сарапшының алдына қосымша мәселелер қою туралы немесе қойылған мәселелерді нақтылау туралы өтініш жасау;
сараптама жүргізуге кедергі келтіретін жағдайларды қоспағанда, сот сараптамасын тағайындаған органның (лауазымды адамның) рұқсатымен сараптама жүргізу кезінде қатысу, сарапшыға түсініктемелер беру;
сот сараптамасын тағайындаған органға (лауазымды адамға) келіп түскеннен кейін сарапшының қорытындысымен не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламамен танысу, өз ескертпелерін ұсыну, қосымша немесе қайталама сараптама тағайындау, жаңа сараптамалар тағайындау туралы өтініштер мәлімдеу құқықтарын түсіндіруге міндетті.
Жәбірленушілерге сараптама олардың жазбаша келісімімен ғана жүргізіледі. Егер осы адамдар кәмелетке толмаса немесе сот оларды әрекетке қабілетсіз деп таныса, сараптама жүргізуге жазбаша келісімді олардың заңды өкілдері береді.
9. Сарапшы (сарапшылар) өздерiнiң атынан сараптама жүргiзу нәтижелерi бойынша осы Кодекстiң 612-бабының талаптарына сәйкес жасаған қорытындыны бередi және оны сараптама тағайындаған судьяға, органға (лауазымды адамға) жiбередi.
10. Қорытынды жеткiлiктi дәрежеде айқын немесе толымды болмаған, сондай-ақ алдыңғы зерттеуге байланысты қосымша мәселелерді шешу қажеттілігі туындаған жағдайда қосымша сараптама тағайындалуы мүмкiн, оны жүргiзу нақ сол немесе өзге сарапшыға (сарапшыларға) тапсырылады.
11. Егер сарапшының қорытындысы жеткiлiктi дәрежеде негiзделмесе не оның қорытындылары күмән туғызса немесе сараптаманы тағайындау және жүргізу туралы іс жүргізу нормалары елеулі түрде бұзылса, сол объектiлердi зерттеу және сол мәселелердi шешу үшiн қайтадан сараптама тағайындалуы мүмкiн, оны жүргiзу сарапшылар комиссиясына тапсырылады, оған осының алдындағы сараптаманы жүргiзген сарапшы (сарапшылар) кiрмейдi.
12. Судьяның, органның (лауазымды адамның) қосымша және қайтадан сараптама тағайындау туралы ұйғарымы дәлелдi болуға тиiс. Сарапшыға (сарапшыларға) қосымша және қайтадан сараптама жүргiзу тапсырылған кезде осының алдындағы сараптамалардың нәтижелерi бойынша жасалған қорытындылар табыс етiлуге тиiс.
13. Егер сарапшы зерттеу жүргiзгенге дейiн өзiнiң алдына қойылған мәселелер өзiнiң арнаулы білімiнiң шегiнен шығып кететiнiне не өзiне табыс етiлген материалдардың қорытынды беру үшiн жарамсыз немесе жеткiлiксіз екендiгiне, оны толықтыру мүмкiн болмайтынына, не ғылымның және сараптама практикасының жай-күйi қойылған мәселелерге жауап қайтаруға мүмкiндiк бермейтiнiне көзi жетсе, ол қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы дәлелдi хабарлама жасайды және оны судьяға, органға (лауазымды адамға) жiбередi.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 612-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
612-бап. Сарапшының қорытындысы
1. Сарапшының қорытындысы - арнаулы ғылыми білімді пайдалана отырып жүргізілген іс материалдарын, оның ішінде заттай дәлелдемелер мен үлгілерді зерттеу нәтижелеріне негізделген, оның алдына әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізетін судья, орган (лауазымды адам) қойған мәселелер бойынша жазбаша нысанда ұсынылған қорытындылар. Қорытындыда сарапшының зерттеу кезінде қолданған әдістері, қойылған сұрақтарға жауаптардың негіздемесі және осы сарапшының бастамасымен анықталған, іс үшін маңызы бар мән-жайлар көрсетіледі.
2. Қорытындыны зерттеулер жүргізгеннен кейін оның нәтижелерін ескере отырып өз атынан сарапшы (сарапшылар) жасайды, оны өз (өздерінің) қолымен және жеке мөрімен куәландырады. Сараптаманы сараптама органы жүргізген жағдайда сарапшының қолы аталған органның мөрімен расталады.
