16. Осы Кодекстің 16-бөлімінде көзделген казино, ойын автоматтары залы, тотализатор және букмекерлік кеңсе қызметтерін көрсету кезінде айналымның мөлшері салықтық кезеңде казино, ойын автоматтары залы, тотализатор және букмекерлік кеңсе қызметтерін көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған кіріс сомасы бойынша айқындалады.
382-бап. Бейрезиденттен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша айналымның мөлшері
Бейрезиденттен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша айналымның мөлшері төлем көзінен ұстап қалуға жататын корпоративтік немесе жеке табыс салығын қоса алғанда, осы Кодекстің 373-бабының 1-тармағында көрсетілген жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу құны негізге алына отырып айқындалады. Бұл ретте сатып алу құны:
орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің актісі;
орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің актісі болмаған кезде - жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету фактісін растайтын өзге де құжат негізінде айқындалады.
Алынған жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшін ақы төлеу шетел валютасымен жүргізілген жағдайда, салық салынатын айналым айналымды жасау күнінің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы қолданыла отырып, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен қайта есептеледі.
383-бап. Айналымның мөлшерiн түзету
1. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымның мөлшері осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда белгілі бір жаққа өзгерген кезде, ол жасалған күннен кейін айналымның мөлшері тиісті түрде түзетіледі.
2. Мынадай:
1) тауарды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыра отырып әкелуді қоспағанда, бұрын экспорт кедендік рәсімімен орналастырыла отырып әкетілген тауар толық немесе iшiнара қайтарылған;
2) мәміленің шарттары өзгерген;
3) өткiзiлген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшiн баға, өтемақы өзгерген жағдайларда түзету жүргізіледі. Осы тармақшаның ережесі шарттың талаптарын негізге ала отырып, оның ішінде коэффициентті (индексті) қолдануға байланысты, өткiзiлген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің төлеуге жататын құны өзгерген кезде де қолданылады;
4) бағадан жеңілдіктер, сатудан жеңілдіктер жасалған;
5) осы Кодекстің 372-бабы 5-тармағының 5) тармақшасына сәйкес өткізу бойынша айналымға енгізілген ыдыс қайтарылған;
6) нәтижесінде айналым мөлшерінің өзгеруі болатын өзге де жағдайлар басталған жағдайларда түзету жүргізіледі.
3. Осы баптың ережелері қателерді түзету нәтижесінде салық салынатын (салынбайтын) айналымның мөлшері өзгерген жағдайда қолданылмайды.
4. Салық төлеуші айналымының мөлшерін түзету солардың негізінде салық салынатын (салынбайтын) айналымның мөлшері өзгертілетін құжаттар болған кезде жүргізіледі.
5. Салық салынатын (салынбайтын) айналымның мөлшерін түзету сомасы осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайлар басталатын күнге тура келетін салықтық кезеңнің салық салынатын (салынбайтын) айналымына енгізіледі. Мұндай күн түзету сомасына айналымды жасау күні болып табылады.
6. Салық салынатын (салынбайтын) айналымның мөлшерін азайту жағына қарай түзету тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткiзу бойынша бұрын көрсетілген салық салынатын (салынбайтын) айналымның мөлшерінен аспауға тиіс.
7. Салық салынатын айналымның мөлшерін ұлғайту жағына қарай түзету кезінде осындай айналым бойынша қосылған құн салығының сомасы осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайлар басталатын күнге қолданыста болатын мөлшерлеме бойынша айқындалады.
384-бап. Күмәндi талаптар бойынша салық салынатын айналымның мөлшерiн түзету
1. Егер өткiзiлген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша талаптың бiр бөлiгі немесе бүкiл мөлшерi күмәндi талап болып табылса, қосылған құн салығын төлеушiнің осындай талап бойынша салық салынатын айналымның мөлшерін:
1) мыналар:
егер мұндай мерзім айқындалған болса, өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша талапты орындау мерзімі;
орындау мерзімі айқындалмаған, тауарды беру, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету күні тура келетін салықтық кезіңнің басынан бастап үш жыл өткен соң;
2) банкрот деп танылған дебиторды Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен алып тастау туралы әдiлет органдарының шешiмi шығарылған салықтық кезеңде азайтуға құқығы бар.
