62-бап. Аэроклуб
1. Аэроклуб ұсынатын қызметтер көрсетуге пайдаланушылармен жасалған шарттардың есебін аэроклуб жүргізеді.
Аэроклуб пайдаланушы алдындағы өз міндеттемелерін олардың арасында жасалатын шарттың негізінде және пайдаланушымен келісім бойынша басқа аэроклубқа беруге құқылы.
Аэроклубтың қызметтер көрсетуіне арналған үлгі шартты азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
2. Аэроклуб авариялық хабар беруді қамтамасыз етеді және оның көрсететін қызметтерін пайдаланатын пайдаланушыларға метеорологиялық және аэронавигациялық ақпаратты, әуе кемелерін ұшуға жарамдылықта ұстау, оларға техникалық және жөндеу бойынша қызмет көрсету, авиация персоналын кәсіптік даярлау, жауапкершілік аймағы шегінде әуе қозғалысына қызмет көрсету, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметтерін ұсынуға құқылы.
3. Аэроклуб ұшу қауіпсіздігі және авиациялық қауіпсіздік жөніндегі талаптардың орындалуы үшін пайдаланушымен жасалған шартқа сәйкес жауаптылықта болады.
8-тарау. ӘУЕАЙЛАҚТАР (ТІКҰШАҚ АЙЛАҚТАРЫ).
ӘУЕЖАЙЛАР
63-бап. Әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) сыныптамасы
1. Әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары) тиесілігіне қарай:
азаматтық авиация;
эксперименттік авиация;
мемлекеттік авиация әуеайлақтарына (тікұшақ айлақтарына) бөлінеді.
2. Азаматтық, эксперименттік және мемлекеттік авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) сыныптамасын олардың пайдаланылуына, ұшып көтерілу-қону жолағының мөлшерiне және олардың жабын қабатының салмақ көтеру қабiлеттiлiгiне қарай, сондай-ақ әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) байланыс, жарық беру сигналдары және ұшуды радиотехникамен қамтамасыз ету құралдарымен жабдықталуына қарай авиация салаларындағы тиісті уәкілетті органдар айқындайды.
3. Әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары) ұшып көтерілу-қону жолағының үстіңгі қабатының түріне қарай жасанды жабыны бар, топырақ бетіндегі, қар бетіндегі, мұз бетіндегі және су бетіндегі әуеайлақтар болуы, сондай-ақ жүзетін баржалардың, кемелердің және басқа да құрылыстардың үстінде болуы мүмкін.
64-бап. Азаматтық авиация әуеайлағын (тікұшақ айлағын), әуежайын пайдаланушы
1. Әуеайлақты (тікұшақ айлағын), әуежайды меншiк құқығында не өзге де заңды негiздерде пайдаланатын Қазақстан Республикасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес басқа мемлекеттiң жеке немесе заңды тұлғасы әуеайлақты (тікұшақ айлағын), әуежайды пайдаланушы болып танылады.
Заңды тұлға ғана халықаралық әуежайды пайдаланушы бола алады. Әуеайлақты (тікұшақ айлағын), әуежайды пайдаланушы:
1) әуежай, әуеайлақ (тікұшақ айлағы) аумағында ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздіктің сақталуын, оның ішінде әуеайлақ (тікұшақ айлағы), әуежай аумағында қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың сақтауын қамтамасыз етеді және бақылайды;
2) әуеайлақ маңындағы аумақта ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті бақылау жөнінде комиссия құрады;
3) әуе кемелерін қабылдау және жөнелту жөніндегі тәуліктік жоспарды жүргізеді, оның орындалуын қамтамасыз етеді, әуе кемелерінің жөнелтілуі, ұшып көтерілуі мен қонуы тұрақтылығының есебі мен талдауын жүргізеді;
4) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның сұратуы бойынша ұшу қауіпсіздігін, авиациялық қауіпсіздікті сақтау туралы есептерді, аудиторлық, бухгалтерлік есептерді ұсынады;
5) әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін техникалық және метеорологиялық жағдайларға байланысты азаматтық әуе кемелерін қабылдау және жөнелту үшін әуеайлақты (тікұшақ айлағын), әуежайды жабуға құқығы бар;
6) авиациялық емес қызметті жүзеге асыруға құқығы бар, бұл ретте мұндай қызметті жүзеге асыруға жұмсалатын шығыстар реттелетін қызметтерге арналған тарифтерге тікелей немесе жанама әсер етпеуге тиіс.
