2. Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан шындыққа сай келмейтін жарнамаға өзгерістер енгізуді, оның тоқтатылуын немесе теріске шығарылуын жариялауды талап етуге құқылы.
Бұл талап уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде орындалмаған жағдайда, уәкiлеттi орган жарнамада қамтылған мәлiметтердiң шындыққа сай келмейтiндiгi туралы ақпарат жариялауға не мұндай жарнаманы жариялаған бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының есебiнен оларды нақтылауға құқылы.
3. Зейнетақы активтерi бойынша табыстылық туралы ақпарат тиiстi инвестициялық табыс алынған кезеңдi көрсетіп қана берілуі мүмкiн.
57-бап. Зейнетақы жинақтарының құпиясы
1. Зейнетақы жинақтарының құпиясы салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы ақша қалдықтары туралы және оның қозғалысы туралы мәлiметтердi қамтиды.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары және Орталық зейнетақы жинақтарының құпиялылығына кепiлдiк бередi.
2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының, Орталықтың, халыққа қызмет көрсету орталықтарының лауазымды адамдары, қызметкерлерi және өздерінің қызметтік және функционалдық мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты зейнетақы жинақтарының құпиясын құрайтын мәлiметтерге қол жеткізген өзге де адамдар зейнетақы жинақтарының құпиясын құрайтын мәлiметтердi жария етуге құқылы емес және оларды жария еткені үшiн осы баптың 3 - 5-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
3. Зейнетақы жинақтарының құпиясы зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын салымшыға, алушыға, салымшының (алушының) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес ресiмделген жазбаша келiсуi негiзiнде кез келген үшiншi адамға ашылуы мүмкiн.
4. Жеке зейнетақы шоттарындағы ақша қалдықтары мен оның қозғалысы туралы анықтамалар:
1) анықтау және алдын ала тергеу органдарына - олардың жүргiзуіндегі қылмыстық iстер бойынша;
2) соттарға - сот ұйғарымының негiзiнде олардың жүргізуіндегі iстер бойынша;
3) сот орындаушыларына - сот орындаушысының сот санкция берген қаулысы негізінде олардың жүргізуіндегі атқарушылық құжаттар бойынша;
4) салық органдарына - тексерілетін тұлғаға салық салуға байланысты мәселелер бойынша;
5) уәкілетті органға - салымшының (алушының) өтінішіне байланысты не оның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының қызметіне тексеруді жүзеге асыруына байланысты туындаған мәселе бойынша;
6) прокурорға - оның қарауындағы материал бойынша өзінің құзыретi шегіндe тексеру жүргiзу туралы қаулы негiзiнде;
7) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға - «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мақсаттарда және тәртіппен;
8) салымшының (алушының) өкілдеріне - нотариат куәландырған сенiмхат немесе сот шешімінің негiзiнде;
9) Орталыққа - салымшылардың (алушылардың) мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша дерекқорын қалыптастыру және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының алушының зейнетақы төлемдеріне құқықты алу кезіндегі инфляция деңгейін есепке ала отырып, іс жүзінде енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мөлшерінде сақталуын есептеу үшiн;
10) орталық атқарушы органға - салымшының (алушының) өтінішіне байланысты туындаған мәселе бойынша;
11) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жыл сайынғы мiндеттi аудитiн жүргiзетiн аудиторлық ұйымдарға;
12) халыққа қызмет көрсету орталықтарына - салымшының (алушының) не нотариат куәландырған сенімхат немесе сот шешімі бойынша оның өкілінің өтініші негізінде мемлекеттік қызметтер көрсету үшін берiлуi мүмкiн.
5. Жеке зейнетақы шотының болуы, ондағы ақша қалдықтары мен оның қозғалысы туралы анықтамалар, салымшы (алушы) қайтыс болған жағдайда, жазбаша сұрау салу бойынша өсиетте аталған адамдарға, соттардың жүргізуіндегі мұрагерлік iстер бойынша ұйғарым негізiнде соттарға берiледi.
6. Жеке зейнетақы шотының және онда ақшаның болуы туралы анықтамалар салымшы (алушы) қайтыс болған жағдайда нотариустарға және шетелдiк консулдық мекемелерге олардың жүргізуіндегі мұрагерлiк iстер бойынша беріледi.
