2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қалдықтарды жинау, сұрыптау, өңдеу, қалпына келтіру және (немесе) жою процесінде түзілген, жинақталатын орындар арасында арнайы көлік құралдарының көмегімен қалдықтардың орнын ауыстыруға байланысты қызмет қалдықтарды тасу деп түсініледі.
Жергілікті атқарушы органдар осы Кодекстің 365-бабының 6-тармағында көрсетілген қалдықтар фракциялары бойынша бөлек жиналған қалдықтарды бөлек тасуды ұйымдастырады.
2. Қалдықтарды тасу осы Кодекстің талаптары сақтала отырып жүзеге асырылады.
323-бап. Қалдықтарды қалпына келтіру
1. Қандай да бір пайдалы функцияны орындау үшін пайдаланылуы мүмкін басқа материалдарды алмастыру мақсатында көрсетілген функцияны орындау үшін қалдықтарды пайдалану басты мақсаты болып табылатын, қалдықтардың көлемін қысқартуға бағытталған кез келген операция, оған қосанақты өндірістік объектіде немесе экономиканың белгілі бір секторында жүзеге асырылатын, осындай функцияларды орындау үшін осы қалдықтарды дайындау жөніндегі қосалқы операциялар қалдықтарды қалпына келтіру деп танылады.
Қалдықтарды қалпына келтіру жөніндегі операцияларға:
1) қалдықтарды қайтадан пайдалануға дайындау;
2) қалдықтарды қайта өңдеу;
3) қалдықтарды кәдеге жарату жатады.
2. Қалдықтарды қайтадан пайдалануға дайындау жай-күйін тексеруді, тазалауды және (немесе) жөндеуді қамтиды, солар арқылы қалдыққа айналған өнім немесе оның құрамдастары қандай да бір өзгеше өңдеу жүргізілмей қайтадан пайдалануға дайындалады.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Қалдықтарды қайта өңдеу деп осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мақсатына қарамастан өнімді, материалдарды немесе заттарды одан әрі өндіруде (дайындауда, өсіруде) пайдалану үшін қайталама ресурстарды қалдықтардан алуға бағытталған механикалық, физикалық, химиялық және (немесе) биологиялық процестер түсініледі.
4. Қалдықтарды қайта өңдеуден басқа өзге де мақсатта, оның ішінде жылу немесе электр энергиясын алу, әртүрлі отын түрлерін өндіру үшін қайталама энергетикалық ресурс ретінде пайдалану, сондай-ақ құрылыс салу, жердегі немесе жер қойнауындағы қазылған кеңістіктерді (бос жерлерді) толтыру (салу, көму) мақсатында немесе ландшафтарды жасау немесе өзгерту кезінде инженерлік мақсатта қайталама материалдық ресурс ретінде пайдалану процесі қалдықтарды кәдеге жарату деп түсініледі.
324-бап. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату
1. Органикалық қалдықтардан биогаз және өзге отын алуды қоспағанда, қалдықтардың көлемін азайту және энергия алу, оның ішінде оларды қайталама және (немесе) энергетикалық ресурстар ретінде пайдалану мақсатында қалдықтарды термиялық өңдеу процесі қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату деп түсініледі.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін тізбе бойынша қалдықтар энергетикалық кәдеге жаратуға ұшырамайды.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 2-1-тармақмен толықтырылды (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Қалдықтарды энергетикалық кəдеге жаратуды жүзеге асыратын кəсіпкерлік субъектілері қалдықтармен жұмыс істеген кезде осы Кодекс талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
3. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерді пайдалану қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерді пайдалануға қойылатын экологиялық талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерді пайдалануға қойылатын экологиялық талаптар Еуропа Парламентінің және Еуропалық Одақ Кеңесінің «Өнеркәсіптік шығарындылар туралы (ластануды кешенді түрде болғызбау және оны бақылау туралы)» ЕО/2010/75 Директивасына баламалы болуға тиіс.
Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерге қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуға арналған техникалық құрылғылар мен қондырғылардың және олармен өзара байланысты қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуға технологиялық тұрғыдан қажетті құрылысжайлар мен инфрақұрылымның жиынтығы жатады.
4. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі жаңа объектілерді салуға және пайдалануға арналған шығындарды өтеу жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығының қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірген және олар Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіне берген электр энергиясын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын индекстеуді ескере отырып, өткізілген аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша айқындалған аукциондық бағалармен сатып алуы арқылы жүзеге асырылады.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін аукциондық бағаларды индекстеу тәртібін қамтитын, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына шекті аукциондық бағаларды айқындау қағидаларына сәйкес, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына шекті аукциондық бағаларды бекітеді.
6. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі жобаларды іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттыққа, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесіне енгізілген және қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерді пайдалануға технологиялық тұрғыдан қажетті, жаңа, бұрын пайдалануда болмаған техникалық құрылғылар мен қондырғыларды қолданатын энергия өндіруші ұйымдар жіберіледі.
Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесін қалыптастыру қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
7. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілердің электр энергиясын өндіру, оны беру және тұтыну процесінде туындайтын қоғамдық қатынастар Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасында реттеледі.
325-бап. Қалдықтарды жою
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қалдықтарды көмуге немесе құртуға дайындау жөніндегі (оның ішінде, оларды сұрыптау, өңдеу, залалсыздандыру жөніндегі) қосалқы операцияларды қоса алғанда, қалпына келтіру болып табылмайтын, қалдықтарды көму немесе құрту жөніндегі кез келген операция, сондай-ақ кездейсоқ қоқыстарды жою қалдықтарды жою деп танылады.
Кездейсоқ қоқыстарды жою деп мамандандырылған ұйымдардың оларды жинақтауға немесе көмуге арналған, арнайы белгіленген орындардан тыс орналастырылған қалдықтарды сұрыптау, залалсыздандыру, қайта өңдеу, кəдеге жарату немесе көму үшін жинауы, тасуы жəне беруі түсініледі.
Кездейсоқ қоқыстарды жоюды астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары ұйымдастырады.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қалдықтарды көму - қалдықтарды алу ниетінсіз, шектелмеген мерзім ішінде қауіпсіз сақтау үшін қалдықтарды арнайы белгіленген орындарда жинап қою. Қалдықтарды игеру мақсатында оларды мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен жобалау құжаттарына сəйкес қалдықтар көмілген жерден алуға жол беріледі.
3. Қалдықтарды құрту - қалдықтарды термиялық, химиялық немесе биологиялық процестер арқылы жою тәсілі, мұны қолдану нәтижесінде қалдықтардың көлемі және (немесе) массасы айтарлықтай азаяды және физикалық жай-күйі мен химиялық құрамы өзгереді, бірақ өнім өндіру немесе энергия алу оның басты мақсаты болып табылмайды.
326-бап. Қалдықтарды басқару кезіндегі қосалқы операциялар
1. Қосалқы операцияларға қалдықтарды сұрыптау және өңдеу жатады.
2. Жинау процесінде және (немесе) қалдықтар қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларға ұшырайтын объектілерде жеке жүзеге асырылатын немесе жинауға дейін қалдықтарды жинақтау кезінде жүзеге асырылатын, қалдықтарды түрлері және (немесе) фракциялары бойынша бөлу не қалдықтарды құрамдастары бойынша бөлшектеу жөніндегі операциялар қалдықтарды сұрыптау деп түсініледі.
3. Процесінде қалдықтарды одан әрі басқаруды жеңілдету мақсатында қалдықтар өздерінің сипаттамасын өзгертетін физикалық, термиялық, химиялық немесе биологиялық әсер етуге ұшырайтын және жинау процесінде және (немесе) қалдықтар қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларға ұшырайтын объектілерде жеке жүзеге асырылатын немесе жинауға дейін қалдықтарды жинақтау кезінде жүзеге асырылатын операциялар қалдықтарды өңдеу деп түсініледі.
Қалдықтардың қауіпті қасиеттерін азайту немесе жою үшін оларды механикалық, физикалық-химиялық немесе биологиялық өңдеу қалдықтарды залалсыздандыру деп түсініледі.
327-бап. Қалдықтарды басқару жөніндегі операцияларға қойылатын негіз құрайтын экологиялық талап
Қалдықтарды басқару жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғалар тиісті операцияларды адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтіру, экологиялық залал келтіру қатерін төндірмейтіндей етіп және атап айтқанда:
1) суға, оның ішінде жерасты суларына, атмосфералық ауаға, топыраққа, жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлеміне тәуекелсіз;
2) ландшафтар мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға теріс ықпалын тиізбей орындауға міндетті.
