10-бап. Халықаралық шарттар
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарындағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
2009.08.06. № 163-III ҚР Заңымен 1-1-тараумен толықтырылды
1-1-тарау. Тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік реттеу
10-1-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) тұрғын үй қатынастары саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын және мемлекеттік бағдарламаларды әзірлейді және іске асырады;
2) тұрғын үй қорын күтіп-ұстаудың ережелерін бекітеді;
3) тұрғын үй көмегін көрсетудің ережелерін бекітеді;
4) тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкілетті органның ұсынысы бойынша кондоминиум объектісін басқару органы мен түпкі тұтынушыларға коммуналдық қызметтерді жеткізуші нарық субъектілері арасындағы ынтымақтастықтың үлгі шарттарын бекітеді;
5) жекелеген коммуналдық қызмет түрлерін көрсету ережелерін бекітеді;
6) Қазақстан Республикасының тұрғын үй қорын мемлекеттік есепке алуды жүзеге асырудың бірыңғай тәртібін айқындайды.
2010.19.03. № 258-ІV ҚР Заңымен 10-2-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
10-2-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) тұрғын үй қатынастары саласында мемлекеттік саясаттың іске асырылуын жүзеге асырады;
2) тұрғын үй қорын күтіп-ұстау ережелерін, тұрғын үй көмегін беру ережелерін, сондай-ақ кондоминиум объектісін басқару органы мен түпкі тұтынушыларға коммуналдық қызметтер көрсетуші нарық субъектілері арасындағы ынтымақтастықтың үлгі шарттарын әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді;
3) тұрғын үй қатынастары саласында бағдарламаларды және мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді, сондай-ақ іске асырады;
4) өз құзыреті шегінде тұрғын үй қатынастары саласында нормативтік құқықтық актілерді, нормативтік-техникалық құжаттамаларды әзірлейді және бекітеді;
5) тұрғын үй қатынастары саласында басқа да мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасайды;
6) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасын қолдану мәселелері бойынша ақпараттық-әдістемелік көмек көрсетеді;
7) тұрғын үй қорының жай-күйіне мониторингті жүзеге асырады;
8) тұрғын үй қатынастары саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
9) үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері жиналыстары хаттамасының және үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелеріне жазбаша сауалнама жүргізу кезінде дауыс беру парағының, кондоминиум объектісін басқару жөніндегі есептің үлгі нысанын әзірлеп, бекітеді.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен мазмұн 10) тармақшамен толықтырылды; 2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 10-2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
10) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлейді және бекітеді.
10-3-бап. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құзыреті
1. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары тұрғын үй-коммуналдық саланы дамыту бағдарламаларын бекітеді.
2. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары:
1) тұрғын үй-коммуналдық саланы дамыту бағдарламаларын әзірлейді және тиісті жергілікті өкілді органдардың бекітуіне ұсынады, олардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) тұрғын үй қоры саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
3) өздеріне ведомстволық бағынысты аумақта кондоминиум объектісін басқару органдарының тұрғын үй қорын сақтау және тиісті дәрежеде пайдалану жөніндегі қызметін бақылау бойынша тұрғын үй инспекциясының жұмысын ұйымдастырады;
4) жергілікті бюджет қаражаты есебінен кондоминиумдар құрамына енгізілмеген ортақ пайдаланылатын жерлерді күтіп-ұстау жөнінде шаралар қабылдайды.
10-4-бап. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құзыреті
1. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті өкілді органдары тұрғын үй-коммуналдық саланы дамытудың бағдарламаларын бекітеді.
2. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары:
1) тұрғын үй-коммуналдық саланы дамыту бағдарламаларын әзірлейді және тиісті жергілікті өкілді органдардың бекітуіне ұсынады, олардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) өздеріне ведомстволық бағынысты аумақта тұрғын үй қорын сақтау және тиісті дәрежеде пайдалану жөнінде іс-шаралар ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) тұрғын үй қоры саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
4) өздеріне ведомстволық бағынысты аумақтағы тұрғын үй инспекциясының кондоминиум объектісін басқару органдарының тұрғын үй қорын сақтау және тиісінше пайдалану жөніндегі қызметін бақылау жөніндегі жұмысын ұйымдастырады;
5) жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй көмегін көрсету жөнінде шаралар қабылдайды;
6) осы Заңның 32-бабының 2-2-тармағында көзделген жағдайларда, жергілікті бюджет қаражаты есебінен кондоминиум объектісіне техникалық паспорттар дайындау бойынша шығыстарды өтеуді қамтамасыз етеді.
