3. Cу қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органның өңiрлiк органдары тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi екiншi айдың 25-күнінен кешiктiрмей өзінің тұрған жеріндегі салық органдарына уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер және салық салу объектілері, олардың орналасқан жері, арнайы су пайдалануға берілген рұқсаттар, су пайдаланудың белгіленген лимиттері, су пайдаланудың рұқсаттары мен лимиттеріне енгізілген өзгерістер туралы, Қазақстан Республикасының су заңнамасының сақталуын тексерулер нәтижелері, Қазақстан Республикасының су заңнамасының сақталуын тексерулер нәтижелеріне шағым жасау бойынша сот шешімдері туралы мәлiметтерді табыс етеді.
567-бап. Төлемақы төлеушілер
1. Мынадай:
1) суды жер үсті және теңіз суларынан механикалық және өз ағысымен алу жөніндегі стационарлық, жылжымалы және жүзбелі құрылыстарды қолдана отырып;
2) гидравликалық электр станцияларын қолдана отырып;
3) балық шаруашылығын жүргізу үшін су шаруашылығы құрылыстарын қолдана отырып;
4) су көлігінің мұқтаждықтары үшін жерүсті көздерінің су ресурстарын пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар (бастапқы су пайдаланушылар) төлемақы төлеушілер болып табылады.
2. Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін төлемақыны дербес төлеуші ретінде тануға құқылы.
Заңды тұлғаның шешімі немесе осындай шешімнің күшін жою мұндай шешім қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Егер заңды тұлға өз шешімімен заңды тұлғаның жаңадан құрылған құрылымдық бөлімшесін төлемақыны дербес төлеуші ретінде таныса, онда мұндай шешім осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
568-бап. Салық салу объектілері
1. Мыналар салық салу объектiлері болып табылады:
1) мыналарды:
бөгеттерге және басқа да тежейтін гидротехникалық және су реттейтін құрылыстарға жинақталатын су көлемін;
ағынды бассейнаралық бұруды жүзеге асыратын арналарда және ағынды реттеуді жүзеге асыратын ернеуден тыс cу қоймаларында сүзуге және булануға кететiн, су шаруашылығы жүйелерiнiң жобалық деректерi негiзiнде су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкiлеттi орган растаған су шығындарын;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен табиғат қорғау және (немесе) санитариялық-эпидемиологиялық су ағызу көлемiн;
су тасқынын, су басуды және су астында қалуды болғызбау мақсатында жүзеге асырылатын, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкiлеттi орган растаған суару жүйелерiне мәжбүрлi түрде су жинау көлемiн қоспағанда, жер үстi су көзiнен алынған судың көлемi;
2) өндiрiлген электр энергиясының көлемi;
3) су көлiгiмен тасымалдау көлемi.
2. Төлемақы:
1) кеме тартқышынсыз сүректі ағызуға, рекреацияға;
2) жер қазатын техниканы қолдануға;
3) батпақты құрғатуға алынбайды.
569-бап. Төлемақы мөлшерлемелері
Төлемақы мөлшерлемелерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi өкiлдi органдары су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкiлеттi орган бекіткен төлемақы есеп-қисабының әдістемесі негізінде белгiлейдi.
Нақты су алу көлемi cу қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген су пайдалану лимиттерінен асып кеткен кезде осындай асып кету көлеміне бес есе ұлғайтылған төлемақы мөлшерлемелері қолданылады.
570-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлемақы сомасын төлеушiлер нақты пайдаланылған су көлемi мен белгiленген мөлшерлемелерді негiзге ала отырып есептейді.
2. Тежейтін гидротехникалық және су реттейтін құрылыстары бар су объектілерінде су көлігімен тасымалдау көлемі үшін төлемақы сомасы тасымалданған жүктердің бір тоннасы/километр үшін есептеледі.
3. Төлеушiлер (шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимiн қолданатын салық төлеушiлерден басқа) нақты пайдаланылған су көлемi үшiн ағымдағы төлемақы сомаларын су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті орган белгілеген ай сайынғы су пайдалану лимиттері негізінде есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 25-күнінен кешiктiрмей бюджетке төлейді.
4. Төлемақы сомасы рұқсат құжатында көрсетілген арнайы су пайдалану жері бойынша бюджетке төленедi.
5. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимiн қолданатын салық төлеушiлер төлемақы төлеуді осы Кодекстің 706-бабында белгіленген мерзімде жүргізеді.
6. Жылу энергетика кәсіпорындары тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық мұқтаждықтар үшін жылу энергиясын өндіруге, сондай-ақ су жинау лимиті шегінде агрегаттарды салқындату (қайтарымды су тұтыну) үшін технологиялық мұқтаждықтарға жұмсалатын суға төлемақы мөлшерін тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызметтер көрсететін ұйымдар үшін көзделген мөлшерлемелер бойынша айқындайды.
Қайтарымсыз су тұтынғаны үшін төлемақы мөлшері өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін белгіленген мөлшерлемелер бойынша айқындалады.
571-бап. Салықтық кезең
Салықтық кезең осы Кодекстің 314-бабына сәйкес айқындалады.
572-бап. Салықтық есептілік
1. Төлемақы төлеушілер арнайы су пайдалану жері бойынша салық органдарына төлемақы бойынша декларацияны тапсырады.
2. Төлемақы төлеушілер шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілерді қоспағанда, тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде декларация тапсырады.
3. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимiн қолданатын салық төлеушiлер төлемақы бойынша салықтық есептілікті бірыңғай жер салығы бойынша декларацияға тиісті қосымша түрінде ұсынады.
4. Декларация мемлекеттік кіріс органына тапсырылғанға дейін су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органның өңірлік органында куәландырылады.
4-параграф. Қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы
573-бап. Жалпы ережелер
1. Қоршаған ортаға эмиссия үшiн төлемақы (бұдан әрi осы параграфтың мәтіні бойынша - төлемақы) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын арнайы табиғат пайдалану тәртiбiмен қоршаған ортаға эмиссия үшiн алынады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде өзінің тұрған жеріндегі салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер және салық салу объектілері, берілген экологиялық рұқсаттар, қоршаған ортаға эмиссиялардың белгіленген нормативтері, экологиялық рұқсаттарға және қоршаған ортаға эмиссиялардың белгіленген нормативтеріне енгізілген өзгерістер туралы мәліметтер, сондай-ақ өндіріс пен тұтыну қалдықтарын уақытша сақтауына қатысты табиғат пайдаланушылар жөніндегі мәліметтерді (уақытша сақтаудың көлемдері, белгіленген мерзімдері, нақты орналастыру кезеңі) ұсынады.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және оның аумақтық органдары өзінің тұрған жеріндегі салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша және тәртіппен Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының сақталуына тексерулерді (мемлекеттік экологиялық бақылау) жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осындай тексерулердің нәтижелеріне шағым жасау ескеріле отырып, белгіленген қоршаған ортаға эмиссиялардың нақты көлемдері туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген осындай тексерулердің нәтижелеріне шағым жасау мерзімдері өткен соң он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынады.
574-бап. Төлемақы төлеушілер
1. Қоршаған ортаға эмиссияны жүзеге асыратын тұлғалар төлемақы төлеушілер болып табылады.
2. Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін осындай құрылымдық бөлімшенің қоршаған ортаға эмиссиясының көлемі бойынша төлемақыны дербес төлеуші деп тануға құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген заңды тұлғаның шешімі немесе осындай шешімнің күшін жою мұндай шешімді қабылдаған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Егер заңды тұлға өз шешімімен заңды тұлғаның жаңадан құрылған құрылымдық бөлімшесін төлемақыны дербес төлеуші деп таныса, онда мұндай шешім осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
3. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі қолданылатын қызметті жүзеге асыру нәтижесінде қалыптасатын қоршаған ортаға эмиссиялар бойынша шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер төлемақы төлеушілер болып табылмайды.
575-бап. Салық салу объектісі
Мыналар:
1) ластаушы заттардың шығарындылары;
2) ластаушы заттардың төгінділері;
3) өндіріс пен тұтынудың орналастырылған қалдықтары;
4) мұнай операцияларын жүргізу кезінде түзілетін, орналастырылған күкірт түрінде қоршаған ортаға эмиссиялардың, оның ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және оның аумақтық органдары Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының сақталуына тексерулерді (мемлекеттік экологиялық бақылау) жүзеге асыру нәтижелері бойынша белгіленген нақты көлемі салық салу объектісі болып табылады.
576-бап. Төлемақы мөлшерлемелері
1. Төлемақы мөлшерлемелері осы Кодекстің 577-бабы 2-тармағының ережелері ескеріле отырып, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және салықтық кезеңнің бірінші күніне қолданыста болатын еселенген АЕК мөлшерінде айқындалады.
2. Стационарлық көздерден ластаушы заттарды шығарғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Ластаушы заттардың түрлері | 1 тонна үшін төлемақы мөлшер-лемелері (АЕК) | 1 килограмм үшін төлемақы мөлшерлемелері (АЕК) |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | Күкірт тотықтары | 10 | |
| 2. | Азот тотықтары | 10 | |
| 3. | Шаң және күл | 5 | |
| 4. | Қорғасын және оның қосындылары | 1 993 | |
| 5. | Күкіртсутек | 62 | |
| 6. | Фенолдар | 166 | |
| 7. | Көмірсутектер | 0,16 | |
| 8. | Формальдегид | 166 | |
| 9. | Көміртегі тотықтары | 0,16 | |
| 10. | Метан | 0,01 | |
| 11. | Күйе | 12 | |
| 12. | Темір тотықтары | 15 | |
| 13. | Аммиак | 12 | |
| 14. | Алты валентті хром | 399 | |
| 15. | Мыс тотықтары | 299 | |
| 16. | Бенз(а)пирен | | 498,3 |
3. Ілеспе және (немесе) табиғи газды алау етіп жағудан ластаушы заттарды шығарғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Ластаушы заттардың түрлері | 1 тонна үшін төлемақы мөлшерлемелері (АЕК) |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Көмірсутектер | 44,6 |
| 2. | Көміртегі тотықтары | 14,6 |
| 3. | Метан | 0,8 |
| 4. | Күкірт диоксиді | 200 |
| 5. | Азот диоксиді | 200 |
| 6. | Күйе | 240 |
| 7. | Күкіртсутек | 1 240 |
| 8. | Меркаптан | 199 320 |
4. Жылжымалы көздерден атмосфералық ауаға ластаушы заттарды шығарғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Отын түрлері | Пайдаланылған отынның 1 тоннасы үшін мөлшерлеме (АЕК) |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Этилденбеген бензин үшін | 0,33 |
| 2. | Дизель отыны үшін | 0,45 |
| 3. | Сұйытылған, сығылған газ, керосин үшін | 0,24 |
5. Ластаушы заттарды төккені үшін төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Ластаушы заттардың түрлері | 1 тонна үшін төлемақы мөлшерлемелері (АЕК) |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Нитриттар | 670 |
| 2. | Мырыш | 1 340 |
| 3. | Мыс | 13 402 |
| 4. | Оттегіне биологиялық қажеттілік | 4 |
| 5. | Тұзды аммоний | 34 |
| 6. | Мұнай өнімдері | 268 |
| 7. | Нитраттар | 1 |
| 8. | Жалпы темір | 134 |
| 9. | Сульфаттар (анион) | 0,4 |
| 10. | Өлшенген заттар | 1 |
| 11. | Синтетикалық бетүсті-белсенді заттар | 27 |
| 12. | Хлоридтер (анион) | 0,1 |
| 13. | Алюминий | 27 |
