2) экологиялық білім беру мен ағартудың оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік негіздерін жетілдіру;
3) қоршаған ортаны қорғау саласында білікті мамандар даярлау, тұтас экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі үздік отандық және шетелдік инновациялық педагогикалық әдістемелерді ілгерілету;
4) Қазақстан Республикасы халқының экологиялық білім беру мен ағартуға қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін интеграцияланған шешімдер жинақтарын, ойын, иллюстрациялық, анықтамалық және басқа да материалдар түрлерін қамтитын практикаға бағдарланған модульдерді жасау;
5) қоғам мен отбасында экологиялық ағарту жөніндегі бағдарламалар мен іс-шараларды жүзеге асыратын ұйымдардың, оның ішінде коммерциялық емес, жастар және мектеп ұйымдарының дамуына жәрдемдесу;
6) мамандандырылған ұйымдар базасында климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы мамандарды даярлау;
7) жұртшылыққа климат өзгеруінің болжамды техногендік әсерлері, әсер етуі, мұндай жағдайларда адам мен қоршаған ортаның осал тұстары және климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шаралар туралы хабар беру.
2. Мемлекеттік қолдау шаралары мыналарды қамтиды:
1) білім беру ұйымдарында экологиялық білім беруді (экологиялық білім беру мен ағарту, мамандардың біліктілігін арттыру жөніндегі оқу-әдістемелік жұмыс пен іс-шаралар) қаржыландыру;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруға мемлекеттік органдардың белсенді қатысуы;
3) орнықты дамуға жәрдемдесу мақсатында экологиялық білім беру саласындағы инновациялық әдістемелік практикаларды, зерттеулерді қолдауға мемлекеттік тапсырысты беру;
4) экологиялық білім беру мен ағарту саласындағы қызметті жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымдарды қолдау мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты беру;
5) экологиялық білім беру мен ағарту, кадрлардың біліктілігін арттыру, оларды даярлау және қайта даярлау бойынша іс-шаралар өткізу.
13-БӨЛІМ. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕР
195-бап. Экологиялық ғылыми зерттеулердің мақсаттары мен міндеттері
1. Экологиялық ғылыми зерттеулер қоршаған ортаны қорғауды ғылыми қамтамасыз ету, табиғи экожүйелерді жақсарту, қалпына келтіру, олардың орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша ғылыми негізделген іс-шараларды әзірлеу, биоәртүрлілікті сақтау және табиғи ресурстарды молықтыру, климат өзгеруінің әсер етуін зерделеу, климатқа әсер етуді бәсеңдету және климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша шаралар әзірлеу, халықтың денсаулығын жақсарту, Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігін және әлеуметтік, экономикалық және экологиялық теңгерімделген дамуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
2. Экологиялық ғылыми зерттеулердің міндеттері мыналар болып табылады:
1) қоршаған ортаның жай-күйін ғылыми бағалау мен болжау;
2) ғылыми негізделген экологиялық нормативтерді, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ұлттық стандарттарды әзірлеу;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу мен басқаруды қамтамасыз ету үшін ғылыми ұсынымдарды әзірлеу;
4) экологиялық тиімді ресурс үнемдейтін технологияларды ғылыми негіздеу, әзірлеу және ендіру;
5) климатқа әсер етуді бәсеңдету және климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша шаралар әзірлеудің ғылыми негізін қамтамасыз ету.
