218-бап. Жол берілетін төгінділердің нормативтерін сақтау мониторингі
1. Жол берілетін төгінділердің нормативтерін сақтаудың және олардың су объектісі суының сапасына ықпалының мониторингі осы Кодекске сай экологиялық рұқсатта белгіленген шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жерүсті су объектісі суы сапасының экологиялық нормативтерін сақтау мониторингі бақылау тұстамасында жүзеге асырылады.
Шаруашылық-ауызсумен жабдықтаудың және балық шаруашылығы маңызының мақсатында пайдаланылатын жерүсті су объектілеріндегі бақылау тұстамасы сарқынды суларды төгу нүктесінен (сарқынды суларды ағызу нүктесінен, пайдалы қазбаларды өндіру, су объектісінде жұмыстар жүргізу орнынан) бес жүз метрден аспайтын қашықтықта орнатылады.
3. Бақылау тұстамасы шегінде су сапасының экологиялық нормативтерін сақтау мониторингі жүзеге асырылатын нүктелердің орналасқан жері мен санын айқындау негіздемесі экологиялық рұқсатта ұсынылуға тиіс.
4. Бақыланатын қоспалардың фондық концентрациясы кезеңдік (біржолғы) өскен жағдайда, фонның осы өзгеруінен туындаған жол берілетін төгінді нормативінің асып кетуі жол берілетін төгінді нормативтерінің бұзылуы болып табылмайды.
219-бап. Су объектілерін қорғау жөніндегі экологиялық талаптар туралы жалпы ережелер
1. Су объектілеріне зиянды антропогендік әсер етудің алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының экология заңнамасында қызметті жүзеге асыру кезінде сақталуы міндетті жерүсті және жерасты суларын қорғау жөніндегі экологиялық талаптар белгіленеді.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдары жекелеген әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумақтарында су сапасының белгіленген экологиялық нормативтері сақталмаған жағдайларда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша өздерінің нормативтік құқықтық актілерінде мұндай аумақтарда су объектілерін қорғау саласындағы қосымша экологиялық талаптарды енгізуді көздеуге құқылы.
220-бап. Су пайдалануға қойылатын жалпы экологиялық талаптар
1. Су объектілерінде ортақ су пайдалану Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Жеке және заңды тұлғалар ортақ су пайдалануды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының экология заңнамасында белгіленген экологиялық талаптарды, Қазақстан Республикасы су заңнамасының талаптарын, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдары белгілеген ортақ су пайдалану қағидаларын сақтауға міндетті.
3. Арнайы су пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес берілетін арнайы су пайдалануға арналған рұқсат негізінде беріледі.
4. I санаттағы объектіні пайдалануға технологиялық тұрғыдан тікелей байланысты арнайы су пайдалану құқығы осы Кодекске сәйкес берілетін кешенді экологиялық рұқсат негізінде беріледі және арнайы су пайдалануға жеке рұқсат алуды талап етпейді.
5. Қызметі су объектілерінің ластануын, қоқыстануын және сарқылуын туындататын немесе туындатуы мүмкін жеке және заңды тұлғалар осындай зардаптарды болғызбау жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
6. Су қорғау аймақтары мен су объектілері белдеулерін, сулар мен ауызсумен жабдықтау көздерін санитариялық қорғау аймақтарын белгілеу жөніндегі талаптар Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленеді.
7. Су объектілерін ластанудан қорғау мақсатында:
1) су объектілерінің су жинау алаңында улы химикаттарды, тыңайтқыштарды қолдануға;
2) қалдықтарды су объектілеріне түсіруге және көмуге;
3) жол берілетін төгінділер нормативтерінде белгіленген көрсеткіштерге дейін тазартылмаған сарқынды суларды су объектілеріне бұруға;
4) су объектілерінде радиоактивті және уытты заттар бөлінумен қоса жүретін ядролық және өзге де технологиялар түрлері пайдаланылатын жару жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады.
221-бап. Суды тарту және (немесе) пайдалану жөніндегі экологиялық талаптар
1. Арнайы су пайдалану тәртібімен жерүсті және жерасты суларын тарту және (немесе) пайдалану арнайы су пайдалануға рұқсаттың немесе кешенді экологиялық рұқсаттың шарттарына сәйкес, сондай-ақ осы Кодексте көзделген экологиялық талаптар сақталған кезде жүзеге асырылуға тиіс.
