2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 31) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
31) мемлекеттiк орман орналастыру ұйымы - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын;
32) орман - ағаш пен бұта өсiмдiктерiнiң және тірі табиғаттың басқа да компоненттерiнiң жиынтығы негiзiнде белгiлi бiр аумақта қалыптасатын, қоршаған ортамен өзара байланыстағы және маңызды экологиялық, экономикалық және әлеуметтiк мәнi бар табиғи кешен;
33) орман аурулары - қоршаған ортаның қолайсыз факторларынан немесе ауру өсiмдiктерден сау өсiмдiктерге берiлетiн организмдерден туындайтын және өсiмдiктер құрылысының өзгеруiне немесе олардың құрып кетуiне әкеп соқтыратын патологиялық процестер;
34) орман дақылдары - орманның ағаш және бұта тұқымдыларынан қолдан өсірілген екпелер;
35) орман дақылдарының қоры - орман көмкермеген жерлер (ағашы кесілген орындар, өртеңдер, алаңқайлар, селдір ормандар) және ормандануы орманды қолдан өсіру арқылы ғана мүмкін болатын ормансыз жерлер;
36) орман зиянкестерi - орман екпелерiн зақымдайтын организмдер;
37) орман иелену - орман шаруашылығын жүргiзу және орман пайдалану, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жұмыс iстеуi үшiн мемлекеттiк орман иеленушiлерге Қазақстан Республикасының Үкiметi беретiн мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн иелену және пайдалану құқығы, сондай-ақ жекеше орман иеленушiлерге осы Кодексте белгiленген тәртiппен берiлетiн жекеше орман қорын иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы;
38) орман иеленушiлер - мемлекеттiк орман қоры учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен берiлген мемлекеттiк ұйымдар, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес жекеше орман қоры учаскесi меншiгiнде болатын жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар;
39) орман қарау аймағы - орманшылық аумағын күзету үшiн бiр орманшыға бекiтiлiп берiлетiн, осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiппен айқындалатын орманшылық аумағының бiр бөлiгi;
40) орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсіру саласындағы мемлекеттік бақылау - орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның Қазақстан Республикасының заңнамасы белгілеген талаптарға тексерілетін субъектілер қызметінің сәйкес келуі нысанасына оларды тексеру және бақылау жөніндегі қызметі, оны жүзеге асыру барысында және оның нәтижелері бойынша жедел араласпай-ақ құқық шектеу сипатындағы шаралар қолданылуы мүмкін;
41) 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
42) орман қорын пайдалану - жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген орман пайдалану, сондай-ақ орман қоры аумағындағы жердi, суды және кең таралған пайдалы қазбаларды шаруашылық және өзге де мақсаттарда пайдалану құқығы;
43) орман қорын түгендеу - орман қорының жекелеген учаскелерiнiң сандық және сапалық көрсеткiштерiн сипаттау, картаға түсiру және анықтау жөнiндегi жұмыстар кешенi;
44) орман орамы - орман шаруашылығын жүргізуді ұйымдастыру үшін қызмет ететін жергілікті жерде орман жолдарымен, табиғи шептермен (өзен жағалаулары, тау жоталары, жолдар және басқалар) шектелген орман қоры аумағының бір бөлігі;
45) орман өрт сөндіру станциясы - орман өрттерінің алдын алу және оларды уақтылы жою жөніндегі шаралардың жүргізілуін қамтамасыз ететін өртке қарсы қызмет пен техниканы орналастыруға арналған мемлекеттік орман иеленушінің объектісі;