2. Әуежайды пайдаланушының бірінші басшысы лауазымына кандидат азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейтін біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс.
3. Әуеайлақты (тікұшақ айлағын), әуежайды пайдаланушы ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгі нұсқаулыққа сәйкес орындалатын ұшудың ауқымы мен күрделілігіне қарай әуежайларда ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін енгізуге міндетті.
65-бап. Әуежай қызметі
1. Әуежай қызметiнiң құрамына мынадай қызметтер көрсету:
1) ұшып көтерілу мен қонуды қамтамасыз ету;
2) авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
3) әуе кемелерін қарсы алу мен ұшуға шығаруды қамтамасыз ету;
4) әуе кемелеріне техникалық және сервистік қызмет көрсету;
5) жолаушыларға қызмет көрсету, багажды, жүктерді, почта жөнелтілімдерін өңдеу;
6) азаматтық әуе кемелерін, әуежай объектілері мен қызметтерін жанар-жағармай материалдарымен және арнайы сұйықтықтармен қамтамасыз ету, олардың сапасын бақылау;
7) азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды және басқа да тұтынушыларды арнайы автокөлік құралдарымен және жабдықтармен қамтамасыз ету;
8) әуежайларда және азаматтық әуе кемелерінде жолаушыларды, экипаждарды тамақпен қамтамасыз ету;
9) жолаушыларға, экипаждарға, халыққа азаматтық авиация саласындағы қажеттi деректерді бере отырып, ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету;
10) осы қызметтер көрсетуге және осы тармақта көрсетілген қызметтер көрсетуге кіретін операцияларды қоса алғанда, тізбесін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган табиғи монополиялар саласында және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісім бойынша бекітетін басқа да қызметтер көрсету кiредi.
2. Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасымен әуежайлардың реттелетін қызметтер көрсетуіне жатқызылған қызметті қоспағанда, әуежайдың аумағында көрсетілетін қызметтерді әуежайды пайдаланушы және басқа да ұйымдар бәсекелестік негізінде көрсетуі мүмкін. Мұндай ұйымдарға қойылатын талаптар, оларға әуежайлар аумағында әуежай қызметін көрсетуге рұқсат берудің тәртібі мен шарттары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган табиғи монополиялар саласында және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен және бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен бірлесіп бекіткен Көрсетілетін қызметтер (тауарлар, жұмыстар) берушілердің әуежай қызметін жүзеге асыруына қолжетімділігін қамтамасыз ету қағидаларында белгіленеді.
Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасымен әуежайлардың реттелетін қызметтеріне жатқызылған қызметті қоспағанда, әуежайды пайдаланушы әуежайдың аумағында басқа ұйымдарға әуежай қызметін жүзеге асырудан негізсіз бас тартуға құқылы емес.
Әуежайды пайдаланушының басқа ұйымдарға әуежай қызметін жүзеге асырудан бас тарту туралы шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.
66-бап. Әуеайлақтарды, тікұшақ айлақтарын сертификаттау және пайдалануға рұқсат ету
1. Азаматтық авиация пайдаланатын әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары), сондай-ақ бірлесіп пайдаланылатын және орналастырылатын әуеайлақтар азаматтық авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығының нормаларына сәйкес келуге тиіс.
Мемлекеттік авиация ғана пайдаланатын әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығының нормаларына сәйкес келуге тиіс.
2. Сыныпталған әуеайлақты, тікұшақ айлағын пайдалануға әуеайлақты, тікұшақ айлағын пайдаланушы олардың жарамдылығы туралы сертификатты және мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті алғаннан кейін рұқсат етіледі.
3. Сыныпталмайын әуеайлақты, уақытша әуеайлақтар мен қону алаңдарын пайдалануға азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Сыныпталмайтын және уақытша әуеайлақтар мен қону алаңдарының пайдалануға жарамдылығын айқындау қағидаларына сәйкес рұқсат етіледі.
