Бұл ретте, егер салықтар бойынша аудит қорытындысының нәтижелері бойынша салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеу және төлеу, әлеуметтік төлемдерді есептеу, ұстап қалу, аудару жөніндегі міндеттемелер туындаса, мұндай міндеттемелер таратылатын заңды тұлғаның немесе қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкердің салықтар бойынша аудиттің тиісті қорытындысы салық төлеушіге табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде орындауына жатады.
2. Резидент-заңды тұлға тарату туралы шешім қабылданған жағдайда, дара кәсіпкер қызметті тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда өзінің орналасқан жеріндегі салық органына бір мезгілде:
1) қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті;
2) таратудың салықтық есептілігін;
3) салықтар бойынша аудит қорытындысын;
4) осы Кодекстің 169-бабында айқындалған тәртіппен бақылау-касса машинасын есептен шығару туралы салықтық өтінішті ұсынады.
Таратылатын заңды тұлға немесе қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер осы тармақтың бірiншi бөлiгiнiң 4) тармақшасында көрсетiлген құжатты бақылау-касса машинасы салық органында есепке қойылған жағдайда ұсынады.
3. Таратудың салықтық есептілігі таратылатын заңды тұлға немесе қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің түрлері және әлеуметтік төлемдер бойынша қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш ұсынылған салықтық кезеңнің басынан бастап осындай өтініш ұсынылған күнге дейінгі кезең үшін жасалады.
Егер кезекті салықтық есептілікті ұсыну мерзімі таратудың салықтық есептілігі ұсынылғаннан кейін басталатын болса, мұндай кезекті салықтық есептілікті ұсыну таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
4. Таратылатын заңды тұлға немесе қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер салық органына таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей, таратудың салықтық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлейді және әлеуметтік төлемдерді аударады.
Егер таратудың салықтық есептілігінің алдында ұсынылған салықтық есептілікте көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу және әлеуметтік төлемдерді аудару мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, онда төлеу (аудару) салық органына таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
5. Таратылатын заңды тұлғада немесе қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерде салықтық берешек болмаған кезде:
1) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың қате төленген сомалары осы салық төлеушіге осы Кодекстің 103-бабында айқындалған тәртіппен қайтарылуға жатады;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың артық төленген сомалары осы салық төлеушіге осы Кодекстің 101-бабында айқындалған тәртіппен қайтарылуға жатады;
3) айыппұлдардың төленген сомалары осы салық төлеушіге осы Кодекстің 106-бабында белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен қайтарылуға жатады;
4) кеден органдары алатын кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдың бюджетке артық (қате) төленген сомалары осы салық төлеушіге Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен қайтарылуға жатады.
6. Салық органы осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, осы Кодекстің 95-бабында айқындалатын тәртіппен камералдық бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
Салық органдары камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, таратылатын заңды тұлғаға немесе қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерге осы Кодекстің 12-тарауында айқындалған тәртіппен бұзушылықтарды жою туралы хабарлама табыс етіледі.
Таратылатын заңды тұлға немесе қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындауды осы Кодекстің 96-бабында айқындалған тәртіппен жүзеге асырады.
Салық төлеуші салықтық берешекті, әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті төлеуді (аударуды) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама орындалған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізеді.
7. Хабарлама орындалмаған және (немесе) салық органдары салық төлеуші ұсынған түсініктермен келіспеген жағдайларда, таратылатын заңды тұлғаға немесе қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерге қатысты салық органы мұндай салық төлеушіге қатысты анықталған, салықтық тексеруді тағайындауға негіз болған фактілер мен мән-жайлар бойынша аталған тексеруді жүргізеді.
8. Камералдық бақылау аяқталған күннен кейінгі күннен бастап тарату балансы бекітілген күнге дейінгі кезең ішінде жеке тұлғалар мен бейрезиденттердің төлем көзінен салық салуға жататын, дивидендтер түріндегі кірістері пайда болған жағдайда, таратылатын заңды тұлға өзінің орналасқан жеріндегі салық органына осындай салықтық міндеттеме бойынша таратудың салықтық есептілігіне қосымша салықтық есептілікті ұсынуға және оны толық көлемде орындауға міндетті.
9. Осы баптың 4, 5, 6 және 8-тармақтарында белгіленген ережелер орындалған және салықтық берешек, әлеуметтік төлемдер бойынша берешек болмаған жағдайларда, сондай-ақ салық органы жүргізген камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар жойылған кезде таратылатын заңды тұлға орналасқан жеріндегі салық органына тарату балансын ұсынады.
Таратылатын заңды тұлға тарату балансын салықтық берешек, әлеуметтік төлемдер бойынша берешек болмаған жағдайда осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттарды салық органы алған және осы баптың 8-тармағында белгіленген ережелер орындалған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде ұсынады.
Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар, салықтық берешек, әлеуметтік төлемдер бойынша берешек болған жағдайларда, таратылатын заңды тұлға тарату балансын камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жойғанда салықтық берешек, әлеуметтік төлемдер бойынша берешек өтелген және осы баптың 8-тармағында белгіленген ережелер орындалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ұсынады.
10. Осы баптың 9-тармағында белгiленген ережелер орындалғаннан кейiн салық органы заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi, қайта тiркеудi, заңды тұлғалар қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеуді, құрылымдық бөлiмшелердi есептiк тiркеудi, қайта тiркеудi, есептiк тiркеуден шығаруды жүзеге асыратын мемлекеттiк органға (бұдан әрі - әділет органдары) таратылатын заңды тұлға бойынша есебі салық органдарында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендiгi туралы мәлiметтерді осы Кодекстiң 100-бабында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде жiбередi.
11. Қызметі тоқтатылған дара кәсіпкердің салықтық міндеттемесі салықтық берешек, әлеуметтік төлемдер бойынша берешек болмаған немесе өтелген, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар толық көлемде жойылған жағдайда камералдық бақылау жүзеге асырылғаннан кейін орындалды деп есептеледі.
12. Осы баптың 11-тармағына сәйкес салықтық міндеттеме орындалған күн дара кәсіпкерді салық органындағы тіркеу есебінен шығару күні болып табылады.
13. Салық органы осы баптың 12-тармағында көрсетілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, дара кәсіпкерді тіркеу есебінен шығарады.
Дара кәсіпкерді тіркеу есебінен шығару туралы ақпарат уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
14. Салық органы салықтық берешекті, әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті төлеудің (аударудың) осы баптың 6-тармағында белгіленген мерзімі өткеннен кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей, дара кәсіпкерді тіркеу есебінен шығарудан бас тартады.
Дара кәсіпкердің осы бапта белгіленген ережелерді орындамауы да дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарудан бас тартуға негіз болып табылады.
61-бап. Резидент-заңды тұлғаның қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшесінің салықтық міндеттемесін орындау
1. Резидент-заңды тұлға өзінің құрылымдық бөлімшесінің қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайда, резидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің орналасқан жеріндегі салық органына бір мезгілде:
1) қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш;
2) резидент-заңды тұлғаның өзінің құрылымдық бөлімшесінің қызметін тоқтату туралы шешімінің көшірмесі;
3) егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің таратудың салықтық есептілігі ұсынылады.
2. Таратудың салықтық есептілігі заңды тұлғаның қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшесі дербес төлеуші болып танылған салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің түрлері және әлеуметтік төлемдер бойынша заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің қызметін тоқтату туралы шешім қабылданған салықтық кезеңнің басынан бастап қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш ұсынылған күнге дейінгі кезең үшін жасалады.
Егер кезекті салықтық есептілікті ұсыну мерзімі таратудың салықтық есептілігі ұсынылғаннан кейін басталатын болса, мұндай кезекті салықтық есептілікті ұсыну таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
3. Заңды тұлғаның қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшесі осы баптың 2-тармағында көзделген таратудың салықтық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеуді салық органына таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізеді.
Егер таратудың салықтық есептілігінің алдында ұсынылған салықтық есептілікте көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, онда төлеу (аудару) таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
4. Егер заңды тұлғаның қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшесі салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді дербес төлеуші болып танылмаса, таратудың салықтық есептілігі ұсынылмайды.
5. Заңды тұлғаның қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшесінің салықтық берешегі, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі осы құрылымдық бөлімшені құрған заңды тұлғаның ақшасы есебінен өтеледі.
62-бап. Заңды тұлға бірігу, қосылу, бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылған кезде салықтық міндеттемені орындау
1. Заңды тұлға бірігу, қосылу, бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бұл туралы орналасқан жеріндегі салық органына жазбаша хабарлайды.
Беру актісі бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бірігу, қосылу жолымен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға өзінің орналасқан жеріндегі салық органына бір мезгілде:
1) таратудың салықтық есептілігін;
2) беру актісін ұсынады.
Таратудың салықтық есептілігі бірігу, қосылу жолымен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердың түрлері және әлеуметтік төлемдер бойынша осындай есептілікті ұсыну жөніндегі міндеттеме туындаған салықтық кезеңнің басынан бастап оны салық органына ұсынған күнге дейінгі кезең үшін жасалады.
Таратудың салықтық есептілігін ұсыну жөніндегі міндеттеме бірігу жолымен қайта ұйымдастыру кезінде - жаңадан құрылған заңды тұлғаның құрамына кірген әрбір заңды тұлғаға, қосылу жолымен қайта ұйымдастыру кезінде қосылған заңды тұлғаға жүктеледі.
