31-бап. Судьяға өкiлеттiктер беру тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын Қазақстан Республикасы Президентінің Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесiне негiзделген ұсынуы бойынша Сенат сайлайды.
2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Жергілікті және басқа соттардың судьяларын Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайды.
2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 3 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Жергілікті және басқа соттардың сот алқалары төрағаларын, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағаларын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы және Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы бойынша бес жыл мерзімге Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.
2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 4 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4. Жоғарғы Соттың Төрағасын Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша бес жыл мерзімге Сенат сайлайды.
2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 5 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Жергілікті және басқа соттардың төрағаларын Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бес жыл мерзiмге тағайындайды.
6. 2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2006 ж. 11 желтоқсандағы № 199-III ҚР Конституциялық Заңымен (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 7-тармақ өзгертілді; 2012.16.02. № 559-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың Төрағасы мен сот алқаларының төрағалары өкiлеттiк мерзiмi аяқталғаннан кейiн, егер олар тиісінше басқа соттағы осындай лауазымға тағайындалмаған немесе сайланбаған болса, тиiстi соттың судьясы өкiлеттiгiн жүзеге асыруды жалғастырады.
Тиiстi сотта судьялардың бос лауазымдары болмаған жағдайда басқа соттағы осындай лауазымға тағайындалмаған жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындауға ұсынылады.
Жоғарғы Сотта судьялардың бос лауазымдары болмаған жағдайда осындай лауазымға тағайындалмаған Жоғарғы Соттың Төрағасы мен сот алқаларының төрағалары, олардың келiсiмiмен төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындауға ұсынылады.
2006 ж. 11 желтоқсандағы № 199-III ҚР Конституциялық Заңымен 8-тармақпен толықтырылды (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізілді); 2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 8-тармақ өзгертілді; 2012.16.02. № 559-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Сот қайта ұйымдастырылған немесе таратылған, тиісті сот судьяларының саны азайтылған кезде осы соттың судьялары олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындауға ұсынылуы мүмкiн.
32-бап. Судьяның ант беруi
1. Судья лауазымына алғаш рет сайланған немесе тағайындалған адам мынадай мазмұнда ант бередi:
«Өз мiндеттерiмдi адал және абыройлы атқаруға, сот төрелiгiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына ғана бағына отырып жүзеге асыруға, судья ретіндегі борышым мiндеттегендей бейтарап және әдiл болуға салтанатты түрде ант етемiн».
2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Жоғарғы Соттың Төрағасы мен судьялары Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының отырысында ант бередi.
3. 2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 4 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4. Облыстық соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы мен судьясы, аудандық соттың төрағасы мен судьясы қызметіне алғаш рет тағайындалған адамдар облыстық соттың жалпы отырысында ант береді.
Судья төраға не сот алқасының төрағасы немесе басқа соттың судьясы болып тағайындалған кезде қайтадан ант бермейді.
33-бап. Судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұру
1. Судьяның өкiлеттiгi, егер:
1) судья Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе мәслихатының депутаттығына кандидат болып тiркелсе;
2) судья заңды күшiне енген сот шешiмiмен хабарсыз кеткен деп танылса;
3) судьяны қылмыстық жауапқа тартуға келісім берiлсе;
2006 ж. 11 желтоқсандағы № 199-III ҚР Конституциялық Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізілді); 2012.16.02. № 559-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 3-1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3-1) осы Конституциялық заңның 34-бабы 1-тармағының 11) тармақшасында көзделген негiздер бойынша судьяның өкiлеттiктерiн тоқтату қажеттiгi туралы Сот жюриінің шешiмi болса;
2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 3-2) тармақшамен толықтырылды
3-2) 2012.16.02. № 559-ІV ҚР Конституциялық Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) басқа жұмысқа ауысса, тоқтатыла тұрады.
2. Судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұруды:
Жоғарғы Соттың Төрағасына қатысты - Қазақстан Республикасының Президентi;
Республиканың қалған барлық судьяларына қатысты - Жоғарғы Сот Төрағасы жүзеге асырады.
2012.16.02. № 559-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылы
2-1. Судьяның өкілеттігі тоқтатыла тұрған кезде оның тиісті соттың төрағасы немесе сот алқасының төрағасы лауазымындағы өкілеттігі тоқтатыла тұрады.
3. Егер судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға негiз болған мән-жай жойылса, судьяның өкiлеттiгi қалпына келтiрiледi.
2006.11.12. № 199-III ҚР Конституциялық Заңымен (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 34-бап өзгертілді; 2012.16.02. № 559-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 34-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
34-бап. Төрағаны, сот алқасы төрағасын және судьяны лауазымынан босату және олардың өкiлеттiктерiн тоқтату
1. Төрағаның, сот алқасы төрағасының және судьяның өкiлеттiктерін тоқтату негiздері:
1) судьяның орнынан түсуі;
2) судьяның өз тілегі бойынша лауазымынан босауы;
3) медициналық қорытындыға сәйкес кәсiптiк мiндеттерiн одан әрi атқаруға кедергi болатын денсаулық жағдайы;
4) судьяны iс-әрекетке қабiлетсiз немесе iс-әрекетке қабiлетi шектеулi деп тану не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешiмiнің заңды күшiне енуі;
5) осы судьяға қатысты айыптау үкімінің заңды күшiне енуі;
6) Қазақстан Республикасы азаматтығының тоқтатылуы;
7) судьяның қайтыс болуы немесе соттың оны қайтыс болды деп жариялау туралы шешiмiнің заңды күшiне енуі;
8) судьяның басқа лауазымға тағайындалуы, сайлануы және оның басқа жұмысқа ауысуы;
9) соттың таратылуы немесе соттың қайта ұйымдастырылуы, тиісті сот судьялары санының азайтылуы, егер судья басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келiсiм бермесе;
10) соттың таратылуы немесе соттың қайта ұйымдастырылуы, тиісті сот судьялары санының азайтылуы, өкiлеттiк мерзiмiнің аяқталуы, егер соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келiсiм бермесе;
11) судьяның кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сәйкес келмейтіні туралы, судьяны тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін немесе осы Конституциялық заңның 28-бабында көрсетілген талаптарды орындамағаны үшін оны лауазымынан босату қажеттігі туралы Сот жюриінің шешімі;
12) зейнеткерлік жасқа немесе судья лауазымында болудың шекті жасына толуы.
2. Сот төрағасының, сот алқасы төрағасының өкiлеттiктерi оның өз тілегі бойынша, не олар осы Конституциялық заңның 9, 14, 15, 20, 21 және 28-баптарында көрсетiлген талаптарды орындамаған кезде мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
3. Судья лауазымынан босату туралы шешiм:
1) Жоғарғы Соттың Төрағасына, судьяларына қатысты Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша - Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулысымен;
2) Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағаларына, жергілікті және басқа соттардың төрағаларына, сот алқаларының төрағалары мен судьяларына қатысты - Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қабылданады.
4. Судья лауазымынан босату сонымен бiр мезгiлде тиiстi соттың төрағасы немесе сот алқасының төрағасы өкiлеттiктерiнiң тоқтатылуына әкеледі.
Осы Конституциялық заңның 31-бабының 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тиiстi соттың төрағасы немесе сот алқасының төрағасы лауазымынан олардың өз тілегі бойынша не өкілеттік мерзiмiнiң аяқталуына байланысты босату оларды осы соттың судьясы лауазымынан босатуға әкеп соқпайды.
5. Судьялардың өкілеттіктерін тоқтатудың осы баптың 1-тармағының 5) және 11) тармақшаларында көзделген негіздері теріс себептер болып танылады.
