Кеден одағы туралы келісімге қатысушы мемлекеттерге әкелiнетiн тауарларға қатысты техникалық, медициналық, фармацевтiк, санитариялық, ветеринариялық, фитосанитариялық және экологиялық стандарттарды, нормаларды, ережелердi және талаптарды қолданудың бiрыңғай тәртібі туралы
хаттама
(Москва қ., 1999 ж. 28 қаңтарда)
2014 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың қызметін тоқтату туралы шартпен 2015 ж. 1 қаңтардан бастап күші жойылды
ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 16 қарашадағы № 1716 Қаулысымен бекітілді
2000 ж. 11 ақпанда күшіне енді
Бұдан әрi тараптар деп аталатын, Беларусь Республикасының Yкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Yкіметі,
1997 жылғы 22 қазандағы Кеден одағын қалыптастыру кезiндегі тарифтiк емес реттеудiң бiрыңғай шаралары туралы Келісімдi басшылыққа ала отырып,
тауарлар импорты саласындағы техникалық, медициналық, фармацевтік, санитариялық, ветеринариялық, фитосанитариялық және экологиялық стандарттарды, нормаларды, ережелердi және талаптарды (бұдан әрi - «стандарттар мен талаптар») қолдану тәртібін сәйкестендiру - бiрыңғай кеден одағына бiртiндеп көшу шарттарының бiрi болып табылатындығын тани отырып,
қабылданатын шаралар Кеден одағы туралы Келісiмге қатысушы мемлекеттер азаматтарының өмiрiн, денсаулығын сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға жәрдемдесетiн болады деп санай отырып,
халықаралық сауда қауіпсiздiгiн сақтау саласындағы халықаралық мiндеттемелерге сәйкес iс-қимыл жасай отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Тараптар аумағына әкелiнетiн тауарларға қатысты стандарттар мен талаптарды қолданудың бiрыңғай тәртібіне олар үшiн бiрыңғай стандарттар мен талаптар белгiленген жекелеген тауарларды әкелу тәртібін бұзушылықтарды айқындауға, алдын алуға және жолын кесуге бағытталған шаралар мен ережелердiң жиынтығы енедi.
2-бап
Тараптар № 1 Ережеде көрсетiлген министрлiктер мен ведомстволарға Кеден одағы туралы келісімге қатысушы мемлекеттерге әкелiнетiн тауарларға қатысты техникалық, медициналық, фармацевтік, санитариялық, ветеринариялық, фитосанитариялық және экологиялық стандарттардың, нормалардың, ережелердің және талаптардың қолданылуын бақылауды белгiлеуге және жүзеге асыруға уәкiлеттiк бередi.
3-бап
Стандарттар мен талаптарды қолданудың бiрыңғай тәртібі Тараптар мемлекеттерiнің кеден аумағына әкелiнетiн тауарларға да және өндiрiлетiн тауарларға да қолданылады.
4-бап
Осы Хаттамада көзделген және Кеден одағына қатысушы мемлекеттердiң аумағында қолданылатын стандарттар мен талаптарға сәйкес келмейтiн тауарларды Тараптар мемлекеттерiнiң кеден аумағына әкелуге тыйым салынсын.
Тараптардың уәкiлеттi органына Тараптар бiрыңғай стандарттар мен талаптарға сәйкес келмейдi деп таныған тауарлар әкелудің жолын кесу үшiн келісілген iс-қимылдарды қамтамасыз ету тапсырылсын.
5-бап
Тараптардың уәкiлеттi органына Өнiмдердi сертификаттаудан өткізудiң тәртібі мен ережелерiне қойылатын жалпы талаптарды басшылыққа алып отыру тапсырылсын (№ 2 Ереже).
Кеден органдарына мiндеттi сертификатталуға жататын тауарларды Кеден одағына қатысушы мемлекеттердiң кеден аумағына әкелу тәртібі туралы ереженi басшылыққа алуды тапсырылсын (№ 3 Ереже).
