5) мемлекеттік төтенше бюджеттің атқарылуына;
6) республикалық бюджет қаражатын, оның ішінде нысаналы трансферттер мен кредиттерді, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздарды, мемлекет кепілгерліктері мен активтерін пайдалануға, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің, оның ішінде мемлекеттік концессиялық міндеттемелердің орындалуын қаржыландыруға;
7) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын қалыптастыруға және пайдалануға;
8) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің активтерін Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен немесе оның тапсырмасы бойынша ғана пайдалануға;
9) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өздеріне бөлінген республикалық бюджет қаражатын қаржы-экономикалық негіздемеге сәйкес пайдалануына сәйкестік аудитін жүзеге асырады.
13-баптың 3-тармағы 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
3. Есеп комитеті республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне аудит, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілігіне аудит жүргізеді.
4. Есеп комитеті:
1) өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бойынша шаралар қабылдауды қамтамасыз етеді;
2) сыртқы мемлекеттік аудит жүргізумен байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік аудит объектілері лауазымды адамдарының тиісті ақпаратын тыңдайды;
3) мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шаралары барысында анықталған (анықталатын) бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қабылдайды;
4) құпиялылық режімінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге құпияның сақталуын ескере отырып, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының аудиторлық есептерін сұратады және талдайды әрі мемлекеттік аудит сапасын арттыру жөнінде ұсынымдар береді;
5) бюджет қаражатын, кредиттерді, байланысты гранттарды, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, сондай-ақ мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздарды пайдалану мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына және осы Заңға сәйкес жүргізілетін аудит нәтижелерін бақылауды жүзеге асырады;
6) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласында талдау және зерттеулер жүргізеді, әдіснамалық басшылықты жүзеге асырады, мемлекеттік аудит саласында оқыту бағдарламаларын іске асырады;
7) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлерін қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
8) мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдарды сертификаттау қағидаларына сәйкес, сыртқы мемлекеттік аудитті жүзеге асыратын мемлекеттік аудиторларға кандидаттардың білімін растау жөніндегі қызметті ұйымдастырады;
9) сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді, оның ішінде онда мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша қабылданатын құжаттардың, Есеп комитеті мен тексеру комиссияларының тиісті құжаттарда қолданылатын логотиптерінің нысандары қамтылады;
10) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына, мемлекет акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарларына бағалау жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
11) мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру және сыртқы мемлекеттік аудит жүргізу кезінде қолданылатын тәуекелдерді басқарудың үлгілік жүйесін әзірлейді және бекітеді;
12) тексеру комиссиялары туралы үлгілік ережені әзірлейді және бекітеді;
13) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері болып табылатын, сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау уәкілетті органдарының мемлекеттік аудиторлары лауазымдарының санаттарына қойылатын үлгілік біліктілік талаптарын әзірлейді және бекітеді;
14) Есеп комитеті туралы ережені әзірлейді және Қазақстан Республикасының Президентіне бекітуге енгізеді;
15) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүйесіне кіретін ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның, ішкі аудит қызметтерінің тәуекелдерді басқару жүйесін үйлестіреді;
16) мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарымен, өзге де мемлекеттік органдармен, мемлекеттік аудит объектілерімен ақпарат алмасу, сондай-ақ электрондық мемлекеттік аудит жүргізу мақсатында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі бірыңғай дерекқорды дамытуды, оның жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру мен жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларын бекітеді;
17) Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасын, оның ішінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсынымдар енгізеді, Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілерін әзірлейді және келіседі;
18) сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың уәкілетті органдарының жұмысын үйлестіру үшін, оның ішінде басқа да мемлекеттік органдармен немесе ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау бойынша құқықтық актілер қабылдайды;
19) құпиялылық режимін, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге құпияны қамтамасыз етуді ескере отырып, өз қызметі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырады;
20) тексеру комиссияларына әдістемелік көмек көрсетеді;
21) орталық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауда тексеру комиссияларының атынан олардың мүддесін білдіреді;
22) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың мәслихаттарына тексеру комиссиясының төрағасын тағайындауға ұсыныс енгізеді;
23) өздері қабылдаған актілердің мерзімдік жинақтарын, бюллетеньдер, журналдар және басқа да басылымдар шығарады;
24) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметіне бағалауды жүзеге асырады;
25) осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
13-бап. Тексеру комиссиясының құзыреті
1. Тексеру комиссиясы тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде мыналардың:
1) өзінің мазмұны бойынша жергілікті атқарушы органның тиісті есебіне қорытынды болып табылатын есепті қаржы жылы үшін жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есеп дайындай отырып, Қазақстан Республикасының бюджет жүйесінің қағидаттарына сәйкес жергілікті бюджетті жоспарлаудың және атқарудың;
2) байланысты гранттарды, бюджеттік инвестицияларды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздарды және мемлекет активтерін пайдаланудың;
3) жергілікті атқарушы орган мен квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің экономиканың немесе экономиканың жеке алғандағы саласының, әлеуметтік және басқа да мемлекеттік басқару салаларының дамуына әсерінің;
4) тиісті бюджетті атқару және мемлекет активтерін пайдалану бөлігінде, ал Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары бойынша өзге де бағыттар бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуының;
5) жергілікті атқарушы орган мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жоспарлау негізділігінің, олардың іске асырылуының және жүзеге асырылу тиімділігінің;
6) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алуға бөлінген (жұмсалған) жергілікті қаржы ресурстарының мөлшері мен сатып алынған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің нарықтық құны арасындағы айырманы бағалауды қоса алғанда, баға белгілеудің;
7) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқарудың;
8) салықтық әкімшілендірудің;
9) шарттардың;
10) қоршаған ортаны қорғау саласындағы;
11) ақпараттық технологиялар саласындағы;
12) мемлекеттік аудит объектілері қызметінің тиімділік аудитін жүзеге асырады.
2. Тексеру комиссиясы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінде мыналарға:
1) мемлекеттік аудит объектілерінің бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау анықтығына және дұрыстығына;
2) жергілікті атқарушы органның және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шарт талаптарын орындауына;
3) жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің, бюджетке түсетін түсімдерді алудың толықтығы мен уақтылығына, сондай-ақ жергілікті бюджеттен қате (артық) төленген соманы қайтаруға, есепке жазудың дұрыстығына;
4) жергілікті бюджет қаражатын, оның ішінде жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке нысаналы трансферттер және кредиттер түрінде бөлінген қаражатты, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, сондай-ақ мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздарды пайдалануға;
5) жергілікті бюджеттен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өздеріне бөлінген қаражатты қаржы-экономикалық негіздемеге сәйкестігі бойынша пайдалануына сәйкестік аудитін жүзеге асырады.
13-баптың 3-тармағы 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
3. Тексеру комиссиясы тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде жергілікті бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне аудит, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілігіне аудит жүргізеді.
4. Тексеру комиссиясы тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде:
1) өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бойынша шаралар қолдануды қамтамасыз етеді;
2) сыртқы мемлекеттік аудит жүргізумен байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік аудит объектілері лауазымдары адамдарының тиісті ақпаратын тыңдайды;
3) мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша лауазымды адамдарды тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы оларды тағайындаған адамдарға ұсыныстар енгізеді;
4) мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шаралары барысында анықталған (анықталатын) бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қолданады;
5) лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерін сақтамауының анықталған фактілері бойынша, сондай-ақ тиімділік аудитінің нәтижелері бойынша мәслихатқа ұсыныстар енгізеді;
6) құпиялылық режімін, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге құпияны қамтамасыз етуді ескере отырып, өз қызметі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырады;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
14-бап. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілігіне жыл сайын аудит жүргізеді;
2) мыналардың:
бюджеттік инвестициялық жобалардың сметалық құнының ұлғаюына байланысты шығыстардың;
республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражатын, кредиттерді, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, сондай-ақ мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздарды, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмалары, депутаттық сауалдар бойынша, сондай-ақ бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ақпараттық жүйелерінің деректері мониторингінің нәтижелері бойынша мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін пайдалануға;
мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру мақсаттары үшін объектілерді беру шарттары мен рәсімдерінің сақталуына, бюджеттік кредиттер беруге, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің, оның ішінде мемлекеттік концессиялық міндеттемелердің, мемлекеттік кепілдіктердің және мемлекет кепілгерліктерінің атқарылуын қаржыландыруға, сондай-ақ олардың пайдаланылуына;
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда, мемлекеттік қарыздарды беру, пайдалану шарттары мен рәсімдерінің сақталуына;
тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік мүлік, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік, аудиторлық қызмет туралы заңнамаларының сақталуына сәйкестік аудитін жүзеге асырады;
3) осы Заңда және камералдық бақылау жүргізу қағидаларында айқындалған тәртіппен камералдық бақылауды жүзеге асырады;
4) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының жүйесіне кіретін ішкі аудит қызметтерінің жұмысын үйлестіру мақсатында:
ішкі аудит қызметтеріне әдіснамалық және консультациялық көмек ұсынуды қамтамасыз етеді;
ішкі аудит қызметтері туралы үлгілік ережені әзірлейді және бекітеді;
жүргізілген мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау бойынша ішкі аудит қызметтерінің есепті ақпаратына талдау жүргізеді;
ішкі аудит қызметтері жұмысының тиімділігіне бағалау жүргізеді;
мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу үшін тәуекелдерді басқару жүйесі ұсынған тәуекелі бар объектілер бойынша ішкі аудит қызметтеріне ақпарат жібереді;
ішкі аудит қызметтерінің жұмысы туралы жыл сайынғы есепті Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады;
ішкі аудит қызметтерінің мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын және ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
мемлекеттік органдардың басшыларына ішкі аудит қызметтері басшыларының, мемлекеттік аудиторларының жауаптылығын қарау туралы ұсыныстар енгізеді;
5) мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдарды сертификаттау қағидаларына сәйкес, ішкі мемлекеттік аудитті жүзеге асыратын мемлекеттік аудиторларға кандидаттардың білімін растау жөніндегі қызметті ұйымдастырады;
6) ішкі мемлекеттік аудитті жүзеге асыратын мемлекеттік аудиторлар даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі қызметті ұйымдастырады;
7) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері болып табылатын ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау уәкілетті органдарының мемлекеттік аудиторлары лауазымдарының санаттарына қойылатын үлгілік біліктілік талаптарын әзірлейді және бекітеді;
8) Есеп комитетімен келісу бойынша ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларын әзірлейді;
9) камералдық бақылау жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
10) тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру және ішкі мемлекеттік аудит жүргізу кезінде қолданылатын тәуекелдерді басқарудың үлгілік жүйесін әзірлейді және бекітеді;
11) ішкі мемлекеттік аудит жүргізумен байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік аудит объектілері лауазымды адамдарының тиісті ақпараттарын тыңдайды;
12) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
15-бап. Ішкі аудит қызметінің құзыреті
Ішкі аудит қызметі:
1) қаржылық есептілікке аудит жүргізуге қатысады;
2) мемлекеттік органда, оның аумақтық бөлімшелерінде, ведомстволық бағынысты ұйымдарында олардың қызметінің барлық бағыттары бойынша тиімділік аудитін жүргізеді;
3) мемлекеттік органның ішкі процестерінің (бизнес-процестерінің) тәуекелдерін басқару жүйесі негізінде мемлекеттік органда, оның аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарында ішкі бақылау және басқару жүйесінің жұмыс істеуін бағалауды жүзеге асырады;
4) бюджет шығыстарымен өзара байланыста мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының және аумақтарды дамыту бағдарламаларының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуін талдайды;
5) мемлекеттік органда, оның аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарында сәйкестік аудитін жүргізеді;
6) мемлекеттік сатып алуды жүргізу және шарттар талаптарының орындалу рәсіміне, оның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің мерзімі, көлемі, бағасы, саны және сапасы бойынша сәйкестік аудитін жүргізеді;
7) тиісті мемлекеттік органдағы тауар-материалдық запастардың және өзге де активтердің сақталуын тексеруді жүзеге асырады;
8) ішкі мемлекеттік аудит жүргізумен байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік аудит объектілері лауазымды адамдарының тиісті ақпаратын тыңдайды;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің қаражатын пайдалану кезінде бұзушылықтардың жолын кесу, оларға жол бермеу жөніндегі, анықталған кемшіліктерді жою, мемлекеттік органның қызметін ұйымдастырудың ішкі процестерінің тиімділігін арттыру жөніндегі ұсынымдармен бірге ішкі мемлекеттік аудит нәтижелері туралы есепті мемлекеттік органның басшысына енгізеді;
10) жүргізілген мемлекеттік аудит және қабылданған шаралар бойынша есептер мен ақпаратты ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға жібереді;
11) орталық мемлекеттік органның басшысы немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі үшін жылдық жұмыс жоспарларының орындалу мониторингін жүзеге асырады;
12) орталық мемлекеттік органның басшысы немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі, сондай-ақ ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның алдында атқарылған жұмыс туралы жыл сайын есеп береді.
16-бап. Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңес
Ішкі мемлекеттік аудит шеңберінде мемлекеттік органның қызметін жетілдіру мақсатында мемлекеттік органның бірінші басшысы басқаратын консультативтік-кеңесші орган - Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңес құрылады.
Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңестің негізгі міндеттері, қызметін ұйымдастыру тәртібі ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларында айқындалады.
3-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТТІҢ РӘСІМДІК НЕГІЗДЕРІ
17-бап. Мемлекеттік аудитті жүргізу рәсімі
1. Мемлекеттік аудит мынадай өзара байланысты кезеңдерден тұрады:
1) егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде мемлекеттік аудит ұйымдастыруды көздейтін тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру;
2) жеке мемлекеттік аудитті жоспарлау және оны жүргізу;
3) мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша шешімдер қабылдау және құжаттар жасау.
2. Мемлекеттік аудит жүргізу мерзімін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының басшысы мемлекеттік аудиттің типіне, алдағы жұмыстардың көлемдеріне, мемлекеттік аудитпен қамтылатын қаражат көлемдеріне, мемлекеттік аудит объектілерінің санына қарай, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізудің тиісті қағидаларында көзделген шеңберде белгілейді.
3. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының басшысы мемлекеттік аудитордың жазбаша өтінішхаты бойынша мемлекеттік аудит жүргізу мерзімін ол аяқталғанға дейін кемінде бір жұмыс күні бұрын мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесіне тиісті өзгерістер енгізе отырып ұзартуы мүмкін.
4. Мемлекеттік аудит шеңберінде мынадай тексерулер жүргізіледі:
1) үстеме тексеру - тексеріліп отырған мәселе шеңберінде, негізгі мемлекеттік аудит объектісімен өзара қатынастар мәселелері бойынша ғана жүргізілетін, үшінші тұлғаларды тексеру. Үшінші тұлғалар ретінде бюджетке түсетін түсімдерді қалыптастыруға қатысатын және (немесе) бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, байланысты гранттарды, мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздарды пайдаланатын, сондай-ақ мемлекеттік мүлікті басқару мен пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар болуы мүмкін;
2) бірлескен тексеру - мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарымен және (немесе) мемлекеттік органдармен, оның ішінде басқа елдердің жоғары мемлекеттік аудит органдарымен келісілген мерзімдерде бірыңғай бағдарлама және мемлекеттік аудит тобы шеңберінде бірлесіп жүргізілетін тексеру, оның нәтижелері бойынша бірыңғай қорытынды құжат қабылданады;
3) қатар тексеру - кейіннен тексерулер нәтижелерімен алмаса отырып, басқа мемлекеттік органдар, оның ішінде басқа елдердің жоғары мемлекеттік аудит органдары келісілген мәселелер мен жүргізу мерзімдері бойынша дербес жүргізетін тексеру.
5. Қазақстан Республикасының заңдарында қызметтің жекелеген салаларына тексеруді ұйымдастыру және оны жүргізу тәртібінің ерекшеліктері белгіленуі мүмкін.
6. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өкілеттіктер шегінде электрондық мемлекеттік аудит жүргізуге жол беріледі.
18-бап. Мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру
1. Мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру тәуекелдерді басқару жүйелері - мемлекеттік аудит объектілерінің қызметін бағалаудың сандық және сапалық көрсеткіштері негізінде жүзеге асырылады, бұлардың негізінде оларды мемлекеттік аудитпен барынша қамту мақсатында мемлекеттік аудит объектісін белгілі бір тәуекел тобына жатқызу туралы шешім қабылданады.
Тәуекелдерді басқару жүйесі Есеп комитеті мен ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган бірлесіп белгілейтін бірыңғай қағидаттар мен тәсілдерге негізделеді.
2. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметі оларға жүктелген міндеттер мен өкілеттіктердің іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында өздерінің бірінші басшылары бекітетін мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Мыналардың:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын және Есеп комитеті Төрағасының бастамаларын қоспағанда, Есеп комитетінің;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмаларына негізделген Есеп комитетінің сұрау салуларын, тиісті мәслихаттардың шешімдерін және тексеру комиссиясы төрағасының бастамаларын қоспағанда, тексеру комиссияларының мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбелеріне өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
3. Есеп комитетінің мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің уәкілеттік берілген адамдарының тапсырмалары міндетті түрде қаралуға және есепке алынуға жатады.
Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің уәкілеттік берілген адамдарының тапсырмалары, Есеп комитетінің сұрау салулары міндетті түрде қаралуға және есепке алынуға жатады.
4. Есеп комитетінің және тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбелерін қалыптастыру кезінде құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың ұсыныстарына талдау жасалады, олардың орындылығы мен өзектілігін қарау үшін Есеп комитетінің немесе тиісті тексеру комиссиясының отырысына талқылауға шығарылады.
Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің уәкілеттік берілген адамдарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмалары, депутаттық сауалдар, прокуратура және қылмыстық қудалау органдарының сұрау салулары міндетті түрде қаралуға және есепке алынуға жатады.
5. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның жоспардан тыс аудиті:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмалары бойынша;
2) бюджеттік инвестициялық жобалардың сметалық құнының ұлғаюына байланысты мәселелер бойынша;
3) бұзушылықтардың анықталған фактілері бойынша тексерулер бөлігінде тәуекелдерді басқару жүйесі пайдаланыла отырып, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның ақпараттық жүйелері деректерінің мониторингі нәтижелері бойынша;
4) жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жүргізіледі.
6. Тексеру комиссиясының тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі, есепті жылда олардың әкімшілік-аумақтық бірлігінде сыртқы мемлекеттік аудитті жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетінен, оның ішінде тиісті облыстың құрамына кіретін аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттерінен қаржыландырылатын және (немесе) қаражат алатын мемлекеттік аудит объектілерін, сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдарын және жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылығын қамтамасыз ететін басқа да уәкілетті мемлекеттік органдарды қамтиды.
7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таратылуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналып, бекітілген тізбелері мен оларға өзгерістер бекітілген күнінен бастап күнтізбелік бес күн ішінде тиісті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.
8. Есеп комитеті, тексеру комиссиясы, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік аудитті жүргізу үшін мемлекеттік органдардың тиісті мамандарын (олардың келісімі бойынша), сондай-ақ қажет болған кезде аудиторлық ұйымдарды, сарапшыларды олар көрсететін қызметтеріне тиісті бюджеттен бөлінген қаражат шегінде ақы төлей отырып, тартуға құқылы.