2) өңірдің әлеуметтік саласын дамытуға шеккен іс жүзіндегі шығыстары деп - өңірдің әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін дамытуға және қолдауға арналған шығыстар, сондай-ақ осы мақсатқа арнап мемлекеттік бюджетке аударылған ақша танылады.
262-бап. Теріс бағамдық айырма сомасының оң бағамдық айырма сомасынан асып кетуін шегеру
Егер теріс бағамдық айырманың сомасы оң бағамдық айырма сомасынан асып кеткен жағдайда, асып кету шамасы шегерімге жатады.
263-бап. Салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің шегерімі
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, есепті салықтық кезеңде Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің бюджетіне төленген салықтар және бюджетке төленетiн төлемдер:
1) есепті салықтық кезеңде - есепті салықтық кезең және (немесе) есепті салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезеңдер үшін есепке жазылған және (немесе) есептелген шекте;
2) есепті салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезеңдерде - есепті салықтық кезең үшін есепке жазылған және (немесе) есептелген шекте шегерімге жатады.
Бұл ретте салықтардың және бюджетке төленетiн төлемдердің төленген сомасы осы Кодекстiң 102 және 103-баптарында айқындалған тәртiппен есепке жатқызу жүргiзілгені ескеріле отырып айқындалады.
Салықтарды және бюджетке төленетiн төлемдерді есептеу және есепке жазу Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің (өзге мемлекеттің бюджетіне төленген салықтар және төлемдер үшін) салық заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
2. Қарыз шартын жасасу кезінде жарғылық капиталына шет мемлекет қатысқан бейрезидент-банктен алынған қарыз бойынша осындай қарыз шартына сәйкес төлем көзінен алынатын корпоративтік табыс салығы қарыз алушының меншікті қаражаты есебінен бейрезидент-банкке төленуге жататын сыйақы сомасынан төленсе, егер мұндай қарыздың сомасы республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген, тиісті салықтық кезеңнің 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 10 000 000 еселенген мөлшерінен асқан жағдайда, төлем көзінен алынатын көрсетілген салық шегерімге жатқызылады.
3. Мыналар:
1) жылдық жиынтық кіріс айқындалғанға дейін алып тасталатын салықтар;
2) корпоративтік табыс салығы және Қазақстан Республикасының аумағында және басқа мемлекеттерде төленген, заңды тұлғалардың кірістеріне (пайдасына) салынатын, корпоративтік табыс салығына ұқсас салықтар;
3) жеңiлдiктi салық салынатын мемлекеттерде төленген салықтар;
4) үстеме пайда салығы;
5) жер қойнауын пайдалануға балама салықтар шегерімге жатпайды.
264-бап. Шегерімге жатпайтын шығындар
Мыналар:
1) кіріс алуға бағытталған қызметке байланысты емес шығындар;
2) сот тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің осындай салық төлеушіден іс жүзінде алынғанын анықтаған операцияларды қоспағанда, соттың заңды күшіне енген шешімімен анықталған, басшысы және (немесе) құрылтайшысы (қатысушысы) осындай заңды тұлғаны тіркеуге (қайта тіркеуге) және (немесе) оның қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыруға қатысты болмайтын салық төлеушімен іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасалған операциялар бойынша шығыстар;
3) осы Кодекстің 91-бабында айқындалған тәртіппен әрекет етпейтін деп танылған салық төлеушіні әрекет етпейтін деп тану туралы бұйрық шығарылған күннен бастап онымен жасалған операциялар бойынша шығыстар;
4) заңды күшіне енген сот актісімен танылған, жеке кәсіпкерлік субъектісі іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасаған шот-фактура немесе өзге құжат жазып беру жөніндегі әрекет (әрекеттер) бойынша шығыстар;
5) соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жарамсыз деп танылған мәміле бойынша шығыстар;
6) мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша бюджетке енгізілуге жататын (енгізілген) тұрақсыздық айыптарын (айыппұлдарды, өсімпұлды) қоспағанда, бюджетке енгізілуге жататын (енгізілген) тұрақсыздық айыптары (айыппұлдар, өсімпұл);
7) осы Кодексте өздері үшін шегерімге жатқызу нормалары белгіленген шығыстардың көрсетілген нормалар қолданыла отырып есептелген шегерімнің шекті сомасынан асып кету сомасы;
8) Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің (өзге мемлекеттің бюджетіне төленген салықтар және төлемдер үшін) заңнамасында белгіленген мөлшерлерден артық есептелген (есепке жазылған) және төленген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер сомасы;
9) осы Кодекстің 239-бабында көзделген әлеуметтік сала объектілерінің құнына енгізілетін сатып алу, өндіру, салу, монтаждау, орнату жөніндегі шығындар және басқа да шығындар, сондай-ақ оларды пайдалану жөніндегі шығыстар;
10) егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, салық төлеуші өтеусіз негізде берген мүліктің құны шегерімге жатпайды. Өтеусіз орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны осындай жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге байланысты шегілген шығыстар мөлшерінде айқындалады;
11) осы Кодекстің 411-бабын қолданатын салық төлеушіде туындаған, есепке жатқызуға жататын қосылған құн салығы сомасының салықтық кезеңде есепке жазылған қосылған құн салығы сомасынан асып кетуі;
12) осы Кодекстің 250, 252 және 253-баптарында көзделген шегерімдерді қоспағанда, резервтік қорларға аударымдар;
13) кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шарты бойынша берілетін запастардың баланстық құны;
14) өнімді бөлу туралы келісімшарт бойынша қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының төленген қосымша төлемінің сомасы;
15) салық төлеушінің осы Кодекстің 228-бабына сәйкес амортизацияға жатпайтын активтердің бастапқы құнына қосылатын шығындары;
16) жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда берген пайдалы қазбаларды өткізуге байланысты шығыстар;
17) мемлекет атынан алушыда - жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда беретін пайдалы қазбалар көлемінің құны;
18) лизинг шартынан басқа, мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша уақытша иеленуге және пайдалануға берілетін активтердің баланстық құны;
19) жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда беретін пайдалы қазбалар көлемінің құны;
20) тармақша 2027 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
20) бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктің еншілес ұйымының:
осы ұйым Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасына сәйкес алған және бас банкке аударылған ақша түріндегі;
Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыруға байланысты емес шығыстары;
21) коммерциялық емес ұйымдардың осы Кодекстің 289-бабының 2-тармағында көрсетілген кірістер есебінен жүргізілген шығыстары шегерімге жатпайды.
3-параграф. Тіркелген активтер бойынша шегерімдер
265-бап. Тіркелген активтер бойынша шегерімдер
Шегерімге:
1) осы Кодекстің 271-бабына сәйкес есептелген амортизациялық аударымдар;
2) осы Кодекстің 273-бабының 2 және 4-тармақтарына сәйкес кіші топтың (топтың) салықтық кезеңнің соңындағы құндық балансы;
3) осы Кодекстің 272-бабына сәйкес келесі шығыстар жатады.
266-бап. Тіркелген активтер
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, мыналар тіркелген активтерге жатады:
1) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген активтерді қоспағанда, келіп түскен кезде салық төлеушiнiң бухгалтерлiк есепке алуында халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес есепке алынған және есепті және (немесе) алдағы кезеңдерде кіріс алуға бағытталған қызметте пайдалануға арналған негiзгi құралдар, жылжымайтын мүлiкке инвестициялар, материалдық емес және биологиялық активтер;
2) концессия шарты шеңберiнде концедент концессионердің (құқық мирасқорының немесе концессия шартын iске асыру үшiн тек қана концессионер арнайы құрған заңды тұлғаның) иеленуіне және пайдалануына берген, қызмет мерзiмi бiр жылдан асатын активтер;
3) кіріс алуға бағытталған қызметте бір жылдан астам уақыт бойы пайдалануға арналған, сенімгерлік басқарушы сенімгерлік басқаруға алған, қызмет мерзімі бір жылдан асатын активтер;
4) лизинг шартынан басқа, мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша алынған және бухгалтерлік есепке алуда ұзақ мерзімді актив ретінде танылған мүлікке қатысты шегілген келесі шығыстар;
5) жалға берушіде - лизинг шарты бойынша берілген мүліктен басқа, мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша берілген, осындай шарт бойынша берілгеннен кейін бухгалтерлік есепке алуда негізгі құралдар, жылжымайтын мүлікке инвестициялар, материалдық емес және биологиялық активтер ретінде есепке алынбайтын мүлік.
