Қазақстан Республикасының
Заңы
Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы
(2014.19.03. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2014 жылғы 29 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңға өзгерістер енгізу туралы:
ҚР 2014 жылғы 3 шілдедегі № 227-V Заңын қараңыз (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
ҚР 2014 жылғы 4 шілдедегі № 233-V Заңын қараңыз (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
ҚР 2014 жылғы 5 шілдедегі № 236-V Заңын қараңыз (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
Түпнұсқада мазмұны жоқ
1 БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) атқарушылық іс жүргізу - борышкерден атқарушылық санкциясын, атқарушылық іс жүргізу бойынша өсімпұлды және шығыстарды өндіріп ала отырып, атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату;
2) Борышкерлердің бірыңғай тізілімі - атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын деректердің біріздендірілген электрондык банкі;
3) бірыңғай электрондық сауда-саттық алаңы - ақпараттык жүйе, дерекқордың, электрондық аукционға қатысушыларға бірыңғай жалпы қолжетімді қол жеткізу нүктесін ұсынатын, электрондық аукцион өткізу үшін қажетті ақпаратты енгізу, сақтау және өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін техникалық, бағдарламалық, телекоммуникациялық және басқа да кұралдардың жиынтығы;
4) жеке сот орындаушысы - атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына уәкілетті орган берген лицензия (бұдан әрі - жеке сот орындаушысының лицензиясы) негізінде, заңды тұлға құрмай атқарушылық құжаттарды орындау бойынша жеке практикамен айналысатын Қазақстан Республикасының азаматы;
5) мемлекеттік сот орындаушысы - мемлекеттік қызметтегі және атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі өзіне заңмен жүктелген функцияларды орындайтын лауазымды адам;
6) сот орындаушысы - атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі өздеріне заңмен жүктелген функцияларды орындайтын және осы Заңда көзделген алып қоюлар үшін тең құқықтары мен міндеттері бар мемлекеттік сот орындаушысы және жеке сот орындаушысы;
7) сот орындаушысының қаулысы - атқарушылық іс жүргізу процесінде сот орындаушысы қабылдайтын іс жүргізу шешімі тіркелетін іс жүргізу құжаты;
8) толық мәжбүрлеп орындату - атқарушылық құжат сот орындаушысының іс жүргізуінде болған кезеңде оны толық көлемде орындау;
9) уәкілетті орган - атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және осы саладағы қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
10) электрондық аукцион - аукцион нысанындағы электрондық сауда- саттыктың тәсілі, онда тыйым салынған және мемлекет кірісіне айналдырылған мүлік бірыңғай электрондық сауда-саттық алаңы пайдаланыла отырып, оларға барлық элеуетті сатып алушылардың тең қол жеткізуі негізінде өткізіледі.
2-бап. Атқарушылық iс жүргiзу мiндеттерi
Атқарушылық iс жүргiзу мiндеттерi азаматтық және әкiмшiлiк iстер бойынша сот шешiмдерiнің, ұйғарымдары мен қаулыларының, мүлiктi өндiрiп алу бөлiгiнде қылмыстық iстер бойынша үкiмдері мен қаулыларының, сондай-ақ өзге де органдар қаулыларының негізінде осы Заңға сәйкес берілетін атқарушылық құжаттарды мiндеттi түрде және уақтылы орындау болып табылады.
3-бап. Атқарушылық iс жүргiзудің негізгі принциптері
Атқарушылық iс жүргiзу:
1) заңдылық;
2) атқарушылық іс-әрекеттерді жүргізу мен мәжбүрлеп орындату шараларын қолданудың уақтылы және айқын болуы;
3) адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу;
4) борышкер мен оның отбасы мүшелерінің өмір сүруіне қажетті мүліктің ең аз мөлшеріне қол сұғылмаушылық;
5) өндіріп алушы талаптарының көлемі мен мәжбүрлеп орындату шаралары арақатынасының салыстырмалылығы;
6) өндіріп алынған сомалар кезектің барлық талаптарын толық қанағаттандыруға жеткіліксіз болған кезде оларды бір кезектегі өндіріп алушылар арасында бөлудің барабарлығы;
7) атқарушылық құжатты мәжбүрлеп орындату жөніндегі шығыстарды борышкердің есебінен өтеу;
8) сот орындаушысының іс жүргізу әрекеттері мен қаулыларына сотқа шағымдануға еркіндік принциптері бойынша жүзеге асырылады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 4-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
4-бап. Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заннамасы
1. Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда жазылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
5-бап. Халықаралық, шетелдік соттар мен төрелік соттардың шешімдерін орындау
1. Қазақстан Республикасында халықаралық және шетелдік соттардың, сондай-ақ төрелік соттардың шешімдерін орындау тәртібі Қазақстан Республикасы ратификациялаған тиісті халықаралық шарттарда және осы Заңда айқындалады.
