3) кредиторлар жиналысының шешiмi негiзiнде жиналыс уәкiлеттiк берген тұлғаның өтiнiшi бойынша оңалту жоспарын орындау кезiнде, сондай-ақ осы Заң нормаларын бұзушылықтар анықталған;
4) өтеу кестесiн үш айдан астам мерзiм iшiнде орындамаған борышкерге қатысты кредитор өтiнiш берген;
5) оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобына жатпайтын кредитордың не талаптары жеделдетiлген оңалту рәсiмiн өткiзу кезеңiнде туындаған кредитордың өтiнiшi бойынша банкроттық туралы iс қозғалған;
6) құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған және (немесе) оңалту жоспарында ескерілмеген, оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобына кіретін кредитор өтiнiш берген жағдайларда тоқтатады.
2. Жеделдетілген оңалту рәсiмi тоқтатылған кезден бастап осы Заңның 36-бабында белгіленген шектеулер алып тасталады, кредиторлар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құқықтарын іске асыруды жүзеге асырады.
4-тарау. ОҢАЛТУ НЕМЕСЕ БАНКРОТТЫҚ ТУРАЛЫ IСТЕРДI СОТ ТӘРТIБIМЕН ҚАРАУ
38-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғау тәртiбi
2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Заңның 5-бабында көзделген негіздер болған кезде оңалту туралы іс бойынша іс жүргізу борышкердің немесе, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша кредиторды қоспағанда, кредитордың (кредиторлардың) өтініші негізінде сотта қозғалады.
Борышкердің банкроттық туралы істі қозғау туралы сот ұйғарымының көшірмесін алған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішті сотқа жіберуге де құқығы бар.
1-1. 2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2. Сотта банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу осы Заңның 5-бабында көзделген негіздер болған кезде - борышкердiң, кредитордың (кредиторлардың), осы Заңның 47-бабында көзделген жағдайларда - прокурордың, осы Заңның 82-бабында көзделген жағдайда - оңалтуды басқарушының өтiнiшi негiзiнде қозғалады.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Салықтарға және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерге қатысты мемлекеттік кіріс органы және өзге де уәкілетті мемлекеттік орган, сондай-ақ азаматтық-құқықтық және өзге де міндеттемелер бойынша кредитор - жеке және заңды тұлғалар борышкерді банкрот деп тану туралы кредитордың өтінішін сотқа беру құқығына ие болады.
4. Сот оңалту рәсiмiн қолдану туралы немесе борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiштi іс жүргiзуге қабылдау туралы ұйғарым шығарған кезден бастап оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс жүргiзу қозғалды деп есептеледі.
5. Борышкер, оңалтуды басқарушы берген банкрот деп тану туралы өтiнiш соттың тиiстi шешiмiнсiз қайтарып алынбайды. Осы Заңның 82-бабында көзделген негіздер бойынша өтiнiш берiлген жағдайларды қоспағанда, кредитордың (кредиторлардың), прокурордың өтiнiштерін олар борышкердi банкрот деп тану туралы шешiм қабылданғанға дейiн қайтарып алуы мүмкiн.
39-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы iске қатысушы тұлғалар
Мыналар:
1) борышкер;
2) кредиторлар;
3) кредиторлардың еңбекақы төлеу жөнiндегi өкiлi;
4) прокурор;
5) борышкер мүлкiнiң меншік иесi немесе ол уәкiлеттiк берген тұлға;
6) уәкiлеттi орган;
7) уақытша басқарушы;
8) оңалтуды басқарушы оңалту немесе банкроттық туралы iске қатысушы тұлғалар бола алады.
40-бап. Борышкердiң өтiнiшi
1. Борышкер оңалту рәсімін қолдану немесе өзiн банкрот деп тану туралы:
1) заңды тұлғаның құрылтайшылық құжаттарымен уәкiлеттiк берiлген органының;
2) борышкер мүлкiнің меншік иесiнiң немесе ол уәкiлеттiк берген органның шешiмi негiзiнде сотқа жүгiнуге құқылы.
