1) қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарының жұмыскерлеріне ақпараттық, консультациялық қолдау ұсыну;
2) меншік нысандарына қарамастан ұйымдармен, оның ішінде шетелдік ұйымдармен де қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдары жұмыскерлерінің тәжірибе алмасу, тағылымдамадан өту, оларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру мәселелері бойынша келісімдерге қол жеткізу;
3) техникалық жоғары оқу орындары түлектері арасынан оларды қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарында кейіннен жұмысқа орналасу мүмкіндігімен, персоналды іріктеуді жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау;
4) уәкілетті орган ұсынатын мәліметтердің негізінде қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдары үшін мамандар даярлау талап етілетін мамандықтарды мемлекеттік білім беру тапсырысына қосу;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кадр әлеуетін дамытуды қолдаудың өзге де шараларын көрсету арқылы жүзеге асырылады.
14-бап. Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарының сыртқы экономикалық қызметін қолдау
Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарының сыртқы экономикалық қызметін қолдау әскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімдерді), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді шет мемлекеттердің нарықтарына ілгерілетуді ұйымдастыру, сондай-ақ шетелдегі қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарының қызметі үшін қолайлы жағдайлар жасау арқылы жүзеге асырылады.
15-бап. Қару-жарақ пен әскери техника айналымының ерекшеліктері
1. Қазақстан Республикасының аумағында қару-жарақ пен әскери техниканың айналымы осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қару-жарақ пен әскери техниканы әзірлеу, өндіру, жөндеу, сатып алу және өткізу, монтаждау, баптау, жаңғырту, орнату, пайдалану, сақтау, жөндеу және оларға сервистік қызмет көрсету, сондай-ақ құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою және қайта өңдеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген қару-жарақ пен әскери техниканың бірлігінде таңбалау белгілемесі болуға тиіс.
4. Қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алуды уәкілетті орган, уәкілетті ұйым, тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалануға құқығы бар субъектілер және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алуға құқығы бар субъектілер жүзеге асырады.
Қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу мемлекеттік материалдық резерв үшін де жүзеге асырылады.
5. Қару-жарақ пен әскери техниканы өткізуді уәкілетті ұйым және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканы өткізуге құқығы бар субъектілер жүзеге асырады.
Қару-жарақ пен әскери техниканы, қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарын және (немесе) уәкілетті ұйымды қоспағанда, Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алуға және өткізуге құқығы бар субъектілер арасында өткізуге жол берілмейді.
Қару-жарақ пен әскери техника түріндегі пайдаланылмайтын мүлікті өткізу осы Заңның 16-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Қару-жарақ пен әскери техника міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етудің нысаналары болып табылмайды.
7. Қару-жарақ пен әскери техниканы Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Азаматтық және қызметтік қару айналымының тәртібі Қазақстан Республикасының жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау саласындағы заңнамасында реттеледі.
16-бап. Пайдаланылмайтын мүлік айналымының ерекшеліктері
1. Уәкілетті орган пайдаланылмайтын мүлікке мемлекеттік органдар мүлікті пайдаланылмайтын мүлік деп тану туралы шешім қабылдағаннан кейін билік етеді.
2. Пайдаланылмайтын мүлік пайдаланылмайтын мүлікті беру, өткізу, құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою және қайта өңдеу, сондай-ақ пайдаланылмайтын қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) беру қағидаларына сәйкес беріледі, өткізіледі, құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жойылады және қайта өңделеді.
3. Қару-жарақ пен әскери техниканы қоспағанда, пайдаланылмайтын мүлік Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен бағалануға жатады.
Қару-жарақ пен әскери техника түріндегі өткізілетін пайдаланылмайтын мүліктің бастапқы бағасы баланстық құны негізге алына отырып айқындалады.
4. Қару-жарақ пен әскери техника түріндегі пайдаланылмайтын мүлікті қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алуға құқығы бар субъектілерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шетелдік заңды тұлғаларға өткізу жүзеге асырылады.
Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарының өзге де тең жағдайларда қару-жарақ пен әскери техника түріндегі пайдаланылмайтын мүлікті артықшылықпен сатып алуға құқығы бар.
Қару-жарақ пен әскери техника түріндегі пайдаланылмайтын мүлік оны экспорттау шартымен жабық тендерлер немесе аукциондар өткізу арқылы өткізіледі.
Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарында жөндеуді және (немесе) жаңғыртуды талап ететін, қару-жарақ пен әскери техника түріндегі пайдаланылмайтын мүлікті жөндеуге және (немесе) жаңғыртуға мүмкіндіктері болған кезде, көрсетілген мүлік пайдаланылмайтын мүлікті беру, өткізу, құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою және қайта өңдеу, сондай-ақ пайдаланылмайтын қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) беру қағидаларына сәйкес оларды жөндеудің және (немесе) жаңғыртудың міндетті шартымен өткізіледі.
