2) кейіннен генератор ажыратқышын өшіру арқылы турбинаның ұстаушы қақпақшасын жабу;
3) кейіннен турбинаның ұстаушы қақпақшасын жабу арқылы генератор ажыратқышын өшіру.
118. Гидрогенераторларды автоматты түрде ажырату кейіннен бағыттаушы аппаратты жабу арқылы генератор ажыратқышын өшірумен жүзеге асырылады.
119. ГАА Қазақстан БЭЖ-нің құрамында жұмыс істейтін барлық блоктық электр станциялары мен су электр станцияларында меншік нысандарына қарамастан жүзеге асырылады.
120. Электр станцияларының автоматты түрде босатылу жай-күйі мен жұмыс қабілеті үшін электр станциясының иесі жауапты болады. Жүйелік оператор электр станцияларының автоматты түрде босатылуына қосылған жүктеме көлеміне бақылауды жүзеге асырады.
121. Жүктемені ажыратудың арнайы автоматикасы (ЖААА) басқарушылық әсер ету ретінде орнықтылықтың бұзылуының автоматты түрде алдын алу, асинхрондық режимді автоматты түрде жою, кернеудің жоғарылауын автоматты түрде шектеу, кернеудің төмендеуін автоматты түрде шектеу, жабдықтарды автоматты түрде босатудың кіші жүйелерінде қолданылады. Жүктемені ажырату автоматты түрде қайтадан қосуға тыйым салумен, сол сияқты рұқсат беру арқылы орындалады.
122. Жүктемені ажыратудың арнайы автоматикасы тапшы энергия тораптарындағы, технологиялық процесс сипаты бойынша қоректендіруді резервтерді жұмылдыру немесе басқа тұтынушыларға шектеулер енгізу үшін жеткілікті уақытқа кенеттен үзіліске жол беретін меншік нысанына қарамастан тұтынушылар объектілерінде орындалады. Аварияға қарсы автоматиканың жұмыс сенімділігін қамтамасыз ету үшін жүктемені ажыратудың арнайы автоматикасына бірінші кезекте ірі тұтынушылар қосылады, көлем жетіспеген кезде жүктемені ажыратудың арнайы автоматикасына басқа да тұтынушылар қосылады.
123. Жүктемені ажыратудың арнайы автоматикасымен тұтынушыларды өшіруге оқыту 20 минуттан аспауы тиіс. Жүктемені ажыратудың арнайы автоматикасына қосылған жауапты тұтынушылар автоматтық резерв енгізу, автоматты қайтадан қосу құрылғыларымен жарақтандырылады.
124. Жүктемені ажыратудың арнайы автоматикасының жай-күйі мен жұмыс қабілеті үшін тұтынушы жауапты болады. Жүйелік оператор жүктемені ажыратудың арнайы автоматикасына қосылған жүктеме көлеміне бақылауды жүзеге асырады.
125. Жүктемені ажыратудың арнайы автоматикасының және генераторларды ажырату автоматикасының Қазақстан БЭЖ-де қолданылуын жүйелік оператор айқындайды және ол Мемэнергоқадағалаумен келісілген тиісті шешіммен ресімделеді. Жүктемені ажыратудың арнайы автоматикасын және генераторларды ажырату автоматикасын қолдану туралы шешімнің іс-қимыл мерзімі шектелмейді. Шешімдерді жүйелік оператор қажеттілігі бойынша қайта қарайды (жүктеме шамасының, желі схемасының, режимдердің және т.с.с. өзгеруі).
