167-бап. Мемлекеттік байқау желісі
1. Мемлекеттік байқау желісі - бұл Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің шаруашылық жүргізуіндегі, қоршаған ортада болып жатқан физикалық және химиялық процестерді бақылауға, оның метеорологиялық, гидрологиялық сипаттамаларын және қоршаған ортаның ластану жай-күйін айқындауға арналған өзара байланысты стационарлық және жылжымалы байқау пункттерінің жүйесі.
Анық ақпарат алу мақсатында мемлекеттік байқау желісінің стационарлық байқау пункттерінің айналасында күзет аймақтары құрылады.
Күзет аймақтарының шекараларын анықтау мен белгілеу тәртібі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін Стационарлық байқау пункттері және мемлекеттік байқау желісі атмосферасының ластану жай-күйін байқау пункттері туралы ережеге сәйкес айқындалады.
2. Мемлекеттік байқау желісінің стационарлық байқау пункттеріне жүріп өту немесе көлікпен өту жүзеге асырылатын жер учаскелеріне Қазақстан Республикасының жер заңнамасында айқындалған тәртіппен сервитуттар белгіленуі мүмкін.
3. Мемлекеттік байқау желісінің реперлік (тірек) стационарлық байқау пункттерінің жер учаскелері алып қоюға жатпайды. Стационарлық байқау пункттерінің жер учаскелері айрықша жағдайларда ғана мемлекет мұқтажы үшін алып қойылуы мүмкін, бұл ретте көшіру қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және Ұлттық гидрометеорологиялық қызметпен келісу бойынша, осындай көшіруге бастамашы болған тұлғалардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
4. Климат өзгеруінің көпжылдық үрдістеріне, агрометеорологиялық сипаттамаларға, құрлықтың су объектілерінің, теңіздің гидрологиялық жай-күйіне, климаттық жағдайлардың және шаруашылық қызметтің өзгеруі ықпалынан болатын геофизикалық процестерге зерделеу жүргізуге мүмкіндік беретін байқау пункті мемлекеттік байқау желісінің реперлік байқау пункті болып табылады.
5. Мемлекеттік байқау желісі атмосферасы ластануының жай-күйін байқау пункттерінің саны халықтың санына, жергілікті жер бедеріне, нақты ластану деңгейіне қарай айқындалады.
6. Мемлекеттік байқау желісінің жаңадан ашылатын немесе көшірілуге жататын стационарлық байқау пункттерінің және атмосфераның ластану жай-күйін байқау пункттерінің орналасқан жерін (дислокациясын) айқындау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің шешімімен жүргізіледі.
Мемлекеттік байқау желісінің стационарлық қадағалау пункттері мен атмосфераның ластану жай-күйін байқау пункттерінің қызметін тоқтату қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің шешімімен жүргізіледі.
Мемлекеттік бақылау желісінің қызметін ұйымдастыруды Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет жүзеге асырады.
7. Мемлекеттік байқау желісі, оның ішінде оған бөлінген жер учаскелері мен акваториялардың бөліктері, сондай-ақ мүлік тек қана мемлекеттік меншікке жатады, мемлекеттің қорғауында болады және жекешелендіруге жатпайды.
168-бап. Ұлттық гидрометеорологиялық қызметті қаржыландыру
Ұлттық гидрометеорологиялық қызметті қаржыландыру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты және өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
169-бап. Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің ақпарат беру шарттары
1. Метеорологиялық, гидрологиялық ақпаратты және қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпаратты беру тәртібі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің ақпарат беру қағидаларында айқындалады.
2. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін басқару органдарын, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органды гидрометеорологиялық ақпаратпен қамтамасыз етуді жалпымемлекеттік және халықаралық маңызы бар қызметтер көрсету шеңберінде Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет жүзеге асырады.
3. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, мемлекеттік байқау желісін пайдаланып байқау нәтижесінде алынған деректерді қолдана отырып, мемлекеттік органдарға өзге де қызметтер көрсетуге құқылы.
10-БӨЛІМ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТАБИҒИ РЕСУРСТАРЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК КАДАСТРЛАРЫ
170-бап. Қазақстан Республикасы табиғи ресурстары мемлекеттік кадастрларының бірыңғай жүйесі туралы жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы табиғи ресурстары мемлекеттік кадастрларының бірыңғай жүйесі (бұдан әрі - Кадастрлардың бірыңғай жүйесі) Қазақстан Республикасының табиғи және экономикалық әлеуетін бірыңғай жалпымемлекеттік кешенді есепке алу мен бағалауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы табиғи ресурстарының мемлекеттік кадастрларының барлық түрін біріктіретін салааралық ақпараттық жүйе ретінде құрылады және жүргізіледі.