3. Сарапшының қорытындысында: оның ресімделген күні, сараптаманың жүргізілген мерзімдері және орны; сот сараптамасын жүргізудің негіздері; әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізетін судья туралы, орган (лауазымды адам) туралы мәліметтер; сараптама жүргізу тапсырылған сот сараптамасы органы және (немесе) сарапшы (сарапшылар) туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты, білімі, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс стажы, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын қызметі); сотта көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы өзінің ескертілгені туралы сарапшының қолымен куәландырылған белгі; сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер; сараптама жүргізу кезінде процеске қатысқан қатысушылар және олар берген түсіндірмелер туралы мәліметтер; объектілер; пайдаланылған әдістемелер көрсетіле отырып, жүргізілген зерттеулердің мазмұны мен нәтижелері; жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін бағалау, сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер бойынша қорытындылардың негіздемесі мен тұжырымы көрсетілуге тиіс.
4. Егер осы Кодекстің 611-бабының он үшінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар зерттеу барысында анықталса, қорытындыда қойылған мәселелердің бәріне немесе кейбіреуіне жауап беру мүмкін еместігінің негіздемесі қамтылуға тиіс.
5. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген тәртіппен куәландырылған, сарапшының қорытындысын көрнекілейтін материалдар (фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және басқа да материалдар) қорытындыға қоса беріледі және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Сондай-ақ қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер, оның ішінде үлгілер қоса берілуге тиіс.
6. Сарапшының қорытындысы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізетін сот, орган (лауазымды адам) үшін міндетті болып табылмайды, алайда олардың қорытындымен келіспеуі дәлелді болуға тиіс.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 612-1-баппен толықтырылды
612-1-бап. Yлгілерді алу
1. Судья, егер үлгілерді зерттеудің іс үшін маңызы бар болса, оларды, оның ішінде адамның, жануардың, заттың, нәрсенің қасиеттерін бейнелейтін үлгілерді алуға құқылы.
2. Үлгілерге материалдардың, заттардың, шикізаттардың, дайын өнімнің сынамалары да жатады.
3. Yлгілерді алу туралы дәлелді ұйғарым шығарылады, онда: үлгілерді алатын адам; үлгілер алынуы тиіс адам (ұйым); нақты қандай үлгілер және қандай санда алынуы тиіс екені; адам үлгілерді алу үшін қашан және кімге келуі тиіс екені; үлгілер алынғаннан кейін олардың қашан және кімге табыс етілуі тиіс екені көрсетілуі қажет.
4. Үлгілерді судьяның жеке өзі алуы, ал қажет болса, егер бұл әрекет үлгілер алынатын жынысы басқа адамды жалаңаштап шешіндірумен байланысты болмаса және ерекше кәсіби дағдыны талап етпесе, дәрігердің немесе басқа маманның қатысуымен алуы мүмкін. Өзге жағдайларда үлгілерді судьяның тапсырмасы бойынша дәрігер немесе басқа маман алуы мүмкін.
5. Үлгілерді алу құқығы судьяда, сарапшыда, дәрігерде немесе басқа маманда болады.
6. Үлгілерді алу сараптамалық зерттеудің бір бөлігі болып табылатын жағдайларда, оны сарапшы жүргізуі мүмкін.
7. Yлгілер тараптардан, сондай-ақ үшінші тұлғалардан алынуы мүмкін.
8. Судья адамды өзіне шақырады, оны, қолхат ала отырып, үлгілерді алғаны туралы ұйғарыммен таныстырады, оған және осы іс жүргізу әрекеттеріне қатысушы өзге де адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді.
9. Судьяның жеке өзі немесе маманның қатысуымен қажетті әрекеттерді жүргізеді, үлгілерді алады, оларды орайды және мөр басады.
10. Үлгілерді алу нәтижелері іс жүргізу әрекеттерінің (сот отырысының) хаттамасында тіркеледі, онда жүргізілу ретінде сақтай отырып, үлгілерді алу үшін жасалған әрекеттер, бұл ретте қолданылған ғылыми-зерттеу және басқа да әдістер мен рәсімдер, сондай-ақ үлгілердің өздері жазылады.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 612-2-баппен толықтырылды
612-2-бап. Дәрігердің немесе басқа маманның, сондай-ақ сарапшының үлгілерді алуы
1. Судья өзінен үлгілер алынуға тиіс адамды, сондай-ақ тиісті тапсырмасы бар ұйғарымды дәрігерге немесе басқа маманға жібереді. Ұйғарымда осы іс жүргізу әрекетіне барлық қатысушылардың құқықтары мен міндеттері көрсетілуі тиіс.
