69-тараудың 10-параграфының қолданысы халқының саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалаларға, ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге қатысты 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңның 44-1-бабына сәйкес 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды
10-параграф. Сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін төлемақы
603-бап. Жалпы ережелер
1. Сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін төлемақы (бұдан әрі осы параграфтың мақсаттарында - төлемақы) жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде, елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін алынады.
2. Тиісті рұқсат құжаты болмаған кезде сыртқы (көрнекі) жарнаманы нақты орналастыру төлемақы сомасын өндіріп алу және бюджетке енгізу үшін негіз болып табылады.
3. Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор және жергілікті атқарушы органдар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 15-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде, сыртқы (көрнекі) жарнама орналастырылған жер бойынша салық органдарына төлемақы төлеушілер, сыртқы (көрнекі) жарнаманың орналастырылу кезеңі мен орны, рұқсат құжаттарының бар (жоқ) екендігі туралы мәліметті уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша ұсынады.
604-бап. Төлемақы төлеушілер
1. Сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыратын тұлғалар төлемақы төлеушілер болып табылады.
2. Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін төлемақыны дербес төлеуші деп тануға құқылы.
Заңды тұлғаның шешімі немесе осындай шешімнің күшін жою мұндай шешім қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Егер заңды тұлға заңды тұлғаның жаңадан құрылған құрылымдық бөлімшесін төлемақы төлеуші деп таныса, онда мұндай шешім осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өздеріне жүктелген функционалдық міндеттерді іске асыруға байланысты орналастырылатын сыртқы (көрнекі) жарнама бойынша төлемақы төлеушілер болып табылмайды.
605-бап. Төлемақы мөлшерлемелері
1. Төлемақы мөлшерлемелері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру жүзеге асырылатын тиісті күнтізбелік айдың бірінші күніне қолданыста болатын АЕК-тің еселенген мөлшерінде айқындалады.
2. Республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде орналастырылатын сыртқы (көрнекі) жарнама жағының ауданы үш шаршы метрге дейін болатын сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін базалық ай сайынғы төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Жолдар санаты | Төлемақы мөлшерлемесі (АЕК) |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Қалаға кіреберістер | 8 |
| 2. | I, II | 7 |
| 3. | III | 3 |
| 4. | IV | 2 |
Сыртқы (көрнекі) жарнама жағының ауданы үш және одан да көп шаршы метр болатын мұндай жарнаманы орналастыру кезінде базалық ай сайынғы төлемақы мөлшерлемелері орналастырылатын сыртқы (көрнекі) жарнама жағы ауданының үш шаршы метрге қатысты ұлғаюына пропорционалды түрде көтеріледі.
3. Облыстық және аудандық маңызы бар ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде, сондай-ақ елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін базалық ай сайынғы төлемақы мөлшерлемелері сыртқы (көрнекі) жарнаманың орнатылған жері және оны орналастыру жағының ауданы негізге алына отырып белгіленеді:
| Р/с № | Сыртқы (көрнекі) жарнама түрлері | Сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырудың бір жағы үшін төлемақы мөлшерлемелері (АЕК) |
| Республикалық маңызы бар қалада және астанада | Облыстық маңызы бар қалада және облыстық маңызы бар жол-дарда | Аудандық маңызы бар қалада, ауылда, кентте және аудандық маңызы бар жолдарда |
| 1 | 2 | 3 | 4 | 5 |