6-бап
Уәкiлеттi органға осы Хаттама күшiне енгiзiлген күнiнен бастап үш ай iшiнде сертификаттар үлгiлерiн, сәйкес келудiң ұлттық белгiлерiн, тауарларды сертификаттауды жүзеге асыратын аккредиттелген органдардың тiзбелерiн алмасып отыру тапсырылсын.
7-бап
Бiрыңғай кеден аумағын құру рәсiмiн аяқтауға дейiн үш айдан кешiктiрмей әкелiнетiн тауарларды мiндеттi сертификаттау кезiнде сәйкес келудiң ұлттық белгiлерiн өзара тану жөнiндегі ведомствоаралық құжат әзiрленсiн және келісілсiн.
8-бап
Келісімге қатысушылар болып табылмайтын мемлекеттерден импортталатын мiндеттi сертификатталуға және гигиеналық тiркелуге жататын тауарларды әкелу мен өткізуге қатысты Кеден одағын қалыптастыру кезіндегі тарифтiк емес реттеудiң бiрыңғай шаралары туралы ұлттық режим қолданылсын.
9-бап
Осы Хаттаманы iске асыру жөніндегі жұмыстарды үйлестiру мақсатында Интеграциялық Комитеттiң жанынан Өнiмдердi стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегі комиссияны құру қажет деп саналсын.
Комиссияның, оның жұмысының регламентi және құрамы туралы Ереженi тараптардың уәкiлеттi органдары осы Хаттама күшiне енген күнiнен бастап үш ай iшiнде әзiрлеуге және Интеграциялық Комитеттiң бекiтуiне табыс етуге тиiс.
Комиссия бiрыңғай кеден аумағын құру рәсiмi аяқталғанға дейiн үш айдан кешiктiрмей Тараптар мемлекеттерiнiң кеден аумақтарына тауарларды әкелу кезінде олардың ұлттық мүдделерiн ескере отырып, қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн мiндеттi сертификатталуға жататын тауарлардың бiрыңғай тiзбесiн әзiрлесiн және келiссiн.
10-бап
Тараптардың уәкiлеттi органдары Кеден одағына қатысушы мемлекеттердiң кеден аумақтарына санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылауға жататын тауарларды әкелу тәртібі туралы Ереженi басшылыққа алсын (№ 4 Ереже).
Интеграциялық Комитетке Тараптардың уәкiлеттi органдарымен бiрлесе отырып осы Хаттама күшiне енген күнiнен бастап үш ай iшiнде мемлекеттік санитариялық қадағалауға жататын тауарларды (№ 4.1 Ереже); ветеринариялық бақылауға жататын тауарларды (№ 4.2 Ереже); фитосанитариялық бақылауға жататын тауарларды (№ 4.3 Ереже) оларды Кеден одағына қатысушы мемлекеттердiң аумақтарына әкелу кезiнде тауарлардың кодталған тiзбесiн келiссiн.
11-бап
Бiрыңғай кеден аумағын құрғанға дейiн Тараптар Тараптар мемлекеттерiнiң кеден аумақтарына дәрi-дәрмек заттарын, медициналық мақсаттағы және медициналық техника бұйымдарын әкелу кезіндегі рұқсат тәртібіне қатысты ұлттық режимдi қолданатын болады деп келісілсiн.
Тараптар мемлекеттерiнiң кеден аумақтарына жануарларға арналған дәрi-дәрмек заттарын әкелу Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң 1993 жылғы 12 наурыздағы «Ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы» үкiметаралық келісіммен реттеледi.
Тараптар бiрыңғай кеден аумағын құрған кезде дәрi-дәрмек заттарын, медициналық мақсаттағы және медициналық техника бұйымдарын әкелудi реттеудiң бiрыңғай тәртібі Тараптар қатысушылары болып табылатын Кеден одағын қалыптастыру кезiндегі тарифтiк емес реттеудiң бiрыңғай шаралары туралы Келісімнiң 10-бабында көзделген рәсiмдер мен мерзiмдерге сәйкес белгіленетiн болады деп мақұлдайды.