58-бап. Уәкілетті орган қолданатын шектеулі ықпал ету шаралары және санкциялар
1. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғандығын айқындаған, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттерін немесе әрекетсіздігін анықтаған, сондай-ақ уәкілетті органның осы Заңда көзделген өзге де талаптары орындалмаған жағдайларда уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына мынадай шектеулі ықпал ету шараларының бірін қолдануға:
1) орындалуы міндетті жазбаша нұсқама беруге;
2) акционерлер алдында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлерін қызметтік міндеттерін орындаудан шеттету туралы мәселе қоюға;
3) міндеттеме-хатты ұсыну туралы талап жіберуге;
4) міндетті түрде қол қойылуға тиіс жазбаша келісім жасауға құқылы.
2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының міндеттеме-хатында Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды мойындау фактісі, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры басшылығының қатаң айқындалған мерзімдерде оларды жою және (немесе) жоспарланған іс-шаралардың тізбесін көрсете отырып, алдағы уақытта Қазақстан Республикасының заңнамасын мұндай бұзушылықтарды болдырмау жөніндегі кепілдемесі қамтылуға тиіс.
3. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры және уәкілетті орган арасында Қазақстан Республикасының заңнамасын анықталған бұзушылықтарды жою және осы бұзушылықтарды жою жөніндегі бірінші кезектегі шараларды бекіту қажеттілігі туралы жазбаша келісім жасалады.
4. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры уәкілетті органға міндеттеме-хаттың, жазбаша келісімнің немесе жазбаша нұсқаманың осы құжаттарда көрсетілген мерзімде орындалғандығы туралы хабарлауға міндетті.
5. Шектеулі ықпал ету шараларын қолдану тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
6. Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына бұрын қолданған ықпал ету шараларына қарамастан, оларға санкциялар қолдануға құқылы.
7. Уәкілетті орган санкциялар ретінде мынадай шаралар қолдануға:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айыппұлдар салуға және оларды өндіріп алуға;
2) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары лицензиясының қолданысын тоқтата тұруға не одан айыруға;
3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының аталған басшы қызметкерінің (қызметкерлерінің) іс-әрекеттерін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейді деп тану үшін жеткілікті деректер негізінде, сонымен бір мезгілде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері (қызметкерлері) лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімін кері қайтарып ала отырып, осы Заңның 55-бабында аталған адамдарды қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетуге құқылы.
8. Уәкілетті орган ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензияның қолданысын алты айға дейінгі мерзімге мынадай негіздердің кез келгені бойынша тоқтата тұруға құқылы:
1) лицензия беруге негіз болған ақпараттың анық еместігі;
2) ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры қызметінің басталуын лицензия берілген кезден бастап бір жылдан астам уақытқа кідіртуі;
3) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша міндеттемелерін жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп жағдай) орындамауы немесе тиісінше орындамауы;
4) уәкілетті орган белгілеген нормативтерді және ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры орындауға міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп жағдай) бұзуы;
5) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларында және (немесе) инвестициялық декларациясында көзделген ережелерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп жағдай) бұзуы;
6) уәкілетті орган қолданған шектеулі ықпал ету шараларының талаптарын орындамауы;
7) уәкілетті органмен жасалған жазбаша келісімге қол қоюдан бас тартуы;
8) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жүргізілген аудит туралы аудиторлық ұйым есебінде көрсетілген бұзушылықтарды ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының аудиторлық есепті алған күнінен бастап үш ай ішінде жоймауы;
9) есептілік пен мәліметтерді ұсынбау немесе көрінеу анық емес есептілік пен мәліметтерді ұсыну;
10) Қазақстан Республикасының заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген талаптарды ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп жағдай) бұзуы.
9. Лицензияның қолданысын тоқтата тұру жаңа салымшыларды (алушыларды) тартуға тыйым салуға әкеп соғады.
10. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры лицензиясының қолданысын тоқтата тұру туралы уәкілетті орган қабылдаған шешімді ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры екі баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде хабарландыру жариялау арқылы күнтізбелік он күн ішінде салымшылардың (алушылардың) назарына жеткізеді.
11. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының лицензияның қолданысын тоқтата тұрудың себептерін белгіленген мерзімде жоймауы уәкілетті органның лицензиядан айыруына негіз болып табылады.
12. Өзіне қатысты уәкілетті орган шектеулі ықпал ету шараларын немесе санкциялар қолданған ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры не тұлға оның шешімдеріне сот тәртібімен шағымдануға құқылы. Уәкілетті органның аталған шешімдеріне шағымдану олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.