2. Арнайы су пайдалануға рұқсаттың немесе кешенді экологиялық рұқсаттың шарттарында көзделмеген мақсатта немесе осы шарттарды бұза отырып, жерасты суларын тартуға және (немесе) пайдалануға тыйым салынады.
3. Жерасты суларын мемлекеттік есепке алуды, олардың пайдаланылуын бақылауды және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында арнайы су пайдалану тәртібімен жерасты суларын тарту және (немесе) пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын су пайдаланушылар Қазақстан Республикасы су заңнамасының талаптарына сәйкес:
1) жерасты су объектілерінен тартылатын және оларға төгілетін суларды бастапқы есепке алуды жүргізуге;
2) су тарту және су ағызу құрылысжайларын жерасты суларының жұмсалуын өлшеу құралдарымен жабдықтауға және өздігінен ағатын гидрогеологиялық ұңғымаларда реттеуші құрылғылар орнатуға;
3) бекітілген жобада (технологиялық схемада) көзделген кезеңділікке және өзге де талаптарға сәйкес жерасты суларын тартуға бақылау, ұңғымалардың жұмысына жедел бақылау және технологиялық режимнің орындалуына бақылау жасауға;
4) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган бекітетін статистикалық әдіснамаға сәйкес жерасты суларын пайдалану туралы бастапқы статистикалық деректерді ұсынуға міндетті.
222-бап. Сарқынды суларды төгу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Сарқынды суларды табиғи жерүсті және жерасты су объектілеріне төгуге тиісті экологиялық рұқсат болған кезде ғана жол беріледі.
2. Сарқынды суларды жинақтағыштарды және (немесе) сарқынды суларды табиғи биологиялық тазартуға арналған жасанды су объектілерін пайдаланатын тұлғалар олардың қоршаған ортаға әсер етуін болғызбау бойынша қажетті шаралар қабылдауға, сондай-ақ оларды пайдалану тоқтатылғаннан кейін жерлерді рекультивациялауды жүзеге асыруға міндетті.
3. Түзілетін сарқынды суларды кәдеге жаратудың басқа да тәсілдері немесе технологиялық процесте сарқынды сулардың түзілуін болғызбау мүмкін болмаған кезде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының рұқсаты бойынша жаңа жинақтағыш-буландырғыштарды жасауға (қолданыстағыларын кеңейтуге) жол беріледі, ол қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізу кезінде негізделуге тиіс.
4. Жобаланатын (пайдалануға жаңадан берілетін) сарқынды суларды жинақтағыш-буландырғыштар ластағыш заттардың жер қойнауына және жерасты суларына енуін болғызбайтын сүзуге қарсы экранмен жабдықталуға тиіс. Жинақтағыштарда орналастырғанға дейін сарқынды суларды алдын ала тазарту жөніндегі технологиялық және техникалық шешімдерді айқындау және негіздеу қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізу кезінде жүзеге асырылады.
5. І және (немесе) ІІ санаттағы объектілердің операторлары экологиялық рұқсатта белгіленген төгінді үшін экологиялық нормативтердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
6. Жерүсті су объектілеріне төгілетін сарқынды сулардың температурасы Цельсий бойынша 30 градустан аспауға тиіс.
7. Төгілетін сарқынды суларда бетон мен металды бүлдіріп-бұзатын заттар болмауға тиіс.
8. Тазартылу дәрежесіне қарамастан, сарқынды суларды орталықтандырылған ауызсумен жабдықтау көздерін, курорттарды санитариялық қорғау аймақтарында, шомылуға бөлінген жерлерде жерүсті су объектілеріне төгуге жол берілмейді.
9. Сарқынды суларды төгуді жүзеге асыратын немесе тұйықталған сумен жабдықтау циклі бар I және (немесе) II санаттағы объектілердің операторлары Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес су көлемін есепке алу аспаптарын пайдалануға және су тұтыну мен су бұруды есепке алу журналдарын жүргізуге тиіс.
I және (немесе) II санаттағы объектілердің операторлары су ресурстарын ұтымды пайдалану мақсатында суды қайтадан пайдалану, айналмалы сумен жабдықтау жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге және жүзеге асыруға міндетті.