12-бап
Тараптар мемлекеттерiнiң кеден аумақтарына есiрткi құралдарын, психотроптық заттарды, прекурсорларды, күштi елiтетiн және улы заттарды әкелген кезде Тараптар өздерiнiң мiндеттемелерiн 1972 жылғы түзетулерiмен 1961 жылғы 30 наурыздағы Есiрткi құралдары туралы бiрыңғай конвенция, 1971 жылғы 21 ақпандағы Психотроптық заттар туралы конвенция және БҰҰ-ның 1988 жылғы 20 желтоқсандағы Есiрткi құралдары мен психотроптық құралдардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенция шеңберiнде басшылыққа алатын болады.
Тараптар бiрыңғай кеден аумағын құрғанға дейiн есiрткi құралдарын, психотроптық заттарды, прекурсорларды, күштi елiтетiн және улы заттарды әкелуге рұқсат тәртібіне қатысты ұлттық режимдi қолданады.
Тараптар уәкiлеттi органдарға Тараптар мемлекеттерiнiң кеден аумақтарына есiрткi құралдарын, психотроптық заттарды, прекурсорларды, күштi елiтетiн және улы заттарды заңсыз әкелудiң жолын кесу мақсатымен тиiмдi ынтымақтастықты жүзеге асыруды тапсырады.
Тараптар бiрыңғай кеден аумағын құру кезiнде есiрткi құралдарын, психотроптық заттарды, прекурсорларды, күштi елiтетiн және улы заттарды әкелудiң бiрыңғай тәртібі олар қатысушылары болып табылатын Кеден одағын қалыптастыру кезіндегі тарифтiк емес реттеудiң бiрыңғай шаралары туралы Келісімнiң 10-бабында көзделген рәсiмдер мен мерзiмдерге сәйкес белгiленетiн болады деп мақұлдайды.
13-бап
Тараптар мемлекеттерiнiң кеден аумақтарына Тараптар озонды бүлдiретiн және олардың өнiмi бар заттарды әкелу кезiнде 1985 жылғы 22 наурыздағы Озон қабатын қорғау туралы Вена конвенциясын және 1987 жылғы 16 қыркүйектегi Озон қабатын бүлдiретiн заттар бойынша Монреаль хаттамасын басшылыққа алады.
Уәкiлеттi органдарға Кеден одағына қатысушы мемлекеттердiң кеден аумақтарына озонды бүлдiретiн және олардың өнiмi бар заттарды әкелу және оларды Кеден одағына қатысушы мемлекеттердiң кеден аумақтарынан әкету тәртібі туралы Ереженi басшылыққа алу тапсырылсын (№№ 5, 5.1, 5.2, 5.3 Ережелер).
14-бап
Тараптар мемлекеттерiнiң кеден аумақтарына 1973 жылғы 3 наурыздағы Құрып кету қаупi төнген жабайы флора мен фаунаның түрлерiмен халықаралық сауда туралы конвенцияның (СИТЕС) қолданылуына түсетiн жануарлар мен өсiмдiктердi, сондай-ақ олардың бөлiктерiн немесе туындыларын әкелу кезiнде Тараптар аталған Конвенцияның баптары мен ережелерiн басшылыққа алатын болады.
Тараптардың уәкiлеттi органдарына СИТЕС-ке қатысты олардың мемлекеттерiн белгiлегенге дейiн Ресей Федерациясындағы СИТЕС-тiң Әкiмшілік органымен өзара iс-қимылда болу тапсырылсын.
СИТЕС-тiң қолданылуына түсетiн тауарларды әкелу Кеден одағына қатысушы мемлекеттердiң кеден аумақтарына СИТЕС-тiң қолданылуына түсетiн жануарлар мен өсiмдiктер түрлерiн, олардың бөлiктерiн немесе туындыларын әкелудiң және оларды Кеден одағына қатысушы мемлекеттердiң кеден аумақтарынан әкетудiң арнаулы ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
СИТЕС-тiң қолданылуына түсетiн тауарларды СИТЕС-ке қатысы белгiленбеген Кеден одағына қатысушы мемлекеттерден Кеден одағына қатысушы мемлекеттердiң аумақтарына әкелу Ресей Федерациясындағы СИТЕС-тiң Әкімшілік органының рұқсаты болған кезде; басқа мемлекеттерден әкелу - экспорттаушы ел СИТЕС органы Әкiмшiлiк органының немесе, егер ел СИТЕС-тiң тарабы болып табылмаса, экспорттаушы елдiң басқа құзыреттi органының рұқсаты болған кезде, ал СИТЕС-тiң І Ережесіндегі үлгiлердi СИТЕС-ке қатысы белгiленбеген Кеден одағына қатысушы мемлекеттер аумағына әкелген жағдайда, - Ресей Федерациясындағы СИТЕС-тiң Әкiмшiлiк органының рұқсаты болған кезде жүзеге асырылады.
