9) жұртшылықтың өндірістік экологиялық бақылау бағдарламаларына және өндірістік экологиялық бақылау жөніндегі есептік деректерге қол жеткізуін қамтамасыз етуге;
10) мемлекеттік экологиялық инспекторлардың талап етуі бойынша мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға қажетті өндірістік экологиялық бақылаудың құжаттамасын, талдау нәтижелерін, бастапқы және өзге де материалдарын ұсынуға міндетті.
185-бап. Өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының мазмұнына қойылатын талаптар
1. Өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасында мынадай ақпарат қамтылуға тиіс:
1) ластағыш заттар эмиссияларының сандық және сапалық көрсеткіштерінің және өндірістік мониторинг процесінде қадағаланатын өзге де параметрлердің міндетті тізбесі;
2) өндірістік мониторингтің кезеңділігі мен ұзақтығы, өлшеуді жүзеге асырудың жиілігі;
3) өндірістік мониторинг жүргізудің пайдаланылатын аспаптық және есептік әдістері туралы мәліметтер;
4) өндірістік мониторинг процесінде қадағаланатын параметрлер үшін сынамаларды іріктеу нүктелерінің қажетті саны (құрамдастар бойынша: атмосфералық ауа, су, топырақ) және өлшеу жүргізу орындарын көрсету;
5) деректерді есепке алуды, талдау мен хабарлауды жүргізу әдістері мен жиілігі;
6) ішкі тексерулердің жоспар-графигі және Қазақстан Республикасының экология заңнамасын бұзушылықтарды жою рәсімі, оған қоса олардың сақталмауына ден қоюдың ішкі құралдары;
7) аспаптық өлшеу сапасын қамтамасыз ету тетіктері;
8) тосын жағдайлардағы іс-қимыл хаттамасы;
9) өндірістік экологиялық бақылауды жүргізу үшін жұмыскерлердің ішкі жауапкершілігінің ұйымдық және функционалдық құрылымы;
10) өндірістік экологиялық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу мәселелерін көрсететін өзге де мәліметтер.
2. І және ІІ санаттағы объектілерді өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы экологиялық рұқсатта қамтылған экологиялық шарттарға да сәйкес келуге тиіс.
3. I және II санаттағы объектілерді өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасын әзірлеу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
186-бап. Өндірістік мониторингтің түрлері және оны жүргізуді ұйымдастыру
1. Өндірістік мониторинг өндірістік экологиялық бақылаудың, сондай-ақ экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасының элементі болып табылады.
2. Өндірістік мониторингті жүзеге асыру шеңберінде операциялық мониторинг, қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингі және әсер ету мониторингі орындалады.
3. Операциялық мониторинг (өндірістік процестің мониторингі) объект қызметінің көрсеткіштері оны тиісінше жобалық пайдалану және осы өндірістің технологиялық регламентінің шарттарын сақтау үшін орынды деп есептелетін диапазонда екенін растау үшін технологиялық процестің параметрлерін байқауды қамтиды. Операциялық мониторингтің мазмұнын объектінің операторы айқындайды.
4. Қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингі эмиссиялардың санын, сапасын және олардың өзгеруін байқау болып табылады.
I санаттағы объектілердегі қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингі қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін пайдалануды қамтуға тиіс.
Қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесі - эмиссиялардың негізгі стационарлық көздеріндегі қоршаған ортаға эмиссиялар көрсеткіштерін қадағалайтын, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен өндірістік экологиялық бақылау жүргізу кезінде қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін жүргізу қағидаларына сәйкес нақты уақыт режимінде қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің ақпараттық жүйесіне деректер беруді қамтамасыз ететін өндірістік экологиялық мониторингтің автоматтандырылған жүйесі.
Мониторингтің автоматтандырылған жүйесінің жұмыс істеуі, ол жүзеге асыратын өлшемдер, оларды өңдеу, беру, сақтау мен пайдалану Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы, өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы және ақпараттандыру туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
5. Әсер ету мониторингін жүргізу Қазақстан Республикасының экология заңнамасы мен қоршаған ортаның сапасы нормативтері талаптарының сақталуын қадағалау үшін қажет болған не кешенді экологиялық рұқсатта айқындалған жағдайларда ол өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасына енгізіледі.