6. Өндіріс пен тұтыну қалдықтарын орналастырғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Қалдықтардың түрлері | Төлемақы мөлшерлемелері (АЕК) |
| 1 тонна үшін | 1 гигабек-керель (Гбк) үшін |
| 1. | Өндіріс пен тұтыну қалдықтарын полигондарда, жинақтауыштарда, санкцияланған үйінділерде және арнайы бөлінген орындарда орналастырғаны үшін: | | |
| 1.1. | Коммуналдық қалдықтар (тұрмыстық қатты қалдықтар, тазарту құрылыстарының кәріздік тұнбасы) | 0,19 | |
| 1.2. | Осы тармақтың 1.3-жолында көрсетілген қалдықтарды қоспағанда, қауіптілік деңгейі ескеріле отырып, қалдықтар | | |
| 1.2.1. | «қызыл» тізім | 7 | |
| 1.2.2. | «жақұт» тізім | 4 | |
| 1.2.3. | «жасыл» тізім | 1 | |
| 1.2.4. | сыныпталмағандар | 0,45 | |
| 1.3. | Төлемақысы есептелген кезде белгіленген қауіптілік деңгейі ескерілмейтін қалдықтар: | | |
| 1.3.1. | Тау-кен өндіру өнеркәсібінің және карьерлерді игеру қалдықтары (мұнай мен табиғи газды өндіруден басқа): | | |
| 1.3.1.1. | аршынды жыныстар | 0,002 | |
| 1.3.1.2. | жанас таужыныстары | 0,013 | |
| 1.3.1.3. | байыту қалдықтары | 0,01 | |
| 1.3.1.4. | шлактар, шламдар | 0,019 | |
| 1.3.2. | Құрамында пайдалы қазбалар бар кенді, концентраттарды, агломераттарды және шекемтастарды қайта өңдеу, қорытпалар мен металдар өндірісі кезінде металлургиялық қайта жасауда түзілетін шлактар, шламдар | 0,019 | |
| 1.3.3. | күл мен күлшлактар | 0,33 | |
| 1.3.4. | ауыл шаруашылығы өндірісінің қалдықтары, оның ішінде көң, құс саңғырығы | 0,001 | |
| 2. | Радиоактивті қалдықтарды орналастырғаны үшін, гигабеккерельмен (Гбк): | | |
| 2.1. | Трансуранды | | 0,38 |
| 2.2. | Альфа-радиоактивті | | 0,19 |
| 2.3. | Бета-радиоактивті | | 0,02 |
| 2.4. | Шынақты радиоактивті көздер | | 0,19 |
7. Мұнай операцияларын жүргізу кезінде түзілетін күкіртті орналастырғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері бір тонна үшін 3,77 АЕК құрайды.
8. Жергілікті өкілді органдардың, осы баптың 3-тармағында белгіленген мөлшерлемелерді қоспағанда, осы бапта белгіленген мөлшерлемелерді екі еседен аспайтындай етіп көтеруге құқығы бар.
577-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлемақы сомасын:
1) төлеушілер қоршаған ортаға нақты эмиссия көлемдерiн және белгіленген төлемақы мөлшерлемелерін негiзге ала отырып есептейдi;
2) салық органдары белгіленген төлемақы мөлшерлемелерін және осы Кодекстің 573-бабының 3-тармағында белгіленген тәртіппен, нысан бойынша және мерзімдерде ұсынылған, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен оның аумақтық органдарының Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының сақталуына тексерулерді (мемлекеттік экологиялық бақылау) жүзеге асыру нәтижелері бойынша мәліметтерінде көрсетілген, қоршаған ортаға декларацияланбаған эмиссия көлемдерін негізге ала отырып есепке жазады.
Салық органы төлемақы сомаларын осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында белгіленген негіздер бойынша есепке жазған жағдайда, салық органы осы Кодекстің 573-бабының 3-тармағында көрсетілген мәліметтерді алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мәліметтері негізінде қоршаған ортаға эмиссиялар үшін есепке жазылған төлемақы сомасы туралы хабарлама шығарады.
