15. Осы баптың 13-тармағында көрсетілген активтерден басқа, преференциялар объектісі, осы Кодекстің 276-бабының 6-тармағында көрсетілген жағдайда осы объект пайдалануға енгізілген салықтық кезеңнен кейінгі үш салықтық кезең өткен соң топтың (кіші топтың) құндық балансына нөлдік құн бойынша қосуға жатады.
16. Лизинг шартынан басқа, мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша алынған мүлікке қатысты салық төлеуші шеккен жөндеу, реконструкциялау, жаңғырту, күтіп-ұстау жөніндегі шығындар және басқа да шығындар осы Кодекстің 266-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген тіркелген активтің бастапқы құны болып табылады. Осы тармаққа сәйкес олар бухгалтерлік есепке алуда ұзақ мерзімді актив ретінде танылған күнге дейін шегілген, оның құнын халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ұлғайтатын шығындар есепке алынады.
17. Өзі бойынша лизингтің нысанасы алынған құн лизинг шарты бойынша келіп түскен тіркелген активтің бастапқы құны болып табылады.
18. Лизинг алушы лизинг нысанасын лизинг берушіге қайтарған кезде, лизинг нысанасын лизинг шарты бойынша берген құн мен лизинг нысанасын берген күннен бастап қайтарған күнге дейінгі кезеңдегі лизингтік төлемдер сомасына қосылған лизинг нысанасының құны арасындағы оң айырма тіркелген активтің бастапқы құны болып табылады.
269-бап. Жекелеген жағдайларда топтың (кіші топтың) құндық балансын қалыптастыру
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін немесе шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке ауысқан кезде, тіркелген активтердің амортизацияның есеп айырысу сомасына азайтылған сатып алыну құны олардың бастапқы құны болып табылады.
Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 264-бабының 1) - 6) және 8) тармақшаларында көрсетілген шығындардан (шығыстардан) басқа, активтің пайдаланылуы басталғанға дейін жасалған сатып алуға, өндіруге, салуға, монтаждауға, орнатуға, реконструкциялауға және жаңғыртуға арналған шығындардың жиынтығы активті сатып алу құны болып табылады.
Егер актив бұрын өтеусіз алынған болса, осы баптың мақсаттары үшін оның осы Кодекстің 681-бабының 2-тармағына сәйкес өтеусіз алынған мүлік түрінде салық салу объектісіне қосылған құны осындай активті сатып алу құны болып табылады.
Қайырымдылық көмек, мұрагерлік түрінде алынған активтер бойынша, осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, активтің осы активке меншік құқығы туындаған күнгі Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған нарықтық құны активті сатып алу құны болып табылады.
Амортизацияның есеп айырысу сомасы мынадай шамалардың:
осы тармаққа сәйкес айқындалған активті сатып алу құнының;
осы баптың 3-тармағында көзделген амортизацияның шекті айлық нормасының;
осындай салық төлеуші активті алғаш пайдалануға енгізген күннен бері өткен айлар санының көбейтіндісі ретінде айқындалады.
2. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, тіркелген активтің пайдалануы басталғаннан кейін жасалған оны реконструкциялауға және жаңғыртуға арналған шығыстар, амортизацияның есеп айырысу құнына азайтылған, осы Кодекстің 264-бабының 1) - 6) және 8) тармақшаларында көрсетілген шығындардан (шығыстардан) басқа, осындай шығыстардың сомасына тең бастапқы құны бар жеке тіркелген актив болып танылады.
Амортизацияның есеп айырысу сомасы мынадай шамалардың:
осы тармаққа сәйкес айқындалған реконструкциялауға және жаңғыртуға арналған шығыстар сомасының;
осы баптың 3-тармағымен көзделген амортизацияның шекті айлық нормасының;
реконструкциялау, жаңғырту аяқталған күннен бері өткен айлар санының көбейтіндісі ретінде айқындалады.
Осы тармақтың, осы Кодекстің 334-бабы 3-тармағының және 520-бабы 6-тармағының мақсаттары үшін реконструкциялау және жаңғырту деп нәтижелері бір мезгілде:
негізгі құралдың конструкциясын өзгерту, оның ішінде жаңарту;
негізгі құралдың қызмет мерзімін үш жылдан астам уақытқа ұзарту;
реконструкциялауды және жаңғыртуды жүзеге асыру үшін осы негізгі құрал пайдаланудан уақытша шығарылған күнтізбелік айдың басындағы техникалық сипаттамаларымен салыстырғанда негізгі құралдың техникалық сипаттамаларының жақсаруы болып табылатын реконструкциялау және жаңғырту танылады.
