5. Осы баптың 3-тармағында көзделген мерзімде мәлімделген кредиторлардың талаптарын уақытша басқарушы оларды алған кезден бастап он жұмыс күні ішінде қарауға тиіс және танылған талаптар тізілімге енгізіледі.
Кредиторлардың бұрын сотқа мәлiмдеген талаптары, егер олар осы баптың 3-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сай келетін болса, кредитордың өтініші болған кезде тiзiлiмге енгiзiлуi мүмкiн.
6. Кредиторлар талаптарының тізіліміне:
1) Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес шығарылған облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын бөлiнген активтер және мынадай мүлiктi: ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша (ипотекалық куәліктердің кепілін қоса алғанда) талап құқықтарын, сондай-ақ олардың ұстаушыларында мәмілелер бойынша не Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де негіздермен көрсетілген облигацияларға меншік құқықтары туындаған немесе оларға көшкен жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын кепілмен қамтамасыз етілген ипотекалық облигацияларды ұстаушылардың талаптары;
2) кредиторлардың мемлекет кепiлгерлiгiмен қамтамасыз етiлген инфрақұрылымдық облигациялар бойынша талаптары;
3) борышкер құрылтайшыларының (қатысушыларының) талаптары енгізілмейді.
7. Кредиторлар борышкерге берешектің сомасын және осы сомаға тиесілі сыйақыны (мүддені), борышкер тарапынан міндеттемелерді орындамаудан немесе тиісінше орындамаудан келтірілген залалдарды, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдар, өсімпұлдар) және өзге де айыппұл санкцияларын қамтитын талаптарды қоюға құқылы.
8. Сыйақының (мүдденiң) сомасы борышкердi банкрот деп тану туралы сот шешiм қабылдаған кезде айқындалады.
9. Залалдардың, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдардың, өсiмпұлдардың) және өзге де айыппұл санкцияларының сомасы борышкердi банкрот деп тану және оны тарату туралы шешiм қабылданған кезде айқындалады.
Кредиторлардың банкроттық рәсiміне қатысуға байланысты шығыстары өтеуге жатпайды.
91-бап. Кредиторлардың талаптарын қарау
1. Уақытша басқарушы борышкер банкрот деп танылған күннен кейінгі күні кредиторлардың талаптарын қарау нәтижелері туралы (талаптарды толық көлемде немесе себептерін көрсете отырып, бір бөлігінде тану немесе танымау туралы) әрбір кредиторға жазбаша хабарлауға міндетті. Кредиторлардың борышкер банкрот деп танылғаннан кейін мәлімделген талаптары бойынша уақытша басқарушы шешім қабылданған күннен кейінгі күні осындай кредиторға жазбаша хабарлауға міндетті.
Кредитордың талабын (толық көлемде немесе бір бөлігінде) тану туралы хабарламада уақытша басқарушы кредиторлардың алғашқы жиналысын өткізу күнін, уақытын, орнын және күн тәртібін көрсетуге міндетті.
2. Уақытша басқарушының шешімімен келіспеген жағдайда кредитор, құрылтайшы (қатысушы) оған банкроттық туралы істі қарайтын сотқа он жұмыс күні ішінде шағымдануға құқылы.
92-бап. Кредиторлар талаптарының тізілімін жариялау
1. Уақытша басқарушы борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешім шығарған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде кредиторлар талаптарының тізілімін уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастыру үшін уәкілетті органға жіберуге міндетті.
Уәкілетті орган кредиторлар талаптарының тізілімін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
2. Кредитор жарияланған тізілімге енгізілген кез келген кредитор талабының мөлшері мен негізіне шағымдануға құқылы.
93-бап. Кредиторлар жиналысының банкроттық рәсіміндегі өкілеттіктері
1. Кредиторлардың алғашқы жиналысын уақытша басқарушы борышкер банкрот деп танылған күннен бастап күнтізбелік қырық бес күн мерзімінен кешіктірмей өткізеді.
