80-бап. Жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт пен лицензия бойынша міндеттемелерін бұзғаны үшін жауаптылығы
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта немесе лицензияда көзделген міндеттемелерді бұзу осы Кодекстің Ерекше бөлігінің ережелеріне сәйкес жер қойнауын пайдаланушының жауаптылығына алып келеді.
2. Жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарт және лицензия шарттарын сақтауына бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган осы шарттардың бұзылғандығын білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап үш жыл ішінде жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар немесе лицензиялар бойынша міндеттемелерін бұзғаны үшін жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуы мерзімнің және оны есептеу тәртібінің өзгеруіне алып келмейді.
13-тарау. Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану және жер қойнауын қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастығының мақсаттары, қағидаттары, негізгі бағыттары және түрлері
81-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығының мақсаттары
Қазақстан Республикасының және өзге де мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың жер қойнауын зерттеу, жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзара көмегі мен бірлескен әрекеттерін үйлестіру жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың мақсаты деп танылады.
82-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығының қағидаттары
1. Басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық өзара құрметтеу, сенім білдіру, өзара көмек, ымыраға келу, кемсітпеушілік, бір-бірінің істеріне араласпау, қабылдаған міндеттемелерді уақытында орындау, дауларды бейбіт түрде шешу қағидаттарына негізделеді.
2. Мемлекет пайдалы қазбаларды зерттеу, барлау мен өндіру және жерасты кеңістігін пайдалану саласындағы қызметті ұйымдастыруға нарықтық тәсілдерді ендіру арқылы инвестицияларды тарту және қазіргі заманғы технологияларды қолдану үшін қолайлы жағдай жасауғакүш-жігерін салады.
83-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығының бағыттары
Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығының бағыттары мыналар болып табылады:
1) минералдық-шикізаттық базаны ұлғайту мақсатында өзара тиімді негізде жер қойнауын геологиялық зерттеуді жүзеге асыру, бір мезгілде қауіпсіздік деңгейін арттыру және қоршаған ортаның ластануын барынша азайту жағдайында өндіріс тиімділігінің өсуін және пайдалы қазбаларды және оларды қайта өңдеу өнімдерін пайдалануды қамтамасыз ету;
2) мемлекеттік билік және басқару органдарының тиімді ынтымақтастығының жаңа тетіктерін әзірлеу;
3) минералдық-шикізаттық ресурстардың және оларды қайта өңдеу өнімдерінің нарығын дамыту, оның ішінде халықаралық ынтымақтастыққа қатысушы елдердің шаруашылық қызмет субъектілерінің өзара тиімді кооперативтік байланыстарын орнату үшін қолайлы жағдайлар жасау арқылы дамыту;
4) жер қойнауын геологиялық зерттеу, минералдық-шикізаттық базаны молайту және сапалық жақсарту саласындағы жұмыстардың бірлескен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
5) минералдық-шикізаттық ресурстар, сондай-ақ оларды қайта өңдеу (өзгерту) өнімдері ағынының халықаралық транзиті мақсатында көлік инфрақұрылымына қолжетімділікті жеңілдету;
6) қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне қол жеткізуге және оны қолдауға бағытталған жер қойнауын пайдалану қауіпсіздігі саласындағы жұмыстардың бірлескен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
7) минералдық-шикізаттық ресурстарды өндіру және (немесе) қайта өңдеу (өзгерту) жөніндегі кәсіпорындардағы ірі аварияларды болдырмауда және олардың салдарын жоюда ынтымақтастық жасау;
8) кезеңдер, пайдалы қазбалар қорларының сыныпталуы, геологиялық есептердің, пайдалы қазбалар қорлары баланстарының және басқа да геологиялық ақпараттың нысаны мен мазмұны бойынша жұмыстардың мазмұнына қойылатын әлемдік практикада қабылданған талаптар базасында геологиялық барлау жұмыстарын регламенттейтін нормативтік-әдістемелік құжаттарды жетілдіру және келісу жөніндегі шараларды үйлестіру;
9) минералдық-шикізаттық ресурстарды барлау, өндіру, қайта өңдеу (өзгерту) және пайдалану саласында қолданылатын жаңа технологияларға қолжетімділікті жеңілдету;
10) трансшекаралық кен орындарын бірлесіп барлау мен әзірлеуге және жер қойнауының өзге де трансшекаралық ресурстарын игеруге қатысу.