196-бап. Экологиялық ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттары
1. Қоршаған ортаны қорғау саласында ғылыми қамтамасыз ету міндеттерін шешу үшін ғылыми зерттеулердің мынадай түрлері жүзеге асырылуы мүмкін:
1) аумақтарды әлеуметтік-экономикалық орнықты дамытудың кешенді республикалық, өңірлік, жергілікті ғылыми негіздемелерін әзірлеу;
2) экожүйелердің антропогендік әсер етуге төзімділігін зерттеу және экологиялық тәуекелдерді айқындаудың ғылыми негіздерін әзірлеу;
3) биоәртүрліліктің жай-күйін зерттеу, оны сақтау және жағымсыз әсер етуден қорғау әдіснамасын, биоәртүрлілікке келтірілген зиянды бағалау әдістерін әзірлеу;
4) қоршаған ортаға антропогендік жүктемелер деңгейін және экожүйелер мен ландшафтардың бұзылу дәрежесін бағалау;
5) экожүйелер мен ландшафтарға антропогендік әсер ету шегінің аймақтық деңгейлерін айқындау;
6) қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми негізделген нормативтік құжаттарды әзірлеу;
7) қоршаған орта факторларының халық денсаулығына ықпалын анықтау;
8) республика аумағын экологиялық шиеленіс дәрежесі бойынша аудандастыру және саралау;
9) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеуге байланысты зерттеулер;
10) қоршаған ортаға эмиссияларды тазарту жөніндегі және ремедиация жөніндегі әдістер мен технологияларды әзірлеуге байланысты зерттеулер;
11) шикізатты кешенді пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу мен кәдеге жарату жөніндегі зерттеулер;
12) экологиялық тиімді және ресурс үнемдейтін жаңа технологияларды іздеу, ғылыми-техникалық негіздеу және ендіру жөніндегі зерттеулер;
13) материалдарды әзірлеу, қоршаған ортаның жай-күйін бағалауды ғылыми қолдап отыру және оның антропогендік және табиғи факторлардың ықпалынан өзгерістерін болжау;
14) антропогендік немесе табиғи факторлардың қоршаған ортаға әсер етуінің жағымсыз салдарларын болғызбау немесе бәсеңдету әдістерін ғылыми негіздеу;
15) көпжылдық байқау және жедел бақылау негізінде экожүйелер мен объектілер жай-күйінің сандық және сапалық көрсеткіштеріне экологиялық мониторинг нәтижелерін жүйелі зерделеу мен жинақтап-қорыту;
16) қоршаған орта жай-күйінің мониторингін ғылыми қамтамасыз ету;
17) қоршаған ортаға эмиссияларға, табиғи ресурстарды пайдалануға арналған лимиттерді (квоталарды) әзірлеу және ғылыми негіздеу;
18) климаттың өзгеруінің Қазақстан Республикасының экономикасы мен табиғи ресурстарына әсер етуін бағалауды, климаттың өзгеруінің әсер етуін бәсеңдетуді және климаттың өзгеруіне бейімделуді қоса алғанда, климаттың өзгеруін кешенді зерттеу;
19) озон қабатының жай-күйін, оның бұзылу және қалпына келу процестерін зерттеу, адам қызметінің озон қабатының жай-күйіне ықпалын болғызбау жөніндегі шараларды әзірлеу;
20) қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін қызметті экономикалық реттеу тетіктерінің проблемаларын зерттеу, экономикалық тиімділікті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларға арналған шығындарды бағалау әдістерін әзірлеу және осы іс-шараларды ғылыми қолдап отыру;
21) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының экологиялық индикаторларын әзірлеуге және ғылыми негіздеуге қатысу;
22) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы халықаралық шарттар бойынша Қазақстан Республикасының міндеттемелерін орындауға байланысты ғылыми зерттеулер жүргізу;
23) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастық;
24) биоәртүрліліктің жоғалуына өтемақы жөніндегі шараларды ғылыми негіздеу;
25) экожүйелік қызметтер мен биоәртүрлілікті экономикалық бағалау жөніндегі зерттеулер.
2. Іргелі және қолданбалы ғылыми экологиялық зерттеулерді қаржыландыру бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған басқа да қаржыландыру көздері есебінен жүзеге асырылады.
197-бап. Экологиялық ғылыми зерттеулер жүргізуге қойылатын талаптар
1. Ғылыми экологиялық зерттеулерді ғылыми ұйымдар осы Кодекске және Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасына сәйкес жүргізеді.
2. Қазақстан Республикасының аумағында қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми зерттеулерді Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын міндетті түрде орындаған кезде қазақстандық жеке және заңды тұлғалар да, шетелдік жеке және заңды тұлғалар да, сондай-ақ халықаралық ұйымдар жүзеге асыра алады.
