3) уран өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды реттеу;
2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
3-1) жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық өндірушілерден тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, қазақстандық кадрларды тарту, қазақстандық кадрларды оқыту, ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлерінің уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы бойынша міндеттемелерді орындауын мониторингтеу;
2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен 3-2) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
3-2) уран өндіру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізіліміне енгізу үшін оларды бағалау өлшемшарттарын қоса алғанда, аталған тізілімді қалыптастыру және жүргізу;
4) уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
5) уран өндіру жөніндегі жобалау құжаттары ережелерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
6) уран өндіру кезінде жер қойнауының ұтымды және кешенді пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
7) уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы тәртібінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен 7-1) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7-1) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және жер қойнауын пайдаланушылармен кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімдер жасасу;
2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен 7-2) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7-2) көмірсутектер және пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп, кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімді жасасу, оған өзгерістер, толықтырулар енгізу және оны бұзу, сондай-ақ олардың орындалуын мониторингтеу қағидаларын, кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімнің үлгілік нысанын әзірлеу және бекіту;
8) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру арқылы іске асырады.
64-бап. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауын геологиялық зерттеу және жер қойнауы кеңістігін пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты:
1) жер қойнауын геологиялық зерттеуге және оның кеңістігін пайдалану үшін жер қойнауын пайдалану құқығын беру;
2) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді ұйымдастыру және жүргізу;
3) жер қойнауын геологиялық зерттеу және оның кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды реттеу;
4) жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларға, сондай-ақ оның кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
5) осы Кодекстің геологиялық ақпаратты есепке алу, сақтау, оның сақталуы мен анықтығы жөніндегі талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
6) құпия болып табылмайтын геологиялық ақпаратқа, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануға арналған, өздері берген лицензиялар туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету;
7) техногендік минералдық түзілімдерді орналастырудың қолданыстағы объектілерін мемлекеттік есепке алуды ұйымдастыру және жүргізу;
8) жер қойнауының мемлекеттік мониторингін, геологиялық ақпаратты жинауды және жинақтап қорытуды жүзеге асыру;
9) мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрын жүргізу;
10) жерасты сулары бөлігінде мемлекеттік су кадастрын жүргізуге қатысу;
11) мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасын әзірлеуге қатысу;
12) тиісті координаттары мен жеке кодтары бар блоктарды сәйкестендіру картасын әзірлеу және бекіту;
13) пайдалануға берілетін жер қойнауы учаскелерінің шекараларын айқындау, геологиялық ақпаратты пайдалану және осы Кодексте көзделген басқа да мәселелер бойынша құзыретті органмен өзара іс-қимыл жасау және үйлестіру;
14) өздігінен ағып жататын иесіз және апаттық ұңғымаларды жою мен консервациялауды жүзеге асыру;
15) жер қойнауын геологиялық зерттеуге берілген лицензиялар бойынша жерасты суларына арналған іздестіру-бағалау жұмыстары жобаларына өзгерістерді келісу;
16) жерасты сулары учаскелері қорларының мемлекеттік сараптамасын ұйымдастыру және жүргізу;
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 16-1) тармақшамен толықтырылды
16-1) кен орындарының қорлары мен болжамды ресурстарды сыныптау әдістемесін, пайдалы қазбалардың, оның ішінде дәстүрлі емес көмірсутектерге жатқызылатын қорларын есептеу жөніндегі нұсқаулықтарды әзірлеу және бекіту;
17) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда геология және жер қойнауын геологиялық зерттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту;
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 17-1) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
17-1) құзыреті шегінде стандарттау жөніндегі құжаттардың жобаларын қарау, сондай-ақ стандарттау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, өзгерістер енгізу, қайта қарау және күшін жою жөнінде ұсыныстар дайындау;
18) жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензиялар және жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензиялар шарттарын сақтауын бақылау;
19) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге арналған уақыт және баға нормаларын бекіту;
20) жер қойнауын пайдаланушының балансына ұңғымаларды, технологиялық бірлікті қабылдау және беру;
21) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіментінің актілеріндекөзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру арқылы іске асырады.