3. Тіркелген актив осы Кодекстің 267-бабының 1-тармағына сәйкес енгізілуге жататын топқа қарай амортизацияның мынадай айлық нормалары қолданылады:
| Р/с № | Топтың № | Тіркелген активтердің атауы | Амортизацияның айлық нормасы % |
| 1. | I | Мұнай, газ ұңғымаларын және беру құрылғыларын қоспағанда, ғимараттар, құрылысжайлар | 0,83 |
| 2. | II | Мұнай-газ өндіру машиналары мен жабдықтарын, сондай-ақ ақпаратты өңдеуге арналған компьютерлер мен жабдықтарды қоспағанда, машиналар мен жабдық | 2,08 |
| 3. | III | Ақпаратты өңдеуге арналған компьютерлер, бағдарламалық қамтылым және жабдық | 3,33 |
| 4. | IV | Басқа топтарға енгізілмеген тіркелген активтер, оның ішінде мұнай, газ ұңғымалары, беру құрылғылары, мұнай-газ өндіру машиналары мен жабдығы | 1,25 |
Реконструкциялау және жаңғырту нәтижесінде құрылған тіркелген актив осы баптың 2-тармағын қолдану мақсаттарында реконструкциялауға және жаңғыртуға ұшыраған тіркелген актив енгізілуге жататын топқа енгізіледі.
4. Тіркелген активтердің бастапқы құны мынадай шарттар бір мезгілде орындалған:
шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін немесе шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке ауысқан;
салық төлеуші шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін немесе шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін күнтізбелік 12 айдан аз уақыт қолданған;
салық төлеуші шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режиміне немесе шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режиміне ауысқанға дейін жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті қолданған кезде осы тармаққа сәйкес айқындалады.
Тіркелген активтердің бастапқы құны шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимі немесе шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі қолданыла бастаған күннің алдындағы күнгі құндық топтардың (кіші топтардың) және шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимі немесе шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі қолданылған кезеңде осы Кодекстің 266 - 268 және 270 -273-баптарына сәйкес айқындалған тіркелген активтер бойынша шегерімдердің мөлшері негізге алына отырып айқындалады.
270-бап. Тіркелген активтердің шығып қалуы
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, мыналар:
1) танылуы толық амортизация және (немесе) құнсыздану нәтижесінде тоқтатылған, мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша берілген жағдайларды қоспағанда, осы активтерді бухгалтерлік есепке алуда негізгі құралдар, жылжымайтын мүлікке инвестициялар, материалдық емес және биологиялық активтер ретінде тануды тоқтату;
2) осы активтерді лизинг шарты бойынша беру;
3) осы активтерді сатуға арналған активтердің, запастардың құрамына ауыстыру тіркелген активтердің шығып қалуы болып табылады;
4) осы Кодекстің 266-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген тіркелген активтерге қатысты - егер мүліктік жалдау (жалға алу) шарты тоқтатылғаннан кейін бухгалтерлік есепке алуда танылған актив тіркелген активтерге жатпаса, мүліктік жалдау (жалға алу) шартының тоқтатылуы тіркелген активтердің шығып қалуы болып табылады.
Тіркелген активтердің шығып қалуын салық салу мақсаттарында тану шығып қалған активтерді тіркелген активтердің құрамынан алып тастауды білдіреді.
2. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, кіші топтың (топтың) құндық балансы:
1) шығып қалатын тіркелген активтердің;
2) осы Кодекстің 266-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген тіркелген активтерге қатысты мүліктік жалдау (жалға алу) шарты тоқтатылған кезде есепке алынған активтің шығып қалу күніндегі халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалған баланстық құнына азайтылады.
3. Тіркелген активтерді, лизинг шарты бойынша беруден басқа, өткізу кезінде кіші топтың (топтың) құндық балансы, қосылған құн салығын қоспағанда, өткізу құнына азайтылады.
Егер кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шартын қоса алғанда, сатып алу-сату шартында өткізу құны тіркелген активтердің объектілері бөлінісінде айқындалмаса, кіші топтың (топтың) құндық балансы шығып қалатын тіркелген активтердің өткізу күнінде халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалған баланстық құнына азайтылады.
