық атқарушы органдар және жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде атмосфералық ауаға көлік құралдары мен өзге де жылжымалы құралдардан ластағыш заттардың шығарылуын қысқартуды ынталандыруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға міндетті.
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдары мемлекеттік экологиялық мониторинг нәтижелері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер аумағында атмосфералық ауа сапасы нормативтерінің қатарынан үш жыл бойы ұдайы асып түсуі анықталған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша өз құзыреті шегінде тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылдау арқылы атмосфералық ауаға антропогендік жүктемені төмендету мақсатында елді мекендерге немесе елді мекендер шегіндегі жекелеген аймақтарға, демалыс және туризм орындарының аумақтарына, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға көлік құралдары мен өзге де жылжымалы құралдардың немесе олардың жекелеген түрлерінің кіруіне шектеу енгізуге, сондай-ақ олардың шегінде көлік құралдары мен өзге де жылжымалы құралдардың қозғалысын реттеуге құқылы.
209-бап. Қалдықтарды сақтау, залалсыздандыру, көму және жағу кезінде атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі экологиялық талаптар
1. Қазақстан Республикасының экология заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келетін арнайы жабдықталған жерлерден тыс және арнайы құрылысжайларды, қондырғылар мен жабдықтарды қолданбай, атмосфералық ауаны ластау көзі болуы мүмкін қалдықтарды сақтауға, залалсыздандыруға, көмуге және жағуға тыйым салынады.
2. Қызметінің қалдықтары атмосфералық ауаны ластау көздері болып табылатын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес мұндай қалдықтар сақталатын, залалсыздандырылатын, қайта өңделетін, кәдеге жаратылатын немесе жойылатын арнайы орындарға олардың уақтылы әкетілуін қамтамасыз етуге міндетті.
210-бап. Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар туындаған кезде атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі экологиялық талаптар
1. Осы Кодекстің мақсатында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар деп атмосфералық ауаның жер бетіне жақын қабатында адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қауіп төндіретін концентрацияларда ластағыш заттардың жиналуына ықпал ететін метеорологиялық жағдайлар түсіндіріледі.
2. Қалалық және өзге де елді мекендерде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар туындаған кезде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары халық арасында қажетті ақпаратты дереу таратуды қамтамасыз етеді, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезеңінде атмосфералық ауаға ластағыш заттардың шығарылуын реттеу бойынша уақытша шаралар енгізеді.
3. Қалалық және өзге де елді мекендерде атмосфералық ауаның қолайсыз метеорологиялық жағдайлардан туындаған қысқа мерзімді ластануы кезеңінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде шығарындылардың стационарлық көздері бар заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы уақытша енгізген стационарлық көздердің шығарындыларын төмендету жөніндегі талаптарды, тіпті, оларды пайдалануды ішінара немесе толық тоқтатуға дейін сақтауға міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің талабы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдалануды ішінара немесе толық тоқтатуға жол берілмейтін стационарлық көздерге қолданылмайды.
4. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет болған немесе болжамды қолайсыз метеорологиялық жағдайлар туралы ақпаратты тиісті жергілікті атқарушы органға және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне береді, олар заңды тұлғалардың, дара кәсіпкерлердің қолайсыз метеорологиялық жағдайлардың әсер етуі кезеңінде атмосфералық ауаға ластағыш заттардың шығарылуын азайту жөніндегі іс-шараларды жүргізуін бақылауды қамтамасыз етеді.
5. Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар туралы ақпаратты беру тәртібін, мұндай ақпараттың құрамы мен мазмұнына қойылатын талаптарды, оны жариялау және мүдделі тұлғаларға беру тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
211-бап. Авариялар кезінде атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі экологиялық талаптар
1. Атмосфералық ауаға ластағыш заттардың авариялық шығарылуынан туындаған және адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қатер төнетін атмосфералық ауа сапасы нашарлаған кезде Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес халықты қорғау жөніндегі шұғыл шаралар қабылданады.