6. Әсер ету мониторингі мынадай:
1) қызмет сезімтал экожүйелерді және халық денсаулығының жай-күйін қозғайтын жағдайларда;
2) технологиялық объектілерді пайдалануға беру кезеңінде;
3) қоршаған ортаға авариялық эмиссиялардан кейін міндетті болып табылады.
7. Әсер ету мониторингін объектінің операторы жеке-дара, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша басқа объектілердің операторларымен бірлесіп жүзеге асыра алады.
8. Қоршаған ортаға эмиссиялардың өндірістік мониторингін және әсер ету мониторингін Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген зертханалар жүзеге асырады.
Өндірістік мониторингті жүзеге асыратын тұлға өндірістік мониторинг нәтижелері бойынша анық емес ақпарат бергені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауаптылықта болады.
9. Өндірістік мониторингтің деректері Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін жүргізу шеңберінде қоршаған ортаның жай-күйін бағалау үшін пайдаланылады.
187-бап. Өндірістік экологиялық бақылау бойынша есепке алу және есептілік
1. Объектінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін қағидаларға сәйкес өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша ішкі есепке алуды жүргізеді, мерзімді есептерді қалыптастырады және Қазақстан Республикасының қоршаған орта және табиғи ресурстар туралы ұлттық деректер банкіне электрондық нысанда ұсынады.
2. Өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша мерзімді есептер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жариялануға тиіс.
188-бап. Өндірістік экологиялық бақылау қызметі және өндірістік экологиялық бақылауға жауапты адамдар
1. Өндірістік экологиялық бақылауды жүргізуге жауапты адам объектіде немесе жекелеген жұмыс учаскелерінде өндірістік экологиялық бақылау журналдарының жүргізілуін қамтамасыз етуге міндетті, оларға жұмыскерлер анықталған Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзушылық фактілерін, оларды жою мерзімдерін көрсете отырып жазуға тиіс.
2. Экологиялық талаптарды бұзушылық фактісі салдарынан адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қатер немесе экологиялық залал келтіру тәуекелі туындайтын, ол фактіні анықтаған өндірістік экологиялық бақылауды жүргізуге жауапты адамдар туындаған жағдайды жою немесе оқшаулау бойынша өздеріне байланысты барлық шараны дереу қабылдауға және бұл туралы объект операторының басшылығына хабарлауға міндетті.
189-бап. Ішкі тексерулерді ұйымдастыру
1. Объектінің операторы Қазақстан Республикасының экология заңнамасы талаптарының сақталуын ұдайы ішкі тексеру және өндірістік экологиялық бақылау нәтижелерін экологиялық және өзге де рұқсаттардың шарттарымен салыстыру жөнінде шаралар қабылдайды.
2. Ішкі тексерулерді объект операторы өндірістік экологиялық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу үшін жауаптылық жүктеген жұмыскер (жұмыскерлер) жүргізеді.
3. Ішкі тексерулер барысында мыналар бақыланады:
1) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасында көзделген іс-шаралардың орындалуы;
2) қоршаған ортаны қорғауға жататын өндірістік нұсқаулықтар мен қағидаларды ұстану;
3) экологиялық және өзге де рұқсаттар шарттарының орындалуы;
4) өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша есепке алу мен есептілікті жүргізудің дұрыстығы;
5) өндірістік экологиялық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу мәселелері көрсетілетін өзге де мәліметтер.
4. Ішкі тексеруді жүзеге асыратын жұмыскер (жұмыскерлер):
1) алдыңғы ішкі тексеру туралы есепті қарауға;
2) қоршаған ортаға эмиссиялар жүзеге асырылатын әрбір объектіні зерттеп-қарауға;
3) қажет болған кезде, басшыға тексеру барысында анықталған сәйкессіздіктерді жою жөніндегі шараларды жүргізу туралы талаптарды, оларды жою мерзімдері мен тәртібін қамтитын жазбаша есеп жасауға міндетті.
