3. Балық аулау объектілері болып табылатын жануарлардың түрлерін пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Су жануарларының түрлері | Төлемақы мөлшерлемелері (АЕК) |
| бір дара нұсқасы үшін | бір килограмы үшін |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | Кәсіпшілік және ғылыми мақсаттарда: | | |
| 1.1. | бекiре тұқымдас балықтар (қортпа, бекіре, шоқыр, сүйрік, пілмай) | | 0,064 |
| 1.2. | майшабақтар (қарынсау, бражников шабағы, қаражон), тікендi балық, камбала, шабақ | | 0 |
| 1.3. | албырт балықтар (құбылмалы бақтақ, майқан, хариус) | | 0,017 |
| 1.4. | ақсақа балықтар (көкшұбар, көкшарбы, пайдабалық, шыр, мұқсын), ұзын саусақты шаян | | 0,012 |
| 1.5. | қаракөз | | 0,004 |
| 1.6. | итбалық | 1,93 | |
| 1.7. | ірi балықтар: | | |
| 1.7.1. | ақ амур, сазан, тұқы, ақмарқа, берiш, жайын, нәлiм, дөңмаңдай, шортан, жыланбас балық, көксерке | | 0,013 |
| 1.8. | ұсақ балықтар: | | |
| 1.8.1. | табан, торта, тұрпа балық, майбалық, көкбас, қызылкөз, аққайран, мөңке, алабұға, оңғақ, кәдiмгi және талас тарғақ балығы, қызылқанат, балпан балық, бiлеу балық, айнакөз, көктыран, қылыш балық, буффало, шармай | | 0,004 |
| 2. | Спорттық-әуесқойлық (рекреациялық) балық аулауды жүргiзу кезiнде: | | |
| 2.1. | алып қоя отырып: | | |
| 2.1.1. | ірі балықтар | | 0,017 |
| 2.1.2. | қортпа | | 6,5 |
| 2.1.3. | бекіре тұқымдас балықтар | | 5,5 |
| 2.1.4. | ақсақа, албырт балықтар | | 0,042 |
| 2.1.5. | ұсақ балықтар | | 0,008 |
| 2.1.6. | шаян | 0,008 | |
| 2.2. | «ұстап алу-қоя беру» қағидаты негізiнде: | | |
| 2.2.1. | ірі балықтар | | 0,1 |
| 2.2.2. | бекiре тұқымдас балықтар (қортпа, бекіре, шоқыр, сүйрік, пілмай) | 4,97 | |
| 2.2.3. | ақсақа және албырт балықтар | | 0,27 |
| 2.2.4. | ұсақ балықтар | | 0,068 |
4. Өзге де шаруашылық мақсаттарда (аң аулаудан және балық аулаудан басқа) пайдаланылатын жануарлар түрлеріндың пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Жануарлардың түрлері | Төлемақы мөлшерлемелері (АЕК) |
| бір дара нұсқа-сы үшін | бір килог-рамы үшін |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | Сүтқоректілер: | | |
| 1.1. | шұбар мысық немесе дала мысығы | 0,030 | - |
| 1.2. | қарақас | 0,015 | - |
| 2. | Құстар: | | |
| 2.1. | кiшкене, қарамойын, қызылмойын, сұржақ, үлкен сұқсыр, үлкен суқұзғын, үлкен көлбұқа, бақылдақ құтан, көкқұтан және қошқыл құтан | 0,010 | - |
| 2.2. | үлкен аққұтан | 0,015 | - |
| 2.3. | маусымқұс, қошқылқанат және алтынжон татрең, шүрілдек, шаушүрiлдек, моңғол шүрiлдегi, сарысағақ шүрiлдек, шығыс шүрiлдегi, теңiз шүрілдегi, алқалы татрең, тасшарлаған, сутартар, тартар, кiшкене тартар, титтей тартар, қызылқасқа сутартар, дала қарақасы, қарала балшықшы, сауысқан, бұлыңғыр, бөрте балшықшы, үлкен балшықшы, шөпiлдек, тәкiлдек балшықшы, бұлақшы, мамырқұс, қайқытұмсық балшықшы, ақжағал қалытқы, ақтамақ қалытқы, құмғақша, қызылмойын құмдауық, ұзынсаусақ құмдауық, аққұйрық құмдауық, қызылтөс құмдауық, қаратөс құмдауық, бізқұйрық құмдауық, құмқұс, тұнбашы, шабындық және дала қарақасы, сақиналы түркептер, сарыжағал қараторғай, сарытұмсық шауқарға, қараторғай, пайызторғай, қызылтелпектi құнақ, көкқарға, бозторғайлар (айдарлы, теңбiлтөс, нәзіктұмсықты, сұр, сор, дала бозторғайы, қостеңбілді, аққанат, қара, құлақты, орман бозторғайы, шабындық бозторғайы, үнді бозторғайы), қызылтұмсық шауқарға, алабажақ сайрауық | 0,005 | |