2. Табиғи ресурстардың мемлекеттік кадастрлары табиғи ресурстардың сандық және сапалық көрсеткіштері туралы ақпараттың жүйеленген жиынтығын білдіреді және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен жұмыс істейді.
3. Қоршаған ортаның өзара әрекеттестіктегі жер, су, орман, топырақ, жер қойнауы, өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі сияқты құрамдас бөліктері Кадастрлардың бірыңғай жүйесінің объектілері болып табылады.
4. Кадастрлардың бірыңғай жүйесін жүргізуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган табиғи ресурстардың тиісті түрлерінің мониторингін жүзеге асыратын арнайы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, табиғи ресурстардың жай-күйі мен пайдаланылуын есепке алу деректері негізінде ұйымдастырады.
Кадастрлардың бірыңғай жүйесін жүргізу қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
5. Табиғи ресурстардың мемлекеттік кадастрларының жүйелерінде географиялық байланысы мен ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетіле отырып, әрбір есептік кадастрлық объектіге арналған оның жай-күйі туралы құжаттық мәліметтер цифрлық түрде қамтылады.
6. Кадастрлардың бірыңғай жүйесін жүргізудің негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:
1) кадастрлық ақпаратты өңдеу мен беру технологиясының бірлігі;
2) автоматтандырылған ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану;
3) ақпаратты толықтыру мен жаңартудың объективтілігі;
4) Мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге құпияны құрайтын ақпараттан басқа кадастрлардың бірыңғай жүйесінде қамтылған ақпараттың жалпыға бірдей қолжетімділігі.
171-бап. Кадастрлардың бірыңғай жүйесінің құрылымы мен мазмұны
Кадастрлардың бірыңғай жүйесінің құрылымын мынадай есепке алу объектілері құрайды, олар бойынша мониторингті мынадай арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар:
1) мемлекеттік жер кадастры бойынша - жер ресурстарын басқару саласындағы орталық уәкілетті орган және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы;
2) мемлекеттік су кадастры (жерүсті және жерасты су объектілері, су ресурстарын пайдалану) бойынша - қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы, жер қойнауын зерделеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдар - тұтас республика бойынша, ал олардың аумақтық органдары - өзендер бассейндері мен әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде;
3) мемлекеттік орман кадастры бойынша - орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - тұтас республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде;
4) жер қойнауының мемлекеттік қорының бірыңғай кадастры бойынша - жер қойнауын зерделеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган - тұтас республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастры бойынша - ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - тұтас республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде;
6) жануарлар дүниесінің мемлекеттік кадастры бойынша - жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - тұтас республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде жүзеге асырады.
172-бап. Ақпарат беру
1. Арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар табиғи ресурстар кадастрларын жүргізу шеңберінде алынған объектілерді есепке алу мен тіркеу нәтижелерін Кадастрлардың бірыңғай жүйесін жүргізу қағидаларына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесіне өтеусіз береді.
2. Кадастрлардың бірыңғай жүйесіне енгізілген объект туралы деректерде мыналар қамтылуға тиіс:
1) арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар бекіткен есептік материалдар, объектінің паспорты және статистикалық ақпарат;
2) объектінің кеңістіктегі жағдайы туралы картографиялық материал және аумақты кешенді бағалауға қажетті басқа да деректер.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган кадастрларда қамтылатын ақпаратқа табиғи ресурстардың тиісті түрлерінің мониторингін жүзеге асыратын арнайы уәкілетті мемлекеттік органдардың қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті.
11-БӨЛІМ. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ
12-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ
173-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылау
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын жеке және заңды тұлғалардың сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған қызметі мемлекеттік экологиялық бақылау болып табылады.
2. Мемлекеттік экологиялық бақылау мынадай:
1) қоршаған ортаны қорғау саласында осы Кодекстің ережелерінің сақталуы;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында экологиялық талаптардың сақталуы;
3) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды консервациялау және олардың салдарларын жою, бүлінген жерлерді рекультивациялау кезінде экологиялық талаптардың сақталуы;
4) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындау;
5) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторының осы Кодексте айқындалған талаптарды орындауы;
6) біліктілік талаптарының және қоршаған ортаны қорғау саласындағы лицензияланатын қызмет түрлерін, сондай-ақ өзіне қатысты хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті жүзеге асыру қағидаларының сақталуы;
7) Қазақстан Республикасы экология заңнамасының қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі талаптарын жергілікті атқарушы органдардың сақтауы бағыттары бойынша жүзеге асырылады.
