Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруды жүргiзуге рұқсат алу туралы өтінішхатқа мынадай құжаттар:
1) ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерi жалпы жиналысының оны қайта ұйымдастыру туралы шешiмi;
2) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастырудың болжамды шарттарын, тәртібі мен мерзiмдерiн белгілейтін құжат;
3) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының оны қайта ұйымдастырғаннан кейiнгi есептiк балансын қоса алғанда, қайта ұйымдастыру салдарының қаржылық болжамы қоса беріледi.
Уәкiлеттi орган ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруға рұқсат алу туралы өтінішхатты құжаттардың толық топтамасы ұсынылған күннен бастап үш ай iшiнде қарауға тиiс.
2. Қайта ұйымдастырылатын ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры уәкілетті органның қайта ұйымдастыруды жүргізуге рұқсатын алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде екі баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде хабарландыру жариялау арқылы өзінің барлық салымшыларын (алушыларын) алдағы өзгерістер туралы хабардар етуге міндетті.
3. Қайта ұйымдастырылған ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры өзіне басқа ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қосып алған ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының лицензиясы негізінде ерікті зейнетақы жарналарын тартуға және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыруға құқылы.
4. Қосылатын ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен қайта ұйымдастырылған ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына берілуге тиіс.
46-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруға рұқсат беруден бас тарту
Мынадай негiздердiң кез келгенi:
1) көзделiп отырған қайта ұйымдастырудың салдарынан салымшылар (алушылар) мүдделерiнің бұзылуы;
2) көзделiп отырған қайта ұйымдастырудың салдарынан Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасы талаптарының бұзылуы;
3) уәкiлеттi органның қайта ұйымдастыруға рұқсатын алу үшін ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуі бойынша уәкiлеттi органның ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруға рұқсат беруден бас тартуы жүргізіледі.
47-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын тарату
1. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры:
1) уәкiлеттi органның өзі белгiлеген тәртiппен берген рұқсаты болған кезде ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерi жалпы жиналысының шешiмi бойынша;
2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларда соттың шешiмi бойынша таратылады.
2. Ерікті түрде немесе мәжбүрлеп таратуды жүргізу, сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелерін беру қағидалары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.
48-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын ерiктi түрде тарату
1. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының ерікті түрде таратуға рұқсат алу туралы өтінішхатын уәкілетті орган тиісінше ресімделген құжаттарды алған күннен бастап үш ай ішінде қарауға тиіс.
Өтiнiшхатқа мынадай құжаттар:
1) акционерлердiң жалпы жиналысының ерiктi түрде тарату туралы шешiмi;
2) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорында ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта көзделген міндеттемелердің жоқ екендігін растайтын құжат;
3) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта көзделген міндеттемелердің жоқ екендігін куәландыратын бухгалтерлік баланс пен оған түсіндірме жазба қоса берiлуге тиiс.
Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының ерікті түрде таратылуға рұқсат алу туралы өтінішхатына және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорында ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта көзделген міндеттемелердің жоқ екендігін растайтын құжатқа ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының бірінші басшысы қол қоюға және олар ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының мөрімен расталуға тиіс.
2. Ерiктi түрде таратылуға рұқсат беруден бас тартылған жағдайда, уәкiлеттi орган өзінің шешiмiн негiздеуге және бас тартуды ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлерi мен акционерлерiнiң назарына жеткiзуге тиіс.
3. Барлық кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшiн қаражат жеткiлiксiз болған жағдайда, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры банкроттық негiз бойынша мәжбүрлеп таратылуға жатады.
49-бап. Ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензияның қолданысын тоқтату ерекшеліктері
1. Ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензиядан айырылған жағдайда, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылардың (алушылардың) ерікті зейнетақы жинақтарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударуды уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
2. Ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензияны ерікті түрде қайтару ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының өтініші негізінде жүзеге асырылады және ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры осы қызмет түрі бойынша барлық міндеттемелерін орындағаннан кейін ғана жүргізіледі.
3. Ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензияны ерікті түрде қайтару, сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелерді беру қағидалары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
7-тарау. БІРЫҢҒАЙ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНЫҢ ЖӘНЕ ЕРІКТІ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ
50-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерi
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерi зейнетақы жарналары, инвестициялық табыс, өсiмпұл ретiнде түскен қаражат және комиссиялық сыйақыны шегерiп тастағанда залалдардың орнын толтыру есебiнен қалыптастырылады.
2. Жеке және заңды тұлғалардың зейнетақы активтерiне құқықтары осы Заңда көзделген заттық құқықтар қатарына жатады.
3. Салымшының (алушының), Орталықтың, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, кастодиан-банктiң және инвестициялық портфельді басқарушының борыштары бойынша мiндеттi зейнетақы жарналарына, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына, өсiмпұлдарға, зейнетақы активтерi мен зейнетақы жинақтарына тыйым салуға немесе санамаланған субъектілер таратылған және (немесе) банкрот болған жағдайларда, олардан өндiрiп алуға жол берiлмейдi.
4. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерi тек мына мақсаттарға ғана:
1) тiзбесiн уәкiлеттi орган айқындайтын және инвестициялық декларацияда айқындалатын қаржы құралдарына орналастыруға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыруға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен зейнетақы аннуитетi шарты бойынша зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына ауыстыруға;
4) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, сондай-ақ бір ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан басқа ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына ауыстыруға;
5) қате есепке жатқызылған зейнетақы жарналарын және өзге де қате есепке жатқызылған ақшаны қайтаруға;
6) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына осы Заңда белгiленген жағдайларда және мөлшерде комиссиялық сыйақы төлеуге пайдаланылуы мүмкiн.
5. Алушы, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар және осы Заңның 11-бабының 1 - 3-тармақтарына сәйкес зейнеткерлiк жасқа толмаған адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептiк көрсеткiштің 50 еселенген мөлшері шегiнде, бiрақ жеке зейнетақы шотында бар қаражаттан аспайтын мөлшерде жерлеуге арналған бiржолғы төлем төлейді.
51-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорындағы есепке алу және есептiлiк
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры бухгалтерлiк есепке алуды жүргiзедi және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi органға меншікті қаражаты және зейнетақы активтерi бойынша қаржылық есептілік пен бастапқы статистикалық деректердi бөлек бередi.
2. Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы мiндеттi зейнетақы жарналары, міндетті кәсiптiк зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы жинақтарын есепке алу уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен бөлек жүргiзіледi.
3. Жеке зейнетақы шотында зейнетақы активтері мен жинақтарын есепке алуды жүзеге асыру және ақпараттың сенімділігін, сақталуын және санкцияланбаған қолжетімділіктен қорғалуын қамтамасыз ету үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын бағдарламалық қамтамасыз ету түріндегі автоматтандырылған ақпараттық жүйелер пайдаланылады.
Зейнетақы активтері мен жинақтарын есепке алуға арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйелерге қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
4. Салымшылардың (алушылардың) ерікті зейнетақы жарналарының есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры жүргізеді.
5. Зейнетақы жарналарын есепке алудың дұрыс жүргізілуіне және инвестициялық табыстың салымшылар (алушылар) есебіне жазылуына бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
6. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры бухгалтерлiк есепке алуда және есептілік жасау кезiнде пайдаланылатын құжаттардың есепке алынуын және сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi. Сақталуға жататын негiзгi құжаттардың тiзбесi мен олардың сақталу мерзiмiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
52-бап. Тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесі
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесін құрады, онда:
1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының директорлар кеңесінің, басқармасының, бөлімшелерінің тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жөніндегі өкілеттіктері және функционалдық міндеттері, олардың жауапкершілігі;
2) тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жөніндегі ішкі саясат пен рәсімдер;
3) тәуекелдердің жол берілетін мөлшеріне лимиттер;
4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры органдарының тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жөніндегі есептілікті ұсынуының ішкі рәсімдері;
5) тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімділігін бағалаудың ішкі критерийлері қамтылуға тиіс.
Тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
53-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының комиссиялық сыйақылары
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының комиссиялық сыйақысының шекті шамасы:
1) инвестициялық табыстың 7,5 пайызынан;
2) зейнетақы активтерінің айына 0,025 пайызынан аспайтын шекте белгіленеді.
2. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының комиссиялық сыйақысының шектi шамасы:
1) инвестициялық табыстың 15 пайызынан;
2) зейнетақы активтерiнiң айына 0,05 пайызынан аспайтын шекте белгiленедi.
Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының комиссиялық сыйақысын алу тәртібі және оның шамасы ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта белгіленеді.
3. Комиссиялық сыйақының шамасы жылына бiр реттен артық өзгертiлмеуге тиіс.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының комиссиялық сыйақысының шамасын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқармасы жыл сайын бекітеді.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры комиссиялық сыйақының шамасын кемінде екi баспасөз басылымында қазақ және орыс тiлдерiнде жариялау арқылы салымшыларға (алушыларға) күнтiзбелiк жыл басталғанға дейін бiр айдан кешіктірмей хабарлауға тиiс.
54-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының аудитi
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының аудитiн Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес аудит жүргiзуге құқығы бар аудиторлық ұйым жүргiзедi.
2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық есептiлiгiнiң аудиторлық есебi коммерциялық құпияны құрамайды.
3. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жыл сайынғы аудитінің нәтижелері бойынша аудиторлық ұйым:
1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық есептілігі бойынша;
2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері бойынша екі аудиторлық есеп жасайды.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері бойынша жыл сайынғы аудиторлық есебi бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерiне қатысты бухгалтерлік есепке алуды жүргiзу және қаржылық есептiлiктi жасау тәртiбiнің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарына сәйкестiгі тұрғысынан тексеруді қамтиды.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жыл сайынғы аудиті бойынша шығыстар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
55-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптар
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры міндетті түрде ішкі аудит қызметін құрады және мынадай алқалы органдарды:
1) басқарушы орган - директорлар кеңесін;
2) атқарушы орган - басқарманы қалыптастырады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының оқшауланған бөлімшесінің бірінші басшысы мен бас бухгалтерін қоспағанда, директорлар кеңесінің бірінші басшысы мен мүшелері, басқарманың бірінші басшысы мен мүшелері, бас бухгалтер, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының бір немесе бірнеше құрылымдық бөлімшесінің қызметін үйлестіруді және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген, уәкілетті органға ұсынылатын құжаттарға қол қою құқығы бар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының өзге де басшылары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлері болып танылады.
2. Мынадай:
1) жоғары білімі жоқ;
2) тізбесін уәкілетті орган белгілейтін халықаралық қаржы ұйымдарында осы бапта белгіленген жұмыс өтілі және (немесе) қаржылық қызметтер және (немесе) қаржы ұйымдарына аудит жүргізу бойынша қызметтер ұсыну және (немесе) оларды реттеу саласында және (немесе) экономика және қаржы саласында реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарда жұмыс өтілі жоқ;
3) мінсіз іскерлік беделі жоқ (кәсіпқойлықты, адалдықты, алынбаған немесе өтелмеген соттылығы жоқ екенін растайтын фактілердің болуы);
4) уәкілетті орган қаржы ұйымын консервациялау, оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу, қаржы ұйымын лицензиясынан айыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы шешім қабылдағанға дейін бір жылдан аспайтын кезеңде бұрын қаржы ұйымының директорлар кеңесінің бірінші басшысы, басқармасының бірінші басшысы және оның орынбасары, бас бухгалтері, ірі қатысушы-жеке тұлға, ірі қатысушы-заңды тұлғаның бірінші басшысы болып табылған адам бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері болып тағайындала (сайлана) алмайды.
Аталған талап уәкілетті орган қаржы ұйымын консервациялау, оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу, қаржы ұйымын лицензиясынан айыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы шешім қабылдағаннан кейін он жыл бойы қолданылады;
5) өзге қаржы ұйымында басшы қызметкер лауазымында болған кезеңінде оны басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) берілген келісім кері қайтарып алынған адам бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері болып тағайындала (сайлана) алмайды. Аталған талап уәкілетті орган басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімін кері қайтарып алу туралы шешім қабылдағаннан кейін қатарынан күнтізбелік он екі ай бойы қолданылады.
Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған не тағайындау (сайлау) күніне дейінгі үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған адам да бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері болып тағайындала (сайлана) алмайды.
3. Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген талапқа сәйкес келу үшін:
1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры басқармасының бірінші басшысы лауазымына кандидаттар үшін - кемінде үш жыл;
2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының бас бухгалтері лауазымына кандидаттар үшін - кемінде бес жыл;
3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының директорлар кеңесінің бірінші басшысы, басқарма мүшелері лауазымдарына кандидаттар үшін кемінде екі жыл жұмыс өтілі болуы қажет.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының қауіпсіздігі мәселелеріне, әкімшілік-шаруашылық мәселелеріне ғана жетекшілік ететін директорлар кеңесінің мүшелері, сондай-ақ басқарма мүшелері лауазымдарына кандидаттар үшін осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген жұмыс өтілінің болуы талап етілмейді.
Осы тармақта айқындалған жұмыс өтіліне қаржы ұйымы бөлімшелеріндегі шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты жұмыс кірмейді.
4. Басшы қызметкер тағайындалған (сайланған) күнінен бастап өзінің лауазымын уәкілетті органның келісуінсіз күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзім ішінде атқаруға құқылы.
Осы тармақта көрсетілген мерзім өткеннен кейін және құжаттардың толық топтамасы уәкілетті органға келісуге ұсынылмаған не уәкілетті орган келісуден бас тартқан жағдайларда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры осы адаммен еңбек шартын бұзуға не еңбек шарты болмаған жағдайда, осы басшы қызметкердің өкілеттігін тоқтату жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
Уәкілетті органның келісуінсіз бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерінің міндеттерін осы тармақта белгіленген мерзімнен артық атқаруға (уақытша жоқ болған адамды ауыстыруға) тыйым салынады.
Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлерін тағайындауға (сайлауға) келісім беру үшін ұсынылған құжаттарды олар ұсынылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.
5. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) уәкілетті органның келісім беру тәртібі, келісім алуға қажетті құжаттар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
6. Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) келісім беруден бас тартқан не ол бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері лауазымынан босатылған немесе оны бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорындағы өзге лауазымға ауыстырған жағдайларда, аталған адам оны тағайындауға (сайлауға) келісім беруден бас тарту алынғаннан не ол лауазымнан босатылғаннан не өзге лауазымға ауыстырылғаннан кейін кемінде күнтізбелік тоқсан күн өткен соң, бірақ қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі реттен көп емес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері лауазымына қайтадан тағайындалуы (сайлануы) мүмкін.
7. Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісім беруден қатарынан екі рет бас тартқан жағдайда, аталған адам уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорында оны тағайындауға (сайлауға) келісім беруден екінші рет бас тарту туралы шешім қабылдаған күннен бастап қатарынан күнтізбелік он екі ай өткеннен кейін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері лауазымына тағайындала (сайлана) алады.
8. Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері лауазымына тағайындауға (сайлауға) берген келісімін мынадай негіздер:
1) келісім беруге негіз болған, анық емес мәліметтердің айқындалуы;
2) уәкілетті органның басшы қызметкерге және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына санкцияларды жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) қолдануы;
3) Қазақстан Республикасының заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген талаптарды бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) бұзуы;
4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының аталған басшы қызметкерінің (қызметкерлерінің) іс-әрекеттерін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейді деп тану үшін жеткілікті деректер негізінде уәкілетті органның осы бапта көрсетілген адамдарды қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетуі;
5) алынбаған немесе өтелмеген соттылығының болуы бойынша кері қайтарып алуға құқылы.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) берілген келісімді уәкілетті органның кері қайтарып алуы өзге қаржы ұйымдарында осы басшы қызметкерге бұрын берілген келісімді (келісімдерді) кері қайтарып алу үшін негіз болып табылады.
Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері лауазымына тағайындауға (сайлауға) берілген келісімді кері қайтарып алған жағдайда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры осы адаммен еңбек шартын бұзуға не еңбек шарты болмаған жағдайда осы басшы қызметкердің өкілеттігін тоқтату жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
56-бап. Шындыққа сай келмейтiн жарнамаға тыйым салу
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына жариялаған күнгi шындыққа сай келмейтiн қызметті жарнамалауға тыйым салынады.