2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Квоталанатын қондырғының қуаттылығын төмендету есебінен пайда болған көміртегі квотасының бірліктерін сатуға болмайды және олар тиісті Көміртегі квоталары ұлттық жоспарының тегін бөлінген көміртегі квотасын төмендету пайызына азайтылған мөлшерде парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларында белгіленген тәртіппен Көміртегі квоталары ұлттық жоспарының резервіне қайтарылуға тиіс.
Қуаттылықты төмендету деп өнімді алудың, өндірудің, қайта өңдеудің және (немесе) тасудың жылдық көлемін төмендету түсініледі.
9. Квоталанатын қондырғы жойылған (пайдаланудан шығарылған) жағдайда квоталау субъектісі тиісті қондырғыны пайдалану жүзеге асырылған соңғы есепті кезеңдегі парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепті қоса бере отырып, жою туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұл туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган квоталау субъектісінен хабарламаны алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторын көміртегі квотасының пайдаланылмаған бірліктерін пайдаланудан шығарылған қондырғының шотынан Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары резервінің шотына ауыстыру туралы хабардар етеді.
10. Қосымша көміртегі квотасын беруге арналған резервтің бөлінбеген көміртегі бірліктері тиісті Көміртегі квоталары ұлттық жоспарының соңғы есепті жылы бойынша есептілікті ұсыну мерзімі аяқталған күннен кейін тоқсан жұмыс күні өткен соң өтеледі.
296-бап. Квоталанатын қондырғының операторын ауыстыру
1. Квоталанатын қондырғының операторы ауыстырылған жағдайда, алдыңғы оператордың осы бөлімде көзделген құқықтары мен міндеттерінің барлығы квоталанатын қондырғының жаңа операторына ауысады.
2. Квоталанатын қондырғының жаңа операторы он жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторына көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті өзгерістер енгізу туралы өтініш беруге міндетті, оған квоталанатын қондырғыға қатысты тиісті құқық белгілейтін құжаттың (қондырғыны сатып алу-сату шартының, қабылдау-беру актісінің немесе квоталанатын қондырғыға қатысты жаңа оператордың меншік құқығын немесе өзге де заңды пайдалану құқығын растайтын өзге де құжаттың) нотариат куәландырған көшірмесі қоса берілуге тиіс.
3. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы осы баптың 2-тармағында көзделген өтініш пен құжаттарды алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті өзгерістер енгізеді.
297-бап. Квоталанатын қондырғы операторының атауын және (немесе) ұйымдық-құқықтық нысанын өзгерту
1. Квоталанатын қондырғының операторы өзінің атауы және (немесе) ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген жағдайда, он жұмыс күнде ішінде көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторына көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті өзгерістер енгізу туралы электрондық нысанда өтініш беруге міндетті.
2. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы осы баптың 1-тармағында көзделген өтінішті алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті өзгерістер енгізеді.
298-бап. Көміртегі офсеті
1. Көміртегі офсеті деп Қазақстан Республикасында экономиканың кез келген секторында парниктік газдардың шығарылуын қысқартуға және (немесе) парниктік газдардың сіңірілуін ұлғайтуға бағытталған қызметті немесе қызмет түрлерін жүзеге асыру нәтижесінде қол жеткізілген парниктік газдардың шығарылуын қысқарту және (немесе) парниктік газдардың сіңірілуін ұлғайту түсініледі.
Квоталанатын қондырғының парниктік газдардың квоталанатын шығарылуын қысқарту көміртегі офсеті деп танылмайды.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Парниктік газдардың шығарындыларын азайтуға бағытталған көміртегі офсеттеріне нəтижесінде парниктік газдардың шығарындылары азаятын, Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарына қайшы келмейтін қызметтің кез келген түрі жатады.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
1-2. Парниктік газдардың сіңірілуін ұлғайтуға бағытталған көміртегі офсеттеріне ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде, елді мекендердің жерлерінде, мемлекеттік орман қорының жерлерінде жəне босалқы жерлерде іске асырылатын жəне жаңа орман екпелерін отырғызу мен тозған жерлерді қалпына келтіруге бағытталған көміртегі офсеттері жатады.
Мемлекеттік орман қорының жерлерінде іске асырылатын көміртегі офсеттері инвестор мен орман иесі арасында жасалған шарт негізінде жүзеге асырылады.
2. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген қызметті немесе қызмет түрлерін жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға (бұдан әрі - жобаның өтініш берушісі) көміртегі офсетін мақұлдауды алу және офсеттік бірліктер алу мақсатында өз жобасын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қарауына ұсынуға құқылы.
3. Офсеттік бірлік деп көміртегі офсетін есептеу мақсатында қолданылатын көміртегі бірлігі түсініледі.
4. Көміртегі офсетін мақұлдау және офсеттік бірліктер беру қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
4-1-тармақтың бірінші, екінші бөліктері 2030 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
4-1. Ерікті көміртегі нарығы деп жеке жəне заңды тұлғалар өз парниктік газдар шығарындыларын өтеу мақсатында көміртегі бірліктерін сатып алу мен сатуды жүзеге асыратын тетік түсініледі.
Ерікті көміртегі нарығы шеңберінде сатып алынған көміртегі бірліктерін көміртегі бірліктері саудасының жүйесі шеңберінде пайдалануға болмайды.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 4-2-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
4-2. Толықтырмалық - жоба шеңберінде қол жеткізілген парниктік газдардың антропогендік шығарындыларының азаюы осы жоба шеңберінде жүзеге асырылған нақты іс-қимылдардың нəтижесі болып саналатынын жəне бұл осы қызметсіз болмайтынын растайтын өлшемшарт.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 4-3-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
4-3. Базалық сценарий - ұсынылатын көміртегі офсеті болмаған жағдайда парниктік газдар шығарындыларының деңгейін жəне (немесе) парниктік газдардың сіңірілу деңгейін көрсететін сценарий, сол арқылы парниктік газдардың шығарындыларын азайтудың немесе олардың сіңірілуінің қол жеткізілген көлемі салыстырмалы түрде бағаланады.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 4-4-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
4-4. Қосарланған есепке алу - парниктік газдар шығарындыларын бір мəрте азайту немесе жою олардың салдарын жеңілдету мақсаттарына қол жеткізу үшін бір реттен артық есепке алынатын жағдай. Қосарланған есепке алу қосарланған беру, қосарланған пайдалану жəне (немесе) қосарланған талап ету нəтижесінде болуы мүмкін.
5. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы офсеттік бірліктерді көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде жобаның өтініш берушісінің шотына беру арқылы оларды айналысқа енгізуді жүзеге асырады.
6. Офсеттік бірліктер айналысқа енгізілу кезінде қолданылу мерзімінің шектелу жағдайларын қоспағанда, қолданылу мерзімі бойынша мерзімсіз болып табылады.
7. Жобаның өтініш берушісінің қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен офсеттік бірліктерді сатуға құқығы бар.
8. Квоталау субъектісі көміртегі квотасының бірліктерін өтеу көлемін алынған (сатып алынған) офсеттік бірліктер көлеміне азайтуға құқылы.
299-бап. Көміртегі бірліктері және көміртегі нарығы
1. Көміртегі бірлігі көміртегі квотасының немесе көміртегі офсетінің есептік бірлігі болып табылады және көміртегі диоксиді баламасының бір тоннасына тең болады.
2. Көміртегі бірлігі (көміртегі квотасының бірлігі, офсеттік бірлік) осы Кодекске сәйкес Қазақстан Республикасында көміртегі нарығының субъектілері арасында айналымына рұқсат берілген тауар болып табылады.
3. Мыналар көміртегі нарығының субъектілері болып табылады:
1) квоталау субъектілері;
2) көміртегі офсеттерін өткізуге қатысатын жеке және заңды тұлғалар;
3) көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Қазақстан Республикасында көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесі бастапқы және қайталама көміртегі нарықтарынан тұрады.
Бастапқы көміртегі нарығында көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары резервінің тиісті санатынан жəне (немесе) көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен көміртегі квотасының бірліктерін көміртегі нарығының субъектілеріне аукцион шарттарымен сатуды жүзеге асырады.
Көміртегі нарығын тұрақтандыру резерві деп көміртегі нарығындағы көміртегі бірліктерінің артық немесе жеткіліксіз ұсынысын реттеуге арналған, көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті орган əзірлеп, бекітетін көміртегі нарығын тұрақтандыру резервін басқару қағидаларында айқындалған тəртіппен басқаратын көміртегі квотасы бірліктері көлемінің резерві түсініледі.