| 1. | Сыртқы (көрнекi) жарнама 2ш.м-ге. дейін | 2 | 1 | 0,5 |
| 2. | Лайтбокстар (сити-форматтағы) | 3 | 2 | 1 |
| 3. | Ауданы мынадай сыртқы (көрнекі) жарнама: | | | |
| 3.1. | 2-ден 5 ш.м-ге дейін | 5 | 3 | 1 |
| 3.2. | 5-тен 10 ш.м-ге дейін | 10 | 5 | 2 |
| 3.3. | 10-нан 20 ш.м-ге дейін | 20 | 10 | 3 |
| 3.4. | 20-дан 30 ш.м-ге дейін | 30 | 15 | 5 |
| 3.5. | 30-дан 50 ш.м-ге дейін | 50 | 20 | 7 |
| 3.6. | 50-ден 70 ш.м-ге дейін | 70 | 30 | 12 |
| 3.7. | 70 ш.м-ден жоғары | 100 | 50 | 25 |
| 4. | Шатырүсті жарықты сыртқы (көрнекі) жарнама құрылғылары (жарық-динамикалық панно немесе көлемді неонды әріптер): | | | |
| 4.1. | 30 ш. м-ге дейін | 30 | 20 | 6 |
| 4.2. | 30 ш.м-ден жоғары | 50 | 30 | 8 |
| 5. | Палаткалардағы, тенттердегі, шатырлардағы, бастырмалардағы, қалқа-шатырлардағы, тулардағы, жалаушалардағы, штандарттардағы сыртқы (көрнекі) жарнама: | | | |
| 5.1. | 5 ш.м-ге дейін | 1 | 1 | 0 |
| 5.2. | 5-тен 10 ш.м-ге дейін | 2 | 1 | 0 |
| 5.3. | 10 ш.м-ден жоғары | 3 | 2 | 1 |
| 6. | Уақытша типтегі дүңгіршектер мен павильондардағы сыртқы (көрнекі) жарнама: | | | |
| 6.1. | 2 ш.м-ге дейін | 2 | 1 | 0 |
| 6.2. | 2-ден 5 ш.м-ге дейін | 2 | 1 | 0 |
| 6.3. | 5-тен 10 ш.м-ге дейін | 3 | 2 | 1 |
| 6.4. | 10 ш.м-ден жоғары | 8 | 4 | 2 |
| 7. | Жылжымалы жайма жарнама | 10 | 5 | 1 |
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдарының облыстық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде және елді мекендерде орналастырылатын сыртқы (көрнекі) жарнама бойынша базалық ай сайынғы төлемақы мөлшерлемелерінің мөлшерін сыртқы (көрнекі) жарнаманың орналасқан жеріне қарай екі еседен асырмай арттыруға құқығы бар.
606-бап. Есептеу, төлеу тәртібі мен төлеу мерзімдері
1. Төлемақы мөлшері төлемақы мөлшерлемелері және:
1) сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыруға арналған рұқсат құжатында белгіленген;
2) сыртқы (көрнекі) жарнама рұқсат құжатынсыз орналастырылған жағдайда - Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор немесе жергілікті атқарушы органдар белгілеген сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырудың нақты мерзімі негізге алына отырып есептеледі.
Сыртқы (көрнекі) жарнама күнтізбелік бір айдан аз мерзімге орналастырылған кезде төлемақы мөлшері күнтізбелік бір ай үшін айқындалады.
2. Бюджетке енгізілуге жататын төлемақы сомасы ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде төленеді.
Бұл ретте сыртқы (көрнекі) жарнама рұқсат құжаты негізінде орналастырылған жағдайда, жарнаманы орналастырудың алғашқы айы үшін төлемақы төлеу осындай рұқсат құжаты алынғанға дейін жүргізілуге тиіс.
3. Рұқсат құжатын алған кезде төлемақы төлеушілер Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық операторға немесе жергілікті атқарушы органдарға сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырудың алғашқы айы үшін төлемақы сомасының бюджетке енгізілгенін растайтын құжатты ұсынады.
4. Төлемақы сомасы сыртқы (көрнекі) жарнаманың орналасқан жері бойынша бюджетке төленеді.
70-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК БАЖ. КОНСУЛДЫҚ АЛЫМ
1-параграф. Мемлекеттік баж
607-бап. Жалпы ережелер
1. Мемлекеттiк баж уәкiлетті мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың заңдық мәнi бар, оның ішінде құжаттарды (олардың көшірмелерін, телнұсқаларын) берумен байланысты әрекеттер жасағаны үшiн алынатын, бюджетке төленетін төлем болып табылады.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдар немесе лауазымды адамдар тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде өзінің тұрған жеріндегі салық органына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша мемлекеттік баж төлеушілер және олар есептеген мемлекеттік баж сомалары туралы ақпарат береді.