4. Мемлекеттік авиация әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) пайдалануға рұқсат ету тәртібін мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
5. Мемлекеттік авиация мүдделерінде пайдаланылатын сыныпталмайтын әуеайлақты, уақытша әуеайлақтар мен қону алаңдарын пайдалануға Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) пайдалану қағидаларына сәйкес рұқсат етіледі.
6. Азаматтық авиация саласында пайдаланылатын әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) сертификаттау тәртібі Әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) жарамдылығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларында айқындалады.
7. Әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) жарамдылығы сертификатын беруден бас тарту мынадай жағдайларда, егер:
1) әуеайлақ (тікұшақ айлағы) азаматтық әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығы нормаларына сәйкес келмесе;
2) әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушы осы Заңның 64-бабының 1-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, жүргізіледі.
8. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мынадай жағдайларда:
1) әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушы сертификаттау талаптарын сақтамаса;
2) әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушының өтініші бойынша әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) жарамдылығы сертификатының қолданылуын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұрады.
9. Егер әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушы анықталған сәйкессіздіктерді белгіленген мерзімде жоймаған болса, уәкілетті орган әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) жарамдылығы сертификатын қайтарып алады.
10. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығы нормаларынан уақытша ауытқуға, егер мұндай ауытқулар белгіленген ұшу қауіпсіздігі деңгейіне баламалы деңгейді қамтамасыз ететін қосымша шаралар енгізумен өтелсе, рұқсат етіледі.
11. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әуеайлақты (тікұшақ айлағын), уақытша әуеайлақты және қону алаңын пайдаланудың бүкіл кезеңінде олардың пайдалануға жарамдылығының сертификаттау талаптарына сәйкестігі үшін жауапкершілік пайдаланушыға жүктеледі.
67-бап. Әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) мемлекеттік тіркеу
1. Сыныпталмайтын және уақытша әуеайлақтардан (тікұшақ айлақтарынан) басқа, азаматтық авиация мақсатында пайдаланылатын әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары) Азаматтық авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) мемлекеттік тізілімінде мемлекеттік тіркелуге жатады.
2. Азаматтық авиация әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын), бірлесіп пайдаланылатын және бірлесіп орналастырылатын әуеайлақтарды мемлекеттік тіркеуді, сондай-ақ осы әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) мемлекеттік тіркеу туралы тиісті куәлік беруді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Азаматтық және эксперименттік авиация әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) мемлекеттік тіркеу қағидаларында айқындалатын тәртіппен азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік авиация әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) мемлекеттік тіркеуді, сондай-ақ әуеайлақты (тікұшақ айлағын) мемлекеттік тіркеу туралы тиісті куәлік беруді мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
4. Сыныпталмайтын және уақытша әуеайлақтарды, қону алаңдарын оларды пайдаланушылар азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдар айқындаған тәртіппен есепке алуға тиіс.
5. Әуеайлақты (тікұшақ айлағын) мемлекеттік тіркеуден бас тарту Азаматтық және эксперименттік авиацияның әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) мемлекеттік тіркеу қағидаларында көзделген құжаттар ұсынылмаған немесе толық ұсынылмаған немесе дәйексіз мәліметтер ұсынылған жағдайда жүргізіледі.
68-бап. Әуе кемелеріне әуеайлақтық қызмет көрсету
1. Әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) пайдаланушылар, аэронавигациялық, метеорологиялық ұйымдар ортақ пайдалану үшін ашылған әуеайлақтарда (тікұшақ айлақтарындарда) әуе кемелерінің ұшуына әуеайлақтық, аэронавигациялық және метеорологиялық қызмет көрсетуді бірдей жағдайларда және шарттар (жария шарттар) негізінде жүзеге асырады.
2. Әуеайлақтар, әуежайлар ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн техникалық немесе метеорологиялық жағдайлар бойынша ғана олардың жұмысының жарияланған сағаттарында әуе кемелерiн қабылдау және ұшуға шығару үшiн жабық болуы мүмкiн.