46) орман өсiру - бұрын орман болмаған аумақтарда ағаш екпелерiн қолдан отырғызу және өсiру;
47) орман пайдалану - орман ресурстары мен орманның пайдалы қасиеттерiн пайдалану жөнiндегi заңдық және экономикалық жағынан регламенттелген қызмет;
48) орман пайдаланушы - осы Кодексте белгiленген тәртiппен уақытша орман пайдалану құқығы берiлген жеке немесе заңды тұлға;
49) орман питомнигі - орман қоры аумағының ағаш және бұта тұқымдас екпе материалдарды өсiруге арналған учаскесi;
50) орман соқпағы - орман орамдарының шекараларын белгiлеу немесе өзге мақсаттар үшiн ағаш және бұта өсiмдiктерiнен тазартылып жасалған белдеу;
51) орман телімі - бастапқы орман шаруашылығы есептік бірлігі болып табылатын, орман орамы аумағының таксациялау сипаттамалары, топырақ-типологиялық жағдайлары және шаруашылық маңызы бойынша біртекті бөлігі;
52) орман тұқымы плантациясы - берілген тұқым қуалаушылық қасиеттерi және себу сапасы жоғары сорттық, элиталық немесе будан тұқымдарын жүйелі түрде (ұзақ уақыт бойы) алуға арналған артықшылығы бар ағаштардың тұқымды, немесе вегетативтік ұрпағы болып табылатын өсімдіктердің арнаулы генетикалық схема бойынша отырғызылып, қолдан өсірілген екпесі;
53) орман тұқым шаруашылығы - тұқым қуалаушылық қасиеттерi құнды және себу сапасы жоғары тұқым алуға бағытталған орман тұқымдарын дайындау, өңдеу, сақтау және пайдалану, олардың сапасы мен шығу тегiне бақылау жасау жөнiндегi iс-шаралар кешенi;
54) орман шаруашылығы - орман қорын күзету және қорғау, ормандарды молықтыру мен орман өсiру, орман пайдалануды реттеу және оның жүзеге асырылуын бақылау жөнiндегi iс-шараларды қамтитын орман қорын зерттеу және оның есебiн жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын экономика саласы;
55) орман шаруашылығын жобалау - орман өсімдіктері, агроорман-мелиорациялық, өртке қарсы іс-шараларды, орман және аңшылық шаруашылығы объектілерін салуды жобалау жөніндегі жұмыстардың кешені;
56) орман шаруашылығы жолдары - орман шаруашылығы, өртке қарсы мақсаты бар, орман шаруашылығын жүргізу және орман пайдалануды жүзеге асыру үшін орманды аумақтардың қол жетімділігін қамтамасыз ететін орман шаруашылығы объектілері;
57) орман шаруашылығы мемлекеттiк мекемесi (бұдан әрі - орман мекемесі) - мемлекеттiк орман қорын күзету және қорғау, ормандарды молықтыру және орман өсiру, орман пайдалануды реттеу жөнiндегi іс-шараларды жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен құрылған мекеме;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 58) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
58) орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру мен орман өсiру саласында басқару, бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
59) орман шаруашылығы iс-шаралары - орман қорын күзету, қорғау, ормандарды молықтыру және орман өсiру, орман пайдалануды реттеу жөнiнде орман орналастыру материалдары негiзiнде жүргiзiлетiн ұйымдастырушылық және техникалық iс-шаралар кешенi;
60) орман шеберiнiң учаскесi - орманшылық аумағының құрамында екi және одан да көп орман қарау аймағы бар бiр орман шеберiне бекiтiлген және орман шаруашылығы iс-шараларын орындауға арналған бiр бөлiгi;
61) ормандағы өрт қаупi бар маусым - климат және ауа райы факторларын негiзге алып, орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган, облыстың жергілікті атқарушы органы айқындайтын, орман өртi шығу қаупi болуы мүмкiн күнтiзбелiк жылдың бiр бөлiгi;