ЕРЕКШЕ БӨЛІК
14-БӨЛІМ. АТМОСФЕРАЛЫҚ АУАНЫ ҚОРҒАУ
198-бап. Атмосфералық ауа және оны қорғау
1. Атмосфералық ауа - табиғи ортаның тұрғын, өндірістік және өзге де үй-жайлар шегінен тыс болатын, атмосфера газдарының қоспасын білдіретін өмірлік маңызды құрамдасы.
2. Атмосфералық ауа Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес ластанудан қорғалуға жатады.
3. Атмосфералық ауаның ластануы деп атмосфералық ауада мемлекет белгілеген атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативтерінен асатын деңгейлердегі концентрацияларда ластағыш заттардың немесе физикалық әсер етудің болуы түсініледі.
Антропогендік және табиғи факторлар нәтижесінде ластағыш заттардың, физикалық әсер етудің атмосфералық ауаға түсуі, сондай-ақ атмосфералық ауада болатын химиялық, физикалық және биологиялық процестердің нәтижесінде онда ластағыш заттардың түзілуі атмосфералық ауаны ластау көздері деп танылады.
199-бап. Атмосфералық ауаға ластағыш заттардың шығарылуы
1. Атмосфералық ауаға ластағыш заттардың шығарылуы (бұдан әрі - шығарынды) деп ластағыш заттардың шығарынды көздерінен атмосфералық ауаға түсуі түсініледі.
2. Пайдалану процесінде ластағыш заттардың атмосфералық ауаға түсуі орын алатын құрылысжай, техникалық құрылғы, жабдық, қондырғы, алаң, көлік құралы немесе өзге де жылжымалы құрал шығарындылар көздері болып табылады.
3. Шығарынды көздері стационарлық және жылжымалы көздер болып бөлінеді.
4. Стационарлық көз деп бөлшектемей орнын ауыстыруға болмайтын және тұрақты орналасқан жері бірыңғай мемлекеттік координаттар жүйесін қолдана отырып айқындалуы мүмкін немесе көлік құралы немесе өзге жылжымалы құрал арқылы орнын ауыстыруға болатын, бірақ пайдаланылу процесінде жер бетіне қатысты қозғалмайтын (стационарлық) жағдайды талап ететін шығарынды көзі танылады.
Стационарлық көзден шығатын шығарынды, егер ол бөлінетін шаң және газ-ауа қоспалары ағынының бағытын қамтамасыз ететін арнайы құрылысжай, жүйе немесе құрылғы (түтін және желдету құбыржолдары, газ өткізгіштер, ауа өткізгіштер, желдету шахталары, аэрациялық фонарьлар, дефлекторлар және өзгелер) арқылы жүзеге асырылса, ұйымдастырылған болып саналады. Ластағыш заттардың атмосфералық ауаға босап шығуы бағытталмаған диффузиялық ағындар түрінде жүзеге асырылатын стационарлық көзден шығатын шығарындының өзге де типтері ұйымдастырылмаған шығарындыға жатады.
5. Жылжымалы көз деп ішкі жану қозғалтқыштарымен жарақтандырылған, отынның әралуан түрлерімен жұмыс істейтін және стационарлық жағдайда да, жылжу процесінде де шығаруды жүзеге асыруға қабілетті көлік құралы немесе өзге жылжымалы құрал, техника немесе қондырғы танылады.
200-бап. Атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативтері
1. Атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативтері:
1) атмосфералық ауа жай-күйінің химиялық көрсеткіштері үшін -атмосфералық ауадағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациялары түрінде;
2) атмосфералық ауа жай-күйінің физикалық көрсеткіштері үшін - атмосфералық ауаға физикалық әсер етудің шекті жол берілетін деңгейлері түрінде белгіленеді.