Осы тармаққа сәйкес салық салынатын айналымның мөлшерiн түзету осы Кодекстiң 248-бабында көрсетілген шарттар сақталған кезде жүргiзiледi.
2. Күмәнді талап бойынша салық салынатын айналымның мөлшерін азайту қосылған құн салығының өткізу бойынша айналымды жасау күніне қолданыста болған мөлшерлемесі қолданыла отырып, тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету бойынша бұрын көрсетілген салық салынатын айналымның мөлшері шегінде жүргізіледі.
3. Өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшiн төлемақы қосылған құн салығын төлеушi осы баптың 1-тармағына сәйкес өзiне берiлген құқықты пайдаланғаннан кейiн алынған жағдайда, салық салынатын айналымның мөлшерi қосылған құн салығының өткізу бойынша айналымды жасау күніне қолданыста болатын мөлшерлемесі қолданыла отырып, төлемақы алынған салықтық кезеңде көрсетілген төлемақының құнына ұлғайтуға жатады.
385-бап. Салық салынатын импорттың мөлшері
Салық салынатын импорттың мөлшеріне Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасы ескеріле отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес айқындалатын импортталатын тауарлардың кедендік құны, сондай-ақ, импортқа арналған қосылған құн салығын қоспағанда, Қазақстан Республикасына тауарларды импорттау кезінде бюджетке төлеуге жататын салықтық және кедендік төлемдердің сомалары енгізіледі.
44-тарау. НӨЛДІК МӨЛШЕРЛЕМЕ БОЙЫНША САЛЫҚ САЛЫНАТЫН АЙНАЛЫМДАР
386-бап. Тауарларды экспортқа өткізу бойынша айналым
1. Осы Кодекстің 394-бабында көзделген тауарларды өткізу бойынша айналымдарды қоспағанда, тауарларды экспортқа өткiзу бойынша айналымға нөлдiк мөлшерлеме бойынша салық салынады.
Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тауарларды әкету тауарлар экспорты болып табылады.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Мыналар тауарлар экспортын растайтын құжаттар болып табылады:
1) экспортталатын тауарларды жеткізуге арналған шарт (келiсiмшарт);
2) осы тармақтың 3) және 6) тармақшаларында көрсетілген жағдайлардан басқа, тауарлар шығаруды экспорт кедендік рәсімімен орналастыра отырып жүзеге асыратын кеден органының белгiлерi бар, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасындағы өткізу пунктінде орналасқан Қазақстан Республикасы кеден органының немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органының белгiсi бар тауарларға арналған декларацияның көшірмесі;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) экспорт кедендік рәсімімен орналастырыла отырып, тауарлар:
магистральдық құбыржолдар жүйесі арқылы немесе электр беру желілері арқылы;
уақытша кедендік декларациялау пайдаланылып әкетілген кезде кедендiк декларациялауды жүргiзген кеден органының белгiлерi бар тауарларға арналған толық декларацияның көшiрмесi;
4) тауарға ілеспе құжаттардың көшірмелері.
Тауарлар экспорт кедендік рәсімімен орналастырыла отырып, магистральдық құбыржолдар жүйесі арқылы немесе электр беру желілері арқылы әкетілген жағдайда тауарға ілеспе құжаттар көшірмелерінің орнына тауарларды қабылдап алу-тапсыру актісі ұсынылады;
5) зияткерлiк меншiк құқығын қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның зияткерлік меншiк объектiсiне құқық туралы,
сондай-ақ зияткерлік меншік объектісі экспортталған жағдайда - оның құнын растауы;
6) тауарлар шығаруды экспорт кедендік рәсімінде жүзеге асыратын кеден органының белгілері бар, сондай-ақ «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы» арнайы экономикалық аймағының бақылау-өткізу пунктінде орналасқан кеден органының белгісі бар тауарларға арналған декларацияның көшірмелері;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7) тауарлар мерзімдік кедендік декларациялау пайдаланылып, экспорт кедендік рәсімімен орналастырыла отырып әкетілген жағдайда, тауарларды берудің мәлімделген кезеңі аяқталғаннан кейін енгізілген өзгерістері (толықтырулары) бар, әкетілген тауардың нақты саны туралы мәліметтерді қамтитын тауарларға арналған декларацияның көшірмесі.
