«2. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларды қоспағанда, төлеуші:»;
2) осы Кодекстің 256-бабы 1-тармағының бірінші бөлігінің қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«1. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалардың төлемдерін қоспағанда, әлеуметтік аударымдардың уақтылы және (немесе) толық көлемде төленбеген сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады немесе мерзімі өткен әрбір күн үшін (Қорға төленген күнді қоса алғанда) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде есептелген өсімпұлмен төлеушінің аударуына жатады.»;
3) осы Кодекстің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын есептеу (есебіне жазу) және аудару, олар бойынша өндіріп алу, оларды сақтау және есепке алу, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, сондай-ақ шартты зейнетақы шоттарының құпиясы мәселелерін реттейтін нормаларының қолданысы тоқтатыла тұрсын.
7. Мыналардың:
1) осы Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 18) тармақшасы бірінші абзацының қолданысы 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, бұл абзац 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«18) әлеуметтік аударымдарды төлеуші (бұдан әрі - төлеуші) - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды есептеуді және төлеуді жүзеге асыратын жұмыс беруші, дара кәсіпкер, соның ішінде шаруа және фермер қожалығы, жеке практикамен айналысатын адам, сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын жеке тұлға;»;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«18) әлеуметтік аударымдарды төлеуші (бұдан әрі - төлеуші) - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды есептеуді және төлеуді жүзеге асыратын жұмыс беруші, дара кәсіпкер, соның ішінде шаруа және фермер қожалығы, жеке практикамен айналысатын адам.»;
2) осы Кодекстің 243-бабы 4) тармақшасының, 245-бабы 3-тармағының, 246-бабы 3-тармағының қолданысы 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын.
263-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Кодекс 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Кодекстің 226-бабы 13-тармағының күші осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған зейнетақы аннуитеті шарттарынан туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
3. Мыналар:
1) осы Кодекстің 17-бабы 1-тармағының 23), 24), 25), 26) тармақшалары, 78-бабы 2-тармағының төртінші және бесінші бөліктері, 85-бабы 1-тармағының бесінші және алтыншы бөліктері, 113-бабы 1-тармағының екінші бөлігі, 181-бабының 3-тармағы, 240-бабының 1-тармағының екінші және үшінші бөліктері, 243-бабының 5) тармақшасы, 244-бабының 2-тармағы, 245-бабының 4-тармағы, 246-бабының 4-тармағы, 248-бабы 9-тармағының 7) тармақшасы, 249-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады;
2) осы Кодекстің 35-бабы 2-тармағының 24) және 25) тармақшалары, 226-бабы 4-тармағының үшінші және төртінші абзацтары, 5-тармағы, 227-бабы 4-тармағының 3) және 4) тармақшалары 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі;
3) осы Кодекстің 138-бабының 5) тармақшасы, 142-бабының 2-тармағы, 156-бабы 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі;
4) осы Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 53) тармақшасы 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі деп белгіленсін.
4. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап:
1) 40-баптың 5-тармағының бірінші абзацы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«5. Агенттер:
1) міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын уақтылы есептеуге, ұстап қалуға (есептеуге) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлеуге;
2) пайдасына міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек өндіріп алынатын жеке тұлғалардың тізімдерін осы Кодекстің 255-бабының 5-тармағында белгіленген мерзімдерде мемлекеттік кіріс органдарына ұсынуға міндетті.»;
2) 122-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«1. Шартты ақшалай көмек осы баптың 4-тармағында көрсетілген адамдарды (отбасыларды) қоспағанда, жалғызбасты және (немесе) жалғыз тұратын еңбекке қабілетті табысы аз адамдарға, сондай-ақ құрамында еңбекке қабілетті мүшесі (мүшелері) бар табысы аз отбасыларға, оның ішінде қызметі «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 213-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тоқтатыла тұрған дара кәсіпкерлер болып табылатын жеке тұлғаларға ол (олар) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысқан жағдайда және (немесе) әлеуметтік бейімдеу қажеттілігі болған кезде көрсетіледі.».
3) 228-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры сақтандыру ұйымымен жасасқан зейнетақы аннуитеті шарты туралы мәліметтерді алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде салымшының (алушының) зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударуға міндетті.».
5. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап:
1) 120-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«3. Қазақстан Республикасы бойынша кедейлік шегінің мөлшерін уәкілетті мемлекеттік орган статистика саласындағы мемлекеттік орган есептейтін халықтың медианалық кірісі негізінде мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктеріне байланысты орташа есеппен жан басына шаққандағы пайыздық мәнде айқындайды.»;
2) 135-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау және айқындау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған конкурстарға, стратегиялық әріптестікті іске асыруға Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырысқа, гранттарға және сыйлықақыларға қатысуға;»;
3) 136-бап мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«136-бап. Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынатын ұйымдардың тіркелімі мен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың тізілімі
1. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін ұйымдардың тіркелімі - әлеуметтік қызметтер порталында өнім берушілер ретінде тіркелген ұйымдардың электрондық тізбесі.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың тізілімі - әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың электрондық тізімі.
2. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың тіркелімі мен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың тізілімі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен ұйымдар мен мамандарды әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында электрондық нысанда есепке алу үшін қалыптастырылады.
3. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың тіркелімінде және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың тізілімінде қамтылған мәліметтер арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар мен мамандардың келісімімен жалпыға бірдей қолжетімді болып табылады.»;
4) 139-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«1. Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамға (отбасына) тұрғылықты жері бойынша Отбасының цифрлық картасының деректері негізінде арнаулы әлеуметтік қызметтерді алуға келісетіні туралы хабарлама жіберіледі.
Проактивті қызмет арқылы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін құжаттарды ресімдеуге жүгінген күн осы қызметті көрсетуге құжаттарды ресімдеуге келісім алған күн болып саналады.»;
2024.01.07. № 104-VIII ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
5-1. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап:
1) 1-баптың 1-тармағы 119) тармақшасының бесінші абзацы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«Осы Кодекстің 102-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында айқындалған интернет-платформа операторы осы Кодекстің 243-бабы бірінші бөлігінің 7) тармақшасында аталған адамдар үшін міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агент ретінде қарастырылады;»;
2) 17-баптың 1-тармағының 22-2) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«22-2) интернет-платформа операторы жүргізген әлеуметтік аударымдардың, міндетті зейнетақы жарналарының, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының және (немесе) оларды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдың қате (артық) төленген сомаларын қайтаруды жүзеге асыруды;»;
3) 102-1-баптың 1 және 4-тармақтары мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«1. Оператор арнаулы мобильдік қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер болып табылатын орындаушылардың кірістерінен осы Кодекске сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын және әлеуметтік аударымдарды, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарды және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес жеке табыс салығын ұстап қалуды және ұсталған сомаларды аударуды жүргізеді.»;
«4. Орындаушының осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес әлеуметтік аударымдар мен міндетті зейнетақы жарналарының, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналардың мөлшерлемелерін айқындауының, сондай-ақ Оператордың осы бапта көрсетілген жеке табыс салығын, міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарды ұстап қалуы мен аударуының тәртібін денсаулық сақтау саласында, салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету, ақпараттандыру салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органдармен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
6. 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап:
1) 1-баптың 1-тармағының 75) және 79) тармақшалары мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«75) зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен әдістемеге сәйкес айқындалған, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын жасына байланысты ең төмен зейнетақы мөлшерінен төмен емес ай сайынғы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті, міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының ең төмен мөлшері;»;
«79) ең төмен зейнетақы мөлшері - осы Кодекстің 205-бабында көрсетілген адамдар үшін республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері;»;
2) 202-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«3. Қарттарға және мүгедектігі бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында стационар жағдайында тұрып жатқан және мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегі адамдарға жасына байланысты зейнетақы төлемдері:
1) егер осы нормаға сәйкес есептелген жасына байланысты зейнетақы төлемінің мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жасына байланысты зейнетақының ең төмен мөлшерінен төмен болса, осы Кодекстің 210-бабының 6-тармағында көзделген көлемде;
2) осы Кодекстің 210-бабына сәйкес есептелген, жасына байланысты зейнетақы төлемдері мөлшерінің 30 пайызы көлемінде, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жасына байланысты зейнетақының ең төмен мөлшерінен кем емес көлемде жүргізіледі.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің тағайындалған мөлшерінің 70 пайызын аудару жеке банктік шотқа немесе арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының қолма-қол ақшаны бақылау шотына жүргізіледі.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының көрсетілген қаражатты пайдалану тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.»;
3) 210-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«5. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін талап етілетін еңбек өтілінен тыс жұмыс істеген әрбір толық жыл үшін жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1 пайызға ұлғаяды, бірақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін кірістің 75 пайызынан аспайды.
Егер жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің есептелген мөлшері толық көлемде республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін жасына байланысты зейнетақының ең төмен мөлшерінен төмен болса, жасына байланысты зейнетақы төлемдері жасына байланысты зейнетақының ең төмен мөлшерінде тағайындалады.»;
4) 216-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«6. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында стационар жағдайында тұрып жатқан және мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегі адамдарға еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері осы Кодекстің 213-бабына сәйкес тағайындалған еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері мөлшерінің 30 пайызы көлемінде, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жасына байланысты ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес мөлшерде жүргізіледі.
Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің тағайындалған мөлшерінің 70 пайызын аудару жеке банктік шотқа немесе арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының қолма-қол ақшаны бақылау шотына жүргізіледі.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының көрсетілген қаражатты пайдалану тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
Алушы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан шыққан жағдайда шыққан айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемі толық көлемде қайта басталады.»;
5) 220-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы жинақтарының сомасы осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген адамдардың зейнетақы жинақтарының сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын жасына байланысты ең төмен зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда бір рет төленеді.
7. Осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап мыналардың:
1) «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» 1997 жылғы 16 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының;
2) «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» 1999 жылғы 5 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының;
3) «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының;
4) «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының;
5) «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» 2005 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының;
6) «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының;
7) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының;
8) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының;
9) «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының;
10) «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2023 жылғы 20 сәуір
№ 224-VІІ ҚРЗ