174-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылаудың нысандары
1. Мемлекеттік экологиялық бақылау мынадай:
1) субъектіге (объектіге) бармай профилактикалық бақылау;
2) субъектіге (объектіге) бару арқылы профилактикалық бақылау;
3) тексеру нысандарында жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүргізу тәртібі осы Кодекстің және Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің нормаларында белгіленген.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік экологиялық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізуге қатысты құжаттардың нысандарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бұқаралық ақпарат құралдарынан және қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесінен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынылған құжаттама мен есептіліктен алынған деректерді талдау арқылы жүргізеді.
Бұл ретте белгілі бір аумақтағы, оның ішінде көпшілік тынығатын орындардағы халықтың тыныс-тіршілігі жағдайларын тікелей қозғайтын қоршаған ортаны қорғау саласындағы бұзушылықтар немесе бұзушылықтардың жасалу тәуекелдері туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарды, жобалаудан кейінгі талдау нәтижелері бойынша қорытындыларды, сондай-ақ қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесінен, қоршаған ортаға ластағыш заттар эмиссияларының нормативтерінен елеулі түрде асырып жіберу туралы деректерді талдау нәтижелері Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 146-бабының 3-тармағына сәйкес бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалау немесе жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз болуы мүмкін.
Қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесінен деректерді талдау нәтижелері бойынша субъектіге (объектіге) бару арқылы профилактикалық бақылау немесе жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін негіздер осы Кодекстің 186-бабының 4-тармағына сәйкес қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесінен деректерді өңдеу, беру, сақтау және пайдалану тәртібін көздейтін, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларда айқындалады.
4. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудің мақсаттары Қазақстан Республикасының экология заңнамасын бұзушылықтардың жолын уақтылы кесу және оларға жол бермеу, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды дербес жою құқығын бақылау субъектілеріне беру болып табылады.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдары бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының экология заңнамасын бұзушылықты анықтаған жағдайда, бұзушылық анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде ақпараттық хат ресімделеді және бақылау субъектісіне жіберіледі.
6. Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген ақпараттық хат мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - ақпараттық хатта алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;
2) пошта не курьерлік қызмет арқылы - алғаны тіркелген күннен бастап;
3) электрондық тәсілмен - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның сұрау салуы кезінде хатта көрсетілген бақылау субъектісінің электрондық мекенжайына жөнелтілген күннен бастап бақылау субъектісіне табыс етілді деп есептеледі.
7. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған Қазақстан Республикасының экология заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы ақпараттық хатты алған бақылау субъектісі ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға анықталған бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуға міндетті.
8. Ақпараттық хатта көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісі ақпараттық хатқа осындай хатты алған күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қарсылық ұсынуға құқылы.
9. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жоймау, сол сияқты бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын мерзімінде ұсынбау тиісті субъектіні (объектіні) бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау тізіміне енгізу үшін негіз болып табылады.
175-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізу кезінде нұсқамалардың орындалуын қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын бұзушылық анықталған кезде мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар жеке және заңды тұлғаларға мұндай бұзушылықты жою туралы нұсқама шығарады.
2. Нұсқаманы жасау тәртібі және оның мазмұны Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде белгіленеді.
3. Мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісінің анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау жөніндегі міндеттемесі мемлекет кірісіне есептелетін өсімпұлмен қамтамасыз етіледі.
Өсімпұл әрбір жұмыс күні үшін ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде есептеледі.
Өсімпұл Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындаудың барынша қысқа мерзімі өткен кезден бастап есептеледі.
4. Өсімпұлды төлеу туралы талапты мемлекеттік экологиялық бақылаудың лауазымды адамдары анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау мерзімі өткен жағдайда ғана жібереді. Мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісі есепке жазылған өсімпұлды тиісті талап жіберілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде ерікті түрде төлемеген жағдайда, мемлекеттік экологиялық бақылаудың лауазымды адамдарының есепке жазылған өсімпұлды өндіріп алуы сот тәртібімен жүзеге асырылады.
176-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыру мен жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарының бұзылуы нәтижесінде алынған экономикалық пайда сомасын анықтау
1. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзудың профилактикасы және оның қайта жасалуын болғызбау мақсатында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жағдайларда мемлекеттік экологиялық бақылауды жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарының бұзылуы нәтижесінде мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісі алған экономикалық пайданың сомасын айқындайды.
2. Қазақстан Республикасының экология заңнамасы талаптарының бұзылуы нәтижесінде мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісі алған экономикалық пайда мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісінің Қазақстан Республикасы экология заңнамасы талаптарының бұзылуы нәтижесінде ақша қаражатын үнемдеу немесе кіріс (түсім) алу түріндегі артықшылық алуы болып танылады
3. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісінің экономикалық пайда сомасының пайызымен көрсетілген айыппұл салуға алып келетін Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын бұзу фактісі анықталған күннен бастап бір ай мерзімде материалдарды жинау мен талдауды жүргізеді, осындай бақылау субъектісінен бұл үшін қажетті ақпаратты талап етеді және Қазақстан Республикасы экология заңнамасы талаптарының бұзылуы нәтижесінде алынған экономикалық пайда сомасын айқындайды.
4. Мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісінің кіріс (түсім) алуы түріндегі экономикалық пайда сомасын экологиялық рұқсатсыз жаңадан пайдалануға берілген не қоршаған ортаға әсер ету туралы декларациясыз пайдаланылатын объект қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді жүзеге асырған кезде айқындайды.
Қалған жағдайларда экономикалық пайда сомасы мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісінің Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын бұзу нәтижесінде ақша қаражатын үнемдеуі түрінде айқындалады.
Қазақстан Республикасы экология заңнамасы талаптарының бұзылуы нәтижесінде алынған экономикалық пайда сомасын айқындау әдістемесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
177-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға мыналар жатады:
1) Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы;
2) Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік экологиялық инспекторының орынбасары;
3) Қазақстан Республикасының аға мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бас мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
6) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аға мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
7) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың мемлекеттік экологиялық инспекторлары.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген лауазымды адамдарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган тағайындайды.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшелері мемлекеттік қызметшілерінің санаттарын осы баптың 1-тармағында көрсетілген лауазымды адамдарға жатқызу тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
3. Мемлекеттік экологиялық инспекторлар белгіленген тәртіппен нысанды киіммен (погонсыз), белгіленген үлгідегі қызметтік куәліктермен және мөрлермен қамтамасыз етіледі.
Нысанды киімді (погонсыз) киіп жүруге құқығы бар лауазымды адамдар лауазымдарының тізбесін, нысанды киімнің (погонсыз) үлгілерін, оны киіп жүру тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
4. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік экологиялық инспекторының, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бас мемлекеттік экологиялық инспекторларының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және экологиялық инспектор лауазымы атауы бар құжаттардың бланкілері болады.
178-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құқықтары мен міндеттері
1. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) тиісті заңды негіз болған кезде субъектіге (объектіге) бару арқылы профилактикалық бақылау немесе тексеру жүргізу үшін тексерілетін объектінің аумағына және үй-жайына, оның ішінде сынамаларды іріктеу үшін өлшеу аспаптарымен және жабдығымен кіруге және қажет болған кезде, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мамандарды, консультанттар мен сарапшыларды тарта отырып, қажетті өлшеулерді жүзеге асыруға, сынамалар (оның ішінде тауарлар мен материалдардың үлгілерін) алуға және оларды талдауға;
2) тексерілетін субъектілерден (объектілерден) сынамаларды зертханалық зерттеу нәтижелерін және қоршаған ортаға антропогендік әсер ету көлемін айқындауға қажетті өзге де материалдарды сұратуға және алуға;
3) мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісінің Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұза отырып жүзеге асырылатын қызметін шектеу, тоқтата тұру және оған тыйым салу туралы сотқа талап қоюға;
4) экологиялық залал келтіру фактілерін анықтауға және осы Кодекстің талаптарына сәйкес оны жою жөніндегі шараларды айқындауға қатысуға;
5) Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзушылардың әрекеттерін болғызбау немесе оның жолын кесу үшін жәрдем көрсетуді сұрап прокуратураға және өзге де құқық қорғау органдарына жүгінуге;
6) Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзуға байланысты жеке және заңды тұлғалардың рұқсаттарын, қорытындыларын, лицензияларын және басқа да рұқсат беру құжаттарын кері қайтарып алу, олардан айыру және олардың қолданысын тоқтата тұру бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қолдануға құқылы.
2. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда арнайы құралдарды (мамандандырылған байланыс құралдарын, фото-, бейнеаппаратураны, өлшеу құралдарын) сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқығы бар.
3. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының экология заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасасуға міндетті.
179-бап. Апелляциялық комиссияның шағымды қарау тәртібі
1. Мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісі сотқа жүгінгенге дейін апелляциялық комиссияға тексеру нәтижелері туралы актіге шағымды қарау туралы өтінішхатты мәлімдеуге құқылы.
2. Апелляциялық комиссияның құрамына қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері міндетті түрде кіреді.
3. Апелляциялық комиссия қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның тексеру нәтижелері туралы актісіне шағымды шағым жасалған мәселелер шегінде қарайды.
4. Тексеру нәтижелері туралы актіге шағым Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және мерзімдерде жазбаша нысанда беріледі.
5. Апелляциялық комиссияның шешімі ұсынымдық сипатта болады.
6. Апелляциялық комиссия жыл сайын тексерулер нәтижелері туралы актілерге шағымдарды қарау нәтижелеріне жинақтап-қорытуды жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдайды.