33-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін талдау
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізілетін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау қорытындыларын жүйелі түрде талдайды, бюджеттің атқарылуы, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін пайдалану процесінде анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктердің себептері мен салдарларын жинақтап қорытады және зерделейді.
Жүргізілген талдау қорытындылары бойынша мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын жетілдіру және Қазақстан Республикасының қаржы жүйесін дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлейді және оларды тиісті уәкілетті органдардың қарауына ұсынады.
34-бап. Халықаралық ынтымақтастық
Есеп комитеті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі ұсынған өкілеттіктер шегінде ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган басқа мемлекеттердің тиісті органдарымен және олардың халықаралық бірлестіктерімен өзара іс-қимылды жүзеге асырады, ынтымақтастық туралы келісімдер жасасады, бірлескен, қатарлас тексерулер және сараптамалық-талдау іс-шараларын өткізуге қатысады, көрсетілген халықаралық бірлестіктердің құрамына кіреді.
35-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі бірыңғай дерекқор
1. Мемлекеттік аудит жүргізген кезде басқару процестерін оңтайландыру, қайталануды болғызбау және мемлекеттік аудит нәтижелерін тануды қамтамасыз ету үшін «электрондық үкімет» жүйесімен және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі бірыңғай дерекқор (бұдан әрі - бірыңғай дерекқор) жұмыс істейді.
Бірыңғай дерекқорды мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау тәртібін Есеп комитеті мен тиісті мемлекеттік органдар бірлесіп айқындайды
2. Бірыңғай дерекқор мемлекеттік аудиттің мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі, нәтижелері, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының сараптамалық-талдау қызметі бойынша бүкіл ақпаратты, сондай-ақ мемлекеттік аудит жүргізу үшін қажетті өзге де ақпаратты қамтиды. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына бірыңғай дерекқорға тиісті рұқсат деңгейі беріледі.
3. Тәуекелдерді басқару жүйесін қалыптастыру үшін мемлекеттік аудит объектілері, оның қаржылық және өзге де көрсеткіштері жөніндегі ақпарат бірыңғай дерекқорға шоғырландырылады.
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары бірыңғай дерекқорға мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау материалдарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде орналастыруға міндетті.
Мемлекеттік аудит объектілері бірыңғай дерекқорды толықтыру үшін қажетті сұратылатын ақпаратты ұсынуға міндетті.
Бірыңғай дерекқорды Есеп комитеті әкімшілендіреді, оның тиімді жұмыс істеуі, ондағы орналастырылған ақпараттың сақталуы мен қауіпсіздігі үшін жауапты болады.
Мемлекеттік аудит объектілері бірыңғай дерекқорды қалыптастыру үшін ұсынылатын деректердің анықтығы мен толықтығы үшін жауапты болады.
5-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТКЕ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ БАҚЫЛАУҒА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
36-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттері
1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының лауазымды адамдары мемлекеттік аудитті жүргізу кезінде:
1) мемлекеттік аудит жүргізу шеңберінде қызметтік куәлікті және құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркеу туралы белгісі бар тексеруді тағайындау туралы актіні көрсеткен кезде құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, мемлекеттік аудит объектісінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге рұқсат алуға;
2) мемлекеттік аудиттің міндеттері мен нысанасына сәйкес аудиторлық есеп және (немесе) қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есеп дайындау үшін өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажетті құжаттаманы, ақпаратты, оның ішінде электрондық жеткізгіштерде, сондай-ақ ақпараттық жүйелерге рұқсатты, жазбаша және ауызша түсініктемелерді және өзге де, оның ішінде құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, мемлекеттік құпияны және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты осы Заңда белгіленген мерзімдерде сұратуға және алуға;
3) мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары жүргізген мемлекеттік бақылау және қадағалау нәтижелері бойынша қабылданған актілер мен құжаттарды сұратуға;
4) өз құзыреті шегінде мемлекеттік аудит объектілерінің басшылары мен басқа да лауазымды адамдарынан мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру және мемлекеттік аудит жүргізу кезінде анықталған бұзушылық фактілері бойынша жазбаша түсініктемелерді беруді, сондай-ақ құжаттардың белгіленген тәртіппен куәландырылған қажетті көшірмелерін талап етуге;
5) мемлекеттік аудит объектілері лауазымды адамдарының мемлекеттік аудитті жүргізу кезінде сұратылған құжаттар мен материалдарды ұсынбауы немесе уақтылы ұсынбауы фактілері бойынша актілер жасауға;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының лауазымды адамдары:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, мемлекеттік аудит объектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) мемлекеттік аудит объектісінің белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтіруге;
3) бұзушылықтардың алдын алу, оны анықтау және оның жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындауға;
4) мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды қатаң түрде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес жүргізуге;
5) қызметтік және кәсіптік әдеп талаптарын сақтауға;
6) мемлекеттік аудит объектісі басшысының (лауазымды адамдарының) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу кезінде қатысуына кедергі келтірмеуге, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нысанасына қатысты мәселелер бойынша түсініктер беруге;
7) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге, оның ішінде мемлекеттік құпияларға, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтерді жария етпеуге;
8) мүдделер қақтығысына ықпал ететін жағдайлар туралы хабарлауға;
9) мемлекеттік аудит нәтижелерін мемлекеттік аудит барысында алынған және жиналған ақпарат пен нақты деректерге ғана негіздеуге;
10) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
3. Мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың негізгі қағидаттары мен стандарттарын бұзғаны үшін мемлекеттік аудиторлар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дербес тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауаптылықта болады.
37-бап. Мемлекеттік аудит объектісі басшысының құқықтары мен міндеттері
1. Мемлекеттік аудит объектісі басшысының:
1) мемлекеттік аудиттің мақсатымен, ұзақтығымен оның нәтижелерімен, тұжырымдарымен және ұсынымдарымен таныс болуға;
2) қаржылық бақылаудың ден қоюының қабылданатын шараларымен таныс болуға;
3) тексеру тағайындау туралы актіні ұсынбаған мемлекеттік аудиторларды тексеруге жібермеуге;
4) мемлекеттік аудит нәтижелерімен келіспеген жағдайда қол қойылған аудиторлық есеп және (немесе) қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есеп ұсынылған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ал камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда ол тапсырылған (алынған) күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тиісті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органына өз қарсылығын жіберуге;
5. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Мемлекеттік аудит объектісінің басшысы:
1) мемлекеттік аудиторларды жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге;
2) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары сұрататын деректердің уақтылығын, анықтығын, объективтілігін және толықтығын қамтамасыз етуге;
3) егер осы Заңда не Қазақстан Республикасының өзге заңдарында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу кезеңінде тексерілетін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне жол бермеуге;
4) мемлекеттік аудиторлардың әрекетіне араласпауға және мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізуге кедергі келтірмеуге;
5) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының заңды талаптарын орындауға;
6) аудиторлық қорытындыда берілген, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жіберген ұсынымдар мен нұсқамалардың орындалуы туралы, сондай-ақ камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның орындалуы туралы ақпаратты уақтылы ұсынуға;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
38-бап. Мүдделер қақтығысы
1. Объективтілік пен тәуелсіздікті қамтамасыз ету мақсатында:
1) мемлекеттік аудит объектісі басшысының, жауапты хатшысының, бас бухгалтердің немесе олардың өкілеттігін жүзеге асыратын өзге де адамның, құрылтайшысының, қатысушысының немесе акционерінің жақын туыстары, жекжаттары немесе сенім білдірілген адамдары болып табылатын;
2) мемлекеттік аудит объектісінде жұмыс істеген не тексерілетін кезеңде басшының, жауапты хатшының, бас бухгалтердің немесе олардың өкілеттігін жүзеге асыратын өзге де адамның, мемлекеттік аудит объектісі құрылтайшысының, қатысушысының немесе акционерінің жақын туыстары, жекжаттары немесе сенім білдірілген адамдары болып табылатын;
3) мемлекеттік аудит объектісінің құрылтайшылары, қатысушылары немесе акционерлері, лауазымды адамдары арасынан шыққан, онда жеке мүліктік мүдделері бар мемлекеттік аудиторлардың мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізуіне тыйым салынады.
2. Мүдделер қақтығысы туындаған кезде мемлекеттік аудиторлар бұл жөнінде мемлекеттік аудитті тағайындаған басшыға жазбаша хабарлауға тиіс.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген жағдайларда мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының басшысы мүдделер қақтығысын жою жөнінде шаралар қолданады.
