44) мынадай мазмұндағы 175-1-баппен толықтырылсын:
«175-1-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар мен білім беру ұйымдарының медициналық білім беру және ғылым саласындағы стратегиялық әріптестікті жүзеге асыруы
1. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар мен білім беру ұйымдарының орнықты дамудың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейiнгi білім беру ұйымдарымен және медициналық ұйымдармен медициналық білім беру және ғылым саласындағы стратегиялық әріптестік туралы шарттар жасасуға құқығы бар.
2. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар мен білім беру ұйымдарының стратегиялық әріптестерді тарту тәртібін уәкілетті орган айқындайды.»;
45) 180 және 181-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«180-бап. Медициналық зерттеулер жүргізу
1. Медициналық зерттеулер тірі адамдар мен жануарларға (зерттеу субъектілеріне), тірі және қайтыс болған адам мен жануардың биологиялық үлгілеріне, сондай-ақ клиникалық-эпидемиологиялық деректерді және өзге де медициналық ақпаратты пайдалану негізінде жүргізілуі мүмкін.
Медициналық зерттеулер медициналық-биологиялық эксперименттерді, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулерді, клиникалық зерттеулер мен қоғамдық денсаулық саласындағы зерттеулерді қамтиды.
2. Медициналық зерттеулердің мақсаттары үшін адам эмбриондарын жасауға және адамды клондауға тыйым салынады.
3. Адам эмбрионын немесе адамның шаранасын зерттеу кезінде немесе одан кейін адам эмбрионы немесе адамның ұрығы бұзылатын медициналық зерттеулерге тыйым салынады.
4. Медициналық зерттеулер мынадай талаптар бір мезгілде сақталған:
1) медициналық зерттеулер жаңа ғылыми деректер алуға және оларды практикалық денсаулық сақтауға енгізуге бағытталған;
2) зерттеу субъектісінің мүдделерін қорғау және оның медициналық ақпаратының құпиялылығы қамтамасыз етілген;
3) зерттеу субъектісінің немесе оның заңды өкілінің зерттеуге қатысуға немесе оның биологиялық үлгілерін және медициналық ақпаратын, оның ішінде ғылыми мақсаттарда биобанкті толтыру үшін пайдалануға келісімі алынған;
4) интервенциялық клиникалық зерттеулер уәкілетті органның рұқсатымен жүргізілетін кезде ғана жүргізілуі мүмкін.
5. Адамдардың мынадай санаттары:
1) кәмелетке толмағандар;
2) жүкті әйелдер;
3) әрекетке қабілетсіз адамдар;
4) медициналық зерттеулерге қатысуы өздерінің оқуымен байланысты жағдайларда білім алушы адамдар;
5) бөгденің көмегіне мұқтаж жасына байланысты зейнеткерлер;
6) әскери қызметшілер;
7) медициналық зерттеулер жүргізілетін медициналық ұйымдардың персоналы;
8) қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдар үшін медициналық зерттеулер, өзге адамдарға жүргізілмейтін және мұндай медициналық зерттеулерге қатысу оларға медициналық зерттеумен байланысты тәуекелдер мен қолайсыздықтардан басым түсетін тікелей пайда әкеледі деп күтуге ғылыми негіздер болған жағдайда ғана жүргізіледі.
6. Медициналық зерттеуге қатысуға келісім алынған кезде кәмелетке толмаған адамның заңды өкіліне, әрекетке қабілетсіз адамның қорғаншысына, пациентке немесе ерік білдірген адамға:
1) медициналық технология, фармакологиялық немесе дәрілік зат, медициналық зерттеудің мәні мен ұзақтығы туралы;
2) медициналық технологияның, фармакологиялық немесе дәрілік заттың қауіпсіздік дәрежесі, олардың тәуекелдері туралы және күтілетін тиімділігі туралы;
3) медициналық технологияны, фармакологиялық немесе дәрілік затты қолданудың денсаулықтың жай-күйіне күтілмеген әсері жағдайындағы әрекеттер туралы;
4) денсаулықты сақтандыру шарттары туралы ақпарат берілуге тиіс.
Бұл ретте медициналық зерттеулер басталғанға дейін кәмелетке толмаған адамның заңды өкілі, әрекетке қабілетсіз адамның қорғаншысы, пациент немесе ерік білдірген адам зерттеудің кез келген сатысында медициналық зерттеулерден бас тарту мүмкіндігі туралы хабарланған болуға тиіс.