14-тарау. ҚОҒАМДЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ
190-бап. Қоғамдық экологиялық бақылау
1. Қоғамдық экологиялық бақылау экологиялық проблемаларға жұртшылықтың назарын аудару және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қызметіне жәрдемдесу мақсатында жүргізіледі.
2. Қоғамдық экологиялық бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, жарғысында қоғамдық экологиялық бақылауды жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыру көзделген, қоғамдық экологиялық бақылауды жүзеге асыру мақсатында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органда аккредиттелген қоршаған ортаны қорғау саласындағы коммерциялық емес ұйымдар жүзеге асыра алады.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды жүзеге асыру үшін осы Кодекске сәйкес қоғамдық экологиялық бақылау жүргізу үшін аккредиттелген қоршаған ортаны қорғау саласындағы коммерциялық емес ұйымдардың тізбесін жасайды және ресми интернет-ресурста жариялайды.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген тізбені қалыптастыру мақсатында осы баптың 2-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін коммерциялық емес ұйымдар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жарғының көшірмесін қоса бере отырып, өзінің талаптарға сәйкестігі және қоғамдық экологиялық бақылауды жүзеге асыру ниеті туралы өтінішті жібереді.
Коммерциялық емес ұйым осы баптың 2-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келген жағдайда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде осы коммерциялық емес ұйымды осы Кодекске сәйкес қоғамдық экологиялық бақылау жүргізу үшін аккредиттелген қоршаған ортаны қорғау саласындағы коммерциялық емес ұйымдардың тізбесіне енгізеді.
5. Қоғамдық экологиялық бақылауды жүргізу тәртібі осы Кодексте айқындалады, сондай-ақ оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы коммерциялық емес ұйымдар өздерінің жарғыларына сәйкес айқындайды.
6. Қоғамдық экологиялық бақылауда:
1) қоғамдық экологиялық бақылауды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымдардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзушылық фактілері немесе осындай бұзушылық тәуекелдері туралы хабар беруі;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның жанынан құрылатын қоғамдық кеңесте І санаттағы объектілер операторлары болып табылатын бақылау субъектілерінің Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзу фактілері, сондай-ақ осы субъектілерге қатысты қабылданған шаралар мен оларды орындаудың жай-күйі туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпаратын тыңдау;
3) мемлекеттік экологиялық бақылау нәтижелерін қоғамдық талқылау процесінде коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінің қатысуы қамтылады.
7. Мемлекеттік органдар қоршаған ортаны қорғау саласындағы аккредиттелген қоғамдық ұйымдардың өкілдерін Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзушылық фактілерін анықтау жөніндегі жұмысқа ерікті негізде тартуға құқылы.
12-БӨЛІМ. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ АҒАРТУ
191-бап. Экологиялық мәдениет
1. Экологиялық мәдениет деп адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынастардың сипатын, адамның табиғи ортаны сақтау мен дамыту жөніндегі қызметке қосылу шамасы мен тәсілін білдіретін және айқындайтын білімнің, дағдылар мен құндылыққа бағдарлану жүйесі түсініледі.
2. Экологиялық мәдениет адамның сана-сезімін дамытуға ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің әл-ауқатының өсуіне де негіз жасайтын Қазақстан Республикасындағы негізгі жеке тұлға құндылықтарының бірі деп танылады.
3. Экологиялық мәдениет негіздерін дарыту отбасылық тәрбиеге, білім беру ұйымдарындағы тәрбиеге (ағартуға), корпоративтік мәдениетке байланысты қоғамдық қатынастардың, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесі жағдайындағы қоғамдық қатынастардың негіз қалаушы міндеттерінің бірі болып табылады.
4. Мемлекет экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында адамның адам мен табиғаттың байланысы туралы, оның тыныс-тіршілігінің қоршаған ортаға ықпалы туралы, климаттың жаһандық өзгеру қатері және Қазақстан Республикасының орнықты дамуының экологиялық негіздері туралы түсінігін қалыптастыратын ақпараттың таратылуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды.
