5. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару бағдарламасы сатылық қағидатына сәйкес әзірленеді және түзілетін және (немесе) үшінші тұлғалардан алынатын қалдықтардың көлемі мен құрамы, оларды жинақтау, жинау, тасымалдау, залалсыздандыру, қалпына келтіру және жою тәсілдері туралы мәліметтерді, сондай-ақ қалдықтардың түзілуін қысқарту, оларды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін ұлғайту бойынша ұсынылатын шаралардың сипаттамасын қамтуға тиіс.
361-бап. Судың жай-күйінің нашарлауын, ауа мен топырақтың ластануын болғызбау
1. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарымен жұмыс істеген кезде:
1) қалдықтарды жинап қою объектісін пайдалану кезеңінде және ол жабылғаннан кейін сүзінділердің құрамындағы ластағыш заттарды қоса алғанда, сүзінділердің, жинап қойылатын қалдықтардың түзілу әлеуетін бағалау, қалдықтарды жинап қою объектісінің су балансын айқындау;
2) сүзіндінің түзілуін және жерүсті немесе жерасты суының және топырақтың ластануын болғызбау немесе барынша азайту;
3) ластанған су мен сүзіндіні оларды ағызу үшін қажетті деңгейге дейін жинау және тазалау арқылы судың ластануын болғызбау үшін осы Кодексте белгіленген экологиялық талаптарды сақтау міндетті.
2. Қалдықтарды жинап қою объектісінің операторы шаң мен газдың шығарылуын болғызбау немесе азайту үшін шаралар қабылдауға міндетті.
3. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын су жайылуы мүмкін ашық немесе жерасты тау-кен қазындыларына қайта орналастырған кезде қалдықтарды жинап қою объектісінің операторы су мен топырақ жай-күйінің нашарлауын болғызбау немесе барынша азайту жөнінде қажетті шаралар қабылдауға тиіс.
4. Егер жинағыш тоғанда цианид болса, оператор сұйық қалдықтағы цианид концентрациясының ең үздік қолжетімді техникаларды пайдалана отырып, ең төменгі мүмкін болатын деңгейге дейін төмендетілуін қамтамасыз етуге тиіс.
362-бап. Ірі экологиялық оқиғаларды болғызбау
1. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын жинақтау жөніндегі қызметті бастар алдында қалдықтарды жинап қою объектісінің операторы тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару кезінде ірі экологиялық оқиғаларды болғызбау бағдарламасын, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес осындай оқиғаларға ден қоюдың ішкі жоспарын әзірлеуге міндетті.
2. Қалдықтарды жинап қою объектісінің операторы осындай бағдарламаны енгізу және оның іске асырылуын бақылау мақсатында жауапты қызметкерді тағайындайды.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ірі экологиялық оқиғаларға ден қоюдың сыртқы жоспарын әзірлейді, онда осындай оқиғалар туындаған жерден тыс қолданылатын іс-шаралар көзделеді. Қалдықтарды жинап қою объектісінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ірі экологиялық оқиғаларға ден қоюдың сыртқы жоспарын әзірлеу үшін қажетті ақпаратты беруге міндетті.
4. Ірі экологиялық оқиға басталған кезде қалдықтарды жинап қою объектісінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды дереу хабардар етуге және барлық қажетті ақпаратты беруге, сондай-ақ осындай оқиғаның адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына зардаптарын барынша азайту және нақты немесе ықтимал экологиялық залал дәрежесін бағалау үшін жәрдем көрсетуге міндетті.
363-бап. Қалдықтарды жинап қою объектісін жабу және жабылғаннан кейінгі кезеңдегі мониторингтеу
1. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын жинап қою объектісін немесе оның бір бөлігін жабу кезінде мұндай объектіні жапқаннан кейінгі кезеңде мониторинг жүргізу жөніндегі міндеттемелердің мерзіммен шектелмейтіні ескеріле отырып, осы Кодекстің 356-бабының ережелері қолданылады.
