2) оңалту жоспарына енгізілген біртекті кредиторлар тобына кіретін кредиторлардың, сондай-ақ борышкер мүлкiнің меншiк иелерiнiң (ол уәкiлеттiк берген органдардың), құрылтайшылардың (қатысушылардың) борышкер мүлкіне қатысты талап арыздары бойынша соттардың, аралық соттардың бұрын қабылданған шешiмдерiн орындау тоқтатыла тұрады;
3) оңалту жоспарына енгізілген біртекті кредиторлар тобына кіретін кредитордың (кредиторлардың) өтініші бойынша банкроттық туралы іс қозғауға жол берілмейді;
4) борышкерге мемлекеттік қолдау шаралары қолданылған жағдайда, кредитордың (кредиторлардың) өтініші бойынша банкроттық туралы іс қозғауға жол берілмейді.
2. Жеделдетілген оңалту рәсімінің мерзімі ішінде борышкер әр айдың 15-інен кешіктірмей өткен айдағы қаржылық жағдайы, кәдімгі коммерциялық операциялар барысында жүргізілген мәмілелер туралы ақпаратты кредиторлар комитеті мүшелерінің назарына жеткізуге, кредиторлар комитетінің талабы бойынша кез келген ақпаратты ұсынуға міндетті.
3. Оңалту жоспарына қосылған кредиторлармен есеп айырысу оңалту жоспарында көзделген өтеу кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Жеделдетілген оңалту рәсіміне тартылмаған, қалған кредиторлармен есеп айырысу кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінде жүзеге асырылады.
14-9-бап. Жеделдетілген оңалту рәсімін тоқтату
1. Жеделдетілген оңалту рәсімін:
1) кредиторлар жиналысымен келісілген қорытынды есеп табыс етілген;
2) егер мерзімді ұзарту үшін негіз болмаса, жеделдетілген оңалту рәсімінің мерзімі өткен;
3) оңалту жоспарын орындау кезінде, сондай-ақ осы Заң нормаларын бұзушылықтар анықталған жағдайда кредиторлар жиналысының шешімі негізінде жиналыс уәкілеттік берген тұлғаның өтініші бойынша;
4) оған қатысты борышкер өтеу кестесін үш айдан астам мерзім ішінде орындамаған кредитордың өтініші бойынша;
5) оңалту жоспарына енгізілген біртекті кредиторлар тобына жатпайтын кредитордың не талаптары жеделдетілген оңалту рәсiмiн өткізу кезеңінде туындаған кредитордың өтініші бойынша банкроттық туралы іс қозғалған жағдайларда;
6) оңалту жоспары құқықтары мен заңды мүдделерін бұзған және (немесе) ескермеген, оңалту жоспарына енгізілген біртекті кредиторлар тобына жататын кредитордың өтініші бойынша сот тоқтатады.
2. Жеделдетілген оңалту рәсiмi тоқтатылған сәттен бастап осы Заңның 14-8-бабында белгіленген шектеулер алып тасталады, кредиторлар өз құқықтарын іске асыруды қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырады.»;
11) 3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«3-тарау. Банкроттық немесе оңалту туралы істерді сот тәртібімен қарау»;
12) 15-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«15-бап. Банкроттық немесе оңалту туралы iс қозғау тәртiбi
1. Банкроттық туралы iс бойынша іс жүргізу сотта осы Заңның 4-бабында көзделген негiздер болған кезде - борышкердiң, кредитордың (кредиторлардың), осы Заңның 26-бабында көзделген жағдайларда - прокурордың, осы Заңның 53-бабында көзделген жағдайда оңалтушы басқарушының өтiнiшi негiзiнде қозғалады.
2. Борышкердi банкрот деп тану туралы кредитордың өтiнiшiн сотқа беру құқығына салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерге қатысты салық және өзге де уәкілетті мемлекеттік орган, сондай-ақ азаматтық-құқықтық және өзге де мiндеттемелер жөнiндегi кредиторлар - жеке және заңды тұлғалар ие болады.
3. Оңалту туралы іс бойынша іс жүргізу осы Заңның 4-бабында көзделген негіздер бар болған кезде борышкердің өтініші негізінде сотта қозғалады.