2. Борышкер осы Заңның 11-бабы 2-тармағының 1) - 3) тармақшаларында белгіленген жағдайларда өзін банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге міндетті.
41-бап. Борышкер өтiнiшiнiң нысаны мен мазмұны
1. Борышкердiң өтiнiшi сотқа жазбаша нысанда берiледi. Оған борышкер - заңды тұлғаның басшысы не құрылтайшылық құжаттарына сәйкес оны ауыстыратын адам қол қояды.
2. Борышкердiң өтiнiшi:
1) өтiнiш берiлетiн соттың атауын;
2) кредиторлар талаптарын қанағаттандырудың мүмкiн еместiгiнiң негiздемесiн;
3) онда бар мүлiк, оның iшiнде кепiл ауыртпалығы салынған, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы) және (немесе) лизингідегі мүлiк, банктік шоттардағы ақша, шоттардың нөмiрлерi және банктердiң орналасқан жерi туралы мәлiметтердi, орналасқан жерлерi мен берешек сомалары көрсетiлген дебиторлар тiзбесiн;
4) орындалу мерзiмi басталмаған мiндеттемелерi туралы мәлiметтердi;
5) қызметiнiң табиғи монополия саласына қатысы туралы немесе осы борышкердiң тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектiсi болып табылатыны туралы ақпаратты;
6) қоса берiлетiн құжаттар тiзбесiн қамтуға тиiс.
Борышкердiң өтiнiшiнде, егер банкроттық немесе оңалту туралы iстi қарау үшін қажет болса, өзге де мәлiметтер, сондай-ақ өтiнiш берушiде бар өтінішхаттар көрсетiлуi мүмкiн.
Борышкер сотқа өтініш берумен бір мезгілде уәкiлеттi органға өтiнiштiң және оған қоса берiлетiн құжаттардың көшiрмелерiн жiберуге мiндеттi.
42-бап. Борышкердiң өтiнiшiне қоса берiлетiн құжаттар
1. Борышкердi банкрот деп тану туралы оның өтiнiшiне:
1) мемлекеттiк баждың белгiленген тәртiппен және мөлшерде төленгенiн;
2) берешегінiң бар екендігін, сондай-ақ борышкердiң кредиторлар талаптарын қанағаттандыруға қабiлетсiздiгiн;
3) борышкердiң өтiнiшi негiзделетiн өзге де мән-жайларды растайтын құжаттар қоса берiледi.
2. Борышкердi банкрот деп тану туралы оның өтiнiшiне сондай-ақ:
1) борышкердiң өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнуiне негiз болған, оның мүлкінің меншік иесінің, ол уәкілеттік берген органның немесе құрылтайшылардың (қатысушылардың), заңды тұлға органдарының шешiмi;
2) соңғы үш жылдағы және өтiнiш берген кезге қаржылық есептiлiк, көрсетiлген кезеңдегі борышкердiң барлық мiндеттемелерi бойынша салық есептiлiгі, тиiстi берешектiң сомалары мен құралған күнi көрсетіле отырып (еншілес ұйымдар болған жағдайда, шоғырландырылған қаржылық есептілік те қоса беріледі), барлық кредиторлар мен дебиторлардың тiзбесi (жеке сәйкестендiру нөмiрi немесе бизнес сәйкестендiру нөмiрi, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) және (немесе) толық атауы, заңды мекенжайы);
3) еңбекке ақы төлеу бойынша кредиторлардың банкроттық туралы iске қатысу үшiн олардың өкiлi жасырын дауыс беру арқылы сайланған жиналысының (конференциясының) хаттамасы;
4) құрылтайшылық құжаттарының көшiрмелерi;
5) егер борышкер табиғи монополия субъектiсi болып табылған жағдайда, табиғи монополиялар салаларында және реттелетiн нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органның борышкердiң өзiн банкрот деп тану туралы сотқа жүгiнуi туралы жазбаша хабарламасын алған кезден бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде ұсынатын қорытындысы;
6) егер борышкер тиiстi тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектiсi болып табылған жағдайда, монополияға қарсы органның борышкердiң өзiн банкрот деп тану туралы сотқа жүгiнуi туралы жазбаша хабарламасын алған кезден бастап он жұмыс күні iшiнде беретiн қорытындысы;
7) соттар iс жүргiзуге қабылдаған, борышкерге қатысты қуынымдар туралы, сондай-ақ даусыз (акцептiсiз) есептен шығаруға қойылған талаптар туралы мәлiметтер қоса берiледi.
