Қазақстан Республикасының
Заңы
Оңалту және банкроттық туралы
(2016.08.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2016 жылғы 7 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды (ресми жарияланған күнiнен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізiлдi)
Осы Заңға өзгерістер енгізу туралы:
ҚР 2015 жылғы 16 қарашадағы № 406-V Заңын қараңыз (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасы
3-бап. Осы Заңның қолданылу ерекшелiктерi
4-бап. Банкроттықты тану
5-бап. Оңалту немесе банкроттық рәсiмiн қолдану үшін сотқа жүгіну негiздерi
6-бап. Әдейi және жалған банкроттық үшін жауаптылық
7-бап. Борышкердiң мәмiлелерiн жарамсыз деп тану және мүлiктi қайтару
8-бап. Шарттардың құқықтық режимі
9-бап. Үлестес тұлғалар
10-бап. Құпиялылық
11-бап. Борышкердің құқықтық жағдайы
12-бап. Әкімші
13-бап. Әкімшінің сыйақысы
14-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің оңалту және банкроттық саласындағы құзыреті
15-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
16-бап. Уәкілетті органның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы
17-бап. Оңалту және банкроттық рәсімдерінің жүргізілуін мемлекеттік бақылау
18-бап. Камералдық бақылау
19-бап. Сұрау салуларды жіберу және рәсімдердің жүргізілу барысы туралы ақпаратты қабылдау
20-бап. Хабарламалар
21-бап. Әкімшілердің ағымдағы және сұратылатын ақпаратты ұсыну және қабылдау тәртібі
2-тарау. КРЕДИТОРЛАР
22-бап. Кредиторлардың жеделдетілген оңалту рәсіміне, оңалту рәсіміне, банкроттық рәсіміне қатысуы
23-бап. Кредиторлар жиналысы
24-бап. Кредиторлар жиналысын шақыру тәртібі
25-бап. Кредиторлар жиналысын өткізу туралы ақпараттық хабар
26-бап. Кредиторлар жиналысының шешімдер қабылдауы
27-бап. Кредиторлар комитеті
28-бап. Кредиторлар комитетінің шешім қабылдауы
2-1-тарау. Төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімі
28-1-бап. Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы шешім қабылдау
28-2-бап. Төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану салдарлары
28-3-бап. Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісім
28-4-бап. Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді соттың бекітуі
28-5-бап. Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді соттың бекітуінің салдары
3-тарау. ЖЕДЕЛДЕТІЛГЕН ОҢАЛТУ РӘСІМІ
29-бап. Жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану
30-бап. Жеделдетiлген оңалту рәсiмiнiң мерзiмi
31-бап. Борышкердің жеделдетілген оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшi
32-бап. Жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iс бойынша iс жүргiзудi қозғау және оның салдарлары
33-бап. Iстiң сотта қаралуы
34-бап. Жеделдетiлген оңалту рәсiмi кезіндегі кредиторлар жиналысы
35-бап. Оңалту жоспары
36-бап. Жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолданудың және оңалту жоспарын бекiтудің салдарлары
37-бап. Жеделдетiлген оңалту рәсiмiн тоқтату
4-тарау. ОҢАЛТУ НЕМЕСЕ БАНКРОТТЫҚ ТУРАЛЫ IСТЕРДI СОТ ТӘРТIБIМЕН ҚАРАУ
38-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғау тәртiбi
39-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы iске қатысушы тұлғалар
40-бап. Борышкердiң өтiнiшi
41-бап. Борышкер өтiнiшiнiң нысаны мен мазмұны
42-бап. Борышкердiң өтiнiшiне қоса берiлетiн құжаттар
43-бап. Борышкер өтiнiшiнiң қаралмай қайтарылуы
44-бап. Кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшi
45-бап. Кредитордың өтінішіне қоса берілетін құжаттар
46-бап. Бiр немесе бiрнеше кредитордың талаптарын бiрiктiру
47-бап. Прокурордың өтінішi
48-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс жүргiзудi қозғау
49-бап. Уақытша басқарушының қорытындысы
50-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс қозғаудың салдарлары
51-бап. Кредиторлар талаптарын қамтамасыз ету
52-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы істi сот талқылауына дайындау
53-бап. Банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру және қайта бастау
54-бап. Сот талқылауы
55-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша сот актілері
56-бап. Борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешiм
57-бап. Кредитордың немесе прокурордың өтініші бойынша борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғамай оны тарату туралы шешiм
58-бап. Кредитордың немесе прокурордың өтініші бойынша соттың борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiмi
59-бап. Оңалту туралы іс бойынша шешім
59-1-бап. Банкроттық рәсімін тоқтату, оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы шешім
60-бап. Жалған банкроттық кезiндегi сот шешiмi
61-бап. Әкiмшiлiк шығыстарды бөлу
62-бап. Сот шешiмiнiң (ұйғарымының) заңды күшiне енуi, шешiмдi (ұйғарымды) қайта қарау
5-тарау. ОҢАЛТУ РӘСIМI
63-бап. Оңалту рәсiмiн қолдану
64-бап. Оңалту рәсiмiнiң мерзiмi
65-бап. Мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы үшiн оңалту рәсiмiн тоқтата тұру және қайта бастау
66-бап. Оңалту рәсіміне қатысушылар
67-бап. Соттың оңалту рәсіміндегі өкілеттіктері
68-бап. Оңалту рәсімін қолданудың салдарлары
69-бап. Оңалту рәсiмi кезінде борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқару
70-бап. Уақытша әкімшінің өкілеттіктері
71-бап. Оңалтуды басқарушының өкiлеттiктерi
72-бап. Кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыру
73-бап. Оңалту жоспары және оны бекіту тәртібі
74-бап. Борышкердің талап ету құқықтарын басқаға беруі
75-бап. Кредиторлар жиналысының оңалту рәсіміндегі ерекшеліктері
76-бап. Кредиторлар комитетінің оңалту рәсіміндегі ерекшеліктері
77-бап. Кредиторлармен есеп айырысу
78-бап. Санация
79-бап. Санацияға қатысушылардың келiсiмi
80-бап. Санацияға қатысушылардың жауаптылығы
81-бап. Санацияға қатысушының құқықтары
82-бап. Оңалту рәсiмiн тоқтату
83-бап. Оңалту рәсiмiн тоқтатудың салдарлары
6-тарау. БАНКРОТТЫҚ РӘСІМІ
84-бап. Банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі
85-бап. Банкроттық рәсіміне қатысушылар
86-бап. Соттың банкроттық рәсіміндегі өкiлеттiктерi
87-бап. Банкроттық рәсімін қозғау салдарлары
88-бап. Уақытша басқарушының өкілеттіктері
89-бап. Банкроттықты басқарушының өкілеттіктері
90-бап. Банкроттық рәсімінде кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыру
91-бап. Кредиторлардың талаптарын қарау
92-бап. Кредиторлар талаптарының тізілімін жариялау
93-бап. Кредиторлар жиналысының банкроттық рәсіміндегі өкілеттіктері
94-бап. Кредиторлар комитетінің банкроттық рәсіміндегі өкілеттіктері
95-бап. Кредиторлардың еңбекақы төлеу жөніндегі мүдделерін білдіру
95-1-бап. Банкроттық рәсімінен оңалту рәсіміне өту
96-бап. Мүліктік масса
97-бап. Банкроттың мүліктік массасын түгендеу
98-бап. Банкрот мүлкінің (активтерінің) құнын бағалау
99-бап. Банкроттың мүлкін (активтерін) сату
99-1-бап. Банкроттың кәсіпорнын сату
100-бап. Мүліктік массаны бөлудің кезектілігі
101-бап. Кредиторлармен есеп айырысу қағидалары
102-бап. Бірінші кезектегі кредиторлардың талабын қанағаттандыру сомасы мен тәртібі
103-бап. Екінші кезектегі кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру сомасы мен тәртібі
104-бап. Кепілді кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру
105-бап. Үшінші кезектегі кредиторлар талаптарының сомасы және оларды қанағаттандыру тәртібі
106-бап. Төртінші кезектегі кредиторлар талаптарының сомасы және оларды қанағаттандыру тәртібі
107-бап. Бесінші кезектегі кредиторлар талаптарының сомасы және оларды қанағаттандыру тәртібі
108-бап. Кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік
109-бап. Банкротты борыштардан босату
110-бап. Банкроттықты басқарушының қорытынды есебі
111-бап. Уәкілетті органның интернет-ресурсында банкроттар тізімін орналастыру
112-бап. Банкротты таратуды аяқтау
6-1-тарау. Бітімгершілік келісім
112-1-бап. Бітімгершілік келісімді жасасу шарттары
112-2-бап. Бітімгершілік келісімнің мазмұны
112-3-бап. Мемлекеттік орган тарапынан бітімгершілік келісім жасасу шарттары
112-4-бап. Бітімгершілік келісімді соттың бекітуі
112-5-бап. Бітімгершілік келісімді бекіту салдарлары
112-6-бап. Бітімгершілік келісімді бекітуден бас тарту және оның салдарлары
112-7-бап. Бітімгершілік келісімді бұзу және оның салдарлары
112-8-бап. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымының күші жойылғаннан немесе бітімгершілік келісім бұзылғаннан кейін банкроттық рәсімін қолдану
