2010.15.11. № 352-ІV ҚР Заңымен 576-9-баппен толықтырылды
576-9-бап. Биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті орган
1. Биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті орган 147-10-бапта (бірінші, үшінші, сегізінші бөліктерінде) көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және әкімшілік жазалар қолдануға:
1) биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті орган басшысы және оның орынбасарлары;
2) биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарының басшылары және олардың орынбасарлары құқылы.
2010.15.11. № 352-ІV ҚР Заңымен 576-10-баппен толықтырылды
576-10-бап. Биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган
1. Биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган 147-10-бапта (тоғызыншы бөлігінде) көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және әкімшілік жазалар қолдануға:
1) биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган басшысы және оның орынбасарлары;
2) биоотын айналымы саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарының басшылары және олардың орынбасарлары құқылы.
4-бөлiм. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу
33-тарау. Негізгі ережелер
577-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудiң мiндеттерi
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудiң мiндеттерi әрбір iстiң мән-жайын дер кезiнде, жан-жақты, толық және объективтi анықтау, оны осы Кодекске сәйкес шешу, шығарылған қаулының орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жасалуына ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтау болып табылады.
578-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудiң тәртібі
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi судьялар мен органдардың (лауазымды адамдардың) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу тәртібі осы Кодекспен айқындалады.
2. Қылмыстық немесе азаматтық iстердi қарау процесiнде соттың әкiмшiлiк жазалар қолдану тәртібі осы Кодекстiң ережелерiмен және Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексi мен Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiне сәйкес айқындалады.
579-бап. Өтiнiш жасау
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысушы адамдардың, сол iстi жүргiзiп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) мiндеттi түрде қарауына жататын өтiнiш мәлiмдеуге құқығы бар.
2. Өтiнiш жазбаша түрде мәлiмденедi және дереу қаралуға тиiс.
3. Өтiнiштi қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм ұйғарым түрiнде шығарылады.
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 580-бап өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
580-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi болдырмайтын мән-жайлар
1. Төмендегi мән-жайлардың ең болмағанда біреуi болған жағдайда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi бастауға болмайды, ал басталған iс қысқартылуға жатады:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық оқиғаларының болмауы;
2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының болмауы, соның iшiнде әкiмшiлiк жауапқа тарту үшiн жеке адамның құқық бұзушылық жасаған кезде осы Кодексте көзделген жасқа толмауы немесе құқыққа қарсы әрекет жасаған жеке адамның ақыл-есiнiң дұрыс болмауы;
3) әкiмшiлiк жауаптылықты белгiлейтiн заңның немесе оның жекелеген ережелерiнiң күшi жойылуы;
4) Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi әкiмшiлiк жауаптылықты белгiлейтiн заңды немесе оның кейбір ережелерiн Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейдi деп тануы салдарынан олардың күшi жойылуы;
5) әкiмшiлiк жауапқа тарту мерзiмiнiң өтуi;
6) әкiмшiлiк жауапқа тартылатын адам жөнiнде сол факт бойынша әкiмшiлiк жаза қолдану туралы судьяның, органның (лауазымды адамның) қаулысының не әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстiң қысқартылуы туралы күшi жойылмаған қаулының болуы, сондай-ақ нақ сол факт бойынша қылмыстық iс қозғау туралы қаулының болуы;
7) iсi жүргiзiлiп отырған жеке адамның қайтыс болуы.
8) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласына басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекіткен бағдарламалық қамтамасыз етуде техникалық қателер туындаған жағдайда салық төлеушінің салықтық міндеттемелерді салық есептілігі нысанын электрондық түрде ұсыну бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде орындамауына әкеліп соғуы;
9) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу осы баптың бірiншi бөлiгiнiң 2) тармақшасында көзделген негiз бойынша және зиян келтiру заңды болып табылғанда немесе осы Кодекстiң 5-тарауына сәйкес әкiмшiлiк жауаптылық жоққа шығарылатын мән-жайларда жасалған ретте қысқартылады.
581-бап. Әкiмшiлiк жауапқа тартпауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу осы Кодексте көзделген тәртiппен, 67, 68-баптарда көзделген жағдайларда, сондай-ақ әрекетте қылмыстық заңдарда көзделген қылмыс құрамының белгiлерi болуына байланысты материал прокурорға, алдын ала тергеу немесе анықтау органына берiлген жағдайда қысқартылуы мүмкiн.
582-бап. Прокурорлық қадағалау
Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу процесiнде заңдардың дәл және біркелкi қолданылуын жоғары дәрежеде қадағалауды мемлекет атынан тiкелей де, өзiне бағынысты прокурорлар арқылы да Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады.
583-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуде прокурордың заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі өкiлеттiгi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi тексеру нәтижелерi бойынша прокурор:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға сотқа, өзге де уәкiлеттi органға немесе оның лауазымды адамына наразылық келтiруге;
2) уәкiлеттi лауазымды адамдар мен органдарға (соттан басқа) қосымша тексеру жүргiзу туралы жазбаша нұсқау беруге;
3) уәкiлеттi органдардан өздерiнiң бақылауындағы немесе өзiне бағынысты ұйымдарда тексеру жүргiзудi талап етуге;
4) заңда белгiленген жағдайларда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қысқартуға;
5) әкiмшiлiк жаза туралы қаулының орындалуын тоқтата тұруға;
6) әкiмшiлiк ұстауға заңсыз таратылған адамды босату туралы қаулы шығаруға;
7) өкiлеттi мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары өздерiнiң мiндеттерiн орындауға байланысты жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзатын жағдайларда қолданған тыйым салу немесе шектеу сипатындағы кез келген шаралардың алып тасталуы туралы қаулы шығаруға немесе талап қоюға;
8) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қозғау туралы қаулы шығаруға құқылы.
2. Прокурордың осы баптың бірiншi бөлiгiнiң 6) және 7) тармақшаларында аталған актілері дереу орындалуға тиiс. Прокурордың аталған актілерінiң орындалуын кiдiртуге кiнәлi лауазымды адамдар заңда белгiленгендей жауапты болады.
34-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуге қатысушылар, олардың құқықтары мен міндеттері
2007.27.07. № 314-III ҚР Заңымен (2008.01.01. бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара); 2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 584-бап өзгертілді
584-бап. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адам
1. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адам хаттамамен және iстiң басқа да материалдарымен танысуға, түсiнiктеме беруге, хаттаманың мазмұны мен ресiмделуi жөнiнде ескертулер жасауға, дәлелдемелер табыс етуге, өтiнiш және қарсылық мәлiмдеуге, қорғаушының заң көмегiн пайдалануға, iс қаралғанда ана тілінде немесе өзi бiлетiн тiлде сөйлеуге, егер iс жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлмесе, аудармашының қызметiн пайдалануға; iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларының қолданылуына, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға және iс жөніндегі қаулыға шағымдануға, одан үзінді алуға және істегі құжаттардың көшірмелерін түсіріп алуға, сондай-ақ өзiне осы Кодексте берiлген өзге де iс жүргiзу құқықтарын пайдалануға құқылы.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамның қатысуымен қаралады. Аталған адамға iстiң қаралатын орны мен уақыты тиiстi түрде хабарланғаны туралы деректер болған және одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiш түспеген ретте ғана iс оның өзi болмаған жағдайда қаралуы мүмкiн.
3. Он сегiз жасқа толмаған адам жасаған не жасалуы әкiмшiлiк қамауға алу, тәркiлеу не әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаудың құралы не нысанасы болған затты өтемiн төлеп алып қою не әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстердi (дивидендтердi), ақшаны және бағалы қағаздарды тәркiлеу, сондай-ақ шетелдiк азаматты не азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасынан шығарып жiберу немесе адамды өзiне берiлген арнайы құқықтардан айыру түріндегі (көлік құралдарын басқару құқығын қоспағанда) әкiмшiлiк жазаға әкеп соқтыратын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк жауапқа тартылып отырған адамның қатысуы мiндеттi.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде аталған адамдар іс жүргізуінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жатқан әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарайтын судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда, бұл адамды мәжбүрлеп алып келу іске асырылуы мүмкін.
Алып келу туралы сот ұйғарымын сот приставы немесе ішкі істер органдары; әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарайтын органның (лауазымды адамның) ұйғарымын ішкі істер органдары (полиция) орындайды.
5. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан кәмелетке толмаған адам, талқылануы оған терiс әсер етуi мүмкiн iстiң мән-жайын қарау кезiнде уақытша шығарыла тұруы мүмкiн.
Ескерту. Осы Кодексте тиісінше хабарлау (хабардар ету) деп оның тікелей өзіне немесе онымен бірге тұрып жатқан кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне қолы қойылып, тапсырылғаны туралы жөнелтушіге қайтарылуы тиіс тапсырыстық хатпен, жеделхатпен табыс етілген хабарлама танылады. Заңды тұлғаға жіберілген хабарлама өзінің тегін, аты-жөні мен лауазымын көрсетіп, қолы қойылған заңды тұлғаның басшысына немесе қызметкеріне табыс етіледі.
585-бап. Жәбірленушi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтан тән жарақатын алған, мүлiктiк немесе моральдық жағынан зақым келтiрiлген жеке немесе заңды тұлға жәбірленушi болып табылады.
2. Жәбірленушi iстiң барлық материалдарымен танысуға, түсiнiктеме беруге, дәлелдемелер табыс етуге, өтiнiш және қарсылық мәлiмдеуге, өкiл ұстауға, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағымдануға, өзiне осы Кодекспен берiлген өзге де iс жүргiзу құқықтарын пайдалануға құқылы.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жәбірленушiнiң қатысуымен қаралады. Ол адамға iстiң қаралатын орны мен уақыты тиiстi түрде хабарланғаны туралы деректер болған және одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiш түспеген ретте ғана iс оның өзi болмағанда қаралуы мүмкiн.
4. Жәбірленушiден осы Кодекстiң 594-бабында көзделген тәртiппен куә ретiнде жауап алынуы мүмкiн. Егер жәбірленушi заңды тұлға болса, оның заңды өкiлiнен куә ретiнде жауап алынуы мүмкiн.
586-бап. Жеке адамның заңды өкiлдерi
1. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан жеке адамның немесе кәмелетке толмаған не тән саулығына немесе психикалық жай-күйiне байланысты өз құқықтарын өз бетінше жүзеге асыру мүмкiндiгiнен айрылған жәбірленушiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды олардың заңды өкiлдерi жүзеге асырады.
2. Жеке адамның ата-анасы, асырап алушылары, қорғаншылары, қамқоршылары және қорғаншысы немесе асыраушысы болып отырған өзге де адамдар оның заңды өкiлдерi болып табылады.
3. Жеке адамның заңды өкiлдерi болып табылатын адамдардың туысқандық байланыстары немесе тиiстi өкiлеттiгi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құжаттармен куәландырылады.
4. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан жеке адамның заңды өкiлi әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адамды әкiмшiлiк ұстау кезiнен немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезден бастап iске қатысуға жiберiледi.
5. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан жеке адамның және жәбірленушiнiң заңды өкiлдерiнiң өздерi өкiл болып отырған адамдарға қатысты осы Кодексте көзделген құқықтары болады және сондай мiндеттердi өз мойнына алады.
6. Он сегiз жасқа толмаған адам жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қаралған кезде оның заңды өкiлiнiң қатысуы мiндеттi. Кәмелетке толмаған адамның заңды өкiлi келуден жалтарған жағдайда оған iшкi iстер органының (полицияның) алып келуi қолданылуы мүмкiн.
2007.27.07. № 314-III ҚР Заңымен 587-бап өзгертілді (2008.01.01. бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
587-бап. Заңды тұлғаның заңды өкiлдерi
1. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан немесе жәбірленушi болып табылатын заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды оның заңды өкiлдерi жүзеге асырады.
2. Заңды тұлғаның басшысы, сондай-ақ заңға немесе құрылтай құжаттарына сәйкес заңды тұлғаның органы болып табылатын өзге де адам оның заңды өкiлдерi болып табылады. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан заңды тұлғаның және жәбірленушiнiң заңды өкiлдерiнiң өздерi өкiл болып отырған тұлғалар жөнiнде осы Кодексте көзделген құқықтары болады және сондай мiндеттердi өз мойнына алады.
3. Заңды тұлғаның заңды өкiлiнiң өкiлеттiгi оның қызметтiк жағдайын куәландыратын құжаттармен расталады.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан заңды тұлғаның заңды өкiлiнiң немесе қорғаушысының қатысуымен қаралады. Аталған адамдарға iстiң қаралатын орны мен уақыты тиiстi түрде хабарланғаны туралы деректер болған және олардан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiш түспеген ретте ғана iс оның өзi болмаған жағдайда қаралуы мүмкiн.
5. Жасалуы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың құралы не нысанасы болған затты тәркiлеу немесе ақысын төлеп алып қою не әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстердi (дивидендтердi), ақшаны және бағалы қағаздарды тәркiлеу түріндегі әкiмшiлiк жазаға әкеп соқтыратын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк жауапқа тартылатын заңды тұлғаның заңды өкiлiнiң немесе қорғаушысының қатысуы мiндеттi.
6. Заңды тұлғаның заңды өкiлi iстi жүргiзiп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда аталған адамға судьяның, органның (лауазымды адамның) ұйғарымы негiзiнде iшкi iстер органының (полицияның) алып келуi қолданылуы мүмкiн.
2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен 588-бап өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
588-бап. Қорғаушы
1. Қорғаушы - әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адамның құқықтары мен мүдделерiн заңда белгiленген тәртiппен қорғауды жүзеге асыратын және оған заң көмегiн көрсететiн адам.
2. Қорғаушы ретiнде адвокаттар, әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адамның жұбайы (зайыбы), жақын туыстары немесе заңды өкiлдерi жiберiледi. Егер заңда белгiленген тәртiппен өзара қатынас негiзiнде Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекетпен халықаралық шартында көзделсе, шетелдiк адвокаттар iске қорғаушы ретiнде қатысуға жiберiледi.
3. Қорғаушы әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адамды әкiмшiлiк ұстау кезiнен немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезден бастап iске қатысуға араластырылады.
4. Егер бірiнiң мүдделерi екiншiсiнiң мүдделерiне қайшы келсе, әкiмшiлiк жауапқа тартылатын екi адамға бір адамды қорғаушы етуге болмайды.
5. Адвокаттың әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адамды өз мойнына алған қорғаудан бас тартуға құқығы жоқ.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 589-бап өзгертілді
589-бап. Қорғаушының мiндеттi түрде қатысуы
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге мынадай жағдайларда, егер:
1) әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адам бұл жөнiнде өтiнiш жасаса;
2) әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адам дене немесе психикалық кемiстiктерi салдарынан өзiн қорғау құқығын өз бетінше жүзеге асыра алмайтын болса;
3) әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адам iс жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлмесе;
4) iстiң материалдарында әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адамға медициналық сипатта мәжбүрлеу шаралары белгiленуi мүмкiн деп пайымдайтын деректер болса;
5) әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адам кәмелетке толмаған болса, қорғаушының қатысуы мiндеттi.
2. Егер осы баптың бірiншi бөлiгiнде көзделген мән-жайлар болған жағдайда әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адамның өзi, оның заңды өкiлдерi, сондай-ақ оның тапсыруымен басқа да адамдар қорғаушы шақырмаса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi судья, орган (лауазымды адам) iс жүргiзудiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi, бұл туралы олар кәсiби адвокаттар ұйымына мiндеттi қаулы шығарады.
2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен 590-бап өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
590-бап. Қорғаушыны шақыру, тағайындау, ауыстыру, оның еңбегiне ақы төлеу
1. Қорғаушыны, өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адам, оның заңды өкiлдерi, сондай-ақ өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамның тапсыруымен немесе келiсуiмен басқа да адамдар шақырады. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адам қорғау үшiн бірнеше қорғаушы шақыруға құқылы.
2. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамның өтiнуi бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi судья, орган (лауазымды адам) қорғаушының қатысуын қамтамасыз етедi.
3. Таңдалған немесе тағайындалған қорғаушының қатысуы мүмкiн болмаған жағдайларда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi судья, орган (лауазымды адам) өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамға жиырма төрт сағат iшiнде басқа қорғаушы шақыруды ұсынуға немесе адвокаттар алқасы немесе оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы қорғаушы тағайындауға шаралар қолдануға құқылы. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi судьяның, органның (лауазымды адамның) қорғаушы ретiнде белгiлi бір адамды шақыруға ұсыныс айтуға құқығы жоқ.
4. Әкiмшiлiк ұстау жағдайында, егер өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адам таңдаған қорғаушының үш сағат iшiнде келуi мүмкiн болмаса, өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi судья, орган (лауазымды адам) басқа қорғаушы шақыруды ұсынады, ал одан бас тартылған жағдайда адвокаттар алқасы немесе оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы қорғаушыны тағайындауға шаралар қолданады.
5. Адвокаттың еңбегiне ақы заңдарға сәйкес төленедi. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi судья, орган (лауазымды адам) негiз болған жағдайда өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамды заң көмегiне ақы төлеуден толық немесе iшiнара босатуға құқылы. Бұл жағдайда еңбекке ақы мемлекет есебiнен төленедi.
6. Адвокат клиентпен iс жүргiзуге келісім жасаспай, тағайындау арқылы қатысқанда, осы Кодекстiң 589-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайда да адвокат еңбегiне ақы төлеу шығыны мемлекет есебiне жатқызылуы мүмкiн.
7. Адвокат қорғаушы ретінде адвокаттың куәлігін және нақты істі жүргізуге оның өкілеттігін куәландыратын ордерді көрсетуі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іске қатысуға жіберіледі. Осы Кодекстің 588-бабының екінші бөлігінде аталған басқа да адамдар қорғаушы ретінде олардың іске қатысу құқығын растайтын құжаттарды (неке туралы куәлігін, сондай-ақ осы Кодекстің 586-бабының үшінші бөлігінде және 587-бабының үшінші бөлігінде аталған құжаттарды) тапсырады.
591-бап. Қорғаушыдан бас тарту
1. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адам iс жүргiзудiң кез келген кезiнде қорғаушыдан бас тартуға құқылы, бұл оның өзiн қорғауды өз бетінше жүзеге асыру ниетiн бiлдiредi. Заң көмегiне ақы төлеуге қаражаты жоқтығын сылтау етiп қорғаушыдан бас тарту қабылданбайды. Бас тарту жазбаша түрде ресiмделедi.
2. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамның қорғаушыдан бас тартуы оны бұдан былай қорғаушыны iске қатысуға жiберу туралы өтiнiш жасау құқығынан айырмайды. Қорғаушының iске кiрiсуi сол уақытқа дейiн әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау барысында жасалған әрекеттердi қайталауға әкеп соқпайды.
592-бап. Қорғаушының өкiлеттiгi
1. Қорғаушы iстiң барлық материалдарымен танысуға; iстi қарауға қатысуға; дәлелдемелер табыс етуге, өтiнiш мәлiмдеуге және қарсылық бiлдiруге; iстердi қарауға уәкiлеттi судьяның, органның (лауазымды адамның) рұқсатымен iстiң қаралу процесiнде жауап берушiге сұрақтар қоюға; iс жүргiзудi қамтамасыз етуге қолданылатын шаралар және iс бойынша қаулы жөнiнде шағымдануға; өзiне заңмен берiлген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
2. Қорғаушының: қорғалушының мүдделерiне қарсы қандай да болсын iс-әрекеттер жасауға және оның өз құқықтарын жүзеге асыруына кедергi келтiруге; қорғалушының көзқарасына қарамастан, оның әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа қатыстылығын және оны жасауға кiнәлiлiгiн тануға, қорғалушының жәбірленушiмен татуласқандығы туралы мәлiмдеуге; қорғалушының берген шағымы мен өтiнiшiн қайтарып алуға; заң көмегiн сұрау мен оның жүзеге асырылуына байланысты өзiне белгiлi болған мәлiметтердi жария етуге құқы жоқ.
593-бап. Жәбірленушiнiң өкiлi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзу кезiнде заң жүзiнде құқығы бар адвокаттар мен өзге де адамдар жәбірленушiнiң заңды мүдделерiн бiлдiретiн өкiл бола алады.