2. Қалдықтарды жинап қою объектісін жабу жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру, бүлінген жерді рекультивациялауды және кейіннен мониторингті жүргізу «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
364-бап. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын жинап қою объектілерін түгендеу
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қысқа мерзімді немесе орта мерзімді перспективада қоршаған ортаға елеулі жағымсыз салдарлар келтіретін немесе халықтың өміріне және (немесе) денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға қатер төндіретін тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтары жинап қойылатын жабық (пайдаланудан шығарылған, жойылған) және қараусыз (иесіз) объектілердің тізілімін жүргізуді ұйымдастырады.
2. Тізілім осы Кодекстің 340-бабына сәйкес жергілікті атқарушы органдар ұсынатын деректер негізінде кезеңділікпен, бірақ жылына бір реттен сиретпей жаңартылуға жатады.
3. Көрсетілген тізілім оны жүргізуге жауапты тұлғаның, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ресми сайттарында ашық қолжетімділікте орналастырылады.
27-тарау. КОММУНАЛДЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
365-бап. Коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптар
1. Коммуналдық қалдықтар деп мынадай тұтыну қалдықтары түсініледі:
1) өзгелермен қатар қағаз бен картонды, шыныны, металдарды, пластмассаны, органикалық қалдықтарды, сүректі, тоқыманы, қаптаманы, пайдаланылған электр және электрондық жабдықтарды, батареялар мен аккумуляторларды қоса алғанда, үй шаруашылықтарының аралас қалдықтары мен бөлек жиналған қалдықтары;
2025.12.06. № 194-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2025 ж. 13 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) егер аралас қалдықтар және басқа көздерден бөлек жиналған қалдықтар өзінің сипаты мен құрамы бойынша үй шаруашылықтарының қалдықтарына ұқсас болса, осындай қалдықтар.
Коммуналдық қалдықтарға өндіріс, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, аквашаруашылық, септиктер мен кәріз желілері, сондай-ақ сарқынды судың тұнбасын қоса алғанда, тазарту құрылысжайлары қалдықтары, пайдаланудан шығып қалған көлік құралдары немесе құрылыс қалдықтары кірмейді.
Тұтыну қалдықтарына адамның тыныс-тіршілік әрекеті нәтижесінде түзілген қалдықтар, өзінің тұтыну қасиеттерін толық немесе ішінара жоғалтқан өнімдер және (немесе) бұйымдар, олардың қаптамасы және агрегаттық жай-күйіне қарамастан жарамдылық не пайдалану мерзімі біткен, сондай-ақ меншік иесі өз бетінше физикалық түрде құтылған не тұтыну қалдықтарының қатарына құжатпен аударған өзге де заттар немесе олардың қалдықтары жатады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты:
1) коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларын бекіту;
2) коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеудің үлгілік қағидаларын бекіту;
3) коммуналдық қалдықтарды басқару мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдарды әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастыру арқылы іске асырады.
3. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдары коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты:
1) өз құзыреті шегінде коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны бекіту;
2) коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын бекіту;
3) халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту арқылы іске асырады.