| 2.4. | қаршыға | 0,010 | |
| 2.5. | қырғи, маубас жапалақ, байғыз, жүнбалақ байғыз, құлақты жапалақ, саз жапалағы, жамансары | 0,045 | |
| 3. | Бауырымен жорғалаушылар: | | |
| 3.1. | Орта Азия тасбақасы, саз тасбақасы | 0,020 | - |
| 3.2. | ешкіемер, бат-бат кесiртке, жұмырбас құм кесiртке, сығыркөз | 0,010 | - |
| 3.3. | бозша жылан | 0,045 | - |
| 3.4. | өрнектi қарашұбар жылан, шығыс және құм жыланы | 0,035 | - |
| 3.5. | көлбақа | 0,005 | - |
| 4. | Омыртқасыз су жануарлары: | | |
| 4.1. | артемия (цисталар) | - | 0,045 |
| 4.2. | гаммарус, шашақ мұрт шаяндар | - | 0,010 |
| 4.3. | сүлiктер | - | 0,030 |
| 4.4. | басқа да су омыртқасыздары мен цисталар | - | 0,005 |
583-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлеушілер төлемақы сомасын белгіленген мөлшерлемелерді және жануарлардың санын немесе салмағын (су жануарларының жекелеген түрлері үшін) негізге ала отырып есептейді.
Қазақстан Республикасында аң аулауды жүргізу кезінде шетелдіктер үшін төлемақы сомасын есептеу кезінде белгіленген мөлшерлемелерге 10-ға тең коэффициент қолданылады.
2. Төлемақы сомасы жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат алған жер бойынша бюджетке төленеді. Төлеу рұқсат алғанға дейін екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару жолымен жүргізіледі.
6-параграф. Орманды пайдаланғаны үшін төлемақы
584-бап. Жалпы ережелер
1. Орманды пайдаланғаны үшін төлемақы (бұдан әрі осы параграфтың мақсаттарында - төлемақы) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орманды пайдаланудың мынадай түрлері үшін алынады:
1) сүрек дайындау;
2) шайыр мен ағаш шырындарын дайындау;
3) қосалқы ағаш ресурстарын дайындау (ағаштар мен бұталардың қабықтарын, бұтақтарын, томарларын, тамырларын, жапырақтарын, бүршiктерiн);
4) орманды жанама пайдалану (шөп шабу, мал жаю, марал шаруашылығы, аң шаруашылығы, омарталар мен ара ұяларын орналастыру, бау шаруашылығы, бақша шаруашылығы, бақ шаруашылығы және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, дәрілік өсімдіктер мен техникалық шикізат, жабайы өсетін жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер мен басқа да тағамдық өнімдер, мүктер, орман жамылғы мен түскен жапырақтар, қамыс дайындау және жинау);
5) мемлекеттік орман қоры учаскелерін:
мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорттық мақсаттар;
аңшылық шаруашылығының мұқтаждығы;
ғылыми-зерттеу мақсаттары үшін пайдалану;
6) мемлекеттік орман қоры учаскелерін ағаш және бұта тұқымдас екпе материалдарын және арнаулы мақсаттағы плантациялық көшеттер өсіру үшін пайдалану.
2. Осы тараудың мақсаттары үшін орман пайдалануға Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімі негізінде өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупi төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын алып қою да жатқызылады.