5. Әркім экологиялық жағдайға және мемлекеттік экологиялық саясатқа байланысты мәселелерді талқылауға белсене қатысуға және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде және осы Кодексте белгіленген тәртіппен тиісті өтініштер енгізуге құқылы.
192-бап. Экологиялық білім берудің мақсаты, негізгі бағыттары, субъектілері мен объектілері
1. Экологиялық білім беру деп әркімнің белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруға және жалпы қоғамдағы экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған, тұрақты даму қағидаттарына негізделген, тұлғаны оқытудың, тәрбиелеу мен дамытудың үздіксіз интеграцияланған процесі түсініледі.
2. Экологиялық білім беру нысаналы аудиторияға да, тұтас қоғамға да бағытталған іс-шаралар кешенін қамтиды.
3. Барлық деңгейдегі білім беру ұйымдары, тұрғын үй мен басқа да жылжымайтын мүліктің меншік иелері, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндірушілер және оларды тұтынушылар экологиялық білім беру жүйесінің нысаналы аудиториясы болуы мүмкін.
4. Экологиялық ағарту - қоғамда экологиялық мәдениет негіздерін қалыптастыру мақсатында экологиялық білімді, қоршаған орта мен экологиялық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы ақпаратты, өзге экологиялық ақпаратты тарату.
5. Мемлекет халыққа экологиялық мәселелер жөнінде хабар беруді және жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғауға қатысты мәселелерді талқылауға қатысуын қамтамасыз ететін мынадай шараларды қабылдайды:
1) жұртшылықтың атмосфералық ауаның жай-күйі, климаттың өзгеруі, су және жер ресурстарының жай-күйі, биоәртүрлілік, энергетикалық жағдай, қалдықтарды басқару туралы экологиялық ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету;
2) тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жүйесі арқылы халыққа, оның ішінде тұрғын үй мен басқа да жылжымайтын мүліктің меншік иелеріне қоршаған ортаның жай-күйіне су және энергетикалық ресурстарды тұтыну сапасының ықпалы туралы, қалдықтарды экологиялық тиімді басқару туралы хабар беру;
3) қайталама ресурстарды пайдалана отырып, ресурс үнемдейтін өндірісті, тауарлар өндіруді, жұмыстар орындауды және қызметтер көрсетуді қолдау жөніндегі мемлекет қабылдап жатқан шаралар туралы кәсіпкерлік субъектілеріне хабар беру;
4) тұтынылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндірудің экологиялылық дәрежесі және энергиялық тиімді өндіріс арқылы және қайталама ресурстарды пайдалана отырып алынатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың сатып алуын ынталандыру жөніндегі шаралар туралы оларға хабар беру;
5) осы Кодексте белгіленген жағдайларда қоғамдық экологиялық бақылауды жүргізуге қатысуды қамтамасыз ету.
193-бап. Білім беру ұйымдарында экологиялық білім беру
1. Білім беру ұйымдарында экологиялық білім беру Орнықты даму мақсаттарының призмасы арқылы қаралатын ландшафтық өңірлік басымдықтар, климаттық өзгерістер ескеріле отырып, экологиялық технологиялар тақырыптарының интеграциясын іске асыру арқылы, сондай-ақ мамандандырылған және пәнаралық білім беру бағдарламаларын ықтимал ендіру, экологиялық аспектілерді оқу пәндеріне интеграциялау арқылы жүзеге асырылады.
2. Білім беру бағдарламалары мен оқу пәндері теориялық зерделеуге де, практикалық сабақтарға да бағытталған практикаға бағдарланған тәсілді көздейді.
3. Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мамандықтар бойынша мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті білім беру стандарттары мен кәсіптік білім берудің үлгілік оқу бағдарламаларын білім беру саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.
4. Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мамандықтар бойынша кәсіптік білім берудің үлгілік оқу бағдарламалары қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу құқығына міндетті кәсіптік даярлауды көздеуге, сондай-ақ дуальды білім беру жүйесін дамытуға ықпал етуге тиіс.
