Салық төлеушi запастарды бағалаудың өзге әдiсiне ауысуды салықтық кезеңнің басынан бастап жүргiзедi.
2-параграф. Шегерімдер
242-бап. Жалпы ережелер
1. Осы Кодекске сәйкес шегерiмге жатпайтын шығыстарды қоспағанда, салық төлеушiнiң кіріс алуға бағытталған қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстары салық салынатын кірісті айқындау кезiнде осы Кодекстің осы бабында және 243 - 263-баптарында белгіленген ережелер ескеріле отырып, шегерімге жатады.
Осы тармақтың ережелері салық төлеушінің Қазақстан Республикасында да, оның шегінен тыс жерлерде де шеккен шығыстарына қолданылады.
Салық төлеушінің тіркелген активтерді салуға, сатып алуға арналған шығындары және күрделі сипаттағы басқа да шығындары осы Кодекстің 265 - 276-баптарына сәйкес шегерімге жатқызылады.
2. Салық төлеушінің шет мемлекетте қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыруға байланысты шығыстары осы Кодекске сәйкес шегерімге жатады.
Резидент-заңды тұлғаның шет мемлекеттегі тұрақты мекемесінің салық салынатын кірісін айқындау кезінде осындай шет мемлекеттің салық заңнамасының немесе халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес осындай салық салынатын кірісті алу мақсатында Қазақстан Республикасында да, оның шегінен тыс жерлерде де шегілген басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстарды шегеруге жол беріледі.
Басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстардың сомасы өзінің көздерінен резидент-заңды тұлға кіріс алған шет мемлекетте осындай шет мемлекеттің салық заңнамасында айқындалған тәртіппен шегерілуге жатады.
Егер өзінің көздерінен резидент-заңды тұлға кіріс алған шет мемлекеттің салық заңнамасында немесе халықаралық шартта басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстарды шегеруге жол берілген, бірақ бұл ретте шет мемлекеттің салық заңнамасында мұндай шығыстарды шегерімге жатқызу тәртібі көзделмеген жағдайда, резидент-салық төлеуші көрсетілген шет мемлекетте басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстарды осы Кодекстің 662 - 665-баптарында айқындалған тәртіппен шегерімге жатқызады.
3. Шегерiмдердi салық төлеуші өзінің кіріс алуға бағытталған қызметіне байланысты шығыстарды растайтын құжаттары болған кезде іс жүзінде жүргізілген осындай шығыстар бойынша жүргiзедi.
Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын болашақ кезеңдердің шығыстары өздері жататын салықтық кезеңде шегерiмге жатады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді); 2021.24.06. № 53-VII ҚР Заңымен 3-1-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3-1. Осы Кодекстің 412-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында аталған тұлғалардан құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және азаматтық-құқықтық мәміле жасау күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 000 еселенген мөлшерінен асатын осындай мәміле бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алған кезде оларға байланысты шығыстар бойынша шегерімдер осы баптың 3-тармағының ережелері сақталған және электрондық нысандағы шот-фактура немесе деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасының тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алушының (клиенттің), алушының сәйкестендіру нөмірі қамтылған чегі болған жағдайда жүргізіледі, бұл ретте бұған:
осы Кодекстің 412-бабы 13-тармағының 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген жағдайлар;
бейрезиденттен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша шығыстар;
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтарынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлар;
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына әкелінген, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес декларациялауға жататын тауарлар кірмейді.
Осы Кодекстің 412-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда, шегерімдер қағаз жеткізгіштегі шот-фактура болған кезде жүргізіледі.
Осы бөлімнің мақсаттары үшін шот-фактураны жазып беру күні шығыстарды тану күніне әсер етпейді.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Егер осы Кодекстің осы бабында және 243 - 263-баптарында өзгеше белгіленбесе, осы бөлімнің мақсаттары үшін шығыстарды тану күнін қоса алғанда, шығыстарды тану халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Шығыстарды халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес тану тәртібі шегерімдерді осы Кодекске сәйкес айқындау тәртібінен ерекшеленген жағдайда, көрсетілген шығыстар осы Кодексте айқындалған тәртіппен салық салу мақсаттары үшін есепке алынады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Егер осы Кодекстің 192-бабының 4-тармағында өзгеше көзделмесе, төленуге жататын (төленген) шығындардан басқа, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарын және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасын қолдану кезінде активтер және (немесе) міндеттемелер құнының өзгеруіне байланысты бухгалтерлік есепке алуда туындайтын шығындар салық салу мақсаттарында шығындар ретінде қаралмайды.
