5) жоқ борышкерді банкрот деп тану туралы өтініш берілген жағдайларда, борышкердің жоқ екендігін растайтын құжаттарды;
6) кредитордың өтiнiшi негiзделетін өзге де мән-жайларды растайтын құжаттар қоса беріледi.
2. Кредитордың салықтар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер жөніндегі өтінішіне, егер мынадай:
1) борышкерде активтердің болмауы;
2) борышкерде жарамсыз деп танылуға жататын мәмілелердің болмауы;
3) борышкердің осы Заңның 11-бабы 2-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көзделген талаптарды орындау міндетіне кіретін лауазымды адамдарында активтердің болмауы сияқты мән-жайлардың жиынтығы болса, банкроттық туралы іс қозғалуына және банкроттық рәсімінің өткізілуіне байланысты әкімшілік шығыстарды оның өтеуі туралы өтінішхат қоса беріледі.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Оңалту рәсімін қолдану туралы кредитордың (кредиторлардың) өтінішіне:
1) белгіленген тәртіппен және мөлшерде мемлекеттік баждың төленгенін;
2) борышкерге өтініш пен оған қоса берілген құжаттардың көшірмелерінің жіберілгенін;
3) борышкердің кредитор алдындағы міндеттемелерін, сондай-ақ осы міндеттемелер бойынша берешектің бар екендігін және сомасын;
4) 2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5) кредитор өтініші негізделетін өзге де мән-жайларды (болған кезде) растайтын құжаттар қоса беріледі.
46-бап. Бiр немесе бiрнеше кредитордың талаптарын бiрiктiру
1. Кредитор әртүрлi мiндеттемелер бойынша борышкерге қойылған бiрнеше талапты бiр өтiнiшке бiрiктiруге құқылы.
2. Кредиторлар борышкерге қойған өздерінің талаптарын бiрiктiруге және сотқа бiр өтiнiшпен жүгiнуге құқылы. Мұндай өтiнiшке өздерінің талаптарын бiрiктiрген кредиторлар қол қояды.
47-бап. Прокурордың өтінішi
1. Прокурор:
1) ол әдейі банкроттық белгiлерiн анықтағанда;
2) кредитор - Қазақстан Республикасының, мемлекеттік органдардың мүдделерінде борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе немесе құқықтық қатынастардың мәнінен туындамаса, прокурордың өтінішi сотқа осы Заңда кредитордың өтiнiшiне қатысты көзделген талаптар сақтала отырып берiледi.
48-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс жүргiзудi қозғау
1. Осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес келетiн, оңалту рәсiмiн қолдану немесе борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiштi ала отырып, сот өтiнiш келiп түскеннен кейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей, ал осы Заңның 53-бабының 1-тармағында көзделген жағдайда, банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей іс қозғау туралы ұйғарым шығарады.
Iс қозғау туралы ұйғарым мүлiкке құқықты тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк және өзге де органдардың осы Заңның 50-бабының 1-тармағында көзделген шектеулердi қолдану туралы мiндетiн қамтуға тиiс.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Соттың iс қозғау туралы ұйғарымының көшiрмелерiн сот борышкерге, өтiнiш берушiге, уәкiлеттi органға, мүлiкке құқықтарды тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк және өзге де органдарға, жеке сот орындаушыларының өңiрлiк палатасына және борышкердiң орналасқан жерi бойынша аумақтық әділет органына жiбередi.
3. Сот iс қозғау туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында ұйғарымды шығару күніне олар туралы мәліметтер орналастырылған, уәкілетті органда тіркелген тұлғалар қатарынан уақытша басқарушыны тағайындау туралы ұйғарым шығарады.
Уақытша басқарушының кандидатурасын таңдауды борышкер қызметінің негізгі бейіні бойынша басқарушының жұмыс тәжірибесін ескере отырып, сот жүзеге асырады.
4. Уақытша басқарушыны тағайындау туралы сот ұйғарымында:
1) уақытша басқарушының тағайындалған күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органға банкроттық туралы іс қозғау туралы хабарландыруды жіберуі және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін кредиторлардың талаптарды қазақ және орыс тілдерінде мәлімдеу тәртібі туралы;
2) уақытша басқарушының осы Заңның 90-бабында белгіленген тәртіппен кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыруы туралы нұсқау қамтылуға тиіс.