Борышкердің банкроттық туралы іс қозғалғандығы туралы сот ұйғарымының көшірмесін алған күннен бастап он күн мерзім ішінде оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішті сотқа жолдауға да құқығы бар.
4. Сот борышкердi банкрот деп тану туралы немесе оңалту рәсімін қолдану туралы өтiнiштi iс жүргізуге қабылдау туралы ұйғарым шығарған сәттен бастап банкроттық немесе оңалту туралы iс бойынша iс жүргізу қозғалды деп есептеледi.
5. Банкрот деп тану туралы борышкер, оңалтушы басқарушы берген өтiнiш соттың тиiстi шешiмiнсiз кері қайтарып алынбайды. Осы Заңның 53-бабында көзделген негіздер бойынша өтініш берілген жағдайларды қоспағанда, кредитордың (кредиторлардың), прокурордың өтiнiшiн ол (олар) борышкердi банкрот деп тану туралы шешiм қабылданғанға дейiн қайтарып алуы мүмкiн.»;
13) 16-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«16-бап. Банкроттық немесе оңалту туралы іске қатысушы тұлғалар»;
бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«Мыналар банкроттық немесе оңалту туралы iске қатысушы тұлғалар бола алады:»;
14) 18-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Борышкердiң өтiнiшi:
1) өтiнiш берiлетiн соттың атауын;
2) кредиторлар талаптарын қанағаттандыру мүмкін еместігінің негіздемесін;
3) борышкерде бар мүлiк, оның iшiнде кепіл ауыртпалығы салынған, жалдауда және лизингте тұрған мүлiк, банк шоттарындағы ақша туралы мәлiметтерді; шоттардың нөмiрлерiн және банктердiң тұрған жерiн, дебиторлардың тұрған жерi мен берешек сомасы көрсетiлген тiзбесiн;
4) борышкердiң орындалу мерзімі басталмаған мiндеттемелерi туралы мәлiметтерді;
5) борышкер қызметiнiң табиғи монополия саласына қатысы туралы немесе осы борышкердің тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектiсi болып табылатыны туралы ақпаратты;
6) қоса берілетiн құжаттар тiзбесiн қамтуға тиiс.
Борышкердiң өтiнiшiнде, егер банкроттық немесе оңалту туралы iстi қарауға қажет болса өзге де мәлiметтер, сондай-ақ өтiнiш берушiде бар қолдаухаттар көрсетiлуi мүмкiн.
Борышкер уәкiлеттi органға өтiнiштiң және оған қоса берілетiн құжаттардың көшiрмелерiн жiберуге мiндеттi.»;
15) 19-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«19-бап. Борышкердiң өтiнiшiне қоса берілетiн құжаттар
1. Борышкердiң өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшiне:
1) мемлекеттiк баждың белгiленген тәртіппен және мөлшерде төленгенiн;
2) берешектің бар-жоғын, сондай-ақ борышкердiң кредиторлар талаптарын қанағаттандыруға қабілетсіздігін;
3) борышкердiң өтiнiшi негiзделетiн өзге мән-жайларды растайтын құжаттар қоса беріледi.