6. Егер шығыстардың сол бір түрлері шығыстардың бiрнеше баптарында көзделсе, онда көрсетілген шығыстар салық салынатын кірістің есеп-қисабында бiр рет шегерiледi.
7. Салық төлеуші осы Кодекстің 287-бабына сәйкес шегерімдерді түзетуді жүзеге асырады. Бұл ретте осы түзетулер ескерілген шегерімдер сомасы теріс мәнге ие болуы мүмкін.
243-бап. Шығыстардың жекелеген түрлері бойынша шегерімдер
1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, салық төлеушi шеккен тауарлар ысырабы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген табиғи кему нормалары шегiнде шегерiмге жатады.
2. Табиғи монополия субъектісі реттелетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) ұсыну мақсатында шеккен ысыраптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiлеген нормативтік техникалық ысыраптар шегінде және (немесе) шектеулер ескеріле отырып, шегерiмге жатады.
2022.11.07. № 135-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап 2023 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады) (бұр.ред.қара)
3. Салық төлеушінің бұрын шегерімге жатқызылмаған тауарлардың жойылуына, бүлінуіне байланысты немесе ол бойынша нұқсан келтірген тұлғадан немесе сақтандыру ұйымынан нұқсанды өтеу сомасы алынған сақтандыру жағдайының басталуына байланысты олардың баланстық құны мөлшеріндегі шығыстары нұқсанды өтеу сомасының алыну күні тура келетін кезеңде алынған өтемақы сомасы шегінде шегерімге жатады.
Осы бөлімнің мақсаттары үшін:
тауардың бүлінуі тауардың барлық немесе жекелеген сапасының (қасиетінің) нашарлауын білдіреді, оның салдарынан осы тауарды кіріс алуға бағытталған қызметте пайдалану мүмкін болмайды;
тауардың жоғалуы деп өзінің нәтижесінде тауардың жойылуы немесе жоғалуы орын алған оқиға түсініледі. Салық төлеуші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген табиғи кему нормалары шегінде шеккен тауар ысырабы жоғалту болып табылмайды.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері осы тармақтың ережелерін салық төлеуші жергілікті атқарушы орган қалыптастыратын тізілімге енгізілген кезде, көрсетілген жергілікті атқарушы орган құрған комиссияның шешімі бойынша, төтенше жағдайдың қолданылуы кезеңінде келтірілген мүліктік зиянның өтеміне ақша алынған мүлік бойынша қолданбайды.
4. Салық төлеушінің келісімде, ұжымдық шартта, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, жұмыскерлердi міндетті, мерзімді (еңбек қызметi iшiнде) медициналық тексеріп-қарауға және ауысым алдындағы, ауысымнан кейінгі және өзге де медициналық куәландыруға (тексеріп-қарауға), медициналық пункттерді ұстауға немесе оларды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерге арналған шығыстары шегерімге жатады.
5. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, еңбек шартына, ұжымдық шартқа немесе жұмыс берушінің актілеріне сәйкес жұмыскерлерді еңбек қауiпсiздігі, еңбекті қорғау және еңбек гигиенасы талаптарына, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға жауап беретін еңбек жағдайларымен қамтамасыз ету жөніндегі, жұмыскерлерді арнайы жабдықталған жерде демалу және тамақтану мүмкіндігімен қамтамасыз ету жөніндегі шығыстары шегерімге жатады.
6. Салық төлеушінің жұмыскерлерді қоғамдық тамақтандыруды, мектепке дейін тәрбиелеу мен оқытуды, балаларды, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мен әлеуметтік қамсыздандыруды ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстары шегерімге жатқызылуға жатады.
7. Егер осы Кодекстің 246 және 264-баптарында өзгеше белгіленбесе, ұйғарылған немесе танылған тұрақсыздық айыптары (айыппұлдар, өсімпұл) шегерімге жатады.
8. Егер мәміле шарттарында салық төлеушінің өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер сапасына кепілдік беруі көзделген жағдайда, онда мәміледе белгіленген кепілдік мерзімі ішінде жүргізілген салық төлеушінің өткізілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің кемшіліктерін жою бойынша іс жүзіндегі шығыстарының сомасы осы Кодекске сәйкес шегерімге жатқызылуға жатады.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер құнында қосылған құн салығы бойынша мынадай шығындар:
осы Кодекстің 402-бабының 1-тармағына сәйкес есепке жатқызуға жатқызылмайтын қосылған құн салығының сомасы;
осы Кодекстің 409-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына және 410-бабына сәйкес есепке жатқызуға жатқызылуына рұқсат берілмеген қосылған құн салығының сомасы;
осы Кодекстің 404-бабы 2-тармағының 1) және 4) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, есепке жатқызуға жатқызылатын қосылған құн салығын азайту жағына қарай түзету сомасы есепке алынады.