15-бап
Тараптар 1989 жылғы 22 наурыздағы Қауiптi қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды және оларды жоюды бақылау туралы Базель конвенциясына және оны iске асыру барысында қабылданған халықаралық құжаттарға сәйкес қауіптi қалдықтарды трансшекаралық тасымалдаудың бiрыңғай тәртібін сақтайды.
Осы мақсатта олар уәкiлетті органдарға Қауiптi қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды мемлекеттік реттеудiң бiрыңғай тәртібі туралы ереженi (№ 6 Ереже) басшылыққа алуды және Кеден одағына қатысушы мемлекеттердiң аумақтарында (арқылы) олардың импортына (транзитiне) тыйым салынатын, ал экспорты оларды трансшекаралық тасымалдау мемлекеттік реттеуге жататын (№ 6.2 Ереже) қауiптi қалдықтарды да мемлекеттік реттеуге жататын (№ 6.1 Ереже) қауіптi қалдықтардың бiрыңғай тiзбелерiн тапсырады.
Аталған Базель конференциясына қатысушылар болып табылмайтын мемлекеттер үшiн осы Хаттамаға № 6 Ереже олар үшiн аталған Конвенцияға қосылғаннан кейiн күшiне енедi.
16-бап
Осы Хаттамада көзделген тауарларды Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң кеден аумағына әкелген және осы тауарларды басқа Тарап (немесе Тараптар) мемлекетiнiң (мемлекеттерiнiң) кеден аумағы бойынша алып жүрген кезде кедендік ресiмдеу арналған мемлекетте жүзеге асырылады.
Осы Хаттамада көзделген тауарларды арналған мемлекеттің кеден органдары тұрған жерге жеткізу 1995 жылғы 10 ақпанда қабылданған Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң Кеден заңдарының негіздерiне сәйкес жүргізiледi.
Тараптар осы Хаттамада күшiне енген күнiнен бастап алты ай iшiнде бiр Тараптың (немесе Тараптардың) кеден аумағы арқылы және оларды әкелу осы Хаттаманың 11-13-баптарымен реттелетiн тауарлар бөлiгiне қатысты басқа Тараптың кеден аумағына апарылатын тауарлар транзитінің тәртібін реттейтiн құжатты әзiрлейдi.
17-бап
Осы Хаттама баптарының жекелеген ережелерiн және оған қосымшаларды түсiндiру кезiнде пайда болған даулар мен келiспеушіліктер консультациялар өткізу арқылы, қажет жағдайда - Интеграциялық Комитеттiң отырыстарында, ал келiспеушiлiктердi жоюдың сәтi түспеген жағдайларда - Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы Мемлекетаралық Кеңесiнiң жанындағы Үкiмет басшылары Кеңесiнiң отырыстарында шешiледi.
Хаттама Кеден одағын қалыптастыру кезіндегі тарифтiк емес реттеудiң бiрыңғай шаралары туралы Келісімге қосылған кез келген мемлекеттiң қосылуы үшiн ашық болады.
Кез келген Тарап оның ажырамас бөлiгі осы Хаттама болып табылатын, Кеден одағын қалыптастыру кезiндегі тарифтiк емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы Келісімнен шығу рәсімін қамтамасыз етіп барып, осы Хаттамадан шыға алады.