39-бап. Мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдарды сертификаттау, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру
1. Мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдардың кәсіби, іскерлік қасиеттері мен ықтимал мүмкіндіктерінің жан-жақты және объективті сипаттамасын алу мақсатында оларды сертификаттау жүргізіледі.
2. Сертификаттауды Мемлекеттік аудитор біліктілігін беруге үміткер адамдарды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі - Ұлттық комиссия) жүргізеді, оның құрамына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Есеп комитетінің, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары (келісу бойынша) кіреді.
Есеп комитеті Ұлттық комиссияның жұмыс органы болып табылады, ол берілген ұсыныстар негізінде саны кемінде жеті адам болатын комиссияның дербес құрамын бекітеді.
3. Мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдарды сертификаттау олардың білімін растауды және мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдарды сертификаттау қағидаларында айқындалатын тәртіппен әңгімелесуді қамтиды.
4. Орналасу үшін мемлекеттік аудитор біліктілігін куәландыратын сертификаттың болуы қажет лауазымдар тізбесін тиісті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары бекітеді.
5. Сертификаттау деңгейлік жүйе бойынша жүргізіледі. Мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдарды сертификаттау қағидаларын, Ұлттық комиссия туралы ережені ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша Есеп комитеті бекітеді.
6. Ұлттық комиссияның жұмыс органы Есеп комитеті айқындайтын тәртіппен мемлекеттік аудитор сертификаты бар адамдардың тізілімін жүргізеді.
7. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру Есеп комитеті ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп әзірлейтін және бекітетін Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
6-тарау. ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
40-бап. Есеп комитетінің құрамы
1. Есеп комитеті басшылығының құрамы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес лауазымдарға тағайындалатын Есеп комитетінің Төрағасы мен оның сегіз мүшесінен тұрады.
2. Отставкаға шығу туралы өтініш беру түрінде Есеп комитеті мүшесінің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, Есеп комитетінің мүшесі Есеп комитетінің Төрағасын отставкаға шығу туралы тиісті өтініш беруінен кемінде бір ай бұрын жазбаша хабардар етуге міндетті.
41-бап. Есеп комитетіне мемлекеттік қызметке кіру
1. Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен штат санының лимиті шегінде Есеп комитетінің үздiксiз қызметін ұйымдастыру үшін Есеп комитетінің Төрағасы тағайындайтын, аппарат басшысы басқаратын Есеп комитетінің аппараты құрылады.
2. Есеп комитетінің аппаратына мемлекеттік қызметке кіру Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
42-бап. Есеп комитеті мен оның лауазымды адамдары тәуелсіздігінің кепілдігі
1. Есеп комитетінің лауазымды адамдары өз қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік аудит объектісінен тәуелсіз болады.
2. Есеп комитетінің қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың құқыққа сыйымсыз араласуына жол берілмейді.
3. Мемлекеттік органдардың сұрау салулары бойынша Есеп комитетінің мемлекеттік аудиторларын және өзге де лауазымды адамдарын мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесінде көзделмеген тексерулерді жүргізу үшін тартуға жол берілмейді.
4. Есеп комитетінің қаржылық қызметін мемлекеттік бақылауды және қадағалауды Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен немесе оның тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
7-тарау. ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРМЕН, МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРМЕН ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ҰЙЫМДАРМЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАУ НЕГІЗДЕРІ
43-бап. Есеп комитетінің Қазақстан Республикасының Президентімен өзара іс-қимылы
1. Есеп комитетінің Төрағасы тоқсанына бір реттен сиретпей Қазақстан Республикасының Президентіне Есеп комитетінің жұмысы туралы ақпарат береді.
2. Есеп комитеті жыл қорытындылары бойынша осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпараттан басқа, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жұмысының көрсеткіштері туралы ақпаратты ұсынады.
44-бап. Есеп комитетінің Қазақстан Республикасының Парламентімен өзара іс-қимылы
1. Есеп комитеті есепті жылдан кейінгі жылдың 15 мамырынан кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Парламентіне есепті қаржы жылы үшін республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті талқылау және бекіту үшін енгізеді, ол өзінің мазмұны бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті есебіне қорытынды болып табылады.
2. Есеп комитетінің Төрағасы тоқсанына бір реттен сиретпей Қазақстан Республикасының Парламентіне Есеп комитетінің жұмысы туралы ақпарат береді.