2 БӨЛIМ
2-тарау. Тұрғын үйге жеке меншiк құқығын алу
11-бап. Тұрғын үйдi сатып алу құқығы
1. Азамат немесе заңды тұлға, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы аумағының қай жерiнде тұратынына қарамастан, жеке меншiгiне заңды түрде тұрғын үй сатып ала алады.
2. Бiр азаматтың немесе заңды тұлғаның меншiгіндегі тұрғын үйлердiң саны мен көлемiне шек қойылмайды.
2009.08.06. № 163-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Тұрғын үйге меншiк құқығын алуға немесе жүзеге асыруға байланысты қатынастар да Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледi.
12-бап. Тұрғын үйге меншiк құқығы пайда болуының негiздерi
Тұрғын үйге немесе оның бiр бөлiгiне меншiк құқығы мынадай негiздер бойынша:
1) үй (үйдiң бiр бөлiгiн) салу;
2) сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту, өмiр бойы күтiп ұстау шартымен, алып қою мәмiлелерi мен заңдарға қайшы келмейтiн басқа да азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасу;
3) тұрғын үйдi мұраға немесе құқықтың әмбебап түрде ауысуы ретiмен алу;
4) жалға алушының мемлекеттік тұрғын үй қорының үйiнде өзi тұратын тұрғын үйдi немесе тұрғын үй-жайды жекешелендiру (сатып алу немесе тегiн алу) жолымен меншiгiне алуы;
5) тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативi мүшесiнiң тұрғын үй-жай үшiн пай жарнасының бүкiл сомасын төлеуi;
6) шарттық мiндеттеме, соның iшiнде азаматтың үй салуға өз қаражатымен немесе еңбегiмен қатысуы туралы шарт негiзiнде тұрғын үй-жайды меншiкке беру;
7) заңды тұлғалардың мемлекеттік емес меншiк нысанына негiзделген тұрғын үйдi сату не тегiн беру жолымен өз қызметкерiнiң немесе өзге азаматтың меншiгiне беруi;
8) мемлекеттiң немесе заңды тұлғаның мемлекеттік меншiк нысанына негiзделген тұрғын үйдi заңдарда белгiленген шарттармен өз қызметкерiнiң не өзге адамның меншiгiне беруi;
9) жеке меншiкте болған тұрғын үйдiң бұзылуы немесе күштеп алынуы салдарынан тұрғын үйден айырылудың өтемi ретiнде тұрғын үй беру;
10) Қазақстан Республикасының заң актілерінде тыйым салынбаған басқа да негiздер бойынша пайда болады.
ҚР 07.06.99 ж. № 391-I Заңымен 13-бап өзгертілді; ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен. 13-бап толықтырылды
13-бап. Жалға алушының мемлекеттік тұрғын үй қорындағы
тұратын тұрғын үйiне меншiк құқығын жекешелендiру
тәртібімен алуы
1. Осы Заңда көзделген реттерде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалға алушы, кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң келісімiмен, тұрғын үйдi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiлеген шарттармен және тәртiппен жекешелендiруге құқылы.
Жалға алушының отбасы мүшелерiнiң ауқымы осы Заңның 21-бабына сәйкес белгiленедi.
2. Жекешелендiрiлген тұрғын үй жалға алушының және онымен тұрақты бiрге тұратын барлық отбасы мүшелерiнiң, соның iшiнде уақытша тұрмайтындарының, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмеген болса, бiрлескен ортақ меншiгiне көшедi.
3. Ортақ бiрлескен меншiктегi тұрғын үйдiң алып қойылуына барлық меншiк иелерiнiң келісімiмен ғана жол берiледi. Егер мәмiле тұрғын үйдiң меншiк иесi болып табылатын кәмелетке толмаған балалардың мүдделерiне қатысты болса, қорғаншы және қамқоршы органның келісімi талап етiледi.
4. Қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйлер осы Заңның 101-бабының 2, 3 және 4-тармақтарында көзделген негiздер бойынша жекешелендiрiлуi мүмкiн.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік тұрғын үй қоры жатақханаларындағы бөлмелік үлгідегі тұрғын үй-жайларды оларда тұрақты тұратын азаматтар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен жекешелендіруі мүмкін. Бұл орайда жалпы пайдаланудағы тұрғын емес үй-жайлар және үйдің дара (бөлек) меншіктегі емес және ортақ мүлік болып табылатын өзге бөліктері барлық меншік иелерінің ортақ меншігіне өтеді.