8-тарау. САҚТАНДЫРУ ҰЙЫМДАРЫНАН ТӨЛЕНЕТІН САҚТАНДЫРУ ТӨЛЕМДЕРIН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ
59-бап. Сақтандыру ұйымдарынан төленетін сақтандыру төлемдері
1. Осы Заңның 11-бабының 1 - 3-тармақтарында және 31-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында аталған адамдар мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен қалыптасқан зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып, сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерiн өмiр бойы жүзеге асыру туралы зейнетақы аннуитетi шартын жасасуға құқылы. Бұл ретте сақтандыру ұйымынан төленетiн айлық сақтандыру төлемiнің мөлшері зейнетақы аннуитетi шарты жасалған күні қолданыста болатын ең төмен зейнетақы мөлшерінен төмен болмайды.
2. Осы Заңның 31-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында аталған адамдардың сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитетi шартын жасасқан кезде зейнетақы жинақтарын алуға құқығы бар.
Осы тармақта аталған адамдарға сақтандыру ұйымы зейнетақы аннуитетi шартына сәйкес сақтандыру төлемдерiн өмiр бойы төлейдi. Сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитетi шарты, егер айлық сақтандыру төлемiнің мөлшерi зейнетақы аннуитеті шарты жасалған күні қолданыста болатын ең төмен зейнетақы мөлшерiнен төмен болмаған жағдайда, жасалады.
3. Осы Заңның 31-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында аталған адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен қалыптасқан өзінің зейнетақы жинақтарының 50 пайызынан аспайтын мөлшерін пайдалана отырып, зейнетақы аннуитетi шартын жасасқан кезде ғана осы Заңның 11-бабының 1-тармағында көрсетiлген жасқа толғанға дейiнгi мерзiмге зейнетақы жинақтарын алуға құқығы бар.
Міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі салымшыға (алушыға) осы Заңның 11-бабының 1-тармағында көрсетілген жасқа толғанда белгіленген кесте бойынша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері түрінде төленеді.
4. Осы Заңның 32-бабының 1-тармағы 1) тармақшасында аталған адамдардың міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып, сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерін өмір бойы жүзеге асыру туралы зейнетақы аннуитетi шартын жасасуға құқығы бар. Бұл ретте сақтандыру ұйымынан төленетін айлық сақтандыру төлемінің мөлшері зейнетақы аннуитетi шарты жасалған күні қолданыста болатын ең төмен зейнетақы мөлшерінен төмен болмайды.
5. Егер осы баптың 2 және 4-тармақтарында аталған адамдардың зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы аннуитеті шартының сомасынан асатын жағдайда, осы айырма салымшыға (алушыға) ол осы Заңның 11-бабының 1-тармағында көрсетілген жасқа толғанда, белгіленген кесте бойынша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері түрінде төленеді.
6. Сақтандыру ұйымы деректемелері зейнетақы аннуитеті шартында көрсетілетін сақтанушының банк шотына сақтандыру төлемдерін аударады.
Сақтандыру төлемдерінің сомаларын аударуға, есепке жатқызуға және төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу сақтандыру ұйымының меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
60-бап. Зейнетақы аннуитетi шартын жасасу
1. Зейнетақы аннуитетiнiң үлгiлік шартын уәкiлеттi орган әзiрлейдi және бекiтедi.
2. Зейнетақы аннуитетi шарты сақтанушы (алушы) мен сақтандыру ұйымы арасында осы Заңның талаптарымен айқындалған мерзiмге жасалады.
3. Зейнетақы аннуитетi шартын жасасушы адам сақтандыру ұйымын таңдауға ерiктi.
4. Зейнетақы аннуитетi шарты алушының жазбаша өтiнiшi негiзiнде жасалады.
5. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жинақтарының сомаларын сақтандыру ұйымына аударған кезден бастап зейнетақы аннуитетi шарты күшiне енедi және тараптар үшiн мiндеттi болады.
6. Зейнетақы аннуитетi шартын жасасқан адамның оны жасасқан күнінен бастап екi жыл бойы бұзуға құқығы жоқ.