112-9-бап. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымының күшін жоюдың немесе бітімгершілік келісімді бұзудың салдарлары
7-тарау. БАНКРОТТЫҚТЫҢ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН РӘСІМДЕРІ
113-бап. Таратылатын борышкердің банкроттығы
114-бап. Соттың істі қарауы
115-бап. Борышкерді тарату тәртібі
116-бап. Борышкердi банкроттық тәртiппен таратудан бас тартудың салдарлары
117-бап. Кредитордың өтiнiшi бойынша таратылатын борышкердiң банкроттығы
118-бап. Уәкілетті органның банкроттық рәсімін қозғамастан банкротты таратуы
8-тарау. ҚАЛА ҚҰРАУШЫ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАР БАНКРОТТЫҒЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
119-бап. Қала құраушы борышкер - заңды тұлғалардың банкроттығы
120-бап. Банкроттық туралы істі қарау
121-бап. Кредиторлардың талаптарын өтеу
9-тарау. АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ӨНІМІН ӨНДІРУШІЛЕРДІ ОҢАЛТУДЫҢ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ БАНКРОТТЫҒЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
122-бап. Ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің банкроттығы
123-бап. Кредитордың өтінішіне немесе борышкердiң пiкiрiне қосымша қоса берілетін құжаттар
124-бап. Оңалту рәсiмiнiң мерзiмiн ұзарту
125-бап. Банкроттық рәсімі
126-бап. Мүліктік массаны қалыптастыру және өткізу
10-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
127-бап. Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
128-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң кредиторлар талаптарын борышкер толық көлемде қанағаттандыруға дәрменсіз болған кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, жеделдетілген оңалту рәсімін, оңалту рәсімін қолдану және борышкерді банкрот деп тану негіздерін белгілейді, сондай-ақ оңалту және банкроттық рәсімдерін жүргізудің тәртібі мен шарттарын айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) ауылшаруашылық өнімін өндіруші - жердi пайдалана отырып, ауылшаруашылық өнiмiн өндiретiн; мал шаруашылығының, құс шаруашылығының (оның iшiнде төлдi өсiруден бастап толық циклді асыл тұқымды), омарта шаруашылығының ауылшаруашылық өнiмiн, егер осы өнiмдi, оның iшiнде қайта өңделген өнiмдi өткiзуден түсетiн табыс жылдық табыстың жалпы сомасының елу пайызынан астамын құраса, өндiретiн дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
2) әдейi банкроттық - заңды тұлға құрылтайшысының (қатысушысының), лауазымды адамының, органдарының, сол сияқты дара кәсiпкердiң жеке мүдделері үшін немесе өзге де тұлғалардың мүдделерi үшін жасаған әрекеттері (әрекетсіздігі) нәтижесінде төлем қабiлетсiздiгiн қасақана жасау немесе ұлғайту;
3) әкімші - сотта істерді қарау және оңалту рәсімі мен банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде белгіленген тәртіппен тағайындалатын уақытша әкімші, оңалтуды, уақытша және банкроттықты басқарушылар;
4) әкімшілік шығыстар - оңалту рәсіміне немесе банкроттық рәсіміне бастамашылық жасауға және оларды жүргізуге байланысты шығыстар;
5) банкрот - дәрменсiздiгi заңды күшіне енген сот шешімімен белгiленген борышкер;
6) банкроттық - борышкердiң сот шешiмiмен танылған, оны таратуға негiз болып табылатын дәрменсiздiгi;
7) банкроттық рәсімі - кредиторлардың талаптарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен банкроттың мүліктік массасы есебінен қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын рәсім;
8) банкроттықты басқарушы - банкроттық рәсімін жүзеге асыру үшін оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті орган тағайындаған адам;
2015.13.11. № 399-V ҚР Заңымен 8-1) тармақшамен толықтырылды
8-1) бітімгершілік келісім - банкроттық рәсімнің кез келген сатысында оны тоқтату мақсатында, борышкер (банкрот) мен кредиторлар арасында сот бекітетін келісім жасасу жолымен қолданылатын рәсім;
9) борышкер - төлем қабiлетсiздiгi оларға осы Заңда көзделген рәсiмдердi қолдануға негiз болып табылатын дара кәсiпкер немесе заңды тұлға;
10) бiртектi кредиторлар тобы - борышкерге қоятын бiрдей талаптары бар және оларды қанағаттандыруда бiр-бiрiнiң алдында артықшылығы жоқ кредиторлар тобы.
Бiртектi кредиторлар топтарын:
өмiріне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптар бойынша кредиторлар;
еңбек шарттары бойынша еңбекақы төлеу және өтемақыларды, сондай-ақ Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектердi төлеу бойынша кредиторлар;
кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер бойынша кредиторлар;
салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша кредиторлар;
тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi беру шарттарынан туындайтын талаптар бойынша кредиторлар;
кепiлмен қамтамасыз етiлмеген кредит (микрокредит) алуға арналған шарттардан туындайтын талаптар бойынша кредиторлар - қаржы ұйымдары (микроқаржы ұйымдары);
кредиторлар - борышкердің облигацияларын ұстаушылар құрауы мүмкiн;
11) бірыңғай өндірістік кешен - жиынтығында ауылшаруашылық өнімін өндіру, дайындау, сақтау, тасымалдау, қайта өңдеу немесе өткізу кезінде бірыңғай циклді қамтамасыз ету үшін қажетті мүлік;
12) дәрменсiздiк - кредиторлардың ақшалай мiндеттемелер бойынша талаптарын толық көлемде қанағаттандыруға, еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн адамдармен еңбекақы төлеу бойынша есеп айырысуды жүргiзуге, салықтарды және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi, Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдарды, сондай-ақ мiндеттi зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеудi қамтамасыз етуге борышкердiң сот белгiлеген қабiлетсiздiгi;
13) жалған банкроттық - кредиторларға тиесілі төлемдердің мерзімін кейінге қалдыру немесе ұзарту немесе борыштардан жеңілдіктер алу үшін, сол сияқты борыштарды төлемеу үшін кредиторларды жаңылыстыру мақсатымен заңды тұлға құрылтайшысының (қатысушысының), лауазымды адамының, органдарының, сол сияқты дара кәсіпкердің әрекеттері және (немесе) қабылдаған шешімдері нәтижесінде өзiнiң төлем қабілетсіздігі туралы көрінеу жалған хабарлау;
14) жеделдетiлген оңалту рәсiмi - сотқа дейiнгi тәртiппен кредиторлармен келiсiлген оңалту жоспары негiзiнде борышкерге қатысты сот тәртібімен қолданылатын рәсiм;
15) жоқ борышкер - тұрғылықты жерiн немесе тіркелген жерiн немесе тұрақты жұмыс істейтін органының, сондай-ақ борышкер оларсыз өз қызметiн жүзеге асыра алмайтын қатысушылары мен лауазымды адамдарының орналасқан жерін алты ай iшiнде анықтау мүмкiн болмаған борышкер;
16) кәдімгі коммерциялық операциялар - борышкердiң күнделiктi жұмыс iстеуiн қолдау мақсатында өндiрiлетiн тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң айналымымен байланысты, тұрақты сипаты бар iс-әрекеттер;
17) кепiлдi кредитор - талаптары борышкердiң мүлкiн кепiлге салумен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер бойынша кредитор;
18) кредитор - еңбекке ақы төлеу, Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдарды, міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу, авторлық сыйақы төлеу, салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша мiндеттемелердi қоса алғанда, борышкерге азаматтық-құқықтық және өзiнiң өзге де мiндеттемелерiнен туындайтын мүлiктiк талаптары бар тұлға;
19) кредиторлар комитеті - кредиторлардың оңалту және банкроттық рәсімдерінде кредиторлар жиналысы сайлайтын және осы Заңда көзделген өкілеттіктерге ие өкілді органы;
20) кредиторлар талаптарының тізілімі - осы Заңда белгіленген тәртіппен оңалту немесе банкроттық рәсімдерінде қалыптасатын, мөлшері, негіздері мен туындау күні көрсетіле отырып, кредиторлардың борышкерге қоятын талаптарының тізбесі;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 21) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21) қала құраушы заңды тұлға - өңірлік даму жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен айқындалатын заңды тұлға;