Қосылған құн салығын төлеуші:
1) егер осы Кодекстің 408-бабына және 409-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес есепке жатқызуға жатқызылуына рұқсат берілмеген қосылған құн салығы бухгалтерлік есепке алуда сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер құнында есепке алынбаған болса, осындай салық;
2) осы Кодекстің 404-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда, кіріс алуға бағытталған қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылған тіркелген активтер, запастар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша есепке жатқызуға жатқызылатын қосылған құн салығын азайту жағына қарай түзету;
3) амортизацияға жатпайтын активтерді жарғылық капиталға салым ретінде беруді қоспағанда, осы Кодекстің 404-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген жағдайда, есепке жатқызуға жатқызылатын қосылған құн салығын азайту сомасын шегерімге жатқызуға құқылы.
Осы тармақтың екінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген шегерім есепке жатқызуға жатқызылуына рұқсат берілмеген қосылған құн салығы туындайтын салықтық кезеңде жүргізіледі.
Осы тармақтың екінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көзделген шегерімдер есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы түзетілуге тиіс салықтық кезеңде жүргізіледі.
Осы Кодекстің 404-бабы 2-тармағының 1) және 4) тармақшаларында көрсетілген жағдайда, амортизацияға жатпайтын активтер бойынша есепке жатқызуға жатқызылатын қосылған құн салығын азайту жағына қарай түзету сомасы осы Кодекстің 228-бабының 6-тармағына сәйкес есепке алынады.
Егер корпоративтік табыс салығын төлеуші жай серіктестік (консорциум) құрамында өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) бойынша қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы болып табылған және қосылған құн салығы бойынша салықтық міндеттемелерді орындау осы Кодекстің 426-бабының 3-тармағына сәйкес операторға жүктелген жағдайда, осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген қосылған құн салығы оператордың қосылған құн салығы бойынша декларациясының деректері бойынша көрсетілген жер қойнауын пайдаланушының үлесіне тура келетін мөлшерде шегерімге жатады.
Осы баптың ережелері құны осы Кодекстің 258-бабының 3-тармағына сәйкес шегерімге жатқызылуға жататын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығы бойынша қолданылмайды.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10. Салық төлеуші:
1) Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне жұмыскерлердің бір жыл ішіндегі орташа тізімдік санын негізге ала отырып бір жұмыскерге республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен міндетті мүшелік жарналардың шекті мөлшерінен аспайтын мөлшерде төлеген, жеке кәсіпкерлік субъектерінің мүшелік жарналары шегерімге жатады.
Осы тармақтың бірінші бөлігі 1) және 2) тармақшаларының ережелері есепті салықтық кезеңде алдыңғы және (немесе) оның алдындағы салықтық кезеңдер үшін мүшелік жарналар төленген жағдайда да қолданылады.
11. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған мөлшерде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына есепке жазылған әлеуметтік аударымдар жөніндегі шығыстары шегерімге жатады.
12. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленген аударымдар бойынша:
1) есепті салықтық кезеңде - есепті салықтық кезең және (немесе) есепті салықтық кезеңнен алдыңғы салықтық кезеңдер үшін есепке жазылғандар және (немесе) есептелгендер шегіндегі;
2) есепті салықтық кезеңнен алдыңғы салықтық кезеңдерде - есепті салықтық кезең үшін есепке жазылғандар және (немесе) есептелгендер шегіндегі шығыстары шегерімге жатады.
13. Жарнамалық мақсатта өтеусіз (оның ішінде сыйға тарту түрінде) берілген тауардың құны, егер осындай тауар бірлігінің құны тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген және осындай беру күнінде қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 5 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, осындай тауарды беру жүзеге асырылған салықтық кезеңде шегерімге жатқызылуға жатады.
14. Энергия беруші ұйымның жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын субъектілерге электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерді өтеусіз көрсетуге байланысты шеккен шығыстары шегерімге жатады.
14-1. 2019.27.12. № 295-VІ ҚР Заңымен 2020 ж. 1 қаңтардан бастап 2022 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 15-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
15. Салық төлеуші Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалған тәртіппен иеленетін және (немесе) пайдаланатын (оның ішінде лицензиялық немесе қосалқы лицензиялық шарт (келісім) негізінде) фирмалық атаумен, тауар белгісімен және (немесе) қызмет көрсету белгісімен тауарды өндіруді және (немесе) өткізуді жүзеге асыратын осындай салық төлеуші мұндай тауарға меншік құқығының бар-жоғына қарамастан, оны сату көлемдерін ұстап тұруға және (немесе) ұлғайтуға бағытталған қызмет бойынша шығыстарды шегерімге жатқызады.