2. Кредиторлардың алғашқы жиналысында:
1) кепіл мүлкіне бағалау жүргізу туралы шешім қабылданады;
2) уәкілетті органда тіркелген тұлғалар ішінен банкроттықты басқарушының кандидатурасы таңдалады;
3) кредиторлар комитетін құру туралы шешім қабылданады;
4) кредиторлар комитетінің саны айқындалады және кредиторлар комитетінің құрамы, төрағасы бекітіледі;
5) кредиторлар комитетінің жұмыс регламенті бекітіледі;
6) 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Кредиторлар жиналысының құзыретіне:
1) кепіл мүлкін бағалау нәтижелерін ескере отырып, кепіл мүлкін кепілді кредиторларға олардың талаптарын қанағаттандыру үшін беру туралы мәселені қарау;
2) банкроттықты басқарушының кандидатурасын таңдау;
3) кредиторлар комитетінің құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
4) банкроттың мүліктік массасын түгендеу туралы есепті мақұлдау;
5) мүлікті (активтерді) бағалауды жүргізу туралы шешім қабылдау;
6) мүлікті сату жоспарын бекіту;
7) банкроттың мүлкін (активтерін) тікелей сату туралы шешім қабылдау;
8) мүлікті теңгерімдік құны бойынша электрондық аукционға қою туралы шешім қабылдау;
9) борышкердің өндіріп алу мүмкін емес дебиторлық берешегінің сомасын бекіту;
10) банкроттықты басқарушыға негізгі сыйақы төлемінің сомасын айқындау;
11) банкроттықты басқарушыға қосымша сыйақы мөлшерін айқындау;
12) қорытынды есепті келісу;
13) банкроттық рәсімін жүргізу мерзімін ұзартуға келісім беру;
14) борышкердің кредиторларымен есеп айырысуға көшуі туралы шешім қабылдау;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 14-1) тармақшамен толықтырылды
14-1) баланста бар, бірақ түгендеу актісі бойынша жоқ жылжымалы мүлікті есептен шығару туралы шешім қабылдау;
2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен 14-2) тармақшамен толықтырылды
14-2) банкроттық рәсімін жүргізу үшін банкроттықты басқарушының кредит алуы туралы шешім қабылдау;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтар жатады.
4. Банкроттықты басқарушының кандидатурасын таңдау кезінде уәкілетті органда есепте тұрған тұлғаларға қатысты ұсынымдарды кредиторлар жиналысы дәрменсіз борышкердің мүлкі мен істерін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың кәсіптік бірлестіктерінен алуы мүмкін.
Кредиторлар жиналысы сайланған кандидатты оның кандидатурасын уәкілетті органға ұсынғанға дейін оның банкроттықты басқарушы ретінде таңдалғаны туралы хабардар етуге міндетті.
Уәкілетті орган кредиторлар жиналысы ұсынған кандидатураны кредиторлар жиналысы оны ұсынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде банкроттықты басқарушы етіп тағайындауға міндетті.
Уәкілетті орган осы Заңның 12-бабының 3-тармағы негізінде банкроттықты басқарушының кандидатурасын тағайындауға кедергі келтіретін мән-жайларды анықтаған жағдайда уәкілетті орган анықтаған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде кредиторлар жиналысына банкроттықты басқарушының кандидатурасын тағайындаудан дәлелді бас тартуды не осы Заңның 12-бабының 8-тармағының 11) тармақшасы негізінде банкроттықты басқарушының уәкілетті органдағы тіркеуден алып тасталғаны туралы хабарламаны жіберуге міндетті.
Кредиторлар жиналысы ұсынылған кандидатураны тағайындаудан уәкілетті орган бас тартқан жағдайда, банкроттықты басқарушы етіп тағайындау үшін басқа кандидатура ұсынуға міндетті.
94-бап. Кредиторлар комитетінің банкроттық рәсіміндегі өкілеттіктері
Кредиторлар комитеті:
1) банкроттық рәсімінің өткізілуін және банкроттықты басқарушының қызметін жедел бақылауды жүзеге асырады;
2) банкроттықты басқарушымен шарт жасасады және оны бұзады;
3) шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын банкроттық рәсімін жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді;
4) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша әкімшілік шығыстардың орнын толтыру жағдайларын қоспағанда, әкімшілік шығыстардың сметасын және банкроттық рәсімін жүргізу үшін тартылатын қызметкерлердің санын бекітеді;
5) банкроттың жаңадан анықталған не мүліктік массаға қайтарылған мүлкін (активтерін) бағалауды жүргізу туралы шешім қабылдайды;
6) банкроттықты басқарушы сатып алатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін айқындайды;
7) борышкер мен кредитор арасындағы талаптарды өзара есепке алу туралы шешім қабылдайды;
8) осы Заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
95-бап. Кредиторлардың еңбекақы төлеу жөніндегі мүдделерін білдіру
1. Борышкерге еңбекақы төлеу жөнінде талаптары бар адамдар жиналыста (конференцияда) жасырын дауыс беру арқылы борышкердің, оның кредиторларының алдында өздерінің мүдделерін қорғауға уәкілетті өкілді сайлайды.
