53-бап. Атқарушылық әрекеттер жасалатын уақыт
1. Атқарушылық әрекеттер жұмыс күндерiнде сағат алтыдан жиырма екі сағатқа дейін жасалады. Атқарушылық әрекеттердi осы шекте жасаудың нақты уақытын сот орындаушысы белгiлейдi. Атқарушылық iс жүргiзу тараптары атқарушылық әрекеттер жасаудың өздерiне қолайлы уақытын ұсынуға құқылы.
2. Демалыс және мереке күндерiнде, сондай-ақ түнгi уақытта атқарушылық әрекеттерге, кейiнге қалдыруға болмайтын немесе оларды борышкердiң кiнәсiнен басқа күндерде және осы Заңда белгiленген уақытта жасау мүмкiн болмаған жағдайларда ғана жол берiледi.
54-бап. Атқарушылық iс жүргiзудегi бас тарту
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Егер сот орындаушысы, жеке сот орындаушысының көмекшісі, аудармашы, маман атқарушылық іс жүргізудің нәтижесіне жеке өзі, тікелей немесе жанама түрде мүдделі болса немесе өзге де мән-жайлар, атап айтқанда, тараптардың, олардың өкілдерінің бейтараптығына күмән туғызатын туыстық қатынастары орын алса, олар атқарушылық іс жүргізуге қатыса алмайды және одан бас тартуға тиіс.
2. Бас тартуға мән-жайлар болған жағдайда, осы баптың 1-тармағында аталған адамдар бас тартатынын мәлiмдеуге мiндеттi. Бас тарту атқарушылық әрекеттер жасау басталғанға дейiн дәлелденiп, жазбаша түрде мәлiмделуге тиiс. Егер бас тартуға негiз туындаса және ол жөнiнде атқарушылық әрекеттер жасау басталып кеткеннен кейiн белгiлi болса, оған орындау процесiнде жол берiледi.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік сот орындаушысынан бас тарту туралы мәселенi аумақтық бөлiм басшысы — аға сот орындаушысы шешедi, бұл жөнiнде тиiстi дәлелдi қаулы шығарылады.
Аудармашыдан немесе маманнан бас тарту туралы мәселенi сот орындаушысы шешедi, бұл жөнiнде аумақтық бөлiм басшысы - аға сот орындаушысы бекiтетiн тиiстi дәлелдi қаулы шығарылады.
Осы баптың 1-тармағында аталған негіздер болған жағдайда жеке сот орындаушысы атқарушылық құжатты өндіріп алушыға қайтарады, бұл туралы қаулы шығарады.
4. Сот орындаушысынан бас тартуға қарсылық білдіру туралы қаулыға белгiленген тәртiппен сотқа шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкiн. Шағым жасалу немесе наразылық білдіру атқарушылық әрекеттер жүргiзудi тоқтата тұрмайды.
7-тарау. БОРЫШКЕРДIҢ МҮЛКIНЕН ӨНДIРIП АЛУ
1-параграф. Негізгі қағидалар
55-бап. Борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу тәртібі
1. Борышкердің мүлкінен өндіріп алу мүлікті алып қоюды және (немесе) оны мәжбүрлеп сатуды не өндіріп алушыға беруді қамтиды.
2. Атқарушылық құжаттар бойынша өндiрiп алу, егер атқарушылық құжатта өзгеше тәртiп белгiленбесе, бірiншi кезекте борышкердiң ақша сомаларына, оның iшiнде банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда тұрған ақша сомаларына да қолданылады.
3. Борышкердiң бухгалтерлiк (кассалық) құжаттары бойынша көрсетiлген қолма-қол ақша сомаларынан өндiрiп алу олар ұсынылған соң борышкердiң келiсiмiне қарамастан немесе олардың сақталу орнына қарамастан табылған соң дереу жүргiзiледi.