Осы Хаттамаға № № 1, 2, 3, 4, 4.1, 4.2, 4.3, 5, 5.1, 5.2, 5.3, 6, 6.1, 6.2, қосымшалар оның ажырамас бөлігі болып табылады.
18-бап
Осы Хаттаманың депозитарийі Интеграциялық Комитет болып табылады.
19-бап
Хаттама оған қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және депозитарий ішкі мемлекеттік рәсімдердің орындалуы туралы соңғы мәлімет алғаннан кейін күшіне енеді.
1999 жылғы 28 қаңтарда орыс тіліндегі бір түпнұсқа дана болып Мәскеу қаласында жасалды. Түпнұсқа дана Интеграциялық Комитетте сақталады, ол осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекеттің үкіметіне оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін | Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін | Ресей Федерациясының Үкіметі үшін |
Кеден одағы туралы келісімге қатысушы
мемлекеттерге әкелiнетiн тауарларға қатысты
техникалық, медициналық, фармацевтiк,
санитариялық, ветеринариялық, фитосанитариялық
және экологиялық стандарттарды, нормаларды,
ережелердi және талаптарды қолданудың бiрыңғай
тәртібі туралы Хаттамаға № 1 қосымша
Кеден одағы туралы келісімге қатысушы мемлекеттерге әкелінетін
тауарларға қатысты техникалық, медициналық, фармацевтік,
санитариялық, ветеринариялық, фитосанитариялық және экологиялық
стандарттарды, нормаларды, ережелерді және талаптарды қолдануды
бақылауды белгілеуге және жүзеге асыруға уәкілетті министрліктер
мен ведомстволардың
Тізбесі
Беларусь Республикасы:
- Беларусь Республикасының Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекеттік комитеті;
- Беларусь Республикасының Мемлекеттік кеден комитеті;
- Беларусь Республикасының Ауыл шаруашылық және азық-түлік министрлігі;
- Беларусь Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі;
- Беларусь Республикасының Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі;
- Беларусь Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі Министрлігі жанындағы өнеркәсіп және атом энергетикасы жұмыстарын қауіпсіз жүргізуді қадағалау жөніндегі комитеті.
Қазақстан Республикасы:
- Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі;
- Қазақстан Республикасының Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтау комитеті;
- Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық министрлігі;
- Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігінің Кеден комитеті;
- Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің Метрология, стандарттау және сертификаттау жөніндегі комитеті.
Қырғыз Республикасы:
- Қырғыз Республикасының Мемлекеттік кеден комитеті;
- Қырғыз Республикасының Стандарттау және метрология жөніндегі мемлекеттік инспекциясы;
- Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі;
- Қырғыз Республикасының Ауыл және су шаруашылығы министрлігі;
- Қырғыз Республикасының Сәулет және құрылыс жөніндегі мемлекеттік инспекциясы;
- Қырғыз Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі.
Ресей Федерациясы:
- Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрлігі;
- Ресей Федерациясының Мемлекеттік кеден комитеті;
- Ресей Федерациясының Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік комитеті;
Ресей Федерациясының Жер саясаты, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі министрлігі;
Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрлігі;
Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылық және азық-түлік министрлігі.
Кеден одағы туралы келісімге қатысушы
мемлекеттерге әкелiнетiн тауарларға қатысты
техникалық, медициналық, фармацевтiк,
санитариялық, ветеринариялық, фитосанитариялық
және экологиялық стандарттарды, нормаларды,
ережелердi және талаптарды қолданудың бiрыңғай
тәртібі туралы Хаттамаға № 2 қосымша
Өнiмдерге сертификаттау жүргiзу тәртібі мен ережелерiне
қойылатын
Жалпы талаптар
Осы құжат Кеден одағы туралы келісімге (бұдан әрi - Кеден одағы мемлекеттерi) қатысушы мемлекеттердiң өнiмдерiне мiндеттi сертификаттау жүргізу тәртібі мен ережелерiне қойылатын жалпы талаптарды белгілейдi.
Құжат сертификаттау нәтижелерiн тануды және Кеден одағы мемлекеттерiнiң арасындағы саудадағы техникалық тосқауылдарды болдырмауды қамтамасыз етуге бағытталған.