45-бап 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
45-бап. Есеп комитетінің Қазақстан Республикасының Үкіметімен өзара іс-қимылы
1. Есеп комитеті бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган есепті қаржы жылы үшін шоғырландырылған қаржылық есептілікті ұсынғаннан кейін екі ай ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынылған ақпараттың объективтілігі бойынша қорытындыны белгіленген мерзімде ұсынады.
2. Қорытындыда бүкіл шоғырландырылған есеп бойынша да, бюджеттік бағдарламалардың жекелеген әкімшілері бойынша да тұжырымдар мен ұсынымдар көрсетіледі.
46-бап. Есеп комитетінің мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарымен өзара іс-қимылы
1. Өз қызметін үйлестіру мақсатында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласында құқық қолдану практикасын, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын сақтау мәселелерін қарау үшін Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесін құрады.
Үйлестіру кеңесін қалыптастыру және оның қызметін ұйымдастыру Есеп комитеті бекітетін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесі туралы ережеде айқындалады.
2. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесінің шешімдері мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары үшін міндетті болып табылады.
3. Есеп комитетінің мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарымен өзара іс-қимылы осы Заңға және Есеп комитеті мен ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган бірлесіп бекітетін нормативтік құқықтық актіге сәйкес жүзеге асырылады.
8-тарау. ТЕКСЕРУ КОМИССИЯЛАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
47-бап. Тексеру комиссиясының құрамы және оны қалыптастыру тәртібі
1. Тексеру комиссиясы басшылығының құрамы төраға мен оның төрт мүшесінен тұрады.
2. Тексеру комиссиясының төрағасын тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихаты Есеп комитетінің ұсынуы және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша бес жыл мерзімге лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.
3. Тексеру комиссияларының мүшелерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихаты бес жыл мерзімге лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
48-бап. Тексеру комиссиясы төрағасының, тексеру комиссиясы мүшелерінің өкілеттіктері
1. Тексеру комиссиясының төрағасы:
1) жалпы басшылықты жүзеге асырады және тексеру комиссиясына жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады;
2) тексеру комиссиясының тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбелерін бекітеді;
3) тексеру комиссиясы мен тексеру комиссиясының аппараты мүшелерінің жұмысын ұйымдастырады;
4) бекітілген штат саны мен жергілікті бюджетте көзделген қаражат шегінде тексеру комиссиясы аппаратының құрылымы мен штат кестесін бекітеді.
Облыстың тексеру комиссиясы төрағасының шешімі бойынша тиісті мәслихатқа аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті беру облыстың тексеру комиссиясы мүшелерінің біріне жүктелуі мүмкін.
2. Тексеру комиссиясының мүшелері:
1) тексеру комиссиясының аудиторлық, сараптамалық-талдау, ақпараттық және өзге де қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
49-бап. Тексеру комиссияларының қызметін ұйымдастыру
1. Тексеру комиссиясының жұмыс тәртібі осы Заңда, ережеде және регламентте айқындалады.
Тексеру комисссиясы туралы ережені тексеру комиссиялары туралы үлгілік ереже негізінде тиісті мәслихат бекітеді.
Тексеру комиссиясының регламентін тексеру комиссиясы бекітеді.
2. Тексеру комиссияларының аудиторлық іс-шараларын өткізуді, сондай-ақ оның ақпараттық-талдау, құқықтық, консультациялық, ұйымдастырушылық және өзге де қызметін тексеру комиссиясының аппараты қамтамасыз етеді.
Тексеру комиссиясының аппараты мемлекеттік әкімшілік қызметшілер болып табылатын лауазымды адамдардан тұрады, оны тексеру комиссиясының төрағасы тағайындайтын аппарат басшысы басқарады.
50-бап. Тексеру комиссиясы және оның лауазымды адамдары тәуелсіздігінің кепілдіктері
1. Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторлары өз қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік аудит объектісінен тәуелсіз болады.
2. Тексеру комиссиясының қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың құқыққа сыйымсыз араласуына жол берілмейді.
3. Мемлекеттік органдардың сұрау салулары бойынша тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторларын және өзге де лауазымды адамдарын мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесінде көзделмеген тексерулерді жүргізу үшін тартуға жол берілмейді.
4. Тексеру комиссиясының жергілікті бюджет қаражатын пайдалануын мемлекеттік бақылау және қадағалау мәслихаттың келісімімен немесе оның тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады.