Тіркелген активтерді лизинг шарты бойынша беру кезінде кіші топтың (топтың) құндық балансы осы шартқа сәйкес лизинг нысанасы берілген құнға азайтылады.
4. Тіркелген активтерді өтеусіз беру кезінде кіші топтың (топтың) құндық балансы аталған активтерді қабылдап алу-беру актісінде көрсетілген берілген активтердің құнына, бірақ аталған активтердің беру күнінде бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша баланстық құнынан кем емес құнға азайтылады.
5. Тіркелген активтерді жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде кіші топтың (топтың) құндық балансы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес айқындалатын құнға азайтылады.
6. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, тіркелген активтер бірігу, қосылу, бөліну немесе бөліп шығару арқылы қайта ұйымдастыру нәтижесінде шығып қалған кезде қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның кіші тобының (тобының) құндық балансы берілген активтердің беру актісінде немесе бөлу балансында көрсетілген баланстық құнына азайтылады.
Бірігу, қосылу арқылы қайта ұйымдастыру кезінде салық төлеушілер салықтық есепке алу мақсаттары үшін, беру актісінде берілетін тіркелген активтердің қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның салықтық есепке алу деректері бойынша құнын:
1) I топтың тіркелген активтері бойынша - тіркелген активтердің осы Кодекстің 267-бабының 3-тармағында айқындалған тәртіппен есептелген қалдық құнын;
2) II, III, ІV топтардың тіркелген активтері бойынша топтың барлық тіркелген активтерін беру шартымен - осы Кодекстің 267-бабының 8-тармағында айқындалған тәртіппен есептелген топтың құндық балансының шамасын көрсетуге құқылы.
Бірігу, қосылу арқылы қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның кіші тобының (тобының) құндық балансы берілетін тіркелген активтердің осы тармаққа сәйкес беру актісінде көрсетілген салықтық есепке алу деректері бойынша құнына азайтылады.
Заңды тұлғаны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес бөліп шығару арқылы қайта ұйымдастыру кезінде салық төлеуші салықтық есепке алу мақсаттары үшін беру актісінде салықтық есепке алу деректері бойынша І топтың тіркелген активтерінің осы Кодекстің 267-бабының 3-тармағында айқындалған тәртіппен есептелген қалдық құнын көрсетуге құқылы.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес бөліп шығару арқылы қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның кіші тобының (тобының) құндық балансы берілетін тіркелген активтердің салықтық есепке алу деректері бойынша, осы тармаққа сәйкес беру актісінде көрсетілген құнына азайтылады.
7. Құрылтайшы, қатысушы мүлікті алып қойған кезде, кіші топтың (топтың) құндық балансы құрылтайшылардың, қатысушылардың келісуі бойынша айқындалған құнға азайтылады.
8. Өзіне байланысты активтің бухгалтерлік есепке алуда танылуы тоқтатылатын тіркелген активтер жоғалған, бүлінген кезде:
1) тіркелген активтер сақтандырылған жағдайларда - кіші топтың (топтың) құндық балансы сақтандыру шартына сәйкес сақтандыру ұйымы сақтанушыға төлеген сақтандыру төлемдерінің сомасына тең құнға азайтылады;
2) І топтың тіркелген активтерін сақтандыру болмаған кезде - тиісті кіші топтардың құндық балансы тіркелген активтердің осы Кодекстің 267-бабының 3-тармағында айқындалған тәртіппен есептелген қалдық құнына азайтылады;
3) І топтың тіркелген активтерінен басқа, тіркелген активтерді сақтандыру болмаған кезде шығып қалу көрсетілмейді.
9. Лизинг алушы лизинг нысанасын лизинг берушіге қайтарған кезде кіші топтың (топтың) құндық балансы осы актив салықтық есепке алуда танылған бастапқы құн мен лизинг нысанасы алынған күннен қайтарылған күнге дейінгі кезеңде лизингтік төлемдер сомасына енгізілген лизинг нысанасының құны арасындағы оң айырмаға азайтылады.
10. Тіркелген активтер сенімгерлік басқаруға берілген кезде топтың (кіші топтың) құндық балансы:
1) І топ бойынша - тіркелген активтердің қалдық құнына;
2) ІІ, ІІІ және ІV топтар бойынша - берілу күнінде халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалған баланстық құнға азайтылады.