1. Сертификаттауды жүргізу ережелерiнің жалпы
шарттары.
1.1. Кеден одағы мемлекеттерiнде сертификаттау жөніндегі қызмет олардың заңдары мен құқықтық актілері шеңберiнде жүзеге асырылады.
1.2. Сертификаттау Кеден одағы елдерiнде бiр тектес өнiмдi сертификаттау жөнiндегі ережелердi пайдалана отырып сертификаттаудың тиiстi жүйелерiнде жүргізiледi.
1.3. Мiндеттi сертификаттау Кеден одағы мемлекеттерiнiң заң актілерінде көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.
1.4. Мiндеттi сертификаттауға жатқызылатын тауарлардың тiзбесi Кеден одағының әрбiр мемлекетiнде оның заңдарына сәйкес белгіленедi.
1.5. Мiндеттi сертификаттау кезiнде пайдаланылатын нормативтiк құжаттарға мемлекетаралық стандарттар, мемлекеттік стандарттар, санитариялық нормалар мен ережелер, құрылыс нормалары мен ережелерi, қауiпсiздiк жөнiндегі нормалар, сондай-ақ Кеден одағы мемлекеттерiнiң заңдарына сәйкес өнiмге мiндеттi талаптарды белгiлейтiн басқа да құжаттар енедi.
1.6. Сертификаттау кезiнде қолданылатын сынау әдiстерi Кеден одағының басқа мемлекетiндегі салғастырылатын сынаулар нәтижелерiн олардың көмегiмен немесе баламалы әдiстердiң көмегiмен алуға мүмкiндiк беруi тиiс.
1.7. Сертификаттау схемасы Кеден одағы мемлекеттерiнiң сертификаттау жүйесімен белгiленедi.
1.8. Өнiмдi сертификаттауды және оны сынауды Кеден одағы мемлекетiнде белгiленген тәртiппен аккредиттелген сертификаттау жөніндегі органдар және аккредиттелудiң өз саласы шегiнде сынау лабораториялары (орталықтары) жүргiзедi.
1.9. Сертификаттау және сынау лабораториялары бойынша аккредиттелген органдарының тiзiлiмi Кеден одағының басқа да мемлекеттерi үшiн жетiмдi болуға тиiс.
2. Сертификаттауды жүргізу тәртібiне қойылатын жалпы
талаптар.
2.1. Өнiмдi сертификаттауға мынадай негiзгі рәсiмдер:
- өтiнiмдер беру;
- өтiнiмдердi қарау және олар бойынша шешiмдер қабылдау өнiмдердi сәйкестендiру және үлгілердi сұрыптау өндiрiстi тексеру (егер бұл сертификаттау схемасында көзделсе);
- алынған нәтижелердi талдау сәйкес келу белгiсiн қолдануды ресiмдеу және сертификат пен рұқсат беру (лицензия);
- сертификатталған өнiмдi инспекциялық бақылау (егер бұл сертификаттау схемасында көзделсе) енедi.
Сертификаттаудың әрбiр рәсiмi құжаттық тұрғыдан ресiмделуге тиiс.
2.2. Өнiмдi сертификаттауды жүргiзу үшін өтiніш берушi өтінімдi өнiмдi сертификаттау жөнiндегі тиiстi аккредиттелген органға жiбередi.
Өтінімнiң нысаны, оған қоса берiлетiн құжаттардың құрамы мен мазмұны Кеден одағы мемлекеттерінің сертификаттау жүйесiмен белгiленедi.
2.3. Сертификаттау жөніндегі орган өтiнiмдi қарайды және ол бойынша сертификаттауды жүргізудiң шарттары, оның iшiнде сертификаттау схемасы бар шешiм қабылдайды.
Сертификаттау схемасын таңдаған кезде дәлелдемелiк деңгейi, өтінім берушi шығындарының мүмкiндiгі қажет етілетiн нақты өнiмдi өндiрудiң, сынаулардың, жеткізу мен пайдаланудың ерекшелiктерi ескерiлгенi жөн.