2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 34-1-баппен толықтырылды; 2012.16.02. № 559-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 34-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
34-1-бап. Судья лауазымында болудың шекті жасы
1. Судья Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған кезде оның шекті жасқа толғанға дейін судья лауазымында одан әрі болуына Жоғары Сот Кеңесінің келісімімен Жоғарғы Соттың Төрағасы рұқсат етеді.
2. Судья лауазымында болуға оның шекті жасқа - 65 жасқа толуына дейін жол беріледі, бұл айрықша жағдайларда осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен бес жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
2006 ж. 11 желтоқсандағы № 199-III ҚР Конституциялық Заңымен 35-бап жаңа редакцияда (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
35-бап. Судьяның орнынан түсуi
2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 1 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2010.29.12. № 370-IV ҚР Конституциялық Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мінсіз беделі, кемінде он бес жыл судьялық жұмыс стажы бар судьяның судья атағын, судьялар қоғамдастығында болуын, жеке басына тиіспеушілік кепілдігін және осы Конституциялық заңда көзделген өзге де материалдық және әлеуметтік кепілдіктерін сақтай отырып, өкілеттіктерін тоқтатуының ерекше нысаны орнынан түсу деп танылады.
Судьяны орнынан түсу нысанында қызметтен босату судьяның орнынан түсу туралы жазбаша өтініші бойынша жүзеге асырылады.
2. Судья орнынан түскен кезде судьялық жұмыс стажы жиырма және одан да көп жыл болса, жиырма төрт айлық лауазымдық айлықақы мөлшерінде, судьялық жұмыс стажы он бестен жиырма жылға дейін болса, он сегіз айлық лауазымдық айлықақы мөлшерінде оның соңғы лауазымы бойынша біржолғы шығу жәрдемақысы төленеді.
2010.29.12. № 370-IV ҚР Конституциялық Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Судьяның орнынан түсуі:
ол қылмыс жасаған немесе сот билiгiнiң беделiне нұқсан келтiретiн терiс қылық жасаған;
өз тiлегi бойынша;
Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған;
ол қайтыс болған немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi заңды күшiне енген жағдайларда тоқтатылады.
Судья кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырған, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқау кеңесiнiң құрамына кiрген, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетiн қызметке тұрған жағдайларда оның орнынан түсуі тоқтатыла тұрады.
Судьяның орнынан түсуін тоқтата тұруды Жоғарғы Сот Төрағасы жүзеге асырады.
Егер судьяның орнынан түсуін тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға негіз болған мән-жайлар жойылса, судьяның орнынан түсуі қалпына келтіріледі.
2010.29.12. № 370-IV ҚР Конституциялық Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Судья орнынан түсуі тоқтатылған жағдайда жеке басына тиіспеушілік кепілдігінен және осы Конституциялық заңның 51, 53 және 55-баптарында көзделген кепілдіктерден айырылады.
Судьяның орнынан түсуі тоқтатыла тұрған жағдайда жеке басына тиіспеушілік кепілдігі мен осы Конституциялық заңның 51, 53 және 55-баптарында көзделген кепілдіктердің қолданылуы да тоқтатыла тұрады.
2012.16.02. № 559-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Орнынан түсуді тоқтату судьяны орнынан түсуіне байланысты лауазымнан босатудың сол тәртібімен жүзеге асырылады.
2006 ж. 11 желтоқсандағы № 199-III ҚР Конституциялық Заңымен 35-1-баппен толықтырылды (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізілді)
35-1-бап. Судьяны зейнетақымен қамсыздандыру
1. Судьяны зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылады.
2. Судья үшін Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген мөлшерде республикалық бюджет қаражаты есебінен қосымша міндетті зейнетақы жарналары белгіленеді.
Судья теріс себептер бойынша қызметінен босатылған кезде аталған жарналар республикалық бюджетке алынады.
2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 36-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
36-бап. Жоғары Сот Кеңесі
1. Жоғары Сот Кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын Төрағадан, хатшыдан және басқа да мүшелерден тұрады.
2. Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі және оның жұмысын ұйымдастыру заңмен айқындалады.