7. Медициналық зерттеулер кез келген сатыда:
1) зерттеулерге қатысушы кәмелетке толмаған адамның, оның заңды өкілінің, әрекетке қабілетсіз адамның қорғаншысының, пациенттің немесе ерік білдірген адамның талап етуі бойынша;
2) кәмелетке толмаған адамның, әрекетке қабілетсіз адамның, пациенттің немесе ерік білдірген адамның өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген жағдайда тоқтатылады.
8. Зерттеуге қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтандыру туралы құжаттарды ресімдеу және биоэтика жөніндегі комиссияның оң қорытындысы медициналық зерттеулер жүргізудің міндетті шарттары болып табылады.
9. Медициналық зерттеулер жүргізу қағидаларын және зерттеу орталықтарына қойылатын талаптарды уәкілетті орган бекітеді.
181-бап. Биоэтика жөніндегі комиссиялар
1. Биоэтика жөніндегі комиссия медициналық зерттеулер жүргізумен байланысты құжаттарға медициналық зерттеулерге қатысушылардың қауіпсіздігін және құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында оларды жоспарлау кезеңінде, орындалу барысында және аяқталғаннан кейін биоэтикалық сараптама жүргізетін тәуелсіз сараптама органы болып табылады.
2. Қазақстан Республикасында Биоэтика жөніндегі орталық комиссия және биоэтика жөніндегі жергілікті комиссиялар жұмыс істейді.
3. Биоэтика жөніндегі орталық комиссия мынадай міндеттерді орындау үшін уәкілетті органның жанынан құрылады:
1) қазіргі заманғы денсаулық сақтауды дамыту тұрғысынан биоэтика мәселелері бойынша талдау жүргізу және мамандар мен халықты ақпараттандыру;
2) шетелде өндірілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға интервенциялық клиникалық зерттеулер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан екі және одан көп зерттеу орталықтарында жүргізілетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға интервенциялық клиникалық зерттеулер жүргізуге қорытындылар беру;
3) жүргізілу үшін Биоэтика жөніндегі орталық комиссия қорытынды берген және уәкілетті органның рұқсаты берілген медициналық зерттеулер барысына биоэтикалық мониторингті жүзеге асыру;
4) биоэтика жөніндегі жергілікті комиссиялардың қызметін үйлестіру және олардың қызметінің Биоэтика жөніндегі орталық комиссия бекіткен стандарттарға сәйкестігін бағалау;
5) биоэтика мәселелері бойынша құжаттарды әзірлеуге қатысу.
4. Биоэтика жөніндегі орталық және жергілікті комиссиялар пәнаралық негізде қалыптастырылады және медициналық, гуманитарлық кәсіптердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен және құқық саласындағы мамандардан тұрады.
5. Биоэтика жөніндегі орталық комиссияның құрамын және ол туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
6. Биоэтика жөніндегі жергілікті комиссиялар мынадай міндеттерді орындау үшін медициналық ұйымдардың жанынан құрылады:
1) осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, медициналық зерттеулер жүргізуге қорытындылар беру;
2) жүргізілу үшін осы биоэтика жөніндегі жергілікті комиссия қорытынды берген және уәкілетті органның рұқсаты берілген медициналық зерттеулер барысына биоэтикалық мониторингті жүзеге асыру;
3) Биоэтика жөніндегі орталық комиссияға ол айқындаған тәртіппен жыл сайынғы есепті ұсыну.
7. Биоэтика жөніндегі жергілікті комиссияның құрамы және ол туралы ереже Биоэтика жөніндегі орталық комиссиямен келісу бойынша жергілікті комиссия жанынан құрылатын медициналық ұйымның бірінші басшысының бұйрығымен бекітіледі.
8. Биоэтика жөніндегі жергілікті комиссиялардың Биоэтика жөніндегі орталық комиссия беретін биоэтикалық комиссиялар қызметінің стандарттарға сәйкестігі сертификаты болған жағдайда медициналық зерттеулер жүргізуге қорытындылар беруге құқығы бар.
9. Биоэтика комиссиялары қызметінің талаптарға сәйкестігі сертификатының қолданылу мерзімін және оны беру тәртібін Биоэтика жөніндегі орталық комиссия айқындайды.»;
46) 182-бапта:
1-тармақтың 11) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«11) медицина қызметкері тарапынан ұқыпсыз немесе немқұрайлы қарау болмаған кезде пациенттің өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілгені үшін кәсіптік жауапкершілікті сақтандыруға құқығы бар.»;
5-тармақта:
үшінші бөліктегі «ЖИТС» деген сөз «АИТВ-инфекциясы» деген сөздермен ауыстырылсын;
төртінші бөлік алып тасталсын;
1-тармақтың 47) тармақшасы 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
47) 185-1-бап алып тасталсын.