Табиғи ортадан өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупi төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын алып қою туралы шешім қабылданған кезде мұндай алып қоюдың көлемдерін, төлемақы мөлшерін және оны төлеу мерзімін Қазақстан Республикасының Үкіметі әрбір жекелеген жағдайда белгілейді.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының орман заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде берілетін ағаш кесу билеті мен орман билеті (бұдан әрі - рұқсат құжаты) негізінде беріледі.
4. Мемлекеттік орман иеленушілер (жергілікті атқарушы органдардың орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері; орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері және орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік ұйымдары; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органның табиғат қорғау мекемелері; көлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның және автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік ұйымдары ведомстволық бағыныстылығына сәйкес) тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде өзінің тұрған жеріндегі салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер және салық салу объектілері туралы мәліметтерді ұсынады.
5. Орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган жыл сайын, есепті жылдан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде өзінің тұрған жеріндегі салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша мөлшері осы баптың 2-тармағына сәйкес айқындалатын төлемақыны төлеушілер және салық салу объектілері туралы мәліметтерді ұсынады.
585-бап. Төлемақы төлеушілер
1. Мыналар төлемақы төлеушілер болып табылады:
мемлекеттік орман иеленушілер және Қазақстан Республикасының Орман кодексінде айқындалған тәртіппен орман пайдалану құқығын алған тұлғалар;
Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімі негізінде өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупi төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын алып қоюға құқық алған тұлғалар.
2. Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес өз меншігіндегі немесе ұзақ мерзімді жер пайдаланудағы жеке орман қоры учаскелерінде орман пайдалануды жүзеге асыратын орман иеленушілер орман өсіру үшін нысаналы мақсатты орман пайдалану құқығын алған кезде төлемақы төлеушілер болып табылмайды.
586-бап. Салық салу объектісі
Мыналарды:
1) көшеттердің құрамы мен пішінін күтіп-баптау мақсатында кесуді жүзеге асыру, сондай-ақ оның жас талдары ішіндегі толықтығын (жарық түсіру, тазалау) және құндылығы аз ағаш көшеттерін реконструкциялауға және ландшафттарды қалыптастыруға байланысты кесуді реттеу кезінде түбірімен босатылатын сүрек көлемін;
2) ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін алынған ағаш ресурстарының, шайырдың, қосалқы орман ресурстарының көлемін қоспағанда, орманды пайдалану көлемі және (немесе) пайдалануға берілетін мемлекеттік орман қоры учаскелерінің, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы алаңы төлемақы салу объектісі болып табылады.
587-бап. Орманды пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері
1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, төлемақы мөлшерлемелерін орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес жергілікті атқарушы органдар жасаған есеп-қисаптар негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары белгілейді.
2. Түбірімен босатылатын сүрек үшін төлемақы мөлшерлемелері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және орман пайдалануға құқығы туындайтын тиісті қаржы жылының бірінші күніне қолданыста болатын еселенген АЕК мөлшерінде бір тығыз текше метр үшін айқындалады және мыналарды құрайды:
| Р/с № | Ағаш-бұта тұқымдастарының атауы | Жоғарғы бөлігіндегі дің кесіндісінің диаметріне қарай іске жарамды ағаш, қабықсыз (АЕК) | Қабықты отындық ағаш (АЕК) |
| ірі (25 см және одан жуан) | орташа (13-тен 24 см-ге дейін) | ұсақ (3-тен 12 см-ге дейін) |
| 1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 |
