Алқалы атқарушы органның шешімдері хаттамамен ресімделеді, оған атқарушы органның отырысқа қатысқан барлық мүшелері қол қоюға және онда дауыс беруге қойылған мәселелер, алқалы атқарушы органның әр мүшесінің әрбір мәселе бойынша дауыс беру нәтижесі көрсетіліп, бұлар бойынша дауыс беру қорытындысы қамтылуға тиіс.
Атқарушы орган мүшесінің дауыс беру құқығын өзге адамға, оның ішінде атқарушы органның басқа мүшесіне беруге жол берілмейді.
2. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (жергілікті атқарушы орган) алқалы атқарушы органның басшысы мен мүшелерін байқау кеңесінің ұсынуы бойынша лауазымға тағайындайды және оның алдын ала келісімі бойынша лауазымынан босатады.
Атқарушы органның басшысы мен мүшесін сайлау, тағайындау, аттестаттаудан өткізу осы Заңның 139-бабының 3-тармағында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
Алқалы атқарушы органның басшысымен және мүшелерімен жасалатын еңбек шартына денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (жергілікті атқарушы орган) қол қояды.
3. Атқарушы органның басшысы:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган және байқау кеңесі шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;
2) үшінші тұлғалармен қатынастарда денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын атынан әрекет етеді;
3) банктік шоттар ашады, барлық жұмыскерлер үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
4) үшінші тұлғалармен қатынастарда денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның мүддесін білдіру құқығына сенімхат береді;
5) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын жұмыскерлерін қабылдауды, ауыстыруды және жұмыстан шығаруды жүзеге асырады, оларға көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жазалар қолданады;
6) өзі болмаған жағдайда өз міндеттерін атқаруды атқарушы орган мүшелерінің біріне жүктейді;
7) атқарушы орган мүшелерінің арасында міндеттерді, сондай-ақ өкілеттіктер саласын және жауапкершілікті бөледі;
8) денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның жарғысында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асырады.
4. Атқарушы органның мүшесі байқау кеңесінің келісімімен ғана басқа ұйымдарда жұмыс істеуге құқылы.
Алқалы атқарушы органның басшысы мен мүшелері немесе атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адам басқа заңды тұлғаның атқарушы органы басшысының не атқарушы органының функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адамның лауазымын атқаруға құқылы емес.
Атқарушы орган мүшесінің функциялары, құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның жарғысында, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның аталған адаммен жасайтын еңбек шартында айқындалады.
150-2-бап. Денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның ішкі аудит қызметі
1. Денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметінің тиімділігіне мониторингті жүзеге асыру үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) шешімі бойынша ішкі аудит қызметі құрылуы мүмкін.
2. Ішкі аудит қызметінің жұмыскерлері байқау кеңесінің және атқарушы органның құрамына сайлана алмайды.
3. Ішкі аудит қызметі байқау кеңесіне тікелей бағынады және оның алдында өз жұмысы туралы есеп береді.».
7-тармақ 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
7. «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 7, 36-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 15, 78-құжат; № 19-II, 103, 104-құжаттар; № 20-I, 111-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 23-I, 169-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 7-II, 53, 56-құжаттар; 2017 ж., № 11, 29-құжат; № 23-V, 113-құжат; 2018 ж, № 10, 32-құжат; № 19, 62-құжат):
102-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық қамтамасыз етілуге құқығы бар. Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің қызмет (жұмыс) орны немесе тұрғылықты жері бойынша тиісті бөлімшелері бар медициналық ұйымдар, мамандар не арнайы жабдық болмаған кезде медициналық көрсетілімдер бойынша медициналық көмекті денсаулық сақтау субъектілері:
1) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде;
2) «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетеді.
Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілері көрсететін қызметтерге ақы төлеуді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүзеге асырады.
Азаматтық қорғау органдары қызметкерлеріне тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілері көрсететін қызметтерге ақы төлеуге әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының шығындарын өтеу денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға көзделген бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің өздерімен бірге тұратын отбасы мүшелерінің, сондай-ақ азаматтық қорғау органдарының өзге де жұмыскерлерінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық ұйымдарда медициналық көмекке құқығы бар.
Осы тармақтың төртінші бөлігінде аталған адамдарға медициналық көмек көрсету бойынша медициналық ұйымдар көрсететін қызметтерге ақы төлеуді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры:
1) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде;
2) «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жүзеге асырады.
Қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлері бюджет қаражаты есебінен санаторий-курорттық емделуге жіберіледі.
Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің осы бапта көрсетілген құқықтары мен жеңілдіктері әскери қызметтен (жұмыстан) жасына, денсаулық жағдайына немесе штаттардың қысқартылуына байланысты шығарылған, қызметінің (жұмысының) жалпы ұзақтығы жиырма және одан көп жылды құрайтын азаматтық қорғау органдарының зейнеткерлеріне қолданылады.
Азаматтық қорғаныстың шақыруы бойынша әскери қызметшілердің, ведомствоның білім беру ұйымдары курсанттарының медициналық көрсетілімдері болған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық ұйымдарда тегін медициналық қамтамасыз етілуге құқығы бар.
Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің балалары кәмелеттік жасқа толғанға дейін олардың Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен медициналық және санаторий-курорттық қызмет көрсетілу құқығы сақталады.».
8. «Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы» 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 8, 48-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 16, 79-құжат; № 21-I, 125-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 24, 129, 131-құжаттар; 2017 ж., № 8, 16-құжат; № 14, 50-құжат; 2018 ж., № 7-8, 22-құжат; № 10, 32-құжат; № 16, 56-құжат):
6-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 39-1) тармақшамен толықтырылсын:
«39-1) Жіті байқау жасалатын мамандандырылған типтегі мемлекеттік психиатриялық мекемені күзетуді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп айқындайтын тәртіпке сәйкес қамтамасыз етуге;».
9. «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 9, 51-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 2, 3-құжат; № 8, 45-құжат; № 9, 46-құжат; № 11, 57-құжат; № 16, 79-құжат; № 19-II, 103-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 21-I, 128-құжат; № 21-III, 135-құжат; № 22-II, 144, 145-құжаттар; № 22-V, 156, 158-құжаттар; № 22-VI, 159-құжат; № 23-I, 169-құжат; 2016 ж., № 1, 2, 4-құжаттар; № 6, 45-құжат; № 7-I, 50-құжат; № 7-II, 53-құжат; № 8-I, 62-құжат; № 8-II, 68-құжат; № 12, 87-құжат; 2017 ж., № 1-2, 3-құжат; № 4, 7-құжат; № 9, 21, 22-құжаттар; № 11, 29-құжат; № 12, 34-құжат; № 23-III, 111-құжат; № 23-V, 113-құжат; № 24, 115-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 13, 41-құжат; № 14, 44-құжат; № 15, 47, 49-құжаттар):
1) 2-қосымшада:
120-жол мынадай редакцияда жазылсын:
«
120. | Эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге және гигиеналық нормативтерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беру | Эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге және гигиеналық нормативтерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды | |
»;
227-жол «клиникалық» деген сөздің алдынан «интервенциялық» деген сөзбен толықтырылсын;
2) 3-қосымша мынадай мазмұндағы 44-1-тармақпен толықтырылсын:
«44-1. Интервенциялық емес клиникалық зерттеулер жүргізу жөніндегі қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама».
10-тармақ 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
10. «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» 2015 жылғы 19 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 10, 49-құжат; № 15, 78-құжат; № 22-I, 143-құжат; № 22-V, 152-құжат; 2016 ж., № 8-ІІ, 67-құжат; 2017 ж., № 12, 36-құжат; № 14, 53-құжат; № 22-III, 109-құжат; 2018 ж., № 15, 48-құжат; № 16, 53-құжат; № 19, 62-құжат):
1) 30-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«30-бап. «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі» ең төмен әлеуметтік стандарты
«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі» ең төмен әлеуметтік стандарты:
1) жедел медициналық көмек;
2) санитариялық авиация;
3) мыналарды:
Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбеге сәйкес инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық екпелерді;
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында аталған адамдарды қоспағанда, халықтың денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілейтін нысаналы топтарын профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді;
бір жасқа дейінгі балаларға патронажды;
жүктілікті байқау және отбасын жоспарлауды;
денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша созылмалы аурулары бар науқастарды динамикалық байқауды;
денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша әлеуметтік мәні бар аурулар кезінде медициналық-әлеуметтік көмекті;
кезек күттірмейтін медициналық көмекті;
алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының қабылдауын және консультациясын, оның ішінде қатты аурулар немесе созылмалы аурулардың асқынуы кезінде қабылдауын және консультациясын;
денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша диагностикалық көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде зертханалық диагностиканы;
саламатты өмір салты, ұрпақты болу денсаулығы және отбасын жоспарлау мәселелері бойынша пациенттерге консультация беруді қамтитын алғашқы медициналық-санитариялық көмек;
4) алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша;
әлеуметтік мәні бар аурулардан зардап шегетін адамдарды динамикалық байқауды қоса алғанда, оларға медициналық-әлеуметтік көмекті;