2. Борышкердiң өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшiне:
1) борышкердiң өзін банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуіне негiз болған, меншiк иесiнiң немесе құрылтайшылардың (қатысушылардың), заңды тұлға органдарының шешiмi;
2) соңғы үш жылдағы және өтініш берген кезге қаржылық есептілік, көрсетілген кезең үшін борышкердің барлық міндеттемелері бойынша салықтық есептілік, тиісті берешектің сомасы мен түзілу күнін көрсете отырып, барлық кредиторлар мен дебиторлардың тізбесі (салық төлеушінің тіркелу нөмірі, жеке сәйкестендіру нөмірі немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірі, толық атауы, заңды мекенжайы);
3) борышкер еңбек ұжымының (қызметкерлерiнің) банкроттық туралы iске қатысу үшiн өкілі жасырын дауыс беру арқылы сайланған жиналысының (конференциясының) хаттамасы;
4) құрылтай құжаттарының көшірмелері;
5) егер борышкер табиғи монополия субъектiсi болып табылған жағдайда, табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетiн нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органның ол борышкердiң өзiн банкрот деп тану туралы сотқа жүгiнуi жөнiндегi жазбаша хабарламасын алған кезден бастап он күн iшiнде беретiн қорытындысы;
6) егер борышкер тиiстi тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектiсi болып табылған жағдайда, монополияға қарсы органның ол борышкердiң өзiн банкрот деп тану туралы сотқа жүгiнуi жөнiндегi жазбаша хабарламасын алған кезден бастап он күн iшiнде беретiн қорытындысы;
7) егер борышкерге қатысты сырттай байқау рәсімі жүргізілсе, сырттай байқау әкімшісінің қорытындысы;
8) борышкерге қойылған, соттар іс жүргізуге қабылдаған талап арыздар туралы, сондай-ақ даусыз (акцептісіз) есептен шығаруға қойылған талаптар туралы мәліметтер де қоса беріледі.
3. Оңалту рәсімін тоқтату және борышкерді банкрот деп тану туралы оңалтушы басқарушының өтініші, осы баптың 2-тармағының 1), 3) және
7) тармақшаларында көзделгендерді қоспағанда, осы баптың 1, 2-тармақтарында көзделген мәліметтер мен құжаттарды қамтуға тиіс.
4. Борышкердің оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішіне:
1) мемлекеттік баждың белгіленген тәртіппен және мөлшерде төленгенін;
2) берешектің бар-жоғын, сондай-ақ борышкердің кредиторлар талаптарын қанағаттандыруға қабілетсіздігін не ақшалай міндеттемелерді орындау мерзімі таяу он екі айда басталған кезде оған оларды орындайтын күйде болмайтын төлемге қабілетсіздік қатерінің төнгенін;
3) борышкердің өтініші негізделетін өзге де мән-жайларды растайтын құжаттар қоса беріледі.
5. Борышкердің оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішіне:
1) борышкердің оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгінуіне негіз болған, борышкер мүлкінің меншік иесінің (ол уәкілеттілік берген органның), құрылтайшылардың (қатысушылардың), заңды тұлға органдарының шешімі;
2) соңғы үш жылдағы қаржылық есептілік, тиісті берешектің сомалары мен түзілген күнін көрсете отырып, барлық кредиторлар мен дебиторлардың тізбесі (салық төлеушінің тіркеу нөмірі, жеке сәйкестендіру нөмірі немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірі, толық атауы, заңды мекенжайы), сондай-ақ өтініш берілген кездегі активтер, міндеттемелер мен меншікті капитал туралы мәліметтерді қамтитын қаржылық жағдай туралы мәліметтер;
3) борышкерге қойылған, соттар іс жүргізуге қабылдаған талап арыздар туралы, сондай-ақ даусыз (акцептісіз) есептен шығаруға қойылған талаптар туралы мәліметтер;
4) егер борышкерге қатысты сырттай байқау рәсімі енгізілген жағдайда, сырттай байқау әкімшісінің төлемге қабілеттікті қалпына келтіру мүмкіндігі туралы қорытындысы;
5) құрылтай құжаттарының көшірмелері қоса беріледі.»;
16) 21-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Борышкердің банкрот деп тану немесе оңалту рәсімін қолдану туралы, осы Заңның 18 және 19-баптарында көзделген талаптарға сәйкес келмейтiн өтiнiшпен сотқа жүгiнуi өтiнiштi қарамай қайтаруға негiз болып табылады.»;
17) 27 және 28-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«27-бап. Банкроттық немесе оңалту туралы iс бойынша iс жүргізуді қозғау
1. Борышкердi банкрот деп тану немесе оңалту рәсімін қолдану туралы, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарға сәйкес келетiн өтiнiштi ала отырып, сот өтiнiш келіп түскеннен кейiн бес жұмыс күнінен кешiктiрмей iс қозғау туралы ұйғарым шығарады.