Егер банкроттық туралы іс кредитордың немесе прокурордың өтініші бойынша қозғалған жағдайда, уақытша басқарушыны тағайындау туралы сот ұйғарымында:
1) уақытша басқарушы тағайындалған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде оның борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинауды жүзеге асыруы және сотқа уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қорытынды ұсынуы туралы;
2) уақытша басқарушының уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинауды жүзеге асыру нәтижелері бойынша қорытындыны сотқа ұсыну күні туралы нұсқауды қамтуға тиіс.
5. Сот осы Заңның 12-бабының 10-тармағында көзделген негіздердің бірі басталғаны туралы сотқа белгілі болған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уақытша басқарушыны шеттетеді.
Сот осы Заңда белгіленген тәртіппен уақытша басқарушыны шеттеткен күннен кейін бір жұмыс күні ішінде басқа уақытша басқарушыны тағайындайды.
49-бап. Уақытша басқарушының қорытындысы
Уақытша басқарушы борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинауды жүзеге асыру нәтижелері бойынша мынадай:
1) борышкер төлемге қабілетті, борышкерді банкрот деп тану туралы кредитордың талаптары негізсіз болып табылатыны;
2) борышкер төлемге қабілетсіз және борышкерді банкрот деп тану үшін негіздер бар екені;
3) борышкер төлемге қабілетсіз және оңалту рәсімдерін қолдану үшін негіздер бар екені;
4) борышкерді банкрот деп тану туралы өтініште көрсетілген мекенжай бойынша борышкер жоқ және оны банкрот деп тану үшін негіздер бар екені, бірақ оның есебінен банкроттық рәсімі жүзеге асырылуы мүмкін мүлкі (активтері) жоқ екені;
5) борышкердің өтініш берушіден басқа өзге кредиторларының жоқ екені;
6) борышкер уақытша басқарушыға есепке алу құжаттамасына рұқсат бермегені, бұл қорытынды жасауға кедергі болатыны туралы тұжырымдарды қамтитын талдамалық сипаттағы қорытынды жасайды.
Осы тармақтың 5) және 6) тармақшаларында көзделген қорытындыны негіздер болған кезде уақытша басқарушы өзі тағайындалған күннен бастап он жұмыс күнiнен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде жасайды.
50-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс қозғаудың салдарлары
1. Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс қозғалған кезден бастап:
1) борышкер мүлкiнiң меншiк иесiне (ол уәкiлеттiк берген органға), құрылтайшыларға (қатысушыларға), заңды тұлғаның барлық органдарына мүлiктi кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс оларды уақытша басқарушымен келіспей пайдалануға және өткiзуге тыйым салынады;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды есептемегенде, өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер олардың алдында жауаптылықта болатын азаматтарға төленетін төлемдердi қоспағанда, соттардың, аралық соттардың, мемлекеттік кіріс органдарының, сондай-ақ меншiк иелерiнiң (құрылтайшылардың, қатысушылардың) немесе борышкер органдарының оның мүлкiне қатысты бұрын қабылдаған шешiмдерiн орындау тоқтатыла тұрады;
3) үшінші тұлғалардың кепілдіктер мен кепілгерліктерді орындау бойынша талаптарын қоспағанда, кредиторлардың борышкерге қоятын кез келген талаптары осы Заңда көзделген оңалту немесе банкроттық рәсiмдерi шегiнде ғана қойылуы, сондай-ақ үшінші тұлғалар кепіл беруші болған жағдайларда, кепіл тұрғысында өндiрiп алуға қойылуы мүмкiн;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) кредиторлардың, мемлекеттік кіріс органы мен бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдерді есептеуді және (немесе) жинауды жүзеге асыратын өзге де уәкiлеттi мемлекеттiк органның талаптары, оның iшiнде даусыз (акцептісiз) тәртiппен қанағаттандырылуға жататын талаптары бойынша борышкердiң банктік шоттарынан ақша өндiрiп алуға, сондай-ақ борышкердiң мүлкiне өндiрiп алуды қолдануға жол берiлмейдi;
5) борышкердiң акцияларын, жарғылық капиталындағы үлестерiн иелiктен шығаруға тыйым салынады.