Кредитордың еңбекақы төлеу жөніндегі өкілі кредиторлар комитетінің құрамына кіреді.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен сайланған өкіл банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде осы Заңмен өзіне берілетін кредитордың барлық құқықтарын пайдаланады. Өкіл кредиторлар талаптарының тізілімінде еңбекақы төлеу жөніндегі талаптарды бекіту нәтижелері және оларды қарау нәтижелері бойынша оны сайлаған жиналыс (конференция) алдында есеп береді.
96-бап. Мүліктік масса
1. Мүліктік массаның құрамына:
1) банкроттың, оның ішінде оның қаржылық құжаттарында көрсетілмеген, бірақ талап құқықтарын (дебиторлық берешек) қоса алғанда, борышкердің меншік құқығын растайтын құжаттары бар мүлкі;
2) Қазақстан Республикасының жер заңнамасында көзделген жағдайларда банкроттың тұрақты және ұзақ мерзімді уақытша жер пайдалану құқықтары кіреді.
2. Мүліктік массаға банкрот - дара кәсіпкердің, толық серіктестіктер қатысушыларының жеке мүлкі, толық және коммандиттік серіктестіктерінің бұрынғы қатысушыларының, қосымша жауапкершілігі бар серіктестік қатысушыларының, сондай-ақ банкроттың мүлкі жеткіліксіз болған кезде Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес оларға өндіріп алуды қолдану мүмкін болатын өндірістік кооперативтің мүлкі бөлек кіреді және ескеріледі.
3. Қазақстан Республикасының заңдарында борышкерді банкроттыққа жеткізгені үшін өзге тұлғалардың субсидиарлық жауапкершілігі көзделген жағдайларда бұл жауапкершіліктің мөлшері кредиторлар талаптарының жалпы сомасы мен банкроттың мүліктік массасы арасындағы айырма ретінде айқындалады. Банкроттықты басқарушы осындай тұлғаларға борышкердің барлық кредиторларының мүдделері үшін талаптар қоюға міндетті. Жекелеген кредиторлардың өз мүдделерi үшін мұндай талаптар қоюына жол берiлмейдi.
4. Мүліктік массаға:
1) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары;
2) Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес жобалық қаржыландыру кезінде арнайы қаржы компаниясының міндеттемелері бойынша қамтамасыз ету және секьюритилендiру кезінде арнайы қаржы компаниясының облигациялары бойынша қамтамасыз ету болып табылатын бөлiнген активтер мен ипотекалық облигациялар бойынша мынадай қамтамасыз ету болып табылатын кепіл мүлкі: ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша (ипотекалық куәліктерді қоса алғанда) талап құқығы, сондай-ақ көрсетілген акцияларға олардың ұстаушыларында мәмілелер не Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де негіздер бойынша меншік құқығы туындаған немесе оларға ауысқан жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары енгізілмейді. Банкроттықты басқарушы көрсетiлген мүлiк пен бөлiнген активтердi кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшiн Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес айқындалған ипотекалық облигацияларды ұстаушылардың өкiлiне, кредиторлардың және (немесе) облигацияларды ұстаушылардың өкiлiне береді;
3) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңамасына сәйкес құрылған тарату қорларының қаражаты;
2015.31.10. № 380-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік, оның ішінде концессия объектiсiнiң құрамына кiретiн мүлiк;
5) Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексiнде көзделген, шығарындыларды азайту, сертификатталған шығарындыларды азайту, шығарындыларды ішкі азайту, парниктiк газдарды сiңiру квоталары бiрлiктерi;
6) осы Заңның 104-бабында көзделген тәртіппен және шарттармен кепілді кредиторға берген жағдайда кепіл мүлкі;
7) уақытша өтеусіз және уақытша қысқа мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы енгiзiлмейдi.
97-бап. Банкроттың мүліктік массасын түгендеу
1. Уақытша басқарушы банкроттың мүліктік массасын түгендеуді жүргізеді және кредиторлардың алғашқы жиналысына түгендеу туралы есепті ұсынады.
