3. Жеке тұлғаның қайтыс болған күніне немесе соттың күшіне енген шешімі негізінде оны қайтыс болды деп жариялау күніне жиналып қалған салықтық берешегі, егер:
1) кәмелетке толмаған мұрагер (мұрагерлер) соттың күшіне енген шешімі негізінде осындай берешекті өтеу жөніндегі салықтық міндеттемеден босатылған;
2) мұрагері (мұрагерлері) жоқ болған жағдайларда, өтелген болып саналады.
Сот жеке тұлғаны қайтыс болды деп жариялау туралы шешімнің күшін жойған кезде бұрын салық органы есептен шығарған салықтық берешектің күші осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзіміне қарамастан, сот тәртібімен қайта басталады.
4. Осы баптың ережелері дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам қайтыс болған немесе соттың күшіне енген шешімі негізінде қайтыс болды деп жарияланған күніне жиналып қалған салықтық берешекті өтеу кезінде қолданылады.
48-баптың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 7-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
48-бап. Салықтық міндеттеме мен талап бойынша талап қоюдың ескіру мерзімдері
1. Мыналарға:
1) салық органы салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеуге, есепке жазуға немесе олардың есептелген, есепке жазылған сомасын қайта қарауға құқылы;
2) салық төлеуші (салық агенті) салықтық есептілікті ұсынуға міндетті, салықтық есептілікке өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, салықтық есептілікті қайтарып алуға құқылы;
3) салық төлеуші (салық агенті) салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұлдарды есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды талап етуге құқылы болатын уақыт кезеңі салықтық міндеттеме мен талап бойынша талап қоюдың ескіруі деп танылады.
2. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, талап қоюдың ескіру мерзімі бес жылды құрайды. Осы баптың 4, 5, 6 және 10-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, талап қоюдың ескіру мерзімінің өтуі тиісті салықтық кезең аяқталғаннан кейін басталады.
3. Салық төлеуші, салық органы:
1) инвестициялық басым жобаны іске асыруды көздейтін инвестициялық келісімшартта көрсетілген салықтар бойынша осы Кодекстің 80-тарауы қолданылған кезде - осындай келісімшарттың қолданылу кезеңі ішінде және инвестициялық келісімшарттың қолданылу мерзімі өткен немесе қолданылуы өзгеше тоқтатылған күннен бастап бес жылда;
2) осы Кодекстің 288-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы қолданылған кезде - жеке тұлға оқыған кезеңде және жеке тұлға оқуын аяқтаған күннен бастап бес жылда салықтарды есептеуге, есепке жазуға немесе олардың есептелген, есепке жазылған сомасын қайта қарауға құқылы.
4. Қызметін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес жүзеге асыратын салық төлеушілер бойынша салық органы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу кезеңі ішінде және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін бес жылда - үстеме пайда салығын, Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесін, салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есепке жазуға немесе олардың есептелген, есепке жазылған сомасын қайта қарауға құқылы, оларды есептеу әдістемесінде мынадай көрсеткіштердің бірі: рентабельділіктің ішкі нормасы (РІН) немесе пайданың ішкі нормасы немесе R-фактор (кірістілік көрсеткіші) пайдаланылады.
5. Талап қоюдың ескіру мерзімінің өтуі:
1) өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылысжайлар салу кезеңіндегі салықтық міндеттеме және қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талап бойынша осы Кодекстің 432-бабының 1-тармағы қолданылған жағдайда - Қазақстан Республикасының аумағында мұндай ғимараттар мен құрылысжайлар алғаш пайдалануға берілген салықтық кезең аяқталғаннан кейін;
2) геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу және кен орнын жайластыру кезеңіндегі салықтық міндеттеме және қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талап бойынша осы Кодекстің 432-бабының 2-тармағы қолданылған жағдайда, кең таралған пайдалы қазбаларды, жерасты суларын және емдік балшықтарды қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарт шеңберінде өндірілген пайдалы қазбалар экспортының басталуы тура келетін салықтық кезең аяқталғаннан кейін басталады.
Егер экспорт 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін жүзеге асырылған болса, талап қоюдың ескіру мерзімінің өтуі 2016 жылғы 1 қаңтардан басталады;
3) осы Кодекстің 432-бабында көрсетілген қосылған құн салығының расталған асып кету сомасын осы Кодекстің 104-бабына сәйкес қайтару және (немесе) есепке жатқызу жүргізілген жағдайда, қосылған құн салығының қайтаруға ұсынылған асып кету сомасының анықтығы, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тексеру нәтижелеріне шағым жасау қорытындысы бойынша расталған салықтық кезең аяқталғаннан кейін басталады.
6. Осы баптың 5-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген қосылған құн салығын есепке жазу немесе оның есептелген, есепке жазылған сомасын қайта қарау мақсаттары үшін талап қоюдың ескіру мерзімінің өтуі салық төлеуші қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талаппен қоса қосылған құн салығы бойынша декларацияны тапсырған салықтық кезең аяқталғаннан кейін басталады.
7. Талап қоюдың ескіру мерзімі:
1) салық төлеуші (салық агенті) осы баптың 2-тармағында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі күнтізбелік бір жылға жетпей өтетін кезең үшін қосымша салықтық есептілікті ұсынған жағдайда, салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есепке жазу және (немесе) олардың есептелген сомасын қайта қарау бөлігінде күнтізбелік бір жылға;
2) салық төлеуші осы баптың 2-тармағында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі күнтізбелік бір жылға жетпей өтетін кезең үшін залалдарды ауыстыру бөлігінде өзгерістермен және толықтырулармен қоса қосымша салықтық есептілікті ұсынған жағдайда, бюджетке төленетін корпоративтік табыс салығын есепке жазу және (немесе) оның есептелген сомасын қайта қарау бөлігінде күнтізбелік үш жылға;
3) мынадай:
салық төлеуші (салық агенті) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тексеру нәтижелері туралы хабарламаға, сондай-ақ салық органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын бөлігінде шағым жасаған;
бейрезиденттің халықаралық шарт негізінде бюджеттен табыс салығын қайтаруға арналған салықтық өтініші қаралған;
халықаралық шарт негізінде бюджеттен табыс салығын қайтаруға арналған салықтық өтінішті қарау нәтижелері бойынша салық органы шығарған шешімге бейрезидент Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасаған;
осы тармақшаның төртінші абзацында көрсетілген салық органының шешіміне бейрезиденттің шағымын қарау нәтижелері бойынша уәкілетті орган шығарған шешімге бейрезидент шағым жасаған жағдайларда шағымды (арызды) қарау нәтижелері бойынша шығарылған шешім орындалғанға дейін;
4) уәкілетті орган осы Кодекстің 221-бабына сәйкес өзара келісу рәсімін жүргізген жағдайда - уәкілетті органның және (немесе) шет мемлекеттің құзыретті органының өзара келісу рәсімінің қорытындысы бойынша қабылдаған шешімі орындалғанға дейін;
5) талап қоюдың ескіру мерзімі өткенге дейін жіберілген және табыс етілген, камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама орындалғанға дейін;
6) деңгейлес мониторингтің нәтижелері бойынша ұсынымдар табыс етілген күннен бастап деңгейлес мониторингтің нәтижелері бойынша шешім шығарылғанға дейін;
7) егер инвестор халықаралық төрелікте талқылауға бастама жасаған болса, онда салық органы инвестор шағым жасаған кезеңнен бастап және осы төрелік талқылау бойынша түпкілікті шешім шығарылған кезге дейінгі кезең үшін инвестор талқылауға бастама жасаған салық төлеушінің салықтарын және бюджетке төленетін төлемдерін есепке жазуға немесе олардың есептелген, есепке жазылған сомасын қайта қарауға құқылы - осындай төрелік талқылау аяқталғаннан кейін бес жыл ішінде ұзартылады.
8. Салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есепке жазу немесе олардың есептелген, есепке жазылған сомасын қайта қарау бөлігінде талап қоюдың ескіру мерзімі:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен салық төлеушi (салық агентi) салықтық тексерудің алдын ала актiсiне жазбаша қарсылық дайындап, берген және оны салық органы қараған;
2) Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасына сәйкес салықтық тексеру жүргізу уақытында сұрау салулар жолданған және олар бойынша құжаттар және (немесе) ақпарат алынған кезеңге тоқтатыла тұрады.
Бұл ретте салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің есептелген, есепке жазылған сомасын қайта қарау бөлігінде жалпы талап қоюдың ескіру мерзімі оның тоқтатыла тұрғаны ескеріле отырып, жеті жылдан аспауға тиіс;
3) сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жүргізілген салықтық тексеру жағдайында салықтық тексеру аяқталған күннен бастап қылмыстық іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейінгі уақыт кезеңіне тоқтатыла тұрады.