2. Сот Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында және борышкердiң орналасқан жерi бойынша тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте таратылатын, белгiленген тәртiппен нормативтiк құқықтық актiлердi ресми жариялау құқығын алған мерзiмдi баспасөз басылымдарында, оның ішінде интернет-ресурста оңалту туралы iс бойынша iс жүргізу қозғалғандығы туралы хабарландыруды қазақ және орыс тiлдерiнде күнтізбелік жетi күннен аспайтын мерзімде жариялауға мiндеттi.
Хабарландыруды жариялау оңалту рәсімін қолдану туралы өтiнiш берген борышкердің қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
51-бап. Кредиторлар талаптарын қамтамасыз ету
Сот кредитордың, прокурордың не iске қатысушы өзге тұлғаның өтiнiшi бойынша кредиторлардың талаптарын қамтамасыз ету жөнінде мынадай шараларды қолдануға:
1) борышкерге тиесiлi мүлiкке (мүліктің бiр бөлiгiне), оның iшiнде ақшаға тыйым салуға;
2) борышкерге оның мүлкiнiң азаюына әкеп соқтыруы не кредиторлардың мүдделерiне өзгеше түрде нұқсан келтiруi мүмкiн іс-әрекеттер жасауға тыйым салуға;
3) өндiрiп алу даусыз (акцептісiз) тәртiппен жүргiзiлетiн атқару құжаттары немесе өзге де құжаттар бойынша өндiрiп алуды тоқтата тұруға;
3) істі қарау кезеңінде борышкердің активтерін сақтауға бағытталған уақытша басқарушының ұсынымы бойынша өзге де іс-әрекеттерді қолдануға құқылы.
52-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы істi сот талқылауына дайындау
1. Оңалту туралы iстi сот талқылауына дайындау кезiнде Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу заңнамасында көзделген іс-әрекеттерден басқа сот iстiң сот отырысында қаралатын уақыты мен орны туралы уәкілетті органға, борышкерге, кредиторларға, прокурорға және iске қатысатын өзге де адамдарға хабарлайды.
2. Банкроттық туралы істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымның көшірмелері уәкілетті органға, борышкерге, кредиторларға, прокурорға және іске қатысатын өзге де адамдарға жіберіледі.
53-бап. Банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру және қайта бастау
1. Сот борышкердің банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу шеңберінде оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішін алып, банкроттық туралы іске бастамашылық жасаған кредитордың келісімімен, өтініш келіп түскеннен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірмей банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Соттың банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарымының көшірмелерін сот борышкерге, өтініш берушіге, уәкілетті органға, жеке сот орындаушыларының өңiрлiк палатасына және борышкердiң орналасқан жерi бойынша аумақтық әділет органына жiбередi.
3. Бұрын тоқтатыла тұрған банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді сот осы Заңның 59-бабының 6-тармағында және 82-бабының 2, 3, 4 және 6-тармақтарында көзделген негіздер бойынша оңалту рәсiмi тоқтатылған жағдайда қайта бастайды.
54-бап. Сот талқылауы
1. Алдын ала дайындау аяқталғаннан кейiн банкроттық туралы iс сот талқылауына тағайындалуға тиiс, бұл туралы сот ұйғарым шығарады.
Борышкердің өтініші бойынша қозғалған банкроттық туралы іс қозғалған күннен бір айдан аспайтын мерзiмде сот отырысында қаралуға тиiс.
Кредитордың немесе прокурордың өтініші бойынша қозғалған банкроттық туралы іс ол қозғалған күннен бастап екі айдан аспайтын мерзiмде сот отырысында қаралуға тиiс.
2. Борышкерді банкрот деп тану туралы өтініш берген кредитор сот отырысына келмеген жағдайда, сот өтінішті қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
Борышкер жоқ болған жағдайларды қоспағанда, борышкер сот отырысына келмеген жағдайда, сот оны мәжбүрлеп келтіру туралы ұйғарым шығарады.
3. Iстi алдын ала дайындау аяқталғаннан кейiн, бiрақ ол қозғалғаннан кейінгі күнтізбелік он бес күннен кешiктiрiлмей, оңалту туралы iс сот талқылауына тағайындалуға тиiс, бұл туралы сот ұйғарым шығарады.
Оңалту туралы iс қозғалған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзiмде ол сот отырысында қаралуға тиiс.