328-бап. Қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік экологиялық саясаттың қағидаттары
Осы Кодекстің 5-бабында баяндалған жалпы қағидаттарға қосымша қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік экологиялық саясат мынадай арнайы қағидаттарға негізделеді:
1) сатылық;
2) шығу көзіне жақындық;
3) қалдықтарды түзушінің жауапкершілігі;
4) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері.
329-бап. Сатылық қағидаты
1. Қалдықтарды түзушілер мен олардың иелері қоршаған ортаны қорғау және Қазақстан Республикасының орнықты дамуын қамтамасыз ету мүддесіне орай, қалдықтардың түзілуін болғызбау және түзілген қалдықтарды басқару жөніндегі шараларды олардың артықшылығының кемуі тәртібімен мынадай реттілікпен қолдануға тиіс:
1) қалдықтардың түзілуін болғызбау;
2) қалдықтарды қайтадан пайдалануға дайындау;
3) қалдықтарды қайта өңдеу;
4) қалдықтарды кәдеге жарату;
5) қалдықтарды жою.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) - 5) тармақшаларында көзделген операцияларды жүзеге асыру кезінде қалдықтардың иелері, қажет болған кезде, сұрыптау, өңдеу және жинақтау жөніндегі қосалқы операцияларды орындауға құқылы.
2. Қалдықтардың түзілуін болғызбау деп зат, материал немесе өнім қалдық болғанға дейін қабылданатын және:
1) түзілетін қалдықтар көлемін азайтуға (оның ішінде, өнімді қайтадан пайдалану немесе оның қызмет ету мерзімін ұлғайту арқылы);
2) түзілген қалдықтардың қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына жағымсыз әсер ету деңгейін төмендетуге;
3) материалдардағы немесе өнімдегі зиянды заттардың болуын азайтуға бағытталатын шаралар түсініледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында қайтадан пайдалану деп әлі қалдық болмаған өнім немесе оның құрамдастары осындай өнім немесе оның құрамдастары жасалған мақсат бойынша қайтадан пайдаланылатын кез келген операция түсініледі.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген шараларды жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда, қалдықтар қалпына келтіруге жатады.
4. Қалпына келтірілуі мүмкін емес қалдықтар осы Кодекстің 327-бабының талаптарына сәйкес келуге тиіс қауіпсіз әдістермен жойылуға жатады.
5. Сатылық қағидатын қолдану кезінде сақтық қағидаты мен орнықты даму қағидаты, техникалық мүмкіндіктер мен экономикалық орындылығы, сондай-ақ қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етудің жалпы деңгейі назарға алынуға тиіс.
330-бап. Шығу көзіне жақындық қағидаты
Түзілген қалдықтар, егер бұл техникалық, экономикалық және экологиялық тұрғыдан негізделген болса, өздерінің түзілу көзіне мүмкіндігінше жақын қалпына келтірілуге немесе жойылуға тиіс.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 331-бап өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
331-бап. Қалдықтарды түзушінің жауапкершілігі қағидаты
Қалдықтарды түзушілер болып табылатын кәсіпкерлік субъектілері қалдықтар түзілген кезден бастап қалдықтарды қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларды осы Кодекстің 336 немесе 337-бабына сəйкес жүзеге асыратын тұлғаның иелігіне осы Кодекстің 339-бабының 3-тармағына сəйкес берілген кезге дейін осындай қалдықтарды тиісінше басқаруды қамтамасыз етуге жауапты болады.
332-бап. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қағидаты
Қазақстан Республикасының аумағында осы Кодекстің 386-бабының 1-тармағына сәйкес бекітілетін тізбе бойынша тауарлардың жекелеген түрлерін өндіруді немесе Қазақстан Республикасының аумағына осындай тауарларды әкелуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың осы Кодекске сәйкес, оның ішінде осындай тауарлардың адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына және қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуін төмендету мақсатында кеңейтілген міндеттемелері болады.
