Өткен салықтық кезеңдер және оңалту рәсімі қолданылған салықтық кезең үшін салықтық есептілікке сәйкес салық төлеуші есептеген, салықтық тексерулер нәтижелері бойынша мемлекеттік кіріс органы есепке жазған салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу бойынша міндеттемелер туындаған кезде, кредиторлар талаптарының тізіліміне, сондай-ақ оңалту жоспарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, кредиторлардың оңалту рәсiмi енгізілгенге дейiн туындаған талаптарын қанағаттандыру, кредиторлар талаптарының тiзiлiмi жарияланғаннан кейiн жүргiзiледi.
4. Кепілді кредитор:
1) өзінің заңды мүдделеріне қатер төндіретін, осы Заңды бұзушылықтар анықталған;
2) өзінің алдындағы берешекті өтеу кестесі бұзылған;
3) кепіл нысанасы болып табылатын мүлік құны өз мүдделеріне нұқсан келтіруге әкеп соғатындай төмендеген;
4) егер өзінің алдындағы міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету нысанасы болып табылатын мүлік борышкер - заңды тұлғаның қызметін жалғастыру үшін немесе оңалту жоспарын іске асыру үшін талап етілмеген жағдайларда өзінің алдындағы міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету нысанасы болып табылатын борышкер мүлкіне өндіріп алуды қолдану туралы сотқа жүгінуге құқылы.
78-бап. Санация
1. Егер дәрменсiз борышкердi оңалту жоспарында оңалту шарасы ретiнде оның санациясы қамтылса, оңалту жоспарына сәйкес санацияға қатысушының борышкерге және (немесе) кредиторларға ақша аудару туралы жазбаша мiндеттемесi, сомасы мен мерзiмдері көрсетіле отырып, жоспарға қоса берiлуге тиiс.
2. Санацияға қатысушы барлық кредиторлардың талаптарын олармен келiсiлген мерзiмде қанағаттандыруды қамтамасыз ету мiндеттемесiн өзіне қабылдай алады. Бұл жағдайда, борышкерді басқаруды санацияға қатысушы немесе ол тағайындаған тұлға оңалтуды басқарушы үшін көзделген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады. Осы Заңның 12-бабының 2-тармағында белгіленген талаптар санацияға қатысушыға қолданылмайды.
3. Сот, сондай-ақ уәкілетті орган санацияға қатысушыдан оның осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген мiндеттемелердi орындауы мүмкiндiгiн растайтын құжаттарды талап етуге құқылы.
79-бап. Санацияға қатысушылардың келiсiмi
Егер санацияға кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруды қамтамасыз ету мiндеттемесiн өзіне қабылдаған екi және одан да көп тұлға қатысса, олар кредиторлар алдындағы жауапкершiлiктi өздерiнiң арасында бөлу, санацияға қатысудан ол басталғаннан кейiн санацияға қатысушылардың бiреуi немесе бiрнешеуi бас тартқан жағдайдағы жауаптылық, борышкер мүлкiн басқаруға қатысу тәртiбi көзделетiн келiсiм жасасуға тиiс.
80-бап. Санацияға қатысушылардың жауаптылығы
1. Осы Заңның 78-бабының 2-тармағында көзделген мiндеттеменi өзіне қабылдаған санацияға қатысушы борышкер таратылғаннан кейiн, егер еңсерілмейтін күштiң немесе кредиторлардың не борышкердiң (борышкер мүлкiнің меншік иесiнiң) iс-әрекеттерi нәтижесінде санация мақсаттарына қол жеткiзiлмегенiн дәлелдемесе, оның өтелмеген мiндеттемелерi бойынша субсидиарлық жауаптылықта болады.
Егер келiсiмде өзгеше көзделмесе, санацияға екi немесе одан да көп тұлға қатысқан кезде, олар ортақ жауаптылықта болады.
2. Дәрменсiз борышкердiң кредиторлар талаптарын қанағаттандыруды қамтамасыз ету мiндеттемесін өзіне қабылдамаған санацияға қатысушының жауаптылығы кредиторлар комитетi бекiткен, қатысушының оңалтуды басқарушымен келiсiмімен айқындалады.