4. Аудандардың, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты:
1) коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаларды әзірлеуді ұйымдастыру және олардың орындалуын қамтамасыз ету;
2) коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын әзірлеу және тиісті жергілікті өкілді органдарға бекітуге ұсыну;
3) коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі объектілерді салуға және (немесе) орналастыруға, оның ішінде контейнер алаңдарын және қайталама шикізатты қабылдау пункттерін жайластыру үшін жер учаскелерін бөлу;
4) коммуналдық қалдықтарды жою және көму жөніндегі объектілерді салуды қамтамасыз ету;
5) осы Кодекске, коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларына сәйкес коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеуге бақылауды, сондай-ақ коммуналдық қалдықтардың түзілу көлемдерін төмендетуге, оларды қайта пайдалануға, қайта өңдеуге, кәдеге жаратуға дайындау деңгейін арттыруға және көмуге жататын коммуналдық қалдықтардың көлемін қысқартуға бағытталған іс-шаралар мен экономикалық құралдарын әзірлеуді, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы жүзеге асыру;
6) коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеу қағидаларын бекіту;
7) халық үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін әдістемеге сәйкес есептелген тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді әзірлеу және тиісті жергілікті өкілді органдарға бекітуге ұсыну;
8) тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын субъектілер арасында тарифті бөлу тәртібін айқындау;
9) коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауды, оның ішінде қалпына келтірілгенге немесе жойылғанға дейін тасымалдау мен жинақтауды көздейтін, оларды жинаудың ұтымды және экологиялық қауіпсіз жүйесін ұйымдастыру;
10) коммуналдық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, қалпына келтіру және жою жөніндегі қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері үшін қажетті инфрақұрылымды құруды және оның жұмыс істеуін, соның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қамтамасыз ету;
11) коммуналдық қалдықтарды басқару кезінде қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету;
12) коммуналдық органикалық қалдықтарды бөлек жинауды және оларды қалпына келтіруді, оның ішінде компостерлеу арқылы ынталандыру;
13) тұрғылықты жері бойынша тіркелген азаматтардың санын сәйкестендіру мақсатында коммуналдық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, қалпына келтіру, оның ішінде қайта өңдеу және жою жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін халықты тіркеу туралы мәліметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету;
14) бөлек жинауды қоса алғанда, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинаудың, кәдеге жаратудың және қайта өңдеудің ұтымды жүйесі туралы халыққа хабар беру;
15) қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерінің иелері үшін қалдықтарды әкету жөніндегі жұмысты ұйымдастыру арқылы іске асырады.
5. Ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің жергілікті атқарушы органдары коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты:
1) комуналдық органикалық қалдықтарды бөлек жинауды және оларды қалпына келтіруді, оның ішінде компостерлеу арқылы ынталандыру;
2) коммуналдық қалдықтарды тұрақты әкетуді ұйымдастыру;
3) коммуналдық қалдықтарды басқару кезінде экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету;
4) коммуналдық қалдықтарды санкциясыз жағуды болғызбау және олардың жолын кесу арқылы іске асырады.
6. Коммуналдық қалдықтардың қауіпті құрауыштары (электрондық және электр жабдықтар, құрамында сынап бар қалдықтар, батарейкалар, аккумуляторлар және өзге де қауіпті құрамдастар) бөлек жиналуға және арнайы бейімделген кәсіпорындарға қалпына келтіруге берілуге тиіс.
366-бап. Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік
1. Инфрақұрылымды жобалау, салу, құру, реконструкциялау, жаңғырту мен пайдалану және тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, көму, кездейсоқ қоқыстарды жою жөніндегі қызметті жүзеге асыру (бұдан әрі - тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару) Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Кездейсоқ қоқыстарды жою деп оларды жинақтауға немесе көмуге арналған арнайы белгіленген орындардан тыс орналастырылған қалдықтарды сұрыптау, залалсыздандыру, қайта өңдеу, кәдеге жарату немесе көму үшін арнайы бейімделген ұйымдарға жинау, тасымалдау және беру түсініледі.
2. Кәдеге жарату төлемінің қаражатын тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жөніндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру үшін пайдалану осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады. Бұл ретте мұндай жобалар халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тариф есебінен жүзеге асырылатын тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жөніндегі қызмет үшін ғана қолданылады.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жөніндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру тәртібі мен шарттарын әзірлейді және бекітеді, оған мыналар кіреді:
1) жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты өткізу тәртібі мен шарттары;
2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының үлгілік конкурстық құжаттамасы және үлгілік шарттар;
3) жекеше әріптестің шығындарын өтеу тәртібі, шарттары және шектері;
4) халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған шекті тарифті әзірлеу және бекіту тәртібі.
4. Астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары осы баптың 3-тармағының 1) - 3) тармақшаларына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жергілікті жобаларына қатысты конкурсты ұйымдастырушылар болады, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша конкурстық құжаттаманы әзірлейді және бекітеді.
5. Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жөніндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары шеңберінде жекеше әріптестің шығындарын өтеу халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтен және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржыландыру көздерінен түсетін қаражат есебінен жүзеге асырылады.
6. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы осы баптың 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы шеңберінде халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған шекті тариф пен ағымдағы тариф арасындағы айырманы өтейді.
7. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің әрбір жобасы үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған шекті тарифтің мөлшерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлеп, бекітеді және тиісті қаладағы, аудандағы көрсетілген операциялар бойынша нақты және инвестициялық шығыстарды көрсетеді.
367-бап. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинаудың орталықтандырылған жүйесі
1. Тұрмыстық қатты қалдықтар деп қатты пішіндегі коммуналдық қалдықтар түсініледі.
2. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинаудың орталықтандырылған жүйесі (бұдан әрі - орталықтандырылған жүйе) - меншік нысанына және қызмет түріне қарамастан, тұрғын үйлерде не жеке тұрған ғимараттарда (құрылысжайларда) тұратын (орналасқан) және (немесе) өз қызметін жүзеге асыратын және меншік құқығында контейнер алаңдары мен контейнерлері жоқ, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын жерде орналасқан, меншік құқығындағы контейнер алаңдары мен контейнерлері бар жеке және заңды тұлғаларды тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету шеңберінде жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратын жүйе. Контейнер алаңдары - тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауды жүзеге асыратын арнайы бейімделген көлікке арналған кірме жолдары бар, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау үшін контейнерлер орналастырылатын қалдықтарды жинақтауға арналған арнайы алаңдар.
3. Тұрғын үйлерде тұратын жеке тұлғалар жария шарттар негізінде орталықтандырылған жүйені пайдалануға және жергілікті өкілді орган бекіткен тарифтерге сәйкес қалдықтарды тасымалдағаны үшін көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге міндетті.
Тұрғын үйлерде немесе жеке тұрған ғимараттарда (құрылысжайларда) қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер орталықтандырылған жүйені пайдалану кезінде осы Кодекске сәйкес жергілікті атқарушы органдар айқындаған, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауды және тасымалдауды жүзеге асыратын қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерімен тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауға шарт жасасуға міндетті.
Жеке тұрған ғимараттарда (құрылысжайларда) қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің орталықтандырылған жүйеге жатпайтын көрсетілетін қызметтерін пайдалану кезінде «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес рұқсаттар және хабарламалар тізіліміне енгізілген қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерімен тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауға шарт жасасуға міндетті.
4. Орталықтандырылған жүйені жергілікті атқарушы орган осы Кодекстің талаптарына және коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларына сәйкес тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауды және тасымалдауды жүзеге асыратын тұрмыстық қатты қалдықтар нарығының қатысушыларын айқындау бойынша конкурс (тендер) өткізу арқылы ұйымдастырады.
5. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауды және тасымалдауды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларында өзгеше көзделген жағдайларды қоспағанда, осындай қағидаларға сәйкес келетін және қалдықтардың басқа түрлерін тасымалдауға арналмаған, арнайы жабдықталған көлік құралдарын ғана пайдалануға міндетті.
6. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өз бетінше әкету кезінде заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер осы Кодекстің талаптарын сақтауға, сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуді және (немесе) көмуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерімен шарттар жасасуға міндетті.
7. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауды және тасымалдауды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері немесе тұрмыстық қатты қалдықтарды өз бетінше әкетуді жүзеге асыратын қалдықтардың меншік иесі мұндай қалдықтардың тұрмыстық қатты қалдықтарды қалпына келтіруді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне жеткізілуін қамтамасыз етеді.
