Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының заң қызметтері туралы үлгі ережені бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қарашадағы № 1072 Қаулысы
(2012.30.03. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2013 жылғы 2 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының заң қызметтері туралы үлгі ереже (бұдан әрі - Үлгі ереже) бекітілсін.
ҚР Үкіметінің 2012.30.03. № 377 Қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, ведомстволар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар:
1) осы Yлгі ережеге сәйкес тиісті құрылымдық бөлімшелердің ережелеріне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізсін;
2) өзінің аумақтық бөлімшелерінің заң қызметтерін нығайтуды қамтамасыз етсін, заң қызметтерінің жұмыс сапасын арттыру әрі республикалық және өңірлік деңгейде заңдылық режимін нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлесін;
3) қабылданатын актілердің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін бақылауды күшейтсін және алқа отырыстарында құқықтық жұмыстың жай-күйін кезең-кезеңмен қарасын.
ҚР Үкіметінің 2009.04.06. № 822 Қаулысымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі:
1) басқару ақпаратымен алмасу, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының жоспарын орындау туралы үнемі еске салу, заң жобалау жұмысының жай-күйі туралы ақпарат беру арқылы мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің жұмысын ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз етсін;
2) Қазақстан Республикасының Әділет министрі бекітетін кестеге сәйкес Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінде мемлекеттік органдардың заң қызметтері қызметкерлерінің жыл сайынғы тағылымдамасын өткізуді қамтамасыз етсін;
3) жарты жылдықтың және жылдың қорытындылары бойынша 10 қаңтардан және 10 шілдеден кешіктірмей мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын жүргізілген тағылымдама нәтижелері туралы хабардар етсін;
4) ай сайын, есептіден кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне заң жобалау жұмыстарының жай-күйі туралы ақпарат берсін;
5) ай сайын, есептіден кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ағымдағы жылдың заң жобалау жұмыстары жоспарының жай-күйі туралы ақпарат берсін.
4. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Мемлекеттік басқару органдарының және оларға қарасты кәсіпорындардың, мекемелердің заң қызметі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 5 мамырдағы № 624 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1995 ж., № 17, 187-құжат);
2) «Қазақстан Республикасының министрліктерінде, мемлекеттік комитеттері мен өзге де орталық атқарушы органдарында заң қызметінің жай-күйін жақсарту және оның жұмысының сапасын арттыру шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 29 сәуірдегі № 521 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., № 18, 152-құжат);
3) «Орталық және жергілікті атқарушы органдарда заң жұмысының сапасын арттыру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2000 жылғы 7 маусымдағы № 868 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2000 ж., № 26, 303-құжат).
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
ҚР Үкіметінің 2012.30.03. № 377 Қаулысымен бүкіл мәтін бойынша «кесімдерінің», «кесімдердің», «кесімдеріне», «кесімдерде» деген сөздер тиісінше «актілерінің», «актілердің», «актілеріне», «актілерде» деген сөздермен ауыстырылды (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 9 қарашадағы
№ 1072 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының заң қызметтері туралы
үлгі ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы Үлгі ереже орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ведомстволардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың (бұдан әрі - мемлекеттік органдар) заң қызметтерінің жұмыс сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының заң қызметтерін (бұдан әрі - заң қызметтері) ұйымдастыруға және олардың қызметіне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді.
ҚР Үкіметінің 2008.25.03. № 283 Қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Заң қызметтерін заңнамаға сәйкес бекітілген штат санының лимиттері шегінде дербес құрылымдық бөлімшелер ретінде мемлекеттік органдар құрады.
ҚР Үкіметінің 2012.30.03. № 377 Қаулысымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Заң қызметтерінің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
мемлекеттік органдардың қызметінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету;
мемлекеттік органдардың заңнаманы қолдану практикасын қорыту;
құқықтық және нормативтік құқықтық актілердің, шарттардың, іс жүргізу құжаттарының, сондай-ақ өзге де құқықтық сипаттағы құжаттардың жобаларын әзірлеуге қатысу;
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің және заңдық сипаттағы басқа да құжаттардың жобаларын әзірлеуге қатысу.
2. Заң қызметтерін ұйымдастыру туралы
4. Тиісті заң қызметтеріндегі лауазымдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен заңгерлік білімі бар адамдар тағайындалады.
5. Мемлекеттік органның өзін қайта ұйымдастыру немесе тарату жағдайларын қоспағанда, заң қызметтерін таратуға жол берілмейді.
6. Заң қызметтері өз қызметінде Қазақстан Республикасының заңнамасын және осы Үлгі ережені басшылыққа алады.
7. Мемлекеттік органда бөлінген бюджет қаражатының шегінде заң қызметтерінің тиімді және сапалы қызметі үшін мыналарды қоса алғанда, тиісті жағдай жасалады:
жеке үй-жаймен, заңнамалық-анықтамалық материалдармен, құқықтық мәселелер жөніндегі мерзімді баспасөз басылымдарымен, заң әдебиетімен, сондай-ақ оқтын-оқтын жаңартылып отыратын нормативтік құқықтық актілердің электрондық қорымен қамтамасыз ету;
заң қызметтері қызметкерлерінің кәсіптік деңгейін арттыру, оның ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында заң қызметтері қызметкерлерін жүйелі түрде тағылымдамадан өткізу үшін тұрақты негізде іс-шаралар ұйымдастыру.