ЕРЕКШЕ БӨЛІК
VI БӨЛІМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ГЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ
14-тарау. Жер қойнауын геологиялық зерттеудің шарттары мен тәртібі
84-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия бойынша оны иеленушінің геологиялық түсіру жұмыстарын және (немесе) геофизикалық жұмыстарды, сондай-ақ жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарын жүргізу мақсатында үш жыл ішінде жер қойнауын пайдалануға құқығы бар.
2. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен өзгеше белгіленген жағдайларды қоспағанда, оның иесіне геологиялық зерттеу учаскесіне айрықша құқықтар бермейді.
85-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеу аумағы
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия Қазақстан Республикасының бүкіл аумағы шегінде берілуі мүмкін.
2. Лицензия иесінің, аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізу жағдайларынан басқа кезде, пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру үшін басқа тұлғаға пайдалануға берілген жер қойнауы учаскесінің аумағында осындай тұлғаның келісімінсіз жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге құқығы жоқ.
86-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беру туралы өтініш
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия алуға мүдделі тұлға жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға белгіленген нысан бойынша жазбаша өтініш береді.
2. Өтініште мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) жеке тұлғалар үшін - өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
заңды тұлғалар үшін - өтініш иесінің атауы, оның орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді немесе өтініш иесінің шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжат), басшылар туралы мәліметтер;
2) геологиялық зерттеу аумағын құрайтын блокқа (блоктарға) нұсқаулар.
3. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) егер тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін мұндай тұлғаның өкілеттігін растайтын құжат;
3) осы Кодекстің 88-бабына сәйкес өтініш иесі әзірлеген және бекіткен жер қойнауын геологиялық зерттеу жоспары және (немесе) жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасы.
4. Өтініш және өтінішке қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде беріледі. Өтінішке қоса берілетін, шет тілінде жасалған құжаттардың қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса беріледі, олардың дұрыстығын нотариус куәландырады.
87-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беру туралы өтінішті қарау
1. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өтінішті келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және лицензия береді не оны беруден бас тартады.
2. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган, егер өтініш немесе оған қоса берілген құжаттар осы Кодекстің 86-бабында көзделген талаптарға сәйкес келмесе, лицензия беруден бас тартады.
3. Лицензия беруден бас тарту уәжді болуға тиіс.
4. Лицензияны беруден бас тартуға өтініш иесі бұл туралы хабарлама алған күннен бастап оған он жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.
5. Лицензия беруден бас тарту өтініш иесін қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
6. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беруге өтініш беру және оны қарау тәртібін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
88-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі жобалау құжаттары
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жобалау құжаттары мыналар болып табылады:
1) геологиялық зерттеу жоспары;
2) жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасы.
2. Геологиялық зерттеу жоспары геологиялық түсірілім жұмыстарын және (немесе) геофизикалық жұмыстарды жүргізу үшін әзірленеді.
Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасы кен орындарын және жерасты суларының учаскелерін іздестіруді және бағалауды жүргізу үшін әзірленеді.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Геологиялық зерттеу жөніндегі жобалау құжаттарын жер қойнауын пайдаланушы әзірлейді және бекітеді.
Геологиялық зерттеу жоспарында геологиялық түсірілім жұмыстарының және (немесе) геофизикалық жұмыстардың түрлері мен тәсілдері, шамамен алғандағы көлемдері, аумақтары және үш жылдық кезеңдегі осындай жұмыстарды жүргізу мерзімдері сипатталады.
Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасында жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының түрлері, әдістері мен тәсілдері, бұрғыланатын ұңғымалар саны және олардың сипаттамалары, үш жылдық кезеңдегі жұмыстарды жүргізу мерзімдері, іздестіру-бағалау жұмыстарының салдарын жою жөніндегі шаралар және олардың құнын бағалау сипатталады.
Геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстардың құрамын, түрлерін, әдістері мен тәсілдерін, олардың көлемдері мен жүргізу мерзімдерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін жер қойнауын геологиялық зерттеу бойынша жобалау құжаттарын жасау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жер қойнауын пайдаланушы жобалау құжаттарында дербес айқындайды.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі жоспарланатын жұмыстардың түрлері, әдістері және (немесе) тәсілдері, сондай-ақ олардың көлемдері өзгерген кезде жер қойнауын пайдаланушы жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер енгізуге және оларды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға беруге міндетті.
Егер Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес бұл өзгерістер экологиялық рұқсат немесе мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алуды талап етсе, геологиялық зерттеу жөніндегі өзгертілген жобалау құжаттары жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға экологиялық рұқсат немесе тиісінше, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін ұсынылады.
5. Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасына жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия берілгеннен кейін енгізілетін өзгерістер жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органмен келісуге жатады. Мұндай келісу өзгертілген жоба ұсынылған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган, егер жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасына өзгерістерді, геологиялық зерттеу жөніндегі жобалау құжаттарын жасау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес келмесе, мұндай өзгерістерді келісуден бас тартады.
Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасын келісуден бас тарту жер қойнауын пайдаланушыны келісу үшін қайтадан жүгіну құқығынан айырмайды.
Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасын келісуден бас тартуға жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.
89-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия жөніндегі операцияларды жүргізу тәртібі
1. Жер қойнауын пайдаланушы геологиялық зерттеу учаскесі шегінде экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жұмыстарды жүргізуге құқылы.
2. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия бойынша жүргізілетін жұмыстар құжаттастыруға жатады. Құжаттамада жер қойнауын дұрыс зерттеуге қажетті барлық мәліметтер көрсетіледі.
3. Жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) зертханалық зерттеулер мен талдаулардың деректерін қоса алғанда, жүргізілген операциялар барысында алынған геологиялық ақпараттың дұрыстығы мен сақталуын;
2) геологиялық құжаттаманы жүргізудің уақтылығы мен сапасын;
3) лицензия берген жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімде геологиялық зерттеу учаскесі бойынша жүргізілген жұмыстар туралы есептерді және осындай жұмыстардың нәтижелері бойынша геологиялық есепті ұсынуды қамтамасыз етуге міндетті.
4. Жер қойнауын пайдаланушының геологиялық зерттеу учаскесінде күрделі құрылысжайларды салуға, жарылғыш заттарды тұрақты түрде жинап қоюға және сақтауға, жыралар, шурфтар, траншеялар және тау-кен қазбаларының басқа да түрлерін жасауға, сондай-ақ аршу жұмыстарын жүргізуге құқығы жоқ.
Жер қойнауын пайдаланушы геологиялық зерттеу учаскесінде геофизикалық зерттеулермен және жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарымен байланысты мақсаттарда ғана ұңғымаларды бұрғылауды жүзеге асыруға құқылы.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жер қойнауын пайдаланушы геологиялық зерттеу учаскесінде параметрлік ұңғымаларды бұрғылауды жүзеге асыруға құқылы.
5. Жерасты сулары учаскесінің қорларында жер қойнауын сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссия жүргізетін мемлекеттік сараптама жасалуға тиіс. Жер қойнауына мемлекеттік сараптама жүргізу тәртібін, жер қойнауын сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы ережені және оның құрамын жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес жерасты сулары учаскесінің қорларын жерасты суларының мемлекеттік есебіне алу үшін осы қорлар туралы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы негіз болып табылады.
Жерасты суларын өндіру Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
90-бап. Жер қойнауын пайдаланушының геологиялық зерттеу бойынша есептілігі
1. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия бойынша мерзімді геологиялық есептер ұсынып отыруға міндетті.