65-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға:
1) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу және кен іздеушілік үшін жер қойнауын пайдалану құқығын беру;
2) жер қойнауын пайдаланушылардың кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған, кен іздеушілікке арналған лицензиялар шарттарын сақтауына бақылау жасау және кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге және кен іздеушілікке бақылау жасау;
3) жер қойнауын пайдаланушылардың кен іздеушілікке арналған лицензияда және осы Кодексте көзделген кен іздеушілік шарттарын сақтауына бақылау жасау;
4) Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшін мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқықтар беру және оларды резервке қою;
5) жер учаскесіне құқықтарды осы Кодекстің 108-бабына сәйкес жасалатын жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шарты негізінде сенімгерлік басқарушыға қайта ресімдеу;
6) пайдалы қазбалар жатқан аумақтарға құрылыс салуды реттеу, жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектілерін және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызылған ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелерін есепке алуды жүргізу;
7) елді мекендерді шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін жерасты суларына арналған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді ұйымдастыру және жүргізу;
8) өздері берген кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензиялар және кен іздеушілікке арналған лицензиялар туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету;
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 8-1) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
8-1) құзыреті шегінде стандарттау жөніндегі құжаттардың жобаларын қарау, сондай-ақ стандарттау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, өзгерістер енгізу, қайта қарау және күшін жою жөнінде ұсыныстар дайындау;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде жүзеге асыру арқылы қатысады.
10-тарау. Жер қойнауын пайдалану саласындағы бақылау және хабарлау
66-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар және (немесе) лицензиялар шарттарын сақтауына бақылау
1. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар, оның ішінде өнімді бөлу туралы келісімдер және (немесе) лицензиялар шарттарын сақтауын бақылауды құзыретті орган (келісімшарттың тарапы болып табылатын және (немесе) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны берген мемлекеттік орган) жүзеге асырады.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар, оның ішінде өнімді бөлу туралы келісімдер және (немесе) лицензиялар шарттарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру тәртібін құзыретті орган айқындайды.
2. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар, оның ішінде өнімді бөлу туралы келісімдер және (немесе) лицензиялар шарттарын сақтауын бақылау жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт (лицензия) бойынша міндеттемелерін орындауына мониторинг жүргізу және (немесе) жер қойнауын пайдаланушыға, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар және (немесе) лицензиялар шарттарына сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізіліп жатқан (жүргізілген) объектілерге бару арқылы жүзеге асырылады.
Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт (лицензия) бойынша міндеттемелерін орындауына мониторингті құзыретті орган (келісімшарттың тарапы болып табылатын және (немесе) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны берген мемлекеттік орган) осы Кодекске сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар ұсынған есептерді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де көздерден алынған мәліметтерді талдау арқылы жүзеге асырады.
Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт (лицензия) бойынша міндеттемелерін орындауына мониторинг жүргізу тәртібін құзыретті орган айқындайды.
67-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау
1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылауды мемлекеттік органдар өз құзыреттеріне сәйкес мынадай салаларда:
1) жер қойнауын зерттеу және пайдалану саласында;
2) көмірсутектер және уран өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу саласында жүзеге асырады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген салалардағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2018 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау осы Кодекске және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 67-1-баппен толықтырылды (2018 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
67-1-бап. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жүргізу тәртібі
1. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі осы Кодекстің 64-бабының 4) және 5) тармақшаларына сәйкес жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты жүргізеді.
Геологиялық зерттеудің, жер қойнауы кеңістігін пайдаланудың учаскесі, сондай-ақ геологиялық ақпарат бақылау объектілері болып табылады.
2. Бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын бақылау субъектілеріне беру және оларға әкімшілік жүктемені азайту бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары болып табылады.
3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау осы Кодекске сәйкес жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын геологиялық есептерді, өндірілген пайдалы қазбалар туралы есептерді және нормаланған ысыраптар туралы деректерді, сондай-ақ бақылау субъектісінің қызметі туралы басқа да мәліметтерді талдау арқылы жүргізіледі.
Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бақылау субъектісінің әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) бұзушылықтар анықталған жағдайда, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды жүзеге асыратын жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамдары бұзушылықтар анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы Кодекстің 68-бабында көзделген тәртіппен ақпараттық хатты (хабарламаны) ресімдейді және бақылау субъектісіне жібереді.
4. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпараттық хатты (хабарламаны) алған бақылау субъектісі ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшесіне бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуға міндетті.
Ақпараттық хатта (хабарламада) көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, бақылау субъектісі ақпараттық хатты (хабарламаны) жіберген жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшесіне ақпараттық хат (хабарлама) табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.
5. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жоймау, сол сияқты бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын мерзімінде ұсынбау бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізіміне енгізу жолымен бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындауға алып келеді.
6. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жылына бір реттен жиілетпей жүргізіледі.
68-бап. Жер қойнауын пайдалану саласындағы хабарлама
1. Осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары жазбаша нысанда жасалатын хабарламалар және (немесе) Қазақстан Республикасының барлық аумағында таралатын мерзімді баспа басылымдарындағы жарияланымдар арқылы, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялау арқылы хабардар етіледі.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, осы Кодекске сәйкес жолданатын хабарламада осы хабарлама жіберілген тұлға туралы мәліметтер, хабарлама жіберу үшін негіз, хабарламаның мазмұны, жіберуші туралы ақпарат, оның қол қоюы қамтылуға тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес келмейтін хабарламаны жіберген тұлға, егер нақты мән-жайлар ескеріле отырып, осы сәйкессіздіктердің елеулі сипатта болмағынын дәлелдей алмаса, оның тиісті түрде жіберілгенін сылтау ету мүмкіндігінен айырылады.
Егер хабарламаны тұлғаның атынан және (немесе) мүдделерінде оның өкілі жіберген болса, хабарламада өкілдің өкілеттіктері туралы мәліметтер де қамтылуға тиіс. Осы бөліктің күші тиісті мемлекеттік органның құқықтық актілерінде және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған лауазымдық өкілеттіктерге сәйкес әрекет ететін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына қолданылмайды.
Хабарлама поштамен және (немесе) хабарламаның тіркелуін қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберілуге тиіс.
Электрондық құжаттар нысанындағы немесе осы баптың 4-тармағына сәйкес электрондық байланыс құралдары пайдаланылатын хабарламалар жазбаша нысандағы хабарлама деп танылады.
3. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының барлық аумағында таралатын мерзімді баспа басылымдарында жариялау, сондай-ақ мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастыру арқылы мемлекеттік органдардың белгісіз және (немесе) белгілі бір тұлғалар тобына арналған хабарлауы жүзеге асырылады.
Осындай хабарламаларда айтылатын оқиғалар, егер осы Кодексте өзгеше мерзім көзделмесе, жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он бес күннен кейін туындауға тиіс.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Хабарлаулар ақпараттық жүйелер пайдаланыла отырып та жүзеге асырылуы мүмкін. Ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып хабарлау тәртібін құзыретті орган айқындайды.
Осы Кодекстің 47-бабының 3-тармағында, 50-бабының 1 және 4-тармақтарында, 106-бабының 5-тармағында, 107-бабының 4-тармағында, 133-бабының 2, 4 және 5-тармақтарында, 146-бабының 3-тармағында, 149-бабының 2-тармағында, 163-бабының 1 және 4-тармақтарында, 164-бабының 3-тармағында, 181-бабының 2, 4 және 5-тармақтарында көзделген хабарламалар, хабархаттар және хабарлар құзыретті орган айқындайтын тәртіппен жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі арқылы жіберіледі.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5. Осы Кодекстің 115-бабының 5-тармағында, 117-бабының 4-тармағында, 118-бабының 5-тармағында, 119-бабының 8-тармағында, 120-бабының 2-тармағында, 133-бабының 5-тармағында, 169-бабының 1-тармағында, 170-бабының 2-тармағында, 171-бабының 5-тармағында, 173-бабының 2-тармағында және 181-бабының 5-тармағында көзделген өтініштер мен ұсыныстар құзыретті орган айқындайтын тәртіппен жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі арқылы беріледі.
11-тарау. мемлекеттік Жер қойнауы қоры
69-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару
1. Мемлекеттік жер қойнауы қоры Қазақстан Республикасы аумағының шегіндегі пайдаланылатын жер қойнауы учаскелерін, сондай-ақ пайдаланылмайтын жер қойнауын құрайды.
2. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына, оны осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық және тактикалық шараларға сәйкес мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады.
