57-бап. Ішкі бақылау жүйесі
1. Ішкі аудит қызметі тиісті мемлекеттік органға ведомстволық бағынысты ұйымдардағы ішкі бақылау жүйесін ұйымдастыру жөніндегі жұмыста консультациялық қызметтер көрсетеді.
2. Мемлекеттік органның ішкі бақылау жүйесі мынадай өзара байланысты құрауыштардан тұрады:
1) бақылау ортасы - мемлекеттік органның ішкі (корпоративтік) мәдениеті, ұйымдық құрылымы және есептілік сапасы мен қызметінің тиімділігін алдын ала айқындайтын саясат пен рәсімдердің ішкі жиынтығы;
2) тәуекелдерді бағалау - мемлекеттік органның өз мақсаттарына қол жеткізуіне әсер ететін тәуекелдерді анықтау, талдау және олардың алдын алу процесі. Тәуекелдерді бағалау бақылау рәсімдерін жасау және ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі іс-шараларды жоспарлау үшін негіз болып табылады;
3) бақылау рәсімдері - лауазымды адамдар (құрылымдық бөлімшелер) өз функцияларын орындауы кезінде жүзеге асыратын бақылау рәсімдерінің (техниканың) үйлесімі;
4) ақпарат пен байланыс - мемлекеттік орган қызметінің барлық салаларын қамтитын деректердің уақтылы және тиімді анықталуы, оларды тіркеу және оларды алмасу. Мемлекеттік орган ақпаратқа санкциясыз қол жеткізуден қорғау үшін шаралар қабылдайды;
5) ішкі бақылау жүйесі тиімділігінің мониторингі және оны бағалау - мемлекеттік органның мақсаттарға қол жеткізуіне және есептілігінің анықтығына әсер ететін қателердің туындау ықтималдығын айқындау, бұл қателердің елеулілігін анықтау және алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге ішкі бақылау жүйесінің қабілетін айқындау.
58-бап. Мемлекеттік орган басшысының ішкі аудит қызметімен өзара іс-қимылы
Мемлекеттік органның басшысы ішкі аудит қызметімен өзара іс-қимылды:
1) жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарларын және ішкі аудит қызметін оқыту жөніндегі жоспарларды бекіту;
2) мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңестің ұсынымдарын іске асыру туралы шешімді қарау және қабылдау;
3) ішкі мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша жылдық есепті қарау арқылы жүзеге асырады.
12-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
59-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
60-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының және (немесе) олардың лауазымды адамдарының құқықтық актілеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау тәртібі
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының және (немесе) олардың лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының бюджет қаражатын мақсатсыз және негізсіз пайдаланудың анықталған фактілерімен байланысты құқықтық актілеріне шағым жасау олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.
61-бап. Өтпелі ережелер
Мемлекеттік аудитор болып табылатын мемлекеттік әкімшілік қызметшілер 2017 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде осы Заңның 39-бабында айқындалған тәртіппен тиісті сертификаттаудан өтуге міндетті.
62-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң:
1) 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 8) тармақшасын, 27-бапты;
2) 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 12-баптың 3-тармағын, 13-баптың 3-тармағын және 45-бапты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заңның 1-бабының 8) тармақшасы осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«8) мемлекеттік аудитор - мемлекеттік аудитті және (немесе) қаржылық бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік әкімшілік қызметші;».
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы қарашаның 12-і.
№ 392-V