Аталған тұрғын үй-жай берілген азамат қайтыс болған жағдайда, жекешелендіру құқығы, егер қайтыс болған адамның бұған құқығы болған болса, қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне өтеді.
Еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдарға, оқу кезеңінде студенттерге (курсанттарға, аспиранттарға) және оқушыларға берілген жатын орындық үлгідегі, сондай-ақ бөлмелік үлгідегі тұрғын үй-жайлар жекешелендіруге жатпайды.
6. Бiрнеше жалдаушы тұратын тұрғын үйдi (пәтердi) барлық жалдаушылардың және олардың кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң келісімiмен ғана жекешелендiруге болады. Бұл жағдайда тұрғын үй (пәтер) барлық жалдаушылардың ортақ үлестi меншiгiне көшедi.
2010.29.05. № 283-ІV ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларының мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғын үйлерін меншігіне тегін алуына құқығы бар.
Ұлы Отан соғысының мүгедегі немесе қатысушысы қайтыс болған жағдайда, оған берілген тұрғын үйді тегін алу құқығы оның отбасы мүшелеріне өтеді.
2010.29.05. № 283-ІV ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтардың пайдалануына мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйлерді жекешелендіруге болмайды.
14-бап. Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативi мүшесiнiң пай жарнасының бүкiл сомасын төлеуi
Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативiнiң пай жарнасының бүкiл сомасын төлеген мүшесi тұрғын үйдiң меншiк иесiне айналады. Мұндай тұрғын үйге меншiк құқығына жинақталған пайдың бiр бөлiгiне құқығы бар оның отбасы мүшелерi де ие болады.
15-бап. Жер учаскелерiнiң мемлекет мұқтажы үшiн алынуына (сатып алынуына) байланысты тұрғын үй бұзылған жағдайда меншiкке тұрғын үй беру
1. Жер учаскелерiнiң мемлекет мұқтажы үшiн алынуына (сатып алынуына) байланысты тұрғын үй бұзылған жағдайда меншiк иесiне оның тұрғын үйi бұзылғанға дейiн өз таңдауы бойынша меншiгiне жайлы тұрғын үй берiледi немесе тұрғын үйдiң нарықтық құны мөлшерiнде өтемақы төленедi.
2. Егер берiлетiн тұрғын үйдiң құны бұзылатын тұрғын үйдiң құнынан артық болса, олардың құнындағы айырма меншiк иесiнен алынбайды.
3. Егер бұзылатын тұрғын үйдiң құны берiлетiн тұрғын үйдiң құнынан артық болса, олардың құнындағы айырма меншiк иесiне өтеледi.
16-бап. Тұрғын үйге ортақ меншiк құқығы
1. Тұрғын үйдi бiрлесiп салған, азаматтық-құқықтық мәмiлелер жолымен немесе мұраға алған жағдайда және заңдарға қайшы келмейтiн басқа жағдайларда екi немесе одан көп азаматтар тұрғын үйге ортақ меншiк құқығына ие бола алады.
2. Бiрнеше адамның меншiгіндегі тұрғын үй оларға ортақ бiрлескен меншiк құқығымен:
1) ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi;
2) жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ меншiк түрiнде тиесiлi болады.
3. Ортақ меншiктегi тұрғын үйдiң меншiк иелерi арасында Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне белгiленген тәртiппен бөлiнуi мүмкiн.
4. Ерлi-зайыптылардың ортақ бiрлескен меншiк құқығының ерекшелiктерi неке және отбасы туралы заңдармен белгiленедi.
5. Жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ бiрлескен меншiк құқығының ерекшелiктерi осы Заңмен белгiленедi.
17-бап. Тұрғын үйге меншiк құқығын тiркеу
Тұрғын үйге меншiк құқығы ол тiркеу органында тiркелген кезден бастап пайда болады.
Тiркеу тиiстi тәртiппен ресiмделген, осы Заңның 12-бабында көзделген негiздер бойынша тұрғын үй алынғандығын растайтын құжаттар көрсетiлген жағдайда жүргiзiледi.