Қайталама көміртегі нарығында көміртегі нарығының субъектілері тікелей мәміле немесе Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын тауар биржасы жəне (немесе) қор биржалары арқылы көміртегі бірліктерін өзара сатып алу-сатуды жүзеге асырады.
5. Көміртегі бірліктерінің саудасы қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Бастапқы жəне қайталама нарықтарда көміртегі бірліктерінің саудасы Қазақстан Республикасының тауар биржалары жəне бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына, сондай-ақ көміртегі бірліктерінің саудасы қағидаларына сəйкес жəне (немесе) «Астана» халықаралық қаржы орталығының актілеріне сəйкес жүзеге асырылады.
7. 2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен алып тасталды (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесі операторының көміртегі бірліктерін сатуы және сатып алуы Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын қор биржалары арқылы жүзеге асырылады.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Квоталау субъектісі, жобаның өтініш берушісі мәміле жасау күнгі көміртегі квотасының бірлігі мен офсеттік бірліктің биржалық белгіленімі деңгейінен төмен емес баға бойынша сатып алу-сату шарты бойынша тікелей сату арқылы көміртегі квотасының бірліктері мен офсеттік бірліктерді өткізуге құқылы.
Мәміле жасау күні Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын тауар жəне (немесе) қор биржаларында көміртегі квотасының бірлігіне немесе офсеттік бірлікке биржалық баға белгіленімі болмаған кезде баға көміртегі квотасы бірлігіне немесе офсеттік бірлікке соңғы қолжетімді баға белгіленімі бойынша айқындалады.
10. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша күші жойылған, өтелген, айналыстан алынған немесе айналыстан шығарылған көміртегі бірліктері сауда объектісі бола алмайды.
11. Қазақстан Республикасында айналысқа шығарылған көміртегі бірліктерінің шет мемлекеттің көміртегі нарығындағы саудасы, сондай-ақ шет мемлекетте айналысқа шығарылған көміртегі бірліктерінің Қазақстан Республикасының көміртегі нарығындаға саудасы қағидалары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалады.
300-бап. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі
1. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі - көміртегі бірліктерін айналысқа енгізуге, сақтауға, беруге, сатып алуға, резервке қоюға, бұғаттауға, өтеуге, жоюға, айналыстан алуға байланысты операцияларды есепке алудың электрондық жүйесі.
2. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде әрбір квоталанатын қондырғыға қатысты жеке шот ашылады.
3. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін әзірлеуді және жүргізуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
4. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы қалыптастырады және жүргізеді.
5. Көміртегі бірліктері мемлекеттік тізілімінің негізгі функциялары айналысқа енгізілген, сақтауда тұрған, берілген, сатып алынған, резервке қойылған, бұғатталған, жойылған, өтелген, айналыстан алынған көміртегі бірліктерін дәлме-дәл есепке алуды қамтамасыз ету, сондай-ақ басқа да ұлттық тізілімдермен деректер алмасу болып табылады.
301-бап. Қондырғыларды әкімшілендіру
1. Парниктік газдардың квоталанатын шығарылуының көлемі экономиканың реттелетін секторларында жылына он мыңнан жиырма мың тоннаға дейінгі көміртегі диоксидін құрайтын қондырғы әкімшілендірілетін қондырғы деп танылады.
Әкімшілендірілетін қондырғының операторы әкімшілендіру субъектісі деп танылады.
2. Әкімшілендіру субъектісі ағымдағы жылғы бірінші сәуірге дейінгі мерзімде мемлекеттік көміртегі кадастрында әкімшілендірілетін қондырғының парниктік газдарды шығаруын түгендеу туралы алдыңғы жылғы есептің электрондық нысанын толтыруға міндетті.
3. Әкімшілендірілетін қондырғының парниктік газдарды шығаруын түгендеу туралы есеп верификациялауға жатпайды.
4. Әкімшілендіру субъектісі көміртегі офсетін алу мақсатында парниктік газдардың шығарылуын қысқартуға немесе сіңірілуін ұлғайтуға бағытталған жобаның өтініш берушісі ретінде қатысуға құқылы.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әкімшілендірілетін қондырғылардың парниктік газдарының квоталанатын шығарылу көлемін бақылауды жүзеге асырады.