| 1. | Қарағай | 1,48 | 1,05 | 0,52 | 0,21 |
| 2. | Шренк шыршасы | 1,93 | 1,37 | 0,68 | 0,27 |
| 3. | Сібір шыршасы, майқарағай | 1,34 | 0,95 | 0,48 | 0,16 |
| 4. | Балқарағай | 1,19 | 0,85 | 0,41 | 0,15 |
| 5. | Самырсын | 2,67 | 1,91 | 0,93 | 0,23 |
| 6. | Ағаш тектес арша | 1,79 | 1,26 | 0,63 | 0,27 |
| 7. | Емен, шаған | 2,67 | 1,91 | 0,93 | 0,41 |
| 8. | Қара қандыағаш, үйеңкі, шегіршін, жөке | 0,60 | 0,42 | 0,21 | 0,14 |
| 9. | Сексеуіл | | | | 0,60 |
| 10. | Қайың | 0,69 | 0,48 | 0,23 | 0,16 |
| 11. | Көктерек, ағаш тектес тал, терек | 0,52 | 0,37 | 0,18 | 0,11 |
| 12. | Грек жаңғағы, пісте | 3,24 | 2,32 | 1,15 | 0,35 |
| 13. | Өрік, аққараған, алша, долана, шие, жиде, шетен, алхоры, мойыл, тұт ағашы, алма ағашы, өзге де ағаш тұқымдастар | 1,90 | 1,35 | 0,68 | 0,23 |
| 14. | Арша, самырсын өскіні | | | 0,34 | 0,18 |
| 15. | Жыңғыл | | | 0,3 | 0,25 |
| 16. | Сары қараған, бұта тектес талдар, шырғанақ, жүзгін, шеңгел және өзге де бұталар | | | 0,19 | 0,12 |
3. Төлемақы мөлшерлемелеріне мынадай коэффициенттер қолданылады:
1) кеспеағаш аймағының жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан қашықтығына қарай:
| Р/с | Қашықтық | Коэффициент |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | 10 км-ге дейін | 1,30 |
| 2. | 10,1 - 25 км | 1,20 |
| 3. | 25,1 - 40 км | 1,00 |
| 4. | 40,1 - 60 км | 0,75 |
| 5. | 60,1 - 80 км | 0,55 |
| 6. | 80,1 - 100 км | 0,40 |
| 7. | 100 км-ден көп | 0,30 |
Кеспеағаш аймағының жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан қашықтығы кеспеағаш аймағының ортасынан жолға дейінгі қысқа аралық бойынша картографиялық материалдармен айқындалады және жергілікті жердің бедеріне қарай мынадай коэффициенттер бойынша түзету жасалады:
жазық бедер - 1,1;
жоталы бедер немесе батпақты жер - 1,25;
таулы бедер - 1,5;
2) аралық мақсатта пайдалану үшін ағаш кесуді жүргізу кезінде - 0,6;
3) басты мақсатта пайдалану үшін іріктеп ағаш кесуді жүргізу кезінде - 0,8;
4) сүректі 20 градустан жоғары беткейлі тау жоталарынан босату кезінде - 0,7.
4. Сүректі түбірімен босату кезінде пайда болған кесілген ағаш қалдықтары (ұшар басынан алынған отын) үшін төлемақы мөлшерлемесі осы баптың 2-тармағында көрсетілген тиісті ағаш тұқымдас отындық ағашқа арналған мөлшерлеменің 20 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
588-бап. Есептеу мен төлеу тәртiбi
1. Төлемақы сомасын мемлекеттік орман иеленушілер есептейді және мөлшері осы баптың 2-тармағына сәйкес белгіленетін төлемақыны қоспағанда, рұқсат құжатында көрсетіледі.
2. Төлемақы мөлшері:
сүректі түбірімен босатқан кезде - осы Кодекстің 587-бабында белгіленген коэффициенттер ескеріле отырып, орман пайдалану көлемі және төлемақы мөлшерлемелері негізге алына отырып;
төлемақы мөлшері осы Кодекстің 587-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын орманды пайдалануды қоспағанда, орман пайдаланудың өзге де түрлері кезінде - орман пайдаланудың көлемі және (немесе) алаңы, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi өкiлдi органдары белгiлейтін орман пайдаланудың өзге де түрлері үшін төлемақы мөлшерлемелері негізге алына отырып айқындалады.
3. Төлемақы сомасы бюджетке орман пайдалану объектісінің тұрған жері бойынша мынадай мерзімдерде:
1) ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде - орман пайдаланудың жыл сайынғы көлемінің жалпы сомасының тең үлестерімен тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде;
2) қысқа мерзімді орман пайдалану кезінде - рұқсат құжаттарын алғанға дейін немесе алған күні төленеді. Бұл ретте рұқсат құжатында төлем құжатының деректемелері көрсетіле отырып, ақы төлеудің жүргізілгені туралы белгі қойылады;
3) түбірімен босатылатын сүрек үшін - жазылып берілген ағаш кесу билеттері бойынша жылдық төлемақы сомасының тең үлестерімен тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде;
4) өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын алып қойғаны үшін - әрбір жекелеген жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімі негізінде белгіленетін мерзімдерде төленеді.