Қосылған құн салығын төлеушілер осы Кодекстің 433-бабына сәйкес бақылау шоттарын пайдаланған кезде осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасында белгіленген құжаттың болуы талап етілмейді.
3. Кедендік аумақтан тыс жерде қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырыла отырып, бұрын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерге әкетiлген тауарларды немесе олардың қайта өңдеу өнiмдерiн одан әрi экспорттау жүзеге асырылған жағдайда, экспортты растау осы баптың 2-тармағына сәйкес, сондай-ақ мынадай құжаттар негізінде жүзеге асырылады:
1) соған сәйкес кедендік аумақтан тыс жерде қайта өңдеу кедендік рәсімін экспорт кедендік рәсіміне өзгерту жүргізiлетiн тауарларға арналған декларацияның көшірмесі;
2) кедендік аумақтан тыс жерде қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырыла отырып ресiмделген тауарларға арналған декларацияның көшірмесі;
3) кедендік аумақта қайта өңдеу (тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу) кедендік рәсімімен орналастырыла отырып, тауарларды шет мемлекеттің аумағына әкелу кезiнде ресiмделген, осындай ресiмдеудi жүзеге асырған шет мемлекеттің кеден органы куәландырған тауарларға арналған декларацияның көшiрмесi;
4) соған сәйкес шет мемлекеттің аумағында ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімін шет мемлекеттің аумағында ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне немесе экспорт кедендік рәсіміне өзгерту жүргізілетін тауарларға арналған декларацияның көшірмесі.
4. Салық органдарының ақпараттық жүйелерінде кеден органдарының тауарларды іс жүзінде әкету туралы хабарламасы бар, электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларация да тауарлардың экспортын растайтын құжат болып табылады. Осы тармақта көзделген, электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларация болған кезде осы баптың 2-тармағының 2), 3) және 6) тармақшаларында және 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларында белгіленген құжаттарды ұсыну талап етілмейді.
387-бап. Халықаралық тасымалдарға салық салу
1. Халықаралық тасымалдар бойынша көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымға нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынады.
Мыналар халықаралық тасымал деп танылады:
1) Қазақстан Республикасының аумағынан экспортталатын және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларды, оның ішінде пошта жөнелтілімдерін тасу;
2) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жүктерді тасу;
3) халықаралық қатынаста жолаушыларды, багажды және жүк багажын тасымалдау;
4) халықаралық қатынаста жолаушылар поездарының (вагондарының) жүріп өтуі бойынша көрсетілетін қызмет.
Егер тасымалды ресiмдеу осы баптың 4-тармағында белгіленген бiрыңғай халықаралық тасымалдау құжаттарымен жүзеге асырылса, осы тараудың мақсаттары үшін тасымал халықаралық тасымал болып есептеледi.
2. Осы баптың 3-тармағында белгіленген жағдайды қоспағанда, халықаралық тасымалды бірнеше тасымалдаушы жүзеге асырған жағдайда, халықаралық тасымалға Қазақстан Республикасының шекарасына дейін тасымалдаушы немесе соның көлігі арқылы жолаушылар, тауарлар (пошта жөнелтілімдері, багаж, жүк багажы) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тасымалдаушы жүзеге асыратын тасымал жатады.
3. Тікелей халықаралық теміржол-паром қатынасында халықаралық тасымалды бірнеше тасымалдаушы жүзеге асырған жағдайда, тасымалдаушылар теміржол және су көлігімен жүзеге асыратын тасымал халықаралық тасымал деп танылады.