9. Жеке кәсiпкерлік субъектiсiмен іс жүзінде тауарлар тиеп-жөнелтілмей, жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей жасалған, шот-фактураны жазып беру әрекеті (әрекеттері) бойынша салықтарды және бюджетке төленетiн төлемдердi есепке жазуды немесе олардың есептелген сомасын қайта қарауды салық органы заңды күшіне енген сот шешімі, үкiмi, қаулысы негізінде салықтық мiндеттеме және (немесе) талап бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі шегiнде жүргiзедi.
10. Салықтың және бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың артық (қате) төленген сомасы, осы Кодекстің 108-бабында белгіленген жағдайды қоспағанда, ағымдағы жыл және алдыңғы күнтізбелік бес жыл ішінде төленген сомалар шегінде есепке жатқызуға және (немесе) қайтаруға жатады.
6-тарау. САЛЫҚТАРДЫ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ТӨЛЕМАҚЫЛАРДЫ ТӨЛЕУ БОЙЫНША САЛЫҚТЫҚ МІНДЕТТЕМЕНІ ОРЫНДАУ МЕРЗІМДЕРІН ӨЗГЕРТУ. САЛЫҚТЫҚ МІНДЕТТЕМЕНІ ТОҚТАТУ НЕГІЗІ
49-бап. Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімдерін өзгерту туралы жалпы ережелер
1. Осы Кодексте белгіленген төлену мерзімін неғұрлым кеш мерзімге ауыстыру не салықтық берешекті өтеу мерзімдерін ұзарту салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімдерін өзгерту деп танылады. Осы тармақтың ережелері айыппұлдар сомасына қатысты қолданылмайды.
Осы тараудың мақсаттары үшін төлемақылар деп:
жер учаскелерін пайдаланғаны;
жер беті көздерінен су ресурстарын пайдаланғаны;
қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақылар түсініледі.
2. Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімдерін өзгерту ұсынылған салықтық есептілікке сәйкес салық төлеуші есептеген, сондай-ақ салықтық тексеру нәтижелері бойынша, уәкілетті мемлекеттік органдардың деректері бойынша салық органы есепке жазған салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша кейінге қалдыру, мерзімін ұзарту нысанында жүзеге асырылады.
Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу мерзімі салықтың және (немесе) төлемнің төленуге тиіс бүкіл сомасына не оның бір бөлігіне қатысты өзгертілуі мүмкін.
3. Төлем көзінен ұсталатын салықтар, акциздер, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтарынан импортталатын тауарларға салынатын қосылған құн салығы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін салықтар бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімдері өзгертілуге жатпайды.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтарынан импортталатын тауарларды қоспағанда, импортталатын тауарлар бойынша жанама салықтарды төлеу мерзімін өзгерту осы баптың 9 және 10-тармақтарында айқындалған тәртіппен осы Кодекске сәйкес таңбалауға жататын импортталатын тауарлар бойынша акцизді қоспағанда, қосылған құн салығы мен акциз бойынша жүргізіледі.
4. Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімдері салық төлеуші салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімдерін өзгерту туралы өтініш берген күннің алдындағы үш жылдың ішінде салықтық міндеттемені орындау графигін салық төлеушінің бұзуына байланысты салық органы салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімдерін өзгерту туралы бұрын шығарылған шешімнің қолданылуын тоқтатқан жағдайда өзгертілмейді.
5. Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімдерін өзгерту салық төлеушінің және (немесе) үшінші тұлғаның мүлкін кепілге қоюмен және (немесе) банк кепілдігімен жүргізіледі.
6. Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімдерін өзгерту туралы салықтық өтінішті салық төлеуші салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеудің болжамды графигін қоса бере отырып, уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша ұсынады.
7. Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімдерін өзгерту салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша кейінге қалдыруды немесе мерзімін ұзартуды беру жағдайын қоспағанда, осы Кодекстің 117-бабына сәйкес салық төлеушіні өсімпұлды уақтылы төлемегені үшін оларды төлеуден:
Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында көзделген төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімі шеңберінде;
осы Кодекстің 51-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіздер бойынша босатпайды.
8. Осы тараудың ережелері өсімпұл төлеу бойынша кейiнге қалдыруды немесе мерзiмiн ұзартуды берген кезде де қолданылады.
9. Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кеден органына ұсынылған, ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға арналған декларация импортталатын тауарлар бойынша жанама салықтарды төлеу мерзімін өзгертуге негіз болып табылады.