3. Осы баптың 2-тармағының 1), 3) және 7) тармақшаларында көзделгендердi қоспағанда, оңалту рәсiмiн тоқтату және борышкердi банкрот деп тану туралы оңалтуды басқарушының өтiнiшi осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген мәлiметтер мен құжаттарды қамтуға тиiс.
4. Борышкердiң оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшiне:
1) мемлекеттiк баждың белгiленген тәртiппен және мөлшерде төленгенiн;
2) берешегінің бар екендігін, сондай-ақ борышкердiң кредиторлар талаптарын қанағаттандыруға қабiлетсiздiгiн не ақшалай мiндеттемелердi орындау мерзiмi таяу он екi айда басталған кезде оларды орындай алмайтын жағдайда болатын төлем қабiлетсiздiгі қаупiн;
3) борышкердiң өтiнiшi негiзделетiн өзге де мән-жайларды растайтын құжаттар қоса берiледi.
5. Борышкердiң оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшiне сондай-ақ:
1) борышкердiң оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнуiне негiз болған, борышкер мүлкiнiң меншiк иесiнiң (ол уәкiлеттiк берген органның), құрылтайшылардың (қатысушылардың), заңды тұлға органдарының шешiмi;
2) соңғы үш жылдағы қаржылық есептiлiк, тиiстi берешектiң сомалары мен құралған күнiн көрсете отырып, барлық кредиторлор мен дебиторлардың тiзбесi (жеке сәйкестендiру нөмiрi немесе бизнес сәйкестендiру нөмiрi, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) және (немесе) толық атауы, заңды мекенжайы), сондай-ақ өтiнiш берiлген кездегi активтер, мiндеттемелер мен меншiк капиталы туралы мәлiметтердi қамтитын қаржылық жағдайы туралы мәлiметтер (еншілес ұйымдар болған жағдайда, шоғырландырылған қаржылық есептілік те қоса беріледі);
3) соттар iс жүргiзуге қабылдаған, борышкерге қатысты қуынымдар туралы, сондай-ақ даусыз (акцептiсiз) есептен шығаруға қойылған талаптар туралы мәлiметтер;
4) құрылтайшылық құжаттарының көшiрмелерi қоса берiледi.
2015.13.11. № 399-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Осы Заңның 95-1-бабы 4-тармағында көзделген жағдайда борышкердiң оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшiне:
1) осы Заңның 95-1-бабында көзделген тәртіппен келісілген оңалту жоспары;
2) оңалту жоспарын келiсу туралы кредиторлар жиналысының хаттамасы;
3) оңалту жоспарының тиімділігі (тиімсіздігі) туралы банкроттықты басқарушының қорытындысы қоса берiледi.
43-бап. Борышкер өтiнiшiнiң қаралмай қайтарылуы
1. Борышкердiң оңалту рәсiмiн қолдану немесе банкрот деп тану туралы, осы Заңның 41 және 42-баптарында көзделген талаптарға сәйкес келмейтiн өтiнiшпен сотқа жүгiнуi өтiнiштiң қаралмай қайтарылуына негiз болып табылады.