55-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша сот актілері
1. Сот оңалту немесе банкроттық туралы iстi сот отырысында қарап, мынадай сот актiлерiнiң бiрiн:
1) борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешiм;
2) борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғамастан, оны тарату туралы шешiм;
3) борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiм;
4) оңалту рәсімін қолдану туралы шешім;
5) оңалту рәсімін қолданудан бас тарту туралы шешім;
6) іс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы ұйғарым қабылдауы мүмкін.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген сот шешiмдерi мен ұйғарымы осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңнамасының талаптарына сәйкес болуға тиiс.
56-бап. Борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешiм
1. Кредитордың немесе прокурордың өтініші бойынша борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешімді борышкердің төлем қабілетсіздігі және оны банкрот деп тануға негіздердің бар екендігі туралы уақытша басқарушының қорытындысын ескере отырып, сондай-ақ уақытша басқарушыға есепке алу құжаттамасына рұқсат берілмеген, бұл қорытынды жасауға кедергі болған жағдайда, сот шығарады.
2. Борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешімді сот осы Заңның 118-бабының 4-тармағында белгіленген жағдайларда да шығарады.
3. Соттың борышкерді банкрот деп тану туралы шешімінде:
1) банкроттық рәсімін қозғай отырып, борышкерді тарату туралы;
2) борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығының уақытша басқарушыға өтуі туралы;
3) шешім шығарылғанға дейін сотқа жүгінген кредиторлардың мәлімделген талаптарының сомасы туралы;
4) борышкердiң лауазымды адамдарының борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешіктірілмейтін мерзiмде құрылтайшылық құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, мүлікке құқық белгiлейтiн құжаттарын, мөрлерін, мөртабандарын, банкротқа тиесілі материалдық және өзге де құндылықтарды уақытша басқарушыға беру туралы;
5) банкрот мүлкіне салынған барлық шектеулер мен ауыртпалықтарды (банкрот шоттарына қойылған инкассолық өкімдерді, сот орындаушылары тағайындаған мүлікке тыйым салуды және басқаларын) оларды тағайындаған органдардың тиісті шешімдері қабылданбастан, әкімшінің өтініші негізінде алу туралы;
6) осы Заңның 45-бабының 2-тармағында көзделген шарттар болған кезде кредитордың өтінішхаты негізінде салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша әкімшілік шығыстарды оның өтеуі туралы нұсқаулар қамтылуға тиіс.
4. Осы баптың 2-тармағында көзделген негіздер бойынша банкроттық рәсімі қозғалған жағдайда, соттың шешімінде уәкілетті органға кредиторлардың алғашқы жиналысын өткізу туралы нұсқау қамтылуға тиіс.
5. Уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін уақытша басқарушы борышкерді банкрот деп таныған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде уәкілетті органға борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы қазақ және орыс тілдерінде хабарландыруды жібереді.
Уәкілетті орган хабарландыруды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
Борышкердi банкрот деп тану туралы жарияланымда:
1) борышкердi банкрот деп тану туралы шешiм шығарған соттың атауы;
2) банкрот - дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері немесе банкрот - заңды тұлғаның атауы, бизнес сәйкестендіру нөмірі және орналасқан жерi;
3) банкротты сәйкестендіретін мәліметтер (салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі, дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы) қамтылуға тиіс.
57-бап. Кредитордың немесе прокурордың өтініші бойынша борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғамай оны тарату туралы шешiм
1 Уақытша басқарушының борышкерді банкрот деп тану туралы өтініште көрсетілген мекенжай бойынша борышкердің жоқ екендігі және есебінен банкроттық рәсімін жүзеге асыру мүмкін болатын мүлкінің (активтерінің) жоқ екендігі туралы қорытындысын ескере отырып, жоқ борышкерге қатысты сот уәкілетті органның келісімімен борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғамай оны тарату туралы шешiм шығарады.
2. Банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді таратуды уәкілетті орган осы Заңның 118-бабында белгіленген тәртіппен жүргізеді.
58-бап. Кредитордың немесе прокурордың өтініші бойынша соттың борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiмi
1. Сот уақытша басқарушының:
1) борышкерді банкрот деп тану туралы кредитор талаптарының негізсіздігі туралы тұжырымдар қамтылған борышкердің қаржылық жағдайы туралы;
2) борышкердің өтініш берушіден басқа кредиторларының жоқ екендігі туралы қорытындысын ескере отырып, борышкерді банкрот деп танудан бас тарту туралы шешім шығарады.