Егер кезекті салықтық есептілікті ұсыну мерзімі таратудың салықтық есептілігі ұсынылғаннан кейін басталатын болса, мұндай кезекті салықтық есептілікті ұсыну таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
Заңды тұлға бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылған кезде мұндай тұлға бөлу балансы бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өзінің орналасқан жеріндегі салық органына көрсетілген балансты ұсынады.
2. Таратудың салықтық есептілігін ұсынуды қоспағанда, қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның салықтық міндеттемесін орындау оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) жүктеледі.
3. Құқық мирасқорын (құқық мирасқорларын), сондай-ақ қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның салықтық берешегін өтеуге құқық мирасқорының (құқық мирасқорларының) қатысу үлесін белгілеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы осы заңды тұлғаның құқық мирасқорының (құқық мирасқорларының) салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі оның салықтық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгертуге негіз болып табылмайды.
5. Егер қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың артық төленген сомалары бар болса, көрсетілген сомалар осы Кодекстің 102-бабында айқындалған тәртіппен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның салықтық берешегін өтеу есебіне есепке жатқызылуға тиіс.
Егер қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың қате төленген сомалары бар болса, онда көрсетілген сомалар осы Кодекстің 103-бабында айқындалған тәртіппен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаға есепке жатқызылуға тиіс.
6. Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салықтық берешек болмаған кезде:
1) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың қате төленген сомалары оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) қайта ұйымдастыру кезінде ол (олар) алған мүліктегі үлесіне пропорционалды түрде осы Кодекстің 103-бабында айқындалған тәртіппен қайтарылуға жатады;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың артық төленген сомалары оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) қайта ұйымдастыру кезінде ол (олар) алған мүліктегі үлесіне пропорционалды түрде осы Кодекстің 101-бабында айқындалған тәртіппен қайтарылуға жатады.
7. Заңды тұлға Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылған кезде қосылған құн салығын төлеуші - қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада қайта ұйымдастырылу күніне жиналып қалған қосылған құн салығының асып кетуі оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) берілуге жатады.
Бұл ретте бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) берілуге жататын қосылған құн салығының асып кетуі құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) берілетін негізгі құралдардың қалдық құнының үлесіне пропорционалды түрде айқындалады.
Негізгі құралдардың қалдық құны бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның бөлу балансы негізінде айқындалады.
Осы тармақ бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі болған жағдайда қолданылады.
8. Салық органы заңды тұлғаны мынадай жолмен қайта ұйымдастыру туралы сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінің мәліметтерін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде:
1) бірігу - жаңадан құрылған заңды тұлғаның құрамына кірген заңды тұлғалардың жеке шоттары бойынша сальдоны жаңадан құрылған заңды тұлғаның орналасқан жеріндегі салық органына беру актісінің негізінде береді;
2) қосылу - қосылған заңды тұлғаның жеке шоты бойынша сальдоны аталған заңды тұлға қосылған заңды тұлғаның орналасқан жеріндегі салық органына беру актісінің негізінде береді;
3) бөлініп шығу - жаңадан құрылған заңды тұлғаны бөліп шығарған заңды тұлғаның жеке шоты бойынша сальдоны жаңадан құрылған заңды тұлғаның орналасқан жеріндегі салық органына бөлу балансының негізінде береді.
63-бап. Бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесін ашпаған тұрақты мекеме Қазақстан Республикасында тиімді басқару орнының (нақты басқару органының орналасқан жерінің) болуына байланысты құқықтары мен міндеттерін берген кезде оның салықтық міндеттемесін орындау
1. Бейрезидент-заңды тұлға өзінде құрылымдық бөлімшені ашпастан Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесі болған және тиімді басқару орнын (нақты басқару органының орналасқан жерін) шет мемлекеттен Қазақстан Республикасына көшіру туралы шешім қабылдаған кезде осы Кодекстің 76-бабының 2-тармағына сәйкес салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті бергеннен кейін үш жұмыс күні ішінде осындай тұрақты мекеменің орналасқан жеріндегі салық органына мұндай тұрақты мекеменің құқықтар мен міндеттерді тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) Қазақстан Республикасында болатын заңды тұлғаға беруі туралы жазбаша хабарлауға міндетті.
Аталған бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесі салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қойылған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде салық органына:
1) тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтінішті;
2) таратудың салықтық есептілігін;
3) беру актісін ұсынуға міндетті.
Таратудың салықтық есептiлiгi, құқықтар мен мiндеттерді беретiн тұрақты мекеме төлеушi және (немесе) салық агентi болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетiн төлемдердің түрлерi және әлеуметтiк төлемдер бойынша осындай есептiлiктi ұсыну жөнiндегi мiндеттеме туындаған салықтық кезеңнің басынан бастап оны салық органына ұсынған күнге дейiнгi кезең үшiн жасалады.