3. Осы Заңның 65-бабы 1-тармағының 1) - 3) тармақшаларында көрсетілген әуежай қызметінің құрамына кіретін қызметтер көрсету:
1) апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған, сондай-ақ борттағы авариялық жағдайға, материалдық бөлігі істен шығуына немесе бұзылуына байланысты ұшу маршруттары өзгерген;
2) iздестiру-құтқару жұмыстарын жүргізу немесе дүлей зілзалалар кезінде халыққа көмек көрсету үшін;
3) авиация қызметіне заңсыз араласу актісіне байланысты төтенше жағдайдың салдарынан әуе кемелерінің ұшуын орындаған жағдайда өтеусіз жүзеге асырылады.
69-бап. Бірлесіп орналастыру және пайдалану әуеайлақтары
1. Азаматтық, мемлекеттік және (немесе) эксперименттік авиация ұйымдары бірлесіп орналастыратын әуеайлақ бірлесіп орналастырылатын әуеайлақ болып табылады.
2. Азаматтық, мемлекеттік және (немесе) эксперименттік авиация бірлесіп пайдаланатын әуеайлақ бірлесіп пайдалану әуеайлағы болып табылады.
3. Бірлесіп орналастыру әуеайлақтарын және бірлесіп пайдалану әуеайлақтарын пайдалану азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп бекіткен Қазақстан Республикасының азаматтық және мемлекеттік авиациясының бірлесіп орналастыру әуеайлақтарын пайдалану қағидаларына сәйкес шарттар негізінде жүзеге асырылады.
4. Бірлесіп орналастыру әуеайлақтары және бірлесіп пайдалану әуеайлақтары тиесілігіне қарай азаматтық немесе мемлекеттік авиацияға жатады. Мұндай әуеайлақтардың тізбесі Қазақстан Республикасының азаматтық және мемлекеттік авиациясы салаларындағы уәкілетті органдар басшыларының бірлескен бұйрығымен бекітіледі.
70-бап. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайлар
1. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды ашу және жабу тәртібін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2. Ішкі рейстерге қызмет көрсететін әуежайлар техникалық, мәжбүрлі түрде қонуды және гуманитарлық рейстерді орындауға, сондай-ақ мемлекеттік міндеттерді орындауға байланысты халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге, халықаралық рейстерді қамтамасыз етуге рұқсат етілмеген әуежайлардан (әуежайларға) халықаралық ұшуды орындайтын азаматтық әуе кемелерін қабылдауға, ұшуға шығаруға және оларға қызмет көрсетуге азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның уақытша рұқсаттары арқылы жіберілуі мүмкін.
71-бап. Әуеайлақтар мен әуежайларды тарату немесе көшiру
Әуеайлақтар мен әуежайларды тарату немесе басқа жерге көшiру меншiк иесiнiң шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
72-бап. Әуеайлақ маңы аумағының шегіндегі құрылыс
Әуеайлақ маңының аумағы шегінде қалалық және ауылдық елді мекендерді жобалау, салу және дамыту, сондай-ақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы объектілерін және өзге де объектілерді салу және реконструкциялау әуеайлақ жабдықтарының және әуе кемелері ұшуының адамдардың денсаулығына әрі жеке және заңды тұлғалардың қызметіне ықтимал келеңсіз әсері ескеріле отырып, сондай-ақ осы Заңның 90-бабының талаптары ескеріле отырып, әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі талаптары сақталып жүргізілуге тиіс.
73-бап. Әуежайды уақытша басқару
1. Стратегиялық объект болып табылатын әуежайды елдің мүддесiне, адамдардың өмiрi мен денсаулығына қарамастан пайдаланудан Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгіне қатер төнген жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Үкіметімен келiсім бойынша халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге рұқсат етiлген әуежайды пайдаланушыға қатысты уақытша басқаруды енгiзеді.
2. Халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге рұқсат етiлген әуежайды пайдаланушыны уақытша басқаруды уақытша әкiмшiлiк жүзеге асырады.
Халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге рұқсат берiлген әуежайды пайдаланушыны уақытша басқару әуежайды пайдаланушының есебінен жүзеге асырылады.