2. Мыналар тіркелген активтерге жатпайды:
1) жер қойнауын пайдаланушы коммерциялық табудан кейін өндіру басталған кезге дейін пайдалануға енгізетін және осы Кодекстің 258-бабына сәйкес салық салу мақсаттарында есепке алынатын негізгі құралдар және материалдық емес активтер;
2) мыналарды:
осы баптың 1-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген активтерді;
осындай активтерді халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес әділ құны бойынша есепке алуға байланысты өздері бойынша амортизациялық аударымдарды есептеу жүргізілмейтін биологиялық активтерді, жылжымайтын мүлікке инвестицияларды қоспағанда, өздері бойынша халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес амортизациялық аударымдарды есептеу жүргізілмейтін активтер;
3) жер;
4) музей құндылықтары;
5) сәулет және өнер ескерткіштері;
6) ортақ пайдаланымдағы құрылысжайлар: концессия шарты шеңберінде концессионер құрған және (немесе) алған, концессия объектілері болып табылатын автомобиль жолдарын қоспағанда, автомобиль жолдары, тротуарлар, бульварлар, гүлзарлар;
7) аяқталмаған күрделі құрылыс;
8) фильм қорына жататын объектілер;
9) Қазақстан Республикасы шама бірліктерінің мемлекеттік эталондары;
10) Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған салық заңнамасына сәйкес бұрын құны толығымен шегерімге жатқызылған негізгі құралдар;
11) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес салық төлеушінің бухгалтерлік балансында пайдалы қызмет мерзімі айқындалмаған деп танылған және солай деп ескерілетін, пайдалы қызмет мерзімі айқындалмаған материалдық емес активтер;
12) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес жылдық жиынтық кірістен қосымша шегерімдер құқығы беріле отырып, 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған келісімшарттар бойынша инвестициялық жоба шеңберінде пайдалануға енгізілген активтер;
13) 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін шегерімге жатқызылған құн бөлігінде Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес корпоративтік табыс салығын төлеуден босату ұсыныла отырып, 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған келісімшарттар бойынша инвестициялық жоба шеңберінде пайдалануға енгізілген активтер;
14) осы Кодекстің 268-бабының 14-тармағында көзделген жағдайлардан басқа, осындай объектілер пайдалануға енгізілген салықтық кезеңнен кейінгі үш салықтық кезең ішіндегі преференциялар объектілері;
15) осы Кодекстің 239-бабында көзделген әлеуметтік сала объектілері болып табылатын, қызмет мерзімі бір жылдан асатын активтер;
16) осы Кодекстің 260-бабында көрсетілген активтер;
17) жалға алушыда - лизинг шарты бойынша алынған активтерден басқа, мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша уақытша иеленуге және пайдалануға алынған, осындай шарт бойынша алынғаннан кейін бухгалтерлік есепке алуда негізгі құралдар, жылжымайтын мүлікке инвестициялар, материалдық емес және биологиялық активтер ретінде есепке алынатын активтер.
267-бап. Құндық балансты айқындау
1. Тіркелген активтерді есепке алу техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган белгілеген сыныптамаға сәйкес қалыптастырылатын топтар бойынша мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
| Р/с № | Топтың № | Тіркелген активтердің атауы |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | І | Мұнай, газ ұңғымаларын және беру құрылғыларын қоспағанда, ғимараттар, құрылысжайлар |
| 2. | ІІ | Мұнай-газ өндіру машиналары мен жабдықтарын, сондай-ақ ақпаратты өңдеуге арналған компьютерлер мен жабдықтарды қоспағанда, машиналар мен жабдық |
| 3. | ІІІ | Ақпаратты өңдеуге арналған компьютерлер, бағдарламалық қамтылым және жабдық |
| 4. | ІV | Басқа топтарға енгізілмеген тіркелген активтер, оның ішінде мұнай, газ ұңғымалары, беру құрылғылары, мұнай-газ өндіру машиналары мен жабдығы |
І топтың әрбір объектісі кіші топқа теңестіріледі.