16. Осы бөлімнің мақсаттарында сенімгерлік басқарушыға осы Кодексте мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша салықтық міндеттемені орындау жүктелген жағдайда, осындай сенімгерлік басқарушының шығыстары шегерімге жатқызу мақсаттары үшін осы Кодекстің 40, 42, 43, 44 және 45-баптарының ережелері ескеріле отырып айқындалады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 17-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
17. Салық төлеуші жұмыскердің пайдасына төлеген жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген шектерде шегерімге жатады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 244-баптың тақырыбы өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
244-бап. Қызметтік іссапарлар кезіндегі өтемақылар сомасының шегерімі
1. Қызметтік іссапарлар кезіндегі өтемақылар бойынша мынадай шығыстар шегерімге жатады:
1) жол жүруге арналған және броньға жұмсалған шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде, броньға жұмсалған шығыстардың төлемақысын қоса алғанда, іссапарда болатын жерге және кері жол жүру шығыстары. Жол жүру электрондық билетпен немесе электрондық жол жүру құжатымен ресімделген жағдайда, жол жүруге арналған және броньға жұмсалған шығыстарды растайтын құжаттар мыналар болып табылады:
электрондық билет, электрондық жол жүру құжаты;
электрондық билеттің, электрондық жол жүру құжатының құнын төлеу фактісін растайтын құжат;
тасымалдаушы немесе өзінен электрондық билет немесе электрондық жол жүру құжаты сатып алынған тұлға берген, жол жүру фактісін растайтын, қағаз жеткізгіштегі немесе электрондық түрдегі құжат (оның ішінде отырғызу талоны).
Осы тармақшада көзделген шығыстарға бір елді мекен шегінде жол жүру жөніндегі шығыстар жатпайды;
2) тұрғынжайды жалдауға арналған және броньға жұмсалған шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде, броньға жұмсалған шығыстардың төлемақысын қоса алғанда, іссапарда болу уақыты ішінде жұмыскердің тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде тұрғын үй-жайды жалдауға арналған шығыстар. Мұндай шығыстар, оның ішінде іссапарға жіберілген жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыздық күндері үшін (іссапарға жіберілген жұмыскер стационарлық емдеуде болған жағдайлардан басқа) тұрғын үй-жайды жалдауға арналған шығыстарды қамтиды;
3) іссапарға жіберілген жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыздық күндерін қоса алғанда, жұмыскерге iссапарда болған уақытта төленетін, салық төлеушінің шешімі бойынша белгіленген мөлшердегі тәулікақы;
4) салық төлеуші келуге және кетуге рұқсаттар (визалар) ресімдеген кезде жүргізген шығыстарды растайтын құжаттар негізінде осындай шығыстар (визаның, консулдық көрсетілетін қызметтердiң, мiндеттi медициналық сақтандырудың құны).
2. Осы баптың 1-тармағының мақсаттарында:
1) жұмыс берушінің жұмыскерді іссапарға жіберу туралы бұйрығында немесе жазбаша өкімінде көрсетілген, жұмыскер еңбек міндеттерін орындайтын, оны оқыту, біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау жүзеге асырылатын межелі жер іссапарда болатын жер болып табылады;
2) іссапарда болу уақыты:
жұмыс берушінің жұмыскерді іссапарға жіберу туралы бұйрығы немесе жазбаша өкімі;
кету және келу күнін қоса алғанда, жол жүруді растайтын құжаттарда көрсетілген іссапарда болатын жерге кету және кері қайтып келу күндерін негізге ала отырып, іссапарда болу күндерінің саны негізінде айқындалады. Мұндай құжаттар болмаған кезде іссапарда болу күндерінің саны салық төлеушінің салықтық есепке алу саясатында көзделген, іссапарда болатын жерге кету күнін және (немесе) кері қайтып келу күнін растайтын басқа құжаттар негізге алына отырып айқындалады.
3. 2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. 2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
245-бап. Өкілдік шығыстар сомасының шегерімі
1. Өкілдік шығыстарға мынадай:
1) өзара ынтымақтастықты орнату немесе қолдап отыру бойынша;
2) салық төлеушінің директорлар кеңесінің, атқарушы органдарынан басқа, өзге басқару органының отырыстарын ұйымдастыру және (немесе) өткізу бойынша өкілдік іс-шараларын өткізу кезінде, олардың өткізілу орнына қарамай жүргізілетін, адамдарды, оның ішінде салық төлеушінің штатында тұрмайтын жеке тұлғаларды қабылдау және оларға қызмет көрсету жөніндегі шығыстар жатады.