62) ормандану - ағаш өспеген алқаптарда орманды қолдан өсiру немесе орманның табиғи түрде өсуі;
63) ормандарды күзету - орман өртiнiң алдын алу және орман өртiне, ағаштың заңсыз кесiлуiне және Қазақстан Республикасының орман заңнамасын басқа да бұзушылықтарға қарсы күрес жөнiндегi iс-шаралар жиынтығы;
64) орманды күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу - жоғары өнiмдi және төзiмдi екпелердi қалыптастыру мақсатында екпелердiң арасынан өспей қалған немесе ағаштардың басты тұқымдарының өсуiне кедергi келтiретiн ағаштарды жою жолымен жүзеге асырылатын орманды мерзiмдiк күтiп-баптау;
65) орманның қайта түлеуі - сүрекдiңдер арасында, сондай-ақ ағашы кесiлген, өрт шалған және бұрын орман болған басқа да алаңдарда орманның жаңа түптерiнiң пайда болуының табиғи процесi;
66) орманды қорғау - орманды орман зиянкестерінен, ауруларынан және табиғи, антропогендiк және техногендік сипаттағы қолайсыз факторлар әсерiнен қорғау жөнiнде жер үстiндегі және авиациялық әдiстермен жүзеге асырылатын iс-шаралар жиынтығы;
67) орманды молықтыру - орман ағаштарын отырғызуға немесе орманды күтiп-баптау және оны сауықтыру жөнiндегi шараларды қоса алғанда, бұрынғы орманды алаңдарды табиғи түрде қайта жаңғыртуға ықпал ететiн шаралар жүргiзу;
68) орманды (кеспеағаш аймағын) таксациялау - орман ресурстарының, соның iшiнде кесу көзделетiн екпе ағаштардың сапалық және сандық сипаттамаларын анықтау, есепке алу, бағалау жөнiндегi iс-шаралар;
69) орманды өңір - қандай да бір аумақта орман басқан жерлердiң оның жалпы алаңына орман өскен жердiң арақатынасы арқылы анықталып, пайызбен белгiленетiн дәрежесi;
70) орманның аса қауiптi зиянкестерi - жаппай көбейiп, таралатын, сөйтiп ормандарға зияндылықтың экономикалық шегiнен асып кететiн залал келтiретiн зиянкес организмдер;
71) орманның генетикалық резерваты - өсiмдiктер түрi, түр тармағы популяциясының генетикалық-селекциялық тұрғыдан құнды бөлiгi бар орман учаскесi;
72) орманның жинақталмаған ағаштары - қолдан өсiрiлген (себiлген немесе отырғызылған), бiрақ орманды алқаптарға көшiрiлмеген ағаштар;
73) орманның санитариялық жай-күйi - қоқыстанған, солып қалған және қураған ағаштардың болуы, зиянкестер санының және орман аурулары таралуының қарқыны, орманның жай-күйіне керi әсер ететiн басқа да жағымсыз факторлар туралы мәлiметтердi қамтитын орман жай-күйiнiң сипаттамасы;
74) орманшылық - орман иеленушiнiң өз шекарасында орналасқан, орман шаруашылығы iс-шараларын жоспарлау мен орындауға, орман пайдалану көлемiн есептеуге арналған құрылымдық бөлiмшесi;
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 74-1) тармақшамен толықтырылды
74-1) орманның экологиялық жүйелік қызметтері (бұдан әрі - орманның экожүйелік қызметтері) - орман қоры аумағында және оған іргелес жатқан учаскелерде қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар, пайдалы қасиеттерін қоса алғанда, орманды, оның функцияларын пайдаланудан алатын пайда;
75) өртең - екпе ағашын өрт жойып жiберген, ал жаңа түптерi әлi көтерiле қоймаған орман алқабы;
76) өскiн - орман жапырақтары астында немесе ағашы кесiлген жерде қалып қойған, көтеріліп өсуге немесе аналық сүрекдiңдердi алмастыруға жарамды ағаш өсімдіктерінің жас шыбықтары;
77) санитариялық мақсатта ағаш кесу - орманның санитариялық жай-күйiн жақсарту мақсатында жүргiзiлетiн ағаш кесу (iшiнара, жаппай), оның барысында жекелеген ауру, зақымданған, солып қалған және қураған ағаштар кесiледi;