22) лауазымды адам - акционерлік қоғам директорлары кеңесінің мүшесі, заңды тұлғаның - дәрменсіз борышкердің басшысы (басшының орынбасары), сондай-ақ заңды тұлғаның алқалы атқарушы органына кіретін, заңды тұлғаны басқару бойынша тұрақты немесе уақытша өкілеттіктер берілген өзге тұлға, заңды тұлғаның - дәрменсіз борышкердің бас бухгалтері (бас бухгалтердің орынбасары), сол сияқты оның міндеттерін уақытша атқаратын өзге тұлға;
23) мемлекеттiк қолдау шаралары - Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған тәртiппен ұйымға қатысты қолданылатын, қаржылық сауықтыруға бағытталған шаралар;
24) мүліктік масса - оңалту рәсімінде немесе банкроттық рәсімінде өндіріп алу қолданынуы мүмкін борышкердiң немесе банкроттың мүлкi, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларда өзге де тұлғалардың мүлкi;
25) оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - оңалту және банкроттық саласында (банктерді, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын және жинақтаушы зейнетақы қорларын қоспағанда) мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
26) оңалту жоспары - оңалту рәсiмiн, жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану кезiнде борышкердi сауықтыруға бағытталған және жұмыс iстеп тұрған заңды тұлғаның төлем қабiлеттiлiгiн қалпына келтiру және жұмыс орындарын сақтау мақсатында борышкер мен кредиторлар, бiртектi кредиторлар тобы арасындағы өзара келiсiм негiзiнде жүзеге асырылатын, кредиторлар талаптарын өтеу кестесiн қоса алғанда, iске асырылу мерзiмдерi, сондай-ақ қол жеткiзiлетiн нәтижелер, пайдаланылатын ресурстар мен ықтимал тәуекелдер көрсетiлетiн өзара байланысты iс-шаралар кешенi;
27) оңалту рәсiмi - сот тәртібімен енгізілетін рәсiм, оның шеңберiнде төлемге қабiлетсiз борышкерге оның таратылуын болғызбау мақсатында борышкердің төлем қабiлеттiлiгiн қалпына келтiруге бағытталған қайта ұйымдастыру, ұйымдық-шаруашылық, басқарушылық, инвестициялық, техникалық, қаржылық-экономикалық, құқықтық және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де шаралар қолданылады;
28) оңалтуды басқарушы - осы Заңда белгiленген тәртiппен оңалту рәсiмiнiң кезеңiне дәрменсiз борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқару жөнiндегі өкiлеттiк берiлетiн тұлға;
29) санация - оңалту жоспарында көзделген іс-шара, оның барысында борышкер мүлкiнiң меншік иесi (ол уәкiлеттiк берген орган), кредиторлар немесе өзге де тұлғалар төлемге қабілетсіз борышкерге қаржылық көмек көрсетедi, сондай-ақ борышкердiң резервтерiн жұмылдыру мен оның қаржылық-шаруашылық жағдайын жақсарту жөнiндегі өзге де шаралар кешенiн iске асырады;
30) уақытша әкімші - оңалту жоспарын әзірлеу кезеңінде кредиторлар талаптарының тізілімін жасау және кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мәмілелерді келісу үшін сот тағайындаған тұлға;
31) уақытша басқарушы - борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинауды жүзеге асыру үшін, сондай-ақ банкроттықты басқарушыны тағайындағанға дейін банкроттық рәсімін жүргізу үшін сот тағайындаған тұлға;
32) үлестес тұлғалар - шешімдерді тікелей және (немесе) жанама айқындауға және (немесе) оңалту немесе банкроттық рәсімдеріне қатысушы қабылдайтын шешімдерге әсер ету, оның ішінде жасалған шартқа орай әсер ету мүмкіндігі бар жеке немесе заңды тұлға (өздеріне берілген өкілеттіктер шеңберінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды және ұлттық басқарушы холдингті қоспағанда). Оңалту немесе банкроттық рәсіміндегі үлестес тұлғалардың тізбесі осы Заңның 9-бабымен белгіленеді.
2-бап. Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендегіден өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу ерекшелiктерi
1. Осы Заң қазыналық кәсiпорындар мен мекемелерден, жинақтаушы зейнетақы қорларынан, банктерден, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарынан басқа, заңды тұлғаларды жеделдетiлген оңалту рәсімі және оңалту, дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың банкроттығы туралы iстерге қолданылады.