608-бап. Мемлекеттік бажды төлеушілер
1. Уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға немесе лауазымды адамдарға заңдық мәнi бар әрекеттер жасау жөнiнде өтiнiш жасайтын тұлғалар мемлекеттiк баж төлеушілер болып табылады.
2. Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесіне мемлекеттік баж сомаларын төлеу жөніндегі міндетті осындай құрылымдық бөлімше мүддесі үшін тиісті уәкілетті органдар заңдық мәні бар әрекеттер жасаған кезде жүктеуге құқылы.
609-бап. Алу объектілері
1. Мемлекеттік баж:
1) сотқа берiлетiн талап қою арыздарынан, ерекше талап қою ісін жүргізу арыздарынан, ерекше іс жүргізу iстері бойынша арыздардан (шағымдардан), сот бұйрығын шығару туралы арыздардан, атқару парағының телнұсқасын беру туралы арыздардан, төреліктің және шетелдік соттардың шешiмдерiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парақтарын беру туралы арыздардан, сот актілерінің, атқару парақтарының және өзге де құжаттардың көшiрмелерiн қайтадан беру туралы арыздардан;
2) нотариаттық әрекеттер жасағаны үшiн, сондай-ақ нотариат куәландырған құжаттардың көшiрмелерiн (телнұсқаларын) бергенi үшiн;
3) азаматтық хал актiлерiн тiркегенi үшiн, сондай-ақ азаматтарға азаматтық хал актiлерiн тiркеу туралы анықтамалар мен қайтадан куәлiктер бергені және азаматтық хал актiлерi жазбаларын өзгертуге, толықтыруға, түзетуге және қалпына келтiруге байланысты куәлiктер бергенi үшiн;
4) Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуге құжаттар ресімдегені үшін;
5) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына жеке істері бойынша келуіне шақыруларды ресімдегені, Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдағаны және келіскені үшін;
6) Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасынан кету және Қазақстан Республикасына келу құқығына визалар бергені, оны қалпына келтіргені немесе ұзартқаны үшін;
7) Қазақстан Республикасының азаматтығын алу, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiру және Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату туралы құжаттарды ресiмдегенi үшін;
8) аңшы куәлiгiн (аңшы куәлiгiнің телнұсқасын) бергенi (қайта ресімдегені) үшiн;
9) өсімдіктердің, жануарлардың және бекiре тұқымдас балықтардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген түрлерiн, сондай-ақ олардың бөлiктерi мен дериваттарын әкелуге және әкетуге рұқсаттар бергенi үшiн;
10) жеке басты куәландыратын құжаттар бергені үшін;
11) азаматтық, қызметтік қару мен оның патрондарын иеленуге, сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге, тасымалдауға рұқсаттар бергені үшін;
12) азаматтық, қызметтік қаруды және оның патрондарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге қорытындылар бергені үшін;
13) азаматтық, қызметтік қаруды және оның патрондарын комиссиялық сатуға жолдама бергенi үшін;
14) жеке және заңды тұлғалардың азаматтық, қызметтiк қаруының (аңшылық суық қаруды, белгi беретiн қаруды, механикалық шашыратқыштарды, аэрозольдi және көзден жас ағызатын немесе тiтiркендiретiн заттар толтырылған басқа құрылғыларды, үрлемелі энергиясы 7,5 Дж-дан аспайтын және калибрi 4,5 мм-ді қоса алғанға дейiнгi пневматикалық қаруды қоспағанда) әрбiр бiрлiгiн тiркегенi және қайта тiркегенi үшiн;
15) Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес Қазақстан Республикасында жасалған ресми құжаттарға апостиль қойғаны үшiн;
16) жүргізуші куәліктерін, тракторшы-машинист куәліктерін, механикалық көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер бергені үшін;
17) iшкi iстер органдарының тiркеу-емтихан қабылдау бөлiмшелерiнде отыз күннен аспайтын мерзімде сақтауда тұрған автомобильге мемлекеттiк тiркеу нөмiрі белгілерін қоспағанда, мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгілерін (телнұсқаларын) бергені үшін;
18) зияткерлiк меншiк саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның осы Кодекстiң 614-бабында көзделген заңдық мәнi бар әрекеттер жасағаны үшiн;
19) жүктерді халықаралық автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат беру куәлігін және оның телнұсқасын бергені үшін;
20) теңізшінің жеке куәлігін, Қазақстан Республикасының теңізде жүзу кітапшасын және кәсіби диплом бергені үшін;
21) азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сатып алуға рұқсаттар бергені үшін алынады.