10. Тау-кен металлургия кәсіпорындарының шахта және карьер суларының жинақтағыш тоғандарға және (немесе) буландырғыш тоғандарға, сондай-ақ сумен салқындату үшін пайдаланылатын сулардың тұйықталған (айналмалы) сумен жабдықтау жүйесінде орналасқан жинақтағыштарға төгілуін қоспағанда, алдын ала тазартпай сарқынды суларды төгуге тыйым салынады.
11. Су пайдаланушылар сарқынды суларды төгу кезінде:
1) Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген меншікті немесе өзге зертханаларда төгілетін сулардың химиялық құрамын айқындауды қамтамасыз етуге;
2) қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға ластағыш заттардың авариялық төгілуі туралы, сондай-ақ жерүсті және жерасты суларын алудың белгіленген режимінің және сарқынды суларды төгу (айдау) объектісінің бұзушылықтары туралы шұғыл ақпарат беруге міндетті.
12. Жерүсті су объектілеріне қалдықтарды төгуге тыйым салынады.
223-бап. Су қорғау аймақтарында қызметті жүзеге асыру жөніндегі экологиялық талаптар
1. Су қорғау аймағының шегінде:
1) су объектілерінің және олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерінің ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын құрылысжайлармен және құрылғылармен қамтамасыз етілмеген жаңа және реконструкцияланатын ғимараттарды, құрылысжайларды (селге қарсы, көшкінге қарсы және су тасқынына қарсы ғимараттар мен құрылысжайларды қоспағанда) және олардың кешендерін жобалауға, салуға және пайдалануға беруге;
2) мұнай өнімдерін сақтауға арналған қоймаларды, арнайы техникаға техникалық қызмет көрсету пункттерін, механикалық шеберханаларды, жуу орындарын, қалдықтарды орналастыру орындарын елді мекендердің шегінен тыс жерлерге орналастыруға және салуға, сондай-ақ судың сапасына жағымсыз әсер ететін басқа да объектілерді орналастыруға;
3) құрылыс, түбін тереңдету және жару жұмыстарын жүргізуге (селге қарсы, көшкінге қарсы және су тасқынына қарсы жұмыстарды қоспағанда), пайдалы қазбаларды өндіруге, кәбілдер, құбыржолдар және басқа да коммуникациялар тартуға, бұрғылау, ауыл шаруашылығы жұмыстарын және өзге де жұмыстарды жүргізуге, осы жұмыстар қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілген жағдайларды қоспағанда, тыйым салынады.
2. Елді мекендер шегінде су қорғау аймағының шекаралары оларды жағалау аймағын су объектісінің қоқыстануы мен ластануын болғызбайтындай етіп, міндетті түрде инженерлік немесе орман-мелиорациялық жайластыра (парапеттер, бөгеттеу, орман-бұталы белдеулер) отырып жоспарлау мен салудың нақты жағдайлары негізге алына отырып белгіленеді.
224-бап. Жерасты суларын қорғау жөніндегі экологиялық талаптар
1. Тәулігіне екі мың текше метрден асатын көлемде жерасты суларын тартуды және пайдалануды жүзеге асыруға негіз болатын жобаға (технологиялық схемаға) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.
2. Жерасты суларының көздері мен учаскелерін іздеуді және бағалауды жүргізетін жер қойнауын пайдаланушылар, сондай-ақ жерасты суларын тартуды және (немесе) пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушылар:
1) жерасты су объектілерінің ластану ықтималдығын болғызбауды;
2) егер бұл жобада (технологиялық схемада) көзделмесе, әртүрлі су тұтқыш белдеулер суының араласу және бір белдеуден басқасына ағып кету ықтималдығын болғызбауды;
3) жерасты суларының бақылаусыз реттелмей ағу ықтималдығын болғызбауды, ал авариялық жағдайларда су ысырабын жою жөніндегі шараларды шұғыл қабылдауды;
4) қызметі аяқталғаннан кейін жер қойнауын пайдалану, жерасты суларын тарту және (немесе) пайдалану процесінде бүлінген жер учаскелеріне рекультивациялау жүргізуді қамтамасыз етуге міндетті.