3. Уақытша басқаруды енгізу туралы шешiмге меншiк иесi, әуежайды пайдаланушы немесе пайдаланушы акционерлерiнің жалпы жиналысы уәкiлеттiк берген адам сот тәртібімен шағым жасауы мүмкiн.
4. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган уақытша әкімшілікті қалыптастырады, оның құрамына өзіне қатысты уақытша басқару енгізілетін әуежай меншік иесінің және пайдаланушының өкілдері енгізіледі.
5. Халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге рұқсат етілген әуежайды пайдаланушының уақытша басқаруының қолданылуы кезеңінде:
1) әуежайды пайдаланушының басқару жөніндегі барлық өкілеттіктері уақытша әкімшілікке ауысады;
2) пайдаланушының әуежайды басқару жөніндегі құқықтары тоқтатыла тұрады;
3) әуежайды пайдаланушының басқару органдарының және оның басшы қызметкерлерінің өкілеттіктері тоқтатыла тұрады.
6. Уақытша әкімшілік:
1) осы Заңда айқындалған құзыреті шегінде әуежайды пайдаланушы қызметінің барлық мәселелері бойынша шешімдерді дербес қабылдайды;
2) әуежайды пайдаланушының атынан шарттар жасасады және құжаттарға қол қояды;
3) әуежайды пайдаланушының атынан және соның мүддесінде, оның ішінде сотта өкілдік етуді жүзеге асырады;
4) әуежайды пайдалануға байланысты өндірістік мәселелерді бағалау үшін тәуелсіз сарапшыларды тартады.
7. Әуежайды пайдаланушының уақытша басқаруы мынадай негіздер:
1) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның шешімімен белгіленген уақытша басқару мерзімінің өтуі;
2) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылдауы;
3) уақытша басқарудың тоқтатылуы туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі бойынша тоқтатылады.
8. Халықаралық ұшуды орындауға рұқсат етілген әуежайды пайдаланушыға уақытша басқару кезеңінде заңсыз әрекеттермен (әрекетсіздікпен) келтірген залалы үшін уақытша әкімшілік мүшелері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
9-тарау. ӘУЕМЕН ТАСЫМАЛДАУ. АВИАЦИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТАР
74-бап. Әуемен тасымалдауды жүзеге асыру құқығы.
Авиакомпаниялар
1. Жолаушыларды, багажды, жүктерді және почта жөнелтілімдерін әуемен тасымалдауды жүзеге асыру құқығына ақысын алып немесе жалдау бойынша (коммерциялық әуе тасымалдары) пайдаланушының қолданыстағы сертификаты бар авиакомпаниялар ие болады.
2. Авиакомпаниялар осы Заңға сәйкес азаматтық авиация саласындағы өзге де қызметті жүзеге асыруы мүмкін.
3. Тұрақты әуемен тасымалдауды орындайтын әуе компаниялары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен акционерлік қоғам нысанында құрылады.
4. Шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және (немесе) шетелдік заңды тұлғалардың акционерлік қоғам нысанындағы авиакомпанияның жарғылық капиталындағы қатысу үлесі қырық тоғыз пайыздан аспауға тиіс.
5. Авиакомпанияда сертификаттау талаптарына сәйкес әуе кемелерінің резервтерін қоса алғанда, әуе кемелері, әуе кемелерін қауіпсіз пайдалану және оларды ұшуға жарамдылықта ұстау үшін, сондай-ақ авиация персоналын даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастыру үшін қаржы ресурстары мен мүлкі, әуе кемелерінің ұшуын және көрсетілетін қызметтердің сапасын ұйымдастыру және қамтамасыз ету үшін әуе кемелеріне қосалқы бөлшектерінің қоры болуға тиіс.
6. Авиакомпанияның бірінші басшысы лауазымына кандидат азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейтін біліктілік талаптарына сай болуға тиіс.
75-бап. Халықаралық әуемен тасымалдау
1. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiнде халықаралық әуе тасымалдары кезінде, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардан өзгеше жағдай туындамаса, әуемен тасымалдау туралы жалпы ережелер қолданылады.
2. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын әуе қатынасы туралы халықаралық шартқа сәйкес тұрақты әуемен тасымалдауды жүзеге асыру үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осы Заңның 80-бабында белгіленген тәртіппен айқындаған тасымалдаушы тағайындалған әуемен тасымалдаушы болып табылады.