126. Электр қуатының резервін енгізу (генераторларды автоматтық жүктеу - ГАЖ) кіші жүйелерінің басқарушылық әсер етулері ретінде былайша қолданылады:
1) жиіліктің төмендеуін автоматты түрде шектеу (жиіліктің төмендеуінің алдын алу және жүктемені автоматты түрде босатудың іс-әрекетімен ажыратылған тұтынушылардың қосылуын тездету үшін);
2) орнықтылықтың бұзылуын автоматтық алдын алу (кернеуді шектеудің іс-қимылымен бірге - авариядан кейінгі режимде статикалық орнықтылықтың нормативтік қорын қамтамасыз ету шарттары бойынша жүктеменің ажыратылу ұзақтығын азайту және САОН іс-әрекетімен ажыратылған тұтынушыларды қосуды жеделдету үшін).
Электр қуатының резервін енгізу резервтегі гидрогенераторларды автоматтық іске қосумен немесе синхронды орнын толтыру режимінде жұмыс істейтін гидрогенераторларды белсенді режимге ауыстырумен, сонымен қатар жұмыс істеп тұрған резерві бар генераторлардың қайта жүктеуімен жүзеге асырылады.
127. Жүйені бөлу орнықтылықтың бұзылуын автоматты түрде алдын алу, асинхрондық режимді автоматты түрде жою, жиіліктің төмендеуін автоматты түрде шектеудің кіші жүйелерінің басқарушылық әсер етулері ретінде қолданылады.
Жүйені бөлу желілерді ажыратумен немесе қосалқы станция шиналарын бөлумен алдын ала таңдалған қималарда жүргізіледі. Жүйелерді бөлу қималарын таңдау кезінде бөлім нүктелерін барынша азайту және коммутацияланатын ажыратқыштардың саны, сондай-ақ бөлуден кейінгі жүйенің бастапқы қосылу схемалары жұмысының сенімділігі есепке алынады.
128. Шунтталатын реакторларды ажырату орнықтылықтың бұзылуының автоматты түрде алдын алу және кернеудің төмендеуін автоматтық шектеудің шағын жүйелерінің басқарушылық әсер етуі ретінде қолданылады.
129. Шунтталатын реакторларды қосу кернеудің жоғарылауын автоматтық шектеудің шағын жүйелерінің басқарушылық әсер етулері ретінде қолданылады.
130. Орнықтылықтың бұзылуының автоматты түрде алдын алудың шағын жүйесі авариялық қозулар кезінде серпінді орнықтылықтың бұзылуының алдын алу және авариядан кейінгі жағдайларда қамтылатын ауданның берілген қималары үшін статикалық орнықтылықтың нормативтік қорын қамтамасыз ету үшін арналады.
Қазақстан БЭЖ-де орнықтылықтың бұзылуының автоматтық алдын алудың шағын жүйесі 1150-500-220 кВ негізгі желідегі әртүрлі авариялық қозулар кезінде аварияға қарсы басқару міндеттерін шешу жолымен Қазақстан БЭЖ-нің шектес аралас энергия бірлестіктермен қатарлас жұмысының, Қазақстан БЭЖ-нің жекелеген энергия аудандарының өзара немесе шектес аралас энергия бірлестіктерінің біреуімен жұмысының орнықтылығын сақтауды қамтамасыз ететін аварияға қарсы автоматика құрылғыларының жиынтығымен құралған.
Қазақстан БЭЖ-де орнықтылық бұзылуының автоматты түрде алдын алуды басқарушылық әсерлері ретінде мыналар қолданылады: генераторларды ажырату, жүктемені ажырату, жүйені бөлу, резервтік гидрогенераторларды енгізу, шунтталатын реакторларды ажырату.
131. Асинхрондық режимді автоматты түрде жоюдың шағын жүйесі асинхрондық режимдердің туындауын тіркейтін аварияға қарсы автоматика құрылғыларының жиынтығын білдіреді:
1) энергия ауданы ішіндегі электр станциялары арасында;
2) біртұтас электр энергетикалық жүйеде немесе оның жекелеген бөліктерінде.
Асинхрондық режимді автоматты түрде жою режимі синхрондық жүріс циклдерінің белгілі бір санын және әр циклдың (асинхрондық режимді автоматты түрде жоюдың негізгі, резервтік және қосымша құрылғылары) ұзақтығын бақылаумен асинхрондық режимді жоюды немесе асинхрондық режимді автоматты түрде жоюды туындаған бастапқы кезеңде тоқтатуды қамтамасыз етеді.