3. Жерасты суларына әсер ету бөлігінде белгіленіп отырған қызметтің қоршаған ортаға әсер етуіне бағалау жүргізу кезінде осыған байланысты жерүсті су объектілеріне және табиғи ортаның өзге де құрамдастарына жанама әсер ету тәуекелдері, оның ішінде жердің су басуы, су жайылуы, шөлейттенуі, батпақтануы, көшкіндердің пайда болуы, топырақтың шөгуі және өзге де осыған ұқсас салдарлар түріндегі тәуекелдер де ескеріледі, сондай-ақ осындай жанама әсер етуді болғызбау бойынша қажетті шаралар айқындалады.
4. Жерасты суларын тартуды және (немесе) пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушылар ұңғымаларды пайдаланудағы кемшіліктер себебінен судың қайтарымсыз ысырабын және оның сапалық қасиеттерінің нашарлауын болғызбауға міндетті.
5. Реттеуші құрылғылармен жабдықтау, гидрогеологиялық ұңғымаларды консервациялау және жою жөніндегі талаптар Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленеді.
6. Қазақстан Республикасының Су кодексінде және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, ауызсумен және (немесе) шаруашылық-ауызсумен жабдықтауға байланысты емес мұқтаждықтар үшін ауызсу сапасындағы жерасты суларын пайдалануға жол берілмейді.
7. Ауызсумен және шаруашылық-ауызсумен жабдықтау үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жерасты су объектілерінің су жинау алаңдарында қалдықтарды көмуге, зираттарды, мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды) және жерасты суларының жай-күйіне жағымсыз әсер ететін басқа да объектілерді орналастыруға жол берілмейді.
8. Жерасты суларына арналған су тарту құрылысжайларын Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес суды реттейтін құрылғылармен, су өлшеу аспаптарымен жабдықтамай, сондай-ақ санитариялық қорғау аймақтарын белгілемей және жерасты су объектілері жай-күйінің көрсеткіштерін байқау пункттерін құрмай пайдалануға беруге тыйым салынады.
9. Жерлерді сарқынды сулармен суаруға, егер бұл жерасты су объектілерінің жай-күйіне зиянды әсер ететін болса немесе әсер етуі мүмкін болса, тыйым салынады.
10. Су пайдаланушылар тәулігіне екі мың текше метрден асатын көлемде жерасты суларын тартуды және (немесе) пайдалануды жүзеге асыру кезінде жерасты суларының көздерін игерудің жаңа тәсілдері мен технологиялық схемаларын іздестіру және бұрыннан барларын жетілдіру бойынша ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық жұмыстарды өз есебінен жүргізуге, технологиялық жабдықты, үздіксіз және кезеңдік бақылау құралдарын жаңғыртуға, жерасты суларын сарқылудан және ластанудан қорғауды, жер қойнауы мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.
11. Шаруашылық-ауызсумен жабдықтау үшін пайдаланылатын, сондай-ақ суы табиғи емдік қасиеттерге ие жерасты су объектілерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес санитариялық қорғау аймақтары белгіленеді.
12. Сіңіргіш ұңғымаларға пайдаланылған суларды айдау жүргізілетін ауданда су пайдаланушының есебінен өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасына сәйкес жақын жердегі ұңғымалардағы, бұлақтардағы, құдықтардағы судың сапасына жүйелі зертханалық байқау жасау ұйымдастырылуға тиіс.
225-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жерасты су объектілерін қорғау жөніндегі экологиялық талаптар
1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу бойынша белгіленіп отырған қызметтің қоршаған ортаға әсер етуіне бағалау жүргізу кезінде жерасты су объектілеріне әсер етуді бағалау міндетті түрде жүргізіледі және жерасты суларын қорғау жөніндегі қажетті шаралар айқындалады. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жерасты су объектілерін қорғау жөніндегі шаралар жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған тиісті жобалық құжаттың құрамында жобаланады.
2. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде ашылатын жерасты су объектілері олардың ластануын болғызбайтын сенімді оқшаулаумен қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Егер жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде ауызсумен және (немесе) шаруашылық-ауызсумен жабдықтау көзі ретінде пайдаланылуы мүмкін жерасты су объектісін ашу болжанса, бұрғылау және цемент ерітінділерін дайындау (өңдеу) үшін қолданылатын химиялық реагенттердің токсикологиялық сипаттамалары экологиялық рұқсат беру кезінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісілуге тиіс.