2. І және ІІ санаттағы объектілерде авариялық жағдай туындап, соның салдарынан белгіленген экологиялық нормативтертің бұзылуы орын алған немесе орын алуы мүмкін болған кезде объектінің операторы кейінге қалдырмай, бірақ кез келген жағдайда, авариялық жағдай анықталған кезден бастап екі сағаттан аспайтын мерзімде бұл туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға хабарлауға және тіпті, тиісті стационарлық көздерді немесе тұтас объектіні пайдалануды ішінара немесе толық тоқтатуға дейін атмосфералық ауаның ластануын болғызбау бойынша, сондай-ақ осындай авариялық жағдайдан туындаған қоршаған ортаға жағымсыз салдарларды жою бойынша барлық қажетті шараны қабылдауға міндетті.
15-БӨЛІМ. СУ ОБЪЕКТІЛЕРІН ҚОРҒАУ
212-бап. Су объектілері және оларды қорғау
1. Су объектілері Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес:
1) антропогендік ластанудан;
2) қоқыстанудан;
3) сарқылудан қорғалуға жатады.
2. Су объектілері Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес:
1) адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтіруді;
2) экологиялық жүйелердің орнықты жұмыс істеуінің бұзылуын;
3) жерлердің, ормандардың және табиғи ортаның өзге де құрамдастарының шөлейттенуін, тозуын;
4) биоәртүрліліктің азаюын;
5) экологиялық залал келтіруді болғызбау мақсатында қорғалуға жатады.
3. Жер бетінің, жер қойнауының, жерүсті және жерасты суларының ластануын болғызбайтын, қалдықтарды орналастыру және сарқынды суларды төгу үшін жабдықталған және соған арналған объектілерді қоспағанда, жерүсті немесе жерасты суларында су сапасының мемлекет белгілеген экологиялық нормативтерінен асатын концентрацияларда ластағыш заттардың немесе деңгейлерде физикалық әсер етудің болуы су объектілерінің ластануы деп танылады.
Антропогендік және табиғи факторлар нәтижесінде су объектілеріне ластағыш заттардың түсуі, физикалық әсер ету, сондай-ақ су объектілерінде химиялық, физикалық және биологиялық процестердің жүруі нәтижесінде оларда ластағыш заттардың түзілуі су объектілерін ластау көздері деп танылады.
Су объектілерін диффузиялық ластануды (жер беті, топырақ, жер қойнауы немесе атмосфералық ауа арқылы ластану) қоса алғанда, ластанудың барлық түрінен қорғау жүзеге асырылады.
4. Су объектілеріне қатты және ерімейтін қалдықтардың түсуі су объектілерінің қоқыстануы деп танылады.
Су объектілерін қоқыстауға тыйым салынады.
Су объектілерін қоқыстанудан қорғау мақсатында су объектілерінің су жинау алаңдарын, су объектілерінің мұз және қар қабаттарын, мұздықтарды да қоқыстауға жол берілмейді.
5. Жерүсті сулары ағынының, қорларының азаюы немесе жерасты суларының қоры көлемінің ең төмен жол берілетін деңгейден төмендеуі су объектілерінің сарқылуы деп танылады.
Су объектілерінің сарқылуын болғызбауға бағытталған талаптар Қазақстан Республикасының су заңнамасында және осы Кодексте белгіленеді.
213-бап. Ластағыш заттардың төгілуі
1. Сарқынды сулардағы ластағыш заттардың жерүсті және жерасты су объектілеріне, жер қойнауына немесе жер бетіне түсуі ластағыш заттардың төгілуі (бұдан әрі - төгінді) деп түсініледі.
2. Сарқынды сулар деп:
1) өндірістік немесе тұрмыстық мұқтаждықтарға пайдаланылған және бұл ретте олардың бастапқы құрамын немесе физикалық қасиеттерін өзгерткен ластағыш заттардың қосымша қоспаларын алған сулар;
2) елді мекендер мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың аумақтарынан ағатын жаңбыр суы, еріген, инфильтрациялық, суару-жуу, дренаждық сулар;
3) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде ілесіп алынған жерасты сулары (карьер, шахта, кеніш сулары, көмірсутектермен ілесіп өндірілген қабаттық сулар) түсініледі.