3. Почта жөнелтілімдерінің халықаралық әуемен тасымалдау Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың қағидалары сақтала отырып жүзеге асырылады.
76-бап. Коммерциялық әуемен тасымалдау саласындағы негізгі ережелер
1. Коммерциялық әуемен тасымалдау әуемен тасымалдау шарты негізінде орындалады. Әуемен тасымалдау шарты авиакомпания не ол уәкілеттік берген тұлғалар (агенттер) беретін тасымалдау құжаттарын ресімдеу арқылы куәландырылады.
Жолаушылардың, багаждың және жүктердің коммерциялық әуе тасымалдары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Әрбір жолаушыға жеке билет ресімделеді, ол:
1) жолаушының әуемен тасымалдау шартының талаптарымен танысқанын;
2) жолаушы мен авиакомпания арасында әуемен тасымалдау шартының жасалғанын растайды.
Билет жолаушының жеке басын куәландыратын құжаттың деректері негізінде ресімделеді.
3. Авиакомпания әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсеткен кезде ұсынылатын тағам өнімдерінің жарамдылық мерзімдерін сақтауға міндетті.
Авиакомпания және оның лауазымды адамдары әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсеткен кезде ұсынылатын тағам өнімдерінің жарамдылық мерзімдерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4. Тiркелген багажды тасымалдаған кезде жөнелту және межелі пункттерi көрсетiлген багаж түбiртегi берiледi.
5. Жүктi тасымалдаған кезде жөнелту және межелі пункттерi, жүктің салмағы, оны тасымалдаудың шарттары көрсетiлген жүкқұжаты берiледi. Жөнелтушi мәлiметтер ұсынуға және жүк берiлгенге дейiн Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің заңнамалық актілерінде белгіленген рәсімдерді орындау үшiн алушыға қажет барлық құжаттарды жүкқұжатына қоса беруге тиiс.
Азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді тасымалдау ерекшеліктері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді тасымалдау жөніндегі нұсқаулықта айқындалады.
6. Почта жөнелтілімдерін әуемен тасымалдау шарты, оның талаптары және почта жөнелтілімдерін тасымалдауға қабылдау почта жүкқұжатымен куәландырылады.
7. Тасымалдау құжаттарын ресімдеу қажетті деректерді тасымалдау құжатының электрондық немесе қағаз нысанына қолмен, автоматтандырылған немесе электрондық режимде енгізу арқылы жүзеге асырылады.
Брондалғаннан кейін тасымалдау құжатын ресімдеу авиакомпания белгілеген мерзімде жүргізіледі.
8. Авиакомпания алатын және жолаушыларды, багажды, жүкті және почта жөнелтілімдерін тасымалдау құнына кіретін алымдардың негізгі түрлері әуежай және отын алымдары болып табылады.
9. Тасымалдауға арналған тариф қолданылатын кезеңде авиациялық отынға жұмсалатын шығындардың өсуін өтеу мақсатында авиакомпания алатын, оны есептеген кезде бұл өсуді ескеру мүмкін болмаған алым отын алымы болып табылады.
10. Авиакомпания әуежай алымын жолаушыларға әуежайда қызмет көрсету жөніндегі қызметтер құнын өтеу мақсатында енгізеді және алады.
11. Әуежайларда және әуе кемелерінің бортында жолаушыларға ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету қазақ және орыс тілдерінде жүзеге асырылады.
Қосымша басқа тілдерді пайдалануға жол беріледі.
77-бап. Жолаушының құқықтары мен міндеттері
1. Жолаушының:
жолаушылар тасымалы үшін ашық кез келген авиамаршрут бойынша билет алуға;
алынған билетіне сәйкес орын алуға;
белгіленген нормалар шегінде қол жүгі мен багажды өзімен бірге тегін алып өтуге;
тасымалдаушының кінәсінен тасымалдауда үзіліс немесе кідіріс болған, әуе кемесінің кеш келуі салдарынан рейсті ұшырмай тастаған, тасымалдау маршруты өзгертілген кезде осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген қызметтерге;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға ие болуға құқығы бар.