Асинхронды режимді жою қамтылған ауданда асинхрондық режимнің кез-келген ықтимал қималарының біреуі үшін ауданды осы қима бойынша синхронсыз жұмыс істейтін бөліктерге бөлу жолымен жүзеге асырылады.
132. Жекелеген жағдайларда (қайта синхрондау мүмкіндігі болғанда) бөлу әрекетін орындау алдында қайта синхрондау мақсатында асинхрондық режимді автоматтық жоюдың мына басқарушылық әсерлері қолданылады:
1) генераторларды ажырату - қарастырылған ауданның артық бөлігінде;
2) жүктемені ажырату - тапшы бөлігінде.
133. Қазақстан БЭЖ-інде кернеудің жоғарылауын автоматтық шектеудің шағын жүйесі үлкен қашықтықты 1150-500 кВ ӘЖ-де және кейбір 220 кВ ӘЖ-де орнатылған кернеудің автоматтық жоғарылауының жергілікті құрылғыларының жиынтығымен құрылған.
Кернеудің жоғарылауын автоматтық шектеу бұл жоғарылау желінің біржақты ажыратылуынан, фазаның ажыратылуынан, транзиттің үзілуінен туындаған кезде энергия жүйесінің электр жабдығындағы кернеудің рұқсат етілетін деңгейден артуын шектеу үшін қызмет етеді.
Кернеудің жоғарылауын автоматтық шектеудің басқарушылық әсер етулері ретінде мыналар қолданылады:
1) шунтталатын реакторларды қосу;
2) кернеудің жоғарлауын туындататын желінің ажыратылуы.
134. Қазақстан БЭЖ-дегі кернеудің жоғарылауын автоматтық шектеудің шағын жүйесі кейбір 500 кВ және 220 кВ тораптық қосалқы станцияларда орнатылған жергілікті кернеуді төмендететін автоматика құрылғыларынан тұрады.
Кернеудің жоғарылауын автоматтық шектеудің мақсаты - энергия тораптарындағы кернеудің жүктеменің орнықтылық шарттары бойынша рұқсат етілмейтін мәндерге дейін төмендеуін және кернеу тасқынының туындауын болдырмау.
500 кВ желідегі кернеудің төмендеуінен автоматика құрылғылары жүйеаралық байланыстардағы статикалық орнықтылықтың нормативтік қорын қамтамасыз ету үшін де қызмет етеді.
Кернеудің төмендеуінен автоматика құрылғылары оның ұзақтығын ескере отырып, кернеудің төмендеуін бақылайды және басқарушылық әсерлерді қалыптастырады:
1) кернеуді төмендету автоматикасы - 500 кВ - шунтталатын реакторларды ажырату;
2) кернеуді төмендету автоматикасы - 220 кВ - іргелес 110-35 кВ желідегі жүктемені және шунттайтын реакторларды ажырату.
135. Жиіліктің төмендеуін автоматтық шектеудің шағын жүйесі (ЖТАШЖ) қамтылатын ауданның тұтынушылары мен жабдығының мына жиіліктегі жұмысының алдын алу үшін қолданылады:
1) 45 Гц-тен төмен;
2) 10 сек. артық уақыт ішінде 46 Гц-тен төмен;
3) 20 сек. артық уақыт ішінде 47 Гц-тен төмен;
4) 60 сек. артық уақыт ішінде 48,5 Гц-тен төмен.