2. Егер осы Кодекстің 610-бабында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк баж мөлшерлемелері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және мемлекеттік баж төлеу күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі осы тараудың мәтіні бойынша - АЕК) еселенген мөлшерiнде немесе талап қою сомасының пайызымен айқындалады.
610-бап. Соттардағы мемлекеттiк баж мөлшерлемелері
1. Сотқа берiлетiн талап қою арыздарынан, ерекше талап қою ісін жүргізу арыздарынан, ерекше іс жүргізу iстері бойынша арыздардан (шағымдардан), сот бұйрығын шығару туралы арыздардан, атқару парағының телнұсқасын беру туралы арыздардан, төреліктің және шетелдік соттардың шешiмдерiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парақтарын беру туралы арыздардан, сот актілерінің, атқару парақтарының және өзге де құжаттардың көшiрмелерiн қайтадан беру туралы арыздардан мемлекеттiк баж мынадай мөлшерлеме алынады:
1) егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, мүліктік сипаттағы талап қою арыздарынан:
жеке тұлғалар үшiн - талап қою сомасының 1 пайызы;
заңды тұлғалар үшiн - талап қою сомасының 3 пайызы;
2) мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының жеке тұлғалардың құқықтарына нұқсан келтіретін құқыққа сыйымсыз әрекетiне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдардан - 0,3 АЕК;
3) мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының заңды тұлғалардың құқықтарына нұқсан келтіретін құқыққа сыйымсыз әрекетiне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдардан - 5 АЕК;
Бірінші абзацтың қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзац 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 45-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
4) тексеру актiлерi бойынша хабарламаларға және (немесе) деңгейлес мониторинг нәтижелері бойынша хабарламаларға дау айту туралы арыздардан:
дара кәсiпкерлер мен шаруа немесе фермер қожалықтары үшiн - хабарламада көрсетiлген салықтардың, кедендік төлемдердің және бюджетке төленетiн төлемдердің (өсiмпұлды қоса алғанда) даулы сомасының 0,1 пайызы, бірақ 500 АЕК-тен аспайтын мөлшер;
заңды тұлғалар үшiн - хабарламада көрсетiлген салықтардың, кедендік төлемдердің және бюджетке төленетiн төлемдердің (өсiмпұлды қоса алғанда) даулы сомасының 1 пайызы, бірақ 20 мың АЕК-тен аспайтын мөлшер;
5) некенi бұзу туралы талап қою арыздарынан - 0,3 АЕК.