бейінді мамандардың динамикалық байқауға жататын созылмалы аурулары бар адамдарды қабылдауын және консультациясын;
денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша диагностикалық көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде зертханалық диагностиканы қамтитын консультациялық-диагностикалық көмек;
5) мыналарға:
әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеуге;
динамикалық байқауға жататын созылмалы ауруларды емдеуге;
тәулік бойы стационар жағдайында емдеуді талап етпейтін диагноз қойылғанға дейін стационардың қабылдау бөлімшесінде емдеу-диагностикалық іс-шаралар жүргізуге арналған стационарды алмастыратын медициналық көмек;
6) мыналарды:
шұғыл көрсетілімдер бойынша ауруханаға жатқызылған пациенттерді;
әлеуметтік мәні бар ауруларды;
денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша инфекциялық аурулар мен айналадағыларға қауіп төндіретін ауруларды;
динамикалық байқауға жататын созылмалы ауруларды емдеуді қамтитын стационарлық медициналық көмек;
7) медициналық көрсетілімдер бойынша қан препараттарымен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету;
8) туберкулезбен ауыратын және туберкулезбен ауырған науқастарды қалпына келтіру емі және медициналық оңалту;
9) халықтың жекелеген санаттарына арналған паллиативтік көмек және мейірбике күтімі;
10) мыналар:
патологиялық-анатомиялық ашу;
динамикалық байқауға жататын созылмалы аурулар; әлеуметтік мәні бар аурулар;
инфекциялық аурулар мен айналадағыларға қауіп төндіретін аурулар кезіндегі патологиялық-анатомиялық диагностика;
11) тіндерді (тіннің бөлігін) немесе ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау мақсатында мәйітті ағзаларды және (немесе) тіндерді алуға дайындау, тінді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алу, консервациялау, дайындау, сақтау, тасымалдау нормалары мен нормативтерін қамтиды.»;
2) 38-1-бап алып тасталсын.
11. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 22-I, 142-құжат; 2016 ж., № 7-I, 49-құжат; № 23, 119-құжат; 2017 ж., № 13, 45-құжат; № 22-III, 109-құжат):
11-тармақтың 1), 2) және 3) тармақшалары 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
1) 5-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Осындай жарналарды төлеу тоқтатылған кезден бастап үш ай өткеннен кейін төленетін жарналар сомалары төленбеген кезең есебіне есепке жатқызылуға жатады.»;
2) 6-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымын, дәрігерді таңдауға құқығы бар.»;
3) 7-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«7-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек
1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде:
1) алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмек:
он сегіз жасқа дейінгі балаларды және он сегіз жастан үлкен адамдарды уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және кезеңділікпен профилактикалық медициналық қарап-тексерулер;
бейінді мамандардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде динамикалық байқауға жатпайтын аурулары бар адамдарды қабылдауы және консультациясы, уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету;
2) алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша ауруларды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде емдеу жағдайларын қоспағанда, стационарды алмастыратын көмек;
3) ауруханаға жатқызу жағдайларының жоспарланған саны шеңберінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша ауруларды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде емдеу жағдайларын қоспағанда, жоспарлы стационарлық көмек;
4) уәкілетті орган айқындайтын аурулар (жай-күйлер) тізбесі бойынша алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша медициналық оңалту және қалпына келтіру емі;
5) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін аурулардың патологиялық-анатомиялық диагностикасы ұсынылады.
2. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен, мамандандырылған емдік өнімдермен, иммундық-биологиялық препараттармен қамтамасыз ету:
1) денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларына сәйкес - стационарлық және стационарды алмастыратын көмек;
2) белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікпен қамтамасыз ету үшін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің уәкілетті орган бекітетін тізбесіне сәйкес амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде жүзеге асырылады.
3. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілері Қазақстан Республикасында тіркелген дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды, мамандандырылған емдік өнімдерді, иммундық-биологиялық препараттарды пайдаланады. Дәрілік заттар Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға енгізілуге тиіс.
Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды нақты пациенттің тіршілік көрсетілімдері бойынша медициналық көмек көрсетуге не сирек кездесетін және (немесе) аса ауыр патологиясы бар пациенттердің шектеулі контингентіне медициналық көмек көрсетуге уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қолдануға жол беріледі.
4. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан денсаулық сақтау субъектілері ұсынады.
5. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті Қазақстан Республикасының аумағында клиникалық практикаға жіберілген медицина қызметкерлері клиникалық хаттамалар негізінде көрсетеді.»;
4) 11-бапта:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу (ұстап қалу) және аудару тәртібі мен мерзімдерін айқындайды;»;
11) тармақша алып тасталсын;
5) 14-баптың 5-тармағы мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
«1-1) алдыңғы кезең үшін берешегі болмаған кезде аударымдардың және (немесе) жарналардың артық төленген сомаларын қайтарып алуға;»;
6) 17-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«17-бап. Мемлекеттік корпорация
1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мемлекеттік корпорация мемлекеттік монополияға жатқызылатын мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) төлеушілерден қорға түсетін аударымдарды, жарналарды және (немесе) аударымдардың және (немесе) жарналардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшін өсімпұлды өңдеуді және аударуды банктік үш күн ішінде жүзеге асырады;
2) аударымдардың, жарналардың және (немесе) аударымдарды және (немесе) жарналарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдың артық (қате) есепке жатқызылған сомаларын уәкілетті орган айқындаған тәртіппен төлеушілерге қайтаруды жүзеге асырады;
3) аударымдардың және (немесе) жарналардың артық (қате) төленген сомаларын осы қаражат қордан Мемлекеттік корпорацияның шотына аударылған күннен бастап банктік үш күн ішінде төлеушілерге аударуды жүзеге асырады;
4) осы Заңның 26-бабының 1-тармағында аталған адамдар үшін мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарына арналған бюджет қаражатына ай сайынғы қажеттілікті қалыптастырады және уәкілетті органға қажеттілік туралы өтінімдер жібереді.
2. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мемлекеттік корпорация мемлекеттік монополиямен технологиялық байланысты мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) өздері үшін аударымдар және (немесе) жарналар төленген, сондай-ақ осы Заңның 26-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттің жарналар төлеуі көзделген жеке тұлғалардың дерекқорын жаңартып отырады;
2) жеке сәйкестендіру нөмірлері негізінде аударымдарды және (немесе) жарналарды дербестендірілген есепке алуды және ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы мемлекеттік органдар мен мемлекеттік кіріс органдарының ақпараттық жүйелерімен еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі негізінде аударымдардың және (немесе) жарналардың түсімдерін салыстыруды жүзеге асырады;
3) салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің келіп түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органға төлеушілердің түскен және қайтарып алған аударымдары мен жарналарының тізілімдерін ұсынады;
4) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушыларына Қазақстан Республикасы заңнамасының аударымдардың және (немесе) жарналардың жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарын ескере отырып, Мемлекеттік корпорация қызметінің түрлеріне сәйкес ақпараттық көрсетілетін қызметтерді ұсынады;
5) қорға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі ақпараттық жүйелерден ақпарат береді;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа кезде, аударымдардың және (немесе) жарналардың жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етеді;
7) аударымдарды және (немесе) жарналарды аударуды, төлеуді, олардың артық (қате) төленген сомаларын қайтаруды жүзеге асыру мәселелері бойынша қажетті түсініктемелер береді;
8) аударымдардың және (немесе) жарналардың артық (қате) төленген сомаларын қайтаруды жүзеге асыру үшін құжаттарды қалыптастырады және қорға береді;
9) өздері үшін мемлекет жарналар төлейтін адамдардың әлеуметтік мәртебесін жаңартып отыру жөніндегі мемлекеттік қызметтер көрсетуді «бір терезе» қағидаты бойынша қамтамасыз етеді.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, орталық атқарушы органдар және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы және мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында көзделген талаптардың сақталуын ескере отырып, өздерінің қарамағындағы ақпараттық жүйелерге Мемлекеттік корпорацияның өз құзыреті шегінде қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік корпорация Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы және мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес осы тармақтың бірінші бөлігін іске асыру шеңберінде келіп түсетін мәліметтердің қорғалуын қамтамасыз ету бойынша қажетті жағдайлар жасауға міндетті.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынатын мәліметтерге Мемлекеттік корпорацияның қол жеткізуі және оларды пайдалануы уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен қамтамасыз етіледі.
4. Мемлекеттік корпорация аударымдарды және (немесе) жарналарды есепке алу, аудару, қайтару мәселелері бойынша қормен өзара іс-қимыл жасайды.»;
7) 20-баптың 2-тармағының 5) тармақшасындағы «қате төленген сомаларын және», «өсімпұлды» деген сөздер тиісінше «және», «өсімпұлдың артық (қате) төленген сомаларын» деген сөздермен ауыстырылсын;
8) 26-бапта:
1-тармақта:
4) және 5) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«4) осы тармақтың 5) тармақшасында көзделген адамдарды қоспағанда, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі);
5) жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар;»;