4. Егер жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жерасты су объектісін жобаланбаған ашу жүргізілсе, жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленген тәртіппен жерасты су объектілерін қорғау жөніндегі шараларды дереу қабылдауға және қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдарға, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға бұл туралы хабарлауға міндетті.
226-бап. Қазақстан Республикасының сақтық аймағында қызметті жүзеге асыру кезіндегі экологиялық талаптар
1. Қазақстан Республикасының сақтық аймағы - теңіздің жағалау сызығынан құрлыққа қарай бес километрге созылып жатқан, теңізге және ішкі су айдындарында мұнайдың төгілуі салдарынан ластануы немесе теңіздің ластану көзі болуы мүмкін құрлық аймағы.
2. Қазақстан Республикасының сақтық аймағы шегінде қалдықтарды көму полигондарын салуға тыйым салынады.
227-бап. Авариялар кезінде су объектілерін қорғау жөніндегі экологиялық талаптар
1. Ауызсымен, шаруашылық-ауызсумен жабдықтау немесе мәдени-тұрмыстық су пайдалану мақсатында пайдаланылатын су объектілері суының сапасы ластағыш заттардың авариялық төгілуінен туындаған және адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қатер төнетін нашарлап кеткен кезде Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес халықты қорғау бойынша шұғыл шаралар қабылданады.
2. І және ІІ санаттағы объектілерде авариялық жағдай туындап, соның салдарынан су сапасының белгіленген экологиялық нормативтерінің бұзылуы орын алған немесе орын алуы мүмкін болған кезде объектінің операторы кейінге қалдырмай, бірақ кез келген жағдайда авариялық жағдай анықталған кезден бастап екі сағаттан аспайтын мерзімде бұл туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға хабарлауға және тиісті көздерді немесе тұтас объектіні пайдалануды ішінара немесе толық тоқтатуға дейін судың ластануын болғызбау бойынша, сондай-ақ осындай авариялық жағдайдан туындаған қоршаған ортаға жағымсыз салдарларды жою бойынша барлық қажетті шараны қабылдауға міндетті.
16-БӨЛІМ. ЖЕРДІ ҚОРҒАУ
228-бап. Жерді қорғау туралы жалпы ережелер
1. Жер - қоғамның материалдық, мәдени және басқа да қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қызмет процесінде пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін, топырақ қабатын қоса алғандағы жер беті (аумақтық кеңістік).
2. Топырақ қабаты (топырақ) - биотикалық, абиотикалық және антропогендік факторлардың ұзақ әсер етуі нәтижесінде жер бетінде пайда болған, минералдық және органикалық қатты бөлшектерден, су мен ауадан тұратын және өсімдіктердің өсуі мен дамуы үшін тиісті жағдайлар жасайтын өзіндік ерекше генетикалық-морфологиялық белгілері, қасиеттері бар дербес табиғи-тарихи органикалық-минералдық табиғи дене.
3. Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес жер:
1) жер беті мен топырақтың антропогендік ластануынан;
2) жер бетінің қоқыстануынан;
3) топырақтың тозуы мен құнарсыздануынан;
4) жердің өзге түрде бүлінуі мен нашарлауынан (су және жел эрозиясы, шөлейттену, су басу, су жайылу, батпақтану, кейіннен сортаңдану, құрғап кету, тығыздалу, табиғи ландшафтардың техногендік өзгеруі салдарынан) қорғалуға жатады.
4. Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес жер:
1) адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтіруді;
2) экологиялық жүйелердің орнықты жұмыс істеуінің бұзылуын;
3) ағаштардың қурауын және құрып кетуін;
4) биоәртүрліліктің қысқаруын;
5) экологиялық залал келтіруді болғызбау мақсатында қорғалуға жатады.
5. Топырақ сапасының мемлекет белгілеген экологиялық нормативтерінен асатын концентрацияларда ластағыш заттардың топырақта болуы топырақтың ластануы деп танылады.
Антропогендік және табиғи факторлар нәтижесінде топыраққа ластағыш заттардың түсуі, сондай-ақ топырақта болатын химиялық, физикалық және биологиялық процестер нәтижесінде онда ластағыш заттардың түзілуі топырақтың ластану көздері деп танылады.
6. Жер бетіне және топырақтың беткі қабатына ластағыш заттардың осындай жерді нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға кедергі келтіретін көлемде түсуі жер бетінің ластануы деп танылады.