2. Мерзімді геологиялық есептер жыл сайын өткен күнтізбелік жыл үшін әр жылдың отызыншы сәуірінен кешіктірілмей ұсынылады.
Толық емес күнтізбелік жыл үшін есептер жер қойнауын пайдаланудың іс жүзіндегі кезеңі үшін ұсынылады.
Жер қойнауы учаскесін пайдалану кезеңінің соңғы толық емес күнтізбелік жылы үшін есеп көрсетілген кезең аяқталғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей ұсынылады.
3. Лицензияның қолданылуы тоқтатылғаннан кейін оның иеленушісі болып табылатын тұлға лицензияның қолданылуы тоқтатылған күннен бастап үш айдан кешіктірмей жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға геологиялық зерттеу нәтижелері туралы түпкілікті есепті ұсынуға міндетті.
4. Геологиялық есептер бастапқы геологиялық ақпарат материалдарына негізделеді және геология, жерасты суларына гидрогеологиялық бұрғылау жүргізу саласындағы ғылыми зерттеулердің, сынақтар мен іздестірулердің, топырақты, жерүсті жыныстарын және минералдық үлгілерді жинау және байқаудан өткізу жөніндегі қызметтің жай-күйі мен нәтижелері туралы деректерді қамтиды.
5. Осы бапта көзделген есептер жер қойнауын зерттеу жөніндегі органға ол бекітетін нысан бойынша ұсынылады.
91-бап. Геологиялық ақпаратқа арналған құқық
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияның иеленушісі өзі геологиялық зерттеу нәтижесінде алған геологиялық ақпаратқа еркін билік етуге құқылы.
2. Жер қойнауын пайдаланушы осы бапқа сәйкес геологиялық зерттеу нәтижесінде алған геологиялық ақпаратты лицензия мерзімі аяқталған күннен бастап бір ай ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның пайдалануына өтеусіз беруге тиіс.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган алынған геологиялық ақпаратты оны алған күннен бастап бес жыл өткен соң (құпиялылық мерзімі) ашады.
92-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны қайтарып алу және оның тәртібі
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия:
осы Кодекстің 89-бабы 4-тармағының ережелері бұзылған;
Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мөлшерде және мерзімдерде жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беру үшін қол қою бонусын төлемеген жағдайларда жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі уәкілетті органның қайтарып алуына жатады.
2. Бұзушылық анықталған кезде жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі уәкілетті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны хабардар етеді.
3. Жер қойнауын пайдаланушы анықталған бұзушылықты жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органнан хабарлама алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жоюға міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы осы тармақта көзделген мерзімде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды бұзушылықтардың жойылғанын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, оларды жойғаны туралы жазбаша хабардар етеді.
Бұзушылықтар белгіленген мерзімде жойылмаған жағдайда, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы баптың 4-тармағына сәйкес лицензияны қайтарып алады.
4. Лицензияны қайтарып алуды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушыға лицензияны қайтарып алу туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүргізеді.
Лицензияның қолданысы жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік он күннен кейін тоқтатылады.
5. Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап қайтарып алынатын лицензия бойынша жұмыстарды дереу тоқтатуға және геологиялық зерттеу учаскесінің аумағынан ондағы барлық құрылысжайларды, материалдарды және жабдықтарды алып кетуге міндетті.
6. Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап лицензияның қайтарып алынуын сот тәртібімен даулауға құқылы. Осындай даулау кезеңінде осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзім сот шығарған шешім күшіне енгенге дейін ұзартылады.