78) селдiреу - жуандығы 0,1 - 0,2 мөлшерiндегi жасы бiрiншi және екiншi сыныптағы шыбықтарды қоспағанда, табиғи түрде қалыптасқан сүрекдiңдер;
79) сөл алу - ағаштардың дiңдерiнен шайыр, сөл алу үшiн оларды көктеп-өсу кезеңiнде қолдан зақымдау;
80) сүрекдiң - орман екпелерiнiң негiзгi компоненті болып табылатын ағаштар жиынтығы;
81) тез өсетін ағаш және бұта тұқымдылары - өнеркәсіптік және энергетикалық мақсаттарда арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер құру үшін өсірудің қарқынды агротехникасы қолданылатын ағаш және бұта тұқымдылар;
82) тексеру кезеңi - орман шаруашылығын жүргiзу үшiн орман орналастыру жобасы немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақты басқару жоспары әзiрленетiн мерзiм;
83) тұрақты орман тұқым базасы - тұқым қуалаушылық қасиетi құнды және себу сапасы жоғары тұқым алу үшiн Қазақстан Республикасының орман заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк орман қорында аумағы жағынан бөлiнген, селекциялық-тұқым шаруашылығы мақсатындағы объектiлер жиынтығы;
84) тұрақты орман тұқымы учаскесі - осы орман өсiру жағдайларында ұзақ уақыт бойы тұқым алуға арналған артықшылығы бар екпелерде, тұқым плантацияларында артықшылығы бар ағаштардан дайындалған тұқымдардан өсірілген, егiлген немесе отырғызылған көшеттерден жасалған жоғары өнімді табиғи түрдегі немесе орман дақылдары екпелерінің қалыптасқан учаскелері;
85) усадьба - ағаш өспеген алқаптарға жататын, орман шаруашылығын жүргiзумен және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жұмыс iстеуiмен байланысты тұрғын үйге арналған және кiсi тұрмайтын қора-жайлар орналасқан жер учаскелерiн бiлдiретiн мемлекеттiк орман қоры алқаптарының түрi;
86) шайыр - қылқан жапырақты ағаштар зақымданған кезде бөлiнетiн қоймалжың зат;
87) шоқ ормандар - орманды дала аймағында шағын учаскелер (0,1-ден 30 гектарға дейін) болып өсетін табиғи ормандар.
2-тарау. Орман құқығы қатынастарының объектілері мен субъектілері
5-бап. Орман құқығы қатынастарының объектiлерi
1. Орман қоры жерлерiн, орман ресурстары мен орманның пайдалы қасиеттерiн қамтитын Қазақстан Республикасының орман қоры орман құқығы қатынастарының объектiсi болып табылады.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Орман құқығы қатынастарының объектiлерi осы Кодексте және Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен ақылы жағдайда ормандардың көп функциялы маңызы ескерiле отырып пайдаланылады.
6-бап. Қазақстан Республикасының орман қоры
1. Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық орман, сондай-ақ орман өсiмдiктерi өспеген, бірақ орман шаруашылығының қажеттерiне арналған орман қоры жерлерi Қазақстан Республикасының орман қорын (бұдан әрi орман қоры) құрайды.
2. Орман қоры мемлекеттік және жекеше орман қорларынан тұрады.
3. Мемлекеттік орман қорына:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлеріндегі (орманды және ағаш өспеген алқаптарды қоса алғанда) табиғи және қолдан өсiрiлген ормандар;
2) табиғи және қолдан өсiрiлген ормандар, сондай-ақ мемлекеттік орман қоры жерлеріндегі орман шаруашылығының қажеттерi үшiн берiлген, орман өсiмдiктерi өспеген жер учаскелерi;
3) халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темір жолдар мен автомобиль жолдарының, каналдардың, магистральды құбырлардың және басқа желiлiк құрылыстардың белдеулеріндегі енi он метр және одан көбірек, алаңы 0,05 гектардан астам қорғаныштық екпелерi жатады.