2. Іс қозғау туралы ұйғарым мүлікке құқықты тіркеуді жүзеге асыратын мемлекеттік және өзге де органдардың осы Заңның 28-бабының 1-тармағында көзделген шектеулерді қолдану туралы міндетін қамтуға тиіс.
3. Сот іс қозғау туралы сот ұйғарымының көшірмелерін борышкерге, өтініш берушіге, уәкілетті органға, мүлікке құқықтарды тіркеуді жүзеге асыратын мемлекеттік және өзге де органдарға, жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасына және борышкердің тұрған жері бойынша аумақтық атқарушылық іс жүргізу органына жібереді.
28-бап. Банкроттық немесе оңалту туралы iс бойынша iс қозғаудың салдарлары
1. Банкроттық немесе оңалту туралы iс бойынша iс қозғалған сәттен бастап:
1) борышкер мүлкiнiң меншiк иесiне (ол уәкiлеттiк берген органға), құрылтайшыларға (қатысушыларға), заңды тұлғаның барлық органдарына мүлікті кәдімгі коммерциялық операциялардан тыс пайдалануға және өткізуге тыйым салынады;
2) моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды есептемегенде, өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер жауапты болатын азаматтарға төлемдердi қоспағанда, соттардың, аралық соттардың, салық органдарының, сондай-ақ меншiк иелерiнiң (құрылтайшылардың, қатысушылардың) немесе борышкер органдарының борышкер мүлкіне қатысты бұрын қабылдаған шешiмдерiн орындау тоқтатыла тұрады;
3) кредиторлардың борышкерге қоятын кез келген талаптары осы Заңда көзделген банкроттық немесе оңалту рәсiмдерi шегiнде ғана қойылуы мүмкiн;
4) кредиторлардың, салық органы мен салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер жөнiндегi өзге де уәкiлеттi мемлекеттiк органның талаптары, оның iшiнде даусыз (акцептiсiз) тәртіппен қанағаттандырылуға жататын талаптары бойынша борышкердiң банк шоттарынан ақша өндiрiп алуға, сондай-ақ борышкердiң мүлкiне өндiрiп алуды қолдануға жол берiлмейдi;
5) борышкердiң акцияларын, мүлкiндегi үлестердi иелiктен шығаруға тыйым салынады.
2. Сот Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында және борышкердiң тұрған жерi бойынша тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте таратылатын, белгiленген тәртіппен нормативтiк құқықтық актiлердi ресми жариялау құқығын алған мерзiмдi баспасөз басылымдарында банкроттық немесе оңалту туралы іс бойынша іс қозғалғандығы жөніндегі хабарландыруды қазақ және орыс тілдерінде жеті күн ішінде жариялауға міндетті.
Хабарландыруды жариялау борышкерді банкрот деп тану немесе оңалту рәсімін қолдану туралы өтiнiш берген тұлғаның қаражаты есебiнен жүзеге асырылады, ол осы Заңның 40-бабында белгiленген тәртіппен өтелуге жатады.»;
18) мынадай мазмұндағы 29-1-баппен толықтырылсын:
«29-1-бап. Банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру және қайта бастау
1. Сот борышкердің банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу шеңберінде оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішін алып, өтініш келіп түскеннен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірмей банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарады.
2. Соттың банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарымының көшірмелерін сот борышкерге, өтініш иесіне, уәкілетті органға, жеке сот орындаушыларының өңiрлiк алқасына және борышкердiң тұрған жерi бойынша аумақтық атқарушылық iс жүргiзу органына жiбередi.
3. Сот банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді мынадай:
1) сот оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішті қараусыз қалдырған;
2) оңалту рәсiмiн қолданудан бас тарту туралы шешім шығарылған;
3) осы Заңның 53-бабында көзделген негіздер бойынша оңалту рәсiмiн тоқтатқан жағдайларда қайта бастайды.
4. Банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу соттың ұйғарымымен қайта басталады.»;
19) 34 және 35-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«34-бап. Сот талқылауы
1. Iстi алдын ала дайындау аяқталғаннан кейiн, бiрақ iс қозғалған соң бiр айдан кешiктiрiлмей, банкроттық туралы iс сот талқылауына тағайындалуға тиiс, бұл туралы сот ұйғарым шығарады.