2. Атмосфералық ауадағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы деп осы Кодекске сәйкес ластағыш деп танылған химиялық заттың ең көп мөлшері (массасы) түсініледі, ол адамға тұрақты немесе уақытша әсер ету кезінде оның денсаулығына ықпал етпейді және оның ұрпақтарында қолайсыз тұқымқуалаушылық өзгерістер туғызбайды, сондай-ақ табиғи орта құрамдастарының тозуын туғызбайды, экологиялық жүйелердің орнықтылығын бұзбайды және биоәртүрліліктің қысқаруына алып келмейді.
3. Атмосфералық ауадағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы жекелеген ластағыш заттар үшін:
1) атмосфералық ауа көлемінің бірлігіндегі ластағыш заттың массасы түрінде белгіленеді және миллиграмның текше метрге арақатынасы ретінде көрсетіледі;
2) уақыт бірлігінде жер бетінің бірлігіне шөгетін ластағыш заттың массасы түрінде белгіленеді және күнтізбелік жылда грамның бір шаршы метрге арақатынасы ретінде көрсетіледі.
4. Ластағыш заттар үшін атмосфералық ауа көлемінің бірлігіндегі массалық концентрациялар стандартты жағдайлар үшін 293.15 К және 101.3 кПа деп айқындалады.
5. Ластағыш заттың түріне қарай атмосфералық ауадағы ластағыш заттың шекті жол берілетін концентрациясы көрсеткіштерді орташалаудың мынадай кезеңдері ескеріле отырып белгіленеді:
1) жылдық көрсеткіштер - күнтізбелік бір жыл ішінде атмосфералық ауа көлемінің бірлігіндегі немесе жер беті бірлігіндегі ластағыш зат концентрациясының орташаланған көрсеткіштері;
2) тәуліктік көрсеткіштер - күнтізбелік бір тәулік шегіндегі жиырма төрт сағатта атмосфералық ауа көлемінің бірлігіндегі ластағыш зат концентрациясының орташаланған көрсеткіштері;
3) сағаттық көрсеткіштер - бір сағатта атмосфералық ауа көлемінің бірлігіндегі ластағыш зат концентрациясының орташаланған көрсеткіштері.
6. Күнтізбелік бір жыл ішінде тәуліктік және сағаттық көрсеткіштерден асып кетудің шекті жол берілетін мөлшері көрсеткіштерді орташалау кезеңдерінен бөлек, атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативтерімен айқындалады.
7. Егер атмосфералық ауа сапасының белгіленген экологиялық нормативтерін сақтау кезінде жекелеген аумақтар шегінде кемінде бес жыл кезеңде ғылыми зерттеулермен расталған табиғи экологиялық жүйенің тірі элементтері (өсімдіктер, жануарлар және басқа да организмдер) жай-күйінің нашарлау белгілері анықталса, онда мұндай аумақтар үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті өкілді органы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша өзінде қоршаған орта сапасының индикаторлары ретінде пайдаланылатын биологиялық объектілердің неғұрлым осал тобының жай-күйі көрсеткіштерінің жағымсыз ауытқуы байқалмайтын атмосфералық ауадағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы және (немесе) физикалық әсер етудің шекті жол берілетін деңгейлері түрінде атмосфералық ауа сапасының неғұрлым қатаң аумақтық экологиялық нормативтерін белгілеуге міндетті.
8. Тұрғын, өндірістік және өзге де үй-жайлардың ішіндегі ауа сапасының нормативтері, сондай-ақ өнеркәсіптік (өндірістік) аймақтар шегіндегі атмосфералық ауа сапасының нормативтері Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес гигиеналық нормативтермен белгіленеді. Көрсетілген нормативтер экологиялық нормативтерге жатпайды және Қазақстан Республикасының экология заңнамасында реттелмейді.
201-бап. Атмосфералық ауаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтері
1. Мемлекет атмосфералық ауаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында атмосфералық ауаға жол берілетін антропогендік әсер етудің мынадай нормативтерін белгілейді:
1) жол берілетін шығарындылар нормативтері;
2) шығарындылардың технологиялық нормативтері;
3) атмосфералық ауаға жол берілетін физикалық әсер етудің нормативтері.