9-тарау. ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРМЕН
ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАСУ НЕГІЗДЕРІ
51-бап. Тексеру комиссиясының мәслихаттармен өзара іс-қимылы
1. Тексеру комиссиясы мәслихаттың қарауына:
1) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана мәслихатына ағымдағы жылғы 20 мамырға дейiн;
2) тиісті облысқа кіретін аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатына ағымдағы жылғы 20 сәуiрге дейiн жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсынады, ол өзінің мазмұны бойынша жергілікті атқарушы органның тиісті есебіне қорытынды болып табылады.
2. Аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихаты тексеру комиссиясынан тиісті аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылу мәселелері бойынша жүргізілген мемлекеттік аудит, сараптамалық-талдау іс-шаралары туралы ақпаратты сұратуға құқылы.
52-бап. Тексеру комиссиясының Есеп комитетімен өзара іс-қимылы
1. Тексеру комиссиясы Есеп комитетіне есепті кезеңдегі өз жұмысы туралы ақпаратты тоқсан сайын ұсынады. Ұсынылатын ақпараттың нысаны мен құрылымы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың тиісті рәсімдік стандартымен регламенттеледі.
2. Тексеру комиссиясы Есеп комитетімен келісу бойынша Есеп комитетімен қатарлас (бірлескен) тексеру жүргізуге қатысуға құқылы.
10-тарау. ІШКІ АУДИТ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛЕТТІ ОРГАН
53-бап. Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның прокуратура және қылмыстық қудалау органдарымен өзара іс-қимылы
1. Прокуратура немесе қылмыстық қудалау органдарының сұрау салуы келіп түскен кезде ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган:
1) мемлекеттік аудиттің тиісті объектісі бойынша бұрын жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері болған жағдайда, қайта мемлекеттік аудит жүргізбей осы нәтижелерді ұсынады;
2) егер бұрын жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелерінде сұрау салуда қойылған мәселелер көрініс таппаған жағдайда, бұл мәселелер ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның келесі жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесінде ескеріледі.
2. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудиторлары мамандар ретінде тексеруге қатысу және құзыреті шегінде қорытынды беру үшін тиісті талап ету немесе сұрау салу бойынша прокуратура органының қарамағына, қозғалған қылмыстық іс шеңберінде шығарылған тиісті қаулы бойынша қылмыстық қудалау органының қарамағына жіберілуі, сондай-ақ соттың тиісті ұйғарымы бойынша соттың тартуы мүмкін.
54-бап. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган және оның лауазымды адамдары тәуелсіздігінің кепілдіктері
1. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудиторлары өз қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік аудит объектісінен тәуелсіз болады.
2. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың құқыққа сыйымсыз араласуына жол берілмейді.
3. Осы Заңның 53-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдардың сұрау салулары бойынша ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудиторларын және өзге де лауазымды адамдарын мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесінде көзделмеген тексерулерді жүргізу үшін тартуға жол берілмейді.
11-тарау. ІШКІ АУДИТ ҚЫЗМЕТТЕРІ
55-бап. Ішкі аудит қызметтерінің жұмысын ұйымдастыру
Ішкі аудит қызметтері орталық мемлекеттік органның бірінші басшысының, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің шешімімен құрылады және осы Заң мен орталық мемлекеттік органның бірінші басшысы, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі бекіткен ішкі аудит қызметтері туралы ереже негізінде әрекет етеді.
Ішкі аудит қызметтері туралы ереже ішкі аудит қызметтері туралы үлгілік ереже негізінде әзірленеді.
56-бап. Ішкі аудит қызметі тәуелсіздігінің кепілдіктері
Ішкі аудит қызметі ішкі мемлекеттік аудитті жүргізуде және ішкі аудит нәтижелері туралы есептер дайындауда тәуелсіз болады.
Ішкі аудит қызметі басқа құрылымдық бөлімшелерден тәуелсіз, орталық мемлекеттік органның бірінші басшысына, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкіміне бағынады және есеп береді.
Ішкі аудит қызметін орталық мемлекеттік органның басқа құрылымдық бөлімшелерінің, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне жататын жұмыстарға, сондай-ақ оның өкілеттіктеріне жатпайтын бағдарламалар мен жобаларды дайындауға немесе орындауға тартуға болмайды.