Неке бұзылған кезде мүлiк бөлінген жағдайларда баж осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес талап қою бағасынан айқындалады;
6) белгiленген тәртіппен хабарсыз кеткен деп немесе жүйке ауруы немесе ақыл-есiнiң кемдiгi салдарынан әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамдармен не үш жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдармен некені бұзу кезiнде мүлiктi бөлу туралы талап қою арыздарынан - осы баптың 1) тармақшасына сәйкес;
7) тұрғынжайды жалдау шартын өзгерту немесе бұзу туралы, мұраны қабылдау мерзiмiн ұзарту туралы, мүлiктi тыйым салудан босату туралы талап қою арыздарынан және мүлiктiк емес сипаттағы немесе бағалауға жатпайтын басқа да талап қою арыздарынан - 0,5 АЕК;
8) осы тармақтың 2), 3), 4) және 13) тармақшаларында көрсетілгендерді қоспағанда, ерекше талап қою ісін жүргізу арыздарынан, ерекше іс жүргізу істері бойынша арыздардан (шағымдардан) - 0,5 АЕК;
9) төрелік шешiмдерінiң күшін жою туралы өтінішхаттардан - Қазақстан Республикасының сотына мүліктік емес сипаттағы талап қою арызы берілген кезде алынатын мемлекеттік баж мөлшерінің, ал мүліктік сипаттағы даулар бойынша - Қазақстан Республикасының сотына мүліктік сипаттағы талап қою арызы берілген кезде алынатын және арыз беруші даулап отырған соманы негізге ала отырып есептелген мемлекеттік баж мөлшерінің - 50 пайызы;
10) сот бұйрығын шығару туралы арыздардан - осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетiлген мемлекеттiк баж мөлшерлемелерінің 50 пайызы;
11) атқару парағының телнұсқасын беру туралы арыздардан, төреліктің және шетелдік соттардың шешiмдерiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парақтарын беру туралы арыздардан - 5 АЕК;
12) сот шешiмдерiнің, үкiмдерiнің, ұйғарымдарының, соттардың өзге де қаулыларының көшiрмелерiн (телнұсқаларын), сондай-ақ iске қатысатын тараптар мен басқа да тұлғалардың өтiнiмi бойынша соттар беретін істің басқа да құжаттарының көшiрмелерiн қайтадан беру туралы арыздардан - әрбiр құжат үшiн 0,1 АЕК, сондай-ақ әрбiр дайындалған бет үшiн 0,03 АЕК;
13) заңды тұлғаларды банкрот деп тану, оңалту рәсімін қолдану, жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану туралы арыздардан - 0,5 АЕК;
14) абыройды, қадір-қасиетті және іскерлік беделді түсіретін мәліметтерді таратудан келтірілген моральдық зиянды ақшалай мәнде өтеуді өндіріп алу туралы жеке тұлғалардың талап қою арыздарынан - талап қою сомасының 1 пайызы;
15) іскерлік беделді түсіретін мәліметтерді таратудан келтірілген залалдарды өндіріп алу туралы заңды тұлғалардың талап қою арыздарынан - талап қою сомасының 3 пайызы.
2. Төрелік шешімдерінің күшін жою және төреліктің және шетелдік соттардың шешімдерін мәжбүрлеп орындатуға атқару парақтарын беру мәселелері жөніндегі ұйғарымдарға, мүліктік емес және мүліктік сипаттағы даулар бойынша соттардың шешімдеріне және қаулыларына сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаттардан мемлекеттік баж осындай даулар бойынша талап қою арызы (арыз) берілген кезде осы баптың 1-тармағында белгіленген мемлекеттік баждың тиісті мөлшерлемесінің 50 пайызы мөлшерінде алынады.
3. Бір мезгілде мүлiктiк сипаттағы және мүлiктiк емес сипаттағы талаптарды қамтитын талап қою арыздары үшiн мүлiктiк сипаттағы талап қою арыздары үшін және мүлiктiк емес сипаттағы талап қою арыздары үшін белгiленген мемлекеттiк баж бiр мезгiлде алынады.