11. Сенімгерлік басқарушы сенімгерлік басқару жөніндегі міндеттемелер тоқтатылған кезде топтың (кіші топтың) құндық балансын:
1) І топ бойынша - тіркелген активтердің осы Кодекстің 267-бабының 3-тармағында айқындалған тәртіппен есептелген қалдық құнына;
2) ІІ, ІІІ және ІV топтар бойынша:
топтың барлық активтерін беру кезінде - топтың осы Кодекстің 267-бабының 8-тармағында айқындалған тәртіппен есептелген құндық балансының шамасына;
қалған жағдайларда - берілетін активтердің осы Кодекстің 268-бабына сәйкес айқындалған, амортизациялық аударымдар сомасына азайтылған бастапқы құнына азайтады. Бұл ретте амортизациялық аударымдар осы Кодексте тіркелген активтердің тиісті тобы үшін көзделген, алдыңғы кезеңдер үшін амортизациялық аударымдар сомасына азайтылған бастапқы құнға қолданылатын амортизацияның шекті нормасы негізге алына отырып, сенімгерлік басқарудың есепті салықтық кезеңнің алдындағы әрбір салықтық кезеңі үшін есептеледі.
12. Тіркелген активтер концессия шарты бойынша концессионерге берілген кезде конценденттің тобының (кіші тобының) құндық балансы:
1) І топ бойынша - тіркелген активтердің осы Кодекстің 267-бабының 3-тармағында айқындалған тәртіппен есептелген қалдық құнына;
2) ІІ, ІІІ және ІV топтар бойынша - уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес құнға азайтылады.
13. Концессия шарты тоқтатылған кезде тіркелген активтер концендентке берілген кезде концессионердің тобының (кіші тобының) құндық балансы:
1) І топ бойынша - тіркелген активтердің осы Кодекстің 267-бабының 3-тармағында айқындалған тәртіппен есептелген қалдық құнына;
2) ІІ, ІІІ және ІV топтар бойынша - уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес құнға азайтылады.
14. Тіркелген активтерді кіріс алуға бағытталған қызметте пайдалануды уақытша тоқтатқан кезде:
1) маусымдық өндірісте пайдаланылатын І топтың тіркелген активтері бойынша - шығып қалу көрсетілмейді;
2) І топтың басқа тіркелген активтері бойынша - тиісті кіші топтардың құндық балансы тіркелген активтердің осы Кодекстің 267-бабының 3-тармағында айқындалған тәртіппен есептелген қалдық құнына азайтылады. Кіші топтың құндық балансын азайту активті пайдаланудан уақытша шығарудың және оны пайдалану уақытша тоқтатылғаннан кейін пайдалануға енгізудің салықтық кезеңдері сәйкес келмеген жағдайда жүргізіледі;
3) ІІ, ІІІ және ІV топтар бойынша шығып қалу көрсетілмейді.
Тіркелген активтерді пайдалануды уақытша тоқтатуға тіркелген активтерді бухгалтерлік есепке алуда негізгі құралдар, жылжымайтын мүлікке инвестициялар, материалдық емес және биологиялық активтер ретінде тануды тоқтатпай, мұндай активтерді пайдаланудан уақытша шығару жатады.
Бір мезгілде мынадай:
техникалық құжаттамада көрсетілген белгілі бір температуралық режимдерде пайдалану туралы талаптарға байланысты есепті кезеңнің соңында пайдаланыла алмайды;
күнтізбелік жылдың белгілі бір, бірақ үш айдан кем емес кезеңі ішінде климаттық, табиғи немесе технологиялық жағдайларға байланысты өндірістік процеске қатысады;
есепті салықтық кезеңде кіріс алуға бағытталған қызметте пайдаланылған деген шарттарға сәйкес келетін І топтың тіркелген активтері осы тармақтың мақсаттарында маусымдық өндірісте пайдаланылатын І топтың тіркелген активтері болып табылады.
271-бап. Амортизациялық аударымдарды есептеу
1. Тіркелген активтердің құны осы Кодексте айқындалған тәртіппен және шарттарда амортизациялық аударымдарды есептеу арқылы шегерімге жатады.
2. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, әрбір кіші топ, топ бойынша амортизациялық аударымдар тіркелген активтер топтарының (кіші топтарының) құндық баланстарын айқындау және тіркелген активтер жөніндегі келесі шығыстар бойынша салықтық тіркелімде көрсетілген, осы тармақта белгіленген шекті нормалардан аспауға тиіс амортизация нормаларын кіші топтың, топтың салықтық кезеңнің соңындағы құндық балансына қолдану арқылы айқындалады:
| Р/с № | Топтың № | Тіркелген активтердің атауы | Амортизацияның шекті нормасы (%) |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | I | Мұнай, газ ұңғымаларын және беру құрылғыларын қоспағанда, ғимараттар, құрылысжайлар | 10 |
| 2. | II | Мұнай-газ өндіру машиналары мен жабдықтарын, сондай-ақ ақпаратты өңдеуге арналған компьютерлер мен жабдықтарды қоспағанда, машиналар мен жабдық | 25 |
| 3. | III | Ақпаратты өңдеуге арналған компьютерлер, бағдарламалық қамтылым және жабдық | 40 |
| 4. | IV | Басқа топтарға енгізілмеген тіркелген активтер, оның ішінде мұнай, газ ұңғымалары, беру құрылғылары, мұнай-газ өндіру машиналары мен жабдығы | 15 |
3. Осы Кодекстің 267-бабының 10-тармағында көрсетілген топтардың (кіші топтардың) құндық баланстары бойынша амортизациялық аударымдар топтардың (кіші топтардың) салықтық кезеңнің соңындағы осындай құндық баланстарына осы бапта белгіленген амортизацияның шекті нормаларын қолдану арқылы айқындалады.
4. Мұнай, газ ұңғымаларын және беру құрылғыларын қоспағанда, ғимараттар мен құрылысжайлар бойынша амортизациялық аударымдар әрбір объект бойынша жеке айқындалады.
5. Салық төлеуші таратылған немесе қайта ұйымдастырылған, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлға осы бөлімге сәйкес корпоративтік табыс салығын есептеуге көшкен жағдайда, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндірушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнаулы салық режимін қолдануды тоқтатқан кезде амортизациялық аударымдар салықтық кезеңдегі қызмет кезеңіне түзетіледі.
6. Салық төлеуші Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет пайдалануға енгізілетін, осы Кодекстің 274-бабы 2-тармағының ережелеріне сәйкес келетін өндірістік мақсаттағы ғимараттарды және құрылысжайларды, машиналар мен жабдықты:
тіркелген активтер деп тануға және олардың құнын осы бөлімнің 3-параграфында айқындалған тәртіппен шегерімге жатқызуға немесе
преференциялар объектілері деп тануға және олардың құнын осы бөлімнің 4-параграфында белгіленген шарттар сақталған кезде және тәртіппен шегерімге жатқызуға құқылы.
7. Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет пайдалануға енгізілген тіркелген активтер бойынша пайдаланудың бірінші салықтық кезеңде, осы тіркелген активтерді жылдық жиынтық кіріс алу мақсатында кемінде үш жыл пайдалану шартымен амортизацияның қосарлы нормалары бойынша амортизациялық аударымдар есептеуге құқылы. Осы тіркелген активтер пайдаланудың бірінші салықтық кезеңде топтың құндық балансынан бөлек есепке алынады. Келесі салықтық кезеңде осы тіркелген активтер тиісті топтың құндық балансына қосуға жатады.
Өзі бойынша амортизациялық аударымдарды есептеу осы тармаққа сәйкес жүргізілген, алғаш рет пайдалануға енгізілген тіркелген актив шығып қалған жағдайда, үш жылдық кезең өткенге дейін көрсетілген тіркелген актив бойынша жүргізілген шегерудің осы бапта көзделген амортизацияның шекті нормалары бойынша айқындалған амортизациялық аударымдар сомасынан асып кету сомасы өзінде амортизацияның қосарлы нормасы қолданылған салықтық кезеңнің жылдық жиынтық кірісіне қосуға жатады.
Осы тармақтың ережелері бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін:
1) өздерін пайдаланудың өзіндік ерекшеліктеріне орай жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт (келісімшарттар) бойынша қызметті жүзеге асырумен тікелей себептік-салдарлық байланысы бар активтер болып табылатын;
2) салықтық есепке алуда жер қойнауын пайдаланушы осы активтер бойынша шеккен келесі шығыстар жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт (келісімшарттар) бойынша қызмет пен келісімшарттан тыс қызмет арасында бөлінуге жатпайтын тіркелген активтерге ғана қолданылады.