Борышкердiң қолма-қол ақша сомалары, оның iшiнде борышкер кассасының сейфiнде сақтаулы және осы кассаның оқшауланған бөлмесiнде немесе борышкердiң өзге де бөлмелерiнде сақтаулы ақша сомалары, егер олардың борышкерге тиесiлi екендiгi анық белгiлi болса, табылғаннан кейiн дереу алып қойылуға тиiс.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Борышкерде берешекті өтеу үшін жеткілікті ақша сомасы болмаған кезде өндіріп алу борышкерге тиесілі басқа мүлікке қолданылады. Сот орындаушысы өндіріп алушының немесе бір кезектегі өндіріп алушылардың және борышкердің жазбаша келісуімен осы Заңның 68-бабына сәйкес мүлікті алдын ала бағалап, оны өткізбей, сол қалпында беруге құқылы.
5. Орындау жөніндегі шығыстар және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар ескеріле отырып, атқарушылық құжатты орындау үшiн қажеттi мөлшерде және көлемде борышкер мүлкiнен өндiрiлiп алынады. Борышкердiң басқа мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда, өндiрiп алу борышкердiң атқарушылық құжат бойынша құны өндiрiп алу мөлшерiнен асатын мүлкiне қолданылуы мүмкiн. Мұндай жағдайларда мүлiктi сатқаннан түскен сома, атқарушылық құжат бойынша өндiрiп алынған сома мен орындау жөніндегі шығыстар, сондай-ақ жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жөніндегі сомалар шегерiле отырып, борышкерге қайтарылады.
6. Борышкердің іздеу салуда болуы оның мүлкінен өндіріп алуға кедергі болып табылмайды.
7. Атқарушылық құжатта көрсетілген белгiлi бір заттарды өндiрiп алушыға берген кезде сот орындаушысы бұл заттарды борышкерден алып қойып, оларды өндiрiп алушыға өткізу актiсiн жасай отырып бередi.
8. Жеке сот орындаушысы мүліктен өндіріп алуды Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен алынатын сот санкциясымен жүзеге асырады.
56-бап. Заңды тұлғалар мен дара кәсiпкерлер мүлкiнен өндiрiп алу
1. Борышкерде берешектi өтеу үшiн жеткiлiктi ақша сомасы болмаған кезде (борышкердiң банктік шотына қызмет көрсетудi жүзеге асыратын банктiң тиiстi ақпараты бар болса), егер заңда бұл мүлiкке қатысты шектеулер белгiленбесе және заңды тұлға құрылтайшыларының (қатысушыларының) мүлiктiк жауапкершiлiгi көзделсе, оған тиесiлi кез келген басқа мүлiктен, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыларының (қатысушыларының) мүлкiнен өндiрiлiп алынуы мүмкiн.
2. Егер орындау барысында борышкер-заңды тұлғаның немесе дара кәсiпкердiң мүлкi берешектi өтеу үшiн жеткiлiксiз болатыны анықталса, ал Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында борышкердi дәрменсiз (банкрот) деп тануға жол берiлсе, сот орындаушысы өндiрiп алушыға бұл туралы хабарлауға мiндеттi.
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Белгiленген тәртiппен банкрот деп танылған борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алуды қолдану Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Атқарушылық құжатты орындау кезiнде заңды тұлға қайта құрылған жағдайда сот орындаушысы борышкердiң құқықтық мирасқорлығын белгілейді және шешiм шығарған сотқа борышкердi оның құқықтық мирасқорымен ауыстыру туралы ұсыныс жібереді.