5. Пайдаланылмайтын мүлікті уәкілетті ұйым өткізеді.
6. Пайдаланылмайтын мүлікті өткізуден алынған қаражат республикалық бюджетке жіберіледі.
Пайдаланылмайтын мүлікті өткізу бойынша сауда-саттықтарды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу пайдаланылмайтын мүлікті беру, өткізу, құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою және қайта өңдеу, сондай-ақ пайдаланылмайтын қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) беру қағидаларына сәйкес сатып алушының қаражаты есебінен жүргізіледі.
7. Пайдаланылмайтын мүлікті құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою және қайта өңдеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
17-бап. Әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы құқықтық реттеу
Әскери-техникалық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
18-бап. Әскери-техникалық ынтымақтастық салалары мен нысандары
1. Әскери-техникалық ынтымақтастықты әскери-техникалық ынтымақтастық субъектілері мынадай салаларда жүзеге асырады:
1) әскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімдерді) өзара жеткізулерді, әскери мақсаттағы жұмыстарды орындауды және әскери мақсаттағы қызметтерді көрсетуді, сондай-ақ халықаралық шарттың тараптары болып табылатын мемлекеттердің заңнамасында әскери мақсаттағы тауарларға (өнімдерге), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларға (өнімдерге), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерге жатқызылатын кез келген басқа тауарды (өнімді), жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді өзара жеткізулерді жүзеге асыру;
2) әскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімдерді) әзірлеу, өндіру, жөндеу, жаңғырту, жою және қайта өңдеу жөнінде бірлескен кәсіпорындар, бірлескен өндірістер құру;
3) қорғаныс өнеркәсібі саласында ғылыми зерттеулер жүргізу;
4) қару-жарақ пен әскери техниканы стандарттау және біріздендіру, халықаралық шарттардың тараптары болып табылатын мемлекеттердің қарулы күштерін, басқа да әскерлерін, әскери құралымдарын, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарын метрологиялық қамтамасыз ету саласында өзара іс-қимыл жасау;
5) әскери-техникалық кадрларды даярлау және оқыту;
6) әскери-техникалық ынтымақтастық шеңберіндегі жарнамалық-көрмелік қызмет, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканың көрмелері мен демонстрациялық байқауларын өткізу;
7) қару-жарақтың, әскери, автомобиль және арнайы техниканың, техникалық және арнайы құралдардың үлгілеріне бірлескен сынақтар жүргізу;
8) өздеріне қатысты халықаралық шарттардың тараптары болып табылатын мемлекеттердің әскери-техникалық ынтымақтастық субъектілері арасындағы уағдаластыққа қол жеткізілетін әскери-техникалық ынтымақтастықтың өзге де салалары.
2. Әскери-техникалық ынтымақтастықтың нысандары:
1) халықаралық шарттар жасасу;
2) әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі үкіметаралық комиссиялардың отырыстарын өткізу;
3) әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру;
4) келісімдердің (келісімшарттардың) тараптары болып табылатын мемлекеттердің заңнамасына сәйкес уәкілетті органдар және (немесе) уәкілетті ұйымдар арасында келісімдер (келісімшарттар) жасасу;
5) әскери-техникалық ынтымақтастықтың нақты мәселелері бойынша консультациялар өткізу, мамандар шақыру, тәжірибе және ақпарат алмасу;
6) әскери-техникалық көмек (техникалық жәрдем) алу (көрсету);
7) өздеріне қатысты халықаралық шарттардың тараптары болып табылатын мемлекеттердің әскери-техникалық ынтымақтастыққа қатысушылары арасындағы уағдаластыққа қол жеткізілетін әскери-техникалық ынтымақтастықтың өзге де нысандары.
3. Шет мемлекетке немесе халықаралық ұйымға әскери-техникалық көмек (техникалық жәрдем) көрсету, оның ішінде Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес өтеусіз немесе өзге де жеңілдікті негізде жүзеге асырылады.
Шет мемлекеттен немесе халықаралық ұйымнан әскери-техникалық көмек (техникалық жәрдем) алу Қазақстан Республикасының келісімдері, келісімшарттары, халықаралық шарттары негізінде жүзеге асырылады.
4-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРҒАНЫСТЫҚ ТАПСЫРЫС
19-бап. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс, оның құрамы мен мазмұны
1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген әскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімдерді), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді сатып алу мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары əскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімдерді), əскери мақсаттағы жұмыстар мен əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде де, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен де сатып алады.
Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары өздерінің бюджеттік өтінімдері құрамында мемлекеттік қорғаныстық тапсырысқа енгізуге жататын әскери мақсаттағы тауарлардың (өнімдердің), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың (өнімдердің), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтердің тізбесін айқындайды.
Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қаржыландыруы Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарының бюджеті есебінен жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың құрамына мыналар кіреді:
1) қару-жарақты, əскери, автомобиль және арнайы техниканы, арнайы құралдарды, оларға қосалқы бөлшектер мен жиынтықтауыштарды әзірлеу, өндіру (құрастыру), беру, жаңғырту;
2) қару-жарақты, әскери, автомобиль және арнайы техниканы жөндеу, оларға техникалық және регламенттелген техникалық қызмет көрсету, техникалық қолдап отыру, техникалық куәландыру және диагностикалау;
3) техникалық құралдарды әзірлеу, жаңғырту, өндіру (құрастыру), беру, монтаждау, жөндеу, оларға техникалық қызмет көрсету және қолдап отыру, техникалық куәландыру және диагностикалау;
4) пайдаланылмайтын қару-жарақты, әскери техниканы, техникалық және арнайы құралдарды құртып жіберу, кəдеге жарату, көму арқылы жою және қайта өңдеу;
5) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың əскери қызметшілері жəне Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері үшін заттай және арнайы мүлікті, жеке қорғану құралдарын өндіру;
6) ғылыми зерттеулер;
7) қорғаныс объектілерінің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу, оларды салу және күрделі жөндеу;
8) қаптаманы өндіру, әзірлеу және беру;
9) әскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімдерді) мемлекеттік материалдық резервке беру;
10) қорғаныс мақсаттарында ғарыш жүйелері мен ғарыш объектілерін әзірлеу, жаңғырту, өндіру, беру, монтаждау, жөндеу, оларға техникалық қызмет көрсету және қолдап отыру, техникалық куәландыру және диагностикалау, техникалық пайдалану және кәдеге жарату;
11) қорғаныс мақсаттарында ғарыштық және спутниктік навигациялық көрсетілетін қызметтер;
12) автоматтандырылған басқару жүйелері кешендерін, сондай-ақ оларға қосалқы бөлшектер мен жиынтықтауыштарды әзірлеу, өндіру, беру, оларға техникалық қызмет көрсету, жөндеу, жаңғырту, техникалық қолдап отыру.
Осы тармақтың 2), 3), 7) және 12) тармақшаларында көзделген әскери мақсаттағы тауарлардың (өнімдердің), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың (өнімдердің), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтердің тізбесін уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.
3. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыста мыналар қамтылуға тиіс:
1) берілетін əскери мақсаттағы тауарлардың (өнімдердің), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың (өнімдердің), əскери мақсаттағы жұмыстар мен əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтердің тізбесі (номенклатурасы) жəне көлемі, сондай-ақ оларды беру, орындау, көрсету мерзімдері;
2) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың және əскери мақсаттағы тауардың (өнімнің), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауардың (өнімнің), əскери мақсаттағы жұмыс пен əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтің бір бірлігі үшін, сондай-ақ өткізу бөлімдері мен кезеңдері бойынша болжамды жалпы құны (бағасы);
3) мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты алушылардың тізбесі;
4) мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушылардың тізбесі.
19-баптың 4-тармағы 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
4. Осы Заңның 23-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда бекітілген мемлекеттік қорғаныстық тапсырысқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілмейді.
20-бап. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру және орналастыру
1. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың жобасы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне, осы Заңға және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне, орталық атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларына, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың меморандумдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен міндеттемелеріне сәйкес мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты алушылардың өтінімдері бойынша қалыптастырылады.
Республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау қағидаларына сәйкес тиісті жоспарлы кезеңге арналған мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың жобасы әзірленеді.
2-тармақ 2019 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
2. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты алушылар əскери мақсаттағы тауарларға (өнімдерге), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларға (өнімдерге), əскери мақсаттағы жұмыстар мен əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерге тактикалық-техникалық тапсырманы (техникалық өзіндік ерекшелікті, тактикалық-техникалық сипаттамаларды) ұлттық стандарттарға сәйкес қалыптастырады.
Ұлттық стандарттар болмаған жағдайда, мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты алушылар сатып алуға ұсынылатын əскери мақсаттағы тауарларға (өнімдерге), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларға (өнімдерге), əскери мақсаттағы жұмыстар мен əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерге тактикалық-техникалық тапсырманы (техникалық өзіндік ерекшелікті, тактикалық-техникалық сипаттамаларды) өз бетінше қалыптастырады.
Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты алушылар тактикалық-техникалық тапсырманы (техникалық өзіндік ерекшелікті, тактикалық-техникалық сипаттамаларды) уәкілетті органға əскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімдерді) беру, əскери мақсаттағы жұмыстарды орындау және əскери мақсаттағы қызметтерді көрсету мерзімдері мен орындарын көрсете отырып жібереді.