2. Әрбір кіші топ (І топтың), топ бойынша салықтық кезеңнің басында және аяғында кіші топтың (І топтың), топтың құндық балансы деп аталатын қорытынды сомалар айқындалады.
І топтың құндық балансы негізгі құралдардың әрбір объектісі бойынша кіші топтардың құндық баланстарынан және осы Кодекстің 272-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес қалыптастырылған кіші топтың құндық балансынан тұрады.
3. Кіші топтардың салықтық кезеңнің басындағы осы Кодекстің 272-бабына сәйкес салықтық кезеңде жүргізілген түзетулер ескерілетін құндық балансы I топтың тіркелген активтерінің қалдық құны болып табылады.
4. Тіркелген активтер:
1) І топ бойынша - әрқайсысы топтың құндық балансының жеке кіші тобын түзетін тіркелген активтер объектілері бөлінісінде;
2) ІІ, ІІІ және ІV топтар бойынша - топтардың құндық баланстары бөлінісінде есепке алынады.
5. Келіп түскен тіркелген активтер кіші топтардың (І топ бойынша), топтардың (қалған топтар бойынша) тиісті баланстарын осы бапта айқындалған тәртіппен, осы Кодекстің 268-бабына сәйкес айқындалатын құнға ұлғайтады.
6. Шығып қалған тіркелген активтер кіші топтардың (І топ бойынша), топтардың (қалған топтар бойынша) тиісті баланстарын осы бапта айқындалған тәртіппен, осы Кодекстің 270-бабына сәйкес айқындалатын құнға азайтады.
7. Кіші топтың (І топтың), топтың салықтық кезеңнің басындағы құндық балансы былайша айқындалады:
кіші топтың (І топтың), топтың алдыңғы салықтық кезеңнің аяғындағы құндық балансы
алу
алдыңғы салықтық кезеңде есептелген амортизациялық аударымдардың сомасы,
алу
осы Кодекстің 273-бабына сәйкес жүргізілетін түзетулер.
Кіші топтың (І топтың), топтың салықтық кезеңнің басындағы құндық балансының мәні теріс болмауға тиіс.
8. Кіші топтың (І топтың), топтың салықтық кезеңнің аяғындағы құндық балансы былайша айқындалады:
кіші топтың (І топтың), топтың салықтық кезеңнің басындағы құндық балансы
қосу
салықтық кезеңде келіп түскен тіркелген активтер
алу
салықтық кезеңде шығып қалған тіркелген активтер
қосу
осы Кодекстің 272-бабының 2-тармағына сәйкес жүргізілген түзетулер.
9. Сенімгерлік басқарушы осы Кодекстің 266-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген тіркелген активтер бойынша топтардың (кіші топтардың) жеке құндық баланстарын қалыптастыруға және осындай активтер бойынша осы Кодекстің 194 және 195-баптарының негізінде бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті.
10. Салық төлеуші Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес корпоративтік табыс салығын төлеуден босату ұсыныла отырып, 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған келісімшарттар бойынша инвестициялық жоба шеңберінде 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін және (немесе) одан кейін пайдалануға енгізілген тіркелген активтер бойынша 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін шегерімге жатқызылмаған құн бөлігінде топтардың (кіші топтардың) жеке құндық баланстарын қалыптастыруға міндетті.
268-бап. Тіркелген активтердің келіп түсуі
1. Лизинг шарты бойынша, сондай-ақ запастардың құрамынан аудару арқылы келіп түсуді қоса алғанда, тіркелген активтер келіп түскен кезде топтардың (кіші топтардың) құндық балансын аталған активтердің бастапқы құнына ұлғайтады.
Тіркелген активтердің келіп түсуін салық салу мақсаттарында тану келіп түскен активтерді тіркелген активтердің құрамына қосуды білдіреді.
2. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, тіркелген активтердің бастапқы құны тіркелген актив осы Кодекстің 266-бабының 1-тармағына сәйкес танылған күнге дейін салық төлеуші шеккен шығындар сомасы ретінде айқындалады. Мұндай шығындарға:
осы Кодекстің 264-бабының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларына сәйкес шегерімге жатқызуға жатпайтын шығындардан (шығыстардан);
амортизациялық аударымдардан басқа, тіркелген активті сатып алуға, өндіруге, салуға, монтаждауға және орнатуға арналған шығындар, сондай-ақ оның құнын халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ұлғайтатын басқа да шығындар жатады.
3. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, запастардың немесе сатуға арналған активтердің құрамынан аудару арқылы келіп түскен тіркелген активтің бастапқы құны оның осындай келіп түсу күнінде халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалған баланстық құны болып табылады.
Бұрын өзі бойынша тіркелген актив ретінде тану тоқтатылған, запастардың немесе сатуға арналған активтердің құрамынан аудару арқылы келіп түскен тіркелген активтің бастапқы құны оның осындай келіп түсу күнінде халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалған, осы Кодекстің 270-бабының 2-тармағында көрсетілген құннан аспайтын баланстық құны болып табылады.
4. Тіркелген активтер өтеусіз алынған кезде, осы баптың 2-тармағының негізінде тіркелген активтердің бастапқы құнына қосылмайтын шығындарды (шығыстарды) қоспағанда, оның халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бастапқы тану кезінде осындай активтердің құнын ұлғайтатын іс жүзіндегі шығындар есепке алына отырып, өтеусіз алынған мүлік түрінде осы Кодекстің 238-бабына сәйкес жылдық жиынтық кіріске қосылған құны тіркелген активтердің бастапқы құны болып табылады.
5. Мемлекеттік кәсіпорын мемлекеттік мекемеден осындай кәсіпорынға шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында бекітіп берілген тіркелген активтерді алған кезде, осы баптың 2-тармағының негізінде тіркелген активтердің бастапқы құнына қосылмайтын шығындарды (шығыстарды) қоспағанда, алынған активтердің халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бастапқы тану кезінде осындай активтердің құнын ұлғайтатын іс жүзіндегі шығындар есепке алына отырып, аталған активтерді қабылдап алу-беру актісінде көрсетілген баланстық құны тіркелген активтердің бастапқы құны болып табылады.
6. Жарғылық капиталға салым ретінде алу кезінде, осы баптың 2-тармағының негізінде тіркелген активтердің бастапқы құнына қосылмайтын шығындарды (шығыстарды) қоспағанда, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бастапқы тану кезінде мұндай активтердің құнын ұлғайтатын іс жүзіндегі шығындар есепке алына отырып, қабылдап алу-беру актісінде немесе ондай акт болмаған кезде, салымның және актив құнының іс жүзінде енгізілгенін растайтын өзге құжатта көрсетілген активтің құны тіркелген активтердің бастапқы құны болып табылады.
Жарғылық капиталға салымның төлемі ретінде алынған активтердің құны өзіне төлем ретінде осы актив алынған жарғылық капиталға салым сомасы шегінде ескеріледі.
7. Салық төлеушіні бірігу, қосылу, бөліну немесе бөлініп шығу арқылы қайта ұйымдастыруға байланысты тіркелген актив алынған кезде, осы баптың 2-тармағының негізінде тіркелген активтердің бастапқы құнына қосылмайтын шығындарды (шығыстарды) қоспағанда, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бастапқы тану кезінде осындай активтердің құнын ұлғайтатын іс жүзіндегі шығындар есепке алына отырып, осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, осындай активтің беру актісінде немесе бөлу балансында көрсетілген баланстық құны оның бастапқы құны болып табылады.