57-бап. Кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу
1. Борышкердің өзіне қойылған, кепiлмен қамтамасыз етiлмеген барлық талаптарды толық қанағаттандыруы үшiн басқа да мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда кепiл ұстаушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген құқықтары сақтала отырып, кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу жүргiзiлуi мүмкiн.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Борышкерде кепілге салынбаған мүлкі жеткіліксіз болған кезде борышкердің мүлкіне кепіл құқығы жоқ өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыру үшін, қамтамасыз етілген облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын мүлікті және ипотекалық тұрғын үй қарызы міндеттемесі бойынша қамтамасыз ету болып табылатын жылжымайтын мүлікті қоспағанда, кепілге салынған мүлікке өндіріп алу сот ұйғарымы негізінде талаптары кепіл ұстаушының талабынан басым болатын, кепіл ұстаушылар болып табылмайтын өндіріп алушылардың мүдделеріне қолданылуы мүмкін. Өндіріп алуды кепілге салынған мүлікке қолдану туралы сот ұйғарымы кепіл ұстаушыны, өндіріп алушыны және борышкерді сот отырысының уақыты мен орны туралы хабардар ете отырып, сот орындаушысының өтініші бойынша сот отырысында шығарылады. Мүлікті өткізу кепілге салынған мүлікті өткізу қағидалары бойынша жүзеге асырылады. Бұл жағдайда талаптар осы Заңның 110-112-баптарында белгіленген кезектілік тәртібімен өткізілген мүліктің құнынан қанағаттандырылады.
Кепiл ұстаушы кепілге салынған мүлікті өзінде қалдыру туралы мәлімдеуге құқылы. Бұл жағдайда ол кепiл ұстаушының талабының алдында басым болып табылатын талаптарды өзінде қалдырылған мүліктің құнынан аспайтын мөлшерде қанағаттандыруға міндетті.
3. Егер өндіріп алушының (өндіріп алушылардың) талаптарын қанағаттандыру мақсатында өндіріп алынуы мүмкін өзге мүлік болмаса немесе мұндай мүлік жеткіліксіз болса, кепiл ұстаушының талаптарының алдында басымдығы жоқ осы өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыру мақсатында, кепiлге салынған мүлікті, ипотекалық тұрғын үй қарызының мiндеттемесi бойынша қамтамасыз ету болып табылатын жылжымайтын мүлiктi қоспағанда, өндіріп алуға жол беріледі. Бұл жағдайда кепiлге салынған мүліктен өндіріп алуға кепіл ұстаушының құқықтары сақтала отырып, сот ұйғарымы бойынша жол беріледі.
58-бап. Борышкердiң басқа адамдардағы ақшалай сомалары мен басқа да мүлкiнен өндiрiп алу
1. Борышкердiң басқа адамдардағы ақшалай сомаларынан, сондай-ақ басқа мүлкiнен өндiрiп алу кезiнде сот орындаушысы оларға тыйым салады және мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Борышкердiң банктердегi немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшалай сомаларынан өндiрiп алуды сот орындаушысы инкассолық өкiм шығару арқылы жүзеге асырады. Инкассолық өкiмге жеке сот орындаушысының не аумақтық бөлімнің мөрімен расталған атқарушылық құжаттардың көшiрмелерi қоса беріледі. Атқарушылық құжаттар көшiрмелерінің дұрыстығы үшін жеке сот орындаушысы не аумақтық бөлім басшысы - аға сот орындаушысы жауаптылықта болады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Инкассолық өкім берілген банктік шотта ақша болмаған не жеткіліксіз болған кезде ақша өндіріп алу борышкердің теңгедегі не төлем жасалған күні Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен бірлесіп белгілейтін тәртіппен айқындалған валютаның нарықтық айырбас бағамы қолданыла отырып, шетелдік валютадағы банктік шотынан (шоттарынан) жүргізіледі. Осы тармақта көзделген жағдайларда инкассолық өкімді сақтау және орындау ол толық орындалғанға дейін борышкердің банктік шоттарына ақшаның түсуіне қарай жүргізіледі.
59-бап. Инкассолық өкімді кері қайтарып алу
Аумақтық орган басшысының жазбаша келісімімен мемлекеттік сот орындаушысының, сондай-ақ жеке сот орындаушысының инкассолық өкімді кері қайтарып алуы:
1) атқарушылық іс жүргізу осы Заңның 47-бабында көрсетілген негіздер бойынша тоқтатылған;
2) соттың немесе құжатты берген басқа органның талабы бойынша атқарушылық құжат орындалмай қайтарылған;
3) осы Заңның 48-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, атқарушылық құжат өндіріп алушыға қайтарылған жағдайларда;
4) өндіріп алушының инкассолық өкімді кері қайтарып алу туралы арызы бойынша жүргізіледі.