4. Егер сүректі түбірімен, шайырды, ағаш шырындарын және қосалқы орман ресурстарын босату кезінде дайындалған сүректің, шайырдың, ағаш шырындарының және қосалқы орман ресурстарының жалпы көлемі ағаш кесу билетінде көзделген көлеммен (алаңмен) сәйкес келмесе, мемлекеттік орман иеленушілер нақты дайындалған көлем үшін төлемақы сомасын қайта есептеуді жүргізеді. Қайта есептеу кезінде белгіленген төлемақы сомасы оны төлеудің кезекті мерзімінде төленеді.
5. Кезекті мерзімге кесуге берілетін кесілмеген ағаштар, сондай-ақ алдыңғы жылы кесу басталмаған кеспеағаш аймағы үшін төлемақы сомасын төлеу осы Кодекстің 587-бабында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
6. Төлемақы сомасын төлеу екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару не оны орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қатаң есептілік бланкілері негізінде мемлекеттік орман иеленушілер кассаларына қолма-қол ақшалай енгізу жолымен жүргізіледі.
Қолма-қол ақшамен қабылданған төлемақы сомаларын мемлекеттік орман иеленушілер ақша қабылдау жүзеге асырылған күннен бастап келесі операциялық күннен кешіктірмей екінші деңгейдегі банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға кейіннен оларды бюджетке есепке жатқызу үшін тапсырады. Егер қолма-қол ақшаның күн сайынғы түсімдері АЕК-тің 10 еселенген мөлшерінен аз болса, бюджетке есепке жатқызу үшін ақшаны тапсыру ақша қабылдау жүзеге асырылған күннен бастап операциялық үш күнде бір рет жүзеге асырылады.
7. Жеке тұлғалар төлемақы сомасын қолма-қол ақшамен төлеген кезде қатаң есептілік бланкілеріне мемлекеттік орман иеленушілердің бизнес-сәйкестендіру нөмірі қойылады.
7-параграф. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы
589-бап. Жалпы ережелер
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы (бұдан әрі осы параграфтың мақсаттарында - төлемақы) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (мемлекеттік табиғи ескерткіштердің, мемлекеттік табиғи қаумалдардың, мемлекеттік қорықтық аймақтардың аумақтарын қоспағанда) сыртқы шекаралары шегінде Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған ғылыми, экологиялық-ағарту, мәдени-ағарту, оқыту, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдаланғаны үшін алынады.
2. Жер учаскелерінің нысаналы мақсатына және олардың қандай да бір жер санатына жататындығына қарамастан, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың сыртқы шекаралары шегіндегі жер учаскелерінде орналасқан және осы баптың 1-тармағында көрсетілген мақсаттарда пайдаланылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы алынады.
3. Табиғат қорғау ұйымдары тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-күнінен кешiктiрмей өзiнiң тұрған жерiндегі салық органдарына уәкiлеттi орган белгілеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер мен салық салынатын объектілер туралы мәлiметтерді ұсынады.
590-бап. Төлемақы төлеушiлер
1. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
2. Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін төлемақыны дербес төлеуші деп тануға құқылы.
Заңды тұлғаның шешімі немесе осындай шешімнің күшін жою мұндай шешім қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Егер заңды тұлға өз шешімімен заңды тұлғаның жаңадан құрылған құрылымдық бөлімшесін төлемақыны дербес төлеуші деп таныса, мұндай шешім осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
3. Мыналар:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың шекараларында орналасқан елді мекендерде тұрақты тұратын және (немесе) саяжай учаскелері бар жеке тұлғалар;
«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған табиғат қорғау ұйымдары төлемақы төлеушiлер болып табылмайды.
591-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері
1. Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану қажеттігі туындайтын тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын 0,1 АЕК есебінен ерекше қорғалатын табиғи аумақта болған әрбір күн үшін айқындалады.
2. Жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының ұсынуы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары белгілейді.