136. Жиіліктің төмендеуін автоматтық шектеудің шағын жүйесі мынаны жүзеге асырады:
1) автоматты жиілікті резерв енгізу;
2) автоматты жиілікті жүктемеден босату;
3) ауқымды жергілікті қуат тапшылықтары кезінде қолданылатын жүктемеден қосымша босату (45 %-дан артық);
4) жиілікті қалпына келтірген кезде ажыратылған тұтынушылардың қоректенуін қалпына келтіру (автоматты түрде жиілікті қосу);
5) теңгерімделген жүктемелі электр станцияларын немесе генераторларды бөліп шығару (жиілікті бөлу автоматикасы - ЖБА);
6) электр станцияларының өз қажеттіліктерін қоректендіруге генераторларды бөліп шығару.
137. Тұтынушы объектілеріндегі жиіліктік жүктемеден босататын автоматика құрылғылары энергия беруші ұйымның объектілерінде орнатылған жиіліктік жүктемеден босату автоматикасы құрылғыларымен резервіленеді, олардан тұтынушыны кем жиілікті тағайыншасымен және үлкен іске қосылу уақытымен тұтынушыны электрмен жабдықтауды жүзеге асырады.
138. ЖО ҰДО жыл сайын ӨДО-ға жиіліктік жүктемеден босату автоматикасының, жиіліктік автоматты түрде қайтадан қосу іс-қимылдарының шарттарын - қосылған жүктеменің мейлінше төмен рұқсат етілген көлемін, жиіліктік босату автоматикасының тағайыншамалар аралығын, кезектердің ең аз санын, жүктемелер көлемін жиіліктік жүктемеден босату автоматикасы кезектерінің арасына таратуды белгілейді. ӨДО тұтынушыларды жиіліктік жүктемеден босату автоматикасының сатылары бойынша таратуды айқындайды, бұл ретте ең жауапты тұтынушыларды қосу жиілікті тағайыншасымен және үлкен іске қосылу уақытымен жиіліктік жүктемеден босату автоматикасының сатыларына жүзеге асырылады.
139. Өз объектілеріндегі жиіліктік жүктемеден босату автоматикасы құрылғыларының жай-күйі мен жұмыс қабілеті үшін тұтынушы жауапты болады.
Тұтынушы жиіліктік жүктемеден босату автоматикасы құрылғыларының және соларға қосылған жүктеме көлемдерінің жай-күйін дербес не Мемэнергоқадағалау өкілдерімен бірлесе тексеруге энергия беруші ұйымдардың қызметкерлеріне рұқсат етеді.
140. ЖТАШЖ баптау осы Қағидаларға 9-қосымшада келтірілген үлгіге сәйкес болуы тиіс.
141. Жиіліктің жоғарылауын автоматтық шектеудің шағын жүйесін (ЖЖАШЖ) құрайтын құрылғылар жылу электр станциялары турбиналарының қауіпсіздік автоматтары жұмыс істеп кетуі мүмкін болатын жиіліктің шек қойылмай артуын болдырмау, сондай-ақ жылу электр станцияларындағы жиіліктің блок жүктемесі рұқсат етілетін жүктемелердің диапазоны шегінен шықпайтын мәнге дейін ұзақ уақыт артуын шектеу үшін арналған.
Жиілікті автоматтық шектеу құрылғылары жиіліктің артуына, оның арту жылдамдығына әрекет ете алады және станцияның генераторларында жекелей де, тораптық қосалқы станцияларда да орнатылады (жиілікті автоматтық шектеудің орталық құрылғылары).
Жиіліктің жоғарылауын автоматтық шектеудің басқарушылық әсер етулері ретінде мыналар қолданылады:
1) генераторларды ажырату;
2) жүйені бөлу.
142. Қазақстан БЭЖ-де электр қондырғылардың жабдығын автоматты түрде жүктемеден босатудың шағын жүйесі ток бойынша елеулі асқан жүктеме болған кезде оның зақымдануының алдын алу үшін жабдықты автоматты жүктемеден босатуды қамтамасыз ететін жергілікті аварияға қарсы автоматика құрылғыларынан тұрады (желіні жүктемеден босату автоматикасы, трансформаторлардың жүктемеден босату автоматикасы құрылғылары).