2. Түгендеу туралы есеп негізінде кредиторлар жиналысы:
1) түгендеу туралы есепті мақұлдау және банкроттықты басқарушыға мүліктік массаны бағалау мен өткізуге кірісуді тапсыру туралы;
2) түгендеу туралы есепті нақтылау және банкроттықты басқарушыға он жұмыс күнінен аспауға тиіс мерзімде қайталап түгендеу туралы есеп беру мерзімін белгілеу туралы шешім қабылдайды.
3. Жаңадан анықталған не борышкерге қайтарылған мүлікке (активтерге) қатысты банкроттықты басқарушы түгендеу туралы есепті осы мүлікті өзінің қорғауына және бақылауына қабылдаған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде кредиторлар комитетіне ұсынуға міндетті.
98-бап. Банкрот мүлкінің (активтерінің) құнын бағалау
1. Уақытша басқарушының түгендеу туралы есебінде көрсетілген мүлікке (активтерге) бағалау жүргізу туралы шешімді кредиторлар жиналысы қабылдайды.
Жаңадан анықталған не мүліктік массаға қайтарылған мүлікке (активтерге) бағалау жүргізу туралы шешімді банкроттықты басқарушының түгендеу туралы есебін қарау кезінде кредиторлар комитеті қабылдайды.
2. Жиналыстың не кредиторлар комитетінің бағалау туралы шешімінде:
1) конкурстық комиссияның саны мен құрамы туралы мәліметтер;
2) бағалаушыны таңдау жөнінде конкурс жариялау және өткізу үшін мерзімдер қамтылуға тиіс.
3. Жиналыстың не кредиторлар комитетінің шешіміне сәйкес банкроттықты басқарушы конкурстық негізде тиісті мамандарды тарта отырып, дебиторлық берешекті қоса алғанда, борышкердің мүлкін (активтерін) бағалауды жүргізеді.
4. Банкроттықты басқарушы кредиторлар жиналысы шешімінің негізінде мүлікті оның теңгерімдік құны бойынша электрондық аукционға қоюға құқылы.
99-бап. Банкроттың мүлкін (активтерін) сату
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Талап қою құқығын қоса алғанда, банкроттың мүлкiн сатуды банкроттықты басқарушы сату жоспарына сәйкес не тікелей сату әдісімен электрондық аукцион өткiзу арқылы жүзеге асырады.
Борышкердің (банкроттың) мүлкiн (активтерiн) сату бойынша электрондық аукционды өткiзу тәртiбiн және оны ұйымдастырушыны уәкілетті орган айқындайды.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Банкроттықты басқарушы сату жоспарын банкроттың мүліктік массасын түгендеу және бағалау деректерінің негізінде, сондай-ақ мүлікті теңгерімдік құны бойынша электрондық аукционға қою туралы кредиторлар жиналысы шешімінің негізінде жасайды.
Банкроттың мүліктік массасында тауарларды өндіру, жұмыстарды орындау және (немесе) қызметтерді көрсету үшін кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын мүліктік кешен болған кезде, сату жоспарында осындай кешенді бірыңғай лотпен аукционға кемінде екі рет шығару жөніндегі міндетті талап қамтылуға тиіс.
Банкроттықты басқарушы кредиторлар жиналысы белгілеген мерзімде сату жоспарын жасауға және оны кредиторлар жиналысына ұсынуға міндетті.
Егер аукцион бірыңғай лот бойынша өтпеген жағдайда не оған қатысушылардың ешқайсысы бірыңғай лотты иемденбесе, мүлікті өткізу бөлек лоттармен жүзеге асырылады
3. Банкроттың айналымда шектеулі мүлкін өткізу жабық электрондық аукционда жүзеге асырылады. Осы мүлікті иемденуге құқығы бар адамдар жабық электрондық аукционның қатысушылары бола алады.
4. Банкроттың мүлікті сату жоспарына сәйкес сатуға ұсынылған, бірақ өткізілмей қалған мүлкі өздерінің талаптары толық көлемде қанағаттандырылмаған тиісті кезектің кредиторларына, олардың келісімімен сату жоспарында көрсетілген бастапқы бағасы бойынша жалпы үлестік меншікке беруге жатады.
5. Стратегиялық объектіні сату кезінде Қазақстан Республикасы осындай мүлікті иемденуге басым құқыққа ие болады.
Банкроттықты басқарушы стратегиялық объектіні сатуды «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес оны иеліктен шығаруға рұқсат беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімін алғаннан кейін жүзеге асырады.
6. Банкроттың мүлкін (активтерін) тікелей сату кезінде сату бағасы және басқа да шарттар, сондай-ақ сатып алушы және онымен сатып алу-сату шартын жасасу мерзімі кредиторлар жиналысының бірауыздан қабылданған шешімімен және мүліктің меншік иесінің келісімімен айқындалады.