Өкілдік шығыстарға, оның ішінде:
1) осы Кодекстің 244-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қызметтік іссапарлар кезіндегі өтемақыларға жатқызылатын шығыстарды қоспағанда, өкілдік іс-шараларға қатысушы адамдарды көлікпен қамтамасыз етуге;
2) өкілдік іс-шараларды өткізу барысында мұндай адамдарды тамақтандыруға;
3) ұйымның штатында тұрмайтын аудармашылардың көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуге;
4) өкілдік іс-шараларды өткізу үшін үй-жайларды жалдауға және (немесе) безендіруге арналған шығыстар да жатады.
2. Шақырылған адамдардың тұруына, мұндай адамдар үшін визалар ресімдеуге, бос уақытын, ойын-сауықты, демалысты ұйымдастыруға арналған шығыстар, сондай-ақ осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес өкілдік іс-шараларға қатысушы адамдарды көлікпен қамтамасыз ету шығыстарына жатқызылмайтын шығыстар өкілдік шығыстарына кірмейді және шегерімге жатпайды.
Өкілдік іс-шараларға қатысушылардың теміржол, теңіз және әуе көлігімен жол жүру шығыстары көлікпен қамтамасыз ету шығыстарына жатпайды.
3. Мыналар:
1) салық төлеушінің өкілдік іс-шараны өткізу мақсаты және оны өткізуге жауапты адамдар көрсетілген, оны өткізу туралы жазбаша бұйрығы немесе жазбаша өкімі;
2) салық төлеуші бекіткен осындай іс-шара шығыстарының сметасы;
3) жауапты адамдардың өткізілген өкілдік іс-шара туралы оның өткізілген күні мен орны, өткізілген іс-шараның нәтижелері, қатысушылар құрамы, іс-шаралар бағдарламасы, іс жүзінде жүргізілген шығыстар көрсетілген есебі;
4) өкілдік шығыстардың негіздері мен жүзеге асырылуын растайтын бастапқы және өзге де құжаттар өкілдік шығыстарын шегеруді жүзеге асыру үшін негіз болып табылады.
4. Өкілдік шығыстар салықтық кезең ішінде жұмыс берушінің осы Кодекстің 322-бабының 1-тармағында көрсетілген, жұмыскерлердің салық салынуға жататын кірістері бойынша шығыстары сомасының 1 пайызынан аспайтын мөлшерде шегерімге жатады.
246-бап. Сыйақы бойынша шегерім
1. Осы баптың мақсаттары үшін мыналар сыйақылар болып танылады:
1) осы Кодекстің 1-бабының 62) тармақшасында айқындалған сыйақылар;
2) өзара байланысты тараптар арасындағы кредит (қарыз) шарты бойынша тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);
3) өзара байланысты тарапқа берілетін кепілдік үшін төлемақы.
2. Егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, шегерімге жатқызылуға жататын сыйақы сомасы осы Кодекстің 192-бабының 2-тармағына сәйкес есепке жазу әдісі бойынша айқындалады.
3. Осы Кодекстің 250-бабының 1 және 6-тармақтарына сәйкес шегерімге жатқызылуға жататын провизияларды (резервтерді) құруға құқылы тұлғаға және (немесе) осы Кодекстің 233-бабының 2-тармағында көрсетілген тұлғаға міндеттемелер бойынша сыйақылар салық төлеуші немесе үшінші тұлға осындай салық төлеушінің міндеттемелері есебіне іс жүзінде төлеген:
1) есепті салықтық кезеңде салық төлеуші есепті салықтық кезеңде және (немесе) есепті салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезеңдерде шығыстар деп таныған шығыстар сомасы шегіндегі;
2) есепті салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезеңдерде салық төлеуші есепті салықтық кезеңде шығыстар деп таныған шығыстар сомасы шегіндегі мөлшерде шегерімге жатқызылуға жатады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.24.06. № 53-VII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Сыйақыны шегеру осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген ережелер ескеріле отырып, мынадай формула бойынша есептелетін сома шегінде жүргізіледі:
(А+Д+Е)+(КС/МС) х (ШК) х (Б+В+Г),
мұнда:
А - Б, В, Г, Д, Е көрсеткіштеріне енгізілген сомаларды қоспағанда, сыйақы сомасы;
Б - Д және Е көрсеткіштеріне енгізілген сомаларды қоспағанда, өзара байланысты тарапқа осы баптың 3-тармағының ережелері ескеріле отырып төленген (төленуге жататын) сыйақы сомасы;