2.4. Сынау үлгiлерге, конструкцияларға жүргiзіледi, олардың құрамы мен дайындау технологиясы тұтынушыға (тапсырысшыға) жеткiзетiн өнiмдегiдей болуға тиiс.
Өнiмнiң үлгiлерi, оларды сұрыптау тәртібі, сәйкестендiру және сақтау ережелерi сол өнiмге нормативтiк құжаттарға және Кеден одағы мемлекеттерiнiң сынау әдiстемелерiне сәйкес белгіленедi.
Сынау хаттамалары өтiнiш берушiге және сертификаттау жөніндегі органға беріледi. Сынау хаттамаларының көшiрмелерi Кеден одағы мемлекеттерiнің өнiмдi сертификаттау жүйелерiнде белгiленген мерзiмдер бойында және сынау лабораторияларының құжаттарымен, бiрақ сертификаттаудың қолданылуынан кем емес мерзiмде сақталуға тиiстi.
2.5. Сертификаттаудың схемасына қатысты өндiрудi бағалау мынадай үш нысанның бiрiнде:
- өндірудiң жай-күйiн талдау;
- өндiрудi сертификаттау;
- сапа жүйесiн сертификаттау арқылы жүргiзiледi.
2.6. Сертификаттау жөніндегі орган сынау хаттамаларын өндiрудi бағалауды, өндiрудi сертификаттауды немесе сапасының жүйесiн (егер бұл сертификаттау схемасымен белгiленсе) талдағаннан өнiмнiң сәйкес келуі туралы басқа да құжаттарды талдағаннан кейiн өнiмнiң белгiленген талаптарға сәйкес келуiн жалпы бағалауды жүзеге асырады, сертификатты ресiмдейдi және оны тiркейдi.
Сертификатта сертификатты беруге, сертификаттау схемасына сәйкес келуге негіз болатын барлық құжаттар, сондай-ақ мемлекеттік қадағалау органдары (санитариялық, ветеринариялық және т.б. берген құжаттар көрсетiледi.
Мiндеттi сертификаттау кезiнде, егер өнiм осы өнiм үшiн бүкiл нормативтiк құжаттарда белгiленген қауiпсiздік талаптарына сәйкес келсе, сертификат берiледi.
2.7. Сертификаттың қолданылу мерзiмiн сертификаттау жөнiндегі орган белгiлейдi. Сертификатты қолданудың қажеттiгі мен нақты мерзiмдерi Кеден одағы мемлекеттерінің сертификаттау жүйесiнде белгiленедi.
2.8. Сертификаттардың нысандары Кеден одағы мемлекеттерінің сертификаттау жүйесiнде белгiленедi.
2.9. Рұқсат (лицензия) негізiнде сертификат берiлген өнiм Кеден одағы мемлекеттерінің сертификаттау жүйесiнде қабылданған белгiмен таңбаланады. Сәйкес келу белгiсi бұйымға және (немесе) ыдысқа, бумаға, жөнелтпе құжаттамаға қойылады.
2.10. Сертификатталған өнiмге қоса берiлетiн жөнелтпе құжаттамада жүргiзiлген сертификаттау туралы жазба жасалады және сертификаттаудың нөмiрi мен берiлген күнi және оны берген орган көрсетiледi.
2.11. Кеден одағы мемлекеттерінің сертификаттау жөніндегі органы Кеден одағының басқа мемлекетінің сертификаттау жөніндегі органы берген сертификатты тану негiзiнде белгiленген тәртіппен сертификаттарды бере алады. Бұл жағдайда сертификатты берумен бір мезгiлде, егер сәйкес келу белгiлерiн өзара тану туралы келісім болмаса, сәйкес келу белгiсiн қолдануға рұқсат (лицензия) берiледi.
2.12. Сертификатталған өнiмге инспекциялық бақылау (егер бұл сертификаттау схемасында көзделсе) сертификаттың қолданылу мерзiмiнiң бойында, бiрақ жылына бiр реттен кем емес, таратылатын өнiмнiң сертификаттау кезiнде бекітілген белгiленген талаптарға сәйкес келуi жалғасатынын растау үшiн қажеттi өнiм үлгiлерiн сынау мен басқа тексерулердi қоса алатын, мерзiмдi және жоспардан тыс тексерулер нысанында жүргізiледi.