333-бап. Қалдықтар мәртебесінің тоқтатылуы
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қалдықтардың жекелеген түрлері оларға қатысты қосалқы операциялар жəне (немесе) қалпына келтіру жөніндегі операциялар жүргізілгеннен кейін және осындай операциялар нәтижесінде түзілген заттар немесе материалдар осы Кодекске сәйкес белгіленген өлшемшарттарға жəне қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті орган айқындаған тəртіпке сай келгеннен кейін қалдықтар мәртебесін жоғалтады және қайталама ресурс (материалдық немесе энергетикалық) санатына ауысады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың 1-тармағына сəйкес қалдықтар мəртебесін жоғалтатын жəне қайталама ресурсқа (материалдық немесе энергетикалық) айналатын қалдықтардың түрлері қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті орган бекіткен тізбе бойынша айқындалады.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 1-тармағында аталған өлшемшарттар мынадай талаптарға сəйкес келуге тиіс:
1) зат немесе материалдар өндірісте белгілі бір мақсатта пайдаланылуы мүмкін;
2) Қазақстан Республикасында немесе оның шегінен тыс жерлерде затты немесе материалды өткізу үшін нарықтың немесе сұраныстың болуы;
3) заттың немесе материалдардың тиісті өнімге немесе оны белгілі бір мақсатта пайдалануға қойылатын экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келуі;
4) затты немесе материалдарды пайдаланудың қоршаған ортаға немесе адамдардың денсаулығына зиянды әсер етуге алып келмеуі.
334-бап. Қалдықтарды басқару саласындағы нормалау
1. Қалдықтарды жинақтау лимиттері мен оларды көмуге арналған лимиттер тиісті экологиялық рұқсат негізінде I және II санаттағы объектілер үшін белгіленеді.
2. ІІІ және IV санаттағы объектілерде қалдықтарды жинақтау және (немесе) көму экологиялық нормалауға жатпайды.
3. Қалдықтарды жинақтау лимиттері мен қалдықтарды көму лимиттерін әзірлеу және бекіту, қалдықтарды басқару туралы есептілікті ұсыну және бақылау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
335-бап. Қалдықтарды басқару бағдарламасы
1. I және (немесе) II санаттағы объектілердің операторлары, сондай-ақ қалдықтарды сұрыптау, өңдеу жөніндегі, оның ішінде залалсыздандыру, қалпына келтіру және (немесе) жою жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғалар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеуге міндетті.
2. Қалдықтарды басқару бағдарламасы экологиялық рұқсаттың ажырамас бөлігі болып табылады.
3. Қалдықтарды басқару бағдарламасы сатылық қағидатына сәйкес әзірленеді және түзілетін және (немесе) үшінші тұлғалардан алынатын қалдықтардың көлемі мен құрамы, оларды жинақтау, жинау, тасу, залалсыздандыру, қалпына келтіру және жою тәсілдері туралы мәліметтерді, сондай-ақ қалдықтардың түзілуін қысқарту, оларды қайтадан пайдалану, қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін ұлғайту бойынша ұсынылатын шаралардың сипаттамасын қамтуға тиіс.
4. I санаттағы объектілер үшін қалдықтарды басқару бағдарламасы осы Кодекске сәйкес әзірленетін және бекітілетін ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларға сәйкес ең үздік қолжетімді техникаларды пайдалану қажеттігі ескеріле отырып әзірленеді.
336-бап. Қауіпті қалдықтарды қалпына келтіру және жою саласындағы қызметті лицензиялау
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Кәсіпкерлік субъектілері қауіпті қалдықтарды жинау, тасу, қалпына келтіру, залалсыздандыру жəне (немесе) жою жөніндегі жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) үшін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қызметтің тиісті кіші түрі бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге лицензия алуға міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыру мақсатында лицензияда:
1) тұлға тиісті операцияларды жүзеге асыруы мүмкін қауіпті қалдықтардың типі мен көлемі;
2) қауіпті қалдықтармен жасалатын операциялардың түрлері;
3) операциялардың әрбір түріне арналған алаңға қойылатын техникалық және өзге де талаптар;
4) операциялардың әрбір түрі үшін қолданылуға тиіс әдіс көрсетіледі.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Өндірістік объект (ғимараттар, құрылыстар, құрылысжайлар, үй-жайлар жəне (немесе) қауіпті қалдықтар полигоны) жəне өндірістік кешен (қондырғылар, жабдық пен көлік) қауіпті қалдықтармен жасалатын операциялар жөніндегі қызметті жүзеге асыратын кəсіпкерлік субъектісінің меншігінде болуға тиіс.
4. Осы баптың 1-тармағының талабы қауіпті қалдықтарды түзушілер болып табылатын кәсіпкерлік субъектілеріне меншікті қауіпті қалдықтарды қалпына келтіру, залалсыздандыру және жою бөлігінде қолданылмайды.