3. Мыналар төгінді болып табылмайды:
1) қабаттық қысымды ұстап тұру мақсатында көмірсутектермен ілесіп өндірілген қабаттық суларды, теңіз суын, тұщыландырылған суды, 2000 мг/л және одан астам минералдандырылған техникалық суды айдау;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген экологиялық рұқсаттар және сараптамалардың оң қорытындылары берілген жобалар мен технологиялық регламенттерге сәйкес пайдалы қазбаларды өндіру үшін технологиялық ерітінділерді және (немесе) жұмыс агенттерін жер қойнауына айдау;
3) сумен салқындату үшін пайдаланылатын суларды тұйықталған (айналмалы) сумен жабдықтау жүйесінде орналасқан жинақтағыштарға бұру;
4) сарқынды суларды қалалық кәріз желілеріне бұру.
Мұндай жағдайларда жол берілген төгінді нормативтері белгіленбейді.
4. Теңіз кемелерінен ластағыш заттарды төгу Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының ережелерін сақтай отырып жүзеге асырылады.
214-бап. Су сапасының экологиялық нормативтері
1. Су сапасының экологиялық нормативтері:
1) химиялық көрсеткіштер үшін - судағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы түрінде;
2) физикалық көрсеткіштер үшін - суға физикалық әсер етудің (жылу, радиоактивті) шекті жол берілетін деңгейлері түрінде;
3) биологиялық көрсеткіштер үшін су сапасының индикаторлары ретінде пайдаланылатын биологиялық объектілердің неғұрлым осал тобы жай-күйінің көрсеткіштері түрінде белгіленеді.
2. Судағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы деп осы Кодекске сәйкес ластағыш деп танылған химиялық заттың ең жоғары көлемі (массасы) түсініледі, одан асып кеткен кезде су бір немесе бірнеше су пайдалану түрі үшін жарамсыз болып, табиғи орта объектілерінің тозуын туғызады немесе экологиялық жүйелердің орнықтылығы мен биоәртүрлілікті бұзады.
3. Жерүсті су объектілері суы сапасының экологиялық нормативтері мемлекеттік су кадастрында ескерілген өзен бассейні немесе оның бөлігі, су объектісі немесе оның бөлігі үшін, ішкі теңіз сулары мен аумақтық теңіз учаскелері үшін олардың табиғи ерекшеліктері, сондай-ақ су объектілерін нысаналы пайдалану шарттары ескеріле отырып белгіленеді.
4. Ауызсумен, шаруашылық-ауызсумен жабдықтау және (немесе) мәдени-тұрмыстық су пайдалану мақсатында пайдаланылатын жерүсті су объектілері немесе олардың бөліктері (су жинау орындарының) суы сапасының экологиялық нормативтері Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында айқындалған тәртіппен бекітілетін гигиеналық нормативтер (бұдан әрі - гигиеналық нормативтер) деңгейінде химиялық және биологиялық (микробиологиялық) көрсеткіштер бойынша белгіленеді.
5. Балық шаруашылығы маңызы бар жерүсті су объектілері немесе олардың бөліктері суы сапасының экологиялық нормативтері (балық шаруашылығы нормативтері) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес белгіленеді.
6. Ауызсумен, шаруашылық-ауызсумен жабдықтау және (немесе) мәдени-тұрмыстық су пайдалану мақсатында бір мезгілде пайдаланылатын балық шаруашылығы маңызы бар жерүсті су объектілері суы сапасының экологиялық нормативтері гигиеналық немесе балық шаруашылығы нормативінен неғұрлым қатаң көрсеткіштер (ең аз концентрациясы) деңгейінде белгіленеді.