Жабдықты автоматты түрде жүктемеден босатудың шағын жүйелерінің құрылғылары қорғалатын электр жабдығындағы (желідегі, трансформатордағы) токтың артуына тікелей әрекет етеді.
143. Электр қондырғыларының жабдығын автоматты түрде жүктемеден босатудың басқарушылық әсері ретінде мыналар қолданыла алады:
1) генераторларды ажырату;
2) жүктемені ажырату;
3) электр қондырғыларының асқын жүктемелі жабдығын ажырату.
144. Қазақстан БЭЖ-нің режимін бұзуға әкеп соғатын келісімшартсыз тұтынудың алдын алу үшін нормаланған жиілік деңгейін немесе мемлекетаралық қуат және электр энергиясын сақтау бөлігінде тұтынушыларды өшіретін қуат ағындарын шектеу автоматикасын (қуат ағынын шектеу автоматикасын) енгізумен бірге мәжбүрлі шектеу схемалары қолданылады.
145. Электр станцияларын автоматты түрде жүктемеден босату электр желілік жабдықтарды авариялық ажырату, электр жеткізу желілерін авариялық асқын жүктеу немесе электр тогы жиілігін қауіпті арттыру кезінде артық энергия торабының қатарлас жұмысын сақтау үшін қолданылады.
146. Аварияға қарсы автоматика құрылғыларының желіні пайдаланушылар объектілерінде болуы олардың Қазақстан БЭЖ-нің құрамындағы қатарлас жұмысының міндетті шарты болып табылады.
10. Релелік қорғау және аварияға қарсы автоматиканы құру
147. Осы Қағидалар мен нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес жұмыс істейтін, жүйелік оператормен келісілген көлемдерде желіні пайдаланушылардың электр қондырғыларында релелік қорғау, режимдік және аварияға қарсы автоматика құралдарының болуы Қазақстан БЭЖ-нің сенімді жұмыс істеуінің негізгі шарттарының бірі болып табылады.
148. Релелік қорғау мен автоматика және аварияға қарсы автоматика құрылғыларының әр алуан түрлері мен үлгілері үшін құрудың, қолдану қағидаттарының, пайдалану режимдерінің, тағайыншамалар таңдаудың құрылымы нормативтік-техникалық құжаттар негізінде жасалады.
149. Релелік қорғау жүйесі жүйенің зақымданбаған бөлігінің орнықты жұмысын сақтау және зақымдану аясы мен дәрежесін шектеу мақсатында мейлінше аз мүмкін болатын уақытпен зақымданған элементті электр жүйесінің қалған, зақымданбаған бөлігінен автоматтық ажыратуды қамтамасыз етеді. Егер зақымдану тікелей электр жүйесінің жұмысын бұзбаса, реле қорғанысының тек қана сигналға әрекет етуіне жол беріледі.
150. 110 кВ және одан жоғары желінің әрбір элементінің қорғалуы мен автоматикасының құрамы мен құрылуы жақын резервілеу талаптарына жауап беруі тиіс және кез келген себеп бойынша кез келген құрылғыны істен шығарған кезде:
1) тораптың осы элементін барлық зақымдану түрлерінен қорғау функцияларын сақтауды қамтамасыз етуі;
2) осы элементті істен шығару қажеттілігін болдырмауы тиіс.
151. Шектес элементтердің қорғаныстары немесе ажыратқыштары істен шыққан кезде іс-қимыл үшін алыс резервтік қолданысты қамтамасыз ету үшін резервтік қорғанысты қарастырған жөн.
152. Қорғаныс жүйесі релелік қорғау және автоматика құралдарының іс-қимылдары мен жай-күйі туралы ақпаратты қоса алғанда, қорғалатын электр жабдықтарының зақымданулары туралы ақпаратты жинау және талдау процесін қамтамасыз етеді.