60-бап. Ортақ мүліктегі үлестен өндіріп алу
1. Борышкердің ортақ мүліктегі үлесінен өндіріп алу кезінде сот орындаушысы мүліктің меншік иелеріне хабарлауға және оларға борышкердің ортақ мүліктегі үлесін басымдықпен сатып алу құқығын ұсынуға міндетті. Үлестің құны маманның жазбаша қорытындысы негізінде хабарламада көрсетіледі.
2. Тыйым салынған мүліктің қосалқы меншік иесі басымдықпен сатып алу құқығын іске асыра алатын мерзім Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде айқындалады және борышкердің мүлкіне тыйым салынғаны туралы қосалқы меншік иесіне хабарланған күннен бастап есептеледі.
3. Қосалқы меншік иелеріне хабарлау олардың тұрғылықты (болатын) жерінің белгісіздігі, тұрғылықты жерінде болмауы және басқа да дәлелді себептер салдарынан мүмкін болмаса, ортақ мүліктегі үлесті сату мүлікті тізімдегеннен кейін отыз күн өткен соң жүргізілуі мүмкін.
4. Борышкердің үлесінің мөлшері туралы құжаттар болмаған және (немесе) борышкердің ортақ мүліктегі үлесіне балама нақты мүлікті айқындау мүмкіндігі болмаған кезде ортақ мүлікті бөлу, сондай-ақ осы мүліктегі үлестерді айқындау және борышкердің үлесін бөліп шығару сот орындаушысының арызы не өндіріп алушының талап-арызы бойынша сот тәртібімен жүргізіледі.
5. Ортақ мүліктегі борышкердің үлесін сату осы Заңда көзделген қағидалар бойынша жүргізіледі.
61-бап. Өндiрiп алуды қолдануға болмайтын мүлiк
Борышкерге меншiк құқығы негiзiнде тиесiлi немесе оның ортақ меншiктегi үлесi болып табылатын, борышкерге және оның асырауындағы адамдарға қажеттi мүлiктiң мына түрлерiне атқарушылық құжаттар бойынша өндiрiп алуды қолдануға болмайды:
1.Yй жасауының заттары, керек-жарақтар:
1) аң терiсiнен тігілген және басқа да бағалы киім-кешектер (егер ең төмен күнкөрiс деңгейiн қамтамасыз ету үшiн оны алмастыра алатын өзге де киім-кешек бар болса), асхана сервиздерiн, бағалы металдардан жасалған, сондай-ақ көркемдiк құндылығы бар заттарды қоспағанда, пайдаланылып жүрген киім-кешек, аяқ киім, іш киім, төсек-орын жабдығы, ас үй және асхана керек-жарақтары;
2) борышкерге және оның отбасы мүшелерiне ең аз мөлшерде қажеттi жиhаз (әрбір адамға бір төсек пен бір орындықтан, отбасына бір үстел, бір шкаф және бір сандық);
3) балаларға арналған барлық жабдықтар.
2. Егер борышкердiң негiзгi кәсiбi ауыл шаруашылығы болса, борышкер мен оның отбасы үшiн жаңа астыққа дейiн қажетті мөлшердегі тамақ өнiмдерi, шаруашылық құрылыстары және борышкер мен оның отбасының қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға қажеттi мөлшердегі үй малы, сондай-ақ малға арналған жем-шөп, ал басқа жағдайларда - тамақ өнiмдерi және жалпы сомасы ең төменгi жалақыдан аспайтын мөлшердегi ақша.
3. Тамақ даярлауға және отбасының тұрғын үй-жайын жылытуға арналған отын.