2. Коммуналдық қызметтер көрсету кезінде табиғи монополиялар субъектілері және электр энергиясын өндіру кезінде Қазақстан Республикасының энергия өндіруші ұйымдары түзетін эмиссия көлемі үшін төлемақы сомасын есептеу кезінде төлемақы мөлшерлемелеріне:
осы Кодекстің 576-бабының 8-тармағына сәйкес жергілікті өкілді органдардың оларды көтеруін ескере отырып, осы Кодекстің 576-бабының 2-тармағында белгіленген мөлшерлемелерге - 0,3 коэффициенті;
осы Кодекстің 576-бабының 8-тармағына сәйкес жергілікті өкілді органдардың оларды көтеруін ескере отырып, осы Кодекстің 576-бабының 5-тармағында белгіленген мөлшерлемелерге - 0,43 коэффициенті;
осы Кодекстің 576-бабының 8-тармағына сәйкес жергілікті өкілді органдардың оларды көтеруін ескере отырып, осы Кодекстің 576-бабы 6-тармағының 1.3.3-жолында белгіленген мөлшерлемелерге 0,05 коэффициенті қолданылады.
Коммуналдық қалдықтарды орналастыруды жүзеге асыратын полигондар төлемақы сомасын есептеу кезінде тұрғылықты жері бойынша жеке тұлғалардан жиналатын тұрмыстық қатты қалдықтардың көлемі үшін осы Кодекстің 576-бабы 6-тармағының 1.1-жолында белгіленген төлемақы мөлшерлемесіне 0,2 коэффициенті қолданылады.
Бұл ретте осы тармақта белгіленген коэффициенттер салық төлеушілердің экологиялық рұқсаттарында белгіленген нормативтер шегінде қоршаған ортаға эмиссия көлемдеріне қолданылады.
3. Жылдық жиынтық көлемі 100 АЕК-ке дейінгі төлемдер көлемінде төлемақы төлеушілер рұқсат құжатын беретін орган белгілеген қоршаған ортаға эмиссиялар нормативін сатып алуға құқылы. Нормативті сатып алу рұқсат құжаты есепті салықтық кезеңнің 20 наурызынан кешіктірілмей ресімделген кезде ағымдағы жыл үшін алдын ала толық ақы төлене отырып жүргізіледі.
Рұқсат құжаты көрсетілген мерзімнен кейін алынған кезде нормативті сатып алу рұқсат құжаты алынған айдан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
4. Ластаудың жылжымалы көздерін қоспағанда, төлемақы сомасы рұқсат құжатында көрсетілген қоршаған ортаға эмиссия көзінің (объектісінің) орналасқан жері бойынша бюджетке төленеді.
Ластаудың жылжымалы көздері бойынша төлемақы сомасы бюджетке:
1) мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымалы көздер бойынша - мұндай тіркеуді жүргізу кезінде уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын жылжымалы көздерді тіркеу орны бойынша;
2) мемлекеттік тіркеуге жатпайтын ластаудың жылжымалы көздері бойынша - салық төлеушінің тұрған жері бойынша, оның ішінде заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің (егер оған салық міндеттемесін орындау жүктелсе) тұрған жері бойынша енгізіледі.
5. Осы баптың 3-тармағында аталған төлеушiлердi қоспағанда, қоршаған ортаға нақты эмиссиялар көлемi үшiн төлемақының ағымдағы сомаларын төлеушiлер есептi тоқсаннан кейiнгi екінші айдың 25-күнінен кешiктiрмей енгізедi.
578-бап. Салықтық кезең
Салықтық кезең осы Кодекстің 314-бабына сәйкес айқындалады.
579-бап. Салықтық есептілік
1. Ластаудың жылжымалы көздерi бойынша декларацияны қоспағанда, төлемақы төлеушiлер ластау объектiсiнiң орналасқан жеріндегі салық органдарына декларация тапсырады.
Декларация салық органдарына:
1) мемлекеттік тіркеуге жататын ластаудың жылжымалы көздерi бойынша - мұндай тіркеуді жүргізу кезінде уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын жылжымалы көздерді тіркеу орны бойынша;
2) мемлекеттік тіркеуге жатпайтын ластаудың жылжымалы көздері бойынша - салық төлеушінің тұрған жері бойынша тапсырылады.