194-бап. Экологиялық білім беру мен ағартуды мемлекеттік қолдау
1. Мемлекет мынадай басым бағыттар бойынша экологиялық білім беру мен ағартуды қолдауды жүзеге асырады:
1) Қазақстан Республикасының орнықты дамуға көшуіне жәрдемдесу мақсатында экологиялық білім беру саласындағы ұзақ мерзімді іс-қимыл жоспарын айқындау;
2) экологиялық білім беру мен ағартудың оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік негіздерін жетілдіру;
3) қоршаған ортаны қорғау саласында білікті мамандар даярлау, тұтас экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі үздік отандық және шетелдік инновациялық педагогикалық әдістемелерді ілгерілету;
4) Қазақстан Республикасы халқының экологиялық білім беру мен ағартуға қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін интеграцияланған шешімдер жинақтарын, ойын, иллюстрациялық, анықтамалық және басқа да материалдар түрлерін қамтитын практикаға бағдарланған модульдерді жасау;
5) қоғам мен отбасында экологиялық ағарту жөніндегі бағдарламалар мен іс-шараларды жүзеге асыратын ұйымдардың, оның ішінде коммерциялық емес, жастар және мектеп ұйымдарының дамуына жәрдемдесу;
6) мамандандырылған ұйымдар базасында климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы мамандарды даярлау;
7) жұртшылыққа климат өзгеруінің болжамды техногендік әсерлері, әсер етуі, мұндай жағдайларда адам мен қоршаған ортаның осал тұстары және климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шаралар туралы хабар беру.
2. Мемлекеттік қолдау шаралары мыналарды қамтиды:
1) білім беру ұйымдарында экологиялық білім беруді (экологиялық білім беру мен ағарту, мамандардың біліктілігін арттыру жөніндегі оқу-әдістемелік жұмыс пен іс-шаралар) қаржыландыру;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруға мемлекеттік органдардың белсенді қатысуы;
3) орнықты дамуға жәрдемдесу мақсатында экологиялық білім беру саласындағы инновациялық әдістемелік практикаларды, зерттеулерді қолдауға мемлекеттік тапсырысты беру;
4) экологиялық білім беру мен ағарту саласындағы қызметті жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымдарды қолдау мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты беру;
5) экологиялық білім беру мен ағарту, кадрлардың біліктілігін арттыру, оларды даярлау және қайта даярлау бойынша іс-шаралар өткізу.
13-БӨЛІМ. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕР
195-бап. Экологиялық ғылыми зерттеулердің мақсаттары мен міндеттері
1. Экологиялық ғылыми зерттеулер қоршаған ортаны қорғауды ғылыми қамтамасыз ету, табиғи экожүйелерді жақсарту, қалпына келтіру, олардың орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша ғылыми негізделген іс-шараларды әзірлеу, биоәртүрлілікті сақтау және табиғи ресурстарды молықтыру, климат өзгеруінің әсер етуін зерделеу, климатқа әсер етуді бәсеңдету және климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша шаралар әзірлеу, халықтың денсаулығын жақсарту, Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігін және әлеуметтік, экономикалық және экологиялық теңгерімделген дамуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
2. Экологиялық ғылыми зерттеулердің міндеттері мыналар болып табылады:
1) қоршаған ортаның жай-күйін ғылыми бағалау мен болжау;
2) ғылыми негізделген экологиялық нормативтерді, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ұлттық стандарттарды әзірлеу;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу мен басқаруды қамтамасыз ету үшін ғылыми ұсынымдарды әзірлеу;
4) экологиялық тиімді ресурс үнемдейтін технологияларды ғылыми негіздеу, әзірлеу және ендіру;
5) климатқа әсер етуді бәсеңдету және климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша шаралар әзірлеудің ғылыми негізін қамтамасыз ету.