Басқа сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитетi шартын жасасқан жағдайда зейнетақы аннуитетi шартын мерзiмiнен бұрын тоқтатуға болады. Зейнетақы аннуитетi шарты мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде:
онда көзделген сатып алу сомасы, жүзеге асырылған сақтандыру төлемдерi мен сақтандыру ұйымының iс жүргiзуге жұмсаған шығыстары сомасы шегерiлiп төленген сақтандыру сыйлықақысы сомасынан кем болмауға тиіс;
жаңадан жасалған зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтандыру ұйымынан төленетін айлық сақтандыру төлемінің мөлшері зейнетақы аннуитетi шарты жасалған күні қолданыста болатын ең төмен зейнетақы мөлшерінен төмен болмайды.
7. Егер осы Заңның 11-бабының 1 - 3-тармақтарында, 31-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында және 32-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында аталған адамдардың зейнетақы жинақтарының сомасы сақтандыру ұйымымен жасалған зейнетақы аннуитеті шартының сомасынан асатын болса, осы айырма салымшыға (алушыға) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері түрінде осы Заңда белгіленген тәртіппен төленеді не салымшы (алушы) оны басқа сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін пайдаланады.
61-бап. Зейнетақы аннуитетi шарты тараптарының құқықтары мен міндеттері
1. Сақтанушының:
1) сақтандыру ұйымы жүргiзген сақтандыру төлемдерi мөлшерінің есеп-қисабымен танысуға;
2) егер осы Заңның 11-бабының 1 - 3-тармақтарында, 31-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында және 32-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында аталған адамдардың зейнетақы жинақтарының сомасы міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен осы шарт бойынша сақтандыру сыйлықақысын төлеуге зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін жеткіліксіз болса, ерікті зейнетақы жарналарын, сондай-ақ салымшының (алушының) ақшасын пайдалануға;
3) сақтандыру ұйымынан төленетiн сақтандыру төлемдерi мөлшерінің есеп-қисабын жүргiзу үшiн тәуелсiз сарапшыларды тартуға;
4) зейнетақы аннуитеті шарты жоғалған жағдайда оның көшірмесін алуға құқығы бар.
2. Сақтанушы:
1) зейнетақы аннуитетi шартын жасасқан күннен бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде осы шарттың түпнұсқасын ұсына отырып, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын хабардар етуге;
2) зейнетақы аннуитеті шарты мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде басқа сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитетi шартын жасасқан күннен бастап күнтiзбелік он күн iшiнде, бұрынғы сақтандыру ұйымына жаңа шарттың түпнұсқасын ұсына отырып, бұрын жасасқан зейнетақы аннуитетi шарты бойынша мiндеттемелердi орындаудан бiржақты тәртiппен бас тартуға мiндеттi.
3. Сақтандыру ұйымы зейнетақы аннуитетi шартына сәйкес сақтандыру сыйлықақысының сомасын бiр рет және толық көлемде алады.
4. Сақтандыру ұйымы:
1) сақтанушыны сақтандыру ұйымынан төленетін сақтандыру төлемдерi мөлшерінің есеп-қисабымен таныстыруға;
2) екі данасы сақтанушыға берiлетін зейнетақы аннуитетi шартын үш данада ресiмдеуге;
3) осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген зейнетақы аннуитетi шартының түпнұсқасын алған кезден бастап күнтiзбелiк жиырма күн iшiнде зейнетақы аннуитетi шартында көрсетілген сақтандыру ұйымына сатып алу сомасын аударуға;
4) зейнетақы аннуитетi шартында көзделген сақтандыру ұйымынан төленетін сақтандыру төлемдерi уақтылы жүзеге асырылмаған кезде сақтанушыға мерзімін өткізіп алған әр күн үшiн төленбей қалған соманың 1,5 пайызы мөлшерiнде өсiмпұл төлеуге;
5) сақтанушы қайтыс болған жағдайда, отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға зейнетақы аннуитеті шартында белгіленген мөлшерде, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 15 еселенген мөлшерінен кем емес мөлшерде жерлеуге арналған жәрдемақы түрінде сақтандыру төлемін жүзеге асыруға міндетті.
62-бап. Зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аудару тәртiбi
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры уәкілеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген талаптарға сәйкес келетін құжаттарды алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде алушының зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударуға мiндеттi.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мiндеттемелердің орындалу мерзімін өткізіп алған жағдайда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры алушының алдында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
63-бап. Зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша Сақтандыру сыйлықақысы мен сақтандыру төлемдерінің есеп-қисаптарын жүзеге асыру
1. Сақтандыру сыйлықақысы мен сақтандыру төлемiнің есеп-қисабын уәкiлеттi орган белгiлеген әдiстемеге сәйкес сақтандыру ұйымы не тәуелсiз сарапшы жүзеге асырады.