81-бап. Санацияға қатысушының құқықтары
1. Санация мақсатына қол жеткізілуіне байланысты оңалту туралы іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған кезде осы Заңның 78-бабының 2-тармағында көзделген міндеттемені өзіне қабылдаған және борышкер мүлкінің меншік иесі болып табылмайтын қатысушы санация басталғанға дейін шаруашылық серіктестігіне қатысушылардың, акционерлік қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы қабылдаған шешімнің негізінде өзі инвестициялаған қаражат сомасында шаруашылық серіктестігіне қатысушы, акционерлік қоғамның акционері құқығына ие болады, ал егер борышкер мемлекеттік кәсіпорын болып табылса, мүліктің меншік иесі уәкілеттік берген мемлекеттік орган шешімінің негізінде борышкер шаруашылық серіктестігі, акционерлік қоғам болып алдын ала қайта ұйымдастырылғаннан кейін санацияға қатысушы шаруашылық серіктестігіне қатысушы, акционерлік қоғамның акционері құқығына ие болады. Егер борышкер өндірістік кооператив болып табылса, кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы шешімінің негізінде борышкер шаруашылық серіктестігі болып алдын ала қайта ұйымдастырылғаннан кейін санацияға қатысушы шаруашылық серіктестігіне қатысушы құқығына ие болады.
Көрсетілген шешiм сотқа оңалту жоспарымен бiр мезгілде ұсынылуға тиiс.
Мұндай жағдайда құрылған шаруашылық серiктестiгiнің жарғылық капиталының мөлшерi жарғылық капитал екi жыл ішінде белгiленген мөлшерлерге дейiн толықтырылатын жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ең төменгi мөлшерден кем болуы мүмкiн.
2. Санацияға екi немесе одан да көп тұлға қатысқан жағдайда борышкер мүлкiндегi үлес мөлшерi олардың әрқайсысы санация мақсаты үшiн пайдаланған қаражаттың сомасына пропорционалды түрде айқындалады.
82-бап. Оңалту рәсiмiн тоқтату
1. Оңалтуды басқарушы, егер:
1) борышкерге қатысты оңалту рәсiмiнiң мақсатына қол жеткізілген;
2) ол бұл мақсатқа қол жеткізу мүмкін еместігіне көз жеткізген жағдайларда, кредиторлар жиналысының шешімі бойынша борышкерге қатысты оңалту рәсiмiн тоқтату туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнедi.
Оңалтуды басқарушының өтiнiшiне оңалтуды басқарушының қорытынды есебi қоса беріледi.
Мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде бекітілген оңалту жоспары орындалған жағдайда, мемлекеттік қолдау шараларына қатысушы оңалту рәсімін тоқтату туралы өтініш білдіреді.
2. Борышкердi оңалту жоспарын iске асыру не оңалтуды басқарушының әрекеттерi (әрекетсiздiгi) өз мүдделерiне нұқсан келтiредi деп есептейтiн борышкер мүлкiнiң меншік иесi (ол уәкiлеттік берген орган) оңалту рәсiмiн тоқтату туралы сотқа жүгіне алады.
3. Кредиторлар жиналысының өткізілетіні туралы тиісінше хабардар етілмеген жағдайда, талап қою сомасы кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген талаптардың жалпы сомасының кемінде он пайызын құрайтын кредитордың оңалту рәсімін тоқтату туралы сотқа жүгінуге құқығы бар.
4. Кредитор (кредиторлар):
1) борышкердің оңалту жоспарын құру жөніндегі әрекеттерi (әрекетсiздiгi) өзінің мүліктік мүдделеріне нұқсан келтіретінін растайтын негіздер болған;
2) кредиторлық берешекті өтеу кестесі үш айдан астам орындалмаған;
3) оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішке қоса берілген құжаттарда анық емес мәліметтердің ұсынылу фактілері анықталған;
4) борышкердi оңалту жоспарын iске асыру не оңалтуды басқарушының әрекеттерi (әрекетсiздiгi) өзінің мүліктік мүдделерiне нұқсан келтiретінін растайтын негіздер болған кезде оңалту рәсімін тоқтату туралы өтінішпен сотқа жүгіне алады.
5. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінің 2) тармақшасында, 2, 3 және 4-тармақтарында көзделген негіздер бойынша оңалту рәсімін тоқтату туралы сотқа өтініш берілген кезде өтініш беруші тұлға борышкерді банкрот деп тану туралы талапты өтініште көрсетуге міндетті.