4. Осы баптың мақсаттары үшін мыналар халықаралық тасымалдарды растайтын құжаттар болып табылады:
1) жүктерді тасымалдау кезінде:
халықаралық автомобиль қатынасында - тауар-көлік жүкқұжаты;
халықаралық теміржол қатынасында, оның ішінде тікелей халықаралық теміржол-паром қатынасында - бірыңғай үлгідегі жүкқұжат;
әуе көлігімен - жүкке арналған жүкқұжат (әуе жүкқұжаты);
теңіз көлігімен - коносамент немесе теңіз жүкқұжаты;
көліктің екі немесе одан көп түрімен транзитпен (аралас тасымал) - бірыңғай тауар-көлік жүкқұжаты (бірыңғай коносамент);
магистральдық құбыржолдар жүйесі арқылы:
есеп айырысу кезеңi iшiндегі экспорт және ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімдерімен орналастырылған тауарларға арналған декларацияның көшірмесі не есеп айырысу кезеңi iшiндегі кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға арналған декларация;
орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актiлерi, жүктердi сатушыдан не көрсетілген жүктерді бұрын жеткізуді жүзеге асырған басқа да тұлғалардан сатып алушыға не көрсетілген жүктерді одан әрі жеткізуді жүзеге асыратын басқа да тұлғаларға қабылдап алу-тапсыру актiлерi;
2) жолаушыларды, багажды және жүк багажын тасымалдау кезінде:
автомобиль көлігімен:
тұрақты тасымалдар кезінде - Қазақстан Республикасында сатылған жол жүру билеттерін сату туралы есеп, сондай-ақ жол жүру бойындағы автовокзалдар (автостанциялар) жасаған жолаушылар билеттері туралы есеп айырысу ведомостары;
тұрақты емес тасымалдар кезінде - халықаралық қатынаста көлік қызметтерін көрсету туралы шарт;
теміржол көлігімен:
Қазақстан Республикасында сатылған жол жүру, тасымалдау және пошта құжаттарын сату туралы есеп;
Қазақстан Республикасында халықаралық қатынаста сатылған жолаушылар билеттері туралы есеп айырысу ведомосы;
теміржол әкімшіліктері арасындағы жолаушылар тасымалдары үшін өзара есеп айырысу жөніндегі баланстық ведомость пен жол жүру және тасымалдау құжаттарын ресімдеу туралы есеп;
әуе көлігімен:
бас декларация;
жолаушы манифесі;
карго-манифест;
лоджит (орталық-тиеу кестесі);
жинақтау-тиеу ведомосы (жол жүру билеті және багаж квитанциясы);
халықаралық қатынаста жолаушылар поездарының (вагондарының) жүріп өтуі бойынша көрсетілетін қызмет кезінде:
жолаушылар поезының заттай парағы.
Осы тармақта көрсетілген құжаттар қағаз жеткізгіште және (немесе) электрондық нысанда жасалуы мүмкін.
5. Салық органдарының ақпараттық жүйелерінде кеден органдарының тауарларды іс жүзіндегі әкету туралы хабарламасы бар, электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларация да тауарлардың экспортын растайтын құжат болып табылады. Осы тармақта көзделген, электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларация болған кезде осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігі 1) тармақшасының сегізінші абзацында белгіленген құжаттарды ұсыну талап етілмейді.
388-бап. Халықаралық ұшуды, халықаралық әуе тасымалдарын орындайтын шетелдік авиакомпаниялардың әуе кемелеріне жанармай құю кезінде әуежайлар жүзеге асыратын жанар-жағармай материалдарын өткізуге салық салу
1. Халықаралық ұшуды, халықаралық әуе тасымалдарын орындайтын шетелдік авиакомпаниялардың әуе кемелеріне жанармай құю кезінде әуежайлар жүзеге асыратын жанар-жағармай материалдарын өткізу бойынша айналымға нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынады.
Осы баптың ережелері халықаралық ұшуды, халықаралық әуе тасымалдарын орындайтын шетелдік авиакомпаниялардың әуе кемелеріне жанармай құю кезінде жанар-жағармай материалдарын өткізетін әуежайларға қатысты қолданылады.