Банкроттық туралы iс қозғалған күннен бастап екi айдан аспайтын мерзiмде банкроттық туралы іс сот отырысында қаралуға тиiс.
2. Істі алдын ала дайындау аяқталғаннан кейiн, бiрақ iс қозғалған соң он бес күннен кешiктiрiлмей, оңалту туралы іс сот талқылауына тағайындалуға тиiс, бұл туралы сот ұйғарым шығарады.
Оңалту туралы іс қозғалған күннен бір айдан аспайтын мерзімде оңалту туралы іс сот отырысында қаралуға тиіс.
35-бап. Соттың банкроттық немесе оңалту туралы iс бойынша қаулылары
1. Сот банкроттық немесе оңалту туралы iстi сот отырысында қарап, мынадай сот актiлерiнiң бiрiн қабылдай алады:
1) борышкердi банкрот деп тану және конкурстық іс жүргiзуді қозғау туралы шешiм;
2) борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiм;
3) оңалту рәсімін қолдану туралы шешім;
4) оңалту рәсімін қолданудан бас тарту туралы шешім;
5) іс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы ұйғарым.
2. Соттың осы баптың 1-тармағында көзделген шешiмдерi мен ұйғарымдары, осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиiс.»;
20) 36-баптың 1-тармағының 3) тармақшасындағы «бергенде;» деген сөз «бергенде шығарылады.» деген сөздермен ауыстырылып, 4), 5) және 6) тармақшалар алып тасталсын;
21) мынадай мазмұндағы 37-1-баппен толықтырылсын:
«37-1-бап. Оңалту туралы іс бойынша шешім
1. Борышкер сот талқылауы барысында өзінің төлемге қабілетсіздігін немесе ақшалай міндеттемелерді орындау мерзімі таяу он екі айда басталған кезде борышкердің оларды орындайтын күйде болмайтын төлемге қабілетсіздік қатері төнгенін дәлелдеген жағдайда, сот оңалту рәсімін қолдану туралы соттың шешімін шығарады.
2. Соттың борышкерге оңалту рәсiмiн қолдану туралы шешімінде:
1) оңалту рәсiмiн қолдану туралы;
2) борышкердің оңалту рәсiмiн қолдану туралы ұйғарым заңды күшiне енген күннен бастап он күн мерзiмде оңалту рәсiмiн қолдану туралы және кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы жарияланымды Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында және борышкердiң тұрған жерi бойынша тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте таратылатын, белгiленген тәртіппен нормативтiк құқықтық актiлердi ресми жариялау құқығын алған мерзiмдi баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тiлдерiнде орналастыруы туралы;
3) борышкердің оңалту рәсiмi қолданылған кезден бастап үш айдан аспайтын мерзімде кредиторлар талаптарының тiзiлiмiн қалыптастыруы және оны уәкілетті органға бекітуге беруі туралы;
4) борышкердің оңалту рәсiмi қолданылған кезден бастап төрт айдан кешіктірілмейтін мерзімде кредиторлар жиналысы мақұлдаған борышкерді оңалту жоспарын ұсынуы туралы;
5) оңалту рәсімін қолданудың осы Заңда көзделген салдарының басталғаны туралы нұсқау қамтылуға тиіс.
3. Оңалту рәсiмiн қолдану туралы жарияланымда:
1) оңалту рәсiмiн қолдану туралы шешімді шығарған соттың атауы;
2) борышкердің атауы және тұрған жері;
3) кредиторларға жарияланым күнінен бастап екі ай мерзімде өздерінің борышкерге бар талаптарын қою қажеттігі туралы үндеу қамтылуға тиіс.
4. Егер борышкер сот талқылауы барысында өзінің төлемге қабілетсіздігін не ақшалай міндеттемелерді орындау мерзімі таяу арадағы он екі айда басталған кезде оларды орындауға мүмкіндігі жоқ екендігін дәлелдемеген жағдайда, сот оңалту рәсiмiн қолданудан бас тартады.