8. Осы Кодекстің 351-бабында көрсетілген қалдықтарды қоспағанда, тұрмыстық қатты қалдықтарды көму полигонына қалдықтарды тікелей әкету тұрмыстық қатты қалдықтарды қалпына келтіруді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері болмаған немесе осы елді мекендегі осындай субъектілердің өндірістік қуаты жеткіліксіз болған жағдайда жүргізіледі.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 368-баптың тақырыбы өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
368-бап. Коммуналдық қалдықтарды тасымалдауға қойылатын талаптар
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Коммуналдық қалдықтарды тасымалдау (оның ішінде әкету) осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін көлік құралдарымен жүзеге асырылуға тиіс.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Коммуналдық қалдықтарды тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері көліктің қозғалысы туралы толық навигациялық ақпаратты «Қазақстан Республикасы қоршаған ортасының және табиғи ресурстарының жай-күйі туралы ұлттық дерекқор» цифрлық жүйесіне беруге міндетті.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Коммуналдық қалдықтарды әкетуді жүзеге асыратын көлік құралдарының қозғалысын спутниктік навигациялық жүйелердің деректері бойынша қадағалау үшін «Қазақстан Республикасы қоршаған ортасының және табиғи ресурстарының жай-күйі туралы ұлттық дерекқор» цифрлық жүйесінің тиісті кіші бөлімін әзірлеуді және жүргізуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Коммуналдық қалдықтарды тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері тиісті қызметтер көрсету кезінде мынадай талаптарды сақтауға:
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) коммуналдық қалдықтарды тасымалдауға арналған арнайы жабдықталған көлік құралдарын пайдалануға;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген көлік құралдарын «Қазақстан Республикасы қоршаған ортасының және табиғи ресурстарының жай-күйі туралы ұлттық дерекқор» цифрлық жүйесіне қосылған спутниктік навигациялық жүйелермен жабдықтауға және бұл жүйелерді үнемі жұмыс жағдайында ұстауға;
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларында белгіленген үлгілік нысан бойынша коммуналдық қалдықтардың меншік иелерімен шарттар жасасуға;
4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын сақтауға тиіс.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Коммуналдық қалдықтарды тасымалдауға, көлік құралдарының боялуына, арнайы айырым белгілерімен жабдықталуына және жабдықтарына, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарына қойылатын талаптар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарында белгіленеді.
28-тарау. РАДИОАКТИВТІ ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
369-бап. Радиоактивті қалдықтар және оларды сыныптау
1. Радиоактивті қалдықтарға одан әрі пайдалануға жатпайтын, кез келген агрегаттық күйдегі мынадай заттар жатады:
1) құрамындағы радионуклидтер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген деңгейлерден асып кететін материалдар, бұйымдар, жабдық, шығу көзі биологиялық объектілер;
2) пайдаланылған, қайта өңдеуге жатпайтын ядролық отын;
3) өз ресурсын тауысқан немесе зақымданған радионуклидті көздер;
4) құрамындағы радионуклидтер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген деңгейлерден асып кететін, жер қойнауынан алынған және үйінділер мен қалдық қоймаға жинап қойылатын тау жыныстары, кендер және кендерді байыту мен сілтісіздендіру қалдықтары.
2. Радиоактивті қалдықтардың агрегаттық күйі, шығу көзі, радиоактивтілік деңгейі, радионуклидтердтің жартылай ыдырау кезеңі оларды сыныптау негізі болып табылады.
3. Радиоактивті қалдықтар агрегаттық күйі бойынша сұйық және қатты болып бөлінеді.
Радиоактивті сұйық қалдықтарға органикалық емес заттардың ерітінділері, сүзгі материалдарының пульпалары, органикалық сұйықтықтар жатады.
Радиоактивті қатты қалдықтарға бұйымдар, машиналар мен механизмдердің бөлшектері, материалдар, биологиялық объектілер, радиоактивті сәулелердің өз ресурсын тауысқан көздері жатады.
4. Егер қалдықтардың құрамындағы радионуклидтердің үлестік активтілігі бақылауға жататын радиоактивті материалдар үшін радиациялық қауіпсіздік нормаларымен регламенттелген мәндерден көп болса, ал белгісіз радионуклидті құрамда үлестік активтілік:
1) бета-сәулеленетін радионуклидтер үшін - килограмына жүз килобеккерельден;
2) альфа-сәулеленетін радионуклидтер (трансурандықтарды қоспағанда) үшін - килограмына он килобеккерельден;
3) трансурандық радионуклидтер үшін килограмына бір килобеккерельден көп болған кезде қалдықтар радиоактивтіге жатады.