Сот банкті, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, жинақтаушы зейнетақы қорын банкрот деп тану туралы шешім қабылдаған жағдайда оларды тарату Қазақстан Республикасының банк заңнамасына, Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі, сондай-ақ зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Банкроттық немесе оңалту рәсiмдерiн мақта өңдеу ұйымдарына, астық қабылдау кәсіпорындарына, сондай-ақ табиғи монополия субъектiлерiне немесе тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiлерiне қатысты қолдану ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленуi мүмкiн.
2. Банкроттық, оңалту немесе жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iстердi сот осы Заңда белгiленген ерекшелiктерімен азаматтық сот iсiн жүргiзудiң жалпы қағидалары бойынша қарайды.
3. Табиғи монополия субъектiлерi немесе тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері болып табылатын не республика экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәні бар, азаматтардың өміріне, денсаулығына, ұлттық қауіпсіздікке немесе қоршаған ортаға әсер ете алатын ұйымдар мен дара кәсіпкерлер, оның ішінде акцияларының пакеттері (қатысу үлестері) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стратегиялық объектілерге жатқызылған, сондай-ақ мемлекеттiң бастамасы бойынша банкрот деп танылған ұйымдар банкрот болған кезде Қазақстан Республикасының Үкiметi азаматтар мен мемлекеттiң мүдделерiн қорғау мақсатында мүліктік массаны өткiзудiң ерекше шарттары мен тәртiбiн және мүліктік масса объектiлерiн сатып алушыларға қосымша талаптар белгiлеуге, сондай-ақ акцияларының пакеттерi (қатысу үлестерi) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стратегиялық объектiлерге жатқызылған ұйымдар немесе республика экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар ұйымдар банкрот болған кезде мүліктік массаны ұлттық басқарушы холдингтiң сатып алуы туралы шешiм қабылдауға құқылы.
4. Шаруашылық және өзге де қызметтiң экологиялық тұрғыдан қауiптi түрлерiн жүзеге асыратын заңды тұлғалар банкрот болған кезде Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексiне сәйкес олардың қызметiне мiндеттi экологиялық аудит жүргiзiледi.
4-бап. Банкроттықты тану
1. Банкроттық борышкердiң сотқа берген өтiнiшi негiзiнде ерікті түрде белгiленедi.
2. Банкроттық кредиторлардың немесе осы Заңмен уәкілеттік берiлген өзге де тұлғалардың сотқа берген өтiнiшi негiзiнде мәжбүрлі түрде белгiленедi.
3. Осы Заңда белгiленген жағдайларда борышкер өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгінуге мiндеттi.
2015.13.11. № 399-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Егер өзіне қатысты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексi 49-бабының 1-тармағында белгiленген тәртiппен тарату туралы шешiм қабылданған заңды тұлға мүлкiнiң құны кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін жеткiлiксiз болса, тарату комиссиясы осы Заңда белгiленген қағидалар бойынша банкроттық рәсімін жүргізу үшін мұндай заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге міндетті.
5. Борышкердiң дәрменсiздiгi оны сот тәртiбiмен банкрот деп жариялау үшін негiз болып табылады.
Дәрменсiздiк фактiсiн анықтау кезiнде борышкердiң орындау мерзiмi басталған, сондай-ақ орындауға қабылданған және (немесе) орындалып жатқан мiндеттемелерi ескерiлуге тиiс.
5-бап. Оңалту немесе банкроттық рәсiмiн қолдану үшін сотқа жүгіну негiздерi
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Кредитордың борышкердi банкрот деп тану немесе оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгiнуi үшін борышкердiң төлем қабiлетсiздiгi негiз болып табылады.
Борышкер мына шарттардың бірі және одан көбі басталған кезде төлемге қабілетсіз болып табылады:
1) өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, алименттерді өндіріп алу, еңбекақы төлеу, еңбек шарттары бойынша өтемақылар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жөніндегі, сондай-ақ авторлық шарттар бойынша сыйақылар жөніндегі кредиторлар алдындағы міндеттемелері оларды орындау мерзімі басталған кезден бастап үш ай ішінде орындалмаған және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір жүз айлық есептік көрсеткіштен кем емес соманы құрайды;
2) салық берешегі бойынша борышкердің филиалдары мен өкілдіктерінің берешегін қоса алғанда, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша кредитор алдындағы міндеттемелері оларды орындау мерзімі басталған кезден бастап төрт ай ішінде орындалмаған және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір жүз елу айлық есептік көрсеткіштен кем емес соманы құрайды;