Егер осы баптың 7-тармағында өзгеше көзделмесе, уәкілетті орган тізілімге енгізілген ұйымдармен тактикалық-техникалық тапсырмаларды (техникалық өзіндік ерекшелікті, тактикалық-техникалық сипаттамаларды) өңдеу жөніндегі жұмысты жүргізеді.
3-тармақ 2019 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
3. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының тізбесінде Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес жаңарту тәртібімен шығарылатын, мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты алушының талаптарына сәйкес келетін əскери мақсаттағы тауарлар (өнімдер), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлар (өнімдер) болған кезде мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты алушыларға беріледі, бұл ретте көлік шығыстары мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты алушының есебінен жүзеге асырылады.
4. Тізілімге енгізілгендер қатарынан мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушыларды таңдауды уәкілетті орган немесе мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты алушы əскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімдерді) өндірудің, əскери мақсаттағы жұмыстарды орындаудың және əскери мақсаттағы қызметтерді көрсетудің қажетті шарттарын қамтамасыз ету мүмкіндіктерін, талап етілетін сападағы əскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімдерді) өндіру, əскери мақсаттағы жұмыстарды орындау және əскери мақсаттағы қызметтерді көрсету қабілетін негізге ала отырып, мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау қағидаларында айқындалған тәртіппен жүргізеді.
Тізілімге енгізу үшін заңды тұлғалар уәкілетті органға тізілімге енгізу үшін өтінім берілгенге дейін кемінде жарты жылдан соң жүргізілген техникалық және қаржылық аудиттерді ұсынады. Тізілімге енгізу және тізілімнен алып тастау тәртібі, заңды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптары және тізілімге енгізу үшін қажетті құжаттардың тізбесі мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау қағидаларында белгіленеді.
Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтермен жұмыс істеу қажеттілігі болған кезде тізілімге енгізілген заңды тұлғалардың оларды қорғау үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету мүмкіндігі ескеріледі.
5-тармақ 2019 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
5. Тізілімнен мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушыны айқындау мүмкін болмаған жағдайда уəкілетті ұйым мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушы деп танылады.
6. Уәкілетті ұйымның əскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімдерді) беруі (импорттауы), əскери мақсаттағы жұмыстарды орындауды мен əскери мақсаттағы қызметтерді көрсетуді қамтамасыз етуі мүмкін болмаған кезде бұл іс-шара мемлекеттік қорғаныстық тапсырысқа енгізілмейді және көрсетілген тауарлар (өнімдер), жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес сатып алынады.
7-тармақ 2019 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
7. Әскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы тауарларды (өнімдерді) мемлекеттік материалдық резервке беру бойынша мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушыны таңдау мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттері мен жұмылдыру тапсырыстары белгіленген ұйымдардың қатарынан мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пунктерінде және жұмылдыру тапсырыстары белгіленген ұйымдарда талап етілетін сападағы əскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімдерді) өндіру немесе беру мүмкіндігі болмаған жағдайда, əскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімдерді) мемлекеттік материалдық резервке беру бойынша мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушыны таңдау осы баптың 4, 5 және 6-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Осы баптың ережелері ғылыми зерттеулерге қолданылмайды.
9. Осы баптың 3, 4, 5, 6 және 7-тармақтарының ережелері Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарына қолданылмайды. Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушыларды таңдауды мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.
10. Тіркелу орны бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін офшорлық аймақтардың тізбесіне енгізілген мемлекет немесе аумақ болып табылатын не бенефициарлық меншік иесі офшорлық аймақтарда тіркелген заңды тұлға болып табылатын заңды тұлға мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушы және (немесе) әскери мақсаттағы импорттық тауарларды (өнімдерді) беруші бола алмайды.
21-бап. Ғылыми зерттеулерге мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру ерекшеліктері
1. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс жобасына енгізу үшін ғылыми зерттеулерді таңдауды сараптама кеңестері берген ғылыми зерттеулер бойынша қорытындылардың негізінде Қорғаныстық ғылыми-техникалық комиссия жүзеге асырады.
2. Қорғаныстық ғылыми-техникалық комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Қорғаныстық ғылыми-техникалық комиссияның құрамы орталық атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, олардың ведомстволары, ғылыми ұйымдар, қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдары және ғылыми қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің, жетекші ғалымдардың қатарынан қалыптастырылады және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен бекітіледі.
Қорғаныстық ғылыми-техникалық комиссияның міндеттері:
1) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде қорғаныс өнеркәсібінің ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметін дамытуға бағытталған стратегиялық міндеттер мен басымдықтарды қалыптастыру;
2) мамандандырылған ғылыми бағыттарды қарау және мақұлдау;
3) ғылыми зерттеулерді республикалық бюджеттен қаржыландыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау;
4) орындалған ғылыми зерттеулер бойынша есептерді қарау.
3. Ғылыми зерттеулерге мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру осы Заңда, сондай-ақ мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларында айқындалады.