7. Банкроттың мүліктік массасында банкроттықты басқарушы тағайындалғанға дейінгі мерзім ішінде құны елеулі төмендейтін мүлік (тез бұзылатын тауарлар, мал және жедел өткізуді талап ететін өзге де тауарлар) болған жағдайларда, уақытша басқарушы осындай мүлік анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде осындай мүлікті сату жоспарын жасауға және оны уәкілетті органға келісуге ұсынуға міндетті.
Уәкілетті орган екі жұмыс күні ішінде уақытша басқарушының өтінішін қарауға және қабылданған шешім туралы уақытша басқарушыны дереу хабардар ете отырып, сату жоспарын келісу не келісуден бас тарту туралы шешім қабылдауға міндетті
Уақытша басқарушы бекітілген сату жоспарына сәйкес мүлікті өткізуге міндетті.
100-бап. Мүліктік массаны бөлудің кезектілігі
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Әкiмшiлiк және сот шығыстары банкрот мүлкiнiң есебiнен кезектен тыс өтеледi.
Банкроттық рәсімін жүргізуге байланысты әкiмшiлiк шығыстар олар бойынша төлеу міндеті банкроттық туралы іс қозғалған кезден бастап және одан кейінгі кезең ішінде туындаған, тартылатын мамандардың қызметтеріне ақы төлеу бойынша шығындарды, уақытша және банкроттықты басқарушыларға ағымдағы төлемдер сомасын, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдарға еңбекақы төлеуді қамтиды.
Әкімшілік шығыстарға банкроттық рәсімі қолданылған салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңдер үшін салықтық есептілікке сәйкес салық төлеуші есептеген, салықтық тексерулердің нәтижелері бойынша мемлекеттік кіріс органы есепке жазған салықтар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер жатады.
Кредиторлар комитетінің банкроттықты басқарушымен жасасқан келісімі шегіндегі әкімшілік шығыстар сомаларын басқарушы олардың пайда болуына қарай төлеуі мүмкін.
2. Бірінші кезекте өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянның орнын толтыру бойынша; алименттерді өндіріп алу бойынша; Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектерді төлей отырып, еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдарға еңбекақы мен өтемақыларды төлеу бойынша; авторлық шарттар жөніндегі сыйақыларды төлеу бойынша талаптар қанағаттандырылады.
Бірінші кезектегі талаптарды өтеу осы тармақта жазылған тәртіппен жүзеге асырылады.
Кредиторлардың өмірге немесе денсаулыққа келтірілген зиянның орнын толтыру бойынша талаптарын өтеу үшін мүлік жеткіліксіз болған кезде мүлік олардың тізілімге енгізілген талаптарының сомаларына пропорционалды түрде олардың арасында бөлінеді. Осы бөлік ережелері кредиторлардың алименттерді өндіріп алу бойынша; Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектерді төлей отырып, еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдарға еңбекақы мен өтемақыларды төлеу бойынша; авторлық шарттар жөніндегі сыйақыларды төлеу бойынша талаптарын өтеу кезінде қолданылады.
2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Екінші кезекте осы Заңның 104-бабында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделген банкрот мүлкінің кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелері бойынша кредиторлардың талаптары, сондай-ақ банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде банкроттықты басқарушының кредит алуы нәтижесінде туындаған талаптар қанағаттандырылады.
4. Үшінші кезекте салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешек өтеледі.
5. Төртінші кезекте азаматтық-құқықтық және өзге де міндеттемелер бойынша басқа кредиторлармен есеп айырысу жүргізіледі, сондай-ақ осы Заңның 104-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады.
6. Бесінші кезекте кредиторлардың залалдардың орнын толтыру және тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) өндіріп алу бойынша талаптары қанағаттандырылады.
101-бап. Кредиторлармен есеп айырысу қағидалары
1. Әрбір кезектің талаптары алдыңғы кезектегі талаптар толық қанағаттандырылғаннан кейін қанағаттандырылады.
Кредитордың талабы оның келісуімен Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілдермен, оның ішінде ақшалай нысанда және (немесе) мүлікті заттай беру арқылы қанағаттандырылуы мүмкін.
Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар және міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша кредитордан басқа кредитор оны банкроттықты басқарушы ұсынған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімде мүлікті талапты өтеу есебіне заттай қабылдау туралы өзінің жазбаша келісімін (келіспейтінін) білдіруге тиіс. Кредитордың жазбаша келісімін белгіленген мерзімде ұсынбауы мүлікті заттай қабылдаудан бас тартуы болып танылады.
2. Егер талаптарды есепке жатқызу кредиторлар талаптарын қанағаттандырудың кезектілігін бұзбаса, басқа тұлғалар тартылмай, тікелей, өзаралық негізде болып табылса, кредиторлар комитетінің шешімі бойынша банкроттықты басқарушы оның қабылданған күнінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей кредиторға талаптарды есепке жатқызу туралы мәлімдеуге міндетті. Есепке жатқызуға ақшаны төлеу туралы талаптар бойынша ғана жол беріледі.
3. Кредиторлардың осы Заңның 90-бабының 3-тармағында көзделген мерзім өткеннен кейін, бірақ тарату теңгерімі бекітілгенге дейін мәлімделген талаптары, есептелген тұрақсыздық айыбын және сыйақыны (мүддені) немесе өзге де айыппұл санкцияларын, залалдарды ескере отырып, кредиторлардың қайтадан мәлімделген талаптарын қоспағанда, белгіленген мерзімде мәлімделген кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін банкроттың қалған мүлкінен қанағаттандырылады.
4. Бірінші кезектегі кредиторлардың барлық кредиторлармен есеп айырысу аяқталғанға дейін мәлімделген талаптары мүліктік масса есебінен қанағаттандырылуға жатады. Мұндай талаптарды тізілімге енгізгенге дейін кредиторлардың талаптарын өтеу тоқтатыла тұрады.
2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде банкроттықты басқарушының кредит алуы нәтижесінде туындаған кредиторлар талаптары екінші кезек құрамына енгізілген, олардың алдындағы берешек банкроттық рәсімі қозғалғанға дейін туындаған кредиторлардың талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейін өтеледі.
5. Банкрот мүлкінің жеткіліксіздігіне байланысты кредиторлардың қанағаттандырылмаған талаптары өтелді деп саналады.
Көрсетілген сомаларды кредитор банкроттық рәсімін аяқтау туралы сот ұйғарымының негізінде дебиторлық берешек есебінен шығаруға тиіс.
102-бап. Бірінші кезектегі кредиторлардың талабын қанағаттандыру сомасы мен тәртібі
1. Борышкер өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін олардың алдында жауапты болатын азаматтар талаптарының сомасын айқындау азаматқа ол жетпіс жасқа толғанға дейін, бірақ кемінде он жыл ішінде төленуге жататын тиісті мерзімдік төлемдерді (борышкер банкрот деп танылған күнгі мөлшерде) капиталдандыру арқылы жүзеге асырылады. Егер азаматтың жасы жетпіс жастан асқан жағдайда, тиісті мерзімдік төлемдерді капиталдандыру кезеңі он жылды құрайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіпке сәйкес айқындалатын соманың төленуі банкроттың тиісті міндеттемесін тоқтатады.
3. Бірінші кезектегі кредиторлардың банкрот мүлкінің жеткіліксіздігіне байланысты қанағаттандырылмай қалған, өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу бойынша талаптары Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеледі.
4. Кредиторлардың еңбекақы және өтемақылар төлеу бойынша талаптарының сомасын айқындау кезінде, осы баптың 5 және 6-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, банкроттық туралы iс бойынша іс жүргізу қозғалған кезге түзілген берешек бірінші кезек құрамында ескеріледі.
5. Өздерімен еңбек қатынастары бiр жылдан басталатын банкроттық туралы iс қозғалғанға дейiнгi кезең iшiнде туындаған кредиторлардың еңбекақы мен өтемақы төлеу бойынша талаптары борышкерде банкроттық туралы iс қозғалғанға дейiнгi бiр жылдың алдындағы күнтiзбелiк он екi айда құралған орташа айлық жалақыдан аспайтын есеппен бірiншi кезек құрамында ескерiледi. Талаптардың қалған сомалары бесінші кезек құрамында ескерiледi.
6. Қызметкердiң жалақысын көтеру нәтижесiнде пайда болған, бiр жылдан бастап банкроттық туралы iс қозғалғанға дейiнгi кезеңде есептелген еңбекақы және өтемақы төлеу жөнiндегi кредиторлар талаптарының ұлғайту сомасы кредиторлар талаптарының тiзiлiмiнде бесiншi кезек құрамында ескерiледi.