Осы тармақтың талаптары орындалмаған жағдайда сот оңалту рәсімін тоқтату туралы өтінішті қараусыз қалдырады.
6. Кредиторлар жиналысы оңалту рәсімін келісуден бас тартқан не борышкер осы Заңның 59-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында белгіленген мерзімде оңалту жоспарын ұсынбаған жағдайларда, сот уақытша әкімшінің өтініші бойынша оңалту рәсімін тоқтатады.
83-бап. Оңалту рәсiмiн тоқтатудың салдарлары
Осы Заңның 82-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 2, 3, 4 және 6-тармақтарында көзделген негіздер бойынша оңалту рәсімі тоқтатылған және банкроттық туралы іс қозғалған (қайта басталған) жағдайларда:
1) осы Заңның 68-бабында көзделген салдарлар сақталады;
2) борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығарылғанға және банкроттықты басқарушы тағайындалғанға дейін борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығы оңалту рәсімінде басқаруды жүзеге асырған тұлғада сақталады.
6-тарау. БАНКРОТТЫҚ РӘСІМІ
84-бап. Банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі
1. Банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі сот шешімімен айқындалады және ол тоғыз айдан аспауға тиіс. Бұл мерзімді кредиторлар жиналысының келісуімен банкроттықты басқарушының өтінішхаты бойынша сот үш айдан аспайтын мерзімге ұзарта алады.
Банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.
2. Мыналар:
1) соттың іс жүргізуінде борышкер мен оның кредиторларының мүліктік мүдделерін қозғайтын істің болуы;
2) өткізілмеген мүліктің болуы;
3) банкроттықты басқарушының борышкер мен оның кредиторларының мүдделеріне қарсы әдейі немесе жалған банкроттық белгілері, өзге де құқық бұзушылықтар немесе қылмыстар бойынша қылмыстық қудалау органдарына жүгінуі;
4) қорытынды есепті бекітуден бас тарту туралы сот ұйғарымында көрсетілген, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою қажеттілігі;
5) уәкілетті орган анықтаған, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою қажеттілігі банкроттық рәсімін жүргізу мерзімін ұзарту үшін негіз болып табылады.
85-бап. Банкроттық рәсіміне қатысушылар
Мыналар:
1) банкроттық туралы істі қарайтын сот;
2) уәкілетті орган;
3) банкрот;
4) банкрот мүлкiнің меншiк иесі, қатысушылар (құрылтайшылар);
5) кредитор;
6) уақытша және банкроттықты басқарушылар;
7) басқа да мүдделі адамдар банкроттық рәсіміне қатысушылар болып табылады.
86-бап. Соттың банкроттық рәсіміндегі өкiлеттiктерi
Банкроттық рәсімінде соттың мынадай өкiлеттiктерi болады:
1) банкроттық рәсімін қозғайды, ұзартады және тоқтатады;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органға, уәкілетті органға, жеке сот орындаушыларының палатасына және борышкердің орналасқан жері бойынша аумақтық әділет органына заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы шешiм шығарылғанын хабарлайды;
3) банкрот жауапкер ретiнде әрекет ететін мүлiктiк сипаттағы даулар бойынша iстердi өзiнiң іс жүргiзуiне қабылдайды;
4) уақытша басқарушыны тағайындайды және шеттетеді;
5) банкроттық рәсіміне қатысушылар арасындағы дауларды шешеді.