2. Шетелдік сот шешімінің негізінде Қазақстан Республикасының соты берген атқарушылық парақ шешімнің заңды күшіне енген кезінен бастап үш жыл ішінде мәжбүрлеп орындатуға берілуі мүмкін.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 6-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
6-бап. Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасының колданылу тәртібі
1. Атқарушылық iс жүргiзу атқарушылық әрекеттердi жасау кезiнде қолданылып жүрген нормаларға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Бюджетке төленетiн салық және өзге де мiндеттi төлемдердiң берешегiн, айыппұлдар төлеудi кешiктiргенi үшiн өсiмпұлдарды және Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзғаны үшiн өзге де санкцияларды өндiрiп алу жөніндегі атқарушылық iс жүргiзу осы Заңда белгiленген тәртiппен және Қазақстан Республикасының салық және кеден заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
3. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін белгіленген тәртіппен жауапты деп танылған, таратылатын заңды тұлғаның мүлкі жоқ немесе жеткіліксіз болған жағдайда, осы зиянды өтеу жөніндегі тиісті мерзімдік төлемдерді капиталдандыру сомасын мемлекеттен өндіріп алу жөніндегі атқарушылық іс жүргізу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген қағидалар сақтала отырып, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Заңсыз соттау, қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тарту, бұлтартпау шарасы ретінде камауға, үйқамаққа алуды, ешқайда кетпеу туралы қолхат беруді заңсыз қолдану, қамаққа алу немесе түзеу жұмыстары түрінде әкімшілік жазаны заңсыз қолдану, психиатриялық немесе басқа да емдеу мекемесіне заңсыз орналастыру салдарынан келтірілген зиянды өтеу бойынша сот актілерін мемлекеттік бюджет есебінен орындау Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдік ұйымдарға қатысты соттың және өзге де органдардың актілерін орындау осы Заңға сәйкес жүргізіледі.
5. Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттердiң атқарушылық құжаттары бойынша атқарушылық iс жүргiзу, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардан өзгеше жағдай туындамаса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
7-бап. Атқарушылық iс жүргiзуді жүзеге асыратын тұлғалар
1. Осы Заңның 9-бабында тізбеленген атқарушылық құжаттарды орындау сот орындаушыларына жүктеледі.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда атқарушылық құжаттарды орындау ішкі істер органдары және өзге де мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жәрдемдесуімен жүзеге асырылады.
3. Сот орындаушысының қызметтік іс-әрекетіне заңдарда тiкелей уәкiлеттiк берiлген тұлғалардан басқа, ешкiм де араласуға құқылы емес. Сот орындаушысының қызметіне заңсыз араласу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
8-бап. Атқарушылық iс жүргiзу тілі
Атқарушылық іс жүргізу және оны жүргізумен байланысты іс-қағаздарын жүргізу тілі сот шешімінің немесе орындауға жататын өзге де құжаттың тілі ескеріле отырып белгіленеді.
9-бап. Атқарушылық құжаттардың тiзбесi
1. Мыналар атқарушылық құжаттар болып табылады:
1) сот актілерінiң негiзiнде берiлетiн атқарушылық парақтар;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасына сәйкес берiлетiн сот бұйрықтары;
3) Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық, шетелдiк соттардың және төрелiк соттардың шешiмдерiн мәжбүрлеп орындату туралы сот актілерінiң негiзiнде берiлетiн атқарушылық парақтар;
4) аралық соттардың шешiмдерiн мәжбүрлеп орындату туралы соттың ұйғарымы негiзiнде берiлетiн атқарушылық парақтар;
5) Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнде көзделген жағдайларда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша шығарылған сот қаулылары;
6) Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнде көзделген жағдайларда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды тұлғаның) қаулылары;
7) талаптарын мәжбүрлеп орындату туралы прокурордың қаулылары;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) атқару санкциясын өндіріп алу туралы сот орындаушысының қаулылары;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды
9) сот орындаушысының атқарушылық іс-әрекеттер жасау кезінде келтірілген шығыстарды өтеу туралы қаулысы;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 10) тармақшамен толықтырылды
10) жеке сот орындаушысының өзінің қызмет ақысының сомасын бекіту туралы қаулысы.