2. Осы баптың мақсаттары үшін:
1) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді қоса алғанда, шет мемлекеттердің авиакомпаниялары шетелдік авиакомпаниялар деп танылады;
2) әуе кемесі шет мемлекеттің шекарасын кесіп өтетін әуе кемесінің ұшуы халықаралық ұшу деп танылады;
3) тасымалдауда немесе қайта тиеуде үзілістің бар-жоғына қарамастан, тасымалды орындау кезінде жөнелту және межелі пункттері:
екі немесе одан көп мемлекеттің аумағында;
егер басқа мемлекет аумағында аялдау көзделсе, бір мемлекеттің аумағында орналасқан әуе тасымалы халықаралық әуе тасымалы деп танылады.
Егер Қазақстан Республикасының аумағы жөнелту және межелі пункттер болып табылса, осы тармақшаның үшінші абзацының ережесі қолданылмайды.
3. Халықаралық ұшуды, халықаралық әуе тасымалдарын орындайтын шетелдік авиакомпаниялардың әуе кемелеріне жанармай құю кезінде әуежайлар жүзеге асыратын жанар-жағармай материалдарын өткізу кезінде нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын айналымдарды растайтын құжаттар мыналар болып табылады:
1) тұрақты рейстерді жүзеге асыру кезінде - әуежайдың шетелдік авиакомпаниямен жанар-жағармай материалдарын өткізуді көздейтін және (немесе) қамтитын шарты;
тұрақты емес рейстерді жүзеге асыру кезінде - шетелдік авиакомпанияның өтінімі және (немесе) әуежайдың шетелдік авиакомпаниямен шарты (келісімі).
Бұл ретте өтінімде мынадай мәліметтер көрсетілуге тиіс:
тіркелген мемлекеті көрсетіле отырып, авиакомпанияның атауы;
әуе кемесінің болжамды қону күні.
Форс-мажорлық мән-жайлар салдарынан шетелдік әуе кемесі қонған кезде осы тармақшада көзделген өтінім толтырылмайды.
Осы тармақшаның мақсаттары үшін:
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен авиакомпания белгілеген және жариялаған кестеге сәйкес орындалатын рейс тұрақты рейс деп танылады;
тұрақты рейс анықтамасына кірмейтін рейс тұрақты емес рейс деп танылады;
2) әуе кемесіне жанар-жағармай материалдарының құйылғанын растайтын кеден органының белгісі бар шетелдік әуе кемесіне жанармай құюға арналған шығыс ордері немесе талап, онда мынадай мәліметтер көрсетілуге тиіс:
авиакомпанияның атауы;
құйылған жанар-жағармай материалдарының мөлшері;
әуе кемесіне май құйылған күн;
әуе кемесі командирінің немесе шетелдік авиакомпания өкілінің және әуежайдың жанармай құюды жүзеге асырған тиісті қызметі қызметкерінің қолтаңбалары.
Осы тармақшаның ережелері Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес оларға қатысты кедендік ресімдеу және кедендік бақылау көзделмеген халықаралық ұшуды, халықаралық әуе тасымалдарын орындайтын авиакомпаниялардың әуе кемелеріне жанармай құю кезінде қолданылмайды;
3) әуежай өткізген жанар-жағармай материалдары үшін ақы төлеу фактісін растайтын құжат;
4) қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомаларының анықтығын растау бойынша тақырыптық тексеру жүргiзуге қатысатын азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды адамының шетелдiк авиакомпания әуе кемесiнiң рейстi жүзеге асыру фактiсiн және уәкiлеттi орган азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органмен келiсу бойынша бекiткен нысан бойынша және тәртiппен өткiзiлген жанар-жағармай материалдарының (авиакомпаниялар бөлінісінде) мөлшерiн растайтын қорытындысы.
Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес оларға қатысты кедендік ресімдеу және кедендік бақылау көзделмеген рейстер жүзеге асырылған жағдайларда азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды адамы осы тармақшада көзделген қорытындыны ұсынады.