2. 2014 жылғы 3 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 13-I, 13-II, 83-құжат; № 21, 122-құжат; 2015 ж., № 16, 79-құжат; № 21-III, 137-құжат; № 22-I, 140-құжат; № 22-III, 149-құжат; № 22-V, 156-құжат; № 22-VI, 159-құжат; 2016 ж., № 7-II, 55-құжат; № 8-II, 67-құжат; № 12, 87-құжат; № 23, 118-құжат; № 24, 126-құжат; 2017 ж., № 8, 16-құжат; № 9, 21-құжат; № 14, 50-құжат; № 16, 56-құжат; № 22-III, 109-құжат; № 23-III, 111-құжат; № 24, 115-құжат; 2018 ж., № 1, 2-құжат; № 14, 44-құжат; № 15, 46-құжат; № 16, 56-құжат):
1) мазмұнында 118-баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«118-бап. Адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтыру»;
2) бүкіл мәтін бойынша «АИТВ/ЖИТС» деген сөздер «АИТВ» деген сөзбен ауыстырылсын;
3) 317-бапта:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Медицина немесе фармацевтика қызметкерiнiң кәсiптік мiндеттерiне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан оларды орындамауы, тиiсiнше орындамауы, егер бұл іс-әрекеттер абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге алып келсе, -
екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.»;
екінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бір жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.».
3. 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 15-I, 15-II, 88-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; 2015 ж., № 20-VII, 115-құжат; № 21-III, 137-құжат; № 22-V, 156-құжат; № 22-VI, 159-құжат; 2016 ж., № 7-II, 55-құжат; № 8-II, 67-құжат; № 12, 87-құжат; № 23, 118-құжат; № 24, 126, 129-құжаттар; 2017 ж., № 1-2, 3-құжат; № 8, 16-құжат; № 14, 50, 53-құжаттар; № 16, 56-құжат; № 21, 98, 102-құжаттар; № 24, 115-құжат; 2018 ж., № 1, 2-құжат; № 10, 32-құжат; № 16, 53, 56-құжаттар):
161-баптың жетінші бөлігінің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Мүлікке билік етуге уақытша шектеу, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауға шектеулер белгілеуге, мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының банктік шоттардағы активтеріне, тұрғын үй төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаға, нотариус депозиті шарттарында енгізілген, «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаға, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік орган лицензиядан айырған және (немесе) мәжбүрлеп тарату процесінде тұрған банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының ақшасына тыйым салуға жол берілмейді.».
4. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 18-I, 18-II, 92-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 145, 146-құжаттар; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 6-құжат; № 7, 33-құжат; № 8, 44, 45-құжаттар; № 9, 46-құжат; № 10, 50-құжат; № 11, 52-құжат; № 14, 71-құжат; № 15, 78-құжат; № 16, 79-құжат; № 19-I, 101-құжат; № 19-II, 102, 103, 105-құжаттар; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VII, 115-құжат; № 21-I, 124, 125-құжаттар; № 21-II, 130-құжат; № 21-III, 137-құжат; № 22-I, 140, 141, 143-құжаттар; № 22-II, 144, 145, 148-құжаттар; № 22-III, 149-құжат; № 22-V, 152, 156, 158-құжаттар; № 22-VI, 159-құжат; № 22-VII, 161-құжат; № 23-I, 166, 169-құжаттар; № 23-II, 172-құжат; 2016 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 9-құжат; № 6, 45-құжат; № 7-I, 49, 50-құжаттар; № 7-II, 53, 57-құжаттар; № 8-I, 62, 65-құжаттар; № 8-II, 66, 67, 68, 70, 72-құжаттар; № 12, 87-құжат; № 22, 116-құжат; № 23, 118-құжат; № 24, 124, 126, 131-құжаттар; 2017 ж., № 1-2, 3-құжат; № 9, 17, 18, 21, 22-құжаттар; № 12, 34-құжат; № 14, 49, 50, 54-құжаттар; № 15, 55-құжат; № 16, 56-құжат; № 22-III, 109-құжат; № 23-III, 111-құжат; № 23-V, 113-құжат; № 24, 114, 115-құжаттар; 2018 ж., № 1, 4-құжат; № 7-8, 22-құжат; № 9, 27-құжат; № 10, 32-құжат; № 11, 36, 37-құжаттар; № 12, 39-құжат; № 13, 41-құжат; № 14, 44-құжат; № 15, 46, 49, 50-құжаттар; № 16, 53-құжат; № 19, 62-құжат):
1) мазмұнында 429-баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«429-бап. АИТВ жұқтырғандармен, соз ауруларымен, туберкулезбен ауыратындармен қатынаста болып жүрген адамдардың, сондай-ақ дәрiгердiң тағайындауынсыз есiрткi немесе психотроптық заттарды тұтынушы адамдардың медициналық тексерілуден және емделуден жалтаруы»;
2) 80-бапта:
бірінші және екінші бөліктер алып тасталсын;
төртінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«жеке тұлғаларға - қырық, лауазымды адамдарға - сексен, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға - бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - бір жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
3) 81-баптың екінші бөлігінің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«жеке тұлғаларға - он, лауазымды адамдарға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