7. Жерді ластанудың барлық түрінен, оның ішінде жер бетімен және топырақпен жанасатын физикалық ортадан (атмосфералық ауа мен су) ластағыш заттардың түсуі салдарынан ластанудан қорғау жүзеге асырылады.
8. Қатты қалдықтарды жерді нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға кедергі келтіретіндей немесе оның эстетикалық құндылығын нашарлататындай етіп жер бетіне бейберекет тастау жер бетінің қоқыстануы деп танылады.
9. Табиғи немесе антропогендік факторлардың әсер етуі нәтижесінде топырақтың құнарлылығын (топырақ сапасын) айқындайтын қасиеттері мен құрамының нашарлауы топырақтың тозуы деп түсініледі.
Топырақтың құнарлы қасиеттерінің толық жоғалуы топырақтың құнарсыздануы деп түсініледі.
229-бап. Топырақ сапасының экологиялық нормативтері
1. Топырақ сапасының экологиялық нормативтері химиялық көрсеткіштер үшін топырақтағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы түрінде белгіленеді.
2. Топырақтағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы деп осы Кодекске сәйкес ластағыш деп танылған химиялық заттың ең көп көлемі (массасы) түсініледі, одан асып кеткен кезде топырақ жер пайдаланудың бір немесе бірнеше түрі үшін жарамсыз болып, табиғи орта құрамдастарының тозуын туғызады немесе экологиялық жүйелердің орнықтылығы мен биоәртүрлілікті бұзады.
3. Топырақ сапасының нормативтері аумақтардың табиғи ерекшеліктері және Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес белгіленген жер санаттары ескеріле отырып әзірленеді және белгіленеді.
4. Заттың топырақта табиғи фондық қамтылуы - топырақтың табиғи (әдеттегі) құрамына сәйкес келетін заттың топырақта қамтылуы.
5. Егер топырақ сапасының белгіленген экологиялық нормативтері сақталған кезде табиғи экологиялық жүйенің тірі элементтері (өсімдіктер, жануарлар және басқа да организмдер) жай-күйінің кемінде бес жылдық кезең ішіндегі ғылыми зерттеулермен расталған нашарлау белгілері анықталса, онда мұндай аумақтар үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті өкілді органы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша өзінде топырақ сапасының индикаторлары ретінде пайдаланылатын биологиялық объектілердің неғұрлым осал тобының жай-күйі көрсеткіштерінің жағымсыз ауытқуы байқалмайтын топырақ сапасының неғұрлым қатаң аумақтық экологиялық нормативтерін белгілеуге міндетті.
230-бап. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді аймақтарға бөлу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді аймақтарға бөлу кезінде экологиялық қауіпсіздік және ауыл шаруашылығы алқаптарының сапалық жай-күйі қамтамасыз етілуге тиіс.
2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді аймақтарға бөлу экологиялық қолайсыздық дәрежесінің көрсеткіштеріне негізделеді, физикалық тозу және химиялық ластану осы қолайсыздықтың өлшемшарттары болып табылады.
3. Жердің химиялық ластану деңгейін айқындау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітетін топырақтағы химиялық заттардың шекті жол берілетін концентрациясы пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
4. Жерді неғұрлым құнды жерден құндылығы төменіне ауыстыру, консервациялау қажеттілігін айқындау, сондай-ақ экологиялық зілзала аймағына немесе төтенше экологиялық жағдай аймағына жатқызу мақсатында жерді бағалаудың экологиялық өлшемшарттарын (бұдан әрі - жерді бағалаудың экологиялық өлшемшарттары) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
231-бап. Елді мекендердің жерлерін аймақтарға бөлу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Елді мекендердің жерлерін аймақтарға бөлу жерді бағалаудың экологиялық өлшемшарттары негізінде жүзеге асырылады.
2. Елді мекендердің жерлерін басқа санаттардағы жерлерге ауыстыру кезінде осындай жерлерден атмосфералық ауаға және осындай аумақтардың суына ластағыш заттардың түсу мүмкіндігі және олардың адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына тікелей ықпалы ескеріледі.
3. Төтенше экологиялық жағдай аймағы үшін экологиялық ахуалдың одан әрі нашарлауына алып келмейтін ерекше пайдалану режимі белгіленеді.