3. Заң қызметтерінің қызметі туралы
ҚР Үкіметінің 2008.25.03. № 283 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2009.25.12. № 822 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.30.03. № 377 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 8-тармақ өзгертілді
8. Заң қызметтері:
сотта, сондай-ақ басқа да ұйымдарда мемлекеттік орган қызметінің құқықтық мәселелерін қарау кезінде белгіленген тәртіппен мемлекеттік органның мүдделерін білдіреді;
Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік органда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне мониторинг жүргізуді тұрақты негізде үйлестіреді;
мемлекеттік орган әзірлейтін құқықтық және нормативтік құқықтық актілердің, шарттардың, іс жүргізу құжаттарының, сондай-ақ өзге де құқықтық сипаттағы құжаттардың жобаларын әзірлеуге, оның ішінде оларды мемлекеттік органның басқа да құрылымдық бөлімшелері әзірлеген жағдайда келісу жолымен әзірлеуге қатысады;
әзірлеушісі олардың мемлекеттік органы болып табылатын заң жобаларының Қазақстан Республикасының Парламентінде өтуіне қатысады;
Алматы қаласында орналасқан, олардан уәкілеттік берілген тұлғалар қатысатын мемлекеттік органдарды қоспағанда, Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның әрбір отырысына қатысады;
нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді және мемлекеттік органның бірінші басшысының тапсырмасы бойынша құқықтық сипаттағы өзге құжаттарды дайындайды;
мемлекеттік органда Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау, жалпыға бірдей құқықтық оқытуды ұйымдастыру жөніндегі жыл сайынғы іс-шараларды әзірлейді және іске асырады;
заңнамалық актілерде көзделген жағдайда мемлекеттік органның құзыретіне жататын құқықтық мәселелер бойынша мемлекеттік органның атынан түсініктеме дайындайды;
мемлекеттік органға келіп түсетін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жүйелендірілген есебін және олардың сақталуын ұйымдастырады;
мемлекеттік органның норма жасау қызметін талдайды және талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік органның бірінші басшысына, сондай-ақ орталық атқарушы органың жауапты хатшысына (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлғаға) оны жетілдіру және анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар енгізеді.
шарттарды уақытылы жасасуды, олардың заңнама талаптарына сәйкестігін, шарттар бойынша міндеттемелерді орындамаған және тиісінше орындамаған кезде экономикалық ықпал ету шараларының қолданылуын үйлестіруді қамтамасыз етеді;
тиісті сот талқылауына әкеп соқтырған негізгі себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының қатысуымен даулар бойынша талап арыз жұмысының, сот тәжірибесінің жай-күйін талдайды және оларды жою мен кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныстар енгізеді;
заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда мемлекеттік органның пайдасына қабылданбаған сот актісіне шағымдану жөніндегі шараларды уақытылы қабылдайды, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен прокуратура органдарына қадағалау тәртібінде наразылық білдіру туралы өтініштермен жүгінеді;
заңды күшіне енген сот актілерін орындау жөніндегі шараларды қабылдауды қамтамасыз етеді.
ҚР Үкіметінің 2008.25.03. № 283 Қаулысымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Заң қызметтері:
осы Yлгі ереженің 8-тармағына сәйкес өз міндеттерін орындау үшін қажетті құжаттарды және мәліметтерді мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінен сұратуға;
мемлекеттік орган басшысының немесе орталық атқарушы органның жауапты хатшысының (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлғаның) келісімімен Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын және мемлекеттік органның құқықтық мәселелер жөніндегі құжаттарын әзірлеу үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау жөніндегі іс-шаралар мен мемлекеттік органда жалпыға бірдей құқықтық оқытуды іске асыру үшін басқа құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлерін тартуға құқылы.
10. Басқа құрылымдық бөлімшелер әзірлеген нормативтік құқықтық актілердің жобалары оларды заң қызметтерімен алдын ала келіспестен мемлекеттік органдарға келісуге жіберілмейді.
ҚР Үкіметінің 2011.30.07 № 885 Қаулысымен 10-1-тармақпен толықтырылды
10-1. Заңдық сараптама жүргізу үшін Әділет министрлігіне келісуге жіберген кезде әзірлеуші мемлекеттік органның заң қызметінің басшысы (не оның міндетін атқарушы тұлға) заң жобаларын, Қазақстан Республикасының Президенті Жарлықтары мен Үкіметі қаулыларының жобалары көшірмелерінің әр парағына қол қояды.
11. Осы Үлгі ережеге сәйкес заң қызметтеріне олардың қызметіне тән емес қосымша функцияларды жүктеуге тыйым салынады.
4. Заң қызметтері қызметкерлерін материалдық ынталандыру туралы
ҚР Үкіметінің 2008.25.03. № 283 Қаулысымен 12-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
12. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орталық атқарушы органның басшысымен келісім бойынша орталық атқарушы органның жауапты хатшысы (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлға), ал мұндай болмаған жағдайда - мемлекеттік органның бірінші басшысы сыйлық берудің қолданылып жүрген жүйесін және бар мүмкіндіктерді ескере отырып, заң қызметінің қызметкерлеріне қосымша материалдық ынталандыру белгілеуге құқылы.