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4. Жекеше орман қорына Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға жеке меншiкке немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануға орман өсiру үшiн нысаналы мақсатпен берiлген жерлерде, солардың қаражаты есебiнен жасалған:
1) қолдан өсірілген екпелер;
2) табиғи тұқымдық және (немесе) вегетативтік жолмен пайда болған екпелер;
3) жекеше орман питомниктерi;
4) арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер;
5) агроорман-мелиорациялық екпелер;
6) жеке меншіктегі шаруашылық автомобиль жолдарына бөлінген белдеулердегі қорғаныштық екпелер жатады.
5. Орман қорына:
1) мемлекеттік орман қорының жерiнен тыс орналасқан жекелеген ағаштар және көлемi 0,05 гектардан кем шоқ ағаштар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердегi бұта өсiмдiктер;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
2) қала ормандарын қоспағанда, елдi мекендер шекарасы шегіндегі жасыл желектер;
3) үй маңындағы, саяжайлар мен бау-бақша учаскелеріндегі ағаштар мен бұталар кiрмейдi.
7-бап. Орман қорына меншiк құқығы
1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік орман қоры мемлекеттік меншiк объектілеріне жатады және республикалық меншiкте болады.
2. Жекеше орман қоры учаскелерiн иеленудi, пайдалану мен оған билiк етудi, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілеріне сәйкес, жекеше орман иеленушiлер жүзеге асырады.
8-бап. Орман қорының жерлерi
1. Орман қорының жерлерi мемлекеттік және жекеше орман қоры жерлерiне бөлiнедi.
2. Мемлекеттік орман қорының жерлерiне табиғи түрде ағаш өскен, бюджет қаражаты есебiнен қолдан ағаш өсiрiлген және ағаш өспеген (орманды және ағаш өспеген алқаптар), орман шаруашылығын жүргiзетiн мемлекеттік ұйымдарға тұрақты жер пайдалануға берiлген жерлер жатады.
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Жекеше орман қоры жерлеріне Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жеке меншікке немесе ұзақ мерзімді жер пайдалануға орман өсіру үшін нысаналы мақсатпен берілген:
1) қолдан өсірілген екпелер;
2) табиғи тұқымдық және (немесе) вегетативтік жолмен пайда болған екпелер;
3) жекеше орман питомниктері;
4) арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер;
5) агроорман-мелиорациялық екпелер;
6) жеке меншіктегі шаруашылық автомобиль жолдарына бөлінген белдеулердегі қорғаныштық екпелер орналасқан жерлер жатады.
4. Мемлекеттік орман қоры жерлерiнiң шекарасы жерге орналастыру жұмыстарын жүргiзу кезiнде орман орналастыру материалдарының негiзiнде белгiленедi және нақтыланады.
5. Мемлекеттік орман қорының жерлерiн сатып алу-сату, кепiлге беру және басқа мәмiлелер жасасу арқылы иелiктен шығаруға жол берiлмейдi.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Орман қорының жерлерiн беру, алып қою және пайдалану тәртібі осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының Жер және Азаматтық кодекстерімен айқындалады.
9-бап. Орман ресурстары және орманның пайдалы қасиеттерi
1. Орман ресурстары сүрек қорынан, шайыр мен ағаш шырындарынан, қосалқы сүрек ресурстарынан, жабайы өсетiн жемiстерден, жаңғақтардан, саңырауқұлақтардан, дәрiлiк өсiмдiктер мен техникалық шикiзаттан, орман қорында болатын, жинақталатын және өндiрiлетiн өзге де өсiмдiк пен мал өнiмдерi қорынан тұрады.
2. Орманның өсiп тұрған кезiнде өзiне тән экологиялық және әлеуметтiк мәнi бар функциялары (оттегiн бөлiп шығару, көмiр қышқыл газын бойына сiңiру, топырақты су және жел эрозиясынан сақтау, топырақтың жоғары қабатындағы ылғалды iшкi қабатына тарту, бальнеологиялық және климат реттеушiлiк қасиеттерi) оның пайдалы қасиеттерiне жатады.