8. Осы Кодекстің 302-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайту көзделген қызмет бойынша салық төлеушілер:
инвестициялық басым жобаны іске асырып жатқан және арнаулы салық режимін қолданбайтын ұйым - амортизацияның осы бапта белгіленген шекті нормаларының 50 пайызынан кем емес мөлшерінде;
өзге де салық төлеушілер - амортизацияның осы бапта белгіленген шекті нормалары мөлшерінде амортизация нормаларын қолдану арқылы амортизациялық аударымдарды есептеуді жүргізеді.
272-бап. Келесі шығыстар шегерімі
1. Мына активтер:
1) тіркелген активтер, оның ішінде олардың пайдалануы уақытша тоқтатылған кезеңде;
2) мыналарда:
коммерциялық табудан кейін өндіру басталған кезге дейінгі кезеңде - осы Кодекстің 266-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында;
осы Кодекстің 266-бабы 2-тармағының 7) және 15) тармақшаларында көрсетілген активтерді қоспағанда, салық төлеушінің бухгалтерлік есепке алуында халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес есепке алынатын және кіріс алуға бағытталған қызметте пайдалануға арналған, тіркелген активтерге жатпайтын негізгі құралдар, жылжымайтын мүлікке инвестициялар, материалдық емес және биологиялық активтер;
3) осы Кодекстің 260-бабында көрсетілген активтер бухгалтерлік есепке алуда танылғаннан кейін оларға қатысты шегілген пайдалану, жөндеу, реконструкциялау, жаңғырту, күтіп-ұстау, жою жөніндегі шығындар және басқа да шығындар келесі шығыстар болып танылады.
Келесі шығыстарға, оның ішінде, жер қойнауын пайдаланушылардың өзіне жасалатын аударымдар осы Кодекстің 252-бабына сәйкес шегерімге жататын жою қорының қаражаты есебінен жүргізілген шығыстарын қоспағанда, салық төлеушінің резервтік қорлары есебінен жүргізілетін шығыстар жатады.
Мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша алынған мүлікке қатысты шегілген пайдалану, жөндеу, реконструкциялау, жаңғырту, күтіп-ұстау, жою жөніндегі шығындар және басқа шығындар да келесі шығыстар болып танылады.
2. Егер осы баптың 3 және 4-тармақтарында өзгеше көзделмесе, бухгалтерлік есепке алуда тіркелген активтерге, осы Кодекстің 266-бабы 2-тармағының 14) тармақшасында көрсетілген активтерге жатқызылатын активтердің баланстық құнын ұлғайтуға жатқызылатын келесі шығыстардың, сондай-ақ осы Кодекстің 276-бабының 5-тармағында көрсетілген келесі шығыстардың сомасы:
1) актив түріне сәйкес келетін топтың (кіші топтың) құндық балансын ұлғайтады;
2) актив түріне сәйкес келетін топтың (кіші топтың) құндық балансы болмаған кезде, актив түріне сәйкес келетін топтың (кіші топтың) ағымдағы салықтық кезеңнің соңындағы құндық балансын қалыптастырады.
Осы Кодекстің 268-бабының 13-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы тармақта көзделген келесі шығыстар салық салу мақсаттарында өздері бухгалтерлік есепке алуда активтердің баланстық құнын ұлғайтуға жатқызылған салықтық кезеңде танылады.
Лизинг шартынан басқа, мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша алынған және бухгалтерлік есепке алуда ұзақ мерзімді актив ретінде танылған мүлікке қатысты шегілген келесі шығыстардың сомасы осы Кодекстің 266-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес тіркелген актив ретінде есепке алынады.
3. Инвестициялық салықтық преференцияларды қолдануға құқығы бар салық төлеуші өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылысжайларды, сондай-ақ машиналар мен жабдықтарды реконструкциялауға, жаңғыртуға арналған келесі шығыстарды өзі таңдауы бойынша осы баптың 2-тармағына немесе осы Кодекстің 274 - 276-баптарына сәйкес шегерімге жатқызуға құқылы.
4. Осы Кодекстің 266-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген активтер бойынша пайдалы қазбаларды коммерциялық табудан кейін өндіру басталған кезден бастап шегілген келесі шығыстардың бухгалтерлік есепке алуда мұндай активтердің баланстық құнын ұлғайтуға жатқызуға жататын сомасы осы Кодекстің 258-бабының 1-тармағында көзделген амортизацияланатын активтердің тобы бойынша жинақталған шығыстардың салықтық кезеңнің соңындағы сомасын, оның ішінде мұндай сома салықтық кезеңнің соңында нөлге тең болған жағдайда да ұлғайтады.