53-бап. Банк кепілдігі
1. Салық төлеуші салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша кейінге қалдыруды, мерзімін ұзартуды беру шарттарын бұзған жағдайда, банк кепілдігіне байланысты банкте (кепілдік берушіде) салық төлеушінің салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша міндеттемесін орындау жөніндегі міндет туындайды.
2. Банк кепілдігі мынадай талаптарға сай келуге тиіс:
1) банк кепілдігінің мазмұны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс;
2) банк кепілдігі кері қайтарып алынбайтын болуға тиіс;
3) банк кепілдігінің қолданылу мерзімі банк кепілдігімен қамтамасыз етілген, салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу жөніндегі міндетті салық төлеушінің орындауының белгіленген мерзімі өткен күннен бастап алты айдан кейін аяқталуға тиіс;
4) банк кепілдігі берілген сома салық төлеушінің салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу жөніндегі міндетін кепілдік берушінің толық көлемде орындауын қамтамасыз етуге тиіс.
3. Банк кепілдігі бойынша міндеттеме кепілдік берушінің банк кепілдігі бойынша ақшалай соманы төлеу жөніндегі талапты алған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде орындауына жатады.
4. Кепілдік беруші салық органына банк кепілдігі бойынша ақшалай соманы төлеу туралы талапты (егер мұндай талап кепілдік берушіге банк кепілдігі берілген мерзім аяқталғаннан кейін қойылған жағдайды қоспағанда) қанағаттандырудан бас тартуға құқылы емес.
54-бап. Кейінге қалдырудың және мерзімін ұзартудың қолданылуын тоқтату
1. Кейінге қалдырудың және мерзімін ұзартудың қолданылуы тиісті шешімнің қолданылу мерзімі өткеннен кейін тоқтатылады.
2. Кейінге қалдырудың және мерзімін ұзартудың қолданылуы:
1) салық төлеуші салықтардың және (немесе) төлемақылардың бүкіл сомасын белгіленген мерзім өткенге дейін төлеген;
2) салық төлеуші салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша кейінге қалдыруды және мерзімін ұзартуды беру шарттарын бұзған;
3) егер кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту осы Кодекстің 51-бабы 2-тармағының 7) тармақшасында көзделген негіз бойынша берілген жағдайда - тексеру нәтижелері туралы хабарламада көрсетілген салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімін өзгерту туралы салық органының шешімінде көрсетілген мерзім ішінде тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағым берілген жағдайларда тоқтатылады, оның ішінде мерзімінен бұрын тоқтатылады. Осы тармақшада көзделген жағдай басталған кезде салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімін өзгерту туралы шешімнің қолданылуы салық органы тиісті шешім қабылдаған күннен бастап тоқтатылады.
3. Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімін өзгерту туралы шешімнің қолданылуын осы шешімді қабылдаған салық органы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімін өзгерту туралы шешімнің күшін жою туралы хабарламаны салық төлеушіге жібере отырып тоқтатады.
55-бап. Кепілге қойылған мүлікке өндіріп алуды қолдану және оны өткізу, сондай-ақ банк кепілдігінің орындалуын талап ету тәртібі
1. Салық төлеушінің және (немесе) үшінші тұлғаның мүлік кепілімен және (немесе) банк кепілдігімен қамтамасыз етілген салықтық міндеттемені орындау графигі бұзылған жағдайда, салық органы салық төлеушінің және (немесе) үшінші тұлғаның кепілге қойылған мүлкіне өндіріп алуды қолданады не банк кепілдігінің орындалуын талап етеді.
2. Салық төлеуші және (немесе) үшінші тұлға кепілге қойған мүлікті өткізуді уәкілетті заңды тұлға сауда-саттықтар өткізу жолымен жүргізеді.
Салық төлеуші және (немесе) үшінші тұлға кепілге қойған мүлікті, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) билік етілуі шектелген мүлкін өткізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Салық органы салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу туралы талаптың орындалу мерзімі өткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде банк кепілдігі бойынша ақшалай соманы төлеу туралы талапты кепілдік берушіге жібереді.
56-бап. Салықтық міндеттеменің тоқтатылуы
1. Жеке тұлғаның салықтық міндеттемесі:
1) ол қайтыс болған;
2) соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайда тоқтатылады.
2. Дара кәсіпкердің салықтық міндеттемесі дара кәсіпкер Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен қызметін тоқтатқаннан кейін тоқтатылады.
3. Заңды тұлғаның салықтық міндеттемесі:
1) ол таратылғаннан кейін;
2) қосылу (қосылған заңды тұлғаға қатысты), бірігу және бөліну жолымен ол қайта ұйымдастырылғаннан кейін тоқтатылады.
7-тарау. САЛЫҚ ТӨЛЕУШІ ТАРАТЫЛҒАН, ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН, ҚЫЗМЕТІН ТОҚТАТҚАН КЕЗДЕ САЛЫҚТЫҚ МІНДЕТТЕМЕНІ ОРЫНДАУ
57-бап. Жалпы ережелер
Осы тараудың ережелері бірігу, қосылу, бөліну, тарату немесе қызметті тоқтату жолымен қайта ұйымдастыру туралы шешімді салық төлеуші қабылдаған жағдайда қолданылады.
58-бап. Таратылатын заңды тұлғаның салықтық міндеттемесін, сондай-ақ бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, тұрақты мекемесінің Қазақстан Республикасындағы қызметі тоқтатылған кезде салықтық міндеттемені орындау
1. Резидент-заңды тұлға тарату туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өзінің орналасқан жеріндегі салық органына бұл туралы жазбаша хабарлайды.
2. Таратылатын заңды тұлға аралық тарату балансы бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өзінің орналасқан жеріндегі салық органына бір мезгілде:
1) салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтінішті;
2) таратудың салықтық есептілігін ұсынады.
3. Таратудың салықтық есептілігі таратылатын заңды тұлға төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің түрлері және әлеуметтік төлемдер бойынша салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш ұсынылған салықтық кезеңнің басынан бастап осындай өтініш ұсынылған күнге дейінгі кезең үшін жасалады.
Егер кезекті салықтық есептілікті ұсыну мерзімі таратудың салықтық есептілігі ұсынылғаннан кейін басталса, осындай кезекті салықтық есептілікті ұсыну таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
4. Таратылатын заңды тұлға таратудың салықтық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді салық органына таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей төлейді.
Егер таратудың салықтық есептілігінің алдында ұсынылған салықтық есептілікте көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, онда төлеу (аудару) салық органына таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
5. Салық органдары салықтық тексеруді таратылатын заңды тұлғаның салықтық өтінішін салық органы алғаннан кейін жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей бастауға тиіс.
6. Таратылатын заңды тұлғаның салықтық берешегі, оның ішінде осы баптың 4 және 11-тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша туындайтын салықтық берешегі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген кезектілік тәртібімен оның ақшасы, оның ішінде мүлкін өткізуден алынған ақшасы есебінен өтеледі. Бұл ретте таратылатын заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелерінің, бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемелерінің, құрылымдық бөлімшелерінің салықтық берешегі осындай бейрезидент-заңды тұлға заңды тұлғалардың тұрақты мекемелерінің, құрылымдық бөлімшелерінің тобы бойынша жиынтықты түрде салықтық міндеттемелерді қызметін тоқтататын тұрақты мекеме, құрылымдық бөлімше арқылы орындаған жағдайда да өтеледі.
7. Егер таратылатын заңды тұлғаның мүлкі салықтық берешекті толық көлемде өтеу үшін жеткіліксіз болса, салықтық берешектің қалған бөлігін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда, таратылатын заңды тұлғаның құрылтайшылары (қатысушылары) өтейді.
8. Егер таратылатын заңды тұлғада салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың артық төленген сомалары бар болса, онда көрсетілген сомалар таратылатын заңды тұлғаның салықтық берешегін өтеу есебіне осы Кодекстің 102-бабында айқындалған тәртіппен есепке жатқызылуға тиіс.
Егер таратылатын заңды тұлғада салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың қате төленген сомалары бар болса, онда көрсетілген сомалар осы Кодекстің 103-бабында айқындалған тәртіппен есепке жатқызылуға тиіс.
9. Егер таратылатын заңды тұлғада қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылған күнге дейін есепке жатқызылатын қосылған құн салығының осы Кодекстің 49-тарауына сәйкес қайтаруға жататын, есепке жазылған салық сомасынан асып кететін сомасы бар болса, көрсетілген асып кету таратылатын заңды тұлғаға осы Кодекстің 104-бабында айқындалған тәртіппен қайтарылуға жатады.
10. Таратылатын заңды тұлғада салықтық берешек болмаған кезде:
1) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың қате төленген сомалары осы заңды тұлғаға осы Кодекстің 103-бабында айқындалған тәртіппен қайтарылуға жатады;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың артық төленген сомалары осы заңды тұлғаға осы Кодекстің 101-бабында айқындалған тәртіппен қайтарылуға жатады;
3) айыппұлдардың төленген сомалары осы заңды тұлғаға осы Кодекстің 106-бабында белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен қайтарылуға жатады;
4) кеден органдары алатын кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдың бюджетке артық (қате) төленген сомалары осы заңды тұлғаға Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен қайтарылуға жатады.
11. Таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап таратудың салықтық тексеруі аяқталған күнге дейінгі кезеңде салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді, әлеуметтік төлемдерді есептеу және төлеу жөніндегі міндеттемелер туындаған жағдайда, таратылатын заңды тұлға осындай міндеттемелерді салық органының осы Кодекстің 114-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген хабарламасы негізінде орындауға міндетті.
12. Таратудың салықтық тексеруі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап тарату балансы бекітілген күнге дейінгі кезең ішінде жеке тұлғалар мен бейрезиденттердің төлем көзінен салық салуға жататын, дивидендтер түріндегі кірістері пайда болған жағдайда, таратылатын заңды тұлға өзінің орналасқан жеріндегі салық органына осындай салықтық міндеттеме бойынша таратудың салықтық есептілігіне қосымша салықтық есептілікті ұсынуға және оны толық көлемде орындауға міндетті.
13. Салықтық тексеру аяқталып, осы баптың 12-тармағында белгіленген ережелер орындалғаннан кейін таратылатын заңды тұлға орналасқан жеріндегі салық органына тарату балансын ұсынады.
Таратылатын заңды тұлға тарату балансын бір мезгілде мынадай талаптар сақталған жағдайда:
1) салықтық берешек, әлеуметтік төлемдер бойынша берешек болмаса;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, өсімпұл мен айыппұлдардың артық (қате) төленген сомалары болмаса;
3) есепке жатқызылатын қосылған құн салығының осы Кодекстің 49-тарауына сәйкес қайтарылуға жататын, есепке жазылған салық сомасынан асып кетуі болмаса;
4) кеден органдары алатын кедендік баждарды, салықтарды, кедендік алымдар мен өсімпұлды есепке жатқызуды және (немесе) олардың артық (қате) төленген сомаларын қайтаруды жүргізуге арналған орындалмаған салықтық өтініш болмаса, салықтық тексеру аяқталып, осы баптың 12-тармағында белгіленген ережелер орындалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ұсынады.
Салықтық берешек, әлеуметтiк төлемдер бойынша берешек, салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердiң, өсiмпұл мен айыппұлдардың артық (қате) төленген сомалары болған және (немесе) есепке жатқызылатын қосылған құн салығы осы Кодекстiң 49-тарауына сәйкес қайтарылуға жататын, есепке жазылған салық сомасынан асып кеткен жағдайда, таратылатын заңды тұлға тарату балансын:
1) салықтық берешек, әлеуметтік төлемдер бойынша берешек өтелген күннен;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, өсімпұл мен айыппұлдардың артық (қате) төленген сомалары қайтарылған күннен;
3) есепке жатқызылатын қосылған құн салығының осы Кодекстің 49-тарауына сәйкес қайтарылуға жататын, есептелген салық сомасынан асып кетуі қайтарылған күннен;
4) кеден органдары алатын кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдың артық (қате) төленген сомалары қайтарылған күннен кейін келетін күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ұсынады.
14. Бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшесінің, сондай-ақ бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің салықтық міндеттемесін орындау осы бапта айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
15. Таратылатын резидент-заңды тұлғалар осы Кодекстің 59 немесе 60-баптарында белгіленген салықтық міндеттемелерді орындаудың ерекшеліктерін таңдаған жағдайда, оларға осы баптың ережелері қолданылмайды.
59-бап. Таратылатын резидент-заңды тұлғалардың жекелеген санаттарының салықтық міндеттемені орындау ерекшеліктері
1. Осы бап бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін:
1) қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын;
2) ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнаулы салық режимін қолданбайтын;
3) қайта ұйымдастырылмаған немесе қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның құқық мирасқоры болып табылмайтын, таратылатын резидент-заңды тұлғаның салықтық міндеттемесін орындау ерекшеліктерін белгілейді.
Осы тармақшаның ережесі қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаларға қатысты қолданылмайды;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) тәуекелдерді бағалау жүйесі іс-шараларының нәтижелері негізінде салықтық тексерулер жоспарына немесе іріктелген салықтық тексерулер тізіміне енгізілмеген не тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін салықтық тексерулердің жартыжылдық графигіне енгізілмеген;
5) жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрмайтын, таратылатын резидент-заңды тұлғаның салықтық міндеттемесін орындау ерекшеліктерін белгілейді.
Осы бап осы тармақта айқындалған шарттарға сәйкес келетін резидент-заңды тұлғаларға қатысты осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде қолданылады. Осы баптың ережелері құрылған күнінен бергі кезеңі осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзіміне қарағанда кем болатын заңды тұлғаларға да қолданылады.
2. Тарату туралы шешім қабылданған жағдайда, заңды тұлға орналасқан жеріндегі салық органына бір мезгілде:
1) қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті;
2) таратудың салықтық есептілігін;
3) аралық тарату балансын;
4) осы Кодекстің 169-бабында айқындалған тәртіппен бақылау-касса машинасын есептен шығару туралы салықтық өтінішті ұсынады.
Таратылатын заңды тұлға осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көрсетілген құжатты бақылау-касса машинасы салық органында есепке қойылған жағдайда ұсынады.
3. Таратудың салықтық есептілігі таратылатын заңды тұлға төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің түрлері және әлеуметтік төлемдер бойынша қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш ұсынылған салықтық кезеңнің басынан бастап осындай өтініш ұсынылған күнге дейінгі кезең үшін жасалады.
Егер кезекті салықтық есептілікті ұсыну мерзімі таратудың салықтық есептілігі ұсынылғаннан кейін басталатын болса, осындай кезекті салықтық есептілікті ұсыну таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
4. Таратылатын заңды тұлға таратудың салықтық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді салық органына таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей төлейді.
Егер таратудың салықтық есептілігінің алдында ұсынылған салықтық есептілікте көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, онда төлеу (аудару) салық органына таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
5. Салық органы таратылатын заңды тұлғаның қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде заңды тұлғаға қатысты салықтық тексеру жүргізілмеген кезең үшін:
1) уәкілетті мемлекеттік органдарға - қызметі тоқтатылатын заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікпен жасаған мәмілелері туралы, сондай-ақ салық органының сұрау салуы алынған күнгі жағдай бойынша оның мүлкі туралы мәліметтерді ұсыну туралы;
2) екінші деңгейдегі банктерге және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға - қызметі тоқтатылатын заңды тұлғаның салық органының сұрау салуы алынған күні банктік шоттарындағы ақшаның қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтерді ұсыну туралы сұрау салуды жібереді.
Салық органының сұрау салулары бойынша осы тармақта көрсетілген мәліметтер, егер осы Кодекстің 24-бабы бірінші бөлігінің 13) тармақшасында өзгеше белгіленбесе, алынған күнінен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылуға тиіс.
6. Салық органы осы баптың 5-тармағында көзделген барлық мәліметті алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде камералдық бақылауды жүзеге асырады және осы Кодексте айқындалған тәртіппен қорытынды жасайды.
Қорытындыда камералдық бақылау нәтижелері және салықтар, бюджетке төленетін төлемдер мен әлеуметтік төлемдер бойынша есеп айырысулардың жай-күйі көрсетіледі.
Қорытынды кемінде екі данада жасалады және оған салық органының лауазымды адамдары қол қояды. Қорытындының бір данасы оған қол қойылғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, таратылатын заңды тұлғаға қолын қойдыра отырып тапсырылады немесе оған хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Салық органы таратылатын салық төлеушіге (салық агентіне) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберген қорытындыны пошта немесе өзге байланыс ұйымы қайтарған жағдайда, осы Кодексте айқындалған негіздер бойынша және тәртіппен куәгерлерді тарта отырып, салықтық зерттеп-қарау жүргізілген күн осындай қорытынды табыс етілген күн болып табылады.
7. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, таратылатын заңды тұлғаға қорытынды алынған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей осы Кодекстің 12-тарауында айқындалған тәртіппен камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама табыс етіледі.
Таратылатын заңды тұлға камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындауды осы Кодекстің 96-бабында айқындалған тәртіппен жүзеге асырады.
Хабарлама орындалмаған және (немесе) салық органдары салық төлеуші ұсынған түсініктермен келіспеген жағдайда, таратылатын заңды тұлғаға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі. Бұл ретте салықтық тексеру осындай хабарламаны орындау мерзімі өткеннен кейін және (немесе) анықталған бұзушылықтар бойынша келіспеу туралы түсінік алынғаннан кейін он жұмыс күнінен кешіктірілмей басталуға тиіс.
8. Таратылатын заңды тұлғаның салықтық берешегі, оның ішінде осы баптың 4-тармағында көрсетілген негіздер бойынша туындайтын салықтық берешегі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген кезектілік тәртібімен оның ақшасы, оның ішінде мүлкін өткізуден алынған ақшасы есебінен өтеледі.
9. Егер таратылатын заңды тұлғаның мүлкі салықтық берешекті толық көлемде өтеу үшін жеткіліксіз болса, салықтық берешектің қалған бөлігін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда, таратылатын заңды тұлғаның құрылтайшылары (қатысушылары) өтейді.
10. Таратылатын заңды тұлғада салықтық берешек болмаған кезде:
1) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың қате төленген сомалары осы Кодекстің 103-бабында айқындалған тәртіппен осы заңды тұлғаға қайтарылуға жатады;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың артық төленген сомалары осы Кодекстің 101-бабында айқындалған тәртіппен осы заңды тұлғаға қайтарылуға жатады;
3) айыппұлдардың төленген сомалары осы Кодекстің 106-бабында белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен осы заңды тұлғаға қайтарылуға жатады;
4) кеден органдары алатын кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдың бюджетке артық (қате) төленген сомалары Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен осы заңды тұлғаға қайтарылуға жатады.
11. Заңды тұлға камералдық бақылау нәтижелері бойынша қорытындыны алған күннен кейінгі күннен бастап тарату балансы бекітілген күнге дейінгі кезең ішінде жеке тұлғалар мен бейрезиденттердің төлем көзінен салық салуға жататын, дивидендтер түріндегі кірістері пайда болған жағдайда, таратылатын заңды тұлға өзінің орналасқан жеріндегі салық органына осындай салықтық міндеттеме бойынша таратудың салықтық есептілігіне қосымша салықтық есептілікті ұсынуға және оны толық көлемде орындауға міндетті.
12. Таратылатын заңды тұлға орналасқан жеріндегі салық органына тарату балансын ұсынады.
Таратылатын заңды тұлға тарату балансын салықтық берешек, әлеуметтік төлемдер бойынша берешек болмаған жағдайда, камералдық бақылау нәтижелері бойынша қорытындыны алған және осы баптың 11-тармағында белгіленген ережелерді орындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ұсынады.
13. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар, салықтық берешек, әлеуметтік төлемдер бойынша берешек болған жағдайда, таратылатын заңды тұлға тарату балансын камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жойғанда салықтық берешек, әлеуметтік төлемдер бойынша берешек өтелген және осы баптың 11-тармағында белгіленген ережелер орындалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ұсынады.
14. Осы баптың 12-тармағында көрсетiлген тарату балансы ұсынылғаннан кейін және осы баптың 13-тармағында белгiленген ережелер орындалғаннан кейiн салық органы заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi, қайта тiркеудi, заңды тұлғалар қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеуді, құрылымдық бөлiмшелердi есептiк тiркеудi, қайта тiркеудi, есептiк тiркеуден шығаруды жүзеге асыратын мемлекеттiк органға таратылатын заңды тұлға бойынша есебі салық органдарында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендiгi туралы мәлiметтерді осы Кодекстiң 100-бабында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде жiбередi.
60-бап. Салықтар бойынша аудит қорытындысының нәтижелері бойынша таратылатын резидент-заңды тұлғалардың және қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерлердің жекелеген санаттарының салықтық міндеттемені орындау ерекшеліктері
1. Осы бап бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін:
1) таратылатын заңды тұлғаның және қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкердің осы Кодекстiң 48-бабында белгiленген талап қоюдың ескіру мерзiмi кезеңіндегі түзетулері ескеріле отырып, жылдық жиынтық кірістерінің жалпы сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштің 150 000 еселенген мөлшерінен аспайтын;
2) салық органына қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш ұсынылған күнге дейін күнтізбелік жиырма күн бұрын жасалған, салықтар бойынша аудит қорытындысы бар;
3) жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрмайтын не осы Кодектің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде тұрмаған таратылатын резидент-заңды тұлғалардың және қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерлердің жекелеген санаттарының салықтық міндеттемені орындау ерекшеліктерін белгілейді.