302-бап. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін түгендеудің мемлекеттік жүйесі
1. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін түгендеудің мемлекеттік жүйесі тиісті кезеңдегі Қазақстан Республикасында парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуінің нақты көлемін айқындау үшін қажетті деректерді жинау, өңдеу, сақтау және талдау жөніндегі ұйымдастырушылық іс-шаралардың жиынтығын білдіреді.
2. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін мемлекеттік түгендеу үшін ақпарат жинау Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық балансының, статистикалық есептіліктің деректеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есептерде ұсынылған мәліметтерге негізделеді.
3. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін түгендеудің мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін ұйымдастыру мен үйлестіруді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
4. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін мемлекеттік түгендеуді дайындауды көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы жүзеге асырады.
5. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін мемлекеттік түгендеудің толықтығын, ашықтығын және анықтығын бақылау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жыл сайын жүргізіледі.
303-бап. Мемлекеттік көміртегі кадастры
1. Мемлекеттік көміртегі кадастры парниктік газдардың шығарылу көздерін, олар шығарған шығарындылар көлемін, сондай-ақ қондырғының операторы үшін белгіленген шекаралар шегінде парниктік газдардың шығарылуын қысқарту немесе сіңірілуін ұлғайту көлемін есепке алу жүйесін білдіреді.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік көміртегі кадастрын әзірлеуді және жүргізуді ұйымдастырады.
3. Мемлекеттік көміртегі кадастрын жүргізуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік көміртегі кадастры парниктік газдардың шығарылу көздері, қондырғылардың операторлары туралы, парниктік газдардың шығарылу және сіңірілу көлемі туралы мәліметтерді қамтиды.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік көміртегі кадастрының деректері негізінде парниктік газдардың шығарылу және сіңірілу көлемін мемлекеттік бақылау жүйесін ұйымдастыруды, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жыл сайынғы есептілік бойынша Қазақстан Республикасы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді.
304-бап. Валидациялау және верификациялау
1. Валидациялау - парниктік газдардың шығарылуын қысқарту немесе сіңірілуін ұлғайту жөніндегі жобаларды әзірлеу шеңберінде мониторинг жоспарының, сондай-ақ құжаттаманың халықаралық стандарттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау мен растаудың жүйелі, тәуелсіз және құжатпен рәсімделген процесі.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Верификациялау - парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепте және парниктік газдардың шығарылуын қысқарту немесе сіңірілуін ұлғайту жөніндегі жобаларды, Париж келісімінің нарықтық тетіктері жобаларын іске асыру туралы есепте көрсетілген мәліметтердің халықаралық стандарттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалаудың және анықтығын растаудың жүйелі, тәуелсіз және құжатпен ресімделген процесі.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Валидациялау және верификациялау жөніндегі органдарды Қазақстан Республикасындағы көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесі үшін аккредиттеу Қазақстан Республикасының сәйкестiктi бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
3-1. Валидациялау жəне верификациялау жөніндегі органдарды Париж келісімінің нарықтық тетіктері үшін тану климаттың өзгеруін болғызбау нəтижелерін халықаралық деңгейде беру жөніндегі шарттардың талаптарына сəйкес жəне (немесе) Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының жəне (немесе) Париж келісімінің органдары танитын стандарттар негізінде халықаралық аккредиттеу арқылы жүзеге асырылады.
4. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган валидациялау мен верификациялаудың анықтығы үшін жауапты болады.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Валидациялау мен верификациялау қондырғы операторының, парниктік газдардың шығарылуын азайту немесе сіңірілуін ұлғайту жөніндегі жобаның өтініш берушісінің, Париж келісімінің нарықтық тетігі жобасының өтініш берушісінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
6. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган өзінің қатысуымен әзірленген парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепті немесе мониторингтеу жоспарын валидациялай немесе верификациялай алмайды.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Парниктік газдардың шығарылуын қысқарту немесе сіңірілуін ұлғайту жөніндегі сол бір жобаны, көміртегі офсетін валидациялауды және верификациялауды сол бір валидациялау және верификациялау жөніндегі орган жүргізе алмайды.
8. Валидациялау мен верификациялау, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен валидациялау мен верификациялауды жүргізу қағидаларына және стандарттау саласындағы уәкілетті орган бекіткен ұлттық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
21-тарау. АТМОСФЕРАНЫҢ ОЗОН ҚАБАТЫН ҚОРҒАУ
305-бап. Озон қабаты және оны қорғау
1. Озон қабаты Жер планетасы атмосферасының шекаралық қабатының үстіндегі атмосфералық озон қабатын білдіреді.