611-бап. Нотариаттық әрекеттер жасағаны үшiн мемлекеттiк баж мөлшерлемелері
Нотариаттық әрекеттер жасағаны үшiн мемлекеттiк баж мынадай мөлшерлерде алынады:
1) қалалық жерлердегi жылжымайтын мүлiктi (жер учаскелерiн, тұрғынжайларды, саяжайларды, гараждарды, құрылыстар мен өзге де жылжымайтын мүлiктi) иелiктен шығару туралы шарттарды куәландырғаны үшiн:
егер тараптардың бiрi заңды тұлға болып табылса - 10 АЕК;
құны 30 АЕК-ке дейiн:
балаларына, жұбайына, ата-анасына, туған аға-iнiлерi және апа-қарындастары мен сiңлiлерiне, немерелерiне - 1 АЕК;
басқа адамдарға - 3 АЕК;
құны 30 АЕК-тен жоғары:
балаларына, жұбайына, ата-анасына, туған аға-iнiлерi және апа-қарындастары мен сiңлiлерiне, немерелерiне - 5 АЕК;
басқа адамдарға - 7 АЕК;
егер мәмiле ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша алынған қаражат есебiнен жылжымайтын мүлiктi сатып алу мақсатында жасалатын болса - 2 АЕК;
2) ауылдық жерлердегi жылжымайтын мүлiктi (жер учаскелерiн, тұрғынжайларды, саяжайларды, гараждарды, құрылыстар мен өзге де жылжымайтын мүлiктi) иелiктен шығару туралы шарттарды куәландырғаны үшiн:
егер тараптардың бiрi заңды тұлға болып табылса - 1 АЕК;
балаларына, жұбайына, ата-анасына, туған аға-iнілерi және апа-қарындастары мен сiңлiлерiне, немерелерiне - 0,5 АЕК;
басқа адамдарға - 0,7 АЕК;
3) автомотокөлiк құралдарын иелiктен шығару шарттарын куәландырғаны үшiн:
егер тараптардың бiрi заңды тұлға болып табылса - 7 АЕК;
балаларына, жұбайына, ата-анасына, туған аға-iнiлерi және апа-қарындастары мен сiңлiлерiне, немерелерiне - 2 АЕК;
басқа адамдарға - 5 АЕК;
4) жалдау, қарыз, (ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттарын қоспағанда), кепiлақы, лизинг, мердiгерлiк шарттарын, неке келiсiмшарттарын, ортақ меншiктегi мүлiкті бөлу, мұрагерлiк мүлiктi бөлу шарттарын, алименттердi төлеу жөнiндегi келiсiмдердi, құрылтай шарттарын куәландырғаны үшiн - 5 АЕК;
5) ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттарын куәландырғаны үшiн - 2 АЕК;
6) өсиетхаттарды куәландырғаны үшiн - 1 АЕК;
7) мұрагерлiкке құқық туралы куәлiктер бергені үшiн - әрбір берiлген куәлiк үшін 1 АЕК;
8) ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi үлеске және бiрлескен ортақ меншiк құқығында мүлкi бар өзге адамдардың меншiк құқығы туралы куәлiктер бергені үшiн - 1 АЕК;
9) мүлiктi пайдалану және оған билік ету құқығына сенiмхаттарды куәландырғаны үшiн - 0,5 АЕК;
10) автокөлiк құралдарын сату құқығынсыз пайдалану және басқару құқығына сенiмхаттарды куәландырғаны үшiн - 1 АЕК;
11) автокөлiк құралдарын сатуға, сыйға тартуға, айырбастауға сенiмхаттарды куәландырғаны үшiн - 2 АЕК;
12) өзге сенiмхаттарды куәландырғаны үшiн:
жеке тұлғалар үшін - 0,1 АЕК;
заңды тұлғалар үшін - 0,5 АЕК;
13) мұрагерлік мүлiктi қорғау жөнiнде шаралар қолданғаны үшiн - 1 АЕК;
14) теңiздiк наразылығын жасағаны үшiн - 0,5 АЕК;
15) құжаттардың көшiрмесi мен құжаттардың үзiндi көшiрмесiнің дұрыстығын куәландырғаны үшiн (әр бетiне):
жеке тұлғалар үшін - 0,05 АЕК;
заңды тұлғалар үшін - 0,1 АЕК;
16) құжаттардағы қойылған қолдың төлнұсқалығын, сондай-ақ құжаттардың бiр тiлден екінші тiлге аудармасының дұрыстығын куәландырғаны үшiн (әрбір құжат үшiн):
жеке тұлғалар үшін - 0,03 АЕК;
заңды тұлғалар үшін - 0,1 АЕК;
17) жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн басқа жеке және заңды тұлғаларға бергенi үшiн - 0,2 АЕК;
18) құжаттардың нотариат куәландырған көшiрмелерiн бергенi үшiн - 0,2 АЕК;
19) телнұсқа бергенi үшiн - 1 АЕК;
