«3-1) орталық атқарушы органдарға аумақты дамытудың өңіраралық схемаларын әзірлеуді тапсырады;
3-2) аумақты дамытудың өңіраралық схемаларын бекітеді;
3-3) аумақты дамытудың өңіраралық схемаларын әзірлеу және келісу қағидаларын бекітеді;»;
5) тармақшадағы «облыстардың аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын,» деген сөздер алып тасталсын;
7) 20-бапта:
мынадай мазмұндағы 1-3) және 1-4) тармақшалармен толықтырылсын:
«1-3) мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен объектілердің құрылысы саласындағы баға белгілеу және экономика бойынша ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру;
1-4) аумақты дамытудың өңірлік схемаларын әзірлеу және келісу;»;
6-1) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 6-2), 6-3), 6-4), 6-5), 6-6) және 6-7) тармақшалармен толықтырылсын:
«6-2) құрылыстағы баға белгілеу мен сметалық нормалар бойынша нормативтік құжаттарды әзірлеу және бекіту;
6-3) мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен объектілер құрылысының құнын айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту;
6-4) мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілердің құрылысына жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының Бірыңғай мемлекеттік электрондық банкін қалыптастыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;
6-5) мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілердің құрылысына жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының Бірыңғай мемлекеттік электрондық банкін қалыптастыру;
6-6) Құрылыстағы жаңа технологиялардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін қалыптастыру, жүргізу және жүйелі түрде жаңартып отыру;
6-7) ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;»;
8) тармақшадағы «сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган» деген сөздер «Қазақстан Республикасының Үкіметі» деген сөздермен ауыстырылсын;
11-2) және 11-3) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«11-2) сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және кешендi ведомстводан тыс сараптамаға және қала құрылысы сараптамасына қатысу үшiн мамандарды (мамандандырылған институттар мен ұйымдарды) тарту қағидаларын әзiрлеу және бекiту;
11-3) қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негiздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын ресiмдеу қағидаларын әзiрлеу және бекiту;»;
мынадай мазмұндағы 11-8) және 11-9) тармақшалармен толықтырылсын:
«11-8) барлық деңгейдегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту;
11-9) объектілер құрылысы жобаларына кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізуге үміткер заңды тұлғаларды аккредиттеу;»;
20), 23-1), 23-4) және 23-10) тармақшалар алып тасталсын;
23-14) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«23-14) құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларын бекiту;»;
мынадай мазмұндағы 23-18), 23-19), 23-20), 23-21), 23-22), 23-23), 23-24), 23-25), 23-26), 23-27) және 23-28) тармақшалармен толықтырылсын:
«23-18) объектілер құрылысының жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі аумақтардың қала құрылысын жоспарлау жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу жөніндегі жұмыстардың құнын айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту;
23-19) жобалау және құрылыс салу процесіне қатысушы инженер-техник жұмыскерлерді аттестаттау жөніндегі қағидаларды және рұқсат беру талаптарын әзірлеу және бекіту;
23-20) жобалау және құрылыс салу процесіне қатысушы инженер-техник жұмыскерлерді аттестаттау бойынша мемлекеттік емес аттестаттау орталықтарын аккредиттеу жөніндегі қағидаларды және рұқсат беру талаптарын әзірлеу және бекіту;
23-21) бірінші және екінші жауапкершілік деңгейіндегі техникалық және технологиялық күрделі объектілердегі ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау бойынша техникалық қадағалау және сараптама жұмыстары жөніндегі инжинирингтік қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын ұйымдарды аккредиттеу жөніндегі қағидаларды және рұқсат беру талаптарын әзірлеу және бекіту;
5-тармақтың 7) тармақшасының жиырма сегізінші, жиырма тоғызыншы абзацтары ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді
23-22) жобалау және құрылыс салу процесіне қатысушы инженер-техник жұмыскерлерді аттестаттау жөніндегі мемлекеттік емес аттестаттау орталықтарын аккредиттеу;
23-23) бірінші және екінші жауапкершілік деңгейіндегі объектілер бойынша техникалық қадағалауды және техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыратын заңды тұлғаларды аккредиттеу;
23-24) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу жөніндегі қағидаларды әзірлеу және бекіту;
5-тармақтың 7) тармақшасының отыз бірінші, отыз екінші, отыз үшінші және отыз төртінші абзацтары ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді
23-25) жобалау және құрылыс салу процесіне қатысушы инженер-техник жұмыскерлерді аттестаттау жөніндегі аккредиттелген мемлекеттік емес аттестаттау орталықтарының тізілімін жүргізу;