2. Осы баптың 3-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, төлемақы төлеушiлер декларацияны тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi екінші айдың 15-күнінен кешiктiрмей тапсырады.
3. Жылдық жиынтық көлемдері 100 АЕК-ке дейiнгі төлемдер көлемінде төлемақы төлеушілер декларацияны есептi салықтық кезеңнiң 20 наурызынан кешiктiрмей тапсырады.
Рұқсат құжаты көрсетілген мерзiмнен кейiн ресiмделген жағдайда, төлеушiлер декларацияны рұқсат құжаты алынған айдан кейiнгi айдың 20-күнінен кешiктiрмей тапсырады.
5-параграф. Жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төлемақы
580-бап. Жалпы ережелер
1. Жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi осы параграфтың мақсаттарында - төлемақы) жануарлар дүниесiн арнайы пайдалану тәртібімен жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн алынады.
2. Жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген түрлерiн пайдаланғаны үшiн төлемақыны әрбiр жекелеген жағдайда осы жануарларды табиғи ортадан алып қоюға рұқсат беру кезiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
3. Төлемақы:
1) жануарларды табиғи ортадан ғылыми-зерттеу және шаруашылық мақсаттарында ен салу, сақина салу, қоныс аударту, қолдан өсіру және шағылыстыру мақсаттары үшiн алып, кейiннен табиғи ортаға жiберген кезде;
2) жеке және заңды тұлғалардың меншігі болып табылатын, қолдан өсірілген әрі еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын жануарлар дүниесі объектілерін пайдаланған кезде;
3) жануарлар дүниесiн қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган балық ресурстарын және су жануарларының басқа да түрлерін пайдалануға арналған биологиялық негіздеу мақсатында балықтар мен басқа да су жануарларын бақылау үшін аулауды жүзеге асырған кезде;
4) халық денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да үй жануарларын аурулардан қорғау, қоршаған ортаға зиянды болғызбау, ауыл шаруашылығы қызметіне айтарлықтай залал келтіру қаупінің алдын алу мақсатында саны реттелуге жататын жануарлар түрлерін алып қойған кезде алынбайды.
4. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органдар тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-күнінен кешiктiрілмейтін мерзімде өзінің тұрған жеріндегі салық органдарына уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер мен салық салу объектілері туралы мәлiметтерді ұсынады.
581-бап. Төлемақы төлеушiлер
Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жануарлар дүниесiн арнайы пайдалануға құқық алған тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
582-бап. Жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері
1. Төлемақы мөлшерлемелері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және осындай төлемақыны төлеу күніне қолданыста болатын еселенген АЕК мөлшерінде айқындалады.
2. Қазақстан Республикасында кәсіпшілік, әуесқойлық және спорттық аң аулауды жүргізу кезінде төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Жабайы жануарлардың түрлері | Төлемақы мөлшерлемесі, бір дара нұсқасы үшін (АЕК) |