153 Жаңа объектілерді енгізу және жұмыс істеп тұрғандарды қайта құру кезінде мыналар көзделеді:
1) қорғаныс (автоматика), авариялық оқиғаларды тіркеуші және зақымданған жерін (қысқа тұйықталу) анықтағыш функцияларын біріктіретін релелік қорғаныс және автоматиканың қазіргі заманғы сандық бағдарламалау құрылғыларымен жарақтандыру, олар мыналарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді:
релелік қорғаныс пен автоматика құрылғыларын өздігінен бақылау және өздігінен резервілеу мүмкіндіктерін ұлғайту;
релелік қорғаныс пен автоматика құрылғыларына техникалық қызмет көрсетуге арналған шығындарды азайту;
релелік қорғаныс пен автоматика құрылғыларын энергиямен жабдықтауды азайту;
релелік қорғаныс пен автоматика құрылғыларының көлемдері мен материал сыйымдылығын кеміту;
релелік қорғаныс пен автоматика құрылғыларын электр энергиясын өндірудің, жеткізудің бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесіне қосу мүмкіндігі;
2) кернеуі 500-1150 кВ қосалқы станцияларда және электр энергиясының қоректенуші көздеріне (электр станцияларына) жанасып тұрған 110-220 кВ қосалқы станцияларда оқиғаларды жүйелей отырып, (оның ішінде релелік қорғаныш және автоматика құрылғылары) авариялық және авариялық режимдерді тіркегенге дейін жалпы қосалқы станциялық құрылғылармен жарақтандыру;
3) релелік қорғаныс және автоматика құрылғыларын қашықтықтағы технологиялық және аварияға қарсы басқарудың, ақпаратты, техникалық параметрлердің - реле қорғанысы және автоматика құрылғыларының тағайыншамалары мен әрекет ету қағидаларының тапсырмасын (өзгерістерін) жинау және талдаудың жаңадан жасалатын көп деңгейлі жүйелерімен ықпалдастыру.
154. 500-1150 кВ желілер үшін негізгі қорғаныс ретінде, қорғалатын учаскесінің кез келген нүктесінде қысқа тұйықталу болған кезде кідіріссіз іске қосылатын екі қорғаныс жиынтығы қарастырылады. Бұл ретте, мынадай нұсқалары қаралуы тиіс:
ұзына бойғы саралау қорғанысы (ҰЗҚ) және жиынтықтардың біреуі рұқсат беруші сигналдарды бере отырып, екі сатылы қорғаныстар жиынтығы;
блоктаушы немесе ЖЖ екі тәуелсіз арналар бойынша рұқсат беруші сигналдарды бере отырып, екі сатылы қорғаныстар жиынтығы.
155. Кернеуі 110-220 кВ желілер үшін негізгі қорғаныс үлгісі туралы, соның ішінде қорғалатын учаскенің кез келген нүктесінде қысқа тұйықталу болған кезде кідіріссіз әрекет ететін қорғанысты қолдану қажеттілігі туралы мәселе ең алдымен орнықтылықты сақтау талабын ескере отырып шешілуі тиіс.
156. Егер элементтің негізгі қорғанысы абсолюттік іріктемелікке ие болса, онда осы элементте жақын да, алыс та резервілеу функцияларын атқаратын резервтік қорғаныс жүйесі орнатылады.
157. Егер 220-1150 кВ желілер де жоғары жиілікті қорғаныс немесе бойлықтық дифференциялық қорғаныс негізгі қорғаныс ретінде қабылданса, онда резерв ретінде мынаны қолданған жөн:
1) көп фазалы қысқа тұйықталудан - көбінесе үш сатылы дистанциялық қорғаныш;
2) жерге тұйықталудан - нөлдік бірізділік бағытталған немесе бағытталмаған сатылы токтық қорғаныстар, сондай-ақ жерге тұйықталудан дистанциялық қорғаныштар.
Бұл ретте сатылық қорғаныштар функциялары тез әрекет жасайтын қорғаныс терминалдарына кіруі тиіс.