Егер өтініш беруші салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша кредитор болып табылған жағдайда, осы тармақша қолданылмайды.
2. Сот осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіздер бойынша борышкерді банкрот деп танудан бас тарту туралы шешім шығарған жағдайда, борышкер өтініш берушіден Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
3. Соттың борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiмi кредиторларды Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңнамасында көзделген тәртiппен борышкерге өз талаптарын қою құқығынан айырмайды.
59-бап. Оңалту туралы іс бойынша шешім
1. Борышкер сот талқылауы барысында өзінің төлем қабілетсіздігін немесе ақшалай міндеттемелерді орындау мерзімі таяу он екі айда басталған кезде борышкердің оларды орындайтын күйде болмайтын төлем қабілетсіздігі қатері төнгенін дәлелдеген жағдайда, сот оңалту рәсімін қолдану туралы сот шешімін шығарады.
2. Соттың борышкерге оңалту рәсiмiн қолдану туралы шешімінде:
1) оңалту рәсiмiн қолдану;
2) борышкердің оңалту рәсiмi қолданылған кезден бастап үш айдан кешіктірілмейтін мерзімде кредиторлар жиналысында келісілген борышкерді оңалту жоспарын ұсынуы;
3) оңалту рәсімін қолданудың осы Заңда көзделген салдарларының басталғаны туралы нұсқау қамтылуға тиіс.
3. Оңалту рәсімін қолдану туралы шешім заңды күшіне енген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде сот уәкілетті органда тіркелген тұлғалар арасынан уақытша әкімшіні тағайындау туралы ұйғарым шығарады, олар туралы мәліметтер ұйғарым шығарылған күнге уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Уақытша әкімшінің кандидатурасын таңдауды борышкер қызметінің негізгі бейіні бойынша басқарушылық жұмыс тәжірибесін ескере отырып, сот жүзеге асырады.
Сот осы Заңның 12-бабының 10-тармағында көзделген негіздердің бірі басталғаны туралы сотқа белгілі болған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уақытша әкімшіні шеттетеді.
Сот осы Заңда белгіленген тәртіппен уақытша әкімші шеттетілген күннен кейін бір жұмыс күні ішінде басқа уақытша әкімшіні тағайындайды.
4. Соттың уақытша әкімшіні тағайындау туралы ұйғарымында:
1) уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін уақытша әкімші өзі тағайындалған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органға оңалту рәсімін қолдану және кредиторлардың талаптарды мәлімдеуі тәртібі туралы қазақ және орыс тілдерінде хабарландыру жіберуі;
2) уақытша әкімшінің оңалту рәсімін қолданған кезден бастап екі айдан аспайтын мерзімде кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыруы және интернет-ресурста жариялау үшін оны уәкілетті органға ұсынуы туралы нұсқау қамтылуға тиіс.
5. Оңалту рәсiмiн қолдану туралы хабарландыруда:
1) оңалту рәсiмiн қолдану туралы шешім шығарған соттың атауы;
2) борышкердің атауы және орналасқан жері;
3) уақытша әкімшіні тағайындау;
4) кредиторларға жарияланым шыққан күннен бастап бір ай мерзімде уақытша әкімшіге өздерінің борышкерге қоятын талаптарын қою қажеттілігі туралы хабарлама қамтылуға тиіс.
6. Егер борышкер сот талқылауы барысында өзінің төлем қабілетсіздігін не орындау мерзімі таяу он екі айда басталатын ақшалай міндеттемелерін орындау мүмкіндігі жоқ екендігін дәлелдемеген жағдайда, сот оңалту рәсiмiн қолданудан бас тартады.
Соттың оңалту рәсiмiн қолданудан бас тарту туралы шешiмінде кредитордың оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтініш беру салдарынан келтірілген залалдың орнын толтыруды борышкерден талап ету құқығына нұсқау қамтылуға тиіс.
60-бап. Жалған банкроттық кезiндегi сот шешiмi
1. Жалған банкроттық белгiлерi болған кезде сот кiнәлi лауазымды адамдардан барлық сот шығыстарын өндiрiп ала отырып, борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiм шығарады.