87-бап. Банкроттық рәсімін қозғау салдарлары
1. Сот борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғау туралы шешiм шығарған күннен бастап:
1) борышкер мүлкінің меншік иесіне (ол уәкілеттік берген органға), құрылтайшыларға (қатысушыларға), заңды тұлғаның барлық органдарына мүлікті кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс пайдалану мен өткізуге және міндеттемелерді өтеуге тыйым салынады;
2) банкроттың барлық борыштық мiндеттемелерiнiң мерзiмдерi өтті деп есептеледі;
3) банкрот берешегiнiң барлық түрлерi бойынша тұрақсыздық айыбын және сыйақыларды (мүдделерді) есепке жазу тоқтатылады;
4) сотта банкроттың қатысуымен қаралатын мүлiктiк сипаттағы даулар, егер олар бойынша қабылданған шешiмдер заңды күшiне енбесе, тоқтатылады;
5) үшінші тұлғалардың кепілдіктері мен кепілгерліктерін орындау бойынша талаптарды, сондай-ақ үшінші тұлғалар кепіл беруші болатын жағдайларда кепіл нысанасын өндіріп алуды қоспағанда, банкротқа банкроттық рәсімі шеңберінде ғана талаптар қойылуы мүмкін;
6) әкімші өтінішінің және борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің ұсынылған көшірмесінің негізінде банкрот мүлкіне қойылған барлық шектеулер мен ауыртпалықтар (борышкердің шоттарына қаржылық және мемлекеттік органдардың инкассолық өкімдері, мүлікке сот орындаушылары тағайындаған тыйым салу және басқалар) оларды тағайындаған органдардың тиісті шешімдері қабылданбастан алып тасталады;
7) банкроттың мүлкіне жаңадан тыйым салу және банкроттың мүлкіне иелік етуге өзге де шектеулер қою мәмілені жарамсыз деп тану туралы және банкротқа қойылған, мүлікті өзгенің заңсыз иеленуінен талап ету туралы қуынымдары бойынша ғана жол беріледі.
2. Банкроттық рәсімін қозғау кезінде иемденушіге берілмеген банкрот мүлкі банкроттың мүліктік массасының құрамына енгізіледі, ал кредитор немесе орындалмаған міндеттеме бойынша дәрменсіз сатып алушы банкроттық рәсімі шеңберінде борышкерге өз талаптарын қоюға құқылы.
88-бап. Уақытша басқарушының өкілеттіктері
1. Уақытша басқарушы:
1) мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан борышкер, оған өтеусіз негізде берілуге тиіс екенін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса алғанда, оның мүлкі туралы ақпаратты сұрау салу берілген кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде сұратуға;
2) борышкердің өзі банкрот деп танылғанға дейін осы Заңның талаптарын бұза отырып жасаған мәмілелерін анықтауға, оларды жарамсыз деп тану туралы және сот тәртібімен, оның ішінде мұндай мәмілені анықтаған кредитордың өтінішхаты бойынша мүлікті қайтару туралы талап қоюға;
3) әдейі немесе жалған банкроттық жағдайлар анықталған кезде сотқа жүгінуге;
4) мәлімделген талаптардың негізі мен сомасын растайтын құжаттарды кредиторлардан сұратуға;
5) осы Заңда көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Сот тағайындаған кезден бастап және банкроттық туралы істі қарау аяқталғанға дейін уақытша басқарушы:
1) борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді оның төлем қабілетсіздігі белгілерінің бар не жоқ екендігін растау мақсатында бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік құжаттарының негізінде сот шешімі шығарылғанға дейін жинауды жүзеге асыруға;
2) сотқа борышкердің қаржылық жағдайы туралы қорытындыны ұсынуға;
3) уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін соттың оны тағайындау туралы ұйғарымы шығарылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органға банкроттық туралы істі қозғау және кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы қазақ және орыс тілдерінде хабарландыруды жіберуге;
4) сот талқылауы кезеңінде борышкер мүлкі меншік иесінің, құрылтайшылардың (қатысушылардың) борышкердің активтерін шығаруына жол бермеу мақсатында оларды бақылауды қамтамасыз етуге;
5) мәмілелерді кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс келісу туралы борышкердің өтінішін бес жұмыс күні ішінде қарауға;
6) осы Заңда көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
3. Борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі шығарылғаннан кейін уақытша басқарушы:
1) уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін борышкер банкрот деп танылған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде борышкерді банкрот деп тану туралы қазақ және орыс тілдерінде жарияланымды уәкілетті органға жіберуге;
2) борышкер банкрот деп танылған кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде уәкілетті органнан банкрот деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар тұлғаның бар-жоғы және банктік шоттарының нөмірлері, осы шоттардағы ақшаның қалдықтары туралы және қозғалысы туралы ақпарат сұратуға;
3) банкрот қызметкерлерін еңбек шартының Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес алдағы уақытта тоқтатылатыны туралы хабардар етуге;
4) банкрот мүлкін қорғауды және бақылауды қамтамасыз етуге;
5) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен, мерзімде және нысан бойынша кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыруға;
6) банкроттың мүліктік массасына түгендеуді жүргізуге және түгендеу бойынша есепті кредиторлардың алғашқы жиналысына ұсынуға;
7) егер банкроттықты басқарушы тағайындалғанға дейін мұндай мүліктің құны елеулі төмендейтін (тез бұзылатын тауарлар, маусымдық тауарлар, мал және жедел өткізуді талап ететін өзге де тауарлар) жағдайларда уәкілетті органмен келісу бойынша банкрот мүлкін сатуды жүзеге асыруға;
8) кредитордың және борышкер мүлкі меншік иесінің жазбаша сұрау салуы негізінде банкроттық рәсімінің жүзеге асырылу барысы туралы сұрату алынған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлауға;
9) кредиторлар жиналысының өткізілу күні, уақыты мен орны туралы кредиторларды хабардар етуге;
10) сот борышкер мен оның кредиторларының мүдделерін қозғайтын акт шығарған жағдайда, осы сот актісіне шағымдану туралы мәселені қарау үшін өтініші бойынша банкроттық туралы іс қозғалған кредиторға не борышкерге оны алған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде оның көшірмесін ұсынуға;
11) кредиторлардың алғашқы жиналысын ұйымдастыруға және өткізуге;
12) банкроттықты басқарушыға (уәкілетті органға) өзін тағайындаған (борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі шығарылған) күннен бастап үш жұмыс күні ішінде құрылтайшылық құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, банкроттың мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарды, банкротқа тиесілі мөрлерді, мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды беруге;
13) сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру немесе тоқтату туралы ұйғарым, борышкерді банкрот деп танудан бас тарту туралы шешім шығарған, не борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің күші жойылған жағдайда борышкерге тиісті сот актісі қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде құрылтайшылық құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, мөрлерді, мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды беруге;
14) осы Заңда көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
89-бап. Банкроттықты басқарушының өкілеттіктері
2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Банкроттықты басқарушы:
1) кредиторлардан мәлімделген талаптардың негізі мен сомасын растайтын құжаттарды сұратуға;
2) кредиторлар жиналысының келісімімен банкроттық рәсімін жүргізу үшін кредит алуға құқылы.
2. Банкроттықты басқарушы:
1) өзі тағайындалған кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде уақытша басқарушыдан құрылтайшылық құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, банкроттың мүлкіне құқық белгiлейтiн құжаттарды, банкротқа тиесілі мөрлерді, мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды қабылдауға;
2) оны тағайындағаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан банкрот, оған тиесілі (тиесілі болған) мүлік туралы ақпаратты және растайтын құжаттардың көшірмелерін талап етуге, егер көрсетілген ақпарат пен құжаттарды оған уақытша басқарушы бермеген болса, олар сұрау салу жіберілген кезден бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оған өтеусіз негізде ұсынылуға тиіс;
3) өзі тағайындалғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде уәкілетті органнан банкрот деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар тұлғаның банктік шоттарының бар-жоғы және нөмірлері, осы шоттардағы ақшаның қалдықтары туралы және қозғалысы туралы ақпарат сұратуға;
4) банкроттың мүлкін қорғауды және бақылауды қамтамасыз етуге;
5) кредиторлар комитеті дебиторлық берешекті сату туралы шешім қабылдаған жағдайларды қоспағанда, банкрот алдында берешегі бар адамдарды анықтаған кезден бастап жеті жұмыс күнінен аспайтын мерзімде осы берешекті сот тәртібімен өндіріп алу туралы талап қоюға;
6) борышкердің оны банкрот деп танығанға дейін осы Заңның талаптарын бұза отырып жасаған мәмілелерін анықтауға және оларды жарамсыз деп тану туралы не мүлікті сот тәртібімен, оның ішінде мұндай мәмілені анықтаған кредитордың өтінішхаты бойынша қайтару туралы талап қоюға;
7) кредиторлар комитетінің шешімі негізінде он жұмыс күні ішінде банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін борышкер жасасқан шарттарды өзгертуге немесе бұзуға;
8) банкроттың мүлкін (активтерін) сату жоспарын әзірлеуге және оны іске асыруды жүзеге асыруға;
9) кредиторлар талаптарының тізілімін жүргізуге;
10) осы Заңның 11-бабының 5-тармағында белгіленген адамдарды анықтауға;
11) кредиторлар комитеті есеп айырысуға көшу туралы шешім қабылдағаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде кредиторлармен есеп айырысуды жүзеге асыруға;