7. Егер табиғи факторлардың әсерінен қалыптасқан және нақты өзен бассейніне немесе оның бөлігіне, су объектісіне немесе оның бөлігіне тән жерүсті су объектілері суларындағы химиялық заттардың табиғи фондық концентрациясы гигиеналық немесе балық шаруашылығы нормативтерінің мәндерінен асып кеткен жағдайларда, су сапасының экологиялық нормативтерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы өзен бассейніндегі немесе оның бөлігіндегі, су объектісіндегі немесе оның бөлігіндегі химиялық заттардың табиғи фондық концентрациясы көрсеткіштерінің мәндері деңгейінде (мәндерден жол берілетін ауытқу интервалында) әзірлейді және бекітеді.
8. Ауызсумен және (немесе) шаруашылық-ауызсумен жабдықтау көздері ретінде пайдаланылатын немесе көрсетілген мақсаттар үшін жарамдылығы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар негізінде айқындалған жерасты су объектілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес ауызсумен жабдықтаудың резервтік көздері ретінде айқындалған жерасты су объектілері суы сапасының экологиялық нормативтері Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында айқындалған тәртіппен әзірленетін және бекітілетін тиісті гигиеналық нормативтер деңгейінде белгіленеді.
9. Егер су сапасының белгіленген экологиялық нормативтері сақталған кезде табиғи экологиялық жүйенің тірі элементтері (өсімдіктер, жануарлар және басқа да организмдер) жай-күйінің кемінде бес жыл кезең ішінде ғылыми зерттеулермен расталған нашарлау белгілері анықталса, онда мұндай аумақтар үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті өкілді органы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша өзінде су сапасының индикаторлары ретінде пайдаланылатын биологиялық объектілердің неғұрлым осал тобының жай-күйі көрсеткіштерінің жағымсыз ауытқуы байқалмайтын су сапасының неғұрлым қатаң аумақтық экологиялық нормативтерін белгілеуге міндетті.
10. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта трансшекаралық су айдындары мен су ағындары суы сапасының нормативтеріне қатысты өзге талаптар белгіленсе, онда осындай халықаралық шарттың талаптары қолданылуға тиіс.
215-бап. Суға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтері
1. Мемлекет су объектілерін қорғау мақсатында суға жол берілетін антропогендік әсер етудің мынадай нормативтерін:
1) жол берілетін төгінділер нормативтерін;
2) төгінділердің технологиялық нормативтерін;
3) жерүсті суына жол берілетін физикалық әсер ету нормативтерін;
4) су объектілеріне шекті жол берілетін жағымсыз әсер ету нормативтерін белгілейді.
2. Су объектілеріне шекті жол берілетін жағымсыз әсер ету нормативтері:
1) ұзақ әсер етуі су объектісі экологиялық жүйесінің өзгеруіне алып келмейтін антропогендік жүктеменің шекті жол берілетін шамасы;
2) су объектісіне және оның су жинау алаңына түсуі мүмкін ластағыш заттардың шекті жол берілетін массасы мен концентрациясы негізге алына отырып белгіленеді.
3. Су объектілеріне жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін айқындау қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
216-бап. Жол берілетін төгінділер нормативтері
1. Жол берілетін төгінді нормативі - экологиялық рұқсатта белгіленетін және уақыт бірлігінде төгуге барынша жол берілетін (рұқсат етілетін) сарқынды сулардағы ластағыш заттың не ластағыш заттар қоспасының көлемі (массасы) ретінде айқындалатын экологиялық норматив.
2. Жол берілетін төгінділер нормативтерінің жобасын әзірлеу тазартылған сарқынды суларды су объектісіне немесе жергілікті жер бедеріне төгуді жүзеге асыратын объектілер үшін міндетті болып табылады.
Жол берілетін төгінділер нормативтеріне дейін тазартылмаған сарқынды суларды су объектісіне немесе жергілікті жер бедеріне төгуге тыйым салынады.
3. Жол берілетін төгінді нормативі әрбір ластағыш зат үшін сарқынды сулар шығарылған сайын белгіленуге тиіс.