158. 500-1150 кВ желілер үшін қорғаныш жабдықтары мен арнайы орындалатын бір фазалы автоматты түрде қайтадан қосудың өлшеу құрылғылары олардың тораптағы барлық жұмыс талаптары кезінде қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
159. 500-1150 кВ желілерде, сондай-ақ 220 кВ жауапты желілерде толық емес фазалық режимінен қорғау қарастырылады.
160. Барлық әуе желілері зақымданған жерді айқындауға арналған аспаптармен жарақтандырылады.
Әуе желісінде апатқа дейінгі режимді жаза отырып және оқиғалардың дәйектілігін, соның ішінде релелік қорғау мен автоматика құрылғыларының іске қосылуын тіркей отырып, қысқа тұйықталу кезіндегі өтпелі процестерді сандық тіркеу жүзеге асырылады.
161. Әртүрлі сыныптық кернеулі желілердің резервтік қорғаныштары сенімділігін арттыру және келісу талаптарын жақсарту үшін 500 кВ автотрансформаторы мен реакторларының дифференциялық қорғаныстары жиынтықтары екі-екіден орнатылады. Көрсетілген қорғаныс жиынтықтары жақыннан резервтеу қағидаларын сақтай отырып қосылады.
162. 220 кВ және одан жоғары трансформаторлар мен автотрансформаторлардың ВН мен СН жағындағы резервтік қорғаныстар сатылы қорғаныс түрінде (қашықтық және токтық бағытталған нөлдік жүйелілік) орындалуы тиіс.
163. Автотрансформатордың резервтік қорғаныстары қосарлаудың орнына алыстан резервтеуді қолданған кезде шектес әуе желілерінің қорғаныстарын толығымен алыстан резервтеуді қамтамасыз етеді.
164. Автотрансформаторлар мен реакторларды ішкі зақымданудан қорғау өрт сөндіру құрылғыларын іске қосу датчиктерінің функциялары жүктелмеуі тиіс. Көрсетілген элементтердің өрт сөндіру схемаларын іске қосу өртті арнайы анықтайтын құрылғылармен жүзеге асырылуы керек. Осы санаттағы барлық трансформаторларда оқиғалар дәйектілігінің тіркеуіші орнатылады.
165. Әртүрлі сыныптық кернеудегі желілердің резервтік қорғаныстарының сенімділігін арттыру, серпінді орнықтылықтың бұзылуының алдын алу және келісу талаптарын жақсарту үшін 500 және 1150 кВ тарату құрылғыларына арналған (ТҚ) жинамалы шиналардың дифференциялық қорғаныстары мен құрама шиналар жиынтықтарын екі-екіден орнату қажет.
166. 110-220 кВ қосалқы станциялардың шина жалғайтын немесе секциялық ажыратқыштары бар жинамалы шиналары үшін шина жалғайтын ажыратқыштарда және секциялық ажыратқыштарда жекелеген секциялық қорғаныстарды орындаумен, егер осы жекелеген қорғаныстардың әрекеттері серпінді орнықтылықтың талаптарын қанағаттандыратын болса, шиналардың дифференциялық қорғанысының бір-бір жиынтығын орнатуға рұқсат етіледі.
167. Ажыратқыштардың істен шығуын резервтеу құрылғысы шектес ажыратқыштарды олардың автоматты түрде қайта қосуына тыйым сала отырып, ажыратуға қарай әрекет етеді. Ажыратқыштар істен шыққан кездегі резервтеу құрылғысының схемалары шектес қосылыстарды ажыратуға кездейсоқ жұмыс істеп кетуінің алдын алатындай орындалуы тиіс.