2. Атқарушылық құжат жоғалған жағдайда атқарушылық құжатты берген орган Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен беретiн оның телнұсқасы өндiрiп алу үшiн негiз болып табылады.
3. Ол бойынша атқарушылық iс жүргiзу қозғалған атқарушылық құжат атқарушылық iс жүргiзу материалдарында болады. Сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзудің қозғалғаны туралы қаулыны аталған атқарушылық құжаттың көшірмесімен қоса орындау үшін жібереді.
10-бап. Сот орындаушысының қаулысы
1. Атқарушылық құжат орындауға берілген күннен бастап атқарушылық iс жүргiзу мәселелері бойынша сот орындаушысының қабылдаған шешімдері қаулылармен ресімделеді.
2. Сот орындаушысының қаулысында:
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) аумақтық бөлімнің атауы және мекенжайы немесе жеке сот орындаушысы кеңсесінің мекенжайы;
2) қаулының шығарылған күні;
3) қаулыны шығарған адамның лауазымы, тегі және аты-жөні;
4) қаулы шығарылатын атқарушылық iс жүргiзудің атауы мен нөмірі көрсетілуге тиіс.
Атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулыда атқарушылық құжаттың атауы мен нөмірі;
5) қаулы шығарылатын мәселе;
6) қабылданатын шешімнің заңдарға және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сілтемесі бар негіздемесі;
7) мәселенің мәні бойынша қабылданған шешімді көрсететін қаулының қарар жазылған бөлігі;
8) қаулыға шағым жасау тәртібі көрсетіледі.
3. Сот орындаушысы қаулыда өзі жіберіп алған жаңылыс жазуларды немесе көрінеу арифметикалық қателерді өз бастамасы бойынша немесе атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдардың өтініші бойынша түзетуге құқылы. Аталған түзетулер бұрын шығарылған қаулыға өзгерістер енгізу туралы қаулымен енгізіледі.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік сот орындаушысы қаулысының күшін жою аумақтық бөлім басшысының - аға сот орындаушысының тиісті қаулысымен жүргізіледі.
Жеке сот орындаушысы қаулысының күшін жоюды жеке сот орындаушысының өзі, оның ішінде сот актісінің немесе прокурор наразылығының негізінде жүргізеді.
5. Сот орындаушысының қаулысы міндетті түрде орындалуға тиіс және оған Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес сотқа шағым жасалуы мүмкін.
6. Сот орындаушылары қаулыларының үлгі нысандарын уәкілетті орган бекітеді.
2-тарау. АТҚАРУШЫЛЫҚ IС ЖҮРГIЗУДЕГІ МЕРЗІМДЕР
11-бап. Атқарушылық құжаттарды орындауға беру мерзiмдерi
1. Атқарушылық құжаттар мәжбүрлеп орындатуға мынадай мерзiмдерде:
1) сот актілері негiзiнде берiлетiн сот бұйрықтары мен атқарушылық парақтар, - үш жыл iшiнде;
2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) төрелiктiң немесе аралық соттардың шешiмдерiн мәжбүрлеп орындату туралы соттың ұйғарымы негiзiнде берiлетiн атқарушылық парақтар - үш жыл iшiнде;
3) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы ic бойынша шығарылған сот қаулылары, - егер заңмен өзге мерзiмдер белгiленбесе, үш жыл iшiнде;
4) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) қаулылары, - үш жыл iшiнде;
5) прокурордың қаулылары - үш ай iшiнде берiлуi мүмкiн.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген құжаттарды қоспағанда, атқарушылық құжаттар заңды күшіне енгеннен кейін бес жұмыс күнінен соң мәжбүрлеп орындатуға ұсынылуы мүмкін.