4) 429-баптың тақырыбындағы және бірінші бөлігіндегі «АИТВ инфекциясын жұқтырғандармен, ЖИТС-пен» деген сөздер «АИТВ жұқтырғандармен» деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 700-баптың екінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Медициналық қызметтер көрсету саласындағы бақылау жөніндегі мемлекеттiк орган және оның аумақтық бөлiмшелерi осы Кодекстiң 80 (үшінші бөлігінде), 81 (бiрiншi бөлiгiнде), 82 (бiрiншi бөлiгiнде), 424 (бiрiншi, екiншi және төртінші бөлiктерiнде), 428, 429, 432, 464 (бiрiншi бөлiгiнде)-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi өз құзыреті шегінде қарайды.».
5. «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы» 1998 жылғы 23 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 5-6, 48-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 24, 148-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 7-құжаттар; № 11, 102-құжат; 2013 ж., № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; 2016 ж., № 1, 2-құжат; 2018 ж., № 19, 62-құжат):
6-баптың бірінші бөлігінің 3-1) тармақшасы алып тасталсын.
6. «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 5, 42-құжат; № 15, 118-құжат; № 16, 129-құжат; № 17, 136-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 2, 11, 16-құжаттар; № 4, 30, 32-құжаттар; № 5, 41-құжат; № 6, 43-құжат; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 95-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 2, 13-құжат; № 8, 50-құжат; № 9, 51-құжат; № 15, 82-құжат; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 1, 9-құжат; № 2, 10, 12-құжаттар; № 4-5, 24-құжат; № 7, 37-құжат; № 12, 82-құжат; № 19-I, 19-II, 94, 96-құжаттар; № 22, 131-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 8, 42-құжат; № 11, 57-құжат; № 14, 72-құжат; № 19-I, 99-құжат; № 19-II, 103, 105-құжаттар; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VII, 117-құжат; № 21-I, 124-құжат; № 21-II, 130-құжат; № 21-III, 135-құжат; № 22-II, 145, 148-құжаттар; № 22-VI, 159-құжат; № 23-II, 170, 172-құжаттар; 2016 ж., № 7-I, 47-құжат; № 7-II, 56-құжат; № 8-I, 62-құжат; № 24, 124-құжат; 2017 ж., № 4, 7-құжат; № 9, 22-құжат; № 11, 29-құжат; № 13, 45-құжат; № 14, 51, 54-құжаттар; № 15, 55-құжат; № 20, 96-құжат; № 22-III, 109-құжат; 2018 ж., № 1, 4-құжат; № 7-8, 22-құжат; № 10, 32-құжат; № 11, 37-құжат; № 15, 47-құжат; № 19, 62-құжат):
1) 1-бап мынадай мазмұндағы 2-4), 8-1) және 37-1) тармақшалармен толықтырылсын:
«2-4) байқау кеңесінің тәуелсіз мүшесі - осы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның үлестес тұлғасы болып табылмайтын және өзі байқау кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде ондай тұлға болмаған, осы мемлекеттік кәсіпорынның үлестес тұлғаларына қатысты үлестес тұлға болып табылмайтын; осы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның немесе осы мемлекеттік кәсіпорынның үлестес тұлғаларының - ұйымдарының лауазымды адамдарына бағынышты болумен байланысты емес және өзі байқау кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде сол тұлғаларға бағынышты болумен байланысты болмаған; мемлекеттік қызметші болып табылмайтын; аудиторлық ұйым құрамында жұмыс істейтін аудитор ретінде осы мемлекеттік кәсіпорынның аудитіне қатыспайтын және өзі байқау кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде мұндай аудитке қатыспаған байқау кеңесінің мүшесі;»;
«8-1) корпоративтік басқару - мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың қызметін басқаруды қамтамасыз ететін және меншік иесі (акционер), байқау кеңесі (директорлар кеңесі), атқарушы орган (басқарма), мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың өзге де органдары мен меншік иесінің (акционердің) мүддесі үшін мүдделі тұлғалар арасындағы қатынастарды қамтитын процестердің жиынтығы;»;
«37-1) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның үлестес тұлғалары - тікелей және (немесе) жанама түрде шешім қабылдауға және (немесе) бір-бірінің (тұлғалардың біреуінің) қабылдайтын шешімдеріне, оның ішінде жасалған мәмілеге байланысты шешімдерге ықпал етуге мүмкіндігі бар жеке немесе заңды тұлғалар (өздеріне берілген өкілеттіктер шеңберінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда).»;
2) 142-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«142-бап. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың органдары
Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның органдары оның басшысы, сондай-ақ осы Заңның 148-бабында көзделген жағдайларда байқау кеңесі немесе құрылуы «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзге алқалы басқару органдары болып табылады.