5. Осы баптың талаптары Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес лицензиялауға жататын радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі қызметке қолданылмайды.
337-бап. Қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің хабардар ету режимі
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қауіпті емес қалдықтарды жинау, сұрыптау жəне (немесе) тасу, сондай-ақ қалпына келтіру жəне (немесе) жою жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жоспарлайтын немесе жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қызметті бастау немесе тоқтату туралы хабарлама беруге міндетті.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында көрсетілген субъектілерден хабарламаларды қабылдауды жүзеге асырады, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін (бұдан әрі - қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі) қалыптастырады және жүргізеді.
Қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу тәртібі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларда белгіленеді.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Қауіпті емес қалдықтарды жинау, сұрыптау жəне (немесе) тасу, сондай-ақ қалпына келтіру жəне (немесе) жою жөніндегі кәсіпкерлік қызметті осы баптың 1-тармағына сәйкес хабардар етпей жүзеге асыруға тыйым салынады.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қалдықтарды басқару саласындағы субъектілер:
1) кәсіпкерлік субъектісі таратылған;
2) сот шешімі заңды күшіне енген;
3) кәсіпкерлік субъектісі өз қызметін ерікті түрде тоқтату туралы өтінішін берген жағдайларда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешімі негізінде қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімінен шығарылады.
Бұл ретте кәсіпкерлік субъектісі өтініш бергенге дейін өз міндеттемелерінің барлығын орындауға тиіс.
5. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қалдықтарды басқару саласындағы субъектілер:
1) Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш реттен көп) бұза отырып қызметті жүзеге асырған;
2) қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген күннен бастап қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде қызметті жүзеге асырмаған жағдайларда, сот шешімі негізінде қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімінен шығарылады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6-тармақ өзгертілді
6. Осы баптың 1-тармағының талабы қалдықтарды түзушілер болып табылатын кәсіпкерлік субъектілеріне қалдықтарды жинағанға дейін олар түзілген жерде өз қалдықтарын жинақтау жəне сұрыптау, өзінің қауіпті емес қалдықтарын қалпына келтіру жəне (немесе) жою бөлігінде қолданылмайды.
338-бап. Қалдықтардың түрлері және оларды сыныптау
1. Шығу тегіне, қасиеттеріне және басқарылу технологиясына сәйкес ортақ белгілері бар қалдықтардың жиынтығы қалдықтардың түрі деп түсініледі.
Қалдықтардың түрлері қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қалдықтар сыныптауышы (бұдан әрі - қалдықтар сыныптауышы) негізінде анықталады.
2. Қалдықтар сыныптауышы қалдықтардың әрбір түрінің шығу тегі мен құрамы ескеріле отырып әзірленеді және қажет болған жағдайларда, қалдықтарды қауіптілерге немесе қауіпті еместерге жатқызу мақсатында қауіпті заттар концентрациясының лимиттеуші көрсеткіштерін айқындайды.
3. Қалдықтар сыныптауышында қалдықтардың әрбір түрі алты таңбалы код беру арқылы сәйкестендіріледі.
4. Қалдықтардың түрлері осы Кодекстің талаптары ескеріле отырып, қалдықтар сыныптауышына сәйкес қауіптілерге немесе қауіпті еместерге жатқызылады.
Қалдықтар сыныптауышындағы қалдықтардың жекелеген түрлері олардың құрамындағы қауіпті заттар концентрациясының деңгейіне немесе қалдықтар түрінің қауіпті сипаттамаларының адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына және қоршаған ортаға ықпал ету дәрежесіне қарай әртүрлі кодтар беріле отырып («айналы» қалдықтар түрі), бір мезгілде қауіпті және қауіпті емес деп айқындалуы мүмкін.
5. Қалдықтарды осы бапқа сәйкес қауіптілерге немесе қауіпті еместерге және қалдықтар сыныптауышының белгілі бір кодына жатқызуды қалдықтардың иесі өз бетінше жүргізеді.
6. Затты немесе материалды қалдықтар сыныптауышына енгізу мұндай затты немесе материалды қалдықтар санатына жатқызу кезінде айқындаушы фактор болып табылмайды. Қалдықтар сыныптауышына енгізілген зат немесе материал, егер олар осы Кодекстің 317-бабының талаптарына сәйкес қалдықтар анықтамасына сәйкес келсе, қалдықтар деп танылады.