VII БӨЛІМ. КӨМІРСУТЕКТЕРДІ БАРЛАУ ЖӘНЕ ӨНДІРУ
15-тарау. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру және оны тоқтату ерекшеліктері
1-параграф. Аукцион негізінде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру
93-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға үміттенетін тұлғаларға қойылатын талаптар
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру кезінде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға үміткер тұлға:
1) таратылу (заңды тұлғалар үшін), қайта ұйымдастырылу (заңды тұлғалар үшін) немесе банкроттық сатысында болмауға тиіс;
2) салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу бойынша өтелмеген берешегі болмауға тиіс;
3) көмірсутектерді барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алған жағдайда, - барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесінде жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды орындау үшін жеткілікті қаржылық қаражаты болуға тиіс.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төмен талаптарды орындауға жеткілікті қаржы қаражатының бар екенін растау үшін осы Кодексте көзделген жағдайларда, мынадай құжаттардың бірі ұсынылады:
1) банк шотының бар-жоғы және нөмірі туралы ақпарат және барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төмен талаптарды орындауға жеткілікті мөлшердегі банк шотындағы қалдық туралы үзінді көшірме;
2) барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төмен талаптарды орындауға жеткілікті мөлшерде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға үміткер тұлғаның қызметін қаржыландыруды қарыздың нысаналы мақсаты ретінде көздейтін, ақша қарызы туралы немесе көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті қаржыландыру туралы шарттың көшірмесі.
Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға үміткер тұлғаның қаржылық мүмкіндіктерінің бар екенін растайтын құжат ретінде ақша қарызы туралы немесе көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті қаржыландыру туралы шарттың көшірмелері ұсынылған жағдайда, қарыз берушіде осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген қаржылық мүмкіндіктердің бар екенін растайтын құжаттар қосымша ұсынылады.
Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға үміткер тұлғаның банк шотында барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төмен талаптарды орындауға қажетті қаржы қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген құжаттар қосымша ұсынылады.
3. Теңіздегі жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін тұлғаның, осы баптың 1-тармағында көрсетілген талаптармен қатар, Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңының аумағында немесе Қазақстан Республикасының ішкі су айдындарында не Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде теңізде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің оң тәжірибесі болуға тиіс.
Заңды тұлға үшін осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген талап, осындай заңды тұлға акцияларының (қатысу үлестерінің) кемінде жиырма бес пайызы тікелей тиесілі болатын тұлғаның тиісті тәжірибесі болған кезде орындалған деп танылады.
2019.30.12. № 297-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 94-бап жаңа редакцияда
94-бап. Аукцион өткізуге арналған өтініш
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға мүдделі тұлға құзыретті органға көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукцион өткізуге өтінішті береді, онда мыналар қамтылуға тиіс:
1) жеке тұлғалар үшін - өтініш берушінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі;
2) заңды тұлғалар үшін - өтініш берушінің атауы, оның тұрған жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы мәліметтер, бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
3) мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында көрсетілген аукцион негізінде көмірсутектерді барлау мен өндіру немесе өндіру үшін берілетін жер қойнауы учаскесінің сұралатын аумағының атауы мен географиялық координаттары.
2. Аукцион өткізуге арналған өтініш құзыретті органға келіп түскен күнінен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Аукцион өткізуге арналған өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган:
1) осы Кодекстің 95-бабына сәйкес аукцион өткізу туралы хабархатты жылына төрт реттен асырмай жариялайды;
2) егер өтініш беруші өтініш бергенге дейін үш жыл ішінде аукцион өткізуге арналған басқа өтініш берсе, бірақ аукционға қатысушы ретінде тіркелмесе, аукцион өткізуге арналған өтінішті қараудан бас тартады.
Аукцион өткізу туралы хабархат жарияланған жағдайда, аукционға қатысуға арналған өтініштер осы Кодекстің 96-бабында белгіленген талаптарға сәйкес беріледі.
95-бап. Аукцион өткізу шарттары
2019.30.12. № 297-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Әрбір учаске бойынша аукционды құзыретті орган аукцион өткізуге арналған өтініш бойынша өткізеді.
Аукционды өткізу және оны өткізу шарттары туралы хабархат көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторының ақпараттандыру объектісінде және құзыретті органның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылады.
Аукционға қатысуға мүдделі тұлғалардың аукционды өткізу тәртібіне байланысты ақпарат алуға құқығы бар.