2. Атмосфералық ауаға жол берілетін антропогендік әсер етудің нормативтерін айқындау қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
202-бап. Жол берілетін шығарындылар нормативтері және шығарындылардың технологиялық нормативтері
1. Жол берілетін шығарынды нормативі - экологиялық рұқсатта белгіленетін және атмосфералық ауаға шығару үшін жол берілетін (рұқсат етілген) ластағыш заттың немесе ластағыш заттар қоспасының ең жоғары массасы ретінде айқындалатын экологиялық норматив.
2. Жеке стационарлық көз және (немесе) І немесе ІІ санаттағы объектінің құрамына кіретін стационарлық көздердің жиынтығы үшін жол берілетін шығарындылар нормативтері әсер ету саласы шегіндегі атмосфералық ауаға жалпы жүктеме қоршаған орта сапасының белгіленген экологиялық нормативтерін немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін бұзуға алып келмейтіндей етіп ластағыш заттардың жерге жақын концентрацияларын сейілтуді модельдеу әдісі қолданыла отырып, есептеу арқылы айқындалады.
Ластағыш заттардың жерге жақын концентрацияларын сейілтуді модельдеу арқылы айқындалған аумақ (акватория) әсер ету саласы деп есептеледі.
Стационарлық көздердің жиынтығы үшін әсер ету саласы шығарындылардың жекелеген стационарлық көздерінің әсер ету салаларының жиынтығы ретінде есептеледі.
3. Атмосфералық ауаға жалпы жүктеме деп:
1) қазіргі әсер ету деңгейлері (жұмыс істеп тұрған шығарынды көздері үшін) немесе негізделген болжамды әсер ету деңгейі (жаңа және реконструкцияланатын шығарынды көздері үшін) ескеріле отырып, жол берілетін шығарынды нормативтері әзірленетін І немесе ІІ санаттағы объект шығарындыларының;
2) әдеттегі табиғи процестер нәтижесінде атмосфералық ауаға босап шығуына немесе онда ластағыш заттардың түзілуіне байланысты атмосфералық ауадағы ластағыш заттардың массалық концентрациясы деп түсінілетін атмосфералық ауаның табиғи фонының;
3) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектіге қатысты жол берілетін шығарынды нормативтерін айқындау кезінде жүзеге асырылатын басқа да стационарлық және жылжымалы көздердің шығарындыларына байланысты атмосфералық ауадағы ластағыш заттардың массалық концентрациясы деп түсінілетін атмосфералық ауаның базалық антропогендік фонының жиынтық әсер етуі түсініледі.
4. Атмосфералық ауаға жалпы жүктеме аумақтар мен акваториялардың өздеріне қатысты экологиялық нормалау жүзеге асырылатын географиялық, климаттық және өзге де табиғи жағдайлары мен ерекшеліктері ескеріле отырып айқындалады. Атмосфералық ауаға жалпы жүктемені айқындау кезінде осы баптың 3-тармағында көрсетілген әсер етудің күнтізбелік жыл ішіндегі тұрақсыздығы (маусымдылығы) да ескеріледі.
5. Жол берілетін шығарындылардың нормативтері әрбір ластағыш зат үшін:
1) бөлінетін құрғақ газдар көлемінің бірлігіндегі ластағыш заттың массасы деп түсінілетін және миллиграмның текше метрге арақатынасы ретінде көрсетілетін ластағыш заттың массалық концентрациясы;
2) уақыт бірлігінде шығарылатын ластағыш заттың массасы деп түсінілетін және грамның секундқа арақатынасы ретінде көрсетілетін ластағыш заттың массалық ағынының жылдамдығы түрінде белгіленеді.
Бөлінетін газдардың массалық ағынының көлемі мен жылдамдығына қатысты көрсеткіштер стандартты 293.15 К және 101.3 кПа жағдайларда және егер Қазақстан Республикасының экология заңнамасында өзгеше тікелей көзделмесе, су буының құрамы шегерілгеннен кейін айқындалады.
Ластағыш заттың массалық концентрациясының көрсеткіштері шығарындылардың стационарлық көзінің атмосфералық ауаны қорғау тұрғысынан неғұрлым қолайсыз жағдайларда пайдаланылуы кезінде қалыпты (регламенттік) жұмысының күнтізбелік бір тәулік ішіндегі шығарындының тиісті көрсеткіштерін орташалау арқылы айқындалады.