3-тарау. Тұрғын үйге жеке меншiк құқығының мазмұны
және оны жүзеге асыру шарттары
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен. 18-бап толықтырылды
18-бап. Тұрғын үй иесiнiң негiзгi құқықтары мен мiндеттерi
1. Тұрғын үйдiң, сондай-ақ салынып бiтпеген тұрғын үйдiң иесi оны, сату шартын белгiлей отырып, өз қалауы бойынша еркiн сатуға, сыйға тартуға, айырбастауға, басқа адамдарға мұраға қалдыруға, кепiлге беруге, осы бапта көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, заң актілерінде тыйым салынбаған өзге де жолмен оған билiк етуге құқылы.
1-1. Ипотекалық тұрғын үй қарызы қаражатының есебiнен толық немесе iшiнара сатып алынған тұрғын үйдi сатып алу-сату шарты мемлекеттік тiркелген кезден бастап меншiк иесiнiң ипотекалық тұрғын үй қарызы толық өтелгенге дейiн кредитордың келісімiнсiз осы тұрғын үйге билiк етуге құқығы жоқ.
2007.06.07 № 276-ІІI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Меншiк иесiнiң тұрғын үйдi немесе оның бiр бөлiгiн тұрғын емес мақсатта пайдалануы оған мемлекеттік органдардың рұқсатын қажет етпейдi.
Бұл құқықты меншiк иесi құрылыс, санитариялық, өртке қарсы және басқа да мiндеттi нормалар мен ережелердi сақтаған жағдайда ғана iске асырады.
Егер құзыреттi органдар мiндеттi нормалар мен ережелердi бұзу фактілерін не тұрғын үйдi пайдалану басқа азаматтардың құқықтары мен мүдделерiн айтарлықтай бұзатын фактiлердi анықтаса, үй-жай иесi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа тартылып, сонымен бiрге оған мұндай тәртiп бұзушылықтарды және олардың зардаптарын жою мiндетi жүктелуi мүмкiн.
3. Бiр тұрғын үйде орналасқан үй-жайлардың иелерi оны күтiп ұстау жөніндегі ортақ шығындарға қатысуға мiндеттi. Әрбiр меншiк иесi шығынның мөлшерi, егер меншiк иелерiнiң келісімiнде өзгеше белгiленбеген болса, тұрғын үйдегi тұрғын үй-жайлардың пайдалы алаңының немесе дара (бөлек) меншiктегi тұрғын емес үй жайлар алаңының тұрғын үйдiң жалпы алаңына қатынасымен анықталады.
19-бап. Тұрғын үй иесiнiң жер учаскесiне құқығы
1. Тұрғын үй, сондай-ақ салынып бiтпеген тұрғын үй сатылған, сыйға тартылған, мұраға қалдырылған, кепiлге берiлген жағдайда жер учаскесiн меншiктену (жердi пайдалану) құқығы тұрғын үйдiң жаңа иесiне тұрғын үйдiң бұрынғы иесi ие болған көлемде көшедi.
2. Тұрғын үйге (тұрғын жайға) бекiтіліп берiлген жер учаскесiне тұрғын үй иелерiнiң құқықтары Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарымен белгiленедi.
20-бап. 2007.06.07. № 278-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 10.07.01 ж. № 227-II Заңымен 21-бап өзгертілді
21-бап. Тұрғын үй иесi отбасының мүшелерi
1. Үнемi бiрге тұратын ерлi-зайыптылар мен олардың балалары тұрғын үй иесi отбасының мүшелерi деп танылады. Ерлi-зайыптылардың ата-аналары, сондай-ақ өздерiнiң отбасы бар және меншiк иесiмен үнемi бiрге тұратын балалары өзара келісім бойынша ғана меншiк иесi отбасының мүшелерi деп танылуы мүмкiн.
2. Ерекше жағдайларда, егер меншiк иесiмен үнемi бiрге тұрса және онымен кемiнде бес жыл ортақ шаруашылық жүргiзсе, басқа адамдардың да тұрғын үй иесi отбасының мүшелерi деп танылуы мүмкiн. Еңбекке жарамсыз асырауындағылар, егер олар меншiк иесiмен үнемi бiрге тұрса, меншiк иесi отбасының мүшелерi болып табылады.
22-бап. Тұрғын үй иесi отбасы мүшелерiнiң негiзгi
құқықтары мен мiндеттерi
1. Меншiк иесiнiң өзiне тиесiлi тұрғын үйiне өзi қоныстандырған отбасының мүшелерi, егер оларды қоныстандыру кезiнде өзгеше ескертiлмеген болса, тұрғын үйдi онымен бiрдей пайдалануға құқылы. Олар өздерiне меншiк иесi берген тұрғын үйге өздерiнiң кәмелетке толмаған балаларын тұрғызуға құқылы. Отбасының басқа мүшелерiн тұрғызуға меншiк иесiнiң келісімiмен ғана жол берiледi.