4. Борышкер соттың үкімімен белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан айырылған немесе ол құрал-сайманды қылмыс жасау үшiн пайдаланған жағдайларды қоспағанда, борышкердiң кәсiби қызметiн жалғастыруына қажеттi құрал-сайман (оның iшiнде оқу құралдары мен кiтаптар).
5. Мүгедектердiң жүрiп-тұруына арналған арнайы көлiк құралдары.
6. Борышкер марапатталған халықаралық, мемлекеттік және өзге де жүлделер.
Сауда-саттық ұйымдастырушыларының сауда жүйелерінде ашық сауда-саттық әдісімен жасалған репо операциялары бойынша оның нысанасы болып табылатын мүлік осы репо операциялары жабылғаннан кейін ғана өндіріп алынуы мүмкін.
2-параграф. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу
62-бап. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында борышкердің мүлкіне, оның ішінде заңда көзделген жағдайларда соттың санкциясымен тыйым салуға міндетті. Бұл ретте, сот орындаушысы өндіріп алуды борышкердің мүлкіне қолданудың кезектілік кағидаларын қолданбауға құқылы.
2. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу осы мүлiкке иелік етуге тыйым салудан, сондай-ақ борышкердiң банктердегi және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақша сомаларын пайдалануға және оларға иелік етуге тыйым салынғанын хабарлаудан тұрады, бұл жөнiнде борышкердiң мүлкiне тыйым салу туралы қаулы шығарылады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Борышкерге меншiк, шаруашылық жүргiзу және оралымды басқару құқығында тиесiлi мүлiкке, оның қайда және iс жүзiнде кiмнiң пайдалануында екендiгiне қарамастан (Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгiленген шектеулер ескерiле отырып), тыйым салынуы мүмкiн.
Банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшаға және басқа да мүлікке тыйым салу туралы сот орындаушысының қаулысында тыйым салынатын ақша сомасы көрсетіледі.
Сот орындаушысы банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшаға және өзге де мүлікке сот санкциясымен ғана тыйым салады.
Сауда-саттық ұйымдастырушыларының сауда жүйелерінде ашық сауда-саттық әдісімен жасалған репо операциялары бойынша оның нысанасы болып табылатын мүлікке азаматтық сот ісін жүргізу барысында осы репо операциялары жабылғаннан кейін ғана тыйым салынуы мүмкін.
4. Егер борышкер мүлкiнiң басқа тұлғаларда болуы олардың арасында жасалған шартқа байланысты болған жағдайда, басқа адамдардың шарттан туындайтын құқықтарын сақтау мүмкiндiгi туралы және мүлiктi алып қою туралы мәселенi талап-арыз iсін жүргiзу тәртібімен сот шешедi.
5. Сот орындаушысының мүліктен өндіріп алу жөніндегі әрекеттерді жасауына кедергі келтіру, сот орындаушысының тыйым салынған мүлікке билік етуге немесе оны пайдалануға тыйым салуын бұзу, сондай-ақ тыйым салынған мүлікке қатысты өзге де заңсыз іс-әрекеттер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Борышкердің банктік шотындағы ақшасына атқарушылық санкцияны, орындау жөніндегі шығыстарды және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуді ескере отырып, атқарушылық құжатты орындау үшін қажетті сомада тыйым салынады.
Егер инкассолық өкім негізінде ақшаны өндіріп алу толық көлемде жүргізілген жағдайда, инкассолық өкім орындалған атқарушылык іс жүргізу шеңберінде бүдан бүрын салынған тыйым алып тасталды деп есептеледі, ал тыйым салу туралы қаулы оның бастамашысына қайтарылуға тиіс.
63-бап. Мүлiкке тыйым салу тәртібі
1. Мүлiкке өндiрiп алуды қолдану кезiнде сот орындаушысы оның борышкерге тиесiлi екендiгiн, нақты құнын және ондағы ауыртпалықты анықтайды. Мемлекеттік тiркеуге жатпайтын мүлiктiң кiмге тиесiлi екенiн анықтау қиын болған және бұл мүлiк борышкерге тиесiлi деп жорамалдауға негiздер болған жағдайда, сот орындаушысы оның кімге тиесiлi екендігі анықталғанға дейiн мүлiкке тыйым салуға құқылы.