10-бап. Орман құқығы қатынастарының субъектiлерi
Ормандарды күзетудi, қорғауды, молықтыруды, орман өсiру мен (немесе) орман пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік органдар орман құқығы қатынастарының субъектiлерi болып табылады.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 2-бөлімнің тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2-бөлім. Орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру мен орман өсіру саласындағы мемлекеттік басқару, бақылау
3-тарау. Орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру мен орман өсіру саласындағы мемлекеттік басқару
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiлдi) 11-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 11-бап жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 11-бап өзгертілді
11-бап. Орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру мен орман өсiру саласындағы мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын лауазымды адам және мемлекеттік органдар жүйесi
Орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру мен орман өсiру саласындағы мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын лауазымды адамға және мемлекеттік органдар жүйесiне Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, уәкiлеттi орган және оның аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ Конституцияда, осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде айқындалған өз құзыретi шегiнде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары жатады.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 11-1-баппен толықтырылды
11-1-бап. Орман қорын күзетуді, қорғауды, пайдалануды, ормандарды молықтыруды және орман өсiруді қамтамасыз ету жүйесі
Орман қорын күзетуді, қорғауды, пайдалануды, ормандарды молықтыруды және орман өсiруді қамтамасыз ету жүйесіне:
1) Қазақстан Республикасының Үкiметi;
2) аумақтық бөлімшелері бар ведомствосын қоса алғанда, уәкiлеттi орган;
3) орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсiру саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар;
4) жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары;
5) орман мекемелері мен табиғат қорғау ұйымдары;
6) мемлекеттік орман орналастыру ұйымдары;
Орман шаруашылығын жобалау саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындар бөлігінде 7) тармақша өз қолданысын 2015 ж. 1 қаңтардан бастап тоқтатты
7) орман қорын күзетуді, қорғауды, пайдалануды, ормандарды молықтыруды және орман өсiруді қамтамасыз ету саласындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындар;
8) орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсiру саласындағы ғылыми ұйымдар;
9) орман иеленушілер мен орман пайдаланушылар;
10) орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсiру мақсатында құрылған қоғамдық бірлестіктер кiредi.
12-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру мен орман өсiру саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) мемлекеттік орман саясатының негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және оның iске асырылуын қамтамасыз етедi;
2) мемлекеттік орман қорын иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асырады;
3) осы Кодекстiң 22-бабының 2-тармағында аталған мемлекеттік заңды тұлғаларға орман пайдалану құқығымен мемлекеттік жер қоры учаскелерiн бередi;
4) 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
5) мемлекеттік орман қорын санаттар бойынша бөлудi бекiтедi;
6) - 8) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2008.10.12 № 101-IV ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9) 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара); 2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10) өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын алып қою туралы шешім қабылдайды және оларды алып қою көлемдерін бекітеді;
11) Қазақстан Республикасының орман заңдарын бұзу арқылы келтiрiлген зиянның мөлшерiн есептеудiң базалық ставкаларын бекiтедi;
12), 13) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
14) 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
15) - 17-2) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
17-3) карантиндік түрлерді қоспағанда, орманның аса қауіпті зиянкестері мен ауруларының тізбесін және оларға қарсы күрес тәртібін бекітеді;
17-4) - 17-19) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
17-20) 2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 18) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
18) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
2010.19.03. № 258-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 13-бап өзгертілді
13-бап. Уәкiлеттi органның және оның аумақтық бөлімшелерінің құзыретi
1. Уәкiлеттi орган:
1) Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлеген құзыретi шегiнде мемлекеттік орман қорын иелену мен пайдалануды жүзеге асырады;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) мемлекеттік орман саясатын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар тұжырымдайды және оны іске асырады;
2) 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 3) тармақша жаңа редакцияда
3) орман қорын күзетуді, қорғауды, ормандарды молықтыруды және орман өсіруді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді, өзінің функционалдық қарауындағы мемлекеттік орман қоры аумағында орман пайдалануды реттейді;
4) Қазақстан Республикасының орман қорын күзету, қорғау және пайдалану, ормандарды молықтыру мен орман өсiру саласындағы нормативтiк құқықтық актілерін әзiрлейдi және бекiтедi;