2. Соттың шешiмiнде осы Заңның 6-бабының 2-тармағына сәйкес кредиторлардың жалған банкроттықтан келтiрiлген залалдың орнын толтыруды борышкерден талап ету құқығына нұсқау қамтылуға тиiс.
61-бап. Әкiмшiлiк шығыстарды бөлу
1. Борышкердi банкрот деп тану, оңалту рәсімін қолдану туралы шешiм қабылданған кезде әкiмшiлiк шығыстар борышкердiң мүлкiне жатқызылады және осы мүлiктiң есебiнен кезектен тыс орны толтырылады. Оңалту рәсiмiн жүргiзу мақсатына қол жеткiзiлуiне байланысты іс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы ұйғарым шығарылған кезде сот және әкiмшiлiк шығыстарының осындай тәртіппен орны толтырылады.
2. Негіздердің болмауына байланысты борышкердi банкрот деп танудан бас тартылған жағдайда осы баптың 1-тармағында көзделген шығыстар сотқа жүгінген кредиторларға жатқызылады және талаптарына қарай олардың арасында пропорционалды түрде бөлiнедi.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Банкроттық туралы іс қозғауға және банкроттық рәсімін жүргізуге байланысты әкімшілік шығыстар сот шешімі бойынша уәкілетті орган белгілеген тәртіппен салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша кредитордың өтінішхаты негізінде оның есебінен өтеледі.
62-бап. Сот шешiмiнiң (ұйғарымының) заңды күшiне енуi, шешiмдi (ұйғарымды) қайта қарау
Сот шешiмiнiң (ұйғарымының) заңды күшiне енуi және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша, сондай-ақ апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртiбiмен оны қайта қарау азаматтық сот iсiн жүргiзу қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
5-тарау. ОҢАЛТУ РӘСIМI
63-бап. Оңалту рәсiмiн қолдану
Оңалту рәсiмi сот тәртiбiмен коммерциялық ұйымдарға ғана қатысты қолданылады.
64-бап. Оңалту рәсiмiнiң мерзiмi
Оңалту рәсiмiн жүргiзу мерзiмiн оңалту жоспарына сәйкес сот белгiлейдi. Сот оңалтуды басқарушының өтінішхаты бойынша кредиторлар жиналысының келiсiмiмен осы мерзiмдi ұзартуға құқылы, бiрақ ол алты айдан аспауға тиiс.
Табиғи монополиялар субъектiлерi немесе тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектiлерi болып табылатын не республика экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар, азаматтардың өмiрiне, денсаулығына, ұлттық қауiпсiздiкке немесе қоршаған ортаға әсер ете алатын ұйымдар үшiн оңалту рәсiмiнiң мерзiмiн сот екi жылға дейiн ұзартуға құқылы.
65-бап. Мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы үшiн оңалту рәсiмiн тоқтата тұру және қайта бастау
1. Оңалту рәсiмiн тоқтата тұру туралы өтiнiштi сот ол келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнiнен кешіктірілмейтін мерзiмде қарауға тиiс.
Борышкердiң мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы мәртебесiн алуы және кредиторлар комитетiнiң шешiмi оңалту рәсiмiн тоқтата тұру үшiн негiздер болып табылады.
2. Сот оңалту рәсiмiн тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарған кезден бастап мынадай салдарлар басталады:
1) оңалтуды басқарушы борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқарудан шеттетiледi және басқару борышкер мүлкiнiң меншiк иесiне (ол уәкiлеттiк берген органға), құрылтайшыларға (қатысушыларға) өтедi;
2) осы Заңның 68-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының қолданысы тоқтатыла тұрады;
3) ұйымды оңалту жоспарының орындалуы тоқтатыла тұрады;
4) кредиторлардың талаптарын өтеу мемлекеттiк қолдау шараларының шеңберiнде қабылданған оңалту жоспарына сәйкес жүргiзiледi.
3. Кредиторлар комитетi оңалту рәсiмiн қайта бастау туралы өтiнiшпен сотқа жүгiну туралы шешiм қабылдауға құқылы. Осындай өтiнiшпен кредиторлар комитетi уәкiлеттiк берген тұлға жүгiнедi.
Оңалту рәсiмiн қайта бастау туралы сот ұйғарымы заңды күшiне енген күннен бастап осы баптың 2-тармағының қолданысы тоқтатылады.