4. Жол берілетін төгінді нормативінің шамасы судағы ластағыш заттардың базалық антропогендік фондық концентрациясы ескеріле отырып, бақылау тұстамасындағы су сапасының тиісті экологиялық нормативтерінің сақталуы қамтамасыз етілетін деңгейлерде айқындалады.
Судағы ластағыш заттардың базалық антропогендік фондық концентрациясы деп жол берілетін төгінді нормативтерін айқындау кезінде жүзеге асырылатын басқа көздердің төгінділеріне байланысты қолайсыз жағдайларда су объектісінің нақты бақылау тұстамасындағы ластағыш зат концентрациясының мәні түсініледі.
Жол берілетін төгінді нормативтерін белгілеу кезінде бақылау тұстамасы деп осы Кодекске сәйкес айқындалатын, су сапасының экологиялық нормативтерінің сақталуына мониторинг және бақылау жүзеге асырылатын жерүсті су объектісінің учаскесін түсінген жөн.
5. Жерасты сулары ауызсу, бальнеологиялық, техникалық мұқтаждықтар, ирригация және мал шаруашылығы мұқтаждықтары үшін пайдаланылмайтын оқшауланған суландырылмаған жерасты белдеулеріне және жерасты су тұтқыш белдеулеріне тазартылған сарқынды суларды айдау жағдайларын қоспағанда, сарқынды суларды жер қойнауына төгуге тыйым салынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда сарқынды суларды тазарту мұнай өнімдері, қалқымалы заттар және күкіртсутек бойынша бекітілген жобалық шешімдерге сәйкес жүзеге асырылады.
Сарқынды суларды жер қойнауына айдау кезінде осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілмеген өзге де ластағыш заттарды төгу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен әдістемеге сәйкес ластағыш заттар концентрациясының ең жоғары көрсеткіштері бойынша нормаланады. Ластағыш заттар концентрациясының ең жоғары көрсеткіштері қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізу кезінде немесе ластағыш заттардың жол берілетін төгінділері нормативтерінің жобасында негізделеді. Осындай заттарды ластағыш заттар концентрациясының белгіленген ең жоғары көрсеткіштерінен асырып төгу нормативтен жоғары эмиссия болып есептелмейді.
Осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес мұнай өнімдері, қалқымалы заттар мен күкіртсутек бойынша тазартылмаған сарқынды суларды жерасты белдеулеріне айдауға тыйым салынады.
217-бап. Төгінділердің технологиялық нормативтері
1. І санаттағы объектілер үшін, жол берілетін төгінділер нормативтерінен басқа, кешенді экологиялық рұқсатпен төгінділердің технологиялық нормативтері белгіленеді.
2. І санаттағы жаңа және реконструкцияланатын объектілерге қатысты, егер бақылау тұстамасындағы ластағыш заттардың концентрациясын есептеу нәтижелері су объектісіне түсетін жалпы жүктеме су сапасының белгіленген экологиялық нормативтерінің немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің бұзылуына алып келетінін көрсететін болса, онда кешенді экологиялық рұқсатта су сапасының экологиялық нормативтерін немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін сақтауды қамтамасыз ететіндей етіп, ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты технологиялық көрсеткіштерге сәйкес келетіндерге қарағанда жол берілетін төгінділердің неғұрлым қатаң нормативтері белгіленуге тиіс.
3. I санаттағы жұмыс істеп тұрған объектілерге қатысты, егер бақылау тұстамасындағы ластағыш заттардың концентрациясын есептеу нәтижелері су сапасының белгіленген экологиялық нормативтерінің немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің асып кетуін көрсетсе, онда кешенді экологиялық рұқсатта жол берілетін төгінділердің мұндай неғұрлым қатаң нормативтеріне қол жеткізу объект операторы үшін қолайлы экономикалық шығындар кезінде техникалық тұрғыдан мүмкін болып табылатындай шамада ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты технологиялық көрсеткіштерге сәйкес келетіндерге қарағанда, жол берілетін төгінділердің неғұрлым қатаң нормативтері белгіленуге тиіс.