20) екінші деңгейдегі банктерде шоттар ашқан кезде қойылған қолдардың төлнұсқалығын куәландырғаны үшiн (әрбір құжат үшiн):
жеке тұлғалар үшін - 0,1 АЕК;
заңды тұлғалар үшін - 0,5 АЕК;
21) жылжымайтын мүлiк кепiлі шарттарын, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша талап ету құқықтары мен ипотекалық куәлiктердi куәландырғаны үшiн - 2 АЕК; өзге де кепiл шарттарын куәландырғаны үшiн - 7 АЕК;
22) вексель наразылығын жасағаны үшiн және чектiң төленбегенiн куәландырғаны үшiн - 0,5 АЕК;
23) атқарушылық жазба жасағаны үшін - 0,5 АЕК;
24) құжаттарды және бағалы қағаздарды сақтағаны үшiн - әрбір айға 0,1 АЕК;
25) кепiлгерлiк пен кепiлдiк шарттарын куәландырғаны үшiн - 0,5 АЕК;
26) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген басқа да нотариаттық әрекеттердi жасағаны үшiн - 0,2 АЕК.
612-бап. Азаматтық хал актiлерiн тiркегенi үшiн мемлекеттiк баж мөлшерлемелері
Азаматтық хал актiлерiн тiркегенi үшiн, азаматтарға азаматтық хал актiлерiн тiркеу туралы қайтадан куәлiктер, сондай-ақ азаматтық хал актілерінің жазбаларын өзгертуге, толықтыруға, түзетуге және қалпына келтiруге байланысты куәлiктер бергенi үшiн мемлекеттік баж мынадай мөлшерде алынады:
1) неке қиюды тiркегенi үшiн - 1 АЕК;
2) неке бұзуды тiркегенi үшiн:
кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлi-зайыптылардың өзара келiсiмi бойынша - 2 АЕК;
сот шешiмi негiзiнде - 1,5 АЕК (ерлi-зайыптылардың бiреуiнен немесе екеуiнен);
белгіленген тәртiппен хабарсыз кеткен деп немесе жүйке ауруы немесе ақыл-есiнің кемдiгi салдарынан әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамдармен не қылмыс жасағаны үшiн үш жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдармен сот шешiмi негiзiнде - 0,1 АЕК;
3) тегiн, атын немесе әкесiнiң атын өзгертуді тiркегенi үшiн - 2 АЕК;
4) азаматтық хал актiлерiнің жазбаларын өзгертуге, толықтыруға, түзетуге және қалпына келтiруге байланысты куәлiктер бергенi үшiн - 0,5 АЕК;
5) азаматтық хал актiлерiн тiркеу туралы қайтадан куәлiктердi бергенi үшiн - 1 АЕК;
6) шетел азаматтарының ұл бала (қыз бала) асырап алуын тiркегенi үшiн - 2 АЕК;
7) азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтамалар бергені үшін - 0,3 АЕК;
8) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінен азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктерді талап еткені үшін - 0,5 АЕК;
9) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерін қоспағанда, шет мемлекеттерден азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктерді талап еткені үшін - 1 АЕК.
613-бап. Қазақстан Республикасының визаларын берген, Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуге құжаттарды ресімдеген, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне шақыруларды ресімдеген және келіскен, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiрген немесе Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан кездегi мемлекеттiк баж мөлшерлемелері
Қазақстан Республикасының визаларын беруге, Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуге құжаттарды ресімдеуге, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне шақыруларды ресімдеуге және келісуге, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiруге немесе Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуға байланысты әрекеттер жасағаны үшiн мемлекеттік баж мынадай мөлшерлерде алынады:
1) Қазақстан Республикасының аумағында шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мынадай құқыққа визалар бергенi, қалпына келтіргені немесе ұзартқаны үшiн:
Қазақстан Республикасынан кетуге - 0,5 АЕК;