2. Аталған мерзiмдер:
1) сот актілерінің негiзiнде берiлген атқарушылық парақтарды мүлiктi өндiрiп алу бөлiгiнде орындау кезiнде - сот актiсi заңды күшiне енген не сот актiсiн орындаудың мерзiмiн кейінге қалдыру немесе ұзарту кезiнде белгiленген мерзiм аяқталғаннан кейiнгi күннен бастап, ал сот актiсi дереу орындалуға тиiс болған жағдайларда - ол шығарылғаннан кейiнгi күннен бастап;
2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) төрелiктiң немесе аралық соттардың шешiмдерiн мәжбүрлеп орындату туралы соттың ұйғарымы негiзiнде берiлген атқарушылық парақтарды орындау кезiнде - шешiм күшiне енгеннен кейiнгi күннен бастап;
3) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша шығарылған сот қаулыларын орындау кезiнде, - қаулы шығарылған күннен бастап;
4) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) қаулысын орындау кезiнде, - мәжбүрлеп орындату туралы шешiм қабылданғаннан кейiнгi күннен бастап;
5) қалған барлық атқарушылық құжаттар бойынша - олар берiлгеннен кейiнгi күннен бастап есептеледi.
3. Мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы (алименттер өндіріп алу туралы, жарақат алумен немесе денсаулығын өзгедей зақымдаумен және басқадай келтірілген зиянды өтеу туралы істер бойынша) шешімдердің негізінде жазылған атқарушылық құжаттар төлем жасауға берілген барлық уақытта күшін жоймайды. Мұндай жағдайларда мерзім әрбір төлем үшін жеке есептеледі.
12-бап. Атқарушылық құжатты беру кезiндегi мерзiм үзiлісі
1. Атқарушылық құжатты орындауға беруге арналған мерзiм:
1) атқарушылық құжат орындауға берілгенде;
2) атқарушылық құжатты борышкер iшiнара орындағанда;
3) борышкердi iздестiру кезеңiнде үзiледi.
2. Үзiлiстен кейін мерзiмнiң өтуi қайтадан басталады, бұл ретте үзiлiске дейiнгi өткен уақыт жаңа мерзiмге есептелмейдi.
3. Үзiлiстен кейiнгi жаңа мерзiм атқарушылық құжат бойынша өндiрiп алу толық немесе iшiнара жүргiзiлмей, ол өндiрiп алушыға қайтарылған күннен бастап есептеледi.
13-бап. Атқарушылық құжатты орындауға беру үшiн өткiзiп алынған мерзiмдi қалпына келтiру
1. Атқарушылық құжатты орындауға беруге арналған мерзiмдi өткiзiп алған өндiрiп алушы сот актiсiн шығарған сотқа немесе оның орындалатын орны бойынша сотқа өтiп кеткен мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiш жасауға құқылы.
2. Атқарушылық парағының, сот бұйрығының орындауға берiлген мерзiмін өткiзiп алу себептерiн сот дәлелдi деп таныған жағдайда мерзiм қалпына келтiрiлуi мүмкiн.
3-тарау. АТҚАРУШЫЛЫҚ IС ЖҮРГIЗУГЕ ҚАТЫСУШЫЛАР
14-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушылардың құрамы
Мыналар:
1) атқарушылық іс жүргізудің тараптары (өндіріп алушы және борышкер);
2) атқарушылық іс жүргізу тараптарының өкілдері;
3) сот приставы;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) атқарушылық құжатта қамтылған талаптарды орындауға жәрдемдесетін өзге де адамдар (оның ішінде ішкі істер органдарының және өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері, аудармашы, куәгерлер, маман, сот орындаушысы тыйым салынған мүлікті күзетуге немесе сақтауға берген адам) атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар болып танылады.
15-бап. Атқарушылық iс жүргiзу тараптары
1. Өндiрiп алушы мен борышкер атқарушылық iс жүргiзу тараптары болып табылады.
2. Өз пайдасына немесе мүдделерiне атқарушылық құжат берiлген жеке немесе заңды тұлға өндiрiп алушы болып табылады.
3. Атқарушылық құжатта көзделген талаптарды орындауға мiндеттi жеке немесе заңды тұлға борышкер болып табылады.