168. Ұлттық және өңірлік электр желілеріндегі релелік қорғау және автоматика құрылғыларының тағайыншамаларын әр тарап дербес таңдайды және диспетчерлік басқару тәсілі бойынша желілер мен жабдықтарды тарату тізбесіне сәйкес өзара келісіледі. Тағайыншамаларды таңдайтын тарап оны дұрыс таңдауды және өзінің жедел басқаруындағы релелік қорғау және автоматика құрылғылары бөлігіндегі релелік қорғау және автоматика тағайыншамаларының бекітілуін қамтамасыз етеді және өзінің иелігіндегі релелік қорғау және автоматика құрылғыларының тағайыншамаларын келісуді жүзеге асырады. Егер релелік қорғау және автоматика құрылғыларының тағайыншамаларын таңдау кезінде үшінші тараптың релелік қорғау және автоматика құрылғыларының тағайыншамалары қамтылса, онда келісім осы үшінші тарапқа да қолданылуы тиіс.
169. Релелік қорғаныш тағайыншамаларын таңдауды және келісуді және желінің жекелеген элементін релелік қорғауды және автоматиканың қолданыстағы өзгертуді:
1) жаңа желілерді, электр станцияларын, қосалқы станциялар мен электр қондырғыларының жабдықтарын пайдалануға қосу кезінде;
2) релелік қорғау және автоматика құрылғыларын жаңғырту кезінде;
3) қалыпты режимі мен желі схемасының нысаны бұзылған жұмысы кезінде орындау қажет.
170. Релелік қорғау және автоматика тағайыншамаларын таңдау және келісу кезінде оларға қойылатын негізгі талаптар сақталады, соның ішінде:
1) қысқа тұйықталу туындаған кезде кез-келген түрдегі желі элементін екі жағының тез және сенімді ажыратылуын қамтамасыз ету;
2) қалыпты, жөндеу және авариядан кейінгі жұмыс режимдерінде артық ажыратуларсыз электр берудің барлық элементтері бойынша рұқсат етілетін қуат ағынын қамтамасыз ету;
3) істен шыққан қорғаныштардың немесе ажыратқыштың резервтелуін қамтамасыз ету;
4) қысқа тұйықталуды ажыратқаннан кейін ажыратқыштарды автоматты түрде қайта қосуды әуе желісінің екі жағынан автоматты түрде қайта қосуға рұқсат ететін қорғаныштардың әрекетімен қамтамасыз ету;
5) қабылданған пайдалану режимдерінде серпінді орнықтылықты қамтамасыз ету.
Жоғарыда көрсетілген қағидаттардан ауытқу осы тағайыншамаларды таңдау мен келісуге қатысқан ұйымдардың басшылығы бекітеді.
171. Жүйелік оператор өзінің жедел басқаруындағы релелік қорғау және автоматика бөлігінде тағайыншамаларды есептеу мен таңдауды қамтамасыз етеді, өзінің жедел иелігіндегі релелік қорғау және автоматика бөлігінде тағайыншамаларды келіседі.
172. Релелік қорғау және автоматиканың барлық жүйелері олардың қағидалары мен техникалық қызмет көрсету нормалары негізінде жүргізілетін тұрақты сынақтар мен техникалық қызмет көрсетуден өтеді.
173. Релелік қорғаныштың тағайыншамалары немесе қорғаныш жүйесімен байланысты өзге де мәселелерге қатысты туындаған кез келген келіспеушіліктерді реттеу нормативтік құжаттарға сәйкес жүргізіледі.
11. Технологиялық бұзылыстарды оқшаулау және жою
174. Қазақстан БЭЖ-дегі әртүрлі авариялық жағдайлар кезіндегі жүйелік оператордың жедел персоналының және олармен өзара іс-қимыл жасайтын желіні пайдаланушылардың іс-қимылдары Қазақстан БЭЖ-інде авариялық бұзылыстардың алдын алу және оларды жою жөніндегі шараларды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүйелік оператор бекітетін, жүйелік оператор әзірлейтін авариялардың алдын алу, оқшаулау және жою жөніндегі нұсқаулығымен (бұдан әрі - Нұсқаулық) реттеледі.