12) кредиторға оның жазбаша сұрау салуы негізінде сұрау салу түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде банкроттық рәсімінің жүзеге асырылу барысы туралы хабарлауға;
13) егер банкроттықты басқарушымен жасалған банкроттық рәсімін жүргізу туралы шартта өзгеше белгіленбесе, сот банкрот пен оның кредиторларының мүдделерін қозғайтын актіні шығарған жағдайда оны алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде кредиторлар комитетіне осы сот актісіне шағымдану туралы мәселені қарау үшін оның көшірмесін ұсынуға;
14) кредиторларды кредиторлар комитетінің жиналысын өткізу күні, уақыты мен орны туралы хабардар етуге;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 15) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15) сот қорытынды есепті бекіткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде банкроттың банктік шоттарын жабуға, салық төлеуші куәлігінің және қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәліктің бланкілерін (олар бар болған кезде) мемлекеттік кіріс органына тапсыруға, банкроттың мөрін жоюға;
16) борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің күші жойылған жағдайда борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің күшін жою туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде борышкерге құрылтайшылық құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды, мөрлерді, мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды беруге;
17) банкроттықты басқарушы шеттетілген (босатылған) жағдайда, жаңадан тағайындалған банкроттықты басқарушыға шеттету (босату) туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде құрылтайшылық құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, банкроттың мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарды, банкротқа тиесілі мөрлерді, мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды беруге;
18) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді орындауға міндетті.
90-бап. Банкроттық рәсімінде кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыру
1. Уақытша басқарушы сот оны тағайындау туралы ұйғарым шығарған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде банкроттық туралы істі қозғау және кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы қазақ және орыс тілдерінде хабарландыруды уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін уәкілетті органға жібереді.
Уәкілетті орган хабарландыруды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
Борышкерде интернет-ресурс болған кезде аталған интернет-ресурста хабарламаны жариялау міндетті болып табылады.
2. Уақытша басқарушы сот орындаушыларынан заңды күшіне енген сот шешімін немесе борышкерден ақшаны өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде осындай кредиторларды банкроттық туралы істі қозғау (борышкерді банкрот деп тану) және талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы жазбаша хабардар етеді.
Уақытша басқарушы банкроттық туралы істі қозғау туралы сот ұйғарым шығарған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өміріне және денсаулығына зиян келтіргені үшін өздерінің алдында борышкер жауапты болатын азаматтарды да борышкерді банкрот деп тану және талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабардар етеді.
3. Кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыру жарияланған кезден бастап бір ай мерзімнен кешіктірмей олар банкротқа қоятын талаптарын мәлімдеуге тиіс.
Кредиторлардың талаптарында салыстыру үшін құжаттардың түпнұсқалары бір мезгілде ұсыныла отырып, талаптың сомасы туралы мәліметтер (талаптың негізі мен сомасын растайтын құжаттардың (күшіне енген сот шешімдері, шарттардың көшірмелері, борышкердің борышын тануы) көшірмелерін қоса бере отырып, негізгі борыштың, сыйақының (мүдденің), тұрақсыздық айыбының және өзге де айыппұл санкцияларының, залалдардың сомасы туралы жеке) қамтылуға тиіс.
Егер кредиторлардың мәлімдеген талаптары бойынша сыйақы (мүдде), тұрақсыздық айыбы және өзге де айыппұл санкциялары, залалдар есептелген болса, онда мұндай кредиторлар борышкер банкрот деп танылғаннан кейін күнтізбелік он бес күн ішінде сыйақыны (мүддені), тұрақсыздық айыбын және өзге де айыппұл санкцияларын, залалдарды ескере отырып, өзінің талаптарын қайтадан мәлімдейді.
Кредиторлар талаптың негізі мен сомасын растайтын өзге де құжаттарды ұсынуға құқылы.
Кредиторлардың шетел валютасында көрсетілген талаптары борышкерді банкрот деп тану және оны банкроттық рәсімін қозғай отырып тарату туралы сот шешім қабылдаған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген бағам бойынша теңгемен есептеледі.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзімнен кеш мәлімделген кредитордың талабы кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі, бірақ мұндай кредитор бір ай мерзімде мәлімделген кредиторлардың талаптарын толық қанағаттандырғанға дейін кредиторлар жиналысында дауыс беру құқығынан айырылады.