Соттың оңалту рәсiмiн қолданудан бас тарту туралы шешiмінде кредитордың борышкерден оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтініш беру нәтижесінде келтірілген залалдарының орнын толтыруды талап ету құқығына нұсқау қамтылуға тиіс.»;
22) 39-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«39-бап. Iс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы ұйғарым
1. Банкроттық туралы iс бойынша iс жүргiзудi сот Қазақстан Республикасының iс жүргiзу заңнамасында көзделген негiздер бойынша, сондай-ақ борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiш керi қайтарып алынған жағдайда (осы Заңның 15-бабының 5-тармағы) тоқтатады.
2. Оңалту рәсiмiн қолдану туралы iс бойынша iс жүргiзудi сот Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасында көзделген негiздер бойынша, сондай-ақ:
1) оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтініш кері қайтарып алынған;
2) оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтінішке қоса берілген құжаттарда қамтылған дәйексіз мәліметтер ұсынылу фактілері анықталған жағдайларда тоқтатады.»;
23) 40-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Борышкердi банкрот деп тану, оңалту рәсімін қолдану туралы шешiм қабылданған кезде әкiмшiлiк шығыстар борышкердiң мүлкiне жатқызылады және осы мүлiктiң есебiнен кезектен тыс өтеледi. Оңалту рәсiмiн жүргiзу мақсатына қол жеткiзiлуiне байланысты iс жүргiзудi тоқтату туралы ұйғарым шығарылған кезде сот және әкiмшiлiк шығыстары осы тәртіппен өтеледi.»;
24) 41-2-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«41-2-бап. Сырттай байқау рәсімінде кредиторлар комитетiн қалыптастыру»;
4-тармақ алып тасталсын;
25) 42 және 43-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«42-бап. Оңалту рәсiмiн қолдану
Оңалту рәсiмi сот тәртiбiмен тек коммерциялық ұйымдарға қатысты қолданылады.
43-бап. Оңалту рәсіміне қатысушылар
Сот, кредиторлар, борышкер, борышкер мүлкінің меншік иесі (ол уәкілеттік берген орган), құрылтайшылар (қатысушылар), оңалтушы басқарушы, уәкілетті орган және басқа да мүдделі тұлғалар оңалту рәсіміне қатысушылар болып табылады.»;
26) мынадай мазмұндағы 43-1 және 43-2-баптармен толықтырылсын:
«43-1-бап. Соттың оңалту рәсіміндегі өкілеттігі
Сот оңалту рәсімінде:
1) оңалту рәсімін қолданады, тоқтата тұрады және тоқтатады;
2) оңалту жоспарын бекітеді;
3) оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;
4) борышкер жауапкер ретiнде әрекет ететін мүлiктiк сипаттағы даулар бойынша iсті өзiнiң іс жүргiзуiне қабылдайды;
5) кредиторлар жиналысының шешімі негізінде борышкер мүлкі меншік иесінде (ол уәкілеттік берген органда), құрылтайшыларда (қатысушыларда) борышкер мүлкін және істерін басқару құқығын сақтап қалады немесе уәкілетті органға оңалтушы басқарушыны тағайындауды тапсырады;
6) оңалту рәсіміне қатысушылар арасындағы дауларды шешеді.
43-2-бап. Оңалту рәсімін қолданудың салдарлары
1. Сот оңалту рәсімін қолдану туралы шешім шығарған сәттен бастап мынадай салдарлар басталады:
1) мүлікпен кәдімгі коммерциялық операциялардың шеңберінен тыс мәмілелер жасасуға тыйым салынады;
2) борышкер берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық төлемін (өсімпұлдарды, айыппұлдарды), сондай-ақ алынған кредиттер бойынша сыйақыларды есептеу тоқтатылады;
3) моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды есептемегенде, төлеу мерзімі оңалту рәсімін қолданғаннан кейін басталған, өмiріне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер жауапты болатын азаматтарға төлемдердi қоспағанда, соттардың, аралық соттардың, салық органдарының, сондай-ақ борышкер мүлкінің меншік иелерінің (олар уәкілеттік берген органдардың), құрылтайшылардың (қатысушылардың) борышкер мүлкіне қатысты қабылдаған шешімдерін орындау тоқтатыла тұрады;
4) оңалту рәсімі қолданылған салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңдердегі салықтық есептілікке сәйкес салық төлеуші есептеген, салықтық тексерулердің нәтижелері бойынша салық қызметі органы есепке жазған салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер төленеді.
2. Оңалту жоспары бекітілгеннен кейін:
1) оңалту жоспарында көзделгендерді қоспағанда, мүлікпен кәдімгі коммерциялық операциялардың шеңберінен тыс мәмілелер кредиторлар жиналысының келісімімен жасалады;
2) кредиторлық берешекті өтеу кестесі оңалту жоспарына сәйкес орындалмаған жағдайда, кредиторлық берешекті өтеудің оңалту жоспарында көрсетілген күнінен немесе кезеңінен кейінгі күннен бастап осы Заңның 28-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында белгіленген шектеулер алынады.»;
27) 44-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«44-бап. Оңалту жоспары және оны бекіту тәртібі
1. Оңалту жоспары борышкердің төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру жөніндегі нақты іс-шараларды (оңалту шараларын) және осы Заңның 47-бабының 2-тармағында көрсетілген кредиторлар алдындағы берешекті өтеу кестесін қамтуға тиіс.
Табиғи монополия субъектілері немесе тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектілері болып табылатын не республиканың экономикасы үшін маңызды стратегиялық мәні бар, азаматтардың өміріне, денсаулығына, ұлттық қауіпсіздікке немесе қоршаған ортаға әсер етуге қабілетті ұйымдардың оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтырулар тиісті орталық атқарушы органмен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тиісті аумақтық органымен, ал қала негізін құраушы кәсіпорындар бойынша - тиісті облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімімен келісілуге тиіс.
Оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтырулар кредиторлар жиналысының келісімімен енгізіледі және оларды сот бекітеді.
2. Оңалту жоспарын борышкер оңалту рәсімін қолдану туралы шешім заңды күшіне енген күннен бастап үш ай ішінде кредиторлармен бірге әзірлеуге тиіс.
3. Оңалту жоспарын іске асыру мерзімі бес жылдан аспауға тиіс.
4. Оңалту шараларына санацияны, сауда-саттық жүргізу жолымен мүлікті (активтерді) сатуды, борышкердің талап ету құқықтарын басқаға беруді, борыштың бір бөлігін кешіруді, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруды, борыштарды акцияларға айырбастауды, бітімгершілік келісімін жасасуды және басқаларды қоса алғанда, борышкердің төлемге қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған кез келген ұйымдастырушылық-шаруашылық, техникалық, қаржы-экономикалық, құқықтық және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де іс-шаралар кіруі мүмкін.
5. Егер оңалту жоспары ақшалай қаражат көзі ретінде кредиттер (микрокредиттер) алуды қамтыса, оңалту жоспарына кредит (микрокредит) алу шарты қоса тіркеледі.
6. Оңалту жоспары кредиторлар талаптарының тізілімі бекітілгеннен кейін кредиторлар жиналысына келісу үшін берілуге тиіс.
7. Табиғи монополия субъектiлерi немесе тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектiлерi болып табылатын не республиканың экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар, азаматтардың өмiрiне, денсаулығына, ұлттық қауiпсiздiкке немесе қоршаған ортаға әсер етуге қабілетті ұйымдардың оңалту жоспары тиісті орталық атқарушы органмен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң тиiстi аумақтық органымен, ал қала негiзiн құраушы кәсiпорындар бойынша - тиiстi облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкiмiмен келiсiлуге тиiс.
Ұсынылған оңалту жоспары он жұмыс күні ішінде қарастырылады.
8. Борышкер оңалту жоспарын кредиторлар жиналысында мақұлдағаннан кейін осы Заңның 37-1-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында белгіленген мерзімнен кешіктірмей сотқа ұсынуға міндетті.
9. Кредиторлар жиналысымен келісілген оңалту жоспары ол ұсынылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде сот ұйғарымымен бекітіледі.