Егер мүлік борышкерге тиесілі болмаса, онда ол сот орындаушысына тыйым салынған мүліктің тиесілігін белгілейтін қажетті дәлелдемелерді ұсынуға міндетті.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сот орындаушысы мүліктің борышкерге тиесілі екенін анықтап, оны тізімдемеге енгізеді, өндіріп алу мөлшеріне қарай бүкіл мүлікке немесе оның бір бөлігіне тыйым салады және тыйым салу туралы қаулыны тиісті мемлекеттік тіркеу органдарына жібереді.
Бұл ретте жылжымайтын мүлікке қатысты тізімдеме жүргізілмейді.
3. Сот орындаушысы кепiлге салынған мүлiкке тыйым салынғандығы туралы кепiл ұстаушыға хабарлайды.
64-бап. Тыйым салынған мүлікті пайдалану тәртібін айқындау
1. Қажет болған жағдайда сот орындаушысы тыйым салынған мүлiкті алып қоюды жүргізуге немесе борышкердің тыйым салынған мүлiкті пайдалану жөніндегі құқықтарын шектеуге құқылы. Шектеудің түрлерін, көлемдері мен мерзімдерін сот орындаушысы әрбір нақты жағдайда осы мүлікке тыйым салудың мақсаттарын, мүліктің ерекшеліктерін, оның меншік иесі немесе қожасы үшін маңызын, шаруашылық, тұрмыстық немесе өзгедей пайдаланылуын және басқа да факторларды ескере отырып айқындайды.
2. Сот орындаушысының мүлiкке билік етуге салған тыйымын бұзу немесе борышкердің тыйым салынған мүлкін пайдалану құқықтарын шектеуді сақтамау атқарушылық құжатта қамтылған талаптарды орындамағаны үшін осы Заңда көзделген салдарларға әкеп соғады.
3. Вексельдерге, түбіртектерге, ұсынушының жинақ кітапшаларына, депозиттік және жинақ сертификаттарына, облигацияларға және борышкерге ақша сомасын төлеу міндеттемесі бар өзге де мүлікке тыйым салу кезінде сот орындаушысы алып қою туралы хаттаманы толтыра отырып, аталған мүлікті алып қояды.
65-бап. Бағалы қағаздарға тыйым салу
1. Құжаттық бағалы қағаздарға тыйым салу олардың тұрған орны бойынша жүргізіледі. Құжатсыз бағалы қағаздарға тыйым салу осы қағаздар иелерінің құқықтарын есепке алу орны бойынша жүргізіледі.
2. Сот орындаушысы бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулы шығарады. Құжаттық бағалы қағаздарға тыйым салу туралы сот орындаушысы осы Заңның 67-бабында белгіленген тәртіппен хаттама да жасайды.
3. Бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулыда тыйым салынған бағалы қағаздардың жалпы саны, олардың түрі, сәйкестендіру нөмірі, осы бағалы қағаздардың эмитенті туралы мәліметтер, бағалы қағаздарды сәйкестендіруге, сондай-ақ олардың борышкерге тиесілілігін анықтауға мүмкіндік беретін басқа да деректер көрсетіледі.
4. Борышкерге тиесілі бағалы қағаздарға тыйым салу борышкердің оларға билік етуіне (сатуға, өз міндеттемелерін немесе үшінші бір адамдардың міндеттемелерін қамтамасыз ету ретінде беруге, өзге де түрде ауыртпалық түсіруге) тыйым салуды білдіреді. Өзге де шектеулерді, оның ішінде борышкердің кіріс алуға құқықтарын және бағалы қағаздармен бекітілген басқа да құқықтарын шектеу кезінде сот орындаушысы белгіленген шектеулерді бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулыда санамалап көрсетуге міндетті.