2. Сақтандыру ұйымының жасалатын зейнетақы аннуитетi шарттары бойынша iс жүргiзуге жұмсалатын шығыстарының жол берілетін деңгейiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
3. Зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтандыру төлемдері мерзімдік сақтандыру төлемдерін және сақтанушының қалауы бойынша біржолғы сақтандыру төлемін қамтиды.
Мерзімдік сақтандыру төлемдері осы Заңның 60-бабының талаптарына сәйкес зейнетақы аннуитеті шарты тараптарының келісімі бойынша ай сайын, тоқсан сайын немесе өзге де тәртіппен, бірақ жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады.
Сақтандыру ұйымы бірінші мерзімдік сақтандыру төлемін зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтандыру ұйымына зейнетақы жинақтарын аударған кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.
4. Біржолғы сақтандыру төлемі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан сақтандыру ұйымына ауыстырылатын зейнетақы жинақтарының сомасына қарай, мынадай:
1) егер ауыстырылатын зейнетақы жинақтарының сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және зейнетақы аннуитеті шарты жасалған күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 7000 еселенген мөлшерінен аспайтын болса, сақтандыру сыйлықақысы сомасының 10 пайызынан аспайтын;
2) егер ауыстырылатын зейнетақы жинақтарының сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және зейнетақы аннуитеті шарты жасалған күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 7000 еселенген мөлшерінен асатын, бірақ айлық есептік көрсеткіштің 15000 еселенген мөлшерінен аспайтын болса, сақтандыру сыйлықақысы сомасының 20 пайызынан аспайтын;
3) егер аударылатын зейнетақы жинақтарының сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және зейнетақы аннуитеті шарты жасалған күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 15000 еселенген мөлшерінен асатын болса, сақтандыру сыйлықақысы сомасының 30 пайызынан аспайтын мөлшерлерде белгіленеді.
Біржолғы сақтандыру төлемі бірінші зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан кезде бір рет жүзеге асырылады.
5. Зейнетақы аннуитеті шартын жасасу жөніндегі делдалдық қызметтерді сақтандыру ұйымына осы сақтандыру ұйымымен еңбек шартын жасасқан адамдар ғана көрсете алады.
6. Осы баптың 4-тармағында көзделген талаппен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу жөніндегі делдалдық қызметтер көрсеткені үшін сақтандыру ұйымы төлейтін комиссиялық сыйақының мөлшерін сақтандыру ұйымы біржолғы сақтандыру төлемін есепке алмай есептейді.
9-тарау. АЗАМАТТАРДЫҢ ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАРЫН ЗЕЙНЕТАҚЫМЕН ҚАМСЫЗДАНДЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
64-бап. Еңбек сіңірген жылдары үшін Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін алу құқығы
1. Әскери қызметшiлердiң (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшiлердi қоспағанда), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлген қызметкерлерiнiң, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдардың:
1) әскери қызметте, арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлiп, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте кемiнде жиырма бес жыл еңбек сiңiрген, қызметте болудың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шектi жасына толғандардың;
2) әскери қызметте, арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлiп, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте кемiнде жиырма бес жыл еңбек сiңiрген, штаттың қысқартылуына байланысты, өзінің еркі бойынша және денсаулық жағдайына байланысты босатылғандардың;
3) офицерлердің, прапорщиктердің (мичмандардың), арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлген арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, құқық қорғау органдары орта, аға және жоғары басшы құрамындағы адамдарының, сондай-ақ әскери қызметтi келiсiмшарт бойынша өткерiп жүрген, әскери қызметте және арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлiп, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте болудың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шектi жасына толуына, штаттың қысқартылуына немесе денсаулық жағдайына байланысты босатылған, жиырма бес және одан да көп жыл жалпы еңбек өтілі бар, олардың кемiнде он екі жылы мен алты айын үзіліссiз әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызмет құрайтын адамдардың еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар.
2. Қызметтен босатылған және 1998 жылғы 1 қаңтарға он және одан да көп жыл еңбек сiңiрген әскери қызметшiлерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлген қызметкерлерiне, арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдарға, осы баптың 1-тармағына сәйкес еңбек сiңiрген жылдары бойынша зейнетақы алуға құқығы болмаған жағдайда, Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерi осы Заңға сәйкес жалпы негiздерде тағайындалады.