196-бап. Экологиялық ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттары
1. Қоршаған ортаны қорғау саласында ғылыми қамтамасыз ету міндеттерін шешу үшін ғылыми зерттеулердің мынадай түрлері жүзеге асырылуы мүмкін:
1) аумақтарды әлеуметтік-экономикалық орнықты дамытудың кешенді республикалық, өңірлік, жергілікті ғылыми негіздемелерін әзірлеу;
2) экожүйелердің антропогендік әсер етуге төзімділігін зерттеу және экологиялық тәуекелдерді айқындаудың ғылыми негіздерін әзірлеу;
3) биоәртүрліліктің жай-күйін зерттеу, оны сақтау және жағымсыз әсер етуден қорғау әдіснамасын, биоәртүрлілікке келтірілген зиянды бағалау әдістерін әзірлеу;
4) қоршаған ортаға антропогендік жүктемелер деңгейін және экожүйелер мен ландшафтардың бұзылу дәрежесін бағалау;
5) экожүйелер мен ландшафтарға антропогендік әсер ету шегінің аймақтық деңгейлерін айқындау;
6) қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми негізделген нормативтік құжаттарды әзірлеу;
7) қоршаған орта факторларының халық денсаулығына ықпалын анықтау;
8) республика аумағын экологиялық шиеленіс дәрежесі бойынша аудандастыру және саралау;
9) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеуге байланысты зерттеулер;
10) қоршаған ортаға эмиссияларды тазарту жөніндегі және ремедиация жөніндегі әдістер мен технологияларды әзірлеуге байланысты зерттеулер;
11) шикізатты кешенді пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу мен кәдеге жарату жөніндегі зерттеулер;
12) экологиялық тиімді және ресурс үнемдейтін жаңа технологияларды іздеу, ғылыми-техникалық негіздеу және ендіру жөніндегі зерттеулер;
13) материалдарды әзірлеу, қоршаған ортаның жай-күйін бағалауды ғылыми қолдап отыру және оның антропогендік және табиғи факторлардың ықпалынан өзгерістерін болжау;
14) антропогендік немесе табиғи факторлардың қоршаған ортаға әсер етуінің жағымсыз салдарларын болғызбау немесе бәсеңдету әдістерін ғылыми негіздеу;
15) көпжылдық байқау және жедел бақылау негізінде экожүйелер мен объектілер жай-күйінің сандық және сапалық көрсеткіштеріне экологиялық мониторинг нәтижелерін жүйелі зерделеу мен жинақтап-қорыту;
16) қоршаған орта жай-күйінің мониторингін ғылыми қамтамасыз ету;
17) қоршаған ортаға эмиссияларға, табиғи ресурстарды пайдалануға арналған лимиттерді (квоталарды) әзірлеу және ғылыми негіздеу;
18) климаттың өзгеруінің Қазақстан Республикасының экономикасы мен табиғи ресурстарына әсер етуін бағалауды, климаттың өзгеруінің әсер етуін бәсеңдетуді және климаттың өзгеруіне бейімделуді қоса алғанда, климаттың өзгеруін кешенді зерттеу;
19) озон қабатының жай-күйін, оның бұзылу және қалпына келу процестерін зерттеу, адам қызметінің озон қабатының жай-күйіне ықпалын болғызбау жөніндегі шараларды әзірлеу;
20) қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін қызметті экономикалық реттеу тетіктерінің проблемаларын зерттеу, экономикалық тиімділікті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларға арналған шығындарды бағалау әдістерін әзірлеу және осы іс-шараларды ғылыми қолдап отыру;
21) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының экологиялық индикаторларын әзірлеуге және ғылыми негіздеуге қатысу;
22) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы халықаралық шарттар бойынша Қазақстан Республикасының міндеттемелерін орындауға байланысты ғылыми зерттеулер жүргізу;
23) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастық;
24) биоәртүрліліктің жоғалуына өтемақы жөніндегі шараларды ғылыми негіздеу;
25) экожүйелік қызметтер мен биоәртүрлілікті экономикалық бағалау жөніндегі зерттеулер.
2. Іргелі және қолданбалы ғылыми экологиялық зерттеулерді қаржыландыру бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған басқа да қаржыландыру көздері есебінен жүзеге асырылады.
197-бап. Экологиялық ғылыми зерттеулер жүргізуге қойылатын талаптар
1. Ғылыми экологиялық зерттеулерді ғылыми ұйымдар осы Кодекске және Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасына сәйкес жүргізеді.