2. Борышкер үшiн банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiну осы Заңға сәйкес мiндеттi болып табылған және қажеттi құжаттар өтiнiшке қоса берілмеген жағдайларда, мұндай өтiнiштi сот iс жүргiзуге қабылдайды, ал жеткiлiксiз құжаттарды сот талқылауына iстi дайындау тәртiбiмен сот сұратып алады.
44-бап. Кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшi
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Банкроттық немесе оңалту туралы iс азаматтық-құқықтық және өзге де мiндеттемелер бойынша кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшi негiзiнде қозғалуы мүмкiн.
2. Кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшiнде:
1) өтiнiш берiлiп отырған соттың атауы;
2) борышкер дара кәсiпкердiң тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), тұрғылықты жерi немесе борышкер заңды тұлғаның атауы, орналасқан жерi;
3) кредитор (кредиторлар) жеке тұлғаның тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), тұрғылықты жерi немесе кредитор (кредиторлар) заңды тұлғаның атауы, орналасқан жерi;
4) борышкердiң кредитор (кредиторлар) алдындағы оның талабы туындаған мiндеттемесi, бұл мiндеттеменiң орындалу мерзiмi;
5) осы кредитордың (кредиторлардың) борышкерге қойған талаптарының мәнi мен сомасы;
6) мiндеттеме бойынша берешектің және осы сомаға есептелген сыйақының (мүдденің), борышкерден өндiрiп алуға жататын тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсiмпұлдың) және залалдың сомасы;
7) кредитор (кредиторлар) талаптарының белгiленген құқықтық негiздерi (сот шешiмi, бұл талаптарды борышкердiң тануы, ал олар болмаған кезде - кредитор (кредиторлар) талаптарының негiздiлiгiн және олардың сомаларын растайтын дәлелдемелер);
8) борышкердегі мүлiк туралы кредиторға (кредиторларға) белгiлi мәлiметтер;
9) жоқ борышкерді банкрот деп тану туралы өтініш берілген кезде борышкердің жоқ екендігі туралы ақпарат;
10) қоса берілетiн құжаттар тiзбесi;
11) борышкерге талаптар қойып жүгінуінің дәлелі;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12) егер банкроттық немесе оңалту туралы iстi қарау үшiн қажет болса, өзге де мәлiметтер көрсетiлуге тиiс.
3. Кредитор (кредиторлар) сотқа өтініш берумен бір мезгілде өтiнiштiң және оған қоса берілетiн құжаттардың көшiрмелерiн борышкерге, уәкiлеттi органға жiберуге мiндеттi.
4. Кредитордың (кредиторлардың) осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген талаптарға сай келмейтiн, сондай-ақ қажеттi құжаттар қоса тiркелмей берiлген өтiнiшiн сот қарамастан қайтарады.
45-бап. Кредитордың өтінішіне қоса берілетін құжаттар
1. Кредитордың борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiшiне:
1) мемлекеттiк баждың белгiленген тәртiппен және мөлшерде төленгенiн;
2) кредитордың өтiнiшi мен оған қоса берілетін құжаттар көшiрмелерінiң борышкерге және уәкiлеттi органға жiберiлгенiн;
3) борышкердiң кредитор алдындағы мiндеттемелерiн, сондай-ақ осы мiндеттемелер бойынша берешектiң бар екендігін және сомасын;
4) кредитор талаптарының (атқару құжаттары, соттың шешiмi немесе кредитор талаптарын борышкердiң жазбаша түрде тануы) негізділігін;
5) жоқ борышкерді банкрот деп тану туралы өтініш берілген жағдайларда, борышкердің жоқ екендігін растайтын құжаттарды;
6) кредитордың өтiнiшi негiзделетін өзге де мән-жайларды растайтын құжаттар қоса беріледi.