70-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы
1. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасын молайту мақсатында әзірленеді.
2. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы жер қойнауын пайдалану саласын дамыту перспективаларына талдау жасау негізінде және мыналар:
1) Қазақстан Республикасының ұлттық, экологиялық және энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігі;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бекітілген құжаттары;
4) Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалардың тиісті түрлеріне және (немесе) оларды қайта өңдеу өнімдеріне қажетсінулері;
5) Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасын пайдалы қазбалардың түрлері бойынша толықтыру және ұлғайту қажеттілігі;
6) өңірлердің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары;
7) мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрының мәліметтері;
8) бір тұлғаның немесе бір мемлекеттің тұлғалары тобының жер қойнауын пайдалану құқықтарындағы және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердегі жиынтық үлеске ие болуы туралы мәліметтер;
9) мемлекеттік жер қойнауы мониторингінің мәліметтері;
10) геологиялық ақпаратты жинақтап қорыту және талдау;
11) қолда бар инфрақұрылымның мүмкіндіктері ескеріле отырып әзірленеді.
3. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында:
1) шегінде жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізу жоспарланатын аумақтардың географиялық координаттары;
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) шегінде жер қойнауы учаскелері:
пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру үшін;
аукцион негізінде көмірсутектерді барлау мен өндіру немесе өндіру үшін;
күрделі жобалар ретінде көмірсутектерді барлау және өндіру немесе өндіру үшін берілетін аумақтардың географиялық координаттары;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органмен келісілген ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер аумақтарының географиялық координаттары;
4) қорғаныс және мемлекеттік қауіпсіздік мұқтаждарына арналған жерлердің, елді мекендер аумақтарының, су қоры жерлері аумақтарының географиялық координаттары;
5) жер қойнауын басқарудың мемлекеттік саясатын іске асыру үшін қажетті өзге де мәліметтер қамтылады.
Осы тармақтың 1) - 5) тармақшаларында көзделген мәліметтермен қатар, мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы көмірсутектерді барлау мен өндіру немесе өндіру үшін, сондай-ақ уранды немесе сирек кездесетін уранды кен орнында уранды барлау немесе өндіру үшін шегінде жер қойнауын пайдалану құқығы ұлттық компанияға ғана берілуі мүмкін аумақты (аумақтарды) көрсету қамтылуы мүмкін.
4. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда, мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы көмірсутектерді барлау үшін берілетін жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемі мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды қамтиды.
Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге аукцион өткізу кезінде құзыретті орган мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында айқындалғандарға қарағанда, жұмыстардың көлемі мен түрлері бойынша неғұрлым жоғары болатын ең төменгі талаптарды белгілеуге құқылы.
5. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, құзыретті орган мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында айқындалмаған аумақтарда пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды немесе көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскелерін беруге құқылы емес.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына енгізілген жер қойнауы учаскелері жөніндегі мәліметтерді мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы бекітілгеннен кейін күнтізбелік екі күн ішінде ашық қолжетімділікте жариялайды.
Ашық қолжетімділікте жариялануға жататын, мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына енгізілген жер қойнауы учаскелері жөніндегі мәліметтердің тізбесі мен құрамын жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган құзыретті органмен бірлесіп бекітеді.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы құзыретті органның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде ашық қолжетімділікте орналастырылады.
71-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін есепке алу
1. Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін есепке алу мақсатында:
1) Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрын жүргізу;
2) мемлекеттік жер қойнауы мониторингі;
3) геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, жүйеге келтіру, жинақтап қорыту және талдау жүзеге асырылады.
2. Жер қойнауының жай-күйі туралы мәліметтер жер қойнауын геологиялық зерттеудің нәтижелеріне, сондай-ақ геологиялық ақпаратқа, жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодекске сәйкес ұсынатын есептерге және өзге де құжаттарға негізделеді.
72-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастры
1. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастры:
1) пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алу, олардың көрініс табуы туралы және жер қойнауы кеңістігінің объектілері туралы мәліметтерді;
2) жер қойнауын геологиялық зерттеу, көмірсутектерді, пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру, жер қойнауы кеңістігін пайдалану, сондай-ақ кен іздеушілік үшін пайдалануға берілген жер қойнауы учаскелері туралы мәліметтерді;