37-бап. Судьялар қоғамдастығы мен оның органдары
1. Судьялар қоғамдастығының ортақ мүдделерiн iске асыру мен қорғау мақсатында судьялардың қоғамдық бiрлестiктер құруға құқығы бар.
2. Судьялық бiрлестiктер қажет болған жағдайларда заңдарда белгiленген тәртiппен өз мүшелерiнiң мүдделерiн бiлдiредi, қорғайды және сот төрелiгiнiң iске асырылуына ықпал етуге құқылы емес, сондай-ақ саяси мақсаттарды көздемеуге тиiс.
2006 ж. 11 желтоқсандағы № 199-III ҚР Конституциялық Заңымен (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2010.29.12. № 370-IV ҚР Конституциялық Заңымен (бұр.ред.қара) 38-бап өзгертілді
38-бап. 2012.16.02. № 559-ІV ҚР Конституциялық Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2006 ж. 11 желтоқсандағы № 199-III ҚР Конституциялық Заңымен 38-1-баппен толықтырылды (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізілді); 2012.16.02. № 559-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 38-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
38-1-бап. Сот жюриі
1. Жұмыс iстеп жүрген судьяның кәсiби жарамдылығын анықтау, судьяның орнынан түсу және оны тоқтату құқығын растау, сондай-ақ судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізуді, тәртіптік істерді қозғау туралы мәселені қарау үшін Сот жюриi құрылады.
Сот жюриі он бір мүшеден - аудандық соттардың үш судьясынан, облыстық соттардың үш судьясынан және Жоғарғы Соттың бес судьясынан тұрады.
2. Облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешiмi немесе облыстық сот төрағасының немесе Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы Сот жюриiнде судьяларға қатысты материалдарды қарау үшiн негiз болып табылады.
Сот жюриiн қалыптастыру тәртібі және оның жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ Сот жюриінде материалдарды, тәртіптік істерді қарау тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетін Ережемен айқындалады.
2-тарау. СУДЬЯЛАРДЫҢ ТӘРТIПТIК ЖАУАПКЕРШIЛIГI
39-бап. Судьялардың тәртiптiк жауапкершiлiгiнiң негiздерi
1. Судья:
1) сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты бұзғаны үшiн;
2) судья әдебiне қайшы келетiн терiс қылық жасағаны үшiн;
3) еңбек тәртібін өрескел бұзғаны үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылуы мүмкін.
2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Сот төрағалары және соттардың сот алқаларының төрағалары осы Конституциялық заңда көзделген лауазымдық мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшін тәртiптiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн.
3. Сот актiсiнiң күшiн жою немесе өзгерту, егер бұл орайда заңды өрескел бұзуға жол берiлмеген және ол туралы жоғары тұрған сот орнының сот актiсiнде көрсетiлмеген болса, өздiгiнен судьялардың жауаптылығына әкеп соқпайды.
40-бап. Судьяларға қатысты қолданылатын жазалардың түрлерi
1. Судьяларға тәртiптiк жазаның мына түрлерi қолданылуы мүмкiн:
1) ескерту;
2) сөгiс;
3) 2010.29.12. № 370-IV ҚР Конституциялық Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) қызметтiк мiндеттерiн тиiсiнше атқармағаны үшiн сот төрағасы немесе сот алқасының төрағасы қызметiнен босату;
5) осы Конституциялық заңда көзделген негiздер бойынша судья қызметiнен босату.
2. Әрбiр тәртiп бұзушылық үшiн тәртiптiк терiс қылықтың сипаты, судьяның жеке басы туралы деректер және оның кiнәсiнiң дәрежесi ескерiле отырып, тек бiр тәртiптiк жаза қолданылады.