2. Кредитордың салықтар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер жөніндегі өтінішіне, егер мынадай:
1) борышкерде активтердің болмауы;
2) борышкерде жарамсыз деп танылуға жататын мәмілелердің болмауы;
3) борышкердің осы Заңның 11-бабы 2-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көзделген талаптарды орындау міндетіне кіретін лауазымды адамдарында активтердің болмауы сияқты мән-жайлардың жиынтығы болса, банкроттық туралы іс қозғалуына және банкроттық рәсімінің өткізілуіне байланысты әкімшілік шығыстарды оның өтеуі туралы өтінішхат қоса беріледі.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Оңалту рәсімін қолдану туралы кредитордың (кредиторлардың) өтінішіне:
1) белгіленген тәртіппен және мөлшерде мемлекеттік баждың төленгенін;
2) борышкерге өтініш пен оған қоса берілген құжаттардың көшірмелерінің жіберілгенін;
3) борышкердің кредитор алдындағы міндеттемелерін, сондай-ақ осы міндеттемелер бойынша берешектің бар екендігін және сомасын;
4) 2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5) кредитор өтініші негізделетін өзге де мән-жайларды (болған кезде) растайтын құжаттар қоса беріледі.
46-бап. Бiр немесе бiрнеше кредитордың талаптарын бiрiктiру
1. Кредитор әртүрлi мiндеттемелер бойынша борышкерге қойылған бiрнеше талапты бiр өтiнiшке бiрiктiруге құқылы.
2. Кредиторлар борышкерге қойған өздерінің талаптарын бiрiктiруге және сотқа бiр өтiнiшпен жүгiнуге құқылы. Мұндай өтiнiшке өздерінің талаптарын бiрiктiрген кредиторлар қол қояды.
47-бап. Прокурордың өтінішi
1. Прокурор:
1) ол әдейі банкроттық белгiлерiн анықтағанда;
2) кредитор - Қазақстан Республикасының, мемлекеттік органдардың мүдделерінде борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе немесе құқықтық қатынастардың мәнінен туындамаса, прокурордың өтінішi сотқа осы Заңда кредитордың өтiнiшiне қатысты көзделген талаптар сақтала отырып берiледi.
48-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс жүргiзудi қозғау
1. Осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес келетiн, оңалту рәсiмiн қолдану немесе борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiштi ала отырып, сот өтiнiш келiп түскеннен кейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей, ал осы Заңның 53-бабының 1-тармағында көзделген жағдайда, банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей іс қозғау туралы ұйғарым шығарады.
Iс қозғау туралы ұйғарым мүлiкке құқықты тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк және өзге де органдардың осы Заңның 50-бабының 1-тармағында көзделген шектеулердi қолдану туралы мiндетiн қамтуға тиiс.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Соттың iс қозғау туралы ұйғарымының көшiрмелерiн сот борышкерге, өтiнiш берушiге, уәкiлеттi органға, мүлiкке құқықтарды тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк және өзге де органдарға, жеке сот орындаушыларының өңiрлiк палатасына және борышкердiң орналасқан жерi бойынша аумақтық әділет органына жiбередi.
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Сот iс қозғау туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында ұйғарымды шығару күніне олар туралы мәліметтер орналастырылған, хабарламалары әкімші қызметін жүзеге асыруға құқығы бар адамдардың хабарламаларының тізіліміне енгізілген тұлғалар қатарынан уақытша басқарушыны тағайындау туралы ұйғарым шығарады.
Уақытша басқарушының кандидатурасын таңдауды борышкер қызметінің негізгі бейіні бойынша басқарушының жұмыс тәжірибесін ескере отырып, сот жүзеге асырады.
4. Уақытша басқарушыны тағайындау туралы сот ұйғарымында:
1) уақытша басқарушының тағайындалған күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органға банкроттық туралы іс қозғау туралы хабарландыруды жіберуі және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін кредиторлардың талаптарды қазақ және орыс тілдерінде мәлімдеу тәртібі туралы;
2) уақытша басқарушының осы Заңның 90-бабында белгіленген тәртіппен кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыруы туралы нұсқау қамтылуға тиіс.