23-26) жобалау және құрылыс салу процесіне қатысушы аттестатталған инженер-техник жұмыскерлердің тізілімін жүргізу;
23-27) бірінші және екінші жауапкершілік деңгейіндегі техникалық және технологиялық күрделі объектілердегі ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау бойынша техникалық қадағалау және сараптама жұмыстары жөніндегі инжинирингтік қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын аккредиттелген ұйымдардың тізілімін жүргізу;
23-28) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі аккредиттелген ұйымдардың тізілімін жүргізу;»;
8) 21-бапта:
1) тармақшадағы «аумақты дамытудың өңiраралық схемаларын,» деген сөздер алып тасталсын;
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«4) аумақтарды абаттандыру және инженерлiк жағынан қамтамасыз ету қағидаларын, сондай-ақ тұрғын үй қорын, өзге де тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды, инженерлiк коммуникацияларды сақтаудың және күтiп-ұстаудың қағидаларын бекiту;»;
9) 22-бапта:
1-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) қала әкімдігі ұсынатын қаланы абаттандыру және инженерлiк қамтамасыз ету қағидаларын бекiту;»;
1-1-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) қала мен қала маңы аймағын абаттандыру және инженерлiк жағынан қамтамасыз етудiң, сондай-ақ тұрғын үй қорын, өзге де тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды, инженерлiк коммуникацияларды күтiп-ұстаудың қағидаларын бекiту кiредi.»;
2-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) қала мен қала маңы аймағын абаттандыру және инженерлiк жағынан қамтамасыз етудiң, сондай-ақ тұрғын үй қорын, өзге де тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды, инженерлiк коммуникацияларды күтiп-ұстаудың қағидаларын бекiту кiредi.»;
3-тармақ алып тасталсын;
10) 24-бапта:
1-тармақта:
2-1) тармақшадағы «облыс аумағының қала құрылысын дамытудың кешендi схемаларының жобаларын (облыстың аудандық жоспарлау жобаларын), сондай-ақ» деген сөздер алып тасталсын;
2-2) тармақшадағы «ведомстволық бағынысты, халқының есептiк саны жүз мың тұрғынға дейiнгi облыстық маңызы бар қалалардың және аудандардың аумақтарында қала құрылысын дамытудың кешенді схемаларын» деген сөздер «ведомстволық бағынысты әкімшілік-аумақтық бірлік аумақтарында қала құрылысын дамытудың кешенді схемаларын (аудандық жоспарлау жобаларын)» деген сөздермен ауыстырылсын;
2-3) тармақша алып тасталсын;
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«3) аумақтарды абаттандыру және инженерлiк жағынан қамтамасыз етудiң қағидаларын, сондай-ақ тұрғын үй қорын, өзге де тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды, инженерлiк коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн сақтау мен күтiп-ұстау қағидаларын облыстық мәслихаттың бекiтуiне ұсыну;»;
17) тармақшадағы «Қазақстан Республикасының Үкiметi» деген сөздер «сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган» деген сөздермен ауыстырылсын;
17-8) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 17-9) және 17-10) тармақшалармен толықтырылсын:
«17-9) жергілікті бюджет, сондай-ақ жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаны қаржыландыруға бөлінген республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын объектілердің және кешендердің құрылысының жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамаларын қарау және бекіту;
5-тармақтың 10) тармақшасының он екінші абзацы ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді
17-10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу;»;
2-тармақ алып тасталсын;
11) 25-бапта:
1-тармақта:
6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«6) ведомстволық бағынысты аумақтарды абаттандыру және инженерлiк жағынан қамтамасыз етудiң қалалық қағидаларын қалалық мәслихаттың бекiтуiне ұсыну;»;
18) тармақшадағы «Қазақстан Республикасының Үкiметi» деген сөздер «сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган» деген сөздермен ауыстырылсын;
18-8) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 18-9) және 18-10) тармақшалармен толықтырылсын:
«18-9) жергілікті бюджет, сондай-ақ жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаны қаржыландыруға бөлінген республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын объектілердің және кешендердің құрылысының жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамаларын қарау және бекіту;
5-тармақтың 11) тармақшасының тоғызыншы абзацы ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді
18-10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу;»;
1-1-тармақтың 1), 2) және 2-1) тармақшалары алып тасталсын;
2 және 3-тармақтарда:
3) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«3) қала құрылысы құжаттамасын, сондай-ақ қала аумағын абаттандыру және инженерлiк жағынан қамтамасыз ету қағидаларын осы Заңның 22-бабына сәйкес тиiстi мәслихаттарға бекiтуге ұсыну;»;