2. Дәрігер немесе басқа маман судьяның тапсырмасы бойынша қажетті әрекеттерді жүргізеді және үлгілерді алады. Үлгілер оралады және мөр басылады, одан кейін дәрігер немесе басқа маман жасаған ресми құжатпен бірге судьяға жіберіледі.
3. Сарапшы зерттеу процесінде сынақ үлгілер дайындауы мүмкін, бұл туралы ол қорытындыда хабарлайды.
4. Судья мұндай үлгілерді дайындау кезінде қатысуға құқылы, оны өзі жасайтын хаттамада көрсетеді.
5. Сарапшы зерттеу жүргізгеннен кейін үлгілерді оралған және мөр басылған түрде өзінің қорытындысына қоса тіркейді.
6. Егер үлгілерді судьяның тапсырмасы бойынша маман немесе сарапшы алған болса, онда ол ресми құжат жасап, оған іс жүргізу әрекетіне барлық қатысушылар қол қояды және іс материалдарына қоса тіркеу үшін судьяға беріледі.
7. Алынған үлгілер оралған және мөр басылған түрде хаттамаға қоса тіркеледі.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 612-3-баппен толықтырылды
612-3-бап. Үлгілерді алу кезінде тұлғаның құқықтарын қорғау
Үлгілерді алу әдістері мен ғылыми-техникалық құралдары адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз болуға тиіс. Қатты ауыру сезінуін тудыратын күрделі медициналық рәсімдерді немесе әдістерді қолдануға үлгілер алынуға тиісті адам жазбаша келісім бергенде ғана, ал егер ол кәмелетке толмаған немесе психикалық аурумен ауыратын болса, оның заңды өкілдерінің келісімімен ғана жол беріледі.
2007.27.07. № 314-III ҚР Заңымен 613-бап өзгертілді (2008.01.01. бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
613-бап. Заттай дәлелдемелер
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша заттай дәлелдемелер құқық бұзушылықтың құралы не нысанасы болған, не өзiнде оның iздерi қалған заттар болып табылады.
2. Қажет болған жағдайларда заттай дәлелдемелер суретке түсiрiледi немесе өзге тәсiлмен тiркеледi және iске тiгiледi, ол жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға немесе осы Кодекспен көзделген өзге хаттамаға жазба жазылады.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) iс мәнi бойынша шешiлгенге дейiн заттай дәлелдемелердiң сақталуын қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолдануға, сондай-ақ iстi қарау аяқталысымен олар туралы шешiм қабылдауға мiндеттi.
614-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша дәлелдемелер әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес жасалған хаттамаларда жазылған, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) тiкелей қабылдаған мән-жайларды куәландыратын нақты деректер болып табылады.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 615-бап өзгертілді (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара )
615-бап. Құжаттар
1. Егер ұйымдар, лауазымды адамдар мен жеке тұлғалар баяндаған немесе куәландырған мәлiметтердiң әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс үшiн маңызы болса, құжаттар iс бойынша дәлелдемелер деп танылады.
2. Құжаттар жазбаша да, өзге түрде де тiркелген мәлiметтерден тұруы мүмкiн. Құжаттарға соның iшiнде осы Кодексте көзделген тәртiппен алынған, талап етiп алынған немесе табыс етiлген компьютерлiк ақпараттан, фотожәне кино түсiрiлiмдерден, дыбыс- және бейне жазылымдарынан тұратын материалдар жатуы мүмкiн.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) iс мәнi бойынша шешiлгенге дейiн құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолдануға, сондай-ақ iстi қарау аяқталысымен олар туралы шешiм қабылдауға мiндеттi.
4. Құжаттарда осы Кодекстiң 613-бабында аталған белгiлер болған жағдайларда олар заттай дәлелдемелер болып табылады.
616-бап. Қосымша мәлiметтер талап ету
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) ұйымдардан, қоғамдық бірлестiктерден iстiң шешiлуiне қажеттi қосымша мәлiметтер талап етiп алу туралы ұйғарым шығаруға құқылы.
2. Судьяның, органның (лауазымды адамның) қосымша мәлiметтер талап етiп алу туралы ұйғарымында қаралып жатқан iстiң мәнi қысқаша баяндалып, анықтауға жататын мән-жайлар көрсетiледi. Осы ұйғарым жiберiлiп отырған сот үшiн мiндеттi болып табылады және белгiленген мерзiмде орындалуға тиiс.
3. Талап етiп алынатын мәлiметтер талап алынған күнiнен бастап үш күн мерзiмде, ал әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғатын құқық бұзушылық жасалған жағдайда кiдiрiссіз жiберiлуге тиiс.
4. Аталған мәлiметтердi табыс ету мүмкiн болмаған жағдайда ұйым, қоғамдық бірлестiк ұйғарым шығарған судьяны, органды (лауазымды адамды) бұл туралы үш күн мерзiмде хабардар етуге мiндеттi.
617-бап. Дәлелдемелердi бағалау
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзудi жүзеге асыратын судья, алқалы органның мүшесi, лауазымды адам дәлелдемелердi заң мен ар-намысты басшылыққа ала отырып, дәлелдемелердi өз жиынтығында жан-жақты толық және объективтi қарауға негiзделген өзiнiң iшкi сезiмi бойынша бағалайды. Ешбір дәлелдеменiң алдын ала белгiленген күшi болмайды.
2. Әрбір дәлелдеме тиесiлiлiгi, жол берiлетiндiгi, дұрыстығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер өз жиынтығында iстiң шешiлуi үшiн жеткiлiктілігi тұрғысынан бағалануға тиiс.
3. Егер дәлелдеме iс үшiн маңызы бар мән-жайлардың болуы туралы тұжырымды растайтын, жоққа шығаратын немесе оған күмән келтiретiн нақты деректер болса, дәлелдеме iске қатысты деп танылады.
4. Егер дәлелдеме Кодексте көзделген тәртiппен алынса, ол жол беруге болатын дәлелдеме деп танылады.
5. Егер тексеру нәтижесiнде дәлелдеменiң шындыққа сәйкес екендiгi анықталса, ол дұрыс дәлелдеме деп танылады.
6. Егер дәлелденуге тиiс мән-жайлардың барлығы және әрқайсысы туралы ақиқатты даусыз анықтайтын, iске қатысты жол берiлетiн және дұрыс дәлелдемелердiң бәрi жиналса, дәлелдемелердiң жиынтығы iстiң шешiлуi үшiн жеткiлiктi деп танылады.
36-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану
ҚР 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара); 2006.20.01. № 123-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара ); 2010.29.04. № 272-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 618 -бап өзгертілді
618-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қамтамасыз ету шаралары
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жолын кесу, оны жасауға сезiктiнiң жеке басын анықтау, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған жерде жасау мүмкiн болмағанда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасау, iстiң уақытылы және дұрыс қаралуы мен iс жөнiнде қабылданған қаулының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында уәкiлеттi лауазымды адам өз өкiлеттiгi шегiнде жеке адамға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қамтамасыз ететiн мынадай шараларды қолдануға құқылы:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалатын жерге жеткізу;
2) жеке адамды әкiмшiлiк түрде ұстау;
3) алып келу;
3-1) жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу;
4) жеке тексерiп шығу және көлiк құралын, шағын көлемдi кеменi және заттарды тексерiп шығу;
5) құжаттар мен заттарды алып қою;
6) көлiк құралын немесе шағын көлемдi кеменi жүргiзуден шеттету және оның алкогольмен, есiрткiмен, уытқұмарлықпен масаю күйiн куәландыру;
7) көлiк құралын немесе шағын көлемдi кеменi ұстау, жеткізу және пайдалануға тыйым салу"
8) тексеру;
9) жеке адамның алкогольмен, есiрткiмен немесе уытқұмарлықпен масаю күйiн медициналық куәландыру.
2. Заңды тұлғаға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қамтамасыз ететiн мынадай шаралар қолданылуы мүмкiн:
1) заңды тұлғаға тиесiлi үй-жайларды, аумақтарды, сондағы тауарларды, көлiк құралдарын және өзге де мүлiктi, сондай-ақ тиiстi құжаттарды қарап шығу;
2) заңды тұлғаға тиесiлi құжаттарды алып қою;
3) заңды тұлғаға тиесілі тауарларға, көлік құралдарына және өзге де мүлікке тыйым салу немесе алып қою.
3. Лауазымды адам әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын заңсыз қолданудан келтiрген зиян үшiн жауап бередi.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын қолдануға осы Кодекстiң 633-бабының ережелерi бойынша шағым жасалуы мүмкiн.
12.07.01 ж. № 240-II ҚР Заңымен; 09.08.02 ж. № 346-II ҚР Заңымен; 05.12.03 ж. № 506-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара ); 2007.19.12 № 11-IV Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.04.12 № 215-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 619-бап өзгертілді
619-бап. Жеткізу
1. Құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманың жасалуы не қорғау нұсқамасының шығарылуы мiндеттi болып, оларды сол болған жерiнде жасау мүмкiн болмаса, хаттама жасау не қорғау нұсқамасын шығару мақсатында жеке адамды, заңды тұлғаның заңды өкiлiн мына жағдайларда:
1) көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн, жүрiс тәртібі мен қауiпсіздiгiн қорғау жөніндегі ережелердi, көлiкте жүктiң сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған ережелердi, өрт қауiпсіздiгi ережелерiн, көлiкте санитариялық-гигиеналық және санитариялық эпидемиологияға қарсы ережелердi бұзғанда, егер оның жеке басын куәландыратын құжаттары және ол туралы қажеттi деректер хабарлауы мүмкiн куәгерлер жоқ болса, сондай-ақ оның көлiк құралына деген қажеттi құжаттары болмаса, уәкiлдiк берiлген адам iшкi iстер органына (полицияға);
1-1) осы Кодекстің 79-1 және 79-5, 79-6-баптарында көзделген құқық бұзушылықтар жасалғанда - ішкі істер органдары қызметкерлері ішкі істер органына (полицияға);
2) орман бұзылғанда немесе аң аулау ережелерi, балық аулау және балық қорын қорғау ережелерi бұзылғанда және жануарлар дүниесiн қорғау мен пайдалану туралы заңдар басқаша түрде бұзылғанда - орман және аң шаруашылығы мемлекеттік және ведомстволық күзетiнiң қызметкерлерi аң аулау ережелерiнiң сақталуына мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын органдардың, уәкiлдiк берiлген балық қорғау органдарының уәкiлеттi лауазымды адамдары, жануарлар дүниесiнiң қорғалуы мен пайдаланылуына мемлекеттік және ведомстволық бақылауды жүзеге асыратын басқа органдардың лауазымды адамдары, қорықтардың және басқа да айрықша қорғалатын табиғи аумақтардың лауазымды адамдары, сондай-ақ iшкi iстер органдарының (полицияның) қызметкерлерi iшкi iстер органдарына (полицияға) немесе жергiлiктi басқару органына;
3) қорғалатын объектiлерге, басқа да бөтен мүлiкке қол сұғушылықпен байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалғанда - әскерилендiрiлген күзет қызметкерлерi әскерилендiрiлген күзеттiң қызметтiк үй-жайына немесе iшкi iстер органына (полицияға);
4) Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк шекарасының режимi, шекара және кеден режимдері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы және кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттеріндегі режим бұзылғанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі әскери қызметшiсiнiң, өзге әскерлер, әскери құралымдар әскери қызметшiлерiнiң, iшкi iстер органдары (полиция) қызметкерiнiң заңды өкiмiне немесе талабына қасақана бағынбағанда - әскери қызметшi, iшкi iстер органдарының (полиция) қызметкерi немесе Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қорғау жөнiндегi мiндеттi орындайтын басқа жеке тұлға бөлiмшеге, әскери бөлiмге, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, iшкi iстер органына (полицияға), жергiлiктi басқару органына;
5) кеден iсi саласында құқық бұзушылық жасалғанда - кеден органының, iшкi iстер органының (полицияның) қызметкерлерi кеден органының, iшкi iстер органының қызметтiк үй-жайына (полицияға);
5-1) кәсiпкерлiк қызмет, сауда және қаржы, салық салу саласында белгiленген басқару тәртібіне және мемлекеттік билiк институттарына қол сұғатын құқық бұзушылық жасалғанда, сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылық жасалғанда - қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi;
5-2) күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын жүргізу кезінде құқық бұзушылықтар жасалғанда - Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінің қызметкерлері;
6) өзге де әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалғанда прокурордың тиiстi тапсырмалары немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыруға уәкiлеттi лауазымды адамдар тарапынан тиiстi өтiнiш болған жағдайда - iшкi iстер органдары қызметкерлерi iшкi iстер органына (полицияға) немесе өзге де мемлекеттік органға жеткізудi, яғни мәжбүрлеп келтiрудi жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының континенттiк қайраңында, аумақтық суларында (теңізінде) және ішкі суларында құқық бұзушылық жасалған жағдайда кiм екенi жергiлiктi жерде анықталуы мүмкiн емес тәртiп бұзушы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының континенттiк қайраңында заңсыз әрекеттi жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын, тексеру кезiнде кiмдiкi екенi анықталуы мүмкiн емес кемелер мен әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралдары құқық бұзушылықтың жолын кесу үшiн, сондай-ақ тәртiп бұзушының кiм екенiн және ұсталған кемелердiң, құқық бұзушылық жасау құралдарының кiмдiкi екенiн анықтау және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасау үшiн Қазақстан Республикасының портына (шетел кемелерi - шетел кемелерiнiң келiп кіруiне ашық Қазақстан Республикасы порттарының бірiне) жеткiзiлуге тиiс.
3. Жеткізу мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде жүзеге асырылуға тиiс.
4. Жеткізу туралы хаттама жасалады не әкiмшiлiк құқық бұзушылық немесе әкiмшiлiк ұстау туралы хаттамаға тиiстi жазба жазылады.
12.07.01 ж. № 240-II; 03.07.03 ж. № 464-II (бұр. ред. қара); 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара); 2006.20.01. № 123-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара ); 2006.22.06. № 147-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 620-бап өзгертілді; 2007.27.07. № 314-III ҚР Заңымен (2008.01.01. бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара); 2007.19.12 № 11-IV Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07 № 176-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.10.07 № 179-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.04.12 № 215-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 620-бап өзгертілді
620-бап. Әкiмшiлiк ұстау
Әкiмшiлiк ұстауды, яғни жеке адамды жеке бас бостандығынан, атап айтқанда, оның құқыққа қарсы әрекеттерiн тыю мақсатында белгiлi бір уақыт iшiнде арнаулы орында мәжбүрлеп ұстай отырып, iс-әрекет және жүрiп-тұру бостандығынан уақытша айыруды:
1) ұсақ бұзақылық, ұрып-соғу, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында құқық бұзушылықтар жасаған, iшкi iстер органдарының (полицияның) қызметкерi, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адам, әскери қызметшi қоғамдық тәртiптi сақтау жөніндегі өз мiндеттерiн орындау кезiнде олардың заңды өкіміне немесе талабына қасақана бағынбаған, сондай-ақ сотты сыйламаушылық танытқан, шетел валютасымен және төлем құжаттарымен заңсыз операциялар жасаған, тауарларды немесе өзге де заттарды заңсыз сатқан, еркiн сатылуына тыйым салынған немесе шек қойылған тауарлармен заңсыз сауда жасаған, авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерінің даналарын сатқан, жалға берген және өзге де жолмен заңсыз пайдаланған, тiркелмей немесе лицензия алмай кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырған, қоғамдық орындарда алкогольдік iшiмдiктер iшiп немесе қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетi мен қоғамдық әдептi қорлайтын мас күйде жүрген кезде iшкi iстер органдары (полиция) қызметкерiне немесе өзге де уәкiлеттi лауазымды адамға бағынбаған, өрт қауiпсіздiгi мен жол қозғалысы ережелерi, аң аулау, балық аулау және балық қорларын қорғау ережелерi бұзылған және жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiн қорғау және пайдалану туралы заңдар басқаша бұзылған, жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі бұзылған, қызметiне тыйым салынған бірлестiктер құру жөнiнде iс-әрекеттер жасалған және оларға белсендi қатысқан, төтенше жағдай кезiнде режим бұзылған және құқықтық тәртiптi бұзуға арандататын iс-әрекеттер жасалған, қаруды алып жүру мен сақтау ережелерi бұзылған, нысанды киім мен айырым белгiлерi заңсыз киiлiп, тағылған, бөлiмнен өз бетiмен кеткен жағдайда, сондай-ақ шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында болу тәртібін бұзған кезiнде - iшкi iстер органдары (полиция);