Егер банкроттық туралы іс кредитордың немесе прокурордың өтініші бойынша қозғалған жағдайда, уақытша басқарушыны тағайындау туралы сот ұйғарымында:
1) уақытша басқарушы тағайындалған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде оның борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинауды жүзеге асыруы және сотқа уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қорытынды ұсынуы туралы;
2) уақытша басқарушының уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинауды жүзеге асыру нәтижелері бойынша қорытындыны сотқа ұсыну күні туралы нұсқауды қамтуға тиіс.
5. Сот осы Заңның 12-бабының 10-тармағында көзделген негіздердің бірі басталғаны туралы сотқа белгілі болған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уақытша басқарушыны шеттетеді.
Сот осы Заңда белгіленген тәртіппен уақытша басқарушыны шеттеткен күннен кейін бір жұмыс күні ішінде басқа уақытша басқарушыны тағайындайды.
49-бап. Уақытша басқарушының қорытындысы
Уақытша басқарушы борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинауды жүзеге асыру нәтижелері бойынша мынадай:
1) борышкер төлемге қабілетті, борышкерді банкрот деп тану туралы кредитордың талаптары негізсіз болып табылатыны;
2) борышкер төлемге қабілетсіз және борышкерді банкрот деп тану үшін негіздер бар екені;
3) борышкер төлемге қабілетсіз және оңалту рәсімдерін қолдану үшін негіздер бар екені;
4) борышкерді банкрот деп тану туралы өтініште көрсетілген мекенжай бойынша борышкер жоқ және оны банкрот деп тану үшін негіздер бар екені, бірақ оның есебінен банкроттық рәсімі жүзеге асырылуы мүмкін мүлкі (активтері) жоқ екені;
5) борышкердің өтініш берушіден басқа өзге кредиторларының жоқ екені;
6) борышкер уақытша басқарушыға есепке алу құжаттамасына рұқсат бермегені, бұл қорытынды жасауға кедергі болатыны туралы тұжырымдарды қамтитын талдамалық сипаттағы қорытынды жасайды.
Осы тармақтың 5) және 6) тармақшаларында көзделген қорытындыны негіздер болған кезде уақытша басқарушы өзі тағайындалған күннен бастап он жұмыс күнiнен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде жасайды.
50-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс қозғаудың салдарлары
1. Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс қозғалған кезден бастап:
1) борышкер мүлкiнiң меншiк иесiне (ол уәкiлеттiк берген органға), құрылтайшыларға (қатысушыларға), заңды тұлғаның барлық органдарына мүлiктi кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс оларды уақытша басқарушымен келіспей пайдалануға және өткiзуге тыйым салынады;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2) тармақша жаңа редакцияда
2) моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды есептемегенде, өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер жауапты болатын азаматтарға төленетін төлемдердi қоспағанда, борышкер мүлкіне қатысты бұрын қабылдаған соттардың шешімдерін, төреліктің шешімдерін, мемлекеттік кіріс органдарының, сондай-ақ меншiк иелерiнiң (құрылтайшылардың, қатысушылардың) немесе борышкер органдарының шешiмдерiн орындау тоқтатыла тұрады;
3) үшінші тұлғалардың кепілдіктер мен кепілгерліктерді орындау бойынша талаптарын қоспағанда, кредиторлардың борышкерге қоятын кез келген талаптары осы Заңда көзделген оңалту немесе банкроттық рәсiмдерi шегiнде ғана қойылуы, сондай-ақ үшінші тұлғалар кепіл беруші болған жағдайларда, кепіл тұрғысында өндiрiп алуға қойылуы мүмкiн;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) кредиторлардың, мемлекеттік кіріс органы мен бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдерді есептеуді және (немесе) жинауды жүзеге асыратын өзге де уәкiлеттi мемлекеттiк органның талаптары, оның iшiнде даусыз (акцептісiз) тәртiппен қанағаттандырылуға жататын талаптары бойынша борышкердiң банктік шоттарынан ақша өндiрiп алуға, сондай-ақ борышкердiң мүлкiне өндiрiп алуды қолдануға жол берiлмейдi;
5) борышкердiң акцияларын, жарғылық капиталындағы үлестерiн иелiктен шығаруға тыйым салынады.