11) тармақшалардағы «Қазақстан Республикасының Үкiметi» деген сөздер «сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган» деген сөздермен ауыстырылсын;
12) 26-бапта:
13) тармақшадағы «бекiту және» деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 13-1) тармақшамен толықтырылсын:
«13-1) жергілікті бюджет, сондай-ақ жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаны қаржыландыруға бөлінген республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын объектілердің және кешендердің құрылысының жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамаларын қарау және бекіту;»;
14) тармақшадағы «Қазақстан Республикасының Үкiметi» деген сөздер «сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган» деген сөздермен ауыстырылсын;
13) мынадай мазмұндағы 27-4-баппен толықтырылсын:
«27-4-бап. Инженерлік ізденістер мен жобалау құжаттамаларының нәтижелеріне қойылатын талаптар
1. Инженерлік ізденістер нәтижелері дұрыс болуға және құрылыс объектісі параметрлерінің жобалық мәндерін және басқа жобалық сипаттамаларын, сондай-ақ оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жобаланған іс-шараларды белгілеу үшін қажетті көлемде орындалуға тиіс.
Инженерлік ізденістер нәтижелерінің құрамындағы есептік деректер инженерлік ізденістерді орындаушы адаммен негізделуге және объектінің құрылысы мен оны пайдалану процесінде олардың мәнінің өзгеруі туралы болжамды қамтуы тиіс.
2. Объект параметрлері жобалық мәндерінің және басқа да сипаттарының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі, сондай-ақ оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жобаланған іс-шаралар осы Заңның және Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы өзге де нормативтік және нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына жасалған сілтемелермен негізделуге тиіс.
Талаптар болмаған жағдайда, ғимараттар мен құрылыстардың жобалық мәндерінің және сипаттамаларының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі, сондай-ақ оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жобалау іс-шаралары:
1) зерттеулер нәтижелері;
2) сертификатталған немесе сынамаланған өзге де әдістемелер тәсілдері бойынша орындалған есептер және (немесе) сынақтар;
3) қауіпті табиғи процестер мен құбылыстар және (немесе) техногендік әсерлердің туындауын, оның ішінде қауіпті табиғи процестер мен құбылыстардың және (немесе) техногендік әсерлердің қолайсыз ұштасуы кезінде сценарийлерді модельдеу;
4) қауіпті табиғи процестер мен құбылыстардың және (немесе) техногендік әсерлердің туындау тәуекелдерін бағалау секілді бір немесе бірнеше тәсілдермен негізделуге тиіс.
Негіздеген кезде инженерлік ізденістердің нәтижелері ескерілуі тиіс.»;
14) 28-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«28-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтiк құжаттардың мемлекеттiк жүйесi
1. Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн мемлекеттiк реттеу Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңнамасының, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтiк құжаттар жүйесiнiң қолданылуымен қамтамасыз етiледi.
2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтiк құжаттар жүйесi:
1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы субъектілердің қызметін ұйымдастыруға және өзара қарым-қатынастарын реттеуге қойылатын міндетті талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық актілерді:
мемлекеттiк қала құрылысы нормативтерi мен регламенттерiн;
объектiлердi (ғимараттарды, құрылыстарды, олардың кешендерiн, коммуникацияларды) жобалау және салу жөнiндегi техникалық регламенттердi;
мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау нормативтерiн;
құрылыстағы өзге де мемлекеттiк бақылау органдарының ведомстволық нормативтерiн;
құрылыста басшылыққа алынатын құжаттарды;
2) техникалық регламенттердің (ғимараттардың, құрылыстардың, олардың кешендерінің, коммуникациялардың) талаптарына сәйкес өнімдердің жекелеген түрлеріне және (немесе) олардың өмірлік цикл процестеріне қойылатын міндетті қауіпсіздік талаптарын белгілейтін нормативтік техникалық құжаттарды:
құрылыс нормалары;
құрылыс нормалары және қағидалары (сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын қолдану мерзімімен қосарлас кезеңге қолданылу кезеңіне);
технологиялық карталар;
құрылыстағы баға белгілеу жөніндегі нормативтік құжаттар;
3) ерікті түрде қолданылатын нормативтік-техникалық құжаттарды:
жобалау және құрылыс салу жөніндегі қағидалар жинағын;
нормативтік-техникалық оқу құралдары;
технологиялық жобалау нормалары;
сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, өнеркәсіп саласындағы құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкцияларын стандарттау бойынша нормативтiк құжаттарды;
техникалық регламенттердің және құрылыс нормаларының міндетті талаптарын дамытуға және қамтамасыз етуге тәжірибемен тексерілген ережелерді белгілейтін немесе міндетті нормалармен регламенттелмеген жекелеген дербес мәселелер бойынша оқу құралдары мен әдістемелік ұсыныстарды қамтиды.
3. Нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттарға сәйкес қолданысқа енгiзiлген:
1) мемлекетаралық құрылыс нормаларын;
2) құрылыстағы мемлекетаралық стандарттарды;
3) жобалау және құрылыс жөнiндегi қағидалардың мемлекетаралық жинағын қамтиды.
4. Мыналар:
1) қоныстандыру жүйелерi, елдi мекендер мен олардың бөлiктерi;
2) үйлердiң, ғимараттардың және өзге де құрылыстардың, сондай-ақ жекелеген үй-жайлардың сәулеттiк, технологиялық, инженерлiк және құрылыстық бөлiктерi;
3) үйлердiң, ғимараттардың және өзге де құрылыстардың инженерлiк және (немесе) технологиялық жабдықтары;
4) құрылыс материалдары, бұйымдары мен конструкциялары;
5) қала құрылысы, сәулет-құрылыс және өзге де жобалау-сметалық құжаттамасы мемлекеттiк нормалау объектiлерi болып табылады.
5. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтiк құжаттарды бекiткен мемлекеттiк басқару органдары нормативтiк талаптардың техникалық, экономикалық және әлеуметтiк жағынан негiздiлiгi мен олардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестiгi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен жауаптылықта болады.
6. Мемлекеттiк нормативтердi әзiрлеу, келiсу, бекiту, тiркеу және қолданысқа енгiзу (қолданылуын тоқтата тұру, күшiн жою) тәртiбiн, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, аталған мәселелер құзыретiне кiретiн басқа орталық атқарушы органдардың келiсiмі бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлейдi.»;
15) 29-баптың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«8) құрылыстағы баға белгiлеу жөнiндегi нормативтiк құжаттарға;»;
16) мынадай мазмұндағы 29-1-баппен толықтырылсын:
«29-1-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогі
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогы:
сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік техникалық құжаттар;
кәсіпорындардың, ғимараттар мен құрылыстардың үлгілік жобалары және үлгілік жобалық шешімдері;
құрылыс конструкциялары мен бұйымдары;
құрылыс материалдары;
жұмыс жүргізу технологиялары;
құрылыстағы баға белгілеу жөніндегі нормативтік құжаттар тізбесінің ақпараттық жүйесін білдіреді.
2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогін қалыптастыру және оны жүргізу тәртібін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.»;
17) 30-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«30-бап. Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидалары
1. Елдi мекендердiң аумақтарында жергiлiктi жерлердегі сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн реттейтiн құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидалары қолданылады.
2. Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидалары сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң жер учаскелерiн пайдалануы, елдi мекендер аумақтары мен қала маңындағы аймақтарды жобалауы және онда құрылыс салуы жөнiндегi шарттар мен талаптарды айқындайды, жаңа жылжымайтын мүлiк объектiлерiн орналастыруға және салуға, қазіргі барларын өзгертуге (қайта бейiндеуге, қайта жабдықтауға, қайта жоспарлауға, реконструкциялауға, кеңейтуге, күрделi жөндеуге), жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын, үй-жайлардың функционалдық мақсатын өзгертуге, жылжымайтын мүлiк объектiлерiн пайдалануға беруге рұқсат беру рәсiмдерiнен өту тәртiбiн белгiлейдi.
3. Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидалары немесе оларға енгiзiлген өзгерiстер қолданысқа енгiзiлгенге дейiн жобаларды келiсу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бұрын берiлген рұқсат беру құжаттарында көрсетiлген мерзiм iшiнде қолданылады.