Импортталатын тауарлар бойынша жанама салықтарды төлеу мерзімін өзгерту:
1) осындай импортталатын тауарларды толық көлемде кедендік тазарту үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген құжаттар кеден органына ұсынылған;
2) егер тұлғалар уәкілетті орган белгілеген тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижесінде жанама салықтар бойынша төлеудің осы бапта көзделген мерзімін өзгертуді қолдануға құқығы жоқ тұлғалар санатына жатқызылмаған жағдайда жүргізіледі.
Осы бапқа сәйкес импортталатын тауарлар бойынша жанама салықтарды төлеу мерзімін өзгерту Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес ішкі тұтыну үшін импортталатын тауарларды шығару жүргізілген айдан кейінгі айдың 20-күнгі мерзімі бойынша жеке шотта есептелген салық сомасын салық органының көрсетуі арқылы беріледі.
10. Импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығын төлеу мерзімін өзгерту:
1) осындай импортталатын тауарларды толық көлемде кедендік тазарту үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген құжаттар кеден органына ұсынылған;
2) тауарды импорттайтын тұлға Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес уәкілетті экономикалық оператор болып табылған жағдайда жүргізіледі.
Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кеден органына ұсынылған, ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға арналған декларация импортталатын тауарлар бойынша жанама салықтарды төлеу мерзімін өзгертуге негіз болып табылады.
Осы бапқа сәйкес импортталатын тауарлар бойынша жанама салықтарды төлеу мерзімін өзгерту Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес импортталатын тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару жүргізілген айдан кейінгі үшінші айдың 20-күнгі мерзім бойынша жеке шотта есептелген салық сомасын салық органының көрсетуі арқылы беріледі.
50-бап. Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімін өзгерту туралы шешім қабылдауға уәкілеттік берілген салық органы
1. Республикалық бюджетке түсетін, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттер арасында бөлінетін салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімін өзгерту туралы шешімді салық төлеушінің орналасқан жеріндегі салық органы қабылдайды.
2. Жергілікті бюджеттерге толық көлемде түсетін салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімін өзгерту туралы шешімді осы Кодекстің Ерекше бөлігінде белгіленген, олар төленетін жердегі салық органы қабылдайды.
51-бап. Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша кейiнге қалдыруды немесе мерзiмiн ұзартуды беру тәртібі мен шарттары
2019.03.01. № 213-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша кейiнге қалдыру немесе мерзiмiн ұзарту салықтардың және (немесе) төлемақылардың сомаларын тиісінше бір мезгілде немесе кезең-кезеңмен төлей отырып, осы бапта көзделген негіздер болған кезде салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу мерзімін өзгертуді білдіреді.
Салықтардың және (немесе) төлемақылардың сомаларын бір мезгілде төлей отырып, кейінге қалдыру алты айдан аспайтын мерзімге беріледі.
Салықтардың және (немесе) төлемақылардың сомаларын тең үлестермен ай сайын немесе тоқсан сайын төлей отырып, мерзімін ұзарту үш жылдан аспайтын мерзімге беріледі.
Кейiнге қалдыру немесе мерзiмiн ұзарту бір немесе бірнеше салық және (немесе) төлемақы бойынша берілуі мүмкін.
2. Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша кейiнге қалдыру немесе мерзiмiн ұзарту қаржылық жағдайы салықты және (немесе) төлемақыны белгіленген мерзімде төлеуге мүмкіндік бермейтін, алайда оларды мынадай:
1) салық төлеушіге еңсерілмейтін (әлеуметтік, табиғи, техногендік, экологиялық сипаттағы төтенше жағдайлар, әскери іс-қимылдар және еңсерілмейтін күштің өзге де мән-жайлары) салдарынан нұқсан келтіру;
2) салық төлеушінің тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді өндіруінің және (немесе) өткізуінің маусымдық сипатта болуы;
3) дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрмайтын жеке тұлғаның мүліктік жағдайы (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндіріп алуды қолдануға болмайтын мүлікті есепке алмағанда) біржолғы салық төлеуге мүмкіндік бермеуі;
4) соттың төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану туралы шешім қабылдауы;
5) салық төлеушінің негізгі қызмет түрінің Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес стратегиялық маңызы бар экономика саласына жатқызылуы;
6) салық төлеушінің қосымша салықтық есептілікті ұсынуы;
7) салық төлеушінің есепке жазылған салықтардың және (немесе) төлемақылардың тексеру нәтижелері туралы хабарламада көрсетілген сомаларымен келісуі негіздерінің бірі болған кезде оларды төлеу мүмкіндігі кейiнге қалдыру немесе мерзiмiн ұзарту берілетін мерзім ішінде туындайды деп пайымдауға жеткілікті негіз болатын салық төлеушіге берілуі мүмкін. Осы тармақшаның ережелері салық төлеуші ретінде тіркелген күнінен бастап кейiнге қалдыруды немесе мерзiмiн ұзартуды беру туралы өтініш берген күнге дейінгі кезең кемінде бес жылды құрайтын салық төлеушілерге қолданылмайды.
3. Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімін өзгерту туралы өтінішке мынадай құжаттар:
1) тиісті контрагент-дебиторлармен жасалған шарттардың бағалары (өзге де міндеттемелердің көлемдері мен олардың туындау негіздері) және оларды орындау мерзімдері көрсетіле отырып, салық төлеушінің контрагент-дебиторларының тізбесі, сондай-ақ осы шарттардың (міндеттеменің өзге де туындау негіздерінің бар-жоғын растайтын құжаттардың) көшірмелері қоса беріледі. Осы тармақшаның ережелері дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрмаған жеке тұлғаға қолданылмайды;
2) осы баптың 4-тармағында көрсетілген, салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу мерзімін өзгерту үшін негіздердің бар-жоғын растайтын құжаттар;
3) бағалаушының кепілге берілген мүліктің нарықтық құнын бағалау туралы есебі қоса берілген кепіл нысанасы болуы мүмкін мүлік туралы құжаттар не кепілдік беруші банк пен салық төлеуші арасында жасалған банк кепілдігі шарты және банк кепілдігі қоса беріледі. Бұл ретте бағалаушының кепілге берілген мүліктің нарықтық құнын бағалау туралы есебі салық төлеуші кейiнге қалдыруды немесе мерзiмiн ұзартуды беру туралы өтініш берген күнге дейін он жұмыс күнінен кейін жасалуға тиіс.
4. Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу мерзімін өзгерту үшін негіздердің бар екенін растайтын құжаттар мыналар:
осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша - тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың салық төлеушіге қатысты еңсерілмейтін күш мән-жайларының туындау фактісінің растамасы;
осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша - салық төлеуші жасаған және мұндай тұлғаның тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуден түсетін жалпы кірісінде маусымдық сипатқа ие қызмет салалары мен түрлерінен түсетін кірісінің үлесі кемінде 50 пайызды құрайтынын растайтын құжат;
осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген негіз бойынша - тиісті уәкілетті орган өтініш берілген күнге дейін он жұмыс күнінен кейін берген, жеке тұлғаның өтініш берілген күннің алдындағы жылғы кірістері, жылжымалы және жылжымайтын мүлкі туралы мәліметтер.
5. Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімін өзгерту туралы немесе оны өзгертуден бас тарту туралы шешімді осы Кодекстің 50-бабына сәйкес осындай шешім қабылдауға уәкілеттік берілген орган уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салық төлеушінің өтінішін алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қабылдайды.
Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімін өзгерту туралы шешім қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
6. Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімін өзгертуден бас тарту туралы шешім уәжді болуға тиіс.
52-бап. Мүлікті кепілге қою шартын жасасу талаптары
1. Мүлікті кепілге қою шарты салық төлеуші салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімін өзгерту туралы өтініш берген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде, мынадай талаптар сақталған кезде жасалады:
1) кепіл шартының мазмұны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келеді;
2) кепілге қойылатын мүлік жоғалудан немесе зақымданудан сақтандырылуға тиіс және оның нарықтық құны салық төлеуші салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу графигін бұзған жағдайда, кейінге қалдырудың немесе мерзiмiн ұзартудың қолданылу кезеңі үшін есептелген өсімпұл, сондай-ақ оны өткізуге жұмсалатын шығыстар ескеріле отырып, салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімін өзгерту туралы өтініште көрсетілген салықтардың және (немесе) төлемақылардың сомасынан кем болмауға тиіс. Мыналар:
тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері;
электр, жылу және өзге де энергия түрлері;
тыйым салынған мүлік;
салық органдарын қоса алғанда, мемлекеттік органдар қойған шектеулері бар мүлік;
үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынған мүлік;
тез бүлінетін шикізат, тамақ өнімдері кепіл нысанасы бола алмайды;
3) кепілге қойылатын мүлікті қайта кепілге қоюға жол берілмейді;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында мүлікті кепілге қою шартының міндетті мемлекеттік тіркелуі көзделген жағдайларда, салық төлеуші кепіл шартын жасасқан күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімін өзгерту туралы шешім қабылдайтын салық органына кепіл шартының тиісті тіркеуші органда тіркелгенін растайтын құжатты ұсынады.