Берiлетiн тiркелген активтердiң салықтық есепке алу деректерi бойынша құны осы Кодекстiң 270-бабының 6-тармағының екiншi бөлiгiне сәйкес беру актiсiнде көрсетiлген жағдайда, бірігу арқылы құрылып, жаңадан пайда болған заңды тұлғаның немесе өзіне басқа заңды тұлға қосылған заңды тұлғаның кiшi тобының (тобының) құндық балансы осындай құнға ұлғайтылады.
Берiлетiн тiркелген активтердiң салықтық есепке алу деректерi бойынша құны осы Кодекстiң 270-бабының 6-тармағының үшiншi бөлiгiне сәйкес беру актiсiнде көрсетiлген жағдайда, осындай құн Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес бөлініп шығу арқылы құрылып, жаңадан пайда болған заңды тұлғаның кiшi тобының (тобының) құндық балансына қосылады.
8. Сенімгерлік басқарушы тіркелген активтерді сенімгерлік басқаруға алған кезде:
1) егер беретін тұлғада осы активтер тіркелген активтер болып табылған жағдайда - осы Кодекстің 270-бабының 10-тармағына сәйкес айқындалған құн;
2) өзге жағдайларда - аталған активтерді қабылдап алу-беру актісінің деректері бойынша айқындалған құн осындай тіркелген активтердің бастапқы құны болып табылады.
9. Сенімгерлік басқару бойынша міндеттемелердің тоқтатылуына байланысты сенімгерлік басқарушыдан тіркелген активтерді алған кезде:
1) егер сенімгерлік басқарушыда осы активтер тіркелген активтер болып табылған жағдайда - осы Кодекстің 270-бабының 11-тармағына сәйкес айқындалған құн;
2) өзге жағдайларда - осы Кодекстің 270-бабының 10-тармағына сәйкес айқындалған, амортизациялық аударымдар сомасына азайтылған құн осындай тіркелген активтердің бастапқы құны болып табылады. Бұл ретте, амортизациялық аударымдар сенімгерлік басқарудың есепті салықтық кезеңнің алдындағы әрбір салықтық кезеңі үшін осы Кодексте тіркелген активтердің тиісті тобына көзделген, алдыңғы кезеңдердегі амортизациялық аударымдар сомасына азайтылған, бастапқы құнға қолданылатын амортизацияның шекті нормасы негізге алына отырып есептеледі.
10. Концессионер (құқық мирасқоры немесе концессия шартын іске асыру үшін тек қана концессионер арнайы құрған заңды тұлға) концессия шарты бойынша тіркелген активтерді алған кезде осы Кодекстің 270-бабының 12-тармағына сәйкес айқындалған құн, ал мұндай құн болмаған жағдайда - уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес құн осындай тіркелген активтердің бастапқы құны болып табылады.
11. Концессия шарты тоқтатылған кезде концендент тіркелген активтерді алған кезде осы Кодекстің 270-бабының 13-тармағына сәйкес айқындалған құн осындай тіркелген активтердің бастапқы құны болып табылады.
12. Сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының тіркелген активтерінің 2012 жылғы 1 қаңтардағы бастапқы құны осындай күнгі қайта бағалау мен құнсыздану есепке алынбай, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалған негізгі құралдардың, жылжымайтын мүлікке инвестициялардың, материалдық емес активтердің баланстық құны болып табылады.
13. Кіріс алуға бағытталған қызметте пайдаланылуы уақытша тоқтатылуына байланысты бұрын шығып қалған тіркелген активтер осындай тіркелген активтерді кіріс алуға бағытталған қызметте пайдалану үшін пайдалануға енгізу жүзеге асырылған салықтық кезеңде тіркелген активтер тобының құндық балансына осы Кодекстің 272-бабына сәйкес осындай активтердің құнын ұлғайтуға жатқызуға жататын шығыстар есепке алына отырып, шығып қалу құны бойынша қосуға жатады.
14. Өздері бойынша преференциялардың күші жойылған активтер осы Кодекстің 276-бабының 4-тармағында көрсетілген жағдайларда, топтың (кіші топтың) құндық балансына осы бапқа сәйкес айқындалатын бастапқы құны бойынша қосуға жатады.