Денсаулық сақтау саласындағы байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) шешімі бойынша:
1) атауы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның жарғысында айқындалатын алқалы орган немесе атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын тұлға болып табылатын орган;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына және (немесе) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның жарғысына сәйкес өзге де органдар құрылуы мүмкін.»;
3) 148-баптың 1-тармағында:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Денсаулық сақтау және білім беру саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорында тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) ұсынысы бойынша, осы Заңмен және (немесе) денсаулық сақтау және білім беру саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның жарғысымен тиісті сала уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелердің шешімін қоспағанда, кәсіпорынның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асыратын байқау кеңесі - басқару органы құрылуы мүмкін.»;
мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:
«Денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардағы байқау кеңесі құрамының кемінде отыз пайызы байқау кеңесінің тәуелсіз мүшелері болуға тиіс.»;
4) мынадай мазмұндағы 148-1-баппен толықтырылсын:
«148-1-бап. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның үлестес тұлғалары
Мыналар:
1) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның лауазымды адамдарының жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), жұбайының (зайыбының) жақын туыстары;
2) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынмен орындалмаған мәмілелері бар заңды тұлғаның лауазымды адамы;
3) мыналардың:
осы баптың 1) тармақшасында аталған адам өзіне қатысты құрылтайшы болып табылатын заңды тұлғаның;
шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның лауазымды адамы өзіне қатысты құрылтайшы болып табылатын заңды тұлғаның;
шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын өзіне қатысты құрылтайшы болып табылатын заңды тұлғаның лауазымды адамы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның үлестес тұлғалары болып табылады.»;
5) 149-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:
«Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінде айқындалған өкілеттіктерден басқа денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің мынадай өкілеттіктері бар:
1) денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның ішкі қызметін реттейтін құжаттарды бекітеді;
2) денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның атқарушы органының құрамына тағайындауға кандидатураларды сайлайды, сондай-ақ атқарушы органының мүшесімен еңбек шартын бұзу мәселесін алдын ала келіседі;
3) денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның ішкі аудит қызметінің сан құрамын, өкілеттік мерзімін айқындайды, оның басшысы мен мүшелерін тағайындайды, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатуға құқығы болады, ішкі аудит кызметінің жұмыс тәртібін, ішкі аудит қызметі жұмыскерлерінің еңбекақысы мен сыйақы беру мөлшерін және шарттарын айқындайды;
4) қаржылық есептілік аудиті үшін аудиторлық ұйым көрсететін қызметтерге ақы төлеу мөлшерін айқындайды;
5) денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық құрылымын бекітеді;
6) денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын немесе оның қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын қызметі туралы ақпаратты айқындайды;
7) осы Заңда және (немесе) денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның жарғысында көзделген, тиісті сала уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) айрықша құзыретіне жатпайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Байқау кеңесінің осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде белгіленген өкілеттіктерін шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның атқарушы органына беруге жол берілмейді.»;
6) мынадай мазмұндағы 150-1 және 150-2-баптармен толықтырылсын:
«150-1-бап. Денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның атқарушы органы
1. Денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның ағымдағы қызметіне басшылықты атқарушы орган жүзеге асырады. Атқарушы орган алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкін.
Атқарушы орган байқау кеңесіне есеп береді.
Атқарушы орган денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның және байқау кеңесінің шешімін орындауға міндетті.
Атқарушы орган осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның жарғысымен денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның басқа да органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне жатқызылмаған, денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын қызметінің кез келген мәселелері бойынша шешім қабылдауға құқылы.