2006 ж. 11 желтоқсандағы № 199-III ҚР Конституциялық Заңымен 41-бап жаңа редакцияда (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
41-бап. 2012.16.02. № 559-ІV ҚР Конституциялық Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
42-бап. Тәртiптiк iс қозғау және қарау мерзiмдерi
1. Судьяға қатысты тәртiптiк iс қарау, қызметтiк тексеру мен судьяның дәлелдi себептермен жұмыста болмаған уақытын есепке алмағанда, терiс қылық анықталған күннен бастап - үш айдан кешiктiрiлмей және терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктірiлмей қозғалуы мүмкiн.
Жоғарғы тұрған сот инстанциясының заңдылықтың бұзылу фактiсi анықталған сот актiсi заңды күшiне енгiзiлген күн судьяның сот iсiн қарау кезiнде заңдылықты бұзуына байланысты тәртiптiк терiс қылықтың анықталған күнi болып есептеледi, ал заңсыз сот актiсi шығарылған күн осындай терiс қылықтың жасалған күнi болып есептеледi.
2. Тәртiптiк iс қозғалған күнiнен бастап екi ай мерзiм iшiнде қаралуға тиiс.
2006.11.12. № 199-III ҚР Конституциялық Заңымен (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 43-бап өзгертілді
43-бап. 2012.16.02. № 559-ІV ҚР Конституциялық Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2006.11.12. № 199-III ҚР Конституциялық Заңымен 44-бап өзгертілді (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2012.16.02. № 559-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 44-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
44-бап. Сот жюриінің шешiмдері
1. Сот жюриі тәртiптiк iс бойынша, сондай-ақ кәсіби біліктілігіне күмән келтірілген судьяға қатысты материалдарды қарау кезінде:
1) осы Конституциялық заңның 40-бабының 1-тармағында көзделген тәртiптiк жаза қолдану туралы;
2) тәртiптiк iс жүргiзудi тоқтату туралы;
3) судьяның атқаратын лауазымына сәйкестігі туралы;
4) судьяның кәсіби біліктілігін арттыру бойынша қажетті шаралар қабылдау (судьяны оқуға жіберу, судьяға тәлімгерлік белгілеу, жоғары тұрған сотта тағылымдама ұйымдастыру және басқа) туралы;
5) судьяның кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сәйкес келмейтіні туралы шешiмдердiң бiрiн шығарады.
2. Сот жюриінің шешімі Жоғарғы Сот Төрағасының төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымнан босату туралы тиісті ұсынуды Жоғары Сот Кеңесіне енгізуіне негіз болып табылады.
3. Жоғары Сот Кеңесінің төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымнан босатуға ұсыным беруден бас тартуы Сот жюриі шығарған шешімнің күшін жоюға және оны қайта қарауға негіз болып табылады.
45-бап. Тәртiптiк жазаның қолданылу мерзiмi
1. Егер судья жаза қолданылған күннен бастап бiр жыл бойы жаңадан тәртiптiк жазаға тартылмаса, онда ол тәртiптiк жазаға тартылмаған деп есептеледi.
2012.16.02. № 559-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Судьяның тәртібі мiнсiз болған және ол өз мiндеттерiн адал атқарған кезде, Сот жюриі тәртіптік жазаны ол қолданылған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн мерзiмiнен бұрын алуы мүмкiн.
2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 46-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
46-бап. 2012.16.02. № 559-ІV ҚР Конституциялық Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3-тарау. СУДЬЯЛАРДЫ МАТЕРИАЛДЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ
ӘЛЕУМЕТТIК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ
47-бап. Судьяларды материалдық қамтамасыз ету
1. Судьяларды материалдық қамтамасыз ету оның мәртебесiне сай болуға және сот төрелiгiн толық әрi тәуелсіз жүзеге асыру мүмкiндiгін қамтамасыз етуге тиiс және оны азайтуға болмайды.