Ластағыш заттың массалық ағыны жылдамдығының көрсеткіштері шығарындылар көзінің атмосфералық ауаны қорғау тұрғысынан неғұрлым қолайсыз жағдайда пайдаланылуы кезінде қалыпты (регламенттік) жұмысының бір сағат ішіндегі шығарындының тиісті көрсеткіштерін орташалау арқылы айқындалады.
6. Шығарындылар, егер:
1) жаппай концентрациялардың күнтізбелік тәуліктегі орташаланған көрсеткіштері жаппай концентрациялардың белгіленген мәнінен асып түсетін болса;
2) массалық концентрациялардың отыз минуттағы орташаланған көрсеткіштері массалық концентрациялардың белгіленген мәнінен екі және одан көп есе асып түсетін болса, нормативтен жоғары болып есептеледі.
7. Атмосфералық ауаға жол берілетін жиынтық антропогендік жүктеменің белгіленген нормативтерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында экологиялық рұқсатта жол берілетін шығарындылар нормативтерімен қатар әрбір стационарлық көз бен І және ІІ санаттағы тұтас объектілер үшін жылына тоннамен көрсетілген шығарындыларға арналған жылдық лимиттер белгіленеді.
8. Жол берілетін шығарындылар нормативтері І немесе ІІ санаттағы объектінің құрамына кіретін стационарлық көздерді пайдаланудың штаттық (регламенттік) жағдайлары үшін, олардың жобалау құжаттарында көзделген ең жоғары жүктемесі (қуаты) кезінде, оның ішінде барлық желдету жүйелері мен құрылғылары және газ тазарту қондырғылары қалыпты (регламенттік) жұмыс істеген жағдайда белгіленеді.
I немесе II санаттағы объектінің жол берілетін шығарындыларының нормативтері оның қалыпты жұмыс істеу жағдайлары үшін даму перспективасы, яғни технологиялық регламентте көзделген желдету жүйесі мен құрылғыларын және шаң-газ тазарту жабдығын қоса алғанда, жабдықты жүктеу және оны пайдалану режимдері ескеріле отырып белгіленеді. Бұл ретте I немесе II санаттағы жұмыс істеп тұрған объектілер үшін жобада белгіленген көрсеткіштер шегінде жабдықтың соңғы үш жылдағы нақты ең жоғары жүктемесі ескеріледі.
9. Жол берілетін шығарындылар нормативтерінің жобаларында және жобалау құжаттамасында шығарындыларды есептеу үшін пайдаланылатын бастапқы деректерден ауытқыған кезде, жол берілетін шығарындылардың белгіленген нормативтері мен технологиялық нормативтер сақталған жағдайда, шикі газды технологиялық тұрғыдан лажсыз жағудан болатын шығарындыларға рұқсат етіледі.
Көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган технологиялық жабдықтың жұмысында технологиялық іркіліс, істен шығу немесе ауытқу кезінде технологиялық тұрғыдан лажсыз жағу ретінде танымаған шикі газды алау етіп жағу кезіндегі шығарындылар нормативтен жоғары деп танылады.
10. Жол берілетін шығарындылар нормативтері авариялық шығарындылар үшін есептелмейді және белгіленбейді. Авариялық шығарынды деп I немесе II санаттағы объектіні пайдалану кезінде болған авариядан туындаған, күтпеген, болжанбаған және әдейі жасалмаған шығарынды түсініледі.
Нақты авариялық шығарындыларды есепке алу қағидалары осы Кодексте айқындалады.