5. Бағалы қағаздарға тыйым салу эмитенттің (басқарушы компанияның) оларды өтеу, олар бойынша кірістерді төлеу, оларды өзге бағалы қағаздарға айырбастау немесе алмастыру жөніндегі әрекеттер жасауына, егер мұндай әрекеттер тыйым салынған бағалы қағаздарды шығару шарттарында (пайлық инвестициялық қордың қағидаларында) көзделсе және бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулыда тыйым салынбаса, кедергі келтірмейді. Аталған әрекеттердің жасалуы туралы эмитент (басқарушы компания, басқарушы) сот орындаушысына дереу хабарлайды.
6. Айырбастау немесе алмастыру нәтижесінде алынған өзге бағалы қағаздар, егер бұл тыйым салу мақсаттарына қайшы келмесе, тыйым салу туралы қаулы бойынша тыйым салынған бағалы қағаздар секілді сол шарттармен тыйым салуда тұрған болып есептеледі. Сот орындаушысы бұрын шығарылған қаулыға қосымша осы Заңның 55-бабының 5-тармағына сәйкес айқындалған берешектің мөлшерін ескере отырып, айырбастау немесе алмастыру нәтижесінде алынған бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулы шығаруға міндетті.
2014.19.03. № 179-V ҚР Заңымен 6-1-тармақпен толықтырылды
6-1. «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банктердің біреуіне қатысты қайта құрылымдау жүргізілген оларды біріктіру нысанында қайта ұйымдастыру кезінде қайта ұйымдастырылатын банктің акцияларына қамақ салу қайта ұйымдастыру бойынша әрекеттер (өзіне біріктіру жүзеге асырылатын банктің оларды сатып алуы бойынша әрекетті қоса алғанда) жасауға кедергі келтірмейді, сондай-ақ қамақ салынған акциялар бойынша құқықтарды есепке алуды жүзеге асыратын тіркеушінің, орталық депозитарийдің және (немесе) номинал ұстаушылардың тиісті әрекеттер жасауына кедергі келтірмейді.
Өзіне біріктіру жүзеге асырылатын банк біріктірілетін банктің қамақта тұрған акцияларын алғаннан кейін дереу бұл жөнінде сот орындаушысына хабарлайды.
Қамақ салу туралы қаулы бойынша бұрын қамақ салынған акциялардың орнына өзіне біріктіру жүзеге асырылатын банктің қайта ұйымдастырылатын банк акционерлері арасында орналастырылған акциялары, егер бұл қамақ салу мақсаттарға қайшы келмесе, қайта ұйымдастырылатын банктің акцияларына қамақ салу шарттарымен бірдей қамақта деп есептеледі.
Сот орындаушысы бұрын шығарылған қаулыға толықтыру ретінде осы Заңның 55-бабының 5-тармағына сәйкес айқындалатын берешекті ескере отырып, бұрын қамақ салынған акциялардың орнына өзіне біріктіру жүзеге асырылатын банктің орналастыру нәтижесінде алынған акцияларына қамақ салу туралы қаулы шығаруға міндетті.
7. Егер атқарушылық құжатта борышкердің бағалы қағаздар бойынша кіріс алуға құқықтарын шектеу белгіленсе, онда осы бағалы қағаздар бойынша барлық кірістер аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына есептелуге тиіс.
8. Сот орындаушысы тыйым салынған құжаттық бағалы қағаздарды алып қояды және бағалы қағаздарға тыйым салу туралы хаттамаға қол қойғыза отырып, осы хаттаманың көшірмесін сақтаушыға сақтауға береді. Сот орындаушысы осы бағалы қағаздарды кастодианға сақтауға беру туралы шешім қабылдай алады.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Тыйым салынған құжатсыз бағалы қағаздар алып қойылмайды және құқықтарды есепке алу үшін басқа номиналды ұстаушыға берілмейді.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 9-1-тармақпен толықтырылды
9-1. 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап күші жойылды (бұр.ред.қара)