2006 ж. 11 желтоқсандағы № 199-III ҚР Конституциялық Заңымен 2 тармақ өзгертілді (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Судьялардың еңбегiне ақы төлеудi Конституцияның 44-бабының 9) тармақшасына сәйкес судьяның мәртебесін, оны тағайындау және сайлау тәртібін, сондай-ақ ол жүзеге асыратын функцияларды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
48-бап. 2010.29.12. № 370-IV ҚР Конституциялық Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
49-бап. Судьялардың жыл сайынғы демалыстары
Судьяларға сауығуы үшiн лауазымдық екi айлықақы мөлшерiнде жәрдемақы төлене отырып, күнтiзбелiк отыз күнге жыл сайынғы демалыс берiледi.
2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 50 - бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
50-бап. Көшкен кездегi өтемақы
Қызметi бойынша Қазақстанның бір өңірінен екінші өңіріне судья болып тағайындалған (сайланған) судьяларға, қайта тағайындалған (қайта сайланған) судьяларға және олардың отбасы мүшелерiне көшуге байланысты шығыстары шыққан шығынының көлемiнде төленедi.
2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 51 - баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
51-бап. Тұрғын үймен қамтамасыз ету
1. Судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет есебiнен жүргiзiледi.
2. Судьяға және оның отбасы мүшелерiне кезектен тыс, бiрақ қызметiне кiрiскен күнiнен бастап алты айдан кешiктiрiлмей, нақты жер жағдайына қарай, мемлекеттік тұрғын үй қорынан, судьяны тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж азаматтардың санатына жатқызбайтын нормалар бойынша тұрмысқа жайлы тұрғын үй берiледi. Лауазымында он жылдан астам уақыт жұмыс iстеген судьялардың тұрақты тұруға арналған қызметтiк тұрғын үйi оның қалауы бойынша қалдық құны бойынша сатып алынуы мүмкiн.
3. Судья қызметiнен босатылғанда оны және отбасы мүшелерiн басқа тұрғын үй бермей тұрып қызметтiк тұрғын үйден шығаруға болмайды.
52-бап. Судьяларды мантиямен қамтамасыз ету
Барлық соттардың судьялары республикалық бюджет қаражаты есебiнен судьялық мантиямен қамтамасыз етiледi.
53-бап. Судьяларға медициналық қызмет көрсету
1. Судьялар және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi тиiстi мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерiнде медициналық қызмет көрсетумен белгiленген тәртiппен қамтамасыз етiледi.
2008.17.11 № 80-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Судьяларға медициналық қызмет көрсетудiң тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2006 ж. 11 желтоқсандағы № 199-III ҚР Конституциялық Заңымен 54-бап жаңа редакцияда (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
54-бап. Судья мертіккен (жарақаттанған, жараланған, контузия алған, кәсіби ауруға шалдыққан) немесе қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайдағы өтемақы
1. Судья қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіксе (жарақаттанса, жараланса, контузия алса, кәсіби ауруға шалдықса), оған осы бапта белгіленген мөлшерде біржолғы өтемақы төленеді.
2. Судья қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда не қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертігу (жарақаттану, жаралану, контузия алу, кәсіби ауруға шалдығу) салдарынан судья өкілеттігін тоқтатқаннан кейін бір жылдың ішінде оны алуға құқығы бар адамдарға соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық лауазымдық айлықақысы мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
3. Судьяның қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертігуінің (жарақаттануының, жаралануының, контузия алуының, кәсіби ауруға шалдығуының) нәтижесінде мүгедек болғаны белгіленген жағдайда, оған:
1) І топтағы мүгедекке - отыз айлық лауазымдық айлықақы;
2) II топтағы мүгедекке - он сегіз айлық лауазымдық айлықақы;
3) III топтағы мүгедекке - алты айлық лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
4. Судья қызметтік міндеттерін атқару кезінде мүгедектік белгілеуге әкеп соқтырмаған ауыр мертіккен (жарақаттанған, жараланған, контузия алған, кәсіби ауруға шалдыққан) жағдайда оған бір жарым айлық лауазымдық айлықақы мөлшерінде, жеңіл мертіккен жағдайда - жарты айлық лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.