11. Егер стационарлық көздің шығарындылары құрамында сапаның экологиялық нормативтері белгіленбеген заттар болса, қоршаған ортаға әсер етуге міндетті бағалау жүргізу шеңберінде олардың қоршаған ортаға ықтимал жағымсыз әсер етуіне де бағалау жүргізілуге тиіс. Мұндай бағалау жүргізудің мақсаты жекелеген заттардың зерттелетін аумаққа жағымсыз әсер етуінің түрі мен дәрежесін, сондай-ақ халық пен қоршаған орта үшін елеулі қауіпті теріс салдарларды айқындау болып табылады. Заттардың қоршаған ортаға ықтимал жағымсыз әсер етуіне бағалау жүргізу озық практикалар мен ғылыми жетістіктерге негізделуге тиіс.
Заттардың қоршаған ортаға ықтимал жағымсыз әсер етуіне бағалау жүргізу процесінде халықтың денсаулығына зиян келтірілу тәуекелі әрқашан елеулі фактор ретінде қаралады, ал табиғи құрамдастар үшін жағымсыз салдарлар мынадай аспектілерді:
1) Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес айқындалған жердің нысаналы мақсаты мен жер пайдалану шарттарын;
2) Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес айқындалған су объектілерінің нысаналы мақсаты мен су пайдалану шарттарын;
3) ұлттық және жергілікті деңгейлерде мемлекеттік экологиялық саясатты іске асыру шеңберінде белгіленген мақсаттарды, міндеттер мен іс-шараларды;
4) жер учаскелерінің меншік иелерінің, жер пайдаланушылар мен су пайдаланушылардың осындай зат шығарындысының ықтимал зиянды әсер етуінен қозғалатын құқықтары мен заңды мүдделерін;
5) тиісті аумақта (акваторияда) қоршаған ортаны қорғау және оның сапасын жақсарту бойынша жоспарланатын немесе іске асырылатын шараларды қарау мен талдау нәтижелері бойынша елеулі деп танылады.
12. Егер сейілуді есептеу нәтижелері бойынша бағалаудың кез келген нүктесінде сапаның белгіленген экологиялық нормативтерінен асып кету анықталса, экологиялық рұқсат мынадай шарттардың бірі орындалған кезде ғана:
1) өздеріне қатысты жол берілетін шығарынды нормативтерін есептеу жүзеге асырылатын стационарлық көздің немесе стационарлық көздер тобының үлесі осы ластағыш зат үшін белгіленген сапаның экологиялық нормативінің жылдық мәнінің үш пайызынан аспаса және объектінің операторы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының немесе экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасының шеңберінде шығарындыларды ең үздік қолжетімді техникаларды ендіруге байланысты шығарындылардың технологиялық көрсеткіштерінің ең аз мәнінен асатын деңгейге дейін қысқарту жөніндегі іс-шараларды орындау міндеттемесін өзіне қабылдаған жағдайда;
2) объектінің операторы экологиялық рұқсатта айқындалған, экологиялық рұқсат берілген күннен бастап күнтізбелік бір жылдан аспайтын мерзімге атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативтерін сақтауға кепілдік беретін атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізу бойынша міндеттемені (оның ішінде отынды немесе шикізатты неғұрлым экологиялық таза түрлеріне ауыстыру, өндіріс технологиясына өзгерістер енгізу, ластағыш заттың сейілу жағдайларын жақсарту үшін шығарындылардың өзге де параметрлерін өзгерту және өзге де осындай іс-шаралар арқылы) өзіне қабылдаса, берілуі мүмкін.
13. Кешенді экологиялық рұқсатта І санаттағы объектілер үшін жол берілетін шығарындылар нормативтерінен бөлек, технологиялық нормативтер белгіленеді.
14. І санаттағы жаңа және реконструкцияланатын объектілерге қатысты, егер ластағыш заттардың жерге жақын концентрацияларының сейілуін есептеу нәтижелері атмосфералық ауаға жалпы жүктеме қоршаған орта сапасының белгіленген экологиялық нормативтерін немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін бұзуға алып келетінін көрсетсе, кешенді экологиялық рұқсатта қоршаған орта сапасының экологиялық нормативтерінің немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің сақталуын қамтамасыз ететіндей болуы үшін ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты технологиялық нормативтерге сәйкес келетіндерге қарағанда жол берілетін шығарындылардың неғұрлым қатаң нормативтері белгіленуге тиіс.