389-бап. Арнайы экономикалық аймақтың аумағына өткізілетін тауарларға салық салу
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде толық тұтынылатын тауарларды арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және оларды тарату саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган уәкілетті органмен және салық саясаты саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша айқындаған тауарлар тізбесі бойынша арнайы экономикалық аймақтың аумағына өткізуге қосылған құн салығы нөлдік мөлшерлеме бойынша салынады.
Бұл ретте салық төлеушінің осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тауарлар бойынша осы Кодекстің 422-бабының 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығының мөлшерлемесін қолдануға құқығы бар.
Осы баптың мақсаттары үшін еркін кедендік аймақ кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) және кедендік бақылаудағы тауарлар осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тауарлар деп түсініледі.
2. Арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде толық тұтынылатын тауарларды өткізу кезінде нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын айналымдарды растайтын құжаттар мыналар болып табылады:
1) арнайы экономикалық аймақтардың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымдармен тауарларды жеткізуге арналған шарт (келісімшарт);
2) еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі бойынша тауарлар шығаруды жүзеге асыратын кеден органының белгілері бар тауарлар тізбесі қоса беріле отырып, тауарларға арналған декларацияның және (немесе) көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттардың көшірмелері;
3) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген ұйымдарға тауарларды тиеп-жөнелтуді растайтын тауарға ілеспе құжаттардың көшірмелері;
4) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген ұйымдардың тауарларды алғанын растайтын құжаттардың көшірмелері.
3. Салық органдары ақпараттық байланыс арналары арқылы кеден органдарынан алған электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларация да нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын айналымдарды растайтын құжат болып табылады. Осы тармақта көзделген, электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларация болған кезде осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген тауарларға арналған декларацияның көшірмесін ұсыну талап етілмейді.
4. Арнайы экономикалық аймақтың аумағына өткізілетін тауарларды өнім берушілерге қосылған құн салығының асып кетуін қайтару арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде іс жүзінде тұтынылған әкелінген тауарлар бөлігінде жүргізіледі.
5. Осы бапқа сәйкес қайтаруға жататын қосылған құн салығының сомасын айқындау кезінде арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде әкелінген тауарлардың іс жүзінде тұтынылғанын растайтын, арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ұсынған деректер негізінде қалыптастырылатын кеден органының мәліметтері есепке алынады.
Арнайы экономикалық аймаққа қатысушы осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген шарттарды орындамаған жағдайда еркін кедендік аймақ кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар салық салынатын импорт деп танылады және Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен және мөлшерде импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу үшін белгіленген мерзімнен бастап өсімпұл есепке жазыла отырып, арнайы экономикалық аймақтың аумағына тауарлар әкелінген күннен бастап оларға қосылған құн салығы салуға жатады.
390-бап. «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының аумағына өткізілетін тауарларға салық салу ерекшеліктері
1. Егер осы Кодекстің 389 және 391-баптарында өзгеше көзделмесе, жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес инфрақұрылым объектілерін, ауруханаларды, емханаларды, мектептерді, балабақшаларды, музейлерді, театрларды, жоғары және орта оқу орындарын, кітапханаларды, оқушылар сарайларын, спорт кешендерін, әкімшілік және тұрғын үй кешендерін салу және пайдалануға беру процесінде толық тұтынылатын тауарларды арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және оларды тарату саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган уәкілетті органмен және салық саясаты саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша айқындаған тауарлар тізбесі бойынша «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының аумағына өткізуге қосылған құн салығы нөлдік мөлшерлеме бойынша салынады.
Осы баптың мақсаттары үшін мұндай тауарлар еркін кедендік аймақ кедендік рәсімімен орналастырылған және кедендік бақылауда болған жағдайда инфрақұрылым объектілерін, ауруханаларды, емханаларды, мектептерді, балабақшаларды, музейлерді, театрларды, жоғары және орта оқу орындарын, кітапханаларды, оқушылар сарайларын, спорт кешендерін, әкімшілік және тұрғын үй кешендерін тұрғызу процесіне тікелей тартылған тауарлар (электр энергиясын, бензинді, дизель отыны мен суды қоспағанда) құрылыс процесінде толық тұтынылатын тауарлар деп түсініледі.