2. Сот Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында және борышкердiң орналасқан жерi бойынша тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте таратылатын, белгiленген тәртiппен нормативтiк құқықтық актiлердi ресми жариялау құқығын алған мерзiмдi баспасөз басылымдарында, оның ішінде интернет-ресурста оңалту туралы iс бойынша iс жүргізу қозғалғандығы туралы хабарландыруды қазақ және орыс тiлдерiнде күнтізбелік жетi күннен аспайтын мерзімде жариялауға мiндеттi.
Хабарландыруды жариялау оңалту рәсімін қолдану туралы өтiнiш берген борышкердің қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
51-бап. Кредиторлар талаптарын қамтамасыз ету
Сот кредитордың, прокурордың не iске қатысушы өзге тұлғаның өтiнiшi бойынша кредиторлардың талаптарын қамтамасыз ету жөнінде мынадай шараларды қолдануға:
1) борышкерге тиесiлi мүлiкке (мүліктің бiр бөлiгiне), оның iшiнде ақшаға тыйым салуға;
2) борышкерге оның мүлкiнiң азаюына әкеп соқтыруы не кредиторлардың мүдделерiне өзгеше түрде нұқсан келтiруi мүмкiн іс-әрекеттер жасауға тыйым салуға;
3) өндiрiп алу даусыз (акцептісiз) тәртiппен жүргiзiлетiн атқару құжаттары немесе өзге де құжаттар бойынша өндiрiп алуды тоқтата тұруға;
3) істі қарау кезеңінде борышкердің активтерін сақтауға бағытталған уақытша басқарушының ұсынымы бойынша өзге де іс-әрекеттерді қолдануға құқылы.
52-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы істi сот талқылауына дайындау
1. Оңалту туралы iстi сот талқылауына дайындау кезiнде Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу заңнамасында көзделген іс-әрекеттерден басқа сот iстiң сот отырысында қаралатын уақыты мен орны туралы уәкілетті органға, борышкерге, кредиторларға, прокурорға және iске қатысатын өзге де адамдарға хабарлайды.
2. Банкроттық туралы істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымның көшірмелері уәкілетті органға, борышкерге, кредиторларға, прокурорға және іске қатысатын өзге де адамдарға жіберіледі.
53-бап. Банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру және қайта бастау
1. Сот борышкердің банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу шеңберінде оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішін алып, банкроттық туралы іске бастамашылық жасаған кредитордың келісімімен, өтініш келіп түскеннен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірмей банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Соттың банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарымының көшірмелерін сот борышкерге, өтініш берушіге, уәкілетті органға, жеке сот орындаушыларының өңiрлiк палатасына және борышкердiң орналасқан жерi бойынша аумақтық әділет органына жiбередi.
3. Бұрын тоқтатыла тұрған банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді сот осы Заңның 59-бабының 6-тармағында және 82-бабының 2, 3, 4 және 6-тармақтарында көзделген негіздер бойынша оңалту рәсiмi тоқтатылған жағдайда қайта бастайды.
54-бап. Сот талқылауы
1. Алдын ала дайындау аяқталғаннан кейiн банкроттық туралы iс сот талқылауына тағайындалуға тиiс, бұл туралы сот ұйғарым шығарады.
Борышкердің өтініші бойынша қозғалған банкроттық туралы іс қозғалған күннен бір айдан аспайтын мерзiмде сот отырысында қаралуға тиiс.
Кредитордың немесе прокурордың өтініші бойынша қозғалған банкроттық туралы іс ол қозғалған күннен бастап екі айдан аспайтын мерзiмде сот отырысында қаралуға тиiс.