4. Атқарушылық iс жүргiзуге бірнеше өндiрiп алушы немесе борышкер (бірге қатысушылар) қатыса алады. Олардың әрқайсысы атқарушылық iс жүргiзуге дербес қатысады. Атқарушылық құжат бойынша борышкерге оның өзi ғана орындай алатын мiндеттер (жеке мiндеттер) жүктелген жағдайларды қоспағанда, бірге қатысушы атқарушылық іс жүргізуде өз мүдделерін қорғауды, басқа бірге қатысушыға оның келісімімен тапсыруы мүмкін.
16-бап. Атқарушылық iс жүргiзу тараптарының құқықтары мен мiндеттерi
1. Атқарушылық iс жүргiзу тараптары атқарушылық iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жасауға, көшiрмелерiн алуға, қосымша материалдар беруге, өтiнiш бiлдiруге, атқарушылық әрекеттер жасауға қатысуға, атқарушылық әрекеттер процесiнде ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге, атқарушылық iс жүргiзу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерi мен пiкiрлерiн айтуға, атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы басқа адамдардың дәлелдерi мен өтiнiштерiне қарсылық бiлдiруге, бас тартатынын мәлiмдеуге, атқарушылық iс жүргiзу мәселелерi бойынша сот орындаушысының әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) немесе шешiмдерiне шағым жасауға, бітімгершілік келісімді бекіту туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Атқарушылық іс жүргізу тараптары өздеріне берілген барлық құқықтарды адал пайдалануға, сондай-ақ осы Заңның талаптарын орындауға міндетті.
Борышкер жұмыс орнының, тұрғылықты және орналасқан жерінің өзгергені, сондай-ақ жаңа табыс көздерінің және мүлкінің пайда болғаны туралы көрсетілген мән-жайлар туындаған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде сот орындаушысына жазбаша хабарлауға міндетті.
Борышкер атқарушылық іс жүргізу аяқталғанға дейін айына бір рет, сондай-ақ шақырған жағдайларда сот орындаушысына келуге міндетті. Келмеуі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 17-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
17-бап. Атқарушылық іс жүргізудегі құқықтық мирасқорлық
1. Борышкер қатардан шыққан (азамат қайтыс болған, заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, борыш ауысқан) жағдайда мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша мемлекеттік сот орындаушысы, жеке сот орындаушысы шешім шығарған сотқа борышкерді оның құқықтық мирасқорына ауыстыру жөнінде ұйғарым шығару туралы ұсыныспен ұсыну жібереді. Ұсыну сот орындаушысына борышкердің құқықтық мирасқорлығы туралы белгілі болған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде жіберіледі. Құқықтық мирасқордың атқарушылық іс жүргізуге кіріскеніне дейін жасалған барлық іс-әрекет борышкер үшін қалай міндетті болса, ол үшін де сондай дәрежеде міндетті болады.
2. Өзге жағдайлардың бәрінде құқықтық мирасқорлық Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өндіріп алушының өтініші бойынша белгіленеді.
18-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге тараптар өкiлдерiнiң қатысуы
1. Жеке тұлғалар атқарушылық iс жүргiзуге дербес немесе өкiлдерi арқылы қатыса алады. Атқарушылық iс жүргiзуге жеке тұлғаның өзiнiң қатысуы оны өз өкiлi болуы құқығынан айырмайды. Егер атқарушылық құжат бойынша борышкерге оның өзi ғана орындай алатын мiндеттер жүктелсе, онда борышкер оларды орындау кезiнде өкiлі арқылы әрекет етуге құқылы емес.
2. Ұйымдардың атқарушылық iс жүргiзуге қатысуы олардың өздерiне заңдармен, өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен және құрылтай құжаттарымен берiлген өкiлеттiктер шегiнде әрекет ететiн органдары не аталған органдардың өкілдерi арқылы жүзеге асырылады.
Ұйым атынан өкiлдiк ететiн адамдардың өздерінің лауазымдық жағдайлары мен өкiлеттiктерiн растайтын құжаттары болуға міндетті.
3. Өкiлдiң өкiлеттiктерi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берiлген және ресiмделген сенімхатпен куәландырылады.
19-бап. Өкiлдiң өкiлеттiктерi
1. Атқарушылық іс жүргізудегі өкіл өкілдік берушінің атынан сенімхат бойынша берілген өкілеттіктері шегінде атқарушылық іс жүргізумен байланысты барлық іс-әрекеттерді жасайды.