2. Озон қабатын қорғау деп озон қабатының бұзылуынан туындаған қолайсыз салдарлардан адамдардың өмірін және (немесе) денсаулығын қорғау және қоршаған ортаны қорғау мақсатында озон қабатының бұзылуын болғызбау және оны қалпына келтіру бойынша мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер жүзеге асыратын шаралар жүйесі түсініледі.
306-бап. Озонды бұзатын заттар және олармен жұмыс істеу
1. Озон қабатын бұзатын заттар (бұдан әрі - озонды бұзатын заттар) деп дербес немесе қоспада болатын, қызметте пайдаланылатын не қызмет өнімі болып табылатын және Жердің озон қабатына зиянды әсер етуі мүмкін химиялық заттар түсініледі.
2. Осы Кодекске сәйкес озонды бұзатын заттарға жатқызылмаған химиялық заттар озон үшін қауіпсіз заттар деп танылады.
307-бап. Озон қабатын қорғау саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу
Озон қабатын қорғау саласындағы қызметті мемлекеттік реттеуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады және ол:
1) озонды бұзатын заттарды тұтынуды реттеуді;
2) озонды бұзатын заттармен жұмыс істеуді реттеуді қамтиды.
308-бап. Озонды бұзатын заттарды тұтынуды реттеу
1. Озонды бұзатын заттарды тұтыну деп белгілі бір кезеңде Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты орналастыру үшін әкетілген озонды бұзатын заттарды шегере отырып, Қазақстан Республикасының аумағына тұрақты орналастыру үшін әкелінген озонды бұзатын заттардың жалпы көлемі түсініледі.
2. Озонды бұзатын заттарды тұтынуды реттеуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) Қазақстан Республикасының озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі халықаралық шарттарына сәйкес озонды бұзатын заттарды тұтыну лимиттерін (квоталарын) белгілеу;
2) озонды бұзатын заттарды және құрамында олар бар өнімдерді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкетуді лицензиялауды жүзеге асыру;
3) озонды бұзатын заттарды және құрамында олар бар өнімдерді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкетуге рұқсаттар беру арқылы жүзеге асырады.
Озонды бұзатын заттарды және олар құрамында бар өнімдерді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкетуге рұқсаттар беру қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
309-бап. Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеуді реттеу
1. Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу мынадай операцияларды қамтиды:
1) өнімдер мен жабдықтарды үстеп құю операцияларын қоса алғанда, өндірісте, техникалық қызмет көрсету немесе жөндеу кезінде не өзге де технологиялық процестерде озонды бұзатын заттарды пайдалану (бұдан әрі - озонды бұзатын заттарды пайдалану);
2) озонды бұзатын заттарды тасу;
3) озонды бұзатын заттарды сақтау;
4) машиналар мен жабдықтардағы, олардың құрауыш бөліктеріндегі, контейнерлердегі озонды бұзатын заттарды оларға техникалық қызмет көрсету барысында немесе оларды пайдаланудан шығару алдында алу, жинау және сақтау түсінілетін озонды бұзатын заттарды рекуперациялау;
5) озонды бұзатын заттардың тұтынушылық қасиеттерін қалпына келтіру мақсатында рекуперацияланған озонды бұзатын заттарды өңдеу түсінілетін озонды бұзатын заттарды қалпына келтіру;
6) қалпына келтіруге жатпайтын озонды бұзатын заттарды рециркуляциялау немесе залалсыздандыру мақсатында механизмдерден, жабдықтардан, контейнерлерден және басқа да құрылғылардан оларға техникалық қызмет көрсету барысында немесе есептен шығарар алдында алынатын озонды бұзатын заттарды жинауға және сақтауға бағытталған іс-шаралар кешені түсінілетін озонды бұзатын заттарды кәдеге жарату.
2. Озонды бұзатын заттарды рециркуляциялау (рециклдеу) - рекуперацияланған озонды бұзатын заттарды қалпына келтірілгеннен кейін қайта пайдалану.
3. Озонды бұзатын заттарды залалсыздандыру - озон қабатын қоса алғанда, қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтін құрамдастарға тұрақты трансформациялауға немесе ыдырауға әкелетін бұзу арқылы озонды бұзатын заттардың қауіпті қасиеттерін жою.