Егер кезекті салықтық есептілікті ұсыну мерзімі таратудың салықтық есептілігі ұсынылғаннан кейін басталатын болса, мұндай кезекті салықтық есептілікті ұсыну таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
2. Құқықтар мен міндеттерді заңды тұлғаға беретін тұрақты мекеменің салықтық міндеттемесін орындау шет мемлекеттің заңнамасы бойынша құрылған, тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) Қазақстан Республикасында болатын осындай заңды тұлғаға (құқық мирасқорына) жүктеледі.
3. Тұрақты мекеменің құқықтар мен міндеттерді заңды тұлғаға беруі шет мемлекеттің заңнамасы бойынша құрылған, тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) Қазақстан Республикасында болатын заңды тұлғаның салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі салықтық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгертуге негіз болып табылмайды.
4. Құқықтар мен міндеттерді заңды тұлғаға беретін тұрақты мекемеде салықтық берешек болмаған кезде салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың артық (қате) төленген сомалары шет мемлекеттің заңнамасы бойынша құрылған, тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) Қазақстан Республикасында болатын заңды тұлғаға қайтарылуға жатады.
5. Салық органы осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде құқықтар мен міндеттерді заңды тұлғаға беретін тұрақты мекеменің жеке шоты бойынша сальдоны тұрақты мекеменің құқықтары мен міндеттері берілген заңды тұлғаның орналасқан жеріндегі салық органына беру актісінің негізінде береді.
64-бап. Бөліну жолымен қайта ұйымдастырылған кезде заңды тұлғаның салықтық міндеттемесін орындау
1. Заңды тұлға бөліну жолымен қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бұл туралы орналасқан жеріндегі салық органына жазбаша хабарлайды.
Заңды тұлға бөліну жолымен қайта ұйымдастырылған кезде бөлу балансы бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде орналасқан жеріндегі салық органына бір мезгілде:
1) салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтінішті;
2) таратудың салықтық есептілігін ұсынады.
2. Таратудың салықтық есептілігі қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің түрлері және әлеуметтік төлемдер бойынша салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш ұсынылған салықтық кезеңнің басынан бастап осындай өтініш ұсынылған күнге дейінгі кезең үшін жасалады.
Егер кезекті салықтық есептілікті ұсыну мерзімі таратудың салықтық есептілігі ұсынылғаннан кейін басталатын болса, мұндай кезекті салықтық есептілікті ұсыну таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
3. Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға таратудың салықтық есептiлiгiнде көрсетiлген салықтарды, бюджетке төленетiн төлемдердi және әлеуметтiк төлемдерді төлеуді салық органына таратудың салықтық есептiлiгi ұсынылған күннен бастап күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмей жүргiзедi.
Егер таратудың салықтық есептiлiгiнiң алдында ұсынылған салықтық есептілікте көрсетiлген салықтарды, бюджетке төленетiн төлемдердi және әлеуметтiк төлемдерді төлеу мерзiмi осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн басталатын болса, онда төлеу (аудару) таратудың салықтық есептiлiгi ұсынылған күннен бастап күнтiзбелiк он күннен кешiктiрілмей жүргiзiледi.
4. Салық органы салықтық тексеруді қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның салықтық өтінішін алғаннан кейін жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей бастауға тиіс.
5. Бөліну жолымен қайта ұйымдастырылған кезде қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға салықтық тексеру аяқталғаннан кейін өзінің орналасқан жеріндегі салық органына бөлу балансын ұсынады.
Егер қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың артық төленген сомалары бар болса, көрсетілген сомалар осы Кодекстің 102-бабында айқындалған тәртіппен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның салықтық берешегін өтеу есебіне есепке жатқызылуға тиіс.
Егер қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың қате төленген сомалары бар болса, онда көрсетілген сомалар осы Кодекстің 103-бабында айқындалған тәртіппен есепке жатқызылуға тиіс.
Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салықтық берешек болмаған кезде:
1) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың қате төленген сомалары оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) қайта ұйымдастыру кезінде ол (олар) алған мүліктегі үлесіне пропорционалды түрде осы Кодекстің 103-бабында айқындалған тәртіппен қайтарылуға жатады;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың артық төленген сомалары оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) қайта ұйымдастыру кезінде ол (олар) алған мүліктегі үлесіне пропорционалды түрде осы Кодекстің 101-бабында айқындалған тәртіппен қайтарылуға жатады;
3) кеден органдары алатын кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдың бюджетке артық (қате) төленген сомалары оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) қайта ұйымдастыру кезінде ол (олар) алған мүліктегі үлесіне пропорционалды түрде Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен қайтарылуға жатады;
4) айыппұлдардың артық (қате) төленген сомалары оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) қайта ұйымдастыру кезінде ол (олар) алған мүліктегі үлесіне пропорционалды түрде осы Кодекстің 106-бабында айқындалған тәртіппен қайтарылуға жатады.