2.13. Инспекциялық бақылау нәтижесi бойынша сертификаттау жөніндегі орган өнiм сертификаттау кезiнде бақыланатын нормативтiк құжаттар талаптарына сәйкес келмеген жағдайда сертификаттың қолданылуын тоқтата тұра алады немесе тоқтатады.
3. Сертификаттау нәтижелері туралы ақпаратқа қойылатын жалпы талаптар.
3.1. Сертификаттауды ақпараттық қамтамасыз етудің негізі Кеден одағы мемлекеттерінің сертификаттау жүйесінің мемлекеттік тізілімдері болып табылады.
3.2. Кеден одағы мемлекеттерінің сертификаттау жөніндегі ұлттық органы Кеден одағының басқа мемлекетінің ұлттық органынан мынадай ақпаратты:
- сертификаттардың нысандары мен сертификаттау жүйесінде қолданылатын сәйкес келу белгілерін;
- міндетті сертификатталуға тиісті өнімдер тізбесін;
- өнімге сертификаттардың қолданылуын тоқтату, тоқтата тұру және жаңадан қалпына келтіру туралы мәліметтерді;
- сертификаттау жөніндегі аккредиттелген органдар мен сынау лабораториялары (орталықтары) туралы мәліметтерді береді.
3.3. Кеден одағы мемлекеттерінің сертификаттау жөніндегі органы сертификаттау жөніндегі органының немесе Кеден одағы басқа мемлекетінің өзге мемлекеттік органының сұрау салуы бойынша:
- нақты өнімге сертификатты беруді растау және оның қолданылу мерзімін;
- сертификатталған сынаулар хаттамаларын, басқа да мәліметтерді, мысалы, сертификатты ұстаушы, өнімді дайындаушы туралы қосымша мәліметтерді береді.
3.4. Кеден одағы мемлекеттерінің сертификаттау жүйесінде берілген сертификаттардың көшірмелері осы мемлекетте белгіленген тәртіппен куәландырылады.
Кеден одағы туралы келісімге қатысушы
мемлекеттерге әкелiнетiн тауарларға
қатысты техникалық, медициналық,
фармацевтiк, санитариялық,
ветеринариялық, фитосанитариялық және
экологиялық стандарттарды, нормаларды,
ережелердi және талаптарды қолданудың
бiрыңғай тәртібі туралы Хаттамаға
№ 3 қосымша
Мiндеттi сертификатталуға жататын тауарларды Кеден
одағына қатысушы мемлекеттердiң кеден аумақтарына
әкелу тәртібі туралы
Ереже
Осы Ереже құжат Кеден одағын қалыптастыру кезiндегі тарифтiк емес реттеудiң бiрыңғай шаралары туралы келісімге сәйкес әзiрлендi және Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден аумақтарына мiндеттi сертификатталуға жататын тауарларды (бұдан әрi - тауарлар) әкелудiң тәртібін белгілейдi және қатысушылары жоғарыда аталған мемлекеттер болып табылатын Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің (бұдан әрi - қатысушы мемлекеттер) заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, меншiк нысандарына, тiркелген жерiне, ведомстволық тиiстілігі мен мемлекеттік тиiстілігiне қарамастан, Кеден одағына қатысушы мемлекеттердiң аумақтарында тiркелген шаруашылық қызметтің барлық субъектiлерiне қолданылады.
1. Жалпы ережелер
1.1. Қатысушы мемлекеттердiң кеден аумақтарында міндетті сертификатталуға жататын тауарларды шығару кезiнде тауарлар осы мемлекеттерде белгiленген стандарттар мен талаптарға сәйкес келуi, оған қатысушы мемлекеттердің уәкiлеттi органдары берген немесе таныған сертификаты (рұқсаты) болуға тиiс. Сәйкес келу сертификаттары немесе оларды тану туралы куәлiктер кеден декларациясымен бiрге кеден органдарына берiледi.