592-бап. Есептеу мен төлеу тәртiбi
1. Осы тармақта көзделген жағдайларды қоспағанда, төлеушілер төлемақы сомасын белгіленген мөлшерлемелерді және ерекше қорғалатын табиғи аумақта болған күн санын негізге ала отырып, дербес есептейді.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың шекараларындағы жер учаскелерінің меншік иесі мен жер пайдаланушы жеке және заңды тұлғалар үшін:
1) өздерінің жұмыскерлерінің саны;
2) осындай ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы стационарлық емдеу, демалыс мекемелерінде, спорттық-сауықтыру мекемелерінде болатын жеке тұлғалардың саны төлемақы салу объектісі болып табылады.
2. Төлемақы сомасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтың орналасқан жері бойынша бюджетке төленеді.
3. Төлемақы сомасын бюджетке төлеу екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару не оны бақылау-өткiзу пункттерiнде не «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған табиғат қорғау ұйымдары орнататын өзге де арнайы жабдықталған орындарда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгiлеген нысан бойынша қатаң есептiлiк бланкiлерi немесе көрсетілген төлемді растайтын бақылау-кассалық машинаның, терминалдардың чектерi негiзiнде қолма-қол ақша енгiзу жолымен жүргiзiледi.
4. Қолма-қол ақшамен қабылданған төлемақы сомаларын «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған табиғат қорғау ұйымдары ақша қабылдау жүзеге асырылған күннен бастап келесі операциялық күннен кешіктірмей екінші деңгейдегі банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға кейіннен оларды бюджетке есепке жатқызу үшін тапсырады. Егер қолма-қол ақшаның күн сайынғы түсімдері АЕК-тің 10 еселенген мөлшерінен аз болса, ақшаны тапсыру ақша қабылдау жүзеге асырылған күннен бастап операциялық үш күнде бір рет жүзеге асырылады.
5. Жеке тұлғалар төлемақы сомасын қолма-қол ақшамен төлеген кезде қатаң есептілік бланкілерінде жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірінің орнына «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған табиғат қорғау ұйымдарының сәйкестендіру нөмірі көрсетіледі.
8-параграф. Радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін төлемақы
593-бап. Жалпы ережелер
1. Радиожиiлiк спектрiн пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi осы параграфтың мақсаттарында - төлемақы) байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган бөлген радиожиiлiк спектрiнiң номиналдары (белдеулер, диапазондар) (бұдан әрi - радиожиiлiк спектрiнiң номиналдары) үшiн алынады.
2. Радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығы «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртiппен байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган берген рұқсат құжаттарымен куәландырылады.
3. «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес радиожиілік спектрін пайдалана отырып байланыс саласындағы қызметтер көрсету жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғаны үшін бюджетке төлеуге жататын бiржолғы төлемақы сомасы төлемақы есебiне есепке жатқызылмайды.
4. Байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк органның аумақтық бөлімшелері төлеушілердің тұрған жерiндегі салық органдарына уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша төлеушілер туралы, салық салу объектiлерi, берілген рұқсаттар, олардың қолданылу кезеңі, берілген рұқсаттарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, салық төлеушілерге жіберілген хабарламалар туралы және төлемақы сомалары туралы мәлiметтерді мынадай мерзімдерде:
1) осы Кодекстің 596-бабы 3-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген жағдайда - салықтық кезеңнің 25 ақпанынан кешіктірмей;
2) осы Кодекстің 596-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде белгіленген жағдайда, салық төлеуші радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат алған айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей ұсынады.
5. Байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк органның аумақтық бөлімшелері есепті тоқсаннан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде төлеушілердің тұрған жеріндегі салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша радиожиілік спектрін пайдалана отырып, байланыс саласындағы қызметтер көрсету жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғаны үшін біржолғы төлемақыны төлеушілер, бюджетке төлеуге жататын осындай біржолғы төлемақы сомалары және оны төлеу мерзімдері туралы мәліметтерді ұсынады.
594-бап. Төлемақы төлеушiлер
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығын алған тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
2. Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін осындай құрылымдық бөлімше пайдаланатын радиожиiлiк спектрiнің номиналдары үшін төлемақыны дербес төлеуші деп тануға құқылы.
Заңды тұлғаның шешімі немесе осындай шешімнің күшін жою мұндай шешім қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.