Бұл ереже осының алдындағы қолданыстағы ережелерге жаңа талаптардың енгiзілуіне байланысты адамдардың денсаулығы мен өмiрiне қауiп төндiрудi жоймайтын жағдайларда қолданылмайды.»;
18) 31-баптың 2-тармағы 2) тармақшасындағы «азаматтық қорғау саласындағы уәкiлеттi органды» деген сөздер «өнеркәсiп қауiпсiздiгі саласындағы уәкiлеттi органды» деген сөздермен ауыстырылсын;
19) 31-1-бап мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
«4-1. Тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды заңсыз қайта жабдықтау және қайта жоспарлау анықталған кезде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органдары:
1) тапсырыс берушінің жол берілген бұзушылықтарды белгіленген мерзімдерде жоюы туралы;
2) құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды (нұсқама береді).»;
20) 32-бап мынадай мазмұндағы 2-1 және 2-2-тармақтармен толықтырылсын:
«2-1. Жобалау қызметіне және құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия алу үшін өтініш берген өтініш иелерінің және осы қызмет түрін жүзеге асыратын лицензиаттардың құрамында аттестатталған инженер-техник жұмыскерлер болуы тиіс.
Жобалау және құрылыс процесіне қатысушы аттестатталған инженер-техник жұмыскерлердің аталған қызмет түрлерін жүзеге асыратын басқа да ұйымдарда жұмысты қоса атқаруына жол берілмейді.
2-2. Өндірушілер не өзге де тұлғалар тиісті біліктіліктерін және (немесе) өкілеттіліктерін растайтын құжаттамаларға сәйкес технологиялық жабдықтарды монтаждау, іске қосу-жөндеу жұмыстарын «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы лицензиясыз жүзеге асырады.»;
5-тармақтың 21) тармақшасы ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді
21) мынадай мазмұндағы 32-1-баппен толықтырылсын:
«32-1-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы аккредиттеу
1. Аккредиттеуге:
жобалау және құрылыс процесіне қатысушы инженер-техник жұмыскерлерді аттестаттауды;
бірінші және екінші жауапкершілік деңгейіндегі техникалық және технологиялық жағынан күрделі объектілердегі ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау бойынша техникалық қадағалау және сараптама жұмыстары жөніндегі инжинирингтік қызметтер көрсетуді;
сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқаруды жүзеге асыратын заңды тұлғалар жатады.
2. Жобалау және құрылыс процесіне қатысушы инженер-техник жұмыскерлерді аттестаттау жөніндегі аккредиттелген аттестаттау орталықтары берілген аттестаттар туралы сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға ай сайын ақпарат ұсынады.»;
22) 33-баптың 7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Лауазымдық мiндеттерiне бақылауды жүзеге асыру кiретiн, сәулет, қала құрылысы, құрылыс істері және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметіне мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын уәкiлеттi органның басшысы, оның орынбасарлары мен штаттық жұмыскерлерi тиiсiнше - Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттiк құрылыс инспекторы, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттiк құрылыс инспекторының орынбасарлары және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құрылыс инспекторлары болып табылады.
Лауазымдық мiндеттерiне құрылыстарды жедел инспекциялау кіретін, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың өздеріне ведомстволық бағынысты аумақтардағы объектілер құрылысының барысына және сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын органдарының басшылары, олардың орынбасарлары мен штаттық жұмыскерлерi тиiсiнше, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бас мемлекеттiк құрылыс инспекторлары, бас мемлекеттiк құрылыс инспекторының орынбасарлары және мемлекеттiк құрылыс инспекторлары болып табылады.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарау және әкiмшiлiк жазалар қолдану құқығы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттiк құрылыс инспекторы мен оның орынбасарларына, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бас мемлекеттiк құрылыс инспекторларына берiледi.»;
5-тармақтың 23) тармақшасы ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді
23) 34-1-бап мынадай мазмұндағы 7, 8 және 9-тармақтармен толықтырылсын:
«7. Тиісті жауапкершілік деңгейіндегі техникалық қадағалауды орындау жөніндегі аттестатқа ие, құрамында кемінде үш сарапшысы бар аккредиттелген заңды тұлғалар бірінші және екінші жауапкершілік деңгейіндегі техникалық және технологиялық жағынан күрделі объектілерге техникалық қадағалауды жүргізуге тиіс.