| Кәсіпшілік аң аулау | Әуесқойлық және спорттық аң аулау |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | Сүтқоректілер: | | |
| 1.1. | бұлан (еркегі) | - | 16 |
| 1.2. | бұлан (ұрғашысы) | - | 11 |
| 1.3. | бұлан (бір жасар төлі) | - | 6 |
| 1.4. | марал (еркегі) | - | 13 |
| 1.5. | марал (ұрғашысы) | - | 7 |
| 1.6. | марал (бір жасар төлі) | - | 4 |
| 1.7. | аскания бұғысы (еркегі) | - | 9 |
| 1.8. | аскания бұғысы (ұрғашысы) | - | 5 |
| 1.9. | аскания бұғысы (бір жасар төлі) | - | 3,5 |
| 1.10. | елiк (таралу аймағының солтүстiк бөлiгi, еркегі) | - | 4 |
| 1.11. | елiк (таралу аймағының солтүстiк бөлiгi, ұрғашысы, бір жасар төлі) | - | 3 |
| 1.12. | елiк (таралу аймағының оңтүстiк бөлiгi, еркегі) | - | 3 |
| 1.13. | елiк (таралу аймағының оңтүстiк бөлiгi, ұрғашысы, бір жасар төлі) | - | 2 |
| 1.14. | сiбiр тау ешкiсi (еркегі) | - | 4 |
| 1.15. | сiбiр тау ешкiсi (ұрғашысы, бір жасар төлі) | - | 3,5 |
| 1.16. | құдыр | - | 2 |
| 1.17. | қабан (еркегі) | - | 4 |
| 1.18. | қабан (ұрғашысы, бір жасар төлі) | - | 3 |
| 1.19. | киiк (еркегі) | 4 | 5 |
| 1.20. | киiк (ұрғашысы, бір жасар төлі) | 3 | 4 |
| 1.21. | қоңыр аю (Тянь-Шань аюынан басқа) | - | 14 |
| 1.22. | өзен құндызы, кәмшат (ортаазиялықтан басқа) | 1 | 2 |
| 1.23. | бұлғын | 2 | 4 |
| 1.24. | суырлар (Мензбир суырынан басқа) | 0,060 | 0,12 |
| 1.25. | ондатр | 0,045 | 0,9 |
| 1.26. | борсық, түлкi | 0,10 | 0,20 |
| 1.27. | қарсақ | 0,045 | 0,10 |
| 1.28. | америкалық су күзенi | 0,12 | 0,25 |
| 1.29. | сiлеусiн (Түркiстан сілеусінінен басқа) | - | 0,45 |
| 1.30. | қояндар (құмқоян, орқоян, ақ қоян) | 0,010 | 0,045 |
| 1.31. | жанат тектес ит, шайқағыш жанат, құну, сарғыш күзен, ақ қалақ, ақкiс, сары күзен, сасық күзен, кәдімгі тиiн | 0,020 | 0,35 |
| 1.32. | саршұнақ (құм саршұнағы) | 0,015 | 0,025 |
| 1.33. | қасқыр | 0 | 0 |
| 1.34. | шибөрі | 0 | 0 |
| 2. | Құстар | | |
| 2.1. | маймақ қаз (қызыл жемсаулы, қара жемсаулы) | 0,015 | 0,030 |
| 2.2. | саңырау құр | - | 0,15 |
| 2.3. | құр | - | 0,055 |
| 2.4. | Гималай ұлары | - | 0,20 |
| 2.5. | қырғауыл | 0,020 | 0,060 |
| 2.6. | қаздар* (сұр қаз, ақмаңдайлы қаз, қырманқаз), қарашақаз | 0,020 | 0,045 |
| 2.7. | үйректер* (сарыалақаз, италақаз, барылдауық, қырылдақ шүрегей, ысылдақ шүрегей, боз үйрек, сары айдар үйрек, қылқұйрық, даурықпа шүрегей, жалпақ тұмсық, қызылтұмсық сүңгуiр, бізқұйрық сүңгуiр, айдарлы сүңгуiр, теңіз сүңгуiрі, ұшқыр үйрек, сусылдақ, мамыққаз, қара тұрпан, кiшi бейнарық, секпiлтөс бейнарық, үлкен бейнарық) | 0,010 | 0,020 |
| 2.8. | қасқалдақ, қызғыш, шiлдер (аққұр, тундра шілі, дала шілі, сұр шiл, сақалды шіл), кекiлiк, сұр құр, кептерлер (дыркептер, түзкептер, көк кептер, құз кептер), түркептер (кәдiмгi, үлкен түркептер), шалшықшылар (күржікей, шаушалшық, тауқұдiрет, орман маңқысы, азиялық тауқұдiрет, тау маңқысы, маңқы, жылқышы, үлкен шалшықшы, қасқа шалшықшы, үлкен шырғалақ, кiшi шырғалақ) | 0,005 | 0,010 |
| 2.9. | бөдене | 0,005 | 0,010 |
Ескертпе.
* Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген түрлерінен басқа.