Меншiк иесiмен отбасылық қатынастар тоқтатылған жағдайда отбасының бұрынғы мүшелерi тұрғын үйдi, егер тұрғын үй иесiмен жазбаша келісімде өзгеше көзделмеген болса, жалға алу мерзiмiн көрсетпестен жалға алушы құқығын пайдалана алады. Бұл орайда отбасының бұрынғы мүшелерi тұрғын үйдi күтiп ұстау және коммуналдық қызметтердiң ақысын төлеу жөніндегі шығындарға қатысуға мiндеттi.
2. Тұрғын үй иесi отбасы мүшелерi өздерiнiң тұрғын үйдi пайдалану құқығын бұзған кез келген адамнан, соның iшiнде меншiк иесiнен де аталған бұзушылықты жоюын талап ете алады.
3. Меншiк иесi отбасының кәмелетке толған мүшелерi (бұрынғы мүшелерi) өздерiнiң тұрғын үй-жайды пайдалануынан туындайтын мiндеттемелерi бойынша ортақ мүлiктiк жауапкершiлікте болады.
4-тарау. Жеке тұрғын үй қорындағы тұрғын
үйлердi жалдау
23-бап. Меншiк иесiнiң тұрғын үйдi басқа адамдарға жалға беруi
1. Меншiк иесi өзi тұратын тұрғын үйдi, не негiзгi мақсаты жалға алушыларға тұрақты не уақытша тұру үшiн берiлу болып табылатын тұрғын үйдi жалға беруге құқылы.
2. Тұру шарттары (жалдау мерзiмi, ақы төлеу мөлшерi, жөндеу жөніндегі мiндеттердi бөлiсу, жалға алушыларды шығарудың негiздерi және сол сияқтылар) осы Заңмен, сондай-ақ жалға берушi мен жалға алушы арасындағы шартпен белгiленедi.
3. Тұрғын үйiн жалға беретiн адамдарды меншiк иесi таңдайды.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы Заңның 67-бабында аталған азаматтарға кейіннен беру үшін жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдауға құқылы.
24-бап. Меншiк иесi тұрмайтын тұрғын үйдi жалдау
шарттары
1. Жеке тұрғын үй қорындағы меншiк иесi тұрмайтын тұрғын үйдi ол жазбаша түрде жасалған шарт бойынша басқа адамға жалға бере алады.
2. Жеке тұрғын үй-жай не тұруға жарамды, құрылыс, санитариялық, өртке қарсы және басқа мiндеттi талаптарға сәйкес келетiн жеке бөлме (бөлмелер) жалға берiлуi мүмкiн.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Егер жалға алу шартында өзгеше көзделмеген болса, жалға алушы жалға алынған үй-жайға өзiнiң отбасы мүшелерiн, қосымша жалдаушыларды және уақытша тұрғындарды қоныстандыруға құқылы.
Тұрғын үй-жайды жергілікті атқарушы орган жалға алып берген адам оған қосымша жалдаушылар мен уақытша тұрғындарды қоныстандыруға құқылы емес.
4. Егер шартта өзгеше көзделмеген болса, жалға алушы жалға алынған үй-жайды алты айға дейiнгi мерзiмге тастап кетуге құқылы.
Бұдан неғұрлым ұзақ уақыт бойы болмаған жағдайда шарттың күшi жалға берушiнiң келісімiмен ғана сақталады.
5. Жалға беру шартының күшi тараптар белгiлеген мерзiм бiткеннен кейiн не шартта көрсетiлген ахуал туғанда тоқтатылады. Жалға берушiнiң талап етуi бойынша шартты мерзiмiнен бұрын бұзуға жалдаушы жалдау шартының ережелерiн сақтамаған жағдайда, сондай-ақ осы Заңның 91-бабының 2 және 3-тармақтарында, 101-бабының 9-тармағында, 105-бабының 1-тармағындағы 1), 2) және 3) тармақшаларда, 106-бабының 5-тармағында, 107-бабының 1) - 5) тармақшаларында көзделген негiздер мен ережелер бойынша жол берiледi.
Қолданылу мерзiмi және тоқтатудың өзге де негiздерi көзделмейтiн шартты жалға берушi жалға алушыға кемiнде үш ай бұрын ескерте отырып, кез келген уақытта бұза алады. Шарт тоқтатылған не бұзылған жағдайда жалға алушы өзiмен бiрге тұратын барлық адамдармен қоса басқа тұрғын үй-жай берiлместен шығарылуға тиiс.
6. Жалға алушы шартты мерзiмiнен бұрын бұзған жағдайда ол бұл туралы жалға берушiге кемiнде бiр ай бұрын ескертуге не сол ай үшiн шартта белгiленген ақыны төлеуге мiндеттi.
Егер шартта көзделген мерзiмге не шарттың қолданылуын тоқтататын өзге де ахуалға бiр айға жетпейтiн уақыт қалса, аталған мерзiм тиiсiнше қысқартылады.
7. Егер отбасы мүшесiн қоныстандырған кезде сол мүше мен жалға алушы арасында өзгеше келісім болмаса, жалға алу шартының ережелерiне сәйкес жалға алушымен бiрге тұратын отбасы мүшесi, тұрғын үй-жайды жалға алушының өзi сияқты, дәл сондай пайдалану құқығына ие болады.
Отбасы мүшелерiнiң ауқымы осы Заңның 21-бабына сәйкес белгiленедi.
8. Тұрғын үй-жайға немесе жалға берiлген тұрғын үй-жай орналасқан тұрғын үйге меншiк құқығы басқа тұлғаға ауысқан жағдайда жалдау шарты, егер жалға алушының және тұрғын үй-жайды жалға берген меншiк иесiнiң арасында өзгеше көзделмесе, жаңа меншiк иесi үшiн күшiн сақтап қалады.
25-бап. Меншiк иесi тұрақты тұратын тұрғын үйдi
жалдау ережелерi
1. Меншiк иесi тұрақты тұрғын үйде жалға алушыға тұрғын үй-жайды немесе оның бiр бөлiгiн, оның iшiнде жапсарлас бөлменi немесе бөлменiң бiр бөлiгiн жалға беруге болады. Тұрғын үйде бiрнеше меншiк иесi тұрған жағдайда тұрғын үйдi жалға беру үшiн барлық меншiк иелерiнiң келісімi талап етiледi.
2. Жалға алушының басқа адамдарды, оның iшiнде өз отбасының мүшелерiн де меншiк иелерiнiң келісімiнсiз тұрғызуға құқығы жоқ.
3. Жалға алу мерзiмi аяқталғаннан кейiн жалға алушыда шартты жаңарту құқығы болмайды және ол жалға берушiнiң талап етуi бойынша басқа тұрғын үй-жай берiлместен шығарылуға тиiс. Жалдау шарты жалға берушiнiң талап етуi бойынша жалдаушы жалдау шартының ережелерiн сақтамаған жағдайда, сондай-ақ себептi тосын жағдайларда не осы Заңның 107-бабының 1) - 5) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша ғана мерзiмiнен бұрын бұзылуы мүмкiн.
4. Мерзiмi көрсетiлмей жасалған жалдау шартын жалға берушi себебiн түсiндiрместен кез келген уақытта тоқтатуы мүмкiн. Жалға берушi жалға алушыға, жалдау шартының тоқтатылуы туралы кемiнде бiр ай бұрын ескертуге мiндеттi.
5. Жалға алушы жалдау шартын, егер шартта өзгеше көзделмеген болса, мерзiмiнен бұрын және ескертусiз бұзуға құқылы.
26-бап. Қосымша жалдаушылар мен уақытша тұрғындардың
құқықтық жағдайы
1. Қосымша жалдаушылардың тұру шарты, атап айтқанда, тұру мерзiмi, төленетiн ақының мөлшерi мен оны төлеу тәртібі тұрғын үй-жайды жалға алушы мен қосымша жалдаушы арасындағы шарт арқылы белгiленедi.
2. Қосымша жалдау шарты тараптар белгiлеген мерзiм бiткенде не шартта көрсетiлген ахуал пайда болғанда тоқтатылады.
Шарт қосымша жалдаушы шартты бұзған жағдайда жалға алушының талап етуi бойынша, ал мерзiм не өзге де тоқтату негiздерi белгiленбеген шарттар қосымша жалдаушыны кемiнде бiр ай бұрын ескерте отырып, кез келген уақытта мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн. Қосымша жалдау шарты осы Заңның 29-бабында көзделген тұрғын